Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Мұхтар Мағауин. ...Деген екен №7...

28.12.2021 7536

Мұхтар Мағауин. ...Деген екен №7 12+

Мұхтар Мағауин. ...Деген екен №7 - adebiportal.kz

Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин сексенінші жылдардың орта кезінде «Жазушы» баспасының бас редакторы болып қызмет атқарады.

Бірде баспаның күйіп-жанып жататын жұмысымен ренжіңкіреп отырса, қаламдас достарының бірі келіп:

– Мұқа, шаршап отырсыз ғой, жұмыс көп-ау, тәрізі, – дейді.

Сонда Мұхтар:

– Баспаның жұмысы емес, басқаның жұмысы шаршатады,– депті.

– Иә, қағазбасты жұмыс қой, – дейді қаламдас досы, жаны ашыған кейіпте.

– Жұмысың бұзық болса, қағазың түзік болу керек, – деп, Мұхтар бұл жолы да келте тіл қатады.

– Мұқа-ау, тек мақалмен сөйлейтін болғанбысыз, – дейді досы.

Сонда Мұхтар:

– Мақал жетіскеннен шықпайды, – деп, бұл жолы да келте қайтарған екен.

***

Қазақ СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, талантты жазушы Мұхтар Мағауиннің әйелі бірде сатып алған лотерейін тексерсе, ешқандай ұтыс шықпайды. Сол жерде:

– Жұрт машина ұтып жатады, бізге бір орайының келмейтіні несі? – деп күңкілдесе керек.

Сонда Мұхтар отырып:

– Сен бүкіл өміріңе жететін ең үлкен ұтысқа әлдеқашан ие болғансың. Есіңде ме, студент кезіңдегі кездесу кешіндегі ойын-сауықта тегін лотореймен аспирант Мағауинді ұтқаның, − деген екен.

***

Бірде жазушы Мұхтар Мағауин былай деп кейістік білдірген екен: «Біздің ғылыми-эстетикалық зердеміз асыл мен жасықтың парқын айыруға әлі де шорқақ. Оған іштарлық деген бәле қосылған. Бүгінгі таңда қазақ әдебиеті қаншалықты мықты болса да, жазушыларымыз тірлігінде әділ бағасын ала алмайды. Егер, дәл қазір бір күнде біздің 40 жазушымыз өлсе, қазақ әдебиеті бірден 40 классикке өсіп, дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы әдебиет болып шыға келер еді!»

***

Бірде жазушы Мұхтар Мағауин жұмыс істеп отырып әлсін-әлсін қара шай іше беріпті. Мұнысын жұбайы уайымдап қалып:

– Байқасайшы, асқазаныңды бүлдіресің ғой – дейді.

Сонда Мұхтар:

– «Ештеңе етпейді, «Аласапыранды» бітірсем асқазанның керегі де жоқ», – деген екен.

Ел аузынан жинаған Ақселеу Сейдімбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар