Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖОЛДАУ
Өтен Ахмет. Жолдаудың асты мен үсті...

12.10.2018 5389

Өтен Ахмет. Жолдаудың асты мен үсті

Өтен Ахмет. Жолдаудың асты мен үсті - adebiportal.kz

Кезекті жолдау. Өзгешелеу. Несімен? Ашық, айқын және ащылығымен. Иә, ащылығымен. Әлемдегі талас-тартыс, кейде қару күшімен, көбіне саяси амалдармен әлсіздерді өз ықпалына тәуелді ету, әлсіздің табиғи ресурстарын, адам күшін сөлкебай төлеген боп тегін де еркін пайдалану арқылы үстемдікке ұмтылу ешқашан толастаған емес, толастамайды да. Осы орайда төртінші технологиялық революция біреулер үшін енді ғана басталса, дамыған елдер оның ішіне ендеп кіріп те кетті. Ал қаншама елдер мен халықтар одан әлі мүлде хабарсыз. Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында біз қазір өркениет көшінің шаңын жұтып артта қалған ел емеспіз. Егемендіктің алғашқы күнінен дамыған елдердің үздік оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасымен білімге құштар талапты жастарды оқытып алып жатқанымыз, инновация, жаңа технология жөнінде арнайы министрлік құрылып жұмыс істеуі төртінші технологиялық революцияның есігін батыл ашып, ішінде еркін жүруді алдын-ала қамтамасыз етудің қамы болатын. Нәтиже бар. Қомақты. Ол жайында Президент Жолдауында нақты цифрлармен жақсы айтылған. Өз басым бәрімізге аян деректерге емес, Жолдаудағы «әрбір мемлекеттік орган, мемлекеттік компания басшысы жұмыс тәсілін өзгерту керек», «лауазымды тұлғалардың қызметтегі жеке тиімділігін арттыру керек» деген тезистерге айрықша мән бердім. Және мұны ащы айтылған тапсырма деп түсіндім. Әлемге аян, жер асты, жер үсті байлықтарымыз ұшан-теңіз. Оны игілікке жарату ләзім. Мүмкіндігінше өз күшімізбен. Өз күшіміз жетпесе ше? Бір-бірінің экономикасын дамытуға бағытталған мемлекетаралық қарым-қатынастарда өмірлік тәжірибеден өткен небір тамаша әдіс-амалдар баршылық және ондай шарттар жасалған. Өкінішке қарай, қаржылық ресурстар, басқа да мүмкіндіктер бола тұрып, қайсыбір жоспар шала орындалып, кейбірі тіпті орындалмай қалып жататыны да шындық қой. Соларды бұрынғыдай біліктілік пен тәжірибенің кемдігінен көріп, кешіріммен қараудың уақыты өтті. Қай министрлікті, қай саланы алмаңыз, жылда миллиардтаған теңге қаржы игерілмей қалады. Жоспарланған, бірақ орындалмаған шаруа қоғам дамуының қарқынын тежеу, адамдардың тұрмыс тіршілігін ауырлату деген сөз. Ал алға қойылған мақсат – дамыған алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу. Қолда бәрі бола тұрып, не кедергі? Жұмыс тәсіліндегі заманауи озық үрдістерден қала бастаған ескі әдіс пен лауазымды тұлғалар біліктілігінің кемдігі екен, Елбасы міне, осыны қадап көрсетті. Бұдан артық ащы айтылуы мүмкін де емес шығар. Бұл, менің өз түсінігімде, Жолдаудың асты, табан тасы.

Енді үстіне келсек, әлбетте адамдардың жұмыс табуы, қандай жұмысты немесе қызметті атқара алатыны алған білімінің сапасына байланысты болатыны белгілі. 28 мың төменгі жалақымен миллиондаған адам еңбек етіп жүрсе, сөз жоқ, олардың көбінде бүгінгі рынок талабына сай білім де, білік те жоқ болғаны. Осылайша күнін зорға көріп жүрген адам балаларының сапалы білім алуы үшін не істей алады? Түк те. Жаңа Жолдаудағы Елбасының ащы айтқан сөзінің бір сарасы осы. Яғни қатаң ескерту.

Алдағы үш жылда көлеңкелі экономиканың көлемін 40 пайызға қысқарту тапсырылған. Аржағында әлі 60 пайыз. Бұ пәледен түбегейлі құтылу үшін әлі қанша жыл күресу керек, ойлаудың өзі ауыр. Ал көлеңкелі экономикамен айналысатындар, сөздің тура мағнасында, нағыз шеберлер. Олар да қарап отырмасы анық. Жетіле түсуге тырысады. Соның айқын бір көрінісі тауар, қызмет, баға нарығындағы монополистердің өктемдене түсуі. Керісінше, шағын, орта бизнестің қарызға батып, одан шыға алмай қашып-пысып кетуі, өрісінің тарылуы, үміттерінің үзілуі. Шиеленіскен ауыр түйін. Осыған байланысты Жолдауда қиындыққа ұшырағандарға кешірім беру, заңмен қысуды доғару туралы міндет қойылған. Тағы да ащы. Бұлтаруға жол жоқ.

Қоғам жарасы жазушыларға алдымен батады дейміз. Олай болса, ақындар, жазушылар, театрлар да Жолдауда көрсетілген қоғам, мемлекет алдындағы міндеттерден тыс қала алмаса керек-ті. Ендеше, пәленнің анау елде кітабы шықты, түгеннің мына елдің журналында өлеңі басылды деген әлаулаймен семіре бермей, туған еліміздің бүгінгі тынысы мен болмысына қарай бет бұрғанымыз жөн шығар. Яғни жақсыны жақсыдай, кемшіліктерді оқырманды, көрерменді ойландыра алатындай етіп, Жолдаудан үлгі алып батыл айтып, жаза білсек дегенім ғой.

Өтен Ахмет,

жазушы-драматург, көсемсөзші


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар