Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұратбек Мусаұлы. Бостандық құсы...

23.02.2024 1078

Мұратбек Мусаұлы. Бостандық құсы

Мұратбек Мусаұлы. Бостандық құсы - adebiportal.kz

Қара бура

Ақ көбік аш бура ғұмырым,

Жаныңа кескек батқанда.

Аязы ашулы

түні – мұң,

шабындым

намыс болып ақпанға.

 

Күдірленіп өмір жатыр шудаңда,

Шайырларың төгіліп желкеңнен.

Жүрегіме боздаған дауысың тұнғанда.

Мынау даладан да жеркенгем.

 

Сендегі ерлік рух...

аунатқан шеңгелге,

Қаусар томылдырық кидіріп.

Өтіп жатты

Жолтоқсандар шерменде,

Қаңтар басын тұрды иіп.

 

Өркеш-өркеш бойыңда тасып асау қан,

Ол – ғасырдың қаны

сеземін.

Қара Бура сен қалған қашаннан,

Ескі жұртымның көзі едің.

 

Адамдар көрмеген түйені,

түсіне де алмас-ау бұл жырды.

Кәнденін аймалап сүйеді.

Төбеттерін мадақтап шынжырлы.

Бостандық құсы

1

Алтайдың белухасы

тастары біз,

Қабыршақтан шайқалды сап-сары уыз.

Ақүрпігін түлетіп мезгілімен,

Тентек құсын қиянға бастады құз.

Қия беттің қиямет жақпарынан,

Көрінді оған

жер – тамұқ,

аспаны – мұз.

2

Құрғап тұрған күрең күз

күн аптабы,

Көкжиегі ымырттың құлақтанды.

Мамығын бұлтпен сылап, желмен тарап,

Зәу биікке Мұзбалағын ұзатты ары.

Беу, жалғыздық...

басына құлап бәрі.

Тоқымдай қалды төмен қыраттары...

Жоғалды инедей боп бұлақтары.

3

Ұйыған айран бұлттың арасынан,

Атылды жойқын бір күш

аласұрған.

Бостандықта қызыл көз Тастүлектің,

Еркіндігі ең қымбат бар асылдан.

Шерлі әуендер бір сәтке тына қалып,

Тұрды естіліп сүйініш даласынан,

Аспанның дүлдүл құсы

таң асырған.

4

Таза таңға сіңіріп

...наз, арманын,

Көңілде жоқ...

тұман ой...

тазарған мұң

Қанаттарын көгілдір нұрға малып,

Қиқыметтің қалтырмай жазар бәрін.

Шексіздіктің мөп-мөлдір ғазалдарын.

Екпінінен түйіршік тозаң қалды.

5

Қанатының астында қылыш дүзді,

Марғау аспан

мың бояу тұнып тұрды.

Күннен сансыз ырғақтар шұбатылып,

Симфония шертілді

тыныш, мұңлы.

Көктүбіттің топшысы бұлтты тіліп,

Төге салды көзінен бір уыс нұрды.

6

Қызғанышы бүр жарып көз нұрында,

Қарғалардың арманы тозды мұңға,

Жанақұсқа телмірген балпанақтар,

Шолақ-шолақ қанатын созды құзға.

Тек, Қыранға жүрмейтін қу түлкінің,

Ін түбінде сұмдығы болдыруда.

Ал, майтүбіт сағынышын жалғай берді,

Жұлдыздарға –

ғаламат сол ғұмырға.

Еркіндік-ай!

Па, шіркін, бостандықтар!!!

Адамдар жоқ сөз қылуға,

Тағдырын тоздыруға.

7

Баршын құсқа күш бітті тебіндеді,

Тегеуіріні толағай сенім берді.

Шөгелінің тамсанған ерлігіне,

Кеңістіктің кеберсіп еріндері.

Күн де батты

жылыстап қараңғылық,

Түн мүрдесі ақ бұлтқа кебінделді.

Алтын тұғыр –

шыңдарға қонсадағы,

Сонда да бір қорқыныш көңілге енді.

Соңғы сағат

Адамдар дайындаған,

Түпсіз терең ажалдың көрін көрді

Сезіліп өлім демі.

Есте қалмай

қиын жол, қанды сапар,

Қаншама рет көз жастың төгілгені.

Жеңгені, жеңілгені.

Елестеп жеті қаттың ары жағынан,

Көк аспан, күміс Қыран, Еркіндік...

Тағы да екінші бір көрінді өмір.

Теңіз бен қыз

Теңіз беті арпалыс

Сүзеді толқындар кемері құлаған жағаны.

Теңіздің дарақы бораны кеудені қабады.

Жанталасып қыздың тамырында

сұп-суық сағыныш ағады.

Төбесінде жесір ай

жетім сәулесін

теңізге жабады.

Түнеріп түннің қабағы,

Іңірдің есігін қағады.

 

Кастюмын шешіп жігіт

қызды құшақтай орады,

Бәрі бір қыз сонда да тоңады.

Жүрегі жасырын жылайды.

Амалсыз ыстық құшаққа,

Құлағысы келмеседе, құлайды.

Сонда жігіт толқындардай аласұрып,

Ең алдымен сүйіп жатады,

Жүрегіндегі жалғыз Құдайды.

Құдайымның бұйрығы деп қуана,

Көңіліне барлығыда ұнайды.

 

Қыз шөлдеген көзімен тімтіне

Ескі бір елесті іздейді,

тілсіз, тентек көкбуырыл теңізден.

Теңіздің сотқар, қандес толқыны кемені батырып,

қызға қасірет емізген.

Ең тәтті, ең қымбат шақтары

мәңгілікке көз ілген.

Бірақ, анау кінәсіз жігіт

салқын теңізде от болып,

Өзін теңдессіз сезінген.

Қыз тұр сездірмей

тастай төзіммен.

Мұңдасып жалғыз теңізбен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар