Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қадыр Мырза-Әли. Жақандай саңлақты ұмыту санаға сы...

14.09.2023 1032

Қадыр Мырза-Әли. Жақандай саңлақты ұмыту санаға сыймайды 14+

Қадыр Мырза-Әли. Жақандай саңлақты ұмыту санаға сыймайды - adebiportal.kz

Жалпы еңбек өтілі отыз жылдан асқан журналист архивінде нешеқилы жазба жататыны заңдылық та шығар. Кейде қоржын түбін қақсаң, ішінен шашылып түскен алтын қиыршығындай бағалы дүниелер шығып, қатты қуанатын сәттер кездеседі. Ескі диктофон таспасынан біртуар ақын Қадыр Мырза-Әлидің қоңыр дауысы күмбірлеп қоя берді. Мұнда ол Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Жақан Смақов бастаған әріптестері туралы сыр толғапты. Әңгімені оқырман назарына ұсынуға асықтық. 

– Қадыр аға, Жақаңдармен жолдарыңыз қашан түйісті? 

– Мен 1953 жылы Алматыға оқуға келдім. Жақан жоғары курста оқиды екен. Бірден табысып кеттік дей алмаймын. Арада бір-екі жыл өткенде жақынырақ таныстық. Басымызды қосқан өлең еді. Ол университетті түгескен соң Алматы облыстық «Жетісу» газетінің Өндіріс бөліміне жұмысқа орналасты. Екеуіміз де балаларға арнап жазып жүрдік. Жанымыздың жарасақаны соншалықты, мен оны біртіндеп, туған ағамдай көріп кетіппін. 1957 жылы үйленгенмін. О кезде ағайын да, туыс та жоқ, студенттердің ақшасына курстастарға той жасадық. Тойды Жақан жүргізді. Сол қимас күндердің елесі күні кешегідей көз алдымда тұр. Келесі жылы оқуды мен де бітірдім.

– Өзіңіз еңбек жолын «Балдырғаннан» бастапсыз ғой... 

– Иә, 1958 жылы «Балдырған» ашылды да, мені сонда жұмысқа шақырды. «Қазақстан пионері» газеті мен біздің журналға сол кездегі министрліктің екі бөлмесін беріпті; бір кабинетте ұйлығып алты-жеті адам отыратын едік. Мұзафар Әлімбаев – редактор, Әнуарбек Дүйсенбиев – жауапты хатшы. Москвадан екі жылдық жоғары әдеби курсты бітіріп келген Бердібек Соқпақбаев проза бөлімін, ал мен поэзия бөлімін басқардым. Міне, осылай істі жап-жақсы бастап кеттік. Елден хаттар келе бастады. Солардың ішінен жылт еткен бірдеңе табылса жамап-жасқап, ұтқыр пайдалануға тырыстық. 

– Ұжымдағылар арасынан кімдермен жақын араластыңыз?

– Бәріміз де бір атаның баласындай тату болдық. Ынтымағымыз мықты-тын. Дегенмен, өзім үшін Әнуарбек Дүйсенбиев пен Жақан Смақовтың орны айрықша. Бұлар қиын-қыстау кезеңдерде маған аға болған, айрықша пана болған жігіттер. Әсіресе, Жақанның азаматтығы басым еді. Үнемі құрақ ұшып, біреуге жақсылық жасауға ұмтылатын, жүрегі нұрлы, жайсаң жан-ды. 

– Сол мінез оның өлеңінен де көрініс бермей қалмайтын шығар. 

– Жақан өлеңді, негізінен, астарлы юморға құрайтын еді. Зерттеушілер мен сыншылар ақын шеберлігінің құпиясына үңіліп, терең бойлай алса, оның осы қыры арқылы талай кәсіби сырға қанығары анық. Ақынның өз өмірі де әзілге, қалжыңға толы болатын. Одан соң ол әрбір шығармасын халықтық колоритке суарғандай әсер қалдыратын. Әлгінде айттым, ол бөлек басылымда жұмыс істеді, бірақ біздің журналдың ісіне белсене араласып, өлеңді өндіре жазды. 

– Балалар ақыны болу қиын екені түсінікті. Үлгіні қайдан алдыңыздар? Әлде түренді тыңнан салуға тура келді ме? 

– Иә, расында да, о тұста «Балалар әдебиеті» дейтін ресми сала жоқ-ты. Орыс әдебиетінің озық үлгілері де жете қоймаған кез еді. Және оның табиғаты бізге келіңкіремейтін. Сол себепті: 

Түйе-түйе, түйелер,

Тұзың қайда түйелер?!.

немесе:

Бақа-бақа, балпақ,

Басың неге жалпақ? –

деп келетін өзіміздің Халық ауыз әдебиеті мұраларына арқа сүйедік. Және жұмбақ, жаңылтпаштарымыз бар. Соларды негізге алдық. 

– Яғни, Жақан Смақовтарды Қазақ балалар әдебиетінің көшбасшылары десек қателеспейміз ғой? 

– Әлбетте! Бұлар нағыз «тыңгерлер». Жаңадан жол салушылар. Әнуарбек Дүйсенбиев кішкене серілеу жігіт-тін. Сондықтан өлеңге уақыты аздау болған да шығар. Бірақ өте жақсы жазды. 

Әйтеуір, балалардың тілін таптық-ау деймін. Үлкендердің арасынан үлес қосқан Өтебай Тұрманжанов сынды ағамыз еді. О кісінің: 

– Құмырсқалар, аралар –

Қиыспас дос, құдалар.

Ертеде бір орманда,

Өзі салған қорғанда,

Бір топ ара тұрыпты:

Бәрі еңбеккер жан екен,

Жегендері бал екен,

Тамаша өмір сүріпті, –

деп басталатын мысал-поэмасы бар еді. Байқайсыз ба, жанрдың өзі тосын. Бір қарағанда, бұл Корней Чуковский өлеңдерінің негізінде жазылғандай көрінеді. Бірақ оған мүлде қатысы жоқ, қазақтың өз топырағында туған шығарма. 

Сол секілді, Жәнібек Кәрбозин деген жігіт жақын араласты. Ескен Елубаев деген бала елден жазып тұрды. Ескендір деген бір жігіт бар еді (фамилиясын ұмытыппын), шағын бір кітап шығарды да, істі жалғастырмай қойды. Талдықорғаннан Қастек Баянбаев деген замандасымыз жиі жазды. Кейін Алматыға көшіп келіп, сүйікті шаруасына алаңсыз кірісті. 

Осылайша әжептәуір қомданып, өсіп, есейіп, Балалар әдебиеті дейтін саланың негізін салған сияқтымыз. Сөйтіп бұл аз ғана жылдар арасында аяғынан тұрып кетті. 

– Сіздер әрқайсыңыз бір-бір мектеп секілді қыруар міндет атқарғандарыңызды байқаймыз... 

– Артық мақтанғандық болмас, мен де солай ма деп топшылаймын. Әйтеуір, Балалар әдебиетін бір белеске шығарып салғанымыз өтірік емес. Әсілі, үлкен сарайдың іргетасы қаланды. Ал бұдан кейінгі тірлік қоғамға, үкіметке, заман ағымына байланысты нәрселер шығар. Әйткенмен, кейін сол біз бастаған кезеңдегідей топ-тобымен келіп жатқан буынның легін көре алмадым. 

– Мұндайда кадрлардың білігі, табиғи дарын, қабылет деген де үлкен орын алады ғой... 

– Бұған дау жоқ. Одан соң өмірде бір байқағаным, газет-журналдар, неге екенін, менің алғашқы лирикалық өлеңдерімді онша ұната қоймады. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін осындайды айту да қиын екен. Ал балаларға арналған дүниелерім бірден сап ете түсті. Елуінші жылдардың орта тұсында, білесіз, Тың және тыңайған жердің астығын жинадық. Қазақтың Балалар әдебиетін көтеру де сол оқиғамен қабат келіп тұрғандай. Екеуінің де кейіпкерлері – өзіміз. 

– О замандағы идеологияның бағыты белгілі. Бірақ іштей ұлттық мүддеге бүйрек бұрған кездеріңіз болды ма? 

– Бір ғажабы, Балалар әдебиетінің өрісі кең ғой. Бұған үлкен саясатты көп араластырмағанмен, ыңғайын тауып, ұлттық топырақтың нәрі, бояуы сіңірілетіні тағы мәлім. Ертегі, мысал жазамыз. Бұлардың аясына талай нәрсе сыяды. Балалар әдебиеті кейде, тіпті, үлкендерге айтылмайтын ойларды көтеріп кетеді. Айталық, сөз етіп отырған Жақан Смақовтың мынандай бір өлеңінің үзіндісіне қараңызшы: 

– Мегежінде жеті емшек,

Бәрі емсе де жетеді.

Бірақ осы торайлар

Балшықты жерде көп ойнар.

Олардың осы мінезін

Ұнатпаймын мен өзім,–

дейді. 

Бұған керісінше:

Тайымды жақсы көремін,

Арпа, сұлы беремін.

Күтемін, баптап қараймын,

Жалын талдап тараймын.

Құйрығын шарт түйемін,

Сөйтіп ерттеп мінемін.

Бәйгеге шығып шабамын,

Жүлдені озып аламын, –

деген шумақтардан атқұмар қазақ ұланының көңіл күйі анық байқалып тұр емес пе! Бұл арқылы жас ұрпақтың отансүйгіш болып өсуіне ықпал ететін, халықтық таным-түйсіктің қалыптасуына жол салатын этнографиялық ұғымдар айшықталады. Тапқырлық деген де осы. 

– Сонда Жақан өлеңінің ерекшелігі неде? 

– Ол өте кішкентай балаларға, балабақшадағы бүлдіршіндерге арнап жазды. Біздің шығармаларымыз болса, көбінесе, мектеп жасындағы балаларға лайықталды. Жақаңның басты артықшылығы сонау күрделі жұмысты тоғыз өрім қамшы өргендей қиыннан қиыстырып әкеліп, ұршықша иіріп әкетуінде ме деймін. Оның өлеңіне ең асыл саналатын екі компоненттің тән екенін аңдаймыз. Бірі – Халық ауыз әдебиетінен басталатын тамыр. Екіншісі – сол құнарға жаңаша кәсіби поэзия мәдениетінің сәтті ұштасуы. Бұған қоса сәбилердің таным-түйсігін тамыршыдай тап баса білетін сезімтал шайыр әрбір туындысын ұғымға мейлінше қонымды етіп, мөлдірете кестелейді. Оның өлеңінің өте табиғи, тартымды шығу себебі де содан болса керек. 

– Иә, басты «сиқыр» сыры, шынында да, жыр ырғағының халықтың ежелгі ән-жыр үлгісімен біте-қайнасуында сияқты. 

– Сәттіліктің тағы бір тетігі автордың жас оқырманына деген биік құрметінде, болашақ алдындағы зор жауапкершілігінде жатыр. Оның шығармалары, бір қарағанда, сонша қарапайым көрінгенімен, айшықты мәнерлермен, аса жоғары талғамға сай, ұдайы мүлтіксіз орындалады. Автордың осы биіктен аласармай, үнемі жаңаша пішін іздеп, тың кеңістіктерге құлаш сермейтінін көреміз. Жақаңның өзі де кейде көңілі түскенде жеке шығармашылық лабораториясынан сыр ашып: «Балаларға арнап жазу қиын. Бірақ нашар жазуға қақымыз жоқ. Ол үлкен күнә!» деп отыратын. Өзі ылғи, былай қарағанда, түкке тұрмайтындай нәрседен психологиялық суреті өте дәл, бейнелеу құралы аса айқын, таңғажайып дүние туғызып таңырқатушы еді. Мысалы: 

– Ақ тауық-ау, ақ тауық,

Тауық неден қақсауық?

Ертемен ол қыт-қыттайды,

Ауламыздан шықпайды.

«Шеп-шеп» десем келмейді,

Берген жемді жемейді.

Ауруы қандай қауіпті,

Деп аяймын тауықты,

Аяп жүрсем тауықты, –

Ақ жұмыртқа тауыпты, –

деген жолдар сол сөзіміздің дәлелі. 

– Мұндайға икемділіктің сыры неде деп ойлайсыз? 

– Бұл енді әркімнің характеріне де байланысты болуы мүмкін. Жақаң сергек сезімнің, алғыр ойдың иесі еді. Әлгі, «балуанға оң солы бірдей» демекші, өлең өлкесінде өзін судағы балықтай сезініп, қолға алған тақырыбын алып та, шалып та жығатын. 

– Алайда осы ағамыздың тағдыры күрделілеу болған деп естиміз. 

– Мен оның отбасымен де етене араласқан адаммын. Әке-шешесі тірі еді. Қазіргі «Райымбек» көшесі мен «Тастақ» ықшам ауданы қиылысатын тұста жер үйлері болды. Бір өкініштісі, кейінірек, неліктен екенін білмедім, жеңгеймен ажырасып кетті... 

Сол тұста Қазақ телевизиясы ашылған-ды. Жақаң сонда редактор болып барды. Оларда да балалар әдебиетінен хабарлар беріп тұратын. Біз де ақырындап соның белсенді авторларына айналдық. Мен де сол кезде республикалық «Жұлдыз» журналына ауысқан едім. Жақан арада біраз жылдар өткеннен кейін лирикадан да бір кітап шығарды. 

– Дегенмен, бұ кісі әлі күнге дейін балалар жазушысы болып есептеледі ғой. 

– Иә, солай. Бір поэма жазды. Арасында лирикалық өлеңдері бар. Ол да ақын ретінде жанын тербеген, жүрегін ауыртқан жағдайларды жырлады. Әйткенмен, лирикаға барар-бармас күйде жүргендей. Әрине, өте қабылетті, аса талантты адам, түбегейлесе кез келген саланы дөңгелетіп әкетер еді. Бірақ уақытын көбіне жаны сүйетін Балалар әдебиетіне арнады. 

– Сонда бұ кісі анау Самуил Маршактар секілді осы салада биікке шығуға ұмтылды ма екен? 

– Ішкі дайындығы мықты, потенциалы мол адам өзінің дарын деңгейін сөзсіз білді. Сол себепті, белгілі межелерді көздеген болу керек. Әйткенмен, амал не, түрлі жағдайлар қол байламай тұрмайды. Жаны нәзік, ақын адамның бір кезең күйзелген, жүдеп-жадаған кездерін білемін. О заманда баспадан кітап шығару деген де өте бір қиямет іс еді. Бәрі жаңадан басталып жатқан кез. Сізге айтайын, сол кезеңдерде әдебиетке деген құлшыныс қарқынды-тын. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, нешеқилы жазғыштар жер-жерден ағылып келіп жатты. Кітап шығаруға ұмтылғандар о заманда да сонша көп-ті. Әйткенмен, сүзгі өте қатал болды. Менің алғашқы «Көктем» деген кітабым төрт-бес жыл жатып, зорға шыққан. Обалы не керек, әдебиеттің ғұмыры адам өміріне қарағанда ұзағырақ қой, осы өлшеммен келгенде, Жақан өлген жоқ. 

– Неше кітап жазған? 

– Көп жаза алмады-ау. Мұзафар Әлімбаев ертеректе, міне: «Әдебиеттегі тұсаукесті тұңғыш қадамынан бастап бірөңкей балаларға арнап жазатын ақындарымыздың саны өте аз. Өтебай Тұрманжанов, Мүбәрак Жаманбалинов, Нұрхан Жанаев, Ермек Өтетілеуов... Осы аталғандардың қалың ортасында «сақалды сәби» деп атауға лайық балажанды, бөбекжүректі ақын Жақан Смақов бар еді. Ол ерте дүние салды... Ол артында шағын-шағын он бес кітап қана қалдырды. Өнер санымен ғана өлшенбейді, оның үлкен таразысы – сапасы. Бұл тұрғыдан алғанда, Жақан жұлдызды жігіт» деп жазғаны бар. Әйткенмен, ұзақ жасай алмады ғой. Қырық екі жасында кетіпті. 

– Жақан Смақовты Балалар әдебиетіндегі құбылыс деуге бола ма? 

– Әлбетте. Біле білсек, Балалар әдебиеті деген ұлттық идея, мемлекеттік мүдде тарапынан алғанда, орасан рөл атқарады. Балауса балбөбек үлкен өмірге осындай таным-түйсік арқылы аяқ басады. Әрбір бүлдіршін дүниетанымын көркем безендірілген басылымдар арқылы кеңейтеді. Қоршаған ортаның сырын түсінуге, табиғатты сүюге ұмтылады. Сөйтіп жалпы адам баласына тән жақсы әдеттерге жақындай береді. Соның арқасында қиял ұштайды. Келе-келе өзі де шығармашылық өмірге араласады. Талғамы тереңдеп, көкірегі ояу, жан-жақты азамат бола бастайды. Ал келешек қоғамның иелері дегеніміз осындай ұрпақ емес пе.

Әдебиетінің бір кереметі – ақын-жазушы бас-аяғы жұп-жұмыр, оқуға жеңіл, қысқа ғана шығармасы арқылы баланы жағымсыз әдеттен аулақ жүруге немесе, мәселен, әр тіршілік иесінің тек өзіне ғана лайықты міндеті болатыны туралы ойлануға жетелемекші. Айталық, Жақан Смақовтың «Торғай ағаш қорғайды» деген өлеңіндегі: 

– Шыр-шыр еткен торғайды,

Қорғамасаң болмайды. 

Кіп-кішкене торғайлар

Ағаштарды қорғайды. 

Таспен атып торғайды, 

Ұя бұзған оңбайды.

Құс өкпелеп кетеді,

Бақшамызға қонбайды, – 

деген жолдарына қараңыз. Осында бір асқақ сөз, яки басы артық ғақылия бар ма? Жоқ. Тек жүрекке жайлы тиетін оралымды шумақты, жып-жылы леп пен санаға сіңе кететін сұлу суретті ғана көресіз. Міне, қаламынан осы тақылеттес дүниелер туатын ақынды бір сәт зор құдырет иесіне ұқсатсақ, айып емес қой. 

– Осындай еңбек иесі кейін лайықты бағаланды ма? 

– Өкінішке орай, үлкен ақын тиісті бағасын ала алған жоқ. Жаңа айтып қалдық, өмірі ерте үзілді. Жоспарлаған дүниелерінің ширегін де бітіріп үлгермеді. Көзі тірі болғанда да, біраз жүруі керек-тін. Шығармашылық адамның әбден қалыптасуы да ұзақ процесс. Сосын «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендейін, көпшілік қастерлі мақсат-мұрат жолында қарапайым жырларымен-ақ жеткіншектер жүрегіне нұр сеуіп, қыруар іс атқарған осынау еңбек торысын естен тез шығарды. Жанға бататыны да осы. Ең қиыны, кейінде сондай биік тұлғаларды білікті деген әдебиетшілеріміздің өзі көзден таса қалдыра бастағаны жабырқатпай қоймайды. Одан аумалы-төкпелі дәуірге тап болдық. Формация алмасты. Құндылықтар орыны ауысып кетті. Талай нәрседен айырылдық. Бұл ретте поэзияны, оның ішінде лириканы сақтап қалдық деуге болады. Ал Балалар әдебиеті сақталды деу, ай... айту қиындау. Жақаңдардың еске алына қоймайтыны да сол себептен бе екен. 

– Осындайда асылдарымыздың қадіріне жете алмайтынымыз қынжылтады-ау... 

– Салыстырып қарасақ, бұрынғы одақтас республикаларда Балалар әдебиеті бойынша Жақан Смақовтай шеберлерге теңдесе алатын ақындар жоқ та сияқты. Әрине, анау Самуил Маршактар шын классик. Ал Корней Чуковский осы бағыттың әулиесі. Агния Барто да ірі тұлға. Міне, сондай дарындармен деңгейлес Жақан Смақовтарды бағаламауымыз, өте ұят, расында. 

Балалар әдебиетіне жүрдім-бардым қарап кеттік. Бұл мүлде қате. Ал орыс әдебиетінде керісінше. Біздің тарихымызда Балалар әдебиеті бойынша мемлекеттік сыйлық алған жалғыз Мұзафар Әлімбаев қана. Мен кезінде сол «Аспандағы әпке» деген жинағына рецензия жазып едім. 

– Бұ тұрғыдан алғанда, Жақаңды бақытты қаламгер деуге келмейді екен-ау, ә... 

– Енді... Қайтесің! «Бақыт» дегеннің өзі салыстырмалы дүниеге айналып кетті. Өзіміздің тірлігіміздің арқасында біз секілді «өлермендерді» ұмыту қиын. Алдағы айда жетпіс бес жасқа толамын. Соған сәйкес таяуда жиырма томдығымды шығардым. Бұл – біздің елде сирек жағдай. Көптеген демеушілердің арқасында әрең қол жетті. Соның екі томы түгелдей балаларға арналған өлеңдерден тұрады. Ал өліп қалсам кім шығарар еді оны? Кім реттейді бәрін... 

Балалары Жақаңның жетпіс жылдығын тойлады. Мен бардым. Жақсылығы өткен адам. Бірге туған бауырымдай еді. Қазір кімді кім іздеп жатыр?! Жақаң ертерек кетіп қалмағанда Балалар әдебиетінің іргетасын қалағандардың бірі ретінде даусыз мойындалатын дүлдүліміз... 

– Қалай болғанда да, кейінгі ізбасарларыңыз сіздердің буынға шексіз қарыздар шығар. 

– Шынында да, солай. Біз сәтті жылдар тұсына тап келгендейміз. Бір жағынан, «түренді тыңнан салудың» өзіндік артықшылығы болуы да ғажап емес. Еркіндікке, батылдыққа жиі бардық. Дегенмен, сол жылдары тиражды өте аз берді. Төрт-бес жылдан кейін ғана кітапты мол таралыммен шығара бастадық. 

– Бүгіндері Жақаң іспеттес ақындар неліктен сирек? 

– Бертінде бұрынғыдай «почва» болмай қалғандай. Қазақша айтқанда, дарынды өсіріп-өндіретін табиғи жағдай, құнарлы «топырақ», қажетті нәр, әрі-беріден кейін тиісті сұраныс жетіспейтіндей. Талап әлсіреуі ықтимал. Басқа да себептер кездесуі мүмкін. Соның бірі басылымның аздығына байланысты ма деймін. Мысалы, «Пионер» біртіндеп білім тақырыбын көбірек қаузайтын ерексектеу оқырмандардың журналына айналып кетті. 

Әйтеуір, балаларға арналған кейінгі шығармалардың тілі ауыр, қабылдауға күрделі келетіні жасырын емес. Түсініксіз сөздердің жиынтығы секілді тақпақ-сымақтар көбейді. Көкейге қона қалып, санаға сіңіп кететіндей ойнақы жазылмайды. Немесе «тақпақтардың» дені ересектерге арналғандай, тым «салмақты» сөйлейді. Яки оңтайлы техника жұтаңдық танытты. 

Әрине, бұл қазақта Балалар поэзиясы мүлде жоқ деген сөз емес. Бірақ осы деңгейден әлдеқайда өсіп, шырқап кететін тұста қатты тоқырадық. 

– Қазір сол Жақан Смақовқа еліктейтін шәкірттер бар ма? 

– Оған еліктеушілер бірқатар ма деп ойлаймын. Өкініштісі, Жақаң оны көре алмай кетті ғой. Жәнібек Карбозин, Ескен Елубай, Сұлтан Қалиевтерді сол мектептің жалғасы деуге негізіміз мол. Алайда кейінгі жас буынның осындай ғаламат ұстазды ұмыта бастауы санаға сыймайды. 

Әңгімелескен Құлтөлеу МҰҚАШ.

2009 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар