Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Нұргүл Жұбатова. Егер сәтсіз ойнасам, кеудемде бір...

01.03.2024 1886

Нұргүл Жұбатова. Егер сәтсіз ойнасам, кеудемде бір кесек тас пайда болады...

Нұргүл Жұбатова. Егер сәтсіз ойнасам, кеудемде бір кесек тас пайда болады... - adebiportal.kz

Сахнада өзін – қанатын жайып еркін ұшқан құстай сезініп,  сомдайтын образдың жан қабатына ену арқылы басқаның болмысын қабылдап жаны түлейтін артистті көрермен де қапысыз таниды. Ол рольдің қандай еңбекпен келгенін көрермен ойлап та жатпайды, өйтуге міндетті де емес. Ал актер жаңа рольді қолға алғанда персонаждың өмірі туралы ойланып, кейіпкер неге бұлай деді, шешуші сәтте неге былай істеді деген ойлардың жауабын іздеп, тауып және түсініп,  оны шындыққа айналдыру үшін сахнаға дейінгі бар уақытын өз роліне дайындалумен өткізетінін өзі де байқамауы мүмкін. Бұл – актерден сырт пошымды ғана емес, ішкі жағынан да көп өзгерісті қажет ететін өте ауқымды еңбек (терең әрі ішкі қайшылығы бар кейіпкердің жан-дүниесі көрерменге әруақытта қызық). 

Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы драма театр артисі, 2017 жылы Македония мемлекетінде өткен «Стоби-2017» халықаралық театрлар фестивалінде Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымындағы рөлі үшін «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын жеңіп алған,  Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері  Нұргүл Жұбатовадан сахнадағы өмірі жайлы сұрап білген едік. 

– Нұргүл ханым, сіз осынша уақыт бойы бір театрда қызмет істеп келесіз. Білуімізше, актёрлік –  адамның өз ішінде кейде тебіреніп, кейде тасып, кейде тыныштық кешіп, бірақ ішкі диалогы тоқтамайтын шығармашылық жұмыс, десек те, кейде осы ұзақ процесс іш пыстырар бірсыдырғы көрініп кететін кезі жоқ па, әлде актёрлерде ондай болмай ма? Мысалы, баяғыдан бері қойылып келе жатқан спектакльдер, рольдер сізді  жалықтырмай ма?

Иә 30-жылдық тәжірибе бар. Театр алғаш ашылған күннен бастап, шымылдықтың ашылуын тағатсыздана күтумен келемін. Білесіз бе, тәжірибелі актёрдің  қоржынында санына адам таңғалатын рольдер болады. Ол – шартты нәрсе. Бірақ, бәрін бірдей еңсердім, бәрін бірдей шегіне жеткізіп сомдадым деу мүмкін емес. Сондықтан, кішкентай ролің болса да жыл өткен сайын оны басқа жағынан ашу, роліңнің өзіңмен бірге жан-жақтыланып, дер кезінде ашылмай қалған жақтарының толығуы сенің актёр ретіндегі жетістігің. Сондықтан жалықтырмайды. Уақыт өткен сайын ол ролің әбден сіңеді бойыңа. Мысалы, жас кезімде сомдаған рольдерімді қазір сомдасам, жастық леп болмауы мүмкін, бірақ, мүлдем басқаша қырлары ашылар еді деген өкініш болады кейде.

 – Македонияда өткен «Стоби-2017» халықаралық театрлар фестивалінде Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымындағы рөлі үшін «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын жеңіп алдыңыз. Актерлік шеберлігіңізді дәлелдейтін жетістіктеріңіз аз емес, бірақ сіз өз театрыңыздан кетпедіңіз, басқа жоспарыңыз болған жоқ па?

  Уақыт өткен сайын өткен жолдарың, сол жылдардағы жетістіктерің алыстай береді. Бірақ, тау сияқты биіктей береді. Еуропада 16 мемлекет қатысқан аламан додада сенің театрың өзі бары төртеу-ақ жүлденің 3-еуін қанжығасына байлап келсе, қойылымнан кейін бүкіл зал актёрлік ансамбльге дүркірей қол соғып, келесі күні сол ансамбльді көшеден көрген көрермен танып, қошеметтесе, мен мұндай актёрлік құрамды басқа театрдан немесе басқа ортадан қалай табам? Бұл – менің театрым!

 – Тамаша! Жауабыңыз ұнады. Ал енді айтыңызшы, сіз өзіңізді қандай актёрдің типажына жатқызасыз, мысалы, «негізі ана рольді ойнағым келіп еді, бірақ маған мына рольді берді» деп ойлаған кезіңіз болды ма?

  Тағдыр деген бар. Сол театрмен байланысты тағдырымда маңдайыма жазылған, қанжығама бұйырған рольдерімді сомдап келемін. Барлық жанрда да қалыс қалмадым. Актриса болып Медеяны армандамадым, тіпті сол образды мүлдем қаламадым десем де болады, бірақ, сол роль мені Еуропаға апарды. Режиссёрдің таңдауы маған түскенде, рольді зерттеп-зерделеп, әр әйелдің бойында тұншығып жататын Медеяны шығардым. Сахна адамы үшін бұл да бақ. Біз дер кезінде сезінбейтін, уақытпен көрінетін бақ.

 –  Қай рольді алса да оған актердің табиғаты, психикасы, сезімі, бәрі қатысатыны белгілі. Өзіңіз ойнаған кейіпкердің мінезін жұқтыратын кезіңіз болды ма, яғни көзқарасыңызға, өмірді қабылдауыңызға қандай да бір әсерін тигізе ме?

  Жалпы сахнада бойыңдағы барлық мүмкіндікті көрсететін сәтті рольдер актрисаның бағы. Ал мінезін жұқтыру мәселесіне келсек, бәрі де болады. Сен де сол роліңмен бірге өсесің. Сол рольдегі жағымды мінездерді өзіңе, мінезіңе жұқтырасың. Ал өзге түгілі өзіңе ұнамайтын ит мінездерден арылу оңай емес. Ол енді санаңа салмақ.

–  Кейде спектакльде жан толқып, жүрек тебіреніп кетер сәт орнап, зал тып-тыныш болып қалады... немесе көрермен  дүр етіп орнынан тұрып кетіп қошемет білдіріп жатады, осы сәттің қайсысы сізге көбірек ұнайды?

  Әртүрлі. Кейде сөзің көрерменге жетіп жатса, дәл сол сәтте шапалақ соғылатынын сезесің әрі күтесің. Кейде сол қошемет артық болып, сенің сол сәттегі эмоцияңа кедергі келтіріп жатады.  Сондықтан, екеуін де ұнатам-ау...

 – Адам болғасын нешетүрлі жағдай болады, кейде көңіліңнің бұрауы  келмей тұрады, тұрмыстың түйткілдері де бар, актёр де жеке өмірі, уайымы, жүрегі бар адам, бірақ спектакльге шығарда көңіл-күйін өзгертіп, эмоционалдық  жағынан жинақталып үлгеріп, сахнаға шығуың, өзіңді жеңіп рольге кіру керек. Бұл күй таныс па сізге? Немесе спектакль жүріп жатқан кезде ойламаған бірдеңе болып, сөзді ұмытып қалып немесе партнер сөзін ұмытып қалып, аяқ астынан импровизация жасаған кезіңіз болды ма?

  Бірде «Мәңгілік елдің Алтын адамы» деген қойылымда сөзімді ұмытып қалып, жан-жағыма қараймын, массада кілең жастар. Біреуінен көмек жоқ. Көзіммен бәрін сүзіп, көмек күтіп тұрмын. Мен тесіліп қараған сайын әлгілердің түрлерінен: «біз бірдеңе бүлдіріп қойдық па?» деген жазу оқимын. Менің емес, олардың халі мүшкіл болып тұр. Сәл тұрсам күліп қоюым мүмкін. Ал, сөз есіме түспейді. Және Иран Ғайыптың кесек-кесек ақ өлеңі ғой. «Ай, енді қайдан шықса, одан шықсын» деп, өзім сөз ойлап тауып алып, әлгі сахнадан арқамнан құйылған терге малшынып шықтым ғой, әйтеуір. Тағы бірде «Кентавр мен қыз» қойылымы болып жатыр. Серіктесім сөзін ұмытып тұр. Сахнада екеуіміз ғана. Бір минуттай үнсіздік. Бір кезде қасыма жетіп келді, мен арбада отырмын, ол құлағыма: «Сөзім қалай?» дейді. Сыбырлап үлгердім. Арбамды шыр көбелек айналдырып жіберді де ары қарай кетті ағытылып. Тағы бірде «Әпке» қойылымымен гастрольдік сапарда жүрміз. Бибигүл екеуіміздің сахнамыз бар. Ол мені концертке алып кетуге келген. Содан ол кіріп келгенде жарық сөнді де қалды. Бүкіл ауылдың жарығы өшіпті. Халық лық толып отыр. Содан, не істейміз, гитараны алып жіберіп, екеуіміз ән айтып кеттік. Халық жіберетін емес, жарық әлі жанбай тұр. Содан отырып алып, үшінші өлеңді аяқтағанда жарық жанды ғой. «Жалпы неге келіп едің?»  деп ары қарай қойылымды жалғап кеткенбіз.

 – Есімізде, Мұқан Томанов режиссер болған кезде сіздердің потенциалдарыңыз анық көрінді, шетелге де жиірек шығып, театрдың аты дүркіреп... өзіңіз айтыңызшы, қай режиссермен бірге табысты жұмыс істедім деп ойлайсыз? Режиссер мен актер арасындағы үндестік дегенге не айтасыз?

 Театрымызда  республикаға танымал режиссёрлердің көбінің қолтаңбасы бар. Аттарын атасам қазір біреулері аталмай қалар. Бір режиссёр болады, актёрдің ойлауына да, ойнауына да еркіндік береді. Оның айтқан ойын актёр әрі қарай сабақтап, режиссёрдің діттеген мақсатқа жетуіне кедергі жасамайды. Артығын жонып, керегін алады, режиссёр де мақсатын түсіндіріп жеткізеді. Міне, сол кезде тандем болады. Ал біреулері болады: белгілі бір рамкадан шығармайтын. Ол кезде қанаты қырқылған құстай бір орында тұрасың. Бұндай режиссер актёрдің соры. Ал актёр сорлы болмауы керек. Актёр өз ролінің адвокаты болуы шарт. Бізді шет елге апарған Қ. Қасымовтың қойылымдары. Атап айтсам, Қорқыт, Троя арулары, Филоктет Медея. Театрымыздың табысты болуына үлес қосқан режиссёрлер көп. Иә, Мұқан туралы да дұрыс айтып отырсыз. Қаншама қойылымдары театр қоржынында бар. Бұның бәрі еселі еңбек. Нағыз театрал адамның еңбегі.

Отыз жылдық тәжірибемде  Елкен Жылқышинов ағамыздан бастап, сан түрлі режиссёрлердің қолынан шыққан қойылымда сахнадамыз. Берілген міндет, жеткен меже, бәрі де көрерменнің көз алдында. Театр қаншама еңбекті құшағында қысып жатыр. Дер кезінде фестиваль көрмей кеткен (өйткені фестивальдің шарты бойынша үш жылдың ішінде қойылған қойылым болуы керек) керемет қойылымдар бар. Мысалы, кезінде М. Ахманов қойған «Біз үшеу едік» қойылымы. Ешбір фестивальге қатыспады. Ішің удай ашиды. Жұмыс процестері, ролді ашудағы тартыстарымыз, Астанаға барып, би үйренгеніміз, режиссёрдің тапқан әрбір детальдары, әттең дейтін, осындай көптеген қойылымдар театр қобдишасында жатыр. Бұның бәрі ұйқысыз түндер, өлшеусіз еңбектер...

 – Театрдың қалыптасып, республикадағы театрлар сапында көрінуіне сол кезде директоры болған Құжырғали ағамыздың еңбегі де көп болды...

  Құжырғали ағамыздың мәдениет жолында, соның ішінде Орал театрына сіңірген еңбегі өте зор. Театрды қалыптастыру жолында жасаған жобалары қаншама, режиссёрлерді шақырып, бір топ жаңа бітірген Жүргеновтің қыз-жігіттерін әкеліп, олардың бар жағдайын жасауы бұл көзге көрінбейтін, бірақ уақыт өте қадау-қадау еңбек екені көрінетін кезеңдер. Оның үстіне аудармашылығы бар адам, репертуарға да қаншама үлес қосты. Сосын байқауларға кез-келгенімізді жібере бермейтін. Бірде мен ол кісіге айтпай «Шабыт» фестиваліне кетіп қалғаным бар. Сөйтсек, ол жақта көркем сөз бен сатираны біріктіріп қойған, әділ қазылардың төрағасы К. Әмірбек. Бас жүлде «Екі езу» театрынікі болды. Мен бірінші орынды алдым. Айтпай кеткесін, бірінші орын алғанымды ағайға хабарлауға жүрексінгенім есімде.

 – Театр алғаш ашылған жылдары  сіздердің әр қойылымдарыңыз жаңалық болды. Рольдеріңіздің кейбіреуі есте, «Пай-пай жас жұбайлар-ай!» комедиясында Зәуреш, «Бес бойдаққа бір тойда» Күйкетай, «Сергелдең болған серілерде» Сайраш, «Тойы көп үйде» Гүлназ, «Мезгілсіз келген махаббат» Торғын,  «Біз үшеу едік» драмасында Дариға, «Ең әдемі келіншекте» ойнадыңыз. Одан бөлек шетел дүниелерінен аударылған қойылымдардағы рольдеріңіз қанша... осы рольдердің ішінде сіздің талғамыңызды, болмысыңызды бере алатын, былайша айтқанда жақын рольдер қайсысы?

  Рольдерімнің барлығы да өзімдікі немесе өзім. Тіпті «Бес бойдақтағы» Шүйкетайым да. Сонау кездегі ең алғашқы ролім «Әке тағдыры» қойылымындағы Зурадан бастап, кешегі «Жұбандағы» Зеріпке дейін тарихым мен өмірбаяным.

 – Мысалы, драма театр актерлері ролін тану үшін көбірек оқитынын білеміз. Тарихи романдарды немесе әлем әдебиетін... бұл міндетті ме?

  Әлем әдебиетін, тарихи романдарды оқу – бұл театр сахнасында қойылатын классикалық шығармалармен байланысады. Біреулер өздерінің хоббиіне айналдыратын үрдіс болуы мүмкін. Бұдан жалпы актёрдің интеллектуалы көбірек көрінеді. Театр сахнасында классиканың көбірек қойылуы әртісті өсіреді, шеберлігін дамытады. Өсіреді. Чеховтың, Шекспирдің, Камюдің, Мюллердің шығармаларын сахналаған кезде сол дәуірді, кезеңді көрерменге жеткізу жолдарында қаншама ізденіс жүреді. Тарихи ұлттық   классиканы сахналаған кезде мұндағы жауапкершілік екі есе. Салт-дәстүр, әр жоралғының негізі мағынасы, этика, манера, бәрі  зерделенеді.

 – Актрисаның бүкіл жан-жүйесін қосатын еңбегі, немен тыныстайтыны, өмірді қабылдауы, әйелдік жұмбақ болмысы жайында білген де қызық бізге...

  Әйел ретінде өмірлік жолым, өнер жолым ауыр болды дей алмаймын. Бәлкім ұмытып қалдым ба, бірақ, білетінім – егер мамандығың, айналысатын ісің, жасап жүрген жұмысың ұнаса, бәрі өз жан қалауыңмен болған кезде, ештеңе де кедергі емес. Кейбір күндері сәтсіз ойналған ойыннан кеудемде ешқайда кетпей қатып тұратын бір тастай кесек пайда болады. Оны кетіру маған оңайға соқпайды. Біраз күнге дейін жүйкем сыр беріп, жүріп алатын кездерім болады. Бұл әйел актрисаға тән дүние ме, ол жағын білмеймін. Үлкен рольдерді сомдарда бір тылсым күш сауыт кигізгендей үстіме ауыр жүк аудара салады, оны да түсіндіре алмаймын.

 – Театр ашылған кезде келген артистердің дені сіздің топ екен,  яғни группаластар со күйі театрға келіпсіздер, солай ма?  

 Ия, біздің топта бірге оқыған қыз-жігіттер өнер деген қып-қызыл шоққа кеуделерін төсеп келгендер деуге болады. Сол топтан актёр, ақын, режиссёр, педагог, аудармашы шықты. Әлі де сол өнер жолында бірге жүк арқалап келеміз. Қай-қайсысы да сахнаға шыққанда көздері жанып, шынайы образ жасауда аянбайды. Олармен бір сахнада қандай шайқасқа да қатыса алам. Және сенем.

 – Кезінде халықаралық Шабыт фестивалінің көркем сөз номинациясының лауреаты болып, бірінші орын алғаныңызды білеміз, жуырда ютуб канал ашып, көркем дүние оқып бастаған екенсіз. Әбіштің «Ажарынан» бастапсыз, тыңдаушының қабылдауы қалай? Аудиокітапқа қатысты қандай жоба-жоспарыңыз бар?

  Иә. Көркем сөз оқуға қалыптастырған, бағыт-бағдар берген Құжырғали Төлеуішов ағамыз. Ол кезде осындай конкурстар көп болатын. Және соған ағайдың өзі таңдап, талдап, дайындайтын. Және байқайтыным, әртістің бәрі бірдей өлең оқып, бәрі бірдей көркемсөз оқи алмайды. Ол да бір берілген несібе десем болар ма екен. Сол қабілет болғаннан кейін көрейін деп канал аштым. Биссмилләмнің басы болсын дегенім бе екен, Әбіш ағамыздан бастадым, жалпы көркем әдебиет оқығанды ұнатам. Сұраушылар асып-тасып жатыр деп айта алмаймын, бұған да уақыт керек екен. Тыңдаушылар мотивациялық кітаптарды сұрайды. Сұраныс соған қарай көп екен. Бірақ, әр дүниенің өз аудиториясы болады. Сондықтан өз тыңдаушысын тапқанша күтеміз. «Сізге қызық» деген канал тапсырыспен материалдар ұсынып жүр. Сол каналда да оқып бастадым.

 – Негізі жеткізіп оқуды меңгерсе, бұл  көркем шығарманың насихатына көп үлес болар еді. Мысалы, А. Водяной, В. Кривошеев, А Лукашенколардың проза оқуында бөлек нақыш бар, қойылған дауыспен емес, жүрекпен оқиды, қазір бізде де оқитындар көбейді, әсер ете алатындары көп емес, біздегі шығарма оқып жүргендерге не жетпей жатқанын байқай аласыз ба? 

 Бізде құр оқып шығушылар көп. Сақаулар көп. Керемет шығарманың быт-шытын шығарады ғой. Және сол оқылымның қаралымы мен таралымы көп болатынына ішің удай ашиды.

–   Ендігі жоспарыңыз қандай?

 Режиссураны қолға алдым. Қазір сахнада 4-үлкен қойылым, бір «Поэззия түні» жобам жүріп жатыр. Режиссёрлік жұмыстың машақаты актриса болудан бөлек екен.

 – Сұхбатыңызға рахмет. 

Актриса туралы дерек.

Нұргүл Жұбатова  М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш -Баян сұлуында» Баян, М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай!» комедиясында Зәуреш, Т.Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір тойында» Күйкетай, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілерінде» Сайраш, «Тойы көп үйінде» Гүлназ, Б.Ұзақовтың «Мезгілсіз келген махаббатында» Торғын, Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік» драмасында Дариға, М.Әуезовтің «Қанды азуында» әже, Д.Исабековтың «Әпкесінде» Қамажай, И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма» Әйгерім, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» Мадина рольдерін ойнады. Әлемдік классика мен заманауи драматургияда да жарқыраған ойын үлгісін көрсетті. Мысалы, М.Байджиевтің «Құдаларында» Бәтес, Г.Хугаевтың «Қиқарларында» Марго, И.Шприцтің «Кентавр мен қызында» қыз, С.Ахмадтың «Супер келінінде» Сатты, Бошарт, Т.Джюдженоглудың «Көшкінінде» ана, А.Цагарелидің «Ханумасында» Ханума, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» Гүлжамал, И.Содиковтың «Әпендінің бес қатынында» Фатима, Еврипидтің «Троя аруларында» Андромаха, Х.Мюллердің «Филоктет-Медеясында» Медея рөлдерімен көрермен ықыласына бөленген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар