Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Нұрлан Оразалин поэзиясының сыршыл әлемі...

07.04.2022 4012

Нұрлан Оразалин поэзиясының сыршыл әлемі 12+

Нұрлан Оразалин поэзиясының сыршыл әлемі - adebiportal.kz

Мақалада танымал ақын Нұрлан Оразалин поэзиясының сыршыл әлемі туралы тартымды талдау жасалған.

Көкейдегі көп айтарлық, көгеннен босаған қозыдай тұс-тұсқа жамырап, кемерінен асып-төгіліп, буырқанып жатқан ой-теңіздеріміздің толқып жағаға ұрғандай болып лықсыған кезеңдерде, өн бойымызды қуаныш-шаттық кернеп, мынау алмағайып ғұмырымызда тіршілік шіркін өзінің бар қыр-сырымен, жұмбағымен баладай алдандырып бірде ұмсындырып, бірде кері тежеп, жан-дүниеміз беймәлім мұңға, қайғыға, қуанышқа-шаттыққа толған кездері осы бір орасан сезім тасқынып, ой ағымынан пайда болған сансыз сауалдардың кілтің тапқың келеді. Жауабын іздейсің. Сонда қолыңа еріксіз жыр кітабы түседі.

Поэзия құдіреті шетсіз де шексіз ғой шіркін! Өмірдегі тартылыстар, арпалыстар, сезімдер, көңіл-күйдің мың сан иірімдері поэзияның сиқырлы музыкасы, сазы, әуені арқылы жан-жүрегімізге жетіп, тәтті әлдилемек. Жүректі бұлқытып, көңілді дүбірлетіп ой-қиялыңызды әлдебір әсемдік атты әлемге, көңілдің ой жеткісіз, көз жеткісіз шартарабына жетелейтіндей.

Дүниенің сан тарап қырларына ой жүгіртіп, өмір, заман, ғалам туралы бағамдап, іштегі сансыз сауалдар түйінін құпия түйсікпен аңдап, жыр құдіретінің көркемдік бітімі арқылы өзгеше бір сырға, ұғым-түсінікке жуықтайсың. Жыр табиғаты әсемдікті, сұлулықты қалайтыны ілкіден келе жатқан бәсенеден белгілі жәйт.

«Біз әңгімеге тілге тиек еткелі отырған белгілі ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің лирикалық туындылары арқылы ақынның қол тимеген жұмбақ аруындай, сұлулық дүниесі, әсемдік әлемі, сыршыл поэзиясы туралы сөз етпекпіз. Әрине бұл жерде біз ақынның барлық поэзиясы туралы сөз етеміз деген ұғым тумауы керек. «Поэзияның жаны мен жүрегі – лирика» [1] - деп ұлы сыншы Белинский айтпақшы біз де бұл жерде Нұрлан Оразалин поэзиясының жәзиралы көгілдір көкжиегіне, гүл жазиралы алабына оның осы лирикалық өлеңдері топтасқан жинағы арқылы сөз қозғамақпыз. Азаматтық, ақындық, қайраткерлік болмысы жайында көрнекті ақын Жанарбек Әшімжан төмендегідей пікір білдіріпті: «...Не бір белбелестерде, қия-жарда, беткейде, дауылды-жауынды кездерде, теріскей-күнгейлі аптапты ыстықтарда өмір кешсе де жүрегіндегі құсын ұшырып алған жоқ. Айтулы мінбелер де, беделді билік баспалдақтарында, өз ізін қалдырып келеді. Алайда, атқа қонған шығармашылық иелері үшін қасиетті қаламды қисайтпай ұстап жүрудің жауапкершілігі қаншалықты салмақты екенін бажайлай беріңіз. Бұл бағытта ақынның жалауы жоғары. Азаматтық пен қайраткерлігін ауа жайылдырмай ұстап қалған ақындық екенін қайтара айтқым келеді». [2] Ақынның ілкі сәттердегі өмір, қоғам, заман жайлы шалқар сезімдері, ой-толғаныстары, арманды тәтті мұңы, сәулелі қуанышы, ащы өксігі жетінші құрлықтың негізгі ой өзегіне, жібек тіліне айналған алтын арқау.

Табиғатында өлеңді адамдық бітімінен бөліп алып қарамайтын, өзімнің арым-ұятым, өмірімнің мақсұты мен мұраты деп ұғатын ақын:

Таразыла!

Арымды өлше менің.

(Мынау ұлы заманның бөлшегі едім)...

Жалқы тірлік кешетін жамандардай жалтақтамай

Жарқ етіп келшә, өлеңім, - дейді.

Осылайша тебіренген ақын мынау ғалам-дүниенің қайғысы мен шаттығына немкетті самарқау қарай алмайтындығын, оларға өзінің ортақтастығын былайша паш етеді:

... Мансап емес, сондықтан сөз қалап ем,

Боз ат боп өтейін боз даламен

Маған егер қалғаның рас болса,

Ғасыр болып кеудемде қозғал, Өлең!...

Ақын өлеңге ғасырдың үлкен жүгін арқалап отыр. Ғасыр болып қопарыл, буырқан, шиыршық ат, жұмыр жердің барша мұңы мен қайғысын арқала дейді.

Ақынның дүниеге деген жан дірілін, азаматтық арын, өмірге деген алғаусы көңіл-күйін осы жолдар қалайша тамаша беріп тұр.

Өнерде де, өлеңде де татуы жоқ, жылуы жоқ жылтырақ сұрқай дүниелерге жаны жылымайтын ақын өзінің өлеңдегі биік принципін, эстетикалық кредосын былай көрсетеді:

...Ар-ұятты арқа тұтып әманда,

Жүгірмедік жақсыға да жаманға.

Жаздық жырды кеудедегі отпенен,

Айналмадық «Өлең жасар» маманға.

Кеудесі от боп жанған ақынның жүрек сырына сенесіз. Отқа түспей, суға суғарылмай шала піскен, бырысып-тырысқан бір қайнауы ішінде жүрген шала жансар дүниелердің көбейіп кеткеніне сенесіз. Сенесіз де налисыз. Жүрек түкпіріміз оларға деген қыжылға талады. Ақын Нұрлан Оразалиннің өлеңдегі өз үнін, өз қолтаңбасын, өз ырғағын өлеңдерінде көркем бедерлеп, мөлдірете тізуі қызық құбылыс. Өзінің суреткерлік табиғатынан туындайтын сырын былайша жыр етеді:

...Кеудемізді шабыт қысып, жыр ыстық,

Өлең үшін! Өмір үшін – тұрыстық...

Ағаларша жазғанменен, бірақ та,

Ағаларға ұқсамауға тырыстық.

Ақын өлеңдерінің көпшілігінен парасатты талғам, сарабдал ой нышандары еседі. Ақынның айналаға, өмірге ойлы көзбен қарауы өлеңдерінің философиялық бітімін, сыр-сипатын арттырып тұр. Ақын өмір туралы ойланады, толғанады, күрсінеді. Ойсыз өткен күндерімен мен түндеріне налиды.

...Тіршілігің тағы арсыз.

Арсыз – мұңсыз, ойсыз қамсыз

Өтіп жатыр көп күнің,

Өтіп жатыр көп түнің...

Мына бір жолдардағы ақындық салыстырулардан жыраулардағы ой-толғамдарға жақындық, жуықтық сезіледі.

Шыт-шыт болған боз тақырға – су қайғы,

Қара ормандар жел соққанда шулайды.

Қара түнде қарсы келмей мұңменен

Жан сергітер жақсы жырлар тумайды...

Осы жинақтағы «Таныстыру» атты өлеңде лирикалық кейіпкер өзінің ұлына өзі өскен мекенге, туған үйінің бұрынғы орнын, жұртын бір әулеттің, аталарының ескі қорымын көрсетуі әсерлі шыққан. Бұл жердің әрбір сүйемі, мынау үй, мына ара менің бабаларымның туған жері, алтын қызығы, өскен діңгегі дейді. Қос күмбездің қасындағы төмпешікте менің атам, сенің бабаң жатыр деп ұлына:

Білем ... Білем ... Көкейіңде сұрау көп.

«Әкем неге сәл мұңайып тұра-ау» деп

Қиналма ұлым, тізе бүк,

Жатыр мұнда ту көтерген бір әулет, -

дегенде жүрегіңіз ерекше шым етіп, өн бойыңызға біртүрлі беймәлім ыстық сағыныш ағыны тарайды. Көкірекке лықсып келген, аяулы бейне көпке дейін көз алдыңнан сәулеленіп кетпей қояды.

Дүние-ғұмырда осындай ұл өсіріп, қыз өсіріп, елді ел еткен, жерді жер еткен болашақ ұрпақтары үшін қам жеп, солардың жолында шәһит болып кетуден тайсалмаған әкелер мен аталарға үнсіз тағзым етіп, аруыған бас игің келеді.

Көз алдымызда өрбіген ыстық сағым тұман арасынан көл-көлбек етіп осынау тұлғалар біріккен-соң бірі отіп жатқандай.

Колхоз құрған,

Егін салған,

Мал баққан,

Пішен шауып, өзендерді жалдатқан

Жатыр мұнда бір еңбекқор, майдангер,

Бірге қайтқан жеңіспенен солдаттан.

Ақын суреттеп отырған жәйт, кешегі еліміздің басына түскен үлкен зобалаң, алапат-нәубеттен сыр шертеді. Ортақ қайғы, ортақ қуаныш.

45-те...

Қайта оралып сау басы

(Сыңар аяқ – тыныштықтың сауғасы),

Думандатқан күллі сонда Бақағаш,

Думандатқан егіз тамның ауласы.

Бір Бақағаш емес, барша Бақағаштағы қуанышты көргендейміз. Думандатып жатқан жалғыз Бақағаш емес, барша ауыл, баршау ауылдағы егңз тамның ауласы іспетті.

Ақын Нұрлан Оразалин лирикалары мынау алмағайып, баянсыз , тұрлаусыз дүниенің сыр-сипатын, диалектикалық болмыс-бітімін, өксігі мен өкінішін, қайғысы мен мұңын, қуанышы мен шуағын, күлкісін сөз етеді. Базарлы шақтың қызуы туралы ақын өзінің өлеңдерінде былайша толғанады:

Өмір ылғи тәтті арман, шекер елес,

Өтер күндер,

Өтер әп,

Өтер елес...

«Абызсынып» кетті деп айыптама,

Өтетіні күндердің бекер емес.

Өмір – тылсымның әрбір бұлтарыс-қалтарыстарына сергек қарайтын сезімтал да нәзік ақын жаны уақыттың қиянтұрыс сәттерінде қалт жіберме дөп басады. Сол уақыт атты ұлы керуеннің басып өткен жолына қарайды. Сол жолдағы езуіне жымысқы күлкі үйірген әлдекімдердің ұлылардың бетіне күл шашқан сіту елестейді. Олардың әлі де арамызда бар екенін еске алған ақын, кеудеден үрей бұлты әлі айықпағанын, оның әлі қайта оралып соғатындығын ескертеді.

Уақыттың бүгінде жасы кеткен...

Бұрыл!

Қара!

Жолыңа басып өткен:

Ұлы Абайын сойылға жыққан жұрты,

Махамбеттің семсерде басы кеткен...

«Яголар» мен «жантықтардың» әлі де өмірде бар екендігі, талай сойқандық істерге әлі де баратындығы күмәнсіз екенін айтады ақын.

Иә, талай замандарда зұлымдықтың

«Жымиып кеп адалдықты сап атқанын»,

«Өсектерден өксіп-өксіп таң атқанын» бағамдаған, -

біз ақын өлеңінің мына бір жолдарын оқығанда тұла бойымыз түршігіп кетеді:

Пушкиндер мен Махамбеттер кеше өткен,

Ажал тапқан сатқындық пен өсектен.

Яголардың барып әлі ойласам,

Түн ішінде қарғып тұрам төсектен.

Ақынмен бірге бізде төсектен қарғып тұрғандай боламыз. Көкейімізге әлдебір қамырық ойлар ұялап, өн бойымыз шамырқанып жайсыз күй кешеміз. Осындайда Нұрлан ақынның ұлы Абайдың ақындарға қояр:

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар,

Кектеніп надан зұлымға

Шиыршық атар, толғанар, -

деген талап, үдесінен шығып жүргеніне риза боласыз. Жинақтағы көп өлеңдерде ақынның ішкі стихиясын, көркемдік қуаты мен күшін айғақтайтын айшықтар көп.

Ақын қаламынан ақ қағазға сорғалап түскен сурет-сезім, бейнелі, көркем оралымдар бедерлі өрнектер өмірдің өз бояуындай астасып кірігіп кеткен. Өмірдің өз деміндей, өз үніндей. Аумағаны сол тіпті жанды қимыл, құлпырған, ойнақылаған қозғалыс үстіндегі бейнелі суретке айналған.

Қыл қалам шеберінің әсем полотносындағы табиғаттың құлпырған бояуы да осында. Енді ақынға сөз берейік:

Қабағында қоңыр кеш Ай жасырар,

Жылқылы ауыл түтіні сайға асылар.

Жанақбайдың теріскей бөктерінде,

Таудың соқыр сыңсыған «тайгасы» бар.

Дүниеге көркемдік түйсікпен қарайтын ақын сансыз бояу, түрлі түстер арқылы шындықтың қат-қабат сырларын, жарқылын құбылта, ойната бейнелейді.

Қазан айы ... Қараша, қара суық,

Тау иығы, әппақ қар, дала суық;

Атасының қамшысын қалдырғандай,

Тауға кетіп барады бала суыт...

Қазан айы ... Қараша, қара суық...

Құбылысқа байланысты троптық ауыстырулар бейнелі суретке табиғаттық қанық бояуын арттыруға қызмет етіп тұр.

Мысалы:

Ал іргеде қарағайлы сай ұлып,

Қара суық томағасын қайырып,

Қою іңір қаусырып ап қолтықты,

Түн жауады қара аспаннан жайылып...

Сыршыл сурет, сезімді ойды әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бұған жинақтан көптеген мысалдар келтіруге болады. Бірақ, біз соның бір-екеуіне тоқталдық. Ақын өлеңдерінде ой образғ, образ ойға сезім суретке, сурет сезімге айналған:

Көктем . . .

Көктем . . .

Көк сағым боп бұлдырап,

Көңілімнің құлақ күйін мың бұрап,

Отыр тынып, тартылмастан бір күйіп,

Жаным менің

Мың жапырақ ... мың құрақ ...

немесе

Сағыныштың селі келіп жапырағы,

Алматының аспабы «ах» ұрады.

Көкше . . .

Жаңбыр . . .

Қол бұлғап неон шамы,

Жетім сезім, жерік үн шақырады . . .

Нұрлан Оразалин өлеңдердің ішкі дыбыс үйлесімі, ырғағы күшті де әсем. Бірінен соң бірі келетін үш сөз бір-бір тармақ жасап, өлең ырғағының сұлулығын арттырып тұр. Мысал келтіріп көрелік:

Үйеңкі ... Шырша ... Ояу бақ...

Отырмын жалғыз ой аулап.

Емхана ...

Балкон...

Тыныштық ...

Барады көкпен Ай аунап ...

Белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы ақын поэзиясы жайында: «Дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін ақынның жырларын толқымай оқу мүмкін емес», - деп атап көрсетеді.

Алматы ...

Көше ...

Айлы аспан ...

Аяңдап қана жай басқан

Сезімге мас боп екі жас

Аққудай көлге жайғасқан.

Белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы ақын поэзиясы жайында: «Дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін ақынның жырларын толқымай оқу мүмкін емес», - десе, ал әдебиеттанушы-ғалым, көрнекті сыншы Бақыт Кәрібаева ақын жырларындағы махаббат сезімдерін: «Махаббат құдіретін ардақ тұтқан ақын арзан сезімді жырлап арзандаған жоқ. Махаббат арқылы өмірді жырлады, махаббат жыры арқылы адамның жан құбылыстарына терең бойлап, сезім иірімдерінде мың бұралады, ғашық жандармен бірге махаббат теңізін кешті, ғашық жандармен бірге мұңға батты – әйтеуір оқырманын ойға батырып, сырға кенелтіріп қойды», - деп тұжырым жасайды [3,16].

Қорыта келгенде, ақын Нұрлан Оразалин өзінің әсем жырларымен оқырмен қауымды поэзияның сыршыл әлемімен сусындата отырып, эстетикалық мол ләззатқа бөлегенін бағамдаймыз. Алдағы уақытта да Нұрлан Оразалин ағамыздың оқырманы әсемдік әлемімен сусындататын шабытты жырлардың толастамауын тілей отырып, қалам қуатының өз бабында болуың күтеміз!

Әдебиеттер:

1. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. А., 1976

2. Әшімжан Ж. Ақсүйек жырдың айдыны: Н. Оразалиннің «Ғасырмен қоштасу» кітабы хақында // Қазақ әдебиеті. – 2002. – 22 қараша (N47). – 12б.

3. Кәрібаева Б. «Жүректі өртеп махаббат ұя салар...» [1997 ж. «Атамұра» басп. Жарыққа шыққан ақын Н. Оразалиннің «Құралайдың салқыны» атты кітабы туралы] // Заман-Қазақстан. 1998. – 4 желтоқсан (N50). – 9-16б.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар