Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өнегелі ғұмыр иесі - Орал Арғынбеков...

27.03.2023 2355

Өнегелі ғұмыр иесі - Орал Арғынбеков

Өнегелі ғұмыр иесі - Орал Арғынбеков - adebiportal.kz

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген дана Абай сөзіндегідей танымсыз адал еңбегімен ұлылар рухына ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткері, Абай және Мақаншы аудандарының құрметті азаматы Орал Арғынбековтің туғанына 80 жыл толды. Ол – елім деп өмір сүрген тұлғалардың бірі болды. Бүгінде артынан өшпес із қалдырған Орал Арғынбеков мырзаның Жидебайдағы Абай-Шәкірім кесенесін тұрғызу ісіне белсене араласқаны, Бөрілідегі М.Әуезов дүниеге келген қыстау үйін қайта тұрғызып, Құнанбай қажы зиратын таспен қалатып, Ырғызбай ұрпақтарын қайта жерлеуін ұйымдастыруы, Шәкәрімнің денесі тасталған құрқұдықтың басына белгі қоюды ұйымдастыруы сынды әр еңбегі – бір төбе. 

Орал Арғынбеков 1943 жылы 13 наурызда Абай ауданы Архат ауылында туған. 1964 жылы Семей облысы Бородулиха ауданы Новопокровка ауылындағы ауыл шаруашылық техникумын, 1970 жылы Семей қаласы Зоотехника және мал дәрігерлік институтын бітірген, 1986-1989 жылдары аралығында Алматы қаласы Жоғары партия мектебінде оқыған. Саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнаған қайраткер Семей облысы Абай ауданы Архат ауылы №2 ферма меңгерушісі, Абай ауданы Архат ауылының бас зоотехнигі, М. Әуезов атындағы кеңшарда кеңшар директоры, Абай ауданы партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы, Семей облысы Мақаншы ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, Абай ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, Семей облысы, кейіннен Семей Қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

Орал Арғынбеков Қазақстан Республикасы Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақстан Компартиясы XIV съезінің, бірнеше рет Семей облыстық Атқару комитеті кеңесінің депутаты болып сайланған. 1977 жылы М.Әуезов кеңшарында жазушының 80 жылдығын туған жерінде өз деңгейінде атап өткен. Ол уақытта М. Әуезовтің дүниеге келген Бөрілідегі қыстауының тек орны ғана қалған екен. О.Арғынбеков ол үйді көздері көрген ақсақалдарды жинап, үйдің сызбасын негізге ала отырып, Әуез, Омархандар заманындағы үйдің ішкі-сыртқы қалпын сақтай отырып, қалпына келтірген. Көлемі 360 шаршы метрді құрайтын 10 бөлмелі үй небәрі екі жарым айда көтерілген. Осы орайда Абай облысы Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ.Сабырбайдың сөзімен айтсақ «О.Арғынбековтың ең басты еңбегі – Бөрлідегі М.Әуезов музейінің тарихи мазмұнда қалпына келуінің негізгі бастауы іспеттес», - дейді. Ол үйді 1987 жылға дейін кітапхана, медпункт ретінде пайдаланған. 1987 жылдың қыркүйек айында жазушының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында сол қыстау негізінде Бөрілі музейі ашылған. 

Жетпісінші жылдары Ақшоқыдағы Құнанбай қажының зиратын таспен қалатып, қайта тұрғызған. Қажы зиратының маңайына басқа өңірде жатқан Ырғызбай ұрпақтарының мүрделерін қайта жерлеу іс-шарасын ұйымдастырған. Бұл туралы О.Арғынбеков 2003 жылдың 4 сәуірінде «Ертіс өңірі» газетіне берген сұхбатында: «Шаруашылықты қабылдап алған соң көп ұзамай-ақ Ақшоқыға, қажы зиратына барып тәу еткен едім. Кешегі заманда қарадан шыққан хан атанған аға сұлтанның күтімсіз қалған қабірін көргенде денемді суық тер жауып кеткені рас»,- деген екен. Бұл күнде айтуға оңай болғанмен, кезінде «феодал, үстем тап өкілі» болған Құнанбай қажы ұрпақтарын құрметтеуге кез-келген басшының тәуекелге бара алмайтыны ақиқат. Мұхтар Әуезовтың атасы Әуез, Петерборда Абайдың жинағын тұңғыш рет шығартқан баласы Кәкітай, сүйікті ұлы Әбдірахман да сол қорымның ішінде жерленген.

О.Арғынбековтің табанды өткір болмысы Бақанастағы құрқұдықты табуға да септігін тигізген. Кезінде «халық жауы» деп атылып кеткен ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының денесі тасталған құрқұдықты тауып, басына белгі қою үшін ауыл қарттарынан арнайы комиссия құрады. Жергілікті Қабыш ақсақалдың сөздеріне сүйене отырып, сол жердегі оншақты құдықтың ішінен ақын сүйегі тасталған құдықты анықтайды. Қарауылдан бір автобус адам барып, құдық басына үш киіз үй тігіп, Құран оқытып, қатым түсіреді. Бұл оқиға жайында ақын, Халықаралық Жамбыл қорының лауреаты, қоғам қайраткері Төлеген Жанғалиев берген сұхбаттарының бірінде: «Негізгі еңбек Орал Арғынбековтікі, басқа ешкімдікі емес»,- деп бағасын берген. 

Мақаншы ауданында қазақтың дарабоз батыры Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдығына орай Республика дәрежесінде той өткізіп, батыр бабамыздың мазарын көтерген, 1990 жылы хакім Абайдың шәкірті Әсет Найманбайұлының музейін ашу істерін жүргізген. Мақаншыда қызмет еткен жылдары басқа салалармен бірге мәдениет саласына да көп көңіл бөлген. Аудан жастарынан құрылған «Інжу-Маржан» ән-би ансамблі республикалық, одақтық, халықаралық конкурстардың дипломанты атанып, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленді. Ауданда бірқатар әлеуметтік, экономикалық, мәдениет нысандары тұрғызылып, ауыл шаруашылығы қарқындап дамыған. О. Арғынбеков басшылық қызметінде әрқашан ұтымды озат әдістер енгізіп, жұмыста жаңашыл тәсілдерді қолданып отырған. Бақты кеден нысаны арқылы Қытай Халық Республикасымен сауда қарым-қатынастарын жаңарту нәтижесінде Қазақстан Республикасы қазынасына кірістер өскен. Бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының бөлімі, Әсет музейінде Мақаншы өңіріне еңбегі сіңген О.Арғынбековке арнайы бөлім ашылған, ол жерде өмірі мен қызметі туралы деректер топтастырылып жиналған. 2012 жылдың мамыр айында аудан орталығынан бір көшенің аты берілген. Бұл да елге еңбегі сіңген басшының жарқын бейнесін есте сақтау үшін істелген абзал іс. О. Арғынбековтің жеке бастамасымен Мамай батырдың 300, Тоқтамыс батырдың 280 жылдықтарына орай ақ тастан мазарларын тұрғызып, бабалар рухына бағыштап ас берген.  О. Арғынбеков – Семей қаласында батыр бабалар аттарына көшелер беру туралы шараның бастамашысы да болған.

Семей облысы Абай ауданы мен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Дадан Тобықты туыстармен бауырластықтың алтын көпірін салып, Қараменде бабамыздың мазарына ұлағатты сөз жазылған мәрмәр тастан ескерткіш те, Қарауылға кіре берістегі жайқалған жасыл желекті саябақ та О. Арғынбековтің бастамасы. 

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының шешімімен 1995 жыл ұлы ақын Абай жылы болып жарияланды. Ақынның 150 жылдық мерейтойының басы Еуропадан басталып, ақынның туған жері Абай елінде жалғасын тапты. Осындай өте маңызды, ауқымды тойды өткізу үшін арнайы құрылған Мемлекеттік комиссиясының мүшелерінің ішінде О. Арғынбеков те болды. Абай мен Шәкәрім кесенелерін қайта жөндеу мен тұрғызу ісіне белсене араласып, бабалар рухына, халықаралық дәрежедегі ел мүддесі мен беделі үшін қыруар еңбек еткен.

Облыстық, қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы қызметінде халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау жөніндегі жүйені жаңарту және жетілдіру істерінде де көп жетістіктерге қол жеткізген. Оның ішінде зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды дер кезінде беру, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың жағдайын жақсарту, атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй субсидияларымен қамтамасыз етуге ықпал етті. Нәтижесінде әлеуметтік жағдайы төмен 40 мың адам саны 28,8 мыңға дейін түскен. Әсіресе О.Арғынбековтің басшылығымен жұмыссыздық және кедейшілікпен күресудегі кешенді бағдарламасын орындау ісі нәтижелі болды. Басқарма әлеуметтік қорлар мен коммерциялық ұйымдармен бірлесе қызмет ете отырып, тек 2002 жылы 8,4 млн. теңге көлеміндегі қаржы жинады. О.Арғынбековтің жеке бастамасымен Семей қаласында тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды бейімдеу орталығы ашылды, 70 орындық болып ашылған орталықтан аз уақытта 370 адам қалыпты дұрыс өмірге оралып, кейбірі интернаттарға орналастырылды.

О.Арғынбеков қалада халықты әлеуметтік қорғау саласының басшысы ретінде жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен мүгедектерге қызмет көрсету жөніндегі аумақтық орталықтың қызметі мен өзара іс-қимылын үйлестіруді табысты түрде жүзеге асырды. Мүгедек балаларға үйде қызмет көрсету жөніндегі қалалық орталықты ашу бойынша дайындық жұмыстарын белсенді жүргізді. Ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі бола отырып, қаланың ардагерлер ұйымдарының әртүрлі мәселелерін шешуде тұрақты түрде қолдау көрсетіп отырды.

Айналасы 41 жылда тарихтан өз орнын айшықтаған, бүгінде есімі елге мәлім Орал Арғынбеков бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған. Саналы әрі белсенді өмірінде кеңестік жүйедегі Қазақстан мен егеменді Қазақстанға да ерен еңбек еткен жан. 1966 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес «Ерен еңбегі үшін медалі», 1970 жылы  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «В.И.Лениннің туғанына 100 толуына байланысты берілген медаль», 1974 жылы КСРО Министрлер Кеңесі Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті бекіткен «1973 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы белгісімен», 1976 жылы КСРО Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінің Бас комитетінің «КСРО Халық шаруашылығындағы жеткен жетістіктері үшін медалі», 1985 жылы КСРО Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінің Бас комитетінің «КСРО халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін күміс медалі» және көптеген мадақ грамоталар мен алғыс хаттармен еңбегі еленген.

Ұлыларды ұлықтаған, заманында қатарынан оза туған, халықтың құрметіне бөленген асыл азамат 61 жасқа қараған шағында 2004 жылы 30 тамызда дүниеден өтті.

Шағын ғұмырында еліне ауыз толтырып айтатындай кесек-кесек дүниелерді атқарған, артына өлмейтұғын іс пен ұлағат қалдырған қайраткер, бірегей тұлға Орал Арғынбековтің еңбегінің бағасын болашақ пен жетелі ұрпақ бермек. Әке жолын қуған саналы ұрпағы бүгінде игі істердің басы қасында жүріп, халық алғысына бөленіп жүрген азаматтар. 

 

Арай Талғатқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік 

музей қорығының жоғары дәрежелі маманы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар