Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Перформансқа толы транспаренттік қоғамдағы қайғыны...

15.04.2024 556

Перформансқа толы транспаренттік қоғамдағы қайғының орны 12+

Перформансқа толы транспаренттік қоғамдағы қайғының орны - adebiportal.kz

Осыған дейінгі «Перформансқа толы қазақ қоғамын объективті оқу» және «Транспаренттік қазақ қоғамы және хрусталь адам» атты жазбаларымызда қазіргі қазақ қоғамының кескін-келбетін философ, мәдениеттанушы Чул-Ханның еңбектері негізінде хал-қадеріміз жеткенше интерпретациялауға тырыстық. 

Әлі күнге дейін әлеуметтік және экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізе алмаған қазақ қоғамының неолибералдық «мәжбүрліктер» шеңберінде геперактивтілігі мен шамадан тыс бақытқа ұмтылуы, әлеуметтік желілер мен медианың ауқымдылығы, бұған қарсы тұратын иммунитеттің болмауы, нәтижесінде қоғамның шаршаңқы және депрессияға түсуі туралы жан-жақты талдаған боламыз. Әрине, кейбір позитивке толы коучтар мен мотиваторлар секілді дамып келе жатқан қоғамның жетістіктері туралы да айтуға болар еді. Алайда біздің дертіміз де осы мотиваторлар мен коучтардың қазақ қоғамындағы шамадан тыс көбеюі мен олардың қоғамның ойлау жүйесіне ықпалын бағамдау болатын. Мұны бағамдау үшін постмодернистік қоғамның суретін бейнелеуге күш салған М. Фуко, Ж. Деррида, Ж. Делез және т.б. сынды білім адамдарымен есімі қатар аталатын Чул-Ханның шығармаларын басшылыққа алған едік. Бірақ бұл дегеніміз – осы пікірдің абсолютті дұрыс екенін білдірмейді. Себебі қаншалықты көп пікір болса, соншалықты шығар жол айқын бола түседі. Десе де біздің сүріп жатқан қоғамымыздың ең көзге көрінбес, ең еленбес тұстастарын зерттеуіміз үшін Чул-Ханның еңбектері жақсы жол сілтеуші шамшырақ бола алады десек, артық айтқанымыз емес. Мұнымен қоса, аталған проблемалар тек қазақ қоғамына ғана емес, барлық қоғамның қазіргі мәселелеріне айналғанын ескерсек, мұнымыз қате емес екенін ұғына түсеміз. Ал біздің мақсат – қазақ қоғамының қандай проблемалармен бетпе-бет келгенін яки келіп жатқанын түсіну және осыған байланысты пікір түю. Десе де, бұл, барлық пікірлер өмір сүруге құқылы керек деген абсолютті ұғымды да білдірмейді, бірақ барлық пікірлердің бағалануға құқығы бар дегенін жоққа шығармайды. 

Сонымен, Чул-Ханның философиясын басшылыққа ала отырып, қазақ қоғамының жалпы кескінін сызатын болсақ, жылдар бойы коммунизмнің шекпенінде өмір сүрген біздің қоғамның ендігі дерті әлеуметтік таптық транценданталды күрес емес, индивидтің ішкі имманентті күресі екені айқындала түседі. Бұл дегеніміз отарлық кезеңде физикалық және метафизикалық деңгейде бізді басқарған «қожайын» ұғымының жойылып, оның орнына «құлқожайын» концептісінің шығуын білдіреді. Мұндағы «құлқожайын» сөзіміз, қазақ грамматикасындағы «құл» және «қожайын» сөзін білдірмейтінін де айта кеткеніміз жөн. Себебі «құл» бағынушы, ал «қожайын» басқарушы сынды диалектикаға немесе құлдың қожайынға, қожайынның құлға айналғаны сынды деформацияға алып келеді. Ал біздің ұсынып отырған терминіміз бағынушы да, басқарушы да яки ешқандай деформация да емес. Яғни мұндай дихотомиядан аулақ. Бұл, аталған дихотомияның сыртында орналасқан және көпұлтты капиталистік, неолибералдық дискурстармен үздіксіз байланысқа түсетін үшінші алаңдағы өз-өзін отарлаушы болмыс. Міне, осы болмыстың қазақ қоғамындағы көрінісі қандай, қазақ қоғамы бұдан қаншалықты деңгейде әсерленді сынды сұрақтардың төңірегінде қарапайым жауаптар іздеуге тырысамыз. 

Сонымен, осыған дейінгі жазбаларымызда капитализмнің шамадан тыс позитивтілігі қоғамдағы барлық жеке тұлғаның мүмкіндігінен тыс көп нәрсеге қол жеткізуге итермелеу және бұл үшін одан үнемі жаңа перформанс талап ету екенін айтқан болатынбыз. Кешегі комунизмнен шыққан қазақ қоғамының капитализммен бетпе-бет келуі, бұл перформанстардың жүгін және ауырпалығын одан әрмен көбейтіп жібергені жасырын емес. Себебі «Жұрт не дейді екен?», «жұрттың баласы», «елдің құлағы елу» сынды қалып пен қағидаларға негізделген ұғымдармен өмір сүретін біздің қоғам үшін перформанс көрсету қанға сіңген қасиет секілді көруінуі мүмкін. Ал бұл «қасиет» капитализммен астасқан жағдайда мұның гиперактивлігі одан әрмен күшейе түспек. Яғни, «жұрттың баласы» болсаң, үнемі «жұрттың баласы» екеніңді дәлелдеуге мәжбүрсің, «жұрттың баласы болмасаң» үнемі «жұрттың баласы» сынды болуға яки одан мықты екенін көрсетуге мәжбүрсің. Екі түрлі де үздіксіз перформанс көрсетуге мәжбүрленген әрбір индивид нәтижесінде депрессияға, түгесілу сынды күйлерге түседі. Бір сөзбен айтқанда шаршайды. Енді мұны мемлекеттік және ұлттық шеңберде қатастыратын болсақ та нәтиже бірдей шығады. Бірақ қоғам, мемлекет, ұлт сіздің шаршауыңызға мүмкіндік бермейді. Олар үнемі өздерінің оң жаңбасына келетін идеология, миф, мотивация сынды допингтерді ойлап табумен болады. Ал бұл допингтер сіздің және біздің «шаршауымызға» алып келеді. Уақыт өте келе бұл «шаршаулар» біздің нағыз болмысымызға айналып, өзімізді осы допингтер шеңберінде танитын/танытатын боламыз. Мұның белгілі бір деңгейдегі мысалдары әдеби мәтіндерде де көрініс тапқанын айту кеткеніміз жөн. Мысалы, ақын Баянғали Әлімжановтың «Шаршадым деме» атты өлеңінде мойнына халықтың жауапкершілігін арқалаған әрбір индивидтің шаршамау керектігі туралы айтады.

Шаршадым деме,

Шаршауға сенің хақың жоқ!

Шырылдап жүрсең шынымен егер халқым деп,

Азамат аз ғой алаңдауы көп Алашта

Болғанмен мұнай, көмір мен темір, алтын көп.

Лашындай жырлар шығады­ау ұшып лашықтан,

Жасындай мінез көрінбес бірақ жасықтан.

Жан бағар кез бе жағаңнан жаһан алғанда

Жанкешті керек, иірер алшы асықты!

Көріп отырғанымыздай, күнделікті өмірдің әр сәтінде перформанс көрсетуге мәжбүрленген индивидке ұлттық идеология шеңберінде де тура осындай перформанс көрсетуді талап етіледі. Ал мұндай мәжбүрліктер расында адамды үлкен депрессияға алып келеді. Әрине, Чул-Хан өзінің еңбектерінде ұлты және мемлекеттік идеология туралы ештеңе айтпайды. Оның дерті көпұллы капиталистік жүйедегі қоғамдардың қазіргі жай-күйі. Десе де, тұлғаның күмәнді субъективтілігі өзі өмір сүріп жатқан әлеуметтік-саяси дискурс аясында түсіндірілетін біздің қоғамның қоғамдық құрылымын ескеретін болсақ, Чул-Ханның пікірін ұлттық және мемлекеттік идеология шеңберінде де интерпретациялауға болады деген ойдамыз. Үнемі бақыт пен шаттықты ғана хабарлайтын медиа мен қасірет пен қайғыдан ретинг көтеріп, қайтадан позитивке толы мотивация ұсынатын контенттер біздің саяси санамыздың бақыт пен қуанышқа шөлдегенін және губка секілді сіңіріп алатынымызды жақсы біледі.Осы үшін де қазіргі барлық цифрлық кеңістікке болымды месседждер мен позитивке толы жарнамалар қоғамымыз үшін өте тиімді. Әйтпесе кішкентай ғана қысқа уақыттың ішінде белгілі бір семинар-тренингтер арқылы өзін толық танып, гештальттарын жауып, алғашқы пәленбай долларын табуға «мүмкіндік жасау» сынды қызметтер неліктен көбейді деп ойлайсыз. Мұндай жарнамалар мен қызметтердің түп негізінде осыған дейінгі жазбамызда келтірген «Können» (қаз. «Жасай алу», «Істеу алу», «Қолдан келу») сөзімен түсіргендер болатынбыз. Әлемді жаулаған індеттен кейін, яғни Ковид-19 кезеңінен кейін уағызшылдар мен мотиваторлардың, коучтар мен психологтардың көбеюін де осы «Können» ұғымымен байланыстырдық. Ал аз уақыттың ішінде нәтиже көрсете алмаған, көрсету үшін де шамадан тыс мотивация, позитив қабылдау, артынша перформанс, гиперактивтілік біздің қоғамның әрбір мүшесін расында және толық мағынасында шаршатады. Әрине, тікелей қатысы болмаса да мұның белгілі бір деңгейде көріністері әдеби мәтіндерде де кездеседі. Мысалы, Темірхан Медетбектің «Шаршау» өлеңін қарастыратын болсақ, біздің қоғамдағы жеке тұлғаның басындағы проблемаларды эстетикалық деңгейде суреттейді:

Мен қазiр

Әлдекiмдермен күресе-күресе –

Таудың басына

Тас арқалап шыққандай –

Борша-боршамын,

Арса-арсамын.

Мен қазiр

Әлдекiмдермен тiресе-тiресе

Аспаннан – күркiреп жатқан! –

Қорғасындай ап-ауыр

Қара бұлттарды

Жерге сүйреп түсiргендей

Қажып шаршадым.

Шаршадым!

Үнемі көрмеге қойылған экспонаттар секілді «бағалану», «өзіңнің бағаңды өсіру», «құндыландыру», «өзіңді сату үшін перформансты көбейту яки күшейту» сынды әрекеттер жоғарыдағы проблемалардың айқын көрінісі десек қателеспейміз. Себебі осыған дейінгі жазбаларымызда да айтқанымыздай, өздерінің сингулярлықтарын жоғалтып, тек қана бағаларымен ғана өлшенетінін аукциондық қоғамда өтімді, яғни жоғары бағада «сатылуыңыз» үшін үздіксіз перформанс көрсетуге мәжбүрсіз. Ал бұл аукционда көрмеге қойылмаған немесе сол көрмеде бағаланбаған кез-келген заттың метафизикасы жоқ немесе бағасыз, оған қолданушылардың ешқайсысы қызығушылық тудырмайды. Сәйкесінше барлық жеке тұлға «бағалану» үшін гиперактивті бола түседі. Ең сорақысы, мұнда тек сіз ғана емес, қоғамның әр мүшесі бір ғана мақсатта, бір ғана бағытта өмір сүретін құлқожайындар. Яғни, Чул-Ханның тілімен айтатын болсақ, бұл қоғам – біркелкіліктің тозағы. Мұнда енді біздің үлкендеріміз айтатындай «өмір-театр», «сен-режиссер» сынды классикалық танымдамалар жүрмейді. Себебі бұғынғыдай театрлық қойылымда өмір сүріп жатқандай сезіну біздің қоғамның кескін-келбетін ашпайды. Керісінше, біздің өмірді театрдан гөрі, жоғарыда келтірілген аналогиядағы аукционға көбірек ұқсатсақ болады. Ал бұл аукциондық қоғамда барлығы бір-бірін бағалаушы, аңдушы, құндыландырушы, отарлаушы, отарланушы, бір сөзбен айтқанда цифрлық поноптиконның әрбір мүшесі таяқтың екі ұшында да «күн кешетін» құлқожайын. 

Енді осындай мөп-мөлдір, бақыт пен шаттыққа толы қоғамдағы қайғының орны қайда деген сұрақ туындайды. Қанша жерден қайғы мен қайғына ерік бермеу үшін қолданған неше түрлі мотивациялық допингтар мен эмоцияналдық күйлерімізді қолға үйретуге көмектесетін семинар-тренингтер бізге тиесілі қайғы пен уайым қай маңға жоғалып алып кетті немесе қайда жасырып қойды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын тағы да Чул-Ханның еңбектерінен іздейтін боламыз. Бұл жолы автордың 2020 жылы жариялаған «Паллиативтік қоғам: бүгінгі қайғы» атты кітабын басшылыққа ала отырып, қазақ қоғамындағы қайғы мен қасіреттің мекенін, түр-түсін анықтауға тырысамыз. 

Аталған кітапта Ковид-19-дан кейінгі қоғамдардағы қайғының көрініс мен орнын баяндайды. Ковид-19 үшін жасалған карантиндік жерлерді концлагерьмен салыстыра отырып, Home office-терді (қаз. Үй кеңселері) осы лагерьлердің жұмыс орындарына айналған дейді Чул-Хан. Ал бұл «концлагерлердегі» адамдарда «алгофобия», яғни қайғы қорқынышы пайда болғанын айтады. Тек қана «лайкпен» бағаланатын цифрлық поноптиконда адамдар барынша қайғы мен қасіреттен аулақ болуға тырысады. Аталған пікірді осыған дейін «Шаршау қоғамы» және «Транспаренттік қоғам» сынды кітаптарында да айтса да, «Паллиативтік қоғам» еңбегінде автор биосаясат пен цифрландыру арқылы «қайғы» ұғымының күнделікті өмірде қалай жойылатынын туралы терең талдау ұсынады. Бұл талдаулар үшін трансгуманизм, цифрландыру, медиа, биосаясат сияқты мәселелермен бірге, Юнгер, Адорно, Фуко, Ницше, Хайдеггер сынды көптеген ойшылдардың пікірлерін деконсттрукция жасауға тырысады. Юнгердің «Маған қайғымен қарым-қатынасыңды айт, мен саған кім екеніңді айтайын» деген сөзімен басталған кітапта қайғының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тырысады. Бірақ біздің қоғамның позитивті қоғамның екенін ескерте отырып, мұнда қайғы мен қасіретке ешқандай орын қалмағанын айтады. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің қоғам қайғы мен қасіреттен қорқатын қоғам. Яғни, бұл қоғам күліп жүруге, бақытты болуға мәжбүрлейтін қоғам. Ал бұл қоғамнан қайғыны алып тастауға талпынысымыз дейді Чул-Хан, белгілі бір деңгейде неолиберализм мен капитализмнен өтіп, ендігі уақытта трансгуманизмге қарай дамып жатқанымызды білдіреді. Сәйкесінше қайғының көзден таса болуы, қоғамдағы адамдардың ойлау қабілетінің, қиялдарының, бір сөзбен айтқанда поэтикасының әлсіреуіне тікелей әсер етеді дейді. Яғни, қоғам рухани азапты тудыруы мүмкін эмоциялардан аулақ болып, барынша «жайлы» орын іздей бастайды. Ал мұндағы сіздің «жайлы» орыныңыз әлеуметтік желі. Тек осында ғана өзіңізді «бақытты» сезініп, әлеуметтік медиа арқылы өздерінің цифрлық «отаныңызды» құрасыз. Әлеуметтік медиа алгоритмі болса, сіздің еркіндігіңізден тыс жаныңызға жақын контенттерді көруге, олардан әсер алуға, көбіне позитивке мән беруге, трендтік белгілер арқылы оқиғаларға көзқарасыңызды өзгелермен стандарттауға мүмкіндік береді. Тіпті сіздің ойыңызды өзгелермен стандарттайтыны соншалық, шынайы өміріңіздегі проблемалардан гөрі, трендтік проблемаларға көбірек уақыт бөле бастаймыз. Мысалы, танымал адамдардың өмірі өз өміріңізден әлдеқайда маңыздылыққа ие бола бастайды немесе ауылыңыздың су тапшылығы жаһандық жылудың қасында түкке тұрмайтын проблемаға айналады. Осылайша, сіз өзіңіз жоқ жердегі проблемалар арқылы өзіңіз бар жердегі проблемалармен алмастырасыз. Себебі сіз сүріп жатқан қоғам үшін сіз бар жердегі қайғы басы артық жүк болып есептелінеді. Барынша бұдан бойыңызды аулақ ұстауға мәжбүрлеп, тек қана позитивке жұмыс жасайтын қоғам, яғни Чух-Ханның тілімен айтатын болсақ, қайғыдан айрылған қоғам шындықтан да айрылған қоғам болып есептелінеді. Автордың мұндай қайғыны көзден таса етіп, те қана бақытқа ұмтылған қоғамның бет-бейнесін бейнелегеніне қарап, есімізге қазақ ақыны Кеңшілік Мырзабековтың мына бір өлең жолдары есімізге түседі:

Түсі қайғының түндей қара ма,

Түсі бақыттың таңдай бола ма?

Солай сіңгенмен шартты санаға,

Бұлай деуіміз нақты баға ма?

...Жоқ, жоқ, әрине, нақты баға емес,

Бақыт кей-кейде тәтті бал емес.

Қайғы дегенің қара тұз емес,

Нақты теңеулер сәтті, дәл емес.

Осы өлеңнен жолға шыға отырып, Чул-Ханның еңбегіне қайта оралатын болсақ, қайғының ешқандай қап-қараңғы емес екенін ұғына түсеміз. Себебі қайғы адамның тірі екенін және бар екенін білдіретін, сезіндіретін үлкен аспект екенін де ұмытпағанымыз жөн дейді Чул-Хан. Қайғы қоғам/ индивид үшін үш түрлі қызметі бар екенін тілге тиек етеді автор. Ең әуелі қайғы-байланыс. Яғни, паллиативтік қоғамның жайлылығында өмір сүретін адамдар ештеңемен байланыс құра алмайды, өз өмірі өз алдына, өзіне өзі құлқожайын болып өмір сүреді. Ал қайғы болса адамдарды бір-біріне жақындастырады. Екіншісі кезекте қайғы-айырмашылық. Яғни, бұл бізде не бар және бізге не тиесілі екенін түсіну үшін қажет. Айырмашылығы жоқ қоғам, жоғарыда да айтып кеткеніміздей, біркелкіліктің тозағы. Чул-Хан қайғыны үшінші кезекте шындық деп анықтайды. Ал цифрланған поноптиконның ішінде ешқандай шындық жоқ.  Әлеуметтік желідегі барлық «лайктар» мен «репосттар» шындыққа қарағанда, транспаренттілікті білдіреді. Бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ, ешқандай айырмасы жоқ, шындығы жоқ қоғамда қайғы түгілі өлім ұғымы да көп кездесе бермейді дейді Чул-Хан. Керісінше, бұл ұғымдарды цифрлық поноптиконның «ақаулары» деп есептейді. Себебі паллиативтік қоғамда ешқандай контентте өлім мен қайғы жайлы ештеңе айтылмайды. Тіпті сағыныш пен мұң  да жағымсыздықты тудыратындықтан, оларды да барынша курстар мен мотивациялар көмегімен жолдан ығыстырып тастауға тырысады. Нәтижесінде барлық байланыстардан қол үзген әрбір индивид  өз кезегінде жалғыз бола түседі дейді Чул-Хан. Ал айналадағы бақыт пен транпарентіліктен шаршаған индивидтің хәлін қазақ ақыны Құралай Омардың Анна Ахматовадан аударған мына бір өлеңнен ұғына түсеміз:

Мен күлуді доғардым,

Мұздай боп ернім тоңған ем.

Бір үміт тағы жоғалды,

Бір өлең артық болғанмен.

Еріксіз беріп әнімді,

Келемеж бенен мазаққа.

Отырам сосын жанымды

Үнсіздігіммен азаптап

Осылайша, шамадан тыс қуаныш пен шаттыққа құрылған қоғамда әрбір индивид үнсіз жалғыз бола түседі. Сәйкесінше барлық жайлылықты интернеттен табады. Яғни, өз өмірді мәнді ете алмау, өз бойынан құнды ештеңені көре алмау, тек қана стандартталған мотивациялармен қоректенген паллиативтік қоғам мүшелері интернетке тәуелділігі артып, хрустальданады. Ал бұл адам үшін қайғы дәрімен емделетін ауру секілді қабылданады. Чул Хан қайғыны тек медицинаға қалдырсақ, оның маңызды қасиеттерін барлығын жойған боламыз дейді. Себебі біздің қазірге дейін өмір сүріп жатқанымыз осы қайғының арқасы деп пікір түйеді. Яғни, біз осы бір өміріміз үшін қайғыға қарыздармыз. Ақын Жұмекен Нәжімеденов айтпақшы,

Кезектесіп бір қуаныш, бір қайғы,

Бірі сипап, бірі жанды тырнайды.

Бірі жыртып, бірі жамап кеудемді.

Осы жасқа аман-есен келгем-ді...

Бірақ Жұмекен Нәжімеденов сүрген қоғам мен біздің сүріп жатқан қоғамымызды салыстыратын болсақ, жер мен көктей айырмашылығы бар екені де жасырын емес. Сөз соңында да тағы да Чул Ханның тілімен айтатын болсақ, біз мынау перформансқа толы  қоғамда өмір сүру үшін шамадан тыс өліміз және өлу үшін де шамадан тыс тіріміз. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Ұқсас мақалалар

Көп оқылғандар