Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Наурыздың әлем халқына жолдауы – бейбітшілік...

20.03.2021 4268

Наурыздың әлем халқына жолдауы – бейбітшілік 12+

Наурыздың әлем халқына жолдауы – бейбітшілік - adebiportal.kz

300 мыңнан астам уақыт тарихқа ие, күн мен түн теңелетін көктем мерекесі Наурызды соңғы деректерге сәйкес, әлемде 300 миллионнан артық адам тойлайды. Наурыз 2009 жылы UNESCO-да материалды емес мәдени мұра ретінде тіркеліп, нәтижесінде наурыздың 21 халықаралық мереке деп аталды.

Осы мерекені UNESCO ұйымында ортақ талпыныспен тіркеген он екі ел – Иран, Әзірбайжан, Ауғанстан, Үндістан, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан және Өзбекстан бүгінде «Наурызстан» деген жаңа атаумен Наурыз мейрамының жағырапиялық аумағында орналасқан елдердің құрамына кіреді.

Наурыздың есте жоқ ерте заманнан бүгінгі күнге дейін өміршеңдігін жоғалтпай, өрісі жылдан жылға кеңейіп, рухани тұрғыдан мән-мағынасы байып, жалпыхалықтық мәдени мерекеге айналуының сыры неде?

Ең бірінші – Наурыздың ынтымақтастық пен бірлік, татулықты қуаттайтын мәдени қоғамдық саладағы маңызында. Наурыз – қазақтардың түсінігінде күн мен түн теңелетін күн болуымен қатар, бақ-дәулет, құт-береке, ырыс-бірлік пен ынтымақтастықтың, мейірім мен бауырластықтың мерекесі. Наурыз мейрамы отбасы мен туған-туыстың ынтымақтастығын, бірлігі мен байланысын нығайтуды, көрші-қолаңның татулығы мен достығын қолдайды.

Наурыз мерекесінің елімізде «Көрісу» күнінен басталуы да сөзімізге дәлел. Жастардың үлкендерге сәлем беруі, бір-бірімен қол алысып, төс қағысуы, әйелдердің құшақтасуы, дастархан жайып, бас асып, қарияларға құрмет білдіруі адамдар арасындағы бауырластық, сыйластық мәдениетін арттырып, туыстық сезімді нығайтады. Оның үстіне кешіру, кектен арылып, көңілдегі кірбіңді жою адамдардың рухани саулығына себеп болады. Кейбір рауаяттарда адамдар бір-бірімен қол алысқан кезде ағаш жапырақтарының жерге түсетіні сияқты олардың күнәлары да азая түсетіні айтылған.

Жақын-жуық арасындағы өкпе-назды, реніш, тіпті кекті жойып, татуласуын қуаттауы да – қазір біз өмір сүріп отырған дүрбелең дүниеде қақтығыстан көз аша алмай жатқан әлем елдері үшін Наурыздың маңызды бейбітшілік жолдауы. Соғыс салдарынан көптеген елдің әскери емес бейкүнә азаматтары физикалық, психикалық, материалды тұрғылардан қатты зардап шегіп, бүгінде елдеріндегі тұрақсыздық, қауіп-қатер, кедейшілік, аштық және аурумен бетпе-бет келіп отыр. «Наурызстан» аймағындағы бейбітшілік талап ететін елдер әлемнің соғысқұмар мемлекеттеріне мағынасыз соғыстарын тоқтатуы үшін үлгіге жарайды. Наурыздың ахлақтық, адамгершілік сияқты көптеген жолдауын, әсіресе, әсіресе бейбітшілік талап етуін осы мейрам аясында әлем халықтары арасында таратуға болады.

Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтап: «Бұл нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы», - деп сөзін қорытындылады. Президенттің жолдауы Наурыз қарсаңындағы көрісудің көбінесе Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындарына ғана тән емес, Қазақстанның барлық жерінің тұрғындарына ортақ ғұрып екенін нақтылай түсті.

Біздің елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату көршілестікте өмір жатыр. Ел халқы орыс қазақ, татар, ұйғыр деп бөлініп-жарылмай, Наурызды бірлікте тойлайды. Бұл қазақтар «әз Наурыз», «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған Наурыздың әлеуметтік-мәдени құндылығының бір қыры.

Наурыздың келесі маңызы ретінде оны бай мен жарлы, жас пен кәрі, басшылар мен басқалар да бірге тойлайтын жалпыхалықтық сипатын атау керек. Иран ғалымы Әбу Рейхан Бируни мерекенің жалпыхалықтық сипаты туралы былай деген: «Жәмшид дүниеден өткен соң патшалар Наурызды бір ай бойы тойлады. Мейрамды алтыға бөлді. Алғашқы бес күн патшалардың еншісіне берілді. Келесі бес күнді ақсүйектерге, үшінші бес күнді кеңесшілер мен әзірлерге, төртінші бес күнді нөкерлерге, бесінші бес күнді бұқара халыққа арнап, алтыншы бес күнді диқандар тойлайтын күн деп белгіледі». Бүгінде Наурыздың жалпыхалықтық сипаты Бируни жазған шекпен шектелмей, қоғамның түрлі табы бірлік пен ынтымақтастықта тойлайтын мейрамға айналды.

Наурыз мейрамының жағырапиялық аумағында орналасқан елдердің бірі Қазақстан әлемде дау-жанжалды бейбіт жолмен, дипломатиялық тәсілмен шешуге, бейбітшілік пен тұрақтылық орнатып, оны қолдауға өз үлесін қосып келеді. Бұл саладағы жұмыстары көбінесе бітімгершілік миссиялары мен қақтығысушы тараптарға саяси алаң ұсынып, алауыздықтарды келіссөздер арқылы шешу үшін жағдай жасайтын мәмілегерлік мисияларынан көрініп отыр. Мысал ретінде Қазақстанның 1995 жылдағы Тәжікстандағы, бертіндегі Ирак пен Ливандағы бітімгершілік миссияларын атауға болады. Мәмілегерлік миссияларына 2013 жылдың сәуір айында Алматыда Иранның «алтылық» тобы (БҰҰ Қауіпсізік кеңесіне мүше АҚШ, Ресей, Қытай, Британия, Франция және Германия) елдерімен ядролық келіссөздерін өткізуге жағдай жасауы мен Сириядағы соғысты тоқтатуға көмектесу мақсатында 2017 жылы басталып, әлі жалғасып келе жатқан «Астана үдерісі» келіссөздері мысал бола алады. Егер Наурыздың жағырапиялық аймағына енетін әр ел әлемде тұрақты бейбітшілікті сақтауға аз ғана үлес қосса, әлемде мылтықтың дыбысы естілмес еді, сәбилер жыламас еді.

Айнаш Қасым


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар