Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қалбан Ынтыханұлы. A-δ кеші...

29.09.2023 1353

Қалбан Ынтыханұлы. A-δ кеші 14+

Қалбан Ынтыханұлы. A-δ кеші - adebiportal.kz

A-δ КЕШІ

(Эссе)

Бірінші бөлім. ТҮС 

1

Биік обалардан қазып алынған, желіммен әрленген сынықтар мен қиқымдардың арасынан тоқал бұқа көкке басын созып мөңіреді. Аспан қақ айрылды.

2

Қылиға қисық жолығып, қисық түзу болды. Ирек сәулелер тұман болып жерге шөкті. 

3

Өлік ту көтеріп ән шырқады. Қиялы жоқ бастар тауға өрмелеп шың басында тозаңға айналды.

4

Тәтті қиялдарға тебіреніп жылап жатқан ақ көңіл жандар: «Тозақ жоқ екен!»-деп орындарынан тұрып, етектерінің шаңын қақты. 

5

Құлшынды, күресті, жығылды. Күрескерлігіне жеңіліс куә болды. 

Жауыз жеңді.

6

Е-е-е-е-й!!!! Жақсы адам бұл сұм дүниеге қайдан келдің?˗ деп жылады ежелгі түріктердің мұртты балбал тастары.

7

Жапан далада өскен жалғыз түп қара ғаштың басынан қарға ұшты. Оны мекеніне қайта оралған жезтырнақ оятты. Теректің діңіне арқасын сүйеп қалғып отырған дәруіш тұра қашты. Оны ен даланың есуас қасқырлары жеп қойды.

8

Ғашығы оның сыртынан мақтап жыр айтты, ал ол болса оның кім екенін біле алмай, Тұмарды құшақтап, омырауын сипап отыр.

9

Сахна шымылдығының артынан барып театр көріп отырған Тірнек.

10

Досымның көзі құйрығыңа барып орнады. Сенатор ағасы оған: «бұл қасиетті рух, саған бұйырды, жаңғырасың», -деді.

11

Самеолет қос доңғалағын салбырытып аспанда ұшып бара жатыр. Еркек.

14

Не? .

Нені айтасың?

Иә тесілген тау, сол ғой, дәл өзі.

Өлік артқан оқтұмсық пойыздар тау ішіне сүңгіп, бір бірден жұтылып жатыр.

15

«Екі кеудеге бөлінген бір жан. Шығатын бір жан, өлетін екі адам»,-деп ақ халатты математик қара доскаға цифрлар жазып, есеп шығарды. 

16

Қазаншы он алты құлақты, алтын белдеулі, күміс қақпақты тайқазан құйып, қырық салалы мүйізі бар қоңыр бұғыға артып Ұлытау[2] жаққа жіберді.

17

Табанымен шоқ басып ыршыған маймыл тәрізді адамдар мылтықтарының таңдайына оқ басып, бұғыны қарауылға алып, ту сыртынан кезеді. Аяма,- деп айқайлады жыланбастар, жалаңдаған тілдерін безеп, тақаттары таусылды. Жүлдеден ұтылған мосқал біреу долыланып ақырып, сай ішін жаңғыртты. Әнші бейшараның зәресі ұшты, ақын болып, өлең оқып, ақын емес төрешіден алтын медал таққаны үшін! 

18

«Өмір деген өксік пенен қастыққа толы бірдеңе»-деп Хафиз ғазал айтты Шираздағы мешіттің ең биік күмбезінде айға қарап.

19

Құбыжықтың көлеңкелері зәулім сарайға жиналып сары-шаян шоқ жұлдызының келуін тойлап тілек тіледі. Кәрі коммунис: «Иса да, Мәді де ешқашан болмайды»,-деп мімберде саңқылдады. Барлық көлеңкелердің басынан бу шықты ... 

20

Жабылмайтын есік жабылып, ашылмайтын есік ашылып, терек құлап, заң өзгеріп, қарағай басында раушан гүлдеді.

21

Адамдар қолынан бостандық ала алмаған құралдар, аузы үңірейген тот басқан зеңбіректер, қара дәрінің қан аралас иісі құс керуенін тоқтатты. Мезгілінен бұрын мекеніне қайтқан қаздар аспанды тіліп, бағдаршы жұлдыздарын бетке ала ұшып барады.

22

Аспанда электро толқындар өрмекші торындай жер бетін цифрмен қымтағанда байырғы түйелі почта керуенінің ізі өшті. 

23

Көк бақа құдықтан ыршып шығып имек айдың қармағына барып ілінді. 

24

Адам мен адам алысып бірін бірі қан-жосағып сабады. Тарғыл мысық күліп қарады үйдің биік төбесінен есік алдында жатқан ақтөс қара төбетке.

25

Аспаннан ай қарайды күлімсіреп, аққан жұлдыздар жарық тамшысын сорғалатып өтіп жатыр төбеден, дәметіп сол жарықтардан, көкке қарап алақан жайды көп адам. 

26

Көшеде көп адам леген қағып, кернай үрлеп, тымақ-орамал бұлғап, айғай-сүрен салып көк көйлекті албастыны қуалап барады.

27

Есектің құлағын кеміріп, сүтін ішіп милиардер бойына қуат жинады.

28

Торғайларды зеңбіректің аузына байлап атты. Аң үрікті, құс ұшты. 

29

Иен таудың жотасында тұр қасқыр мүсіні азуын ақситып. Қасқыр құдайының тісін жұлып алқа ғып тағып, қасқырлы байрақтарын көтеріп сол мүсінге аңшылар келіп табынды. Сосын тағы тірі жүрген қасқыр құдайын соғып адып, терісін базарға сатуға кетті шауып.

30

Құс жолында шудасынан жел ескен ақ түйелер ұжымаққа жол тартып барады. Өркештер арасынан жұлдыз жамырап, сынық сәулелер шашылды.

31

Тотықұс түсті көбелек әсем гүлдер арасындағы сиырдың жапасына қонды барып.

32

Ғажап анау. Көтеріп жүрген туларын дамбалғып киген тікенектер Алматыдағы Аблайхан көшесінде сыра ішті, бірін бірі мақтап жыр айтты.

33

Ер адам ер адамның бетінен сүйді еміреніп барып, қолын сүйді мекіреніп, құшақтады қапсырып. Сүйсінді. Бірі күліп ыржиды, бірі «пірімсің» деп гүлін сыйлап қиылды.

34

Бұттан өтіп, балақтан кіріп, мойынға оралып, басқа шыққан бауырымен жорғалаушы соғылды өрденге, құлады аяққа, аяқтары көктен келіп, жатып қалды қыбырсыз.

35

КСРО дан қалған тас мүсін Лениннің, төбесі жалпақталып, шекесі дөңгелектедіп жонылды, айналдыра қошқар мүйіз таңба болып басылды, сақалы жұлынды, кеудесіне «Абай» деп жазылды.

36

Қабығы сыпырылып қураған ағаштың қу бұтағының арасынан өтірік жылады сарыжел. Сояу-сояу бұтақтардан ытқып шықты тамшылар. Сарыжел ұлыды қасқырдай, бос топырақты айдап көшірді, жарығын айдың өшірді.

37

Жылқы мүсініне зиярат жасап, жылқыға бағыштап «құран» оқыды бір топ адам, орындарынан тұрды құйрықтарының шаңын қағып, сосын айқайлады: «біз патша боламыз»,-деп.

38

Сұмырай құстар ұя салған ағаштың саясына қонақтады тотықұс, иесінің күн туралы жазған жырын жатқа айтты. Будақ-будақ жынды көбелектер ұшып барды үймелеп.

39

Бәрі солғын, солғын ғана түсі бар, адамдар із салған далалар. Шолақ тұлымдарына қызыл бордат байлап қараша желіне желбіреткен, шалбарларын теріс киіп періштелерге тас атып, тәңіріне найза сілтеген, қан түсті дәуірі есіртіп еркіндікке кенелткен құтандар сәлде байлап бастарына, калашников автоматын құшақтап талтаяды қасқайып.

40

Шыбыққа ілінген тордағы сандуғаш руцзиялардың[3] қолында ән айтып жылайды. 

Күнді жүзік, жұлдызды моншақ, құс жолын алқа ғып тағып бүкіл әлем күмілжіп қарайды.

41

Үйеңкінің басындағы өлі жапырақтар қаңтарда жерге құлады. Жапырақты жер жеп қойды, күндерді түн жеп қойды. 

42

Күсен[4] монағының сырнай әуені күн шығыс жақтың аспанын ал қызыл түске бояды. Әуенге қарға-құзғын үн қосты.

43

 «Әділет» даңғылы салынғанымен сапасыз болып шықты. Мердігер: «қайта саламын»,- деп уәде берді. 

44

Абыз алжып, бұл жалғанмен тірісінде қоштасты.

45

Сұқсыр ұшты ашық аспанмен. Талтүсте адамдар қорықты, тас қараңғыда албасты қорықты. Қорықпаған тек тасбақа.

46

Жүйрік сағым жынменен сөйлестірді, бақсымен тілдестірді.

47

Адасқан киік он екі қырлы, алты жұп, тоғыз түсті құмалақ тастады. 

Маңдай жабық

                           бүйір аш

                                             бел бүкір

                                                                             босаға жалаңаш[5].

48

Өмірінде бір өтірік айтпаған, құрт пен құмырысқаны да аяғымен баспаған момын мұсылман рамазан айының кешінде: «Уа құдай күнәмді кешірші!!!»,-деп жылады.

Оның қандай күнасы бар екен?!

Екінші бөлім. ҰЙҚЫСҰРАУ

1

Ат ат ат! Тоқта! Сөйлеме қайт үйіңе «түу не деген шайтан». Күлме естіп қояды. Өлді, өлтірді. Ұшатын тышқан оңбаған дедің бе?! Жоқ дрондар ғой жай ұшып жүрген. 

2

Іш іш іш. Тоқта. Оңбаған жылама. Әне әне! Келе жатыр. Қаш! Әттеген-ай ұстап алды. 

3

Ой бай! Кет ары, ұжымақ бұл жақта емес. 

4

Не?! Құтырды дейсің бе? Қандай ән айтты? ... болмаса болмайды ...

5

Иапыр-ай ә! Ол бұқаны қайда апарыпты. Соймақшы ма екен. Жол тосуға?! Бұқамен жол тосты. Танк соғылып қалды. Қирады. 

6

Мә ә ә ә бұндай да дәу тиын бар екен ғой. Өліп қалған іші қуыс дейсің бе? Қуысын адам жеп алған, терісін тышқан жеген. Селфи түсіремін деп сүрініп кетіп бір сорлының құйрығы көктен келген екен. 

7

Ура! Жеңдік, жеңдік! Біз емес. Аргентина жеңді, бұл күнді де көрдік. 

8

Албасты! Бес құлақ салдырып не істемек, көзі бар ғой. Ұзынқұлақ сотталып кеткен. Көлтаусар шетелге қашып барып, сонда сүндетке отырыпты. Ендігі сойған қойлары шетінен халал. 

9

Дет де дет де детте дет. Дет де дет де детте дет[6]. Билеңдер, кел билеңдер. Орыстар келді, қытайлар келді, қонақ келді. Не деген жомарт, қонақжай. Ойбу дамбалы жыртық екен. Оқасы жоқ    

10

Жүгір, жүгір. Бандит атасына ас беріп жатыр, тегін тамақ. Абайла, бастырылып қалма.

12

Бұлт құлап 

Тас тадқан болды да

Жанған жаңғақтың 

Түтіннен қара көбелек ұшты сары құрттан азған.

Аспанда қырғауыл шулап

Төбеге жарқанат қонды

Балық ұшты теңізде уылдырық шашқан.

Судың түбі тым терең 

Арыдан естіледі есуастың былдыр жыры.

Түкті жұмыртқа, тамырлы тас өсірген

Қапырыққа шашалған сағаттардың 

Инесі трактор үнін құлаққа жеткізді.

13

Жылама, жылама. Домала, домала, соғыласың біреуге. Ол саған ие болар, басыңа кие қонар. Үйрек те боларсың ... 

14

Жаным-ау мүйізіңді неге жасырасың. Сен патша боласың. Қамыстар сылдырлап «оның мүйіз бар екен»[7] деп айтып жатыр ғой..

15

Жүк түсрушінің де бір арманы бар, өзінің жеке камазымен Атырауға да алтын дән жеткізсем деген. Сонда тұрып қайғы-шерін төксем деген.

16

Тас қараңғыда сипаланып келе жатқан қатынды сайтан екен деп қорқып қашқан, төсегіне өрмелеген балаланы ит екен деп теуіп жіберген немесе түн қараңғысында отырып жұмбақ шешкен адамнан қорықпа, зияны жоқ пенде ғой ол бір.

17

Ой керемет! Жаңарамыз дейсің бе?! Ұстаз сол кәрі Николай !!!

18

Ал енді қарағым! Ауыз, көз, құлақ – билікке мықтап орнықты. Қалам, сия, қағаздың бағы тайып, құты қашты. Ауыз кімде көз-құлақ сонда! 

19

Жауыңның жауы, дұшпаныңның дұшпаны – қан жаласатын досың әне сол. C-j[8] толқынынң ирімінде күтіп тұр тағы біреу.

 20

Қолымда кепкен гүл және оның қураған сабағы бар .

Бұл гүлді ертең мен саған сыйлай алмаймын.

 Бүгін мұны сенен сұрап алғам жоқ. 

Кеше! менің саған өкпем жоқ.

Мен саған не берем? 

Әсте мына қолыма алып тұрғаным емес.

21

 Шірік жіп қой аяққа тұсау болған.

 Кең аттап жүре алмай алға, шалынысып, бірімізді біріміз ұстап, жұлқына тартып келеміз, әйтеуір жол осы, шөбі шүйгін кең далада.

Шірік жіп қашанда бір үзілерсің! 

22

 «Теңіз, теңіз!» деп айғайлаймын шөл жазира құм даланың төсінде. Ал, теңіз менің айғайымды естісе де селт етпес, бүлік етпес. 

23

«Аспан ашық, күн жақсы!» — әніміз. Ән саламыз, жырлаймыз ар жағына бәрін жасырған жұлдыз бен айды, қара үңгір шүңетті — сол бір аспанды.

25

Мешіт, шіркеу, бұтханалардан әуенді ғибадат сөздері естіледі.

Азан, қоңырау және иісті шам – жер бетіне әр береді. 

Көктем – шуақ, көгаршын – момын. 

26

Тула, жануар, мөңкі! 

27

Құлағым-ай! Тыныштық!

Жүректің дүңгірлеген дүрсілі, қанның сарқыраған ағысы, мидағы нейрондардың шуылы барған сайын қатты естіледі. Ойбай тыныштық жаман.

28

Лоб-нор[9]! Қайран құлақ,

Естігеніңді айтшы бізге.  

Меңіреусің ғой жатқан бірақ 

Өсті сенен қаншама саңырау-құлақ,

Кетпеді сонда да аспан құлап. 

29

Чан-ы[10] Айдан қашып кетіпті?!

30

Тап сонда Есім сері[11] Қызыл-жұлдызда есектерді қырған екен. 

31

Ей білемін! Барлығы ақылшы, данышпан. Саған қарап тұрып кім адам болғысы келеді?!

32

Ал десе, мәстектің тулағанын қара! Оның шабынан түртекен кім? Ит екен ғой ... 

33

Сексен тараулы даоның тоғыз мың заңын жаттап, төрт кітап, қырық қадиске жетілген данышпан да құтқара алмады-ау ... 

34

Ақиқат деген – тіршіліктің мәнсіздігі. 

35

Ой заман-ай! Бір де бір ақымақ таппай қиналдық ғой!

36

Босқа атылды ана зеңбіректер. Дауысынан ешкім де оянған жоқ. Бекер болды.

Ежелгі «зеңбірек үнінен»[12] оянғандардың барлығы қазір ұйқысыз.

37

Жерден биік дөң бар, дөңнен биік жота бар, жотадан биік қырат бар, қыраттан биік шоқы бар, шоқыдан биік тау бар, таудан биік шың бар[13]...

Мықты бол, құлап қалма!

38

Аспанның тіреуіші иіліп, көк ойылды ортасынан, енді бәрі кеш.

 

39

Маймылды маймыл қуалап ұстамақшы – адам етпек ұстаған ұсталғанды.

Дәлелдемек құдайсыз теорияны – материя материяға бағынышты.

40

Кім айтты?

Адам мен адам тең?!

Аспанға көтерілген, жарылса бірі тірі қалмайтын, самолеттің ішінде кім болып, қай бөлігінде отырсың?!

41

Қара жер 5555 °C балқығанда

Бір мүмкіндік бар жарық сәулеге айналуға!

Үшінші бөлім. ТҮС ЖОРУ

1

А-d сияқты жылт етіп жарылып, бұрық етіп жоқ болатын бір жұлдызда біз де жасаймыз. 

2

Ол негізі адамдар жаралмауға тиісті ғаламшар. Онда адамға пайдалы дәнеңе де жоқ. Бұл шардың жасы қаншаға келгенін, қашанға дейін аман тұратынын ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Барлығы да болжамдар, тек заманақыр ғана шындық. Онда жасайтын сорлы адамдардың ғұмыры өте қысқа, ең ұзын шегі 100 жыл. 

3

 Көп бөлігін су басып жататын көк түсті ғадамшарда үстемдік, соғыс, қанау, езгі, қызғаныш, кек, бөліну (ұлтқа, руға, нәсілге, партияға, дінге, дәрежеге, бай мен кедейге, бағындырушы және бағынушыға бөліну), талас (билікке, байлыққа, атаққа, жерге, мансапқа, қыз-қатынға, идеологияға талас), мәжбүрлеу (құл болуға, қатын болуға, борышкер болуға мәжбүрлеу), әйел зорлау, адамды адам есек етіп арбаға жегу, қару жасау (мылтық, ядролық қару, биохимиялық қару), есірткі өндіру, ген өзгерту, аспанды ою, жерді тесу, тау қопарып жер көшіру, есіру, ауру (рак, спид, құтырық, жұқпалы вирус), қаралау, кемсіту, шеттету, түрмелеу сияқты іс қимылдар адамдар жағынан жүзеге асырылады.

4

Осы жұлдыз сөнгенде, жарық өшкенде ... 

5

Сол тұста кемеңгерлердің асыл тасқа ойып жазған ұлы есімі түгілі сондай да бір ғаламшардың, сондай да бір адам деген мақұлықтың болғанын білетін тағы бір мақұлықтың сақталып қалуы мүмкін емес.

6

Құлқынды жеңетін тек қана өлім.

7

Бұл жалғанда мәңгілік ештеңенің жоқ екенін шын мәніне жетіп, түбіне дейін түсіне алатын ешкім болмайды. 

8

«Жалған дүние» – тек ән сөзі ғана.

соңы

1. A-δ – Өзге галактикадан қарағандағы күн жүйесіндегі бір жұлдыз ослыай белгіленген.

2. Ұлытау – Қазақтар үшін ең қасиетті тау. Қазақстанның Ұлытау облсында орналасқан.

3. Руцзия (қыт) – конфуций ағымын ұстанушылар.

4 Күсен – байырғы мемлекет. Қазіргі орыны Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өңіріндегі Күчар ауданы. Будданың үрлемелі музка аспабы осы елден шығысқа тараған.

5. Қзақ сәуегейлерінің құмадақ салғанда айтатын сөздері.

6. Қара-жорға биінің ырғағы.

7. Сүлеймен патша туралы аңызда айтылатын сөз.

8. Ғарыштағы толқындардың бірі.

9.Лоб-нор – Шыңжаңдағы Тарым ойпатындағы құрғап қалған көлдің орыны. Ғалымдар жершарының құлағы деген ату берген. Спутникпнен қарғанда жербетінде осы өңір құлақ сяқты көрінеді екен. Тағы да бұл өңір ҚХР ның атом қаруын сынайтын полигоны.

10. Қытай мифологиясындағы айға ұшып кеткен қыз.

11. Қазақ мифологиясындағы аспанда аң аң ауламақ болған батыр.

12. Шығыстық коммунистік жүйені ұстанатын елдерде қалыптасқан тұрақты сөз тіркесі.

13. Қазақтың ежелгі бақсылық өлеңі, осы өлеңді оқығанда бақсының рухы көтеріледі.

20.09.2023 Астана


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар