Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Жәнібек Кәрменов

08.07.2021 2694

Мұхтар Мағауин. Жәнібек Кәрменов

«Қазақтың ән өнері – әлемдік деңгейдегі, өзгеше бір құбылыс. Әлемдік деңгейдегі!.. Дүние жүзі халықтарының ән қазынасының алдыңғы, ең бірінші қатарында тұрған өнер деп айтар едім. Өйткені, біздің ескі тарихтан бастайтын болсақ, Ежелгі Ғұн дәуірінде, Ежелгі Түрік қағандығы кезеңінде, Еуропа қараңғылық түнегінде жатқан, жабайы қалыпта жүрген заманда негізі салынған, Алтын Орда тұсында сән-салтанатқа шыққан, Қазақ Ордасы кезінде бүгінгі күш-қуатын тапқан қазақтың алапат, асқақ, сырлы, мұңды, сәнді әуезі!.. Арғы заманда ұлы әншілер, ұлы сазгерлер туды. Бізге мағлұмы – соңғы бірер ғасырдағы ерекше тұлғалар: Ақан, Біржан, күні кешегі, біздің ықылымға жетіп өткен Әсет пен Мәди, далалық ұлы композиторлардың соңғы сарқыты Естай! Бұлардың әніндей әсем ән, мұндай сырлы, мұндай мағналы, мұндай терең саз жер дүниеде ешбір халықта жоқ. Ал егер Батыс жұртшылығы танымай жатса, бағаламай, білмей келсе, ол – өзіміздің қажетті насихатымыздың олқылығы және Батыс әлеміндегі өнертанудың кемістігінен, Батыстағы ән сүйетін қауымның әлі біздің өреге, біздің дәрежеге жетпей жатқандығынан деп білу керек! (Ду қол шапалақтау). Алдағы жылдарда танылып, бағаланып жатар. Бірақ ең бастысы – мына біздің өзіміздің тануымыз, өзіміздің бағалауымыз. Осы тұрғыдан алғанда, біз өзіміздің құнымызды өзіміз азайтып бара жатқан секілдіміз, кейінгі кезде. Ал Жәнібек сол ұлы әншілік өнердің, ұлы әншілік дәстүрдің біз көрген ең жарқын, ең үлкен, ең ұлы тұлғасы болатын!.. (Ду қол шапалақтау!)»

Жәнібектің дүниеден көшкен бір жылдығында, Қазақ консерваториясында өткерілген еске алу кешінде айтылған сөз еді. Толғаудың кіріспе лепесі ғана. Қазақ радиосы, әлде теледидары толық жазып алмапты. Кейінде бұл тараптағы әкім Ғалым Доскенге айтып, Радиоға жауапкер Тұрсынжан Шапайға тапсырып, іздеткенде табылған жұқанасы. Тәп-тәуір сөйлеп едім, бұдан бұрынғы және соңғы, әр тарап, тағы қаншама сөз сияқты, желге ұшып жоғалды. Қайыра ышқынсақ та сол қалпында шықпайды. Әйтсе де, осы кештен соң көп ұзамай-ақ, әнші Жәнібек туралы арнайы мақала жазбақ болдым. Бір шарты – толқымалы, сырлы дауысын қайыра тыңдау қажет. Келінмен хабарластым. Жазба таспасы бар ма, деп. Көп емес. Маған әкеп тастауды өтініп едім. Бұл кезде үйде қолды-аяқты бала жоқ, бірі сыртта, бірі шаруа соңында. Барып ала қоймадық. Келін де ретін таппаған сияқты. Әлде сыртқа шығаруға қимады, жалғыз-жарым нұсқа. Қайыра сұрамадым. Ақыры, лықып тұрған мақала қағазға түспей қалды. Жоғалған сөзді тұманнан табу қиын. Енді қаншама заманнан соң, қажетті естелікке жүгініп отырмын.

Жәнібек екеуіміздің ауылдарымыздың ара жігі жоқ. Мен туған Көпбейіт-Босаға мен Жәнібек туған, аттас қоныстың арасы оншақты шақырымнан аспайды. Төбеге шықсаң, алақан аясында тұрар еді. Иә. Ескіше, тобықты мен керей, жаңаша Абай мен Шұбартау ауданының шекара межесі. Тұтастай алғанда, Шыңғыстың Сырт аталатын күнгей құламасы. Екі ауыл ежелден араласып жатқан, құданда, жекжат, нағашы, жиенді. Бірді-екілі емес, жаппай сыпат алған жағдаят. Жәнібектің анасы да біздің ауылдың қызы екен.

Жәкең дүниеге келген жер – арыдан тартсақ, тарихи атау. Дүрбін Ойрат түбегейлі қирап, қазақтың бір парасы ежелгі түрік мекені – Шығысқа қарай төңкерілген кезде, он екі абақ керейді бастаған әйгілі Ер Жәнібек дәп осы арада ордасын тігіп, бір, әлде екі жыл қатарынан аял қылған екен. 1750–1760-жылдардың тоғысы. Бұл кезде бүткіл Шыңғыстау, одан бергі Дағандел, Шұбартау алқабы бос жатыр. Ер Жәкең, тәрізі, осы құйқалы өлкені толтыра орнығуды ойласа керек. Бірақ айбынды Абылай ханның Ойраттан босаған Жоңғар, Алтай атырабын қайтадан иелену туралы жарлығы бар. Алда – бұдан да байтақ, кең қоныс жатыр. Ақыры Жәнібек батыр өзі бастап, бар жұртымен түп көтеріледі. (Арада отыз жыл өткен соң, он екі абақтың бір тармағы жастабанның үштен бір бөлшегі қалың елден ажырап, осы өңірге қайтып оралады – патша заманындағы Дағандел болысы, кейінгі Шұбартау ауданы.)

Жәнібек аталған шүйгін қоныс, айтқанымыздай, қыр етегі, Бақанас өзенінің оң қабағына жапсарлас, нақтылап нұсқасақ, Байқошқар өзенінің құйғанына жеті-сегіз, сол қабақ Балқыбектен төрт-бес шақырым жоғары, сулы, қалың шалғынды, көкорай ойпаң. Ұлы Мұхаңның ғасырлық эпопеясында жас Абай бастаған балалар бүлдірген тере баратын, Бөжейдің жанамалай өткен қаралы көшін көретін, кейінірек, алтыбақанда Тоғжанмен кездесетін, жайлаулы жазира. Белес беттегі, бұрнада, Жәнібек туған қыстау сақталмаса керек, сол араға салынған, кейінде біз көрген тәп-тәуір мал қора мен тұрғылықты үй қазірде мүлде иен, қаңқиған қабырғалары ғана қалыпты. Бүгінде осы Жәнібек алқабы ғана емес, Шыңғыстың Сыртындағы жайлау, қыстаулар түгелге жуық бос жатыр.

Елдің ескілікті шежіресі тұнып тұрған, Абай рухы шалқыған, ән мен күй өрлеген өзгеше аймақта туып өскен, көкірегі нұрлы бала Жәнібек таза қазақы тұрғыда қалыптасуға тиіс еді. Әнші болмаса, сазгер, ақын, жазушы, қайткенде ұлттың рухани қазынасын бойына сіңірген өзгеше тұлға ретінде. Шынында да солай болды. Күміскөмей бала, кейінде кемел жігіт, Тәңірі дарытқан көп өнердің ішінде, дәп осы кезде, советтік ресми саясат ыңғайымен қазақтан шеттеле бастаған ескілікті ән өнерін таңдапты. Ақыры, бар мұратына жетті. Жәнібектің жеке басы. Қысқа ғұмырында. Ал біз, бойлай қарасақ, орта жолда, одан да әріде, пұшайман жағдайда, жетпей қалыппыз. Жәнібектің келте жасын емес, арттағы мол мұрасының ит-талауға түсуін, оннан тоғызы сақталмағанын айтып отырмын. Қазіргі, көпке белгілі Жәнібек – біз көрген, білген, сүйінген Жәнібектің оннан бір бөлшегі, солғын жаңғырығы ғана. Сөз мәнісі – алда. Таусылмасақ та, таратып талдармыз.

Жәнібектің даусын бұрынырақ естісем керек, жүзбе-жүз қашан, қалай танысқаным есімде жоқ. Әуелде менен алысырақ жүрген сияқты. Университеттегі оқуына көмектесіп, сырттай қамқорситын, тойға салып, қонаққа сүйреп, қосымша бедел тапқан бір ағасы – менің өте жақын саналатын құрдас, жерлес досым, неге екені белгісіз, қалыпты әдетімен мені бұл балаға да сырттай жамандап, арам, оңбаған деп, құлағына сіңіре береді екен, көлденең куәлар арқылы бір емес, екі-үш мәрте естідім. Және кейінірек өзі де айтып өкініпті. Мектептес досымның өсек-аяңға, өсек болғанда, жала мен қисынсыз өтірікке жүгініп, алыс-жақын ағайынға шағыстырып жүретін ғадетін аңдайтын едім, өзінің бағасы, сенген жұртқа да өкпе жоқ деп, мән бермеуші едім, арада қаншама заман, бұл жолы қаңқу сөз емес, өткендегі, нақты бір жазбасын көрген соң ғана улы зардабын тани бастадым. Мен елемесем де, талаймен араға от тастапты. Бұлармен салыстырғанда, Жәнібекке қатысты жағдаят мүлде жұпыны. Азғана уақыт аралық қиыспағаны демесек. Ақыры, Жәнібек те іс мәнісін ұғады. Мұхтар ағаны білмеген екем, анау айтқаннан мүлде басқаша кісі екен, деп. Ақыры, түрімді ғана емес, өзімді де таныған соң, аса жақын ініге айналды.

Осы кездегі өзгеше бір келісі есімде. 1984, желтоқсан, «Аласапыран» үшін Мемлекеттік сыйлыққа жеткем. Жаңа жылдың қарсаңы, жаңа пәтерге көшеміз деп, буынып-түйініп отырғанбыз. Игілікті шешім шыққан әуелгі күн, алғашқы кеште Олжас бастаған ең жақын төрт-бес кісіміз құттықтап кеткен. Арада бір, әлде екі тәулік өтер-өтпесте баспасөзде ресми хабары жарияланды. Дәп сол күні, түске таман, Жәнібек ескертусіз, жеке келді. Азғана сөз, інілік ілтипаттан кейін, шұғыл жасалған дастарқан үстінде айтып еді. «Естіген, есті қазақтың бәрі қуанып жатыр, – деген. – Жаңа жолай, әлдебір, жазда алды ашық тұратын кафенің қасынан өте бере, күн аяз, суық, жылына кетейін деп, ішке бас сұғып едім, бейтаныс жап-жас екі жігіт жүз грамнан құйғызып тұр екен. Мені түрімнен таныды, танымады – бірден-ақ төтесінен кетіп, білесің бе, «Аласапыран» Мемлекеттік сыйлық алды ғой, Мұхтар Мағауин», – деді. Мен бәрекелді деп, қосыла кеттім. Бұдан соң үстеме жасадық. Бәрін өзім төлеп, сол екпінмен келіп тұрғаным», – деп еді, жарықтық. Қазір жарықтық, ол кезде бала. Бұдан әрі коняк келген. Менің қызуым біршама, енді ырым үшін жиырма грамм, деп еді. Жәкең қызу емес, көңілді еді. Мен оймақтай рюмкаға әлде отыз, әлде қырық грамм құйдым. Ас алып, шай сораптап біраз отырдық.

Осыдан кейінгі және бұрынғы тағы қаншама кездесу, үй-ішіндік дастарқан, дулы той... Қайсы бірін түгендерсің. Ал жаңағы, кафедегі екеудің әңгімесі, мені сырттай ғана білетін жайсаң жігіттердің оқиғасы есте қалыпты. Жәнібек мен мәртебелі сыйлық алғаннан соңғы ең елеулі оқиға ретінде кейіптеп еді. Шынында да ғажап емес пе. Қатардағы оқырман, бейтаныс інілердің сыртыңнан сенің қуанышыңды, сен емес, бүкіл қазақ әдебиеті, қазақ рухының мерекесі ретінде тойлап жатса. Жәкең осы бір көлденең лепеске менің өзімдей көтеріліп қалыпты.

Жәнібек қаймағы шайқалса да, мәйегі бұзыла қоймаған таза қазақ ортасы – Шыңғыстауда туып, өсті. Бұрнағы заман емес, сонымен қатар, бүгінгі күнімізге деп тап-тұп келмейді. Дәстүр-салт, ескілікті қарттардың соңғы жұқанасы бар. Әрине, қазақтың әні мен күйі бесіктен бастап құлағына сіңген. Домбыраны төрт-бес жасында үйреніп, алты, жеті жасында еркін шертеді. Әуел бастан-ақ назары толғамалы күйге емес, сырлы саз, асқақ әнге ауыпты. Нақышына келтіріп, шамалап айта бастайды. Бірақ әлі де бала. Әрқилы қазақы ойын. Асық пен ақсүйек, алтыбақан. Оған қоса, он жасынан бастап бәйгеге шабады. Әлденеше рет. Өзі айтып еді, есінде қалған өзгеше бір жойқын жарыс туралы. 60- жылдардың орта шені, Шыңғыстау, Барлыбай жазығында өткен, Абай, Аягөз, Шұбартау, Ақсуат – төрт ауданның біріккен тойы. Сол замандағы қазақ басшылары ойлап тапқан, ұлттық, өзгеше мереке. Бүткіл республика шегінде, әр ауданда, әрбір жаз сайын, Шопандар тойы деген желеумен өтетін. Бұл жолғы бәйгенің жөні ерен болыпты. Аудан басшылары өзара ерегес, бәсекемен, әдепкі отыз-отыз бес шақырымға тоқтамай, толымды қырық деп, шын мәнісінде кеңінен сызылған елу, нақтысы – кейін анықталғандай, сегіз шақырымнан алты айналым – қырық сегіз километрге жібереді. Бар кілтипаны – менің үлкен әкем Мағауия баптаған, соңғы жеті-сегіз жыл бойы бүткіл Шығыс обылыста бәйгенің алдын бермеген, және жай ғана бірінші емес, шыға тартқаннан шақырым озып, ақыры, бұрыш-бұрышта қаншама ат төтелей қиған арамдыққа қарамастан, бәрібір жарты шақырым алда келетін Нарқызыл тұлпардың дауынан шыққан. Бұл жолы әйгілі жүйрікті шаршатып алмақ. Ежелгі қазақ арғымағының тікелей тұяғы есепті Нарқызыл ат туралы, оның ішінде осы Барлыбай жазығында өткен бәйге туралы, қиял емес, нақты оқиға, дерек негізінде, «Жүйрік» дейтін хикаятымда келістіріп жазғам. Осы қатардағы, ат өлген, ең үлкен жарыс. Бұрнада шауып жүрген Жәнібек бала да сол бәйгеге қатынасқан екен. Өзімізде ауданының алдын бермеген, сыртта Ақсуаттың әйгілі жүйріктерімен тайталасып жүрген жануар еді, дейді. Көмбеге тұрар алдында атбегі ақсақал қадап тапсырды, атыңның басын қымтап ұста, Нарқызылдың тура соңына түспе, тұяғынан ұшқан тас атыңа, немесе өзіңе зақым келтіріп жүрмесін, деп. Қайда. Лап бергенде, арада екі жүз метр өтпей, Нарқызыл оқ бойы алға шықты. Сол беті, сәт сайын үдеп, бір шақырым озып барып қана әдепкі қалыбына түсті, деп күлді Жәнібек. Яғни, менің өзімнен бұрын атамды таныпты. Жүйрік тұлпары арқылы. Ал мені жазуымнан тануы анық. Және, жоғарыда айтқан азғана кілтипаннан соң, үлгілі, үлкен аға тұтып, мейлінше жақын жүруге тырысты. Біздің үйдегі қонақтасу, басқа бір, жасы үлкен, жолы үлкен ағалардың дастарқаны, әрқилы той-томалақта, Жәнібекті таза, табиғи қалпында, қатар отырып тыңдау қандай ғанибет еді. Менің қыз ұзатқан, келін түсірген тойларымда, жалпы жұртты сыпыра жығып, аспандата шырқағаны күні бүгінде көз алдым, көкейім мен құлағымда тұр. Шын мәнісінде, Жәнібектің ең жақсы әндері, ең ғажайып әуездері осы қонақ пен тойда кетті. Әрине, ол заманда радиодан саңқылдап, теледидардан дабылдап жатқан. Бірақ бұл тарап та ақыр түбі жоққа айналыпты...

Жәнібекпен ел арасына да шығып жүрдік. Бір, әлде екі рет арнайы шақырып едім. «Жұлдыз» журналының насихаты, алдағы жылдарға жазылымы кезінде. Бірде Оңтүстік екі-үш ауданды араладық. Жәнібек талмайды. Топ алдында, оған жалғас, ауыл ағаларының шаңырағында. Бастан аяқ әдеби журналымыздың ән сапары болды. Совет заманында ішкіліксіз дастарқан жасалмайды. Жәнібектің артық әуестігі жоқ еді. Үнемі бір қалыпты. Қашанда сабырлы, маңғаз. Тек сол бір жолы, елдің қошаметі бар, үй иесінің ықыласы да ерекше, және кешкілік, аш қарынмен отырып едік, Жәнібек бірер рет түбіне дейін сарқыса керек. Үлкен ас алдында сыртқа желдеп шыққанда, кеудесі көтеріліп, жайсызданып тұрды. Сонда мен айттым: «Жәнібек, сен ұлы әнші екеніңді білесің бе?» – дедім. «Иә, аға, – деді. – Білем...» «Білсең, сенің басыңдағы барың өзіңдікі емес, Тәңірі-тағала қажетінше пайдалануға, аманатқа бұйырған. Яғни, ең алдымен халқыңа тиесілі. Егер орнымен жүрмесең, киең қашып кетеді», – деп едім. «Ұқтым, аға, – деді. – Өзіңіз де жақсы білесіз, менің көлденең анау-мынауға құмарлығым жоқ...» Ішке кірген соң, мол табақтан бірер жапырақ ет жеп, сыпайы сұрап сорпа алғызып, дәмдеп отырды. Астан кейін, шәй мен аралықта тағы да толғай шырқап еді. Бар бабынан жаңылмапты.

Жәнібекпен бұдан соң да ел ішіне шықсақ керек. Қаншама заман, қай қызық есте қалмақ. Соның ішінде бір сапарымыз айрықша болған екен.

«Аға, Ала-көлді көрдіңіз бе?» – деген бір келісінде. Көрмеппін. Мұрша келмеген, немесе алысырақ бір сулар. «Қара теңізіңіз тұрған Қапқаз бен Қырымнан артық, – деді. – Басқасы емес, суын айтам. Адам бойындағы радиацияны қайтарады екен. Кәдімгі, ғарыштан оралған космонавттар келіп түседі... Сіздің де барғаныңыз теріс емес. Оның үстіне... быйыл ешқайда шықпапсыз, осыған керісінше, шаршап жүрген сияқтысыз...» Қалай қарай тартарын аңдасам да, сөзінің артын күттім. «Өзім апарайын, – деді. – Іргелес совхозда менің немере ағам директор. Алдынала келісіп, бар жағдайды жасап қояды...» «Жеңгең қалай қарайды екен?» – дедім әлі де көнгім келмей. «Жәнібектің айтқаны жөн», – деді бұл кісі. «Жеңешем де тынықсын, – деді Жәнібек. – Мына сіздің күн сайынғы, үздіксіз жазуыңызға қарап отырып та шаршауға болады...»

Сонымен, Ала-көлге аттандық. Жәкең жалғыз өзі, біз кейінгі, жасы кіші ұл мен қызды алып. Және Құныпия қосылды. Нақты есімде жоқ, 86-, әлде 87-жылдың август айының екінші аптасы.

Ала-көлдің басындағы совхоздың директоры – ұйғыр екен. Қазақ Қытайдан қайта төңкерілген 1962 жылғы үлкен көшке ілесіп, содан тұрақтап қалған. Осы өткен жазда Ала-көлге келген Фариза ақын, әлденесі ұнамаса керек: «Қалың қазақ арасында адасып жүрген неткен ұйғырсың, тым құрса өзіңнің орныңды біл!» – деп ұрысқан екен. Енді бізді, Жәнібектің Жігер ағасы атап тапсырған ба, жайраңдап қарсы алды. Әуелде естімесек, жіктеп танымас едік, тіпті, қазақтан әрмен таза сөйлейді, бар айырым – ерекше лыпылдап тұр.

Ол заманда Ала-көлдің жағасында демалыс жайлары жоқ, әлде тыныс үшін, әлде совхоздың әрқилы қонағына арналған, жалғызқабат, абажадай мейманханасына әкеп орналастырды. Тоғыз бөлме екен. Бәрі де бос. Жәнібек пен Құныпия бір бөлмеге, мектепке жаңа ілінген екі баламызбен біз кеңіс, қосар бөлмеге орналастық.

Ертеңіне Жәнібектің Жігер ағасы сәлем бере келген. Жай ғана сәлем емес, әзірше деп, қазақы қойдың басы мен мүшеленген жарым еті және шағын торсық қымыз. Екі-үш күн тынығып алыңыздар, содан соң біздің үйден дәм татасыздар, деген.

Ыстық қайта бастаса да, көлдің суы жылы екен. Сабынды, көбікті. Толқын шамалы ғана. Және бізден басқа жан жоқ. Он екі, әлде он төрт күн кеңінен тыныс таптық. Жігер бауырымның да үйінде болдық, іргедегі Барлық-Арасан курортымен танысып, екі-үш қайыра ыстық арасанға түстік. Ең бастысы – күндізгі шомылыс. Суға малшылау ғана емес, таусылмас әңгіме, кеңес. Жәкең біздің Шыңғыстаудың баяғы шежіре қарттары сияқты. Бұрнағы мен кейінгіден білмейтіні жоқ және бар сөзі келісті. Құныпия да баз-базында араласып қояды. Мен де біраз жерге барып қайтсам керек. Қайткенде көлге түскен, арасында қымыз сораптаған, таусылмас кеңес.

Кешіміз тіпті өзгеше. Сөзден әніміз көп. Алғашқы күннен бастап қалыптасқан рәсім. Біздің «люкс-номерге» жиналамыз. Жеңгелері шай қайнатады. Ет асулы тұр. Әрине, сырттан ілгерінді-кейін келіп жатқан сияпат толық көрініс табатын шырайлы дастарқан. Әр жолы, артық та, кем де емес, бір шөлмек қызыл шарап. Тағы да сан сала, тартымды әңгіме. Ал ас мәзірінен соң шалқыған ән. Жәкең әуелгі күні алғашқы кезекті Құныпияға аударған. Құныпия Алпысбаев, әдебиет зерттеушісі, ол кезде ғылым кандидаты, кейінде доктор, профессор. Ол да өнерпаз ауылдан, әйгілі әнші Дәнеш Рақышевтің немере інісі, өзінің де әуезін бұрыннан білуші едім, Қазақконцертке жарап қалатындай, сырбаз, жақсы дауысы бар, бабына келтіріп, екі, әлде үш ән айтты. Содан соң, әрине, дарқан Жәнібек. Оңаша, өзіміз ғана, тіпті ерек естіліп еді. Жәкең әдетте қатарынан он, жиырма қайыра толғаса да талықпайды. Тіпті, шырқаған сайын өрлей түсетін. Әрине, тынымсыз емес, ара-тұра қымыз сораптап, әрқилы әңгімемен отырамыз. Жәнібектің пірі – Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков. Ұстаз әкенің әрқилы мінезін қызықтай отырып айтады. Тосын болмаса да, тың жағдаяттар. Жүсекең менің Мағауия атаммен ежелгі таныс, дос-жар кісілер еді. Кейінде Жүсекеңді сахна мен жазбадан тыс, өз үйімде де, ортақ ағайындар арасында да әлденеше рет тікелей тыңдағам. Ал Жәнібектің әңгімесі басқа бір тарап. Кірпияз ғадеті, ешкімге бас имейтін тәкаппар мінезі, кейбір замандастары сияқты, үлкен өнерге жөргем жалғамай, қазақ әуезінен айнымауы... Және консерватория қабырғасындағы ұстаздық тағылымы. Осы реттегі қызғылықты жайыттар. Бір кеш емес, бірнеше жолғы жалғас әңгіме. Жеке класс, маған үлгі танытып жатады, дейді. Осы сабақ үстінде кейде жас әнші, оқытушылар да келіп, үнсіз тыңдап отырады. Осы қатарда әріптес үлкендер де. Бұлар сәлем беру үшін. Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев келеді. Жасы кіші ғой. Қазақ рәсімінен озып, қол қусырып, иіліп, тағзым жасар еді. Сабағымыз үзіліп қалады. Көп емес, бір сәттік кіріп-шығу рәсімі де емес. Әлденеше ауыз сөз. Амандық, өнердегі соңғы бір жаңалықтар. Кейде әлдебір ағайын, немесе ересек балаларының жөні. Екеуі бірін бірі айрықша құрметтейтін, арасынан қыл өтпес тату еді. Алдымдағы атақты әнші, үлгілі ұстаздарды жадырай тыңдап, көтеріліп қалам. Біз де осындай болсақ қой деп ойлайсың. Ғарекең ғана емес, басқалар да арнап сәлем беретіні бар. Бірде ауылдас ағамыз келді, деді маған қарап күліп. Бірінші рет емес, әдепкі бір кезегі. Бұл да әйгілі әнші, бірақ домбырасыз, әрқилы аспаптар сүйемелмен айтатын. Және жасы көп кіші. Жүсекең Ғарекең келгендегідей, сабағын үзе қоймап еді. Анығы, мен әннің аяғын бітпегем. Ағамыз мені тыңдап, азғана бөгелді. Содан соң кішкентай ескертпе жасап еді. Мына бір жерін былай қайырып жіберсе, деп. Әрине, өз даусына салып. Жүсекең шарт ашуланды. «Әй, мауыққан мысықтай шырылдаған атаңның аузы!.. Мына сен мені түземексің бе!?» Ағамыз тосылып қалса да, көңіліне алмады. Азғана аңырап барып, сөз тапқан: «Мінеки, біздің шалдар осы... Жай сөздің өзін көтере алмайды. Үніңді шығарсаң болды, ұрсып, боқтай бастайды. Ал, мынау ініңнің қалқайып жүргенін көп көрсең, кетейік. Енді ертең жоқ, арғы күні ғана сәлем берем...» – деп, таяғын сілтей тастап, шығып жүре берді. Бірақ арғы күні емес, ертеңіне келген. Жүсекең құшақтап, арқасынан қақты. «Сенікі де жөн, – деген. – Бірақ менікі басқа. Әр әнші өзінше айтады. Мына Жәнібек там-тұмдап сахнаға шықты, кейде маған көбірек ұқсап кететіні бар. Ағалардан тағлым ал, бірақ өзіңше бол, деп жүрмін...» Жүсекең жарықтық осындай еді... – деп, толқына тоқтаған. Алғашқы емес, кейінгі бір кештегі әңгіме болса керек.

Анық сол әуелгі күнгі бір жағдаят. Жадырап отырмыз. Жәнібек әдетінше еркін толғайды. Ақыры, бес-алты, әлде, жеті-сегіз қайырымнан соң, өзімнің айрықша жақсы көретін әндерімнің бірі «Қанат талдыға» нұсқап едім. Жәкең аз-маз бөгелді де, домбырасын күйлеп, артын сөзге айналдырды. Содан соң басқа бір әнге тізгін берген. «Қанат талды» айтылмай қалды. Сол кеште де, келесі кеште де. Тек үшінші күні ғана, даусын әбден ашып алған соң әуелете шырқап еді. «Қанат талды» – өте күрделі, қиын ән. Бұрмасы емес, асқақ әуезі емес, өзгеше кең, әрі жықпылды, толқымалы сарыны. Жәнібектің еркін игерген және айтып та жүрген әні. Бірақ... кемелге жеткен өнерпаз, ақын, әнші, жазушы қашанда тек биіктен ғана көрінбек. Қаламгер үшін екі ауыз лепес, бір орам ғана суреттеме болса да, мінсіз шығуы керек. Әнші үшін де дәп солай екен. Сахнада тұрмаса да, топ іші де емес, екі-үш-ақ кісі бас қосқан шағын дастарқан басындағы әдепкі отырыстың өзінде қаяусыз, қапысыз толғауы шарт. Жалғыз адам болса да, тыңдаушының көңілі үшін емес, қалыпты өнер биігін ұстап тұру үшін. Әнге құрметпен қатар, өзінің менмен, асқақ көкірегін кемітпес үшін. Өзі үшін. Жәнібекті әрқилы жағдайда талай тыңдап жүрсем де, дәп осы «Қанат талдыға» байланысты таң қалған едім. Дауысы жетіп тұр, қолайына келіп тұр, бірақ апың-күпің айта салмай, үйреншікті биігіне ұмтылған. Шынында ғажап.

Жәнібек өз заманында армансыз шырқады. Көбіне концерт сахнасында емес, әрқилы жағдайдағы жұрт алдында. Бірде маған ашылып айтқаны бар, Қазақ елінде мен көрмеген жер жоқ, мен ән салмаған ауыл жоқ, деп. Теледидар бетіне де көп шықты. Осы орайда Ақселеу Сейдімбековтің ерекше қызметін атап айтқан жөн. Жетекші ғана емес, қостаушы, сүйемелдеуші ретінде өте жақсы, тартымды жүргізетін еді. Соған сәйкес: «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады», – дейтін әзіл де шыққан. Жай ғана тамсанушы емес, бағыттаушы, дәйектеуші болды. Осы қалыпта Жәнібек қазақ халқының неше ғасырлық ән өнеріне арналған, екі, үш емес, байыпты, баянды, толық тоғыз концерт беріп еді. Ақыры, менің де көлденеңнен араласқаным бар. 1988 жылы жазғытұрым ресми түрде Шәкерім ақынның беті ашылды. Енді бар мұрасын жарияға шығару міндеті тұрған. Бұл мұра – тек қана әдеби нұсқалар емес. Шәкерім өз кезінде Абай жолымен, бірақ Абай үлгісінен басқаша қаншама ән қалыптағаны белгілі. Ел орнында, саналы, білгір оқымыстылар да жоқ емес, сол қатардағы музыка зерттеуші, негізі Шыңғыстаулық Талиға Бекхожина апай Шәкерім әндерін бұрнада жинақтап, нотаға көшіріп қойған екен. Енді тиесілі мәтіндерімен жарыққа шығару керек. Сарапшы ретінде менің қарауыма түскен. Бәрі тамаша, – музыкалық тұрғысын айтам, ал мәтін жағы мүлде ақсап жатыр екен. Ел аузынан естіген қалпындай. Мен, бұрнағы білігім өз алдына, бұл кезде «Жалын» баспасына ақынның жеке жинағын әзірлеп жатыр едім. Түгел оңдап бердім. Осы кезде Жәнібек те тікелей өтініш жасаған. Ерте ме, кеш пе, Шәкерімнің ән мұрасын да толық игерген екен. Ел ортасында, бала кезінен естігені бар, енді Талиға апайынан және дәріс алыпты. Сөз ұшығы маған тірелген екен. Ән мәтіндерін түгелдей түпнұсқа бойынша қалыптадық. Төтенше қолқа – арнайы концертте менің жетекші болуым. Теледидар атаулыға құмарлығым жоқ, бірақ ерекше жағдай, – келістік.

Жазушылар одағының мәжіліс залында өткеріліп еді. Қазақ теледидарынан түсірушілер бар жарағымен және келген. 1986, күздің басы. Шәкерім енді ғана кеңінен насихатталып жатқан кез. Сол қатардағы өзгеше бір мәдени оқиға. Мен «тамсанушы» ғана емес, түсініктемеші, дәйекші болдым. Әуелде қызыға жиналған жалпы жұрт, кейінде теледидар көрермендері үшін, көпке беймәлім Шәкерім, оның мол мұрасы, қазақ руханиятындағы орны туралы қажетті, шағын ақпар. Содан соң, кезегі келген әрбір әннің шығу тарихына, мән-мағнасына қатысты, қолда бар нақты деректер. Сол қалпымен Жәнібек Шәкерімнің он екі әнін қайта тірілтіп еді. Бұрнағыдай, барды жетістіріп толғаған емес, жоқты қалпына келтірген, жалпы жұрт үшін мүлде соны, ғажайып концерт болды. Арада екі апта өтер-өтпесте толығымен, Қазақ теледидарынан берілді. Енді сырттай, көлденең көзбен қарап едім. Бұл жолы Жәнібек ғажайып әнші ғана емес, Шәкерімнің ән мұрасын қайтадан қалыптаушы, зерттеуші, әрі әйгілеуші ретінде көрінген. Осы әуелгі Шәкерім – Жәнібек кеші, мен көргеннің өзінде тағы да екі қайтара көп алдына тартылды.

Түйіп айтқанда, дәп осы жолы Жәнібек Шәкерімнің саз мұрасын, жоғын тауып, барын тиесілі әуезіне қайтарып, толығымен нақты бір жүйеге түсіріп еді. Осы ретте тағы бір қажетті дерек – Әсет пен Кемпірбайдың қоштасу жыры туралы. Қазақ әніне қатысты кейінгі бір телехабардан Жәнібек өзінше құрап шығарды, деген пікір естідім. Шындығы басқаша. Бұл сарын біздің Шыңғыстау атырабында бұрнаданақ кең таралған еді. Негізгі – Әсеттің төл нұсқасы болуға тиіс. Солай деп айтатын. Мен өзім бала жасымнан жиын, тойда талай естігем. Менің үлкен әкемнің әпкесінен туған, біздің шаңырақта өсіп-жеткен Төкен аға Бекмағамбетов – сұлу, сері жігіт болды, әдемі дауысы бар еді, басқа қатарда Әсет-Кемпірбай жырын да келістіріп айтатын. Яғни, Жәнібек осындай ауыл әншілерінен ауысты. Қаз-қалпында, дер едім. Әрине, аздыкөпті өз әуезіне түсіріп. Бірақ жаңадан қалыптау емес, жаңғырту есепті. Сөйтіп, алаштың ежелгі мұрасының тағы бір үздік үлгісін өлмес ән қазынасының қатарына қосыпты.

Жәнібек, Шәкерімнің жариясынан соң арада екі жыл өткенде дүниеге келген, ақыры кенже болып қалған кішкентай ұлының атын Шәкерім қойып еді. Қырқынан шыққан күннің ертесіне, бата сұрап, ырым болсын деп, келін екеуі біздің үйге алып келді. Тағы да қызықты кеңес, ән кеші. Ең соңғы кездесу емес, бірақ есте қалған ең ақырғы елеулі отырыс екен.

Осыдан біраз кейін, біздің үлкен ұл, алты айлық кішкентай баласы барына қарамастан, келіншегімен айрылысып еді. Әрине, қолайсыз жағдай ғана емес, үлкен реніш, бізден алыстаған немеренің арты қалай болар екен дейтін уайым. Сонда Жәнібек айтып еді: «Аға, жеңеше! Әуел баста өздеріңіз үлкен қателік жасаған екенсіздер. Жасы он жетіге де толмаған, ақыл тоқтатпаған қыз баланы бірден үйге кіргізбей, созбалақтай тұру керек еді, – деп. – Сонда бәрі басқаша шешілуі мүмкін еді», – деп. Осыдан соң анығын айтты: «Мен өзімнің балама біз қаламаған келінді алуға рұқсат бермей қойдым...» – деді. Қайда. Қазіргі ұл мен қыз сөзге тоқтай ма. Ай өтті ме, жыл өтті ме, ақыры Жәнібектің үлкен ұлы да әлгі, айрықша ұнатқан қызын келін түсіруге көндіріпті.

Енді үлкен той мәселесі шешіліп, тиесілі дайындық жүріп жатса керек. Алайда, Жәнібек той қызығын көрмей кетті. Сойысқа толымды жылқы әкелу үшін, машинасымен, жалғыз өзі Талдықорған тарабына аттанған екен. Кейінде естігеніміз, үйден әлдеқалай ренжіп шығады. Одан соң жолай консерваторияға барады, Жазушылар одағына бас сұғады. Арада бірер сағат өтер-өтпесте, Қапшағайға жетпей, жол апатына ұшырап, шәйіт болыпты...

Бұл кезде мен Әди аға Шәріповтың сексен жылдығының қошаметімен Семей обылысының шығыс аудандарына бет түзеген едім. Алғаш, жолға шыққан күні, осы Қапшағайда естідік. Ол да қостаушы, әнші Майра Ілиясова айтып еді. Қапшағай бекетінде май құйғызуға тоқтағамыз. Әдекең Клара апайымызбен бірге машинасында отырған. Біз микроавтобустан түсіп, бой жазып тұр едік. Сонда Майра, амал жоқ, енді айтайын, деп бастады. Жаңа ғана біз өткен үзікте кеше түстен кейін көріпті. Жайрап жатқан машина, қазаға ұшыраған кісіні. Осы Қапшағайдан, әлде арғы бір тұстан Алматыға қайтып келе жатқан жолында. Таңертең радиодан естідім, өзіміздің Жәнібек екен... деп еді. Менің өне бойым суып кетті, біздің үйдегі жеңгесі: «Жарығым-ай, не сұмдық...» – деп шыр-пыр болып, дірдек қаққан. Өзіміз үлкен кісінің мерейтойына бара жатырмыз. Амалсыз басу айттым. Қайғылы хал, тағдыр ісі, дәп бүгін Әдекеңе көңіл күйімізді аңғартпай-ақ қоялық, деп. Әрине, артынан, бәлкім, дәп осы жолы әлдеқалай естіген болуға тиіс, өмірде талай көксоқтаны көрген, ұстамды кісі ғой, сыртқы сызын байқамадым.

Біз оншақты күннен соң қайтып оралғанда бәрі де біткен. Жерлеу кезінде кейбір ағайындар мені іздеген екен. Оның ішінде бізді Ала-көлде құрметтеген Жігер ағасы. Жолда жүргенімді естіпті. Әрине, маған қарап тұрған ештеңе жоқ, бірақ қайғыны бөліссе, жеңілейеді деген бар ғой. Қайткенде қабір басында бірер ауыз бақұл сөз айтар едім.

Ауыр қаза, қазақ мәдениеті үшін орны толмас қайғы. Сөйтсек, Жәнібектің мезгілсіз өлімі – үлкен апаттың бір ғана бөлшегі екен. Қайткенде артында қаншама мұрасы бар еді. Түптеп келгенде қыруары қайда, жұқанасы ғана қалыпты.

Ең бірінші олқылық – Жәнібек бұрнағы бір жылдар болмаса, толысқан, кемеліне келген отыз бес-қырықта ешбір әнін Қазақ радиосына жаздырмапты. Сонда, музыка бөлімінде отырған жігіттермен қырбай екен. Аналар ықылас білдірмеген, Жәнібек жазып ала қойыңдар деп иілмеген. Ақыры, «алтын қорда» жоқ болып шықты. Бұл – бар кеселдің басы ғана екен. Қазақ теледидарында мол қазынасы тұр ғой. Тірі дауысы ғана емес, өзінің бар суреті, бет-бейнесімен. Ол да түгелдей дерлік жойылып кетіпті. Қисынсыз ертегі сияқты. Алайда анық, кісі қолынан келген кесапат.

Мына қараңыз. Тәуелсіздікпен бірге тапшылық келді ғой. Бар тарапта. Оның ішінде теледидар студиясында да. Ендігі бағдар – бүгінгі шалағай көсемді мадақтаған, «ғаламат табысты» насихаттаған, немесе, қырқылжың сөзге құрылған жаңа хабарлар. Осы, аса мәнді көрінген өзгеше нұсқаларды жазу үшін, кәдімгі, қымбат болмаса да тиын-тебенге есептелген жаңа дискеттер керек. Ал ақша жоқ. Сондықтан бұрнағы қорда тұрған жарамсыз түсірілімдерді өшіріп, осы ескі дискетке ендігі құнды дүниелерді жазу керек. Ал шынымен жарамсыз, баяғы советтік, балшабектік тұрғыдағы жазбалар жүз сан. Қисапсыз көп. Алайда, ескіні жаңаша пайдалану жолында Жәнібек әншінің мұрасы бірінші кезекте құрбанға шалыныпты. Манағы, Ақселеу екеуі түскен тоғыз табақтың екеуі ғана аман қалады. Бірі – Абай әндері. Екіншісі – Кенен ақсақал. Абай, әрине, аруақ. Қол бармаған. Кенекеңнен де кінә жоқ, ата баласы, бәрінен жоғары тұр. Ал Біржан, Ақан, Мәди, Әсет, Естай... тағы қаншама ғажайып ән, жай ғана ән емес, Жәнібек Кәрменовтың орындауындағы ғаламат мұра бір-ақ күнде жойылып кете барған. Анығы – бір күн емес, бірнеше күн қатарынан. Оның ішінде осы кейінгі кезде ғана түсірілген Шәкерім әндері де желге ұшты. (Осы шағын естелікке отырарда қазақ интернетін біраз ақтарыстырған едім, ақыры Абайдың өзінің нұсқасын таппадым, ерте ме, кеш пе, ол да түп тамырымен жойылып кеткен сияқты.)

Кездейсоқ жағдай ма, әлде жоспарлы жойымпаздық па. Әдейі жасалған қастандық деп білем. Жаңа дискет табу жолында неге басқа қаншама қыртымпай емес, Жәнібек мұрасы алға шығуы керек еді? Жағалай құртып жатса, әлгі жалғыз табақ – Абай мен Кенен қалайша аман қалған? Бұларға қоса тағы бір түйдек – Ақан, немесе Біржан, әйтпесе Мәди мен Естай. Жоқ, тобымен, қатарынан қиылыпты. Жәнібектің сырлы, сиқырлы даусымен қоса, Ата-Қазақтың жүз жылдық ән қазынасы.

Бұл кезде қазақтың радио-теледидар комитетін басқарып отырған – Шерхан Мұртазаев болатын. Атағы аспанға шығып, шалықтап, шарықтап тұрған ғажайып тұлға. Алаш жұртының сайланбасыз рухани көсемі. (Арада он-он бес жыл озғанда бұл бейресми, бірақ құдірет-күшті мәртебеге сексен өтірік суайт Шаханов бекітілді.) Бұрын соңды қазақта тумаған ғаламат тұлға. Күн сайын барлық баспасөз, электрондық ақпаратта неше қайыра, тынымсыз мадақталып жатады. Манағы Ақселеу енді өкімет пен партия тіреп тұрған Шерханның қатардағы жандайшаптарының біріне айналған. Кейін, Шерхан орнынан түскенде, қаралы мақала жазып, қайғы арқалап, құса бола жаздағаны бар. Міне, Жәнібектің мол мұрасы, қазақтың баға жетпес ән қазынасының аяқ астынан, тып-типыл жойылуында осы, әулиеге теңестірілген, кейінде парламентте отырғанда, қазақ жерін жаппай сатуға екі қолын бірдей көтерген ғажайып Мұртазаев – ең басты айыпкер, нағыз күнәкар деп табылуға тиіс. Арнайы жарлық берді демейін, тым құрса, толық иелігіне көшкен ұлттық қазынаны, талан-таражыңыз не, шашау шығармай, аман сақтауға тиіс еді. Қазақ халқының рухани мұрасы – қарауындағы қаншама байырғы қызметкерді жерге қаратып, кейіннен келсе де өзіне жақын ағайынға жағалай пәтер үлестіру емес. Телерадио комитетіне тиесілі, бүткіл республика шегіндегі қызмет машиналарын есептен шығарып, кәдімгі, арам пайдаға сату емес. Жаңаны жасамасын, ескіні біржола құртуға қалай жол берген? Соншама атаққа бөгіп, бүткіл алаш, бар жақсыны аузына қаратып, дабылдап отырған кісінің, алтын қорда тұрған, жалпы жұрт игілігі, бүткіл қазаққа меншікті оншақты дискіге ие бола алмай қалуы – таң қаларлық жағдай. Тікелей жарлықпен жойғызбасын, көмекшілері арқылы айтылған бір-ақ ауыз сөзбен сақтап отыруы қиын емес еді ғой. Қалай болса да, Жәнібектің тоқсан, әлде жүз жиырма, жүз елу әнінің аяқ астынан жойылып кеткенін сол кезде құлағы бар жұрттың бәрі естіді, санасы бар азаматтың бәрі түңіліп, пұшайман кепке түсті. Алайда, бұл қалай деп айтуға тірі жанның батылы барған жоқ. Тіпті, тамсанғыш Ақселеудің өзінің дымы шықпады, сол кезде де, кейін де. Күні бүгінгеше, сақталмапты деп қана қоя саламыз. Төтенше апат мүлде ескерусіз қалды. Әйтпесе, мұндай сұмдық мүлде болмағандай. Біз де қазақтың бар жоғын түгендей алмаймыз. Әлдекімді айыпкер көрсету емес, осындай әлеметтің ұмытылмауы, кейінгі ұрпақтың жадында тұруы үшін арнайы айтып отырмын. Тым құрса біздің ішімізде қалмасын деп.

Сонымен, қайран Жәнібек, арыдағы Біржан мен Ақан, кейініректегі Әсет пен Естай, күні кешегі Жүсіпбек пен Ғарифолланың тікелей жалғасы, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы алаш жұртының ұлы әншісі Жәнібек Кәрменовтың телегей мұрасының оннан тоғыз бөлігі жоққа айналыпты. Біраз жылдар өтіп, ақылы түзулердің есі кіре бастаған кезде жақын достары Жәкеңнің сақталып қалған әндерін жинақтауға тырысады. Несіпбек Айтов пен Тұрсын Жұртбаев. Ешбір қорда мардымды ештеңесі жоқ, өз шаңырағында да жүрдім-бардым, селкеу сақталған, кезінде әркімде, кездейсоқ жағдайда, кездейсоқ жазылып қалған жабайы нұсқалар. Бұлардың көбі жарияға көшіруге, техникалық тұрғыдан жарамсыз болып шығады. Ақыры, құрап-сұрап, жамап-жасқап, жиырмаға тарта әнді қатарға қосыпты. Толымсызы өз алдына, бұлардың көпшілігі – Жәнібектің шарықтау шағында таңбаға түскен жазбалар емес. Нақ өзі десек те, бұрнағы бір нұсқалар. Таспада және дискетте, екі бөлек шығарыпты. Мен қуана алғызып, алғаш рет тыңдағанда, өзім жақсы білетін Жәнібекті танымай қалдым. Бар жағынан әуелгі қалыптан төмен, нағыз Жәнібектің солғын бір елесі ғана. Қайыра, тағы да қайыра тыңдаған соң, амал жоқ, мойындауға тура келді. Иә. Әміреден озыпты. Сақталу жөнін айтам. Ал Жүсекең мен Ғарекең тұрыпты, қатарлас қарабайыр әншілердің өзімен салыстырғанда, өзегіңді өкініш өртейді. Ақыры, тәуба қылып әрең тоқтадым. Рас. Бұл да Жәнібек. Бірақ шырқау биігі емес.

Жәнібек біз көзбен көріп, көзбе-көз, тірі даусын естіген екі ұлы әнші: Алтын Орда-Ноғайлы сарынын қаз-қалпында сақтап қалған, тұрпаты бөлек Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев қана емес, ол да Алтын Орда-Қыпшақ әуезіне бейім Жүсекең – Жүсіпбек Елебековтен де басқаша мәнердегі ересен әнші ретінде бой көтеріп еді. Екеуінің де жалғасы, бірақ көшірмесі емес, жаңғырған, жаңа бір көрінісі. Тұтастай алғанда, қазақ ән мәдениетінің заңғар белінің бірі. Ең соңғы деп айтпайық. Алдағы заманда талай саңлақ туар, бірақ Жәнібек қайталанбайды. Биігі ғана емес, өзгеше сыр-сыпаты да. Асқаралы құбылыс еді.

Жәнібек кез келген әнді бастарда, ең алдымен, «А-ау-у!..» – деп көтере шырқап, дауысын ашып алатын. Ежелгі қазақ әншілерінің қалыпты ғадеті. Алайда, үлкен сахнада сол беті орнықпады. Тоқтау жасалған сияқты. Еуропалық орындау мәдениетіне үйлеспейді деп танылса керек. Шындығында, ұлттық нақыштың бір көрінісі болатын. Жәнібектің жазбаға түсіп, бүгінге жеткен әндерінің ішінде тек бір-ақ рет – Шашубайдың «Ақ қайыңы» кезінде көрініс береді. Сөлекет ештеңесі жоқ, керісінше, ұнасымды.

Бұдан соң суыра шалқып, жоғарыда қаншама аспандаса да өресі еркін жететін, төменге үзіле сорғаласа да сырлы әуезін сақтайтын ғажайып дауыс. Тыңдаушының көкірегін кеңітетін шырқау биік қана емес, көңілдің терең түкпірін тербейтін, сан салалы толқыма. Жәнібек әуезінде, бұрнағы, соңғы ешбір әншіде кездеспейтін, жан қытықтап, жүрек шымырлатар өзгеше діріл бар еді. Және одан әрмен тұңғиыққа тартқан, сыршыл, нәзік иірім.

Егер Жәнібек қазақ әуезін ақырына дейін ұстанбай, бүгінгі заманғы операға көшсе, Ұлы Карузо сияқты тереңнен суырып, күңіренте толғайтын, Марио Ланца кейіпті, мейлінше еркін, кең тынысты, Марио Дель Монако, немесе Беньямино Джильи сияқты, әр қайырымында жан тербейтін, бүткіл әлемді таңырқатқан, кең өрісті өнерпаз болып шығар еді. Біздің айрықша бақытымызға қарай, қазақтың ұлттық әуезімен шектеліпті. Бұл қазақ әні де, бұрнада айтқанымыздай, енді таңбалап жазып отырғанымыздай, әлемде теңдесі жоқ, ерекше құбылыс. Өзі де әнкүйлі, рухани өркенді, озық ортада туып-өскен Жәнібек, өмірге, өнерге көзін ашып, өрісін кеңейткен тікелей ұстаздарының тағылым, үлгісі арқылы, өткендегі саңлақтардың озық мұрасын танып-білу арқылы, Алаш жұртының ежелгі ән мұрасын жеріне жеткере игеріп, одан әрмен дамытты. Үш жүзге тарта ән білем, және бәрін де өз деңгейінде айта алам, деуші еді. Мұның ішінде анық жүзден астам, бәлкім, жүз жиырма, жүз қырық әнді сахнаға шығарды, жазбаға түсірді. Енді бүгінде осы шалқартеңіз қазынадан, жинақтап келгенде, небәрі жиырма-шақты ғана ән сақталыпты. Айттық, оның өзі Жәкеңнің ең жақсы деңгейінде емес.

Әйтсе де... Басқа бір тараптан басқа бір жазбалар табылып қалуы мүмкін сияқты. Тұтасымен болмаса да, жекелеген әндер. Жәнібек Түркияға екі-үш рет барды. Сонда отанынан, отан болғанда Қазақстан емес, ежелгі ата жұрттың бірі Шығыс Түркстаннан ауған, елден айрылғалы қырық жыл болған ағайындардың қалай қарсы алғанын толқына отырып, бабымен баяндар еді. Әуелгі жолы, «Ағажай-Алтайды» айтқанда, жұрт күңіреніп кетті, дейді. Үлкендер көз жасына ерік берген. Сабырға шақырдым, басқа бір әндерге көштім, содан соң ғана екінші мәрте қайталап айттым, дейді. Бұл кезде Түркия қазақтары электрондық құралда бізден әлдеқайда ілгері, жаппай жазып алып жатса керек. Бір-екі, төрт-бес ән емес. Он, жиырма ән. Күні бүгінде әр үйде болмаса да, біраз шаңырақта сақталып тұрса несі бар. Кейін, 90-жылдарда «Азаттық» радиосында осы Түркиядан түскен үш-төрт ән айтылып жүрді. Оның ішінде «Ағажай-Алтай» мен «Сарыбидай» – біз өз үйімізде, ағайын арасы, жиын, тойда тыңдаған қалпымыздай шығыпты. Мұндағы жазбалардан көп ілгері.

Ендігі бір ілгішек – Жәкең сексенінші жылдардың өзінде советтер шегіндегі әрқилы мәдени шараларға қатынасып жүрді. Соның бірі – 1987 жылы Самарқанда өткен «Халықаралық музыка-тану симпозиумы» («Третий музыковедческий симпозиум «Самарканд-87»). Орталық Азия халықтарының өкілдері қатынасқан. Қазақтан төрт-бес кісі. Жәнібек Біржанның «Жамбас сипарын» айтыпты. Жазбаға түскен, келесі жылы Таскентте шыққан табақта әр тарап, топты орындаушылар қатарында жүр. Бізде жоқ, бірақ қолға түспейтін нәрсе емес. Сондай-ақ басқа тарапта басқа бір жазбалар да табылып жатуы ғажап емес. Кейінгі зерттеушілердің қаперінде болсын деймін.

Әрине, бүгінде өзінше жинақталған, қолда барды толайымен теріске шығармаймыз. Әйткенмен, Жәнібек бұдан көп жоғары еді. Ән мұрасының ауқымы жағынан ғана емес. Бар тұрғысынан.

Сонымен қатар... Жәнібек мұрасының қазақ теледидар қорынан жоғалу тарихы басқаша шешілуі мүмкін деген үмітті болжам да айтылған. Сол жойымпаз заманда осы теле-радио құрамында қызмет атқаратын, Жәкеңе ниеті бұрыс басшылар қатарындағы Н. дейтін журналист өзімен бірге ала кетіпті-міс. Жымқыру емес, көлденең кеселден сақтау үшін... Сенгің келеді. Бірақ одан бері де ширек ғасыр. Ешқандай сызы жоқ.

Тыныш, байсалды тіршілікті құдай бере ме, әлде басқа бір тараптағы сәтті жағдайлар нәтижесі ме, қайткенде ұзақ ғұмыр бұйырған пенденің көрмегі көп. Игілік, барақатпен қатар, әрқилы күрделі жағдайлар да ұшырасуы – табиғи жағдай. Көңілсіз кеп атаулыны өз басыңнан өткермесең де, әредікте куә болуға мәжбүрсің. Мен бірнеше жақсы інімнен көз алдымда айрылдым. Жақсылығы – маған сүйеніші, жақындығында ғана емес, туған халқына игілік сыйлаған айрықша дарынына байланысты болатын. Ықшамдап айтсам – Асқар Егеубаев, Ерік Асқаров, және, сөз жоқ, осы Жәнібек Кәрменов. Ақырына дейін көсіле алмай кеткен Еріктің бар өлеңі кітапқа шыққан, Асқардың артында әр жанрдағы әжептәуір мұра қалды. Ал Жәнібек... мен білген жақындар ішіндегі ең бір трагедиялық тұлға болып көрінеді. Қайғы – мезгілінен бұрын үзілуінде ғана емес. Соншама ірі, және мол мұраның түгелге жуық харап болып, шамалы, онда да көбіне-көп солғын бір бөлшегі ғана кейінге жетуінде.

Қазақ руханиятындағы орны толмас олқылыққа аз да болса себесін үшін, зерттеу емес, бағалау, байыптау үшін, осы амалсыз естелікті қағаз бетіне түсірдім.

Басқа не шара, иманы жолдас болып, жаны жаннатта шалқысын, қайран Жәнібектің!..

Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ,

7-9.ХІІ.2020


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар