Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Өзбекәлінің ерлігі. Наурыздың қайта оралуы...

20.03.2024 1324

Өзбекәлінің ерлігі. Наурыздың қайта оралуы 14+

Өзбекәлінің ерлігі. Наурыздың қайта оралуы - adebiportal.kz

Ресми деректерге сүйенсек, Совет үкіметін орнатқан большевиктер 1926 жылдан бастап, КСРО құрамындағы Орта Азия кеңістігін мекен еткен түркі тектес халықтарға наурыз мейрамын тойлауға қатаң тиым салады. Ол заманда наурыз келді десе, ұлыстың ұлы күні деп тұтас түркі жұрты, турлықты қазақ баласы тайлы-тұяғы қалмай жиналатын, тойлайтын, мерекелейтін. Бір ауыз сөзбен айтқанда бұл берекенің айы еді. Жұрт мол жиылған жерде келелі кеңес, тарихи әңгіме, өткен қыстың жайы, келер күздің қамы, өткен-кеткеннің дұғасы қайрылатын. Небір бітпей қалған дау, үлкенді-кішілі реніш, өкпе, наз бәрі-бәрі бет көріскен сәтте, алақан қысысып, құшақ айқастырған жерде төгіліп кететін, ұмытылатын. Советтік идеология ел ішіндегі осы күшті, рухани қуатты білгесін, атаулы мерекені тұншықтыруға барын салған. 

Шын мәнісінде, хан мен қараны теңестіріп, тең отырып сөйлестіретін бұндай атаулы күн «совет адамы» үшін мүлде жат дүние еді. Бұндай қастерлі күн халықтың ескі жадын оятып, тарихи санасын жаңғыртатын. Сондықтан да осындай Совет үкіметінің ұстанымына қайшы мереке-мейрамдардың баршасы тізгінделді, тұсалды. Наурыз мерекесінің басына төнген қара бұлт, көп ұзамай, 1930 жылы құрбан айт, ораза айт мейрамдарының басына түсті. Екі діни мерекені тойлау, ораза ұстау, құрбан шалу, айтшылау біржола тоқтады. 

Науырз сынды бірегей мерекеге деген тосқауылдың қатты болғаны соншама, алпыс жылдан астам уақыттың ішінде, «наурыз меркесін тойлайық», «наурыз мерекесі ортамызға қайта оралсын» деген сынды пікірді үкімет пен партияға жеткізуге бірде-бір шенеуніктің, бірде-бір қайраткердің дәті жетпеген. Дейтұрғанмен, саяси жүйенің бір ауыз пәрменімен, ғасырлар бойы тойланып келе жатқан наурыз, ел есінен бір жола өшіп кетті десек қатты қателескен болар едік. Қазақтар жиі қоныстанған өңірде жыл сайын наурыз шағын мереке ретінде, ауыл-аймақ, отбасы төңірегінде аталып өтіп жатты. Әсіресе, көненің көзі болған қазыналы қарттардың сиремей тұрған тұсында өз межесінде тойланып жатты. 

Біз осы шағын мақаламызда 1926 жылдан 1988 жылға дейін, араға 62 жыл салып қайта оралған наурыз мерекесінің тағдыры туралы баяндаймыз. 

«Отбасы хрестоматиясы» шығарған «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітапта: «Әдетте саяси сауаты бар адам кез келген қоғамдық толқу мен халықтық өзгерістің артында қозғаушы «біреу» тұратынын сезеді. Оны саяси қайраткер деп атайды. Шынайы қайраткер өзін күрескер ретінде мақтанып көрсетпейді. Ол қоғамдық тұлғалардың басын қосып, бір мүддеге жұмылдырады. Ал өзі мемлекет тарапынан олардың бастамасын қолдаған сыңай танытып отырады. Өзгеріс осылай жасалады. «Наурыз мерекесін кім қайтарды?» деген сұрақ пайда болғанда, «Оны алғаш мен қозғадым», - деп бірнеше қаһарманның шыға келетіні осыдан. Себебі саяси қайраткер жекелеген тұлғаға сыбырлап, билікке қарсы ұсыныс тастады. Ұсыныс қабыл болғанда әлгі тұлғалар «қозғаушы күш», расымен де, өзім екенмін деп ойлап қалады. Осылайша бір бастаманың бірнеше авторы пайда болады», - деп баян етеді. Біз тілге тиек етіп отырған наурыздың халқымызға қайта оралуы туралы ойды, Өзбекәлі Жәнібековтың қайраткерлігімен сабақтастыра баяндағанда, сөздің жүлгесін жоғардағы айтылған дәйектердің ұшығынан табамыз. 

Егер шын мәнісіндегі ақиқатқа жүгінер болсақ, наурыз ұлттық мейрамының елімізге оралуына тікелей себеп болған, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы екені тарихи шындық. Желтоқсан оқиғасынан кейін жібіген тоң, сетінеген сең ұлттық мәселелерді қозғауға түрткі болды. Осы оқиғадан кейін ел алдында, әсіресе қазақ жұрты алдында абыройы төгілген Колбин жолдас, құлаған биігін қалпына келтіру үшін барын салды. Тіпті қара қазақтың алдында оқытушы жалдап қазақ тілін үйренуге кірісті. Қазақ жастарының осы оқиға кезінде берген құрбандығы, төккен қаны көптеген түйткілді мәселелерді шешуге әсер етті. Байлауы босай бастаған саяси жүйенің осал тұсын, ретін тауып ұлттың игілігіне жұмсаған санаулы ел басшылары осындай да бел шешіп іске кірісті. Сол жылдары небәрі төрт ай көлемінде ғана Мәдениет министрі қызыметін атқарған Өзбекәлі Жәнібеков сынды сұңғыла азамат үшін, бұл таптырмайтын орай, кезек күттірмес ұтымды сәт болды. Ол бірден жоғарғы билікке тікесінен талап қоя алмасын білгесін, өзі перде артында тұрып, ұлттық мерекені қайыра жаңғыртудың қамына кірісті. Осылайша «сабақты ине сәтімен» дегендей «Наурызды қайтару операциясы» Өзбекәлі үшін сәтті басталды. Ол үшін әуелі ұсыныс жоғарыдан емес, төменнен, қара халықтың өзінен түсу керек болды. Сонда ғана халық алдында абырой беделін қалпына келтіруге барын салған Г.Колбинның жанды жерінен ұстауға болатын. 

Өзбекәлі Жәнібеков сол жылы 9 ақпанда Идеология хатшысы қызметіне отырады. Көп өтпей «Лениншіл жас» газетіне Мұхтар Шахановқа сұхбат береді. Сұхбаттың мазмұнында наурыз мерекесі туралы ойларын ортаға салады. Іле-шала газетке наурыз мерекесі туралы мақала шығады. Сол мақаламен танысқан Өзбекәлі Жәнібеков сол кездегі газет редакторы Уәлихан Қалижанды өзіне шақырып, мақала жөнінде есеп алады. Сол есептің негізінде, Жазушылар одағында үлкен жиын өтіп, наурыз мерекесі туралы арнайы талқы ұйымдастырады. Жиынға Өзбекәлінің өзі де қатысады. Зиялы қауымның ұсынысы осылай болып жатыр деп Колбинның алдына кіріп мәселені бекіттіріп алады. 

Сонымен, Өз ағаның ұлыстың ұлы күнін өткізуге болады деген рұқсатқа, наурыз айының алғашқы аптасында ғана қолы жетеді. Күн мен түн теңесетін атаулы күнге он шақты күн ғана қалды. Осы екі жұма ішінде барлық дайындық жұмыстарын тиянақтап үлгіру керек. Жәнібеков үшін осы қысқа уақыттың өзі жеткілікті еді. Жоспары әу баста дайын-тұғын. Наурызды өткізу туралы идея қалай келсе, жұмыс барысы қалай қолға алынса, дайындық жұмыстары да сол кезде басталып кеткен еді. Өзбекәлі Жәнібеков жан-жақтағы елеңдеп отырған жұртқа телефон шалып, іске кірісіңдер деп қысқа ғана бұйрық беріп, төңіректі түгел атқа қондырады. Айталық, Өзбекәлінің ұстазы Құтым Ордабаев бір естелігінде Өзекеңнің ауылға келгенін, көп жайды сөз еткенін айта келіп, «Көп жылдар өтті наурыз мерекесі тойланбай кетті. Наурыз жайлы көп ізденіп, зерттедім. Оны атап өтуге Орталық комитет қарсы емес, жақында арнайы қаулы шығады», - дейді ұстазына. Сөз соңынды «Наурызға дайындала беріңіздер» деп пәрмен беріп кетеді. Ол кезде Құтым Ордабаев аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі екен. Деру барлық мектептерге наурызға дайындық жұмыстарын жасай беріңдер деп ескертеді. Осындай деректер мен естеліктерге сүйенсек, наурыз мейрамының тарихын, бітімін, болмысын ерте зерттеген Өзбекәлі Жәнібеков, наурызды тойлаудың да жоба-жоспарын ерте дайындап қойғанына көзің жете түседі.  

Бәрін айт та бірін айт, сонымен көп күткен наурыз мейрамы да келіп жетеді.

1988 жылы наурыз айының жиырма екісі күнгі Алаш баласының қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Алатаудан арайлап атқан таңнан бастап қара кешке дейін рухы тасып, мейманасы асқан қала жұрты өзгеше қуанышпен, айрықша тебіреністің үстінде жүреді. Қала халқы өздері бір ауыздан ұйымдасқандай ұлттық киімдерін киіп көшенің сәнін келтіріп жіберді. Ұлттық ансамбілдер күймен күмбірлетіп, әнмен әуелетіп Алматының аспанын тебірентіп жібереді. Қала орталығында қазақтың ұлттық сипатын бедерлеген қол-өнері, ағаш шеберлігі, зергерлік сынды толып жатқан дүниелер қала халқының көз мейірін қандырады. Наурыз көже қазан-қазан болып ақтарылып, қымыз судай сапырылады. Ұлттық ойындар жас баладан еңкейген қартқа дейінгі көптің көңілін шат етеді. Егер, 1988 жылғы Алматыдағы наурыз мейрамын тойлаған жұрттың бейнесін Ұлттық арнаның «Алтын қорынан» көзіңіз шалып қалса, қуаныштан балбұл жайнаған жүз бен отты көз, жігерлі сенім, қайратты күш, бойына сыймай тұрған ұлттық қуатты бірден сезінер едіңіз. Міне, елдің өшкені жанып, өлгені тірілген мейрамның алапаты Алматы аспанында, Алатау баурайында осылай асқақтап, ары қарай барлық облыстар мен ауылдарға ұласады. Осыдан кейін, туыстас қырғыз, түркімен, өзбек жұрты да бірте-бірте наурыз тойын тойлауды қолға ала бастайды. Және осы халықтардың баршасы наурыз тойлаудың Өзбекәлі Жәнібеков салған жолымен жүріп, Өзекеңнің нұсқасынан үлгі алады. 

Енді сіздерге осы күндердің куәсі, Өзбекәлі Жәнібековтың жары Қалихан апамыздың естелігінен бір үзік сыр келтірейік. «1988 жылы наурыз өткізерде Өз ағаң қатты қобалжыды. «Не болар екен, қалай өтер екен?» деп түнімен ұйықтамады. 22 наурыз күні таңертең көшеде мерекелік көңіл күй пайда болды. Далада серуендеген жұрттың көбі ұлттық киім киіпті. Жастар алтыбақан теуіп жүр. Көше мен саябақта қазақша ән айтылып жатты. Біз қазіргі Достық көшесімен жоғары көтерілдік. Кенет үлкен концерттік бағдарламамен әртістер керуені көшті. Керуеннің басында әдемі шапан киген, ақбоз ат мінген жас жігіт келеді. Бұл жігіт Мұхтар Шаханов еді».

Әрине, 1988 жылғы наурыз тойы мен ежелгі дала қазағының наурызды тойлау дәстүрі екеуі екі басқа еді. Бірі – дала мәдениетіне тән тойлау болса, енді бірі – қалалық отырықшылыққа негізделген тойлау дәстүрі еді. Сондықтан да Өзбекәлі Жәнібеков алғаш рет қала мәдениетіне тән, қала көшелері мен алаңдарына бейімделген наурыз тойын өткізудің жаңа концепсиясын алғаш рет жасақтады. Осы негізде қалыптасқан наурыз тойы күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Ұлттың бағы мен мерейіне туған сегіз қырлы, бір сырлы қайраткердің өнегелі жолы еді.

Араға алпыс жылдан астам уақыт салып туған жұртымен қайта қауышқан Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, әз наурыз мейрамы, міне содан бері өз уақытында, өз деңгейінде аталып өтіп келе жатыр. Осындай ұлық күнде ұлт үшін қызымет етудің ерен үлгісін көрсеткен Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлт қайраткерінің рухына қашанда тағызым етеміз.

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, ардақты Алаш жұрты.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар