Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өндіре жазып жүрген әйел жазушылар...

05.11.2023 2077

Өндіре жазып жүрген әйел жазушылар 12+

Өндіре жазып жүрген әйел жазушылар - adebiportal.kz

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Пірәлі Гүлзия Жайлауқызына әдеби үдеріске қатысты сұрақтарымызды қойған едік. 

Бүгінгі әдебиеттің басты ерекшелігі неде?

Бүгінгі әдебиеттің басты ерекшелігі, меніңше, қазіргі уақыттың рухани талабына сай күрделі мәселеге бағышталған бүкпе сырлары мол, биік интеллектуалды оқырманға арналған, барынша мағына-мазмұны терең, бірақ шағын мәтінді танымды туындыларға деген ұмтылыстан көрінеді. Ол қандай жанрда жазылған шығарма болсын – тура бүгін, қазіргі кезде жазылған, бүгіннің мәселесін көтерген, бізді бейнелеген кітап болуымен ерекшеленеді. Ертең ол өз оқырманын жоғалтып алуы мүмкін. Ол контекст, мәтінде  кешегі кеңестік кезеңдегі секілді сюжет қуып, идея айту, белгілі бір идеологиялық, ағартушылық, насихаттық, өсиет өрісіндегі өресі тар дүниелер жазу мен оларды оқырманға оқыту үлкен олқылық екендігін ел де, қаламгерлер де түсінді. Қаржы мен қазіргі қат дүние – уақытты сарп ететін ондай кітапты ересек түгілі бала да оқығысы келмейді. Ал жазушы өз заманының көркем шежірешісі ретінде баяғы эпостарымыздағы батырлардың өсуі секілді күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп, өсіп, шаңына ілесе алмай отырған уақыттың шапшаң талабына өзінің жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесінің шашауын шығармай, дәуірдің диагнозын дәл әрі тап басып, оқырманның ойынан шығатындай шығарма жазуға тырысады. Өйткені, мәтін мағынасы қаламгердің қалауы мен талғамынан гөрі оқырманның алар әсерін көп ескеру талабымен ерекшелінеді. Кітаптағы күрделі контекст оқырманның білімін, тәжірибесін, талғамын сынайды. 

Әрі әзірейілдей болып әлемді жасанды интеллект, роботтар жайлап барады. Бұл өте қауіпті әрі қасіретті жағдай деп ойлаймын. Адамзат баласы ертең ойланудан қалған соң, бәрін ол үшін ойлап, жазып, оқып, жұмыстарын атқарып жатқан темір адамнан не айырмашылығы болмақ? Бүкіл тірлігімізді оған ысырып біз не істейміз деген сауалымызға бүгінгі жастар тек шығармашылықпен айналысасыз дейді, сонда елдің бәрі тумысында талант, титтей талпыныс болмаса да творчествомен айналаса ала ма? Ғылым, техника, әлемдік өркениет өсуі тиіс шығар, бірақ адамзаттың ақыл-ойына, күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі қарапайым қимыл-қозғалысына қиянат жасалмауы керек деп ойлаймын. Ертеңгі, бүгінгі жастарға осының бәрі тың тақырыптар, жаңа робот кейіпкерлер әкелері сөзсіз. Мүмкін біздің рухани талабымыз ескірген болар, кім біледі...

Бүгінгі әдебиет, жалпы қоғамдық сана, сонымен де соны, сонысымен де жаңа, сонысымен де ерекше болар... Бәріне уақыт төреші...

Әдебиеттің қай жанры танымал?

Қазір тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы әлемдік рухани кеңістікте шағын жанрлардың (әңгіме, эссе, новелла, т.б) шамшырағы жанып тұр. Өйткені, жоғарыда тоқталғанымыздай уақыт пен талап өзгерді, рухани зәрулік заманауи қағидаларға, қажеттіліктерге мәжбүр. Бүгінгі әлемдік әдеби үдерісті үнемі қадағалап, тамырын тап басып отыратын ізденімпаз қаламгер постмодерндік заманның гуманитарлық ой ағымындағы шағын мәтін арқылы бүкіл адамзаттық құндылықтарды оймақтай оймен беруге тырысады. Бұл  жақсы нышан болуымен қатар қазақтың кеңінен пішіліп, молынан көсілетін көркем сөз өнерінің өрісін тарылтып бара ма деген күдік пен күмән көңілді алаңдатады. Онсыз да уақыт тапшылығынан көңіл сергітіп, ой байытатын көлемді кітап оқудан қалып бара жатқан, күн-түн демей әлеуметтік желіге жегілген жастардың әдеби сөздік қоры да әлсіреп, тап-тұйнақтай тақ-тұққа тұсалып, тілі шұбарланып, санасы сіресіп, бір сөзден, бір сөйлемнен құралған мәтіндерге маталып, әдеби, рухани кеңістікте еркіндікті сезіне алмайтын сияқты.

- Қандай кітаптар адамның ой-өрісін дамытады?

Қай кезеңде де адамзаттың ақыл-ойына күрмеуі қиын күрделі тақырыптарға арналған классикалық кітаптар оқырманның ой-өрісін дамытуға дәнекер болып келген және солай бола береді де. Көркем мәтін бар жерде аналитикалық ойлау жүйесі орын алады. Оқудың өзі ойлау емес пе? Неге ғасырлар бойы ғибратын жоймай, жылдар өткен сайын өзектілігін танытып, күнделікті қолданысымыздан түспей жүрген біздің би-шешендеріміздің көсем сөздері, шешендік өнерлері, жадымызды жаңғыртып, жанымызды жадырататын жырауларымыздың толғаулары рухани қажеттіліктен түспей келеді? Неге әлемдік әдебиеттің небір классикалық жауһарлары руханияттың да, экономиканың да (тиражы көбейіп, сатылымы артып отырғаны) өсуіне үлкен үлес қосып отыр дейсіз? Өйткені әр елде, әр кезеңде, әр ұрпақта оларға деген сұраныс көп. Қазақ прозасының көшбасшылары Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов туындылары күн өткен сайын ескіріп, ескерусіз қалған жоқ, керісінше күн өткен сайын қап түбіндегі алмас қылыштай, қазақтың бүкіл асыл сөзін, ұлттық сөз өнерінің құнарын танығысы келген жастар үшін ең құнды мәтін міндетін атқаруда. Неге Ф.Достоевскийдің шығармаларын әлем халықтары әлі күнге дейін қолдарынан тастамай бірнеше зерттеулерге, талдауларға арқау етіп келеді? Мәселен, әлемді өзінің өркениетімен таңғалдырып отырған Жапонияның өзінде орыс әдебиетінің өкілі Достоевскийдің туындыларын түгін қалдырмай талдап, түсіндіретін, зерттейтін ең ірі ғылыми зерттеу орталығы бар. Себебі, ол туындылар адамзаттың ақыл-ойын өсіретін құдіреті бар, киесі бар киелі көркем сөздер, мағынасы мәні терең мәңгілік мәтіндер, құдды қасиетті Құранның жұмбағы көп, тылсым сыры мол, бүкпе бүркемелі ойлары сынды орасан құнды дүниелер.

Кітап – бүкіл адамзаттың ақыл айтар кеңесшісі, кемеңгер досы, қысылғанда қол ұшын берер жанашыры. Тек рухани құндылығы мол күрделі кітаптарды оқуға еңбек пен бейнетке белшеден бата білер төзім керек. Талап қылған жасқа, жазушыға ақыл-көмек, кеңес беруге кітап сөрелерінде сіресіп тұрған Абай, Пушкин, т.б классиктердің еңбектері әрқашан әзір  емес пе?

Қазақ әдебиетіндегі өндіріп жазып жүрген әйелдерден кімді атар едіңіз?

Соңғы жылдары кітаптары да көп шығып, шетел тілдеріне де көп тәржімаланып, әдебиет әлемінде белсенді еңбек етіп жүрген жазушы Сәуле Досжан. Ол кеше ғана еліміздегі ең құрметті марапаты – «Парасат» орденінің иегері атанды. Бұл, әрине, оның қазақтың көркем прозасында ұзақ та жүйелі жүргізген жұмысының жемісі деп ойлаймын. Сәуле Досжан қазақ прозасына Семей қасіретін, балалары мен ерлері шеккен шер, азап-мұңын ана жүрегі мен әйел тағдыры арқылы мейлінше нанымды әрі шебер жеткізген шығармасымен танылған талант иесі.

Әрі десе ол өз заманының рухани қажеттілігін тез байқап, жылдам жазатын жазушы. Оған қаламгердің «Ауылдан шыққан миллионер» деген бүгінгі әрбір баланың арман мақсаты болған қиялға құрылған дүниесі дәлел. 

Сонан соң осы балалар әдебиетіне белсенді түрде араласып, ХХІ ғасыр жасөспірімдерінің биік интеллектуалдық ойын көрсетіп, күрделі тақырыптарға жиі жүгініп жүрген - Ділдәр Мамырбай. Оның әңгімелері бүгінгі әлеуметтік желіде жиі жарияланып жүреді.

Қазіргі әдебиетте әйел тақырыбы өзекті ме?

Неге болмасқа? Ана құдіретінің қадірі мен қасиеті мынау жалған дүниеде ешбір құндылықпен таразыланбайтыны анық ақиқат емес пе? Ал егерде әлемдік әдебиет тарихындағы әйел туралы шығармаларды алып тастасақ – бос орындар, ақтаңдақ көп болары сөзсіз. 

Сондықтан да «Ұл туса – ұрпағым өседі, қыз туса – ұлтым өседі», - деген дана халқымыздың ұлағатты сөзін ескерсек, өмірде де, өнерде де әйел тақырыбы әсемдік пен әдеміліктің, көрегенділік пен көркемдіктің, береке-бірліктің символы. Біріміздің – анамыз, апамыз, қарындасымыз болған әйелге бас имесек, біз алға қарай аяқ баспасымыз анық.

Ана-Әйел құдіреті, олардың образы қай кезеңде де, қай жанрда да жарқырап жанды бейнесімен жазылады да, өрнектеледі де, сондықтан да өзекті де деп ойлаймын. М.Әуезовтің бір ғана «Абай жолында» 100-ден аса әйел кейіпкер бар. Сондағы ар-ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірімге толы – Зере әжелердің үлгісі, сабырлы ақыл иесі – Ұлжан аналардың үлгісі болып біздің ұлтымыздың ұлылығын танытады емес пе? 

Ал ондай үлгі-өнеге болған, мәңгілік муза болған әйел образдары қазақта тапшы ма? Жоқ, әрине, оларды санамаласақ тіпті көп, оқырманның өзі оларды жақсы біледі.

Тек бүгінгі кейбір қаламгерлердің тәуелсіздік алған тұста рухани тәуелсіздік дегенді теріс түсініп, әйел балаларының әлсіз тұстарын әсірелеп, санаторий хикаяларына жиі саяхаттап кеткендері, жеңіл жүрістегі аздаған азғындықты үлкен тақырыпқа айналдырып, дәуірдің даулы мәселесіне айналдырып жібергені өкінішті. Жасыратыны жоқ ондай олқылықтар баршылық, алайда оның астарындағы бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі, қыз балаға деген қамқорлықтың жоқтығы, әйелдерге деген зорлық-зомбылықтың көбейген заманның зары зерттеле бермейді. Бұл бір ғана қызға емес, жалпы қазаққа, оның өмірге әкелер ұрпағына, бір сөзбен айтқанда ұлтқа жасалып жатқан қиянат екендігін түсіндіруге енжарлық танытып келеміз. Сол сұрқия саясатқа себепші болған салдар неге сөз болмайды? Әйелдерді, өмірге көзін жаңа ашқан балапандарға, тіпті өзінің өзегін жарып шыққан туған қыздарына қол салған әкелерге қандай жаза да ауыр емес. Ол қызды қорлау емес, өз ұлтын қорлаудың ең сорақы түрі емес пе?  «Әйел қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені, әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді», -деген Бауыржан атамыздың даналық сөзін ер адам мықтап жадына сақтауы тиіс. Сондықтан да тек әдебиетте ғана емес, мемлекетіміздің барлық бағдар-бағытында әйел тақырыбы өзекті мәселе болуы міндетті. 

Қазіргі қазақ қаламгерлері әйел тақырыбы, тағдыры арқылы қоғамдық көңіл-күйді береді, олар өз замандастарының өмірін, неге алаңдайтынын, кешегі мен бүгінгі ұрпақ күйзелістерін көркем кескіндеуі керек. Қаймағы бұзылмаған, санасы құлданбаған, тарихи танымының мұрты бұзылмаған қазақ қоғамының бет алысы әйел затының тәрбиесі мен әдебіне байланысты және «қыз – ұлттың жаны» екендігін қалам ұстаған қауым барынша қаперде ұстаса екен деймін. Әйел тақырыбын көркемдік және эстетикалық талғамы жоғары шығармалары арқылы бүгінгі ұрпаққа еркектің де, әйелдің де, ұрпақтың да, ұлттың да тарайтын түбі – қыз екендігін ұғындыра түссе, қандай ұтымды болар еді деген ұсыныс та бар.

Осы ретте есіме бір факті оралып отыр. Егер біз үйдегі Әйел-Аналардың күнделікті еңбектерін шет елдіктердің есептеуімен бағалар болсақ, яғни оларға еңбек ақы төлесек, шаш етектен шығынға батады екенбіз.

«...Америкалық бір зерттеу бойынша, баламен үйде отырған ананың жасаған әрбір ісі және «демалыссыз жұмыс күндері» үшін еңбек ақысы бір айда 10 мың доллардан асады. Еңбек нарығын зерттеушілердің баламен отырған ананың күнде жұмсайтын физикалық және рухани күш-жігерін материалдық тұрғыдан қарастыру арқылы алған нәтижелелері таң қалдырды. Осы зерттеме бойынша бір ананың балаларына және күйеуіне қызмет ету үшін бір-бірінен асқан ауыр жауапкершілігінің әрбірі «еңбек нарығының шәкілі» бойынша еңбек ақы төленетін болса, қосымша сағаттарын қосып алғанда бір жылда 131 мың 471 доллар төлену керек екен. Яғни, мұғалім, еден жуушы, аспаз, менеджер, мейірбике, экономист, тіпті шофер сияқты жұмыстардың бәрін бір уақытта жасағаны үшін айына алатын айлығы өте жоғары. АҚШ-та еңбек төлемін зерттейтін salary.com сайты бойынша аналардың «жұмыс сағаттары» көбіне 24 сағатты құрайды екен. Зерттеудің авторы Билл Колмен аналардың жұмысы өте қымбат әрі құнды екенін айта келіп, еңбек ақысын төлеуді былай қойғанда, есептеудің өзі мүмкін емес дейді» (Кемел Мырзагелді, Темірбаева Қаламқас. Өнеге: -Астана,2010.-164 бет.23 бет,).  Олай болса Құранда: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы», - деген сөзіне бас ие отырып, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Әрбір әйел ананың бейнесі бүгінгі нарық заманындағы бағасы тіпті де тым жоғары екендігі ескеріліп, бейнеленсе де артық болмас еді. Иә, мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттікке бейім әйел болмысы әдебиетте әрдайым өз биігінен көрінсе нұр үстіне нұр.

Қазіргі қазақ поэзиясында «прогрессивтілік» байқала ма?

Тырнақша ішіне ілінген «прогрессивтілікті» қалай түсінуге болады? Меніңше қай заманда да ұлттың ақыл-ойы саналған қаламгерлер, ақын жазушылар әдетте елдің алдында жүріп, көсемсөзде де, көркем әдебиетте де көш бастауға талпынған. Әдебиет әдетте артта емес, үнемі алда жүруі тиіс. Қарапайым адам байқамайтын жаңалықты жаны сезіп, жүрегінен алғаш өткізіп, еліне жеткізетін де сол суреткерлер. Болмаса оның несі ұлттың ар-ұяты, ақыл-ойы болып саналуы тиіс? Ақын жазушының өзге елден ерекшелігі де, қаламгерлік қасиеті де – уақытты сезінуден басталса керек. Өйткені, ағылшынның іскер азаматы Герберт Ньютон Кэссон айтқандай: «Уақыт – өмірді жасайтын материал». Әр дәуірдің өз тақырыбы, заманауи талабы, міндет-мақсаты, өзекті мәселелері болады. Өткен мен бүгінгінің және болашақтың қосындысын құрайтын бүгінгі болмысты бейнелейтін қаламгер әрине «прогрессивтілікті», яғни өмірді жаңаша сезінуге, жырлауға, бейнелеуге бейім. Ал оны жаңаша жазу үшін әрине бұрынғы жаттанды ойлар, тозығы жеткен техникалық, көркемдік бейнелеу құралдарынан саналы түрде бас тартып, мүмкіндігінше, әркімнің өз біліміне, тәжірибесіне, талғамына сай жаңаша тәсілдік, түрлік, стильдік, жанрлық, композициялық ерекшеліктерді іздеуге, қолдануға тырысары табиғи заңдылық. Мәселен, мәңгілік мәтін болған махаббат тақырыбындағы үштік одақ бүгінгі ақындарда мүлдем басқаша бейнеленуі әбден мүмкін.

Атын атамасақ та, қазіргі ақындарда мұндай тың талпыныстар, көркемдік ізденістер баршылық. Бүгінгі жастар поэзиясындағы күрделі кестелер, екінің біріне алдыра бермейтін астарлы ойлар, дайындығы жоққа жұмбақ болып қала беретін түсініксіз тіркестер – сол «прогрессивтілікті» танытатындай. Бүгінгі әлемдік әдебиеттегі бай тәжірибелер мен ғаламтордағы кітапханалар, ашық сатылымдағы әдебиеттер, тіпті шығармашылық иелерімен тікелей қарым-қатынас арқылы кеңінен таныс, әдеби процестегі «прогрессивтілікті» жан-жақты меңгерген көркем сөз өнерінің өлшемін кешегі кеңестік кезеңдегідей шектемей – еркін ойлы, тәуелсіз санадағы таза көркемдік құндылықтар ретінде қарастыратын, ізденетін, жазатын ақындарда міндетті түрде жаңашылдық кездесетініне күмән келтіруге болмас. Кейбір ізденімпаз жастардың жазғандары таңдандырады, оқуға құлшындырады. Бүгінгі болмыс мәселесін философиялық тұрғыдан пайымдайтындар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл күрделі, кең мәселе, оны кеңейтіп айту үшін бүгінгі әдеби үрдісті, поэзиядағы жаңашылдықты кеңінен сезініп, көркем мәтіндерді оқырманға түсінікті етіп, герменевтикалық тұрғыдан талдау қажет деп ойлаймын.

Классик жазушылардың өмірі жайлы шығармалар маңызды ма?

Әрине, қолына қалам ұстаған әрбір жанға өзінің үлгі тұтар тұлғасының тағдыры мен шығармашылық тәжірибесі, өнегелі өмірі өте маңызды. Ол тіпті қарапайым әрбір оқырманды да қызықтырары хақ. Ондай ой алыптарының өмірі тек шығармашылық тұлғаларға ғана емес, әрбір ата-ана үшін де өз балаларына үлгі ретінде ұсынып, оқыту үшін де танымдық, тәрбиелік те мәні бар туындылар болып саналуы да сөзсіз.

Осы ретте бұрындары орыс әдебиетінде «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрген туындылар танымал болды және таралымы өте жоғары болды. Алайда соңғы жылдары ондай  туындылар бізде тапшы, жете бермейді.

Осы үлгідегі соңғы жылдары әл-Фараби Ұлттық унивеситеті баспасынан жарық көре бастаған «Өнегелі өмір», «Ғибратты ғұмыр» атты сериялы басылымдардың оқырмандары жылдан жылға көбейіп отырғаны жасырын емес. Өйткені, өмірлері өнегелі, ұлтқа, қазаққа, жалпы руханиятқа қызмет етудің үлкен үлгісін көрсететін жеке тарихи тұлғалардың ғылымдағы, өмірдегі, шығармашылықтағы тағдырлары мен өмірбаяндары, қаламгерлік және қайраткерлік ерліктері, бай тәжірибелері өзінің танымдық қасиеті тұрғысынан әрбір оқырманға ой салады, жақсылыққа үйретеді, еңбек етуге баулиды. Қазақтың қаймағы саналған зиялы қауым өкілдерінің өмірі қашанда жас ұрпаққа үзлік үлгі, өмірлік әрі өміршең өнеге.

Тынымсыз ар-ождан, ақыл-ойдың иесі болған, халық тағдыры үшін қабырғасы қайысып, құтыла алмайтын азап шеккен интеллигент, зиялы адам, қарымды қаламгер, атақты ақын жазушы өмірі сондықтан да әр ұрпақ үшін ұлағатты. Сондықтан да бүгінгі біздер үшін әрбір классик жазушыларымыздың өмірі туралы еңбектер, шығармалар қажет, бағалы, құнды. Әттең әлі де олар туралы әдебиеттер аз. Маңдайымызға біткен үлкен көрнекті суреткер, даңқты драматург, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов туралы «Өнегелі өмір» сериясымен 2017 жылы белгілі ғалым Ғ.М.Мұтановтың редакциялық басқаруымен «Қазақ университеті» баспасынан 375 бет көлемінде 500 ғана данамен кітап жарық көрді. Бұл бір бағалы бастама болғанымен осы жанрдың талабына сай келе бермейтіні өкінішті. Кітапта академик жазушының әр жылдардағы ғылыми-зерттеу мақалаларымен қатар сапар жазбалары, көркем шығармаларынан үзінді, мұрағат құжаттары, фотосуреттері, шәкірттері мен замандастарының ыстық лебізі, шетел қаламгерлерінің пікірі берілген. Ақиқатын айтсақ, бұл мәтіндердің бәрі бір ғасырдан астам уақыттағы мұхтартану саласында бірнеше рет жарияланым көрген, оқырманға жақсы таныс дүниелер. Енді 1933 жылы М.Горький негізін қалаған «Жизнь замечательных людей» атты сериямен жарық көрген М.Әуезовпен теңдес шығармашылық тұлға, орыстың даңқты Ф.Достоевкийдің шығармашылқ өмірбаянына арналған, ең бастысы арнайы жазылған Юрий Селезневтің «Достоевский» (Москва «Молодая гвардия» баспасынан 1985 жылы 543 беттік 150 000 тиражбен жарық көрген) екінші басылымының мазмұнына мән берейікші: «Часть первая. Судьба человека», «Часть вторая. Житие великого грешника», «Часть третья. Жизнь и смерт Пророка..» деген ірі тараулардан тұратын көлемді де күрделі зерттеу еңбекті көргенде кеудеңді «қызғаныш» қысып, еріксіз тынысың тарылады. Бұл қызғаныш та емес шығар, қызығушылық, тәнтілік болар... Неге біздің ұлыларымыз туралы осындай арнайы зерттелген, жазылған көркем шығарма немесе танымды туындылар, ірі зерттеулер жазылмайды?  Неге біз ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге шеберміз. Біздің «Өнегелі өмір» сериясы сынды кітаптар баспадан бір жылда бірнешесі және небәрі 500 тиражбен жарық көруі нені көрсетеді? Бұл еңбектер жалпы оқырман үшін емес, тіпті халық, ұлт үшін де емес, жәй ғана ақпарат үшін, белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін жарияланып жатқан сияқты көрінеді, қателессем алдын ала кешірім өтінем. Бірақ жоқтан бар, осы серия арқылы біз өзіміздің тарихи, шығаршылық тұлғаларды бір түгендеп, жүйелеп те алған сияқтымыз. Мүмкін Ю.Селезневтің еңбегіндей күрделі еңбек келешекте жазылар, бәлкім... Ол үшін мемлекет тарапынан көмек, қаржы, ең бастысы көңіл бөлінуі тиіс.

Қазір дүниежүзінде аудиосериалдар танымал. Баяғының аудиопьесалары сияқты. Бізде бар ма? Автор шығармасын арнайы платформаларда дыбыстау. Мысалы, Ресейде осындай Storytel  және Bookmate деген платформалар жұмыс істейді.

Қазіргі әлеуметтік желі дамыған дәуірде мұндай жаңалықтардың тиімділігі орасан. Өйткені, метроларда, автобустарда, кезек күткен көпшілік орындарда немесе демалыста өзіңмен бірге бұрынғыдай кітаптар арқалап жүрмейсің, қалтаңдағы телефоннан кез келген классик орыс жазушыларының шығармаларын тыңдай аласың. Қазір ұлт руханиятында да жақсы талпыныстар жасалып жатыр. Байқағаным болмаса ашып оқып, тыңдап көрмеппін. Біз ескі дәстүрдегі оқырмандар болғандықтан кітапты қолмен ұстап оқуға бейімбіз ғой. Бұл бағыттағы бастамалар мен жаңалықтарды қолдаймын. Өйткені, бізде әлемдегі өркениетті елдерден көш ілгері кетпесек, қалыспауымыз қажет қой. Әсіресе, Абайдың, Міржақыптың, Мағжанның, Ілиястың, Мұхтар Әуезовтің, Жүсіпбек Аймауытовтың көркем прозалары, өзге де классиктеріміздің туындылары аудио платформаларда дыбысталып жатса, әрине бүгінгі жастарға өте құнды дүниелер болар еді. Интернеттен өзге қажетсіз дүние көргенше өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды танытатын туындыларды тыңдап, көргені үлкен рухани олжа емес пе? 

ХХ ғасыр әдебиетіндегі басты кейіпкерлер мен ХХІ ғасырдың кейіпкерлері арасында параллелизм жүргізе аласыз ба?

Бұл бір арнайы қарастырылатын мәселе екен. Бүгінгі әңгімеміз көбіне әйел тақырыбына ойысып отырғандықтан, осы орайда ойға оралғаны мәселен, ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының көшбасшысы болған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» романындағы байдың қызы болса да, орыс офицерінің ойламаған жерден мазағына айналған жасөспірім қыздың әйел табиғатына тән бүкіл болмысын аша отырып, сол бір сәтсіз оқиғадағы қарама-қайшы қаракеттерді, ой мен санасындағы сәт сайын құбылып отырған қақтығыстарды, арлы қыздың абыройсыз халге түсе тұра өзінің адами қасиетін, табиғи тазалығын сақтап қалудағы психологиялық ішкі иірімдердегі сезімдерді қаншалықты көркем, шебер бейнелеу арқылы ақырында Ақбілекті өз ары алдында ақтап алуы керемет дүние емес пе? Ұлттық сөз өнерінде өзіндік өрнегі бар, проза болса да құйылып тұрған жыр кестесіндей көркем дүниеде нанымсыз бір оқиға, сенімсіз көңілге күдік тудыратын сөз, сюжет бар ма? Ақбілектің саналы түрде емес, ықтиярсыз, өз еркінен тыс болған тағдыр тәлкегіне жығылып, жүнжіп, тозып кетпей жаңа өмірдің ағысына ілесіп, сауатын ашып, еліне жүзі жарқын болып, ата-анасының алдында абыройлы, елге сыйлы ері бар, ары тазарған, жаны жаңарған қыз болып оралуын Жүсіпбектей шебер бейнелеу, сірә, сирек кездесетін қаламгерлік қасиет болса керек.

Ал осындай тағдырлы қазақ қыздары қазір аз ба? Өзге ұлт өкілдері мен өзіміздің де өресіз жігіттеріміздің қанды шеңгеліне ілініп, шерменде болып немесе терезеден құлап шейіт болып, бірі мүгедек болып жатқандар аз ба? Олардың тағдырларына араша түсіп жатқан, соларды жазып, жаманнан жирендіріп жатқан жазушыларымызда Жүсіпбектің шеберлігіндей, ақыл парасатындай пиғыл бар ма? Қазіргі шығармалардың кейіпкері болып отырған аяулы қыздарымыз бүгінгідей білімді, жан-жақты сауатты бола тұра неге өз өмірлері үшін күресе алмайды? Жеңіл жүріске неге бейім? Неге біздің жастар сондай зорлық-зомбылық, түрлі тағдырдың талқысына түссе, кеш болса да есін жиып, ел қатарына қосылып, өз еңбектерімен биік дәрежелерге жеткен шетелдік бестселлердің кейіпкерлері мен авторларындай болмайды? Ал ондай өмірден ойып аларлық кейіпкерлер жетерлік. Әлем жастары жапа тармағай оқитын көп таралымды кітаптарды неге қазақ қаламгерлері жазбайды? Бізде әлі де қасаң қағидадан, белгілі бір шеңберден шықпайтын шектеулі психологиядан арыла алмаушылықтың бары алаңдатады.

-  Әдебиет саясатқа қызмет ете ме, саясат әдебиетке қызмет ете ме?

Кешегі кеңестік кезеңде әдебиет саясатқа, кеңестік идеологияға қызмет еткені аян. Негізі саясат, мемлекет халыққа, әдебиетке, рухани құндылықтарға қызмет етуі тиіс. Ұлттық сөз өнеріміздегі көнеден келе жатқан барлық жанрдағы әдеби мұраларымыздың бәрі де (ертегі, аңыз әңгіме, батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, шешендік сөздер, жыраулар толғаулары, т.б) еш идеологияға бағынбай, бір ғана мақсатқа – қазақтың санасына сәуле түсіруге, көкірек көзін ашуға, тарихын тануға, жас ұрпаққа тәрбие, тағлым беруге қызмет етті. Қазір де, келешекте де солар құнды болары сөзсіз. Кешегі кеңестік кезеңдегі идеологиямен қаруланған, соған қалтқысыз қызмет еткен қаламгерлеріміздің аттары қазір тарихта тізімге ілінбей де қалды. Абай секілді тек қазағының қайғы-қасіретін, мұңы-шерін шертіп, ой тастаған ойлы ақындар мен М.Әуезов сынды тек көркем сөздің құндылығын қасиет тұтып, сөз өнерінің қағидасына құлаған қаламгерлер ғана әдебиет тарихынан ойып тұрып орын алды. Сондықтан науқаншылық, бүгінгінің ғана емес, кешегі мен келешектің ғана көсегесін көркейтетін көркем сөздер, әдеби шығармалар ғана мәңгілік мәтіндер болып қалары күмәнсіз. 

Әңгімеңізге көп рақмет! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар