Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлеңге сүйеніп өлемін...

22.04.2021 617

Өлеңге сүйеніп өлемін...

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Алаш» сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлы 77-жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол қазақ әдебиетіндегі санаулы үздіктердің бірі еді. Әсіресе, оның азаматтық үні, ұлттық болмысы, өз заманының өрелі де келелі мәселелерін көтерген өлеңдері арнайы зерттеуді қажет етеді.

Ақынның әр жылдары: «Көкше құрақ», «Қос қанат», «Зейін», «Аспан даусы», «Нұрлы бояулар», «Жұлдызға орнын ай бермес», «Емендер түнде бүрлейді», «Бөрінің асығы», «Бұрылыс», «Құбылыс» атты жыр жинақтары жарық көрген.

Қазақ әдебиетінде туған жер тақырыбын ең көп жырлаған ақын. Жәркен арқылы Жәйір тауы, оны жайлаған қалың ел, ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жыланы, жыбырлаған жәндігі, тобылғы мен тораңғысы, шетен мен шиесі, тіпті тікеніне дейін әдебиеттен орын алды. «Атажұртқа барсаң арманым жоқ» деген әке өсиетімен шекараны кесіп өткен ақын талантына бар қазақты тәнті етті. Жәйірден жеткен шайыр сағыныштың отына өртенді. Ол әдебиетте ешкімді, тіпті өзін де қайталамаған ақын. Қашанда тосын ойлар, тың теңеулер, жаңа образбен өлең өлкесін байытып отырды. Өлмейтін өлең тудырды. Соңына үлкен мектеп қалыптастырды.

Сағынышты жырлаған екі ақын болса, бірі – Төлеген, бірі – Жәркен еді. Оның болмысы өзінің Жайыр тауындай апталап соғып, айлап толастап жататын. Ешқашан ұйқас қуып бірізділікке бармады. «Жер көгерді. Мен қашан кө­геремін, көгермей ішімде өлді көп өле­ңім» деп аласұрды. Үзіліп қалған жыраулық дәстүрдің үлгісін жалғады.


Тірісінде ақынның қатпар-қатпар шығармашылық әлемі жайлы Қабдеш Жұмаділов, Темірхан Медетбек, Несіпбек Айтұлы сынды қабырғалы қаламгерлер тебірене жазды. Жайдары мінезі, баладай аңғал пейілімен де ел ішінде құрметті болды.

«Жалғызсың» деп туып-өскен ел айтар,

Ел айтпаса гулдеген жел айтар.

Жел айтпаса өзен айтар, көл айтар.

Көзден кетсең орның дайын дегенді,

Жеті қабат жер айтар.

Жер айтпаса үңірейген көр айтар.

Айтар, айтар, бәрі айтар,

Жүрегімді жұлып жеп,

Көңілімді қарайтар...

«Ізденбегеннен із қалмайды» деп өзі айтқандай өмір бойы ізденіс жолында өткен ақынның соңында мәңгілік өшпес ізі қалды. Ақын қазасынан қайғы жұтқан қазақ еліне, қалың оқырманына көңіл айтамыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Жәркен Бөдеш
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар