Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мишель Фуко. Өлім мен өмірге билік ету құқығы...

04.10.2024 1194

Мишель Фуко. Өлім мен өмірге билік ету құқығы 14+

Мишель Фуко. Өлім мен өмірге билік ету құқығы - adebiportal.kz

Мишель Фуко өзiнiң әйгілі мақаласында «биокүш» (biopower) концептін зерделейді. Ежелгі дәуірде әміршілер иелігіндегі халықтың өмірі мен өлімі жайында шешім қабылдау құқығын өз құзырында ұстағаны белгілі. Уақыт өте келе олар бұл құзыреттен айырыла бастады. Мұны Фуко ұстанымына сәйкес, өмірдің қуат-күші бар болғаны қызмет тәртібін ауыстырды, айласын асырды және кеңірек қанат жайды деп пайымдайды. Аталмыш құзырет қазіргі кезде полицияның баяндамалары немесе психиатриялық зерттеулер сияқты білім тетіктері мен еңбек арқылы адамның әлеуетін арттыратын, позитивті болып көрінетін мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ұзақ уақыт бойы тәуелсіз биліктің негізгі басымдықтарының бірі өмір мен өлім жайында шешім қабылдау құқығы болып келді. Заңды түрде, ол, сөзсіз римдік отағасына балаларының және құлдарының тағдырын «қалағанынша шешу» құқығын берген (өмірді «берген» – әке, сол өмірді тартып алса да өзі білетін) ежелгі әке билігінен (patria potestas) тарағаны анық. Классикалық теоретиктер тұжырымдаған өмір сүру мен өлуге құқық, бұл құқыққа қарағанда, анағұрлым жұмсақ болады. Уақыт өте келе әмірші құзырындағыларға қатысты құқығын абсолютті және шартсыз деп қабылдамайды, бірақ көп жағдайда оның өз өміріне қауіп төнгенде қолданады: былайша айтқанда, қарсы әрекетке құқық берілген. Оны орнынан тайдыруға әрекеттенген не құқығына таласқысы келетін сыртқы жау қауіп төндіріп тұр ма? Ендеше, ол заңды түрде соғыс жүргізіп, өз құзыретіндегілерден мемлекетті қорғауын талап ете алады, оларды «тікелей өлім жазасына кеспей», «бастарын қатерге тігуге» құқылы. Бұл ретте әмірші оларға қатысты «жанама» өмір мен өлім құқығын пайдалана алады. Ал егер олардың бірі қарсы шығып, заңды бұзса, онда құзырындағы адамның өміріне тікелей құқығын іске асыра алады: жазалай отырып, өлтіре алады. Өмір мен өлімге құқық бұдан былай артықшылық емес: ол әміршіні қорғау мен оның тіршілігіне негізделеді. Гоббспен бірге оны әркім табиғи жағдайда ие болған құқықты әміршіге беру, өз өмірін өзгелердің өмірінің құнымен қорғау құқығы деп қабылдау керек пе? Әлде бұл жерден жаңа құқықтық жаратылыс, әміршімен бірге келген қандай да бір ерекше құқық көреміз бе? Қалай болғанда да, өмір мен өлімге құқық шектеулі және шартты заманауи формасында да, бұрынғы абсолютті формасында да асимметриялық құқық. Әмірші өзінің өмір сүру құқығын өлтіру құқығын іске қосу не одан тартыну арқылы іске асырады; өзінің өмірге жүргізетін үстемдігін өзі талап ете алатын өліммен ғана белгілейді. 

Бұл жерде «өмір мен өлім билігі» деп отырғанымыз, шындығында, өлімге мәжбүрлеу құқығы мен өмір сүруге рұқсат ету  құқығы болып саналады. Түптеп келгенде, оның «қылыштың жүзімен» шешілуі бекер емес. Бәлкім, бұл заңдық форма биліктің өз құзырына бағынған халықтан жинаған байлығы, өнім салығы, тауары мен қызметін пайдалануы, қан мен терінің белгілі бір бөлшегін меншіктеудің алым-салық (prélèvement) тетігі ретінде жүзеге асқан қоғамның тарихи түріне жатқызылуы мүмкін. Бұл жерде билік – ең алдымен затты, уақытты, денені, ақыр аяғында өмірді тартып алды, оның шарықтау шегі басып-жаншу үшін өмірге иелік ету болды.

Классикалық дәуірден бастап Батыстағы билік тетіктері көптеген өзгерістерге ұшырады. «Дедукция» күштің негізгі объекті болып саналмайды, қайта түрткі болу, күшейту, бақылау, қадағалау, оңтайлау мен өзіне тиесілі күшті пайдалану сияқты, биліктің көп қызметінің бірі болып қалады. Билік кедергі жасау, бағындыру немесе жойып жіберуге емес, керісінше, күшті түрлендіру мен арттыруға бағытталады. Дәл сол сияқты өлім құқығында да өзгеріс қылаң берді, толық өзгеріс болмаса да, биліктің басқару талаптарына сүйену, өзін солай анықтауға бейім танытты. Әміршінің қорғауға не қорғауды талап ету құқығына негізделген бұл өлім енді әлеуметтік дене құқықтарының – өз өмірін сақтау, қорғау, дамыту құқығының – теріс жағы. Алайда тарих барысында өткен сұрапыл соғыстар қазіргідей, яғни ХІХ ғасырдың басынан бері қарайғы кезеңдегідей қантөгісті болған жоқ. Билеуші режимдер өзі басқаратын халыққа қатысты мұндай жаппай қырғынды (holocausts) ешқашан ұйымдастырған емес. Бірақ өлімнің мұндай адам шошырлық қатыгездігі – бәлкім, оның шекарасын кеңітіп жіберген күш пен арсыздықтың бір бөлігі осыдан туындайтын шығар – өмірге позитивті тұрғыда қарап, тізгінді берік ұстау, жағдайын жақсарту, күшейту, оңтайландыру, сапасын арттыру, күнделікті іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыра білу сияқты қызметтерді жүзеге асыратын билікке қосымша ретінде жүреді. Бұдан былай адамдар әмірші үшін соғыспайды, күллі халық үшін соғысады, күллі халықты, олардың тағдырына билік жүргізіп, бірін-бірі қырсын деп бір-біріне айдап салады. Қазіргі кезде қырғын ауадай қажет құбылысқа айналып кетті. Адамзаттың өмір сүруі мен тірі қалуын өз қалауынша кесіп-пішкісі келетін көптеген режимдер адамдарды қанға бөктіріп, соғыс ашуға мүмкіндік алды. Бәрі өзгерді, тіпті төңкеріліп түсті: жаңа соғыс технологиялары түк қалдырмай қырып жіберуге қаншалықты бейім болса, соғыс ашатын немесе оны тоқтататын шешімдер адамзат баласының бейбіт өмірін қамтамасыз етуге қауқарсыз еді. 

Бүгінгі атомдық жағдай – осы үдерістің соңғы нүктесі ғана: халықтың бір бөлігін ымырасыз өлімге қию – халықтың екінші бөлігінің өмірін сақтау кепілінің теріс жағы. Шайқастар тактикасына негізделген өмір сүру үшін өлтіру принципі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық принципіне айналды. Бірақ біз айтып отырған тақырып – тәуелсіз мемлекеттің өмір сүруі емес, халықтың биологиялық тұрғыда тіршілік ету мәселесі. Егер геноцид шынында да заманауи билік режимдерінің арманы болса, бұрынғы өлтіру құқығы қайта оралып жатқандықтан емес, билік халықтың өмір, нәсіл, тек, бұқаралық феномендері деңгейінде орналасып, жүзеге асатындықтан орын алуда.

Басқаша айтқанда, өлім жазасын мысал ретінде алар едім. Ұзақ уақыт бойы өлім жазасы, соғыспен қатар, қылыш құқығы тағы бір формасы болды. Ол әміршінің бұйрығы мен заңына немесе өзіне қарсы шыққандарға жауабы еді. 

Дар ағашының жанында өлім жазасына кесілгендердің саны артып, соғыста қаза болатындардың қатары азайып барады. Бірақ біреулердің саны артты, екіншісі азайды десек те, екеуінің себебі бір. Билік айналасына айтқанын жүргізу міндетін мойнына алғаннан бері өлім жазасын қолдану барған сайын күрделене түсті. Бұл адамгершілік сезімінің оянуынан емес, биліктің жүйесі мен логикасына байланысты болды. 

Егер биліктің негізгі рөлі адамдардың өмір сүру құқын қамтамасыз ету, қолдау, күшейту, сапасын арттыру және қалпына келтіру болса, ол қалайша жоғарғы өкілеттігін өлім жазасымен жүзеге асырмақ? Мұндай билік үшін өлім жазасы – адамдардың өмірін шектеу, әрі масқара, кереғар. Өлім жазасының сақталуы қылмыстың шектеншыққандығын ескеруден емес, қылмыскердің жан түршігерлік қауіптілігі, оның түзелмейтіні және қоғамды қорғау мақсатын көздеуден ғана болып отыр. Билік қоғамға биологиялық қауіп төндіретін адамдарды өлтіруге құқылы болды.

Бұрынғы өлімге мәжбүрлеу немесе өмір сүруге рұқсат ету құқығы билік тарапынан өмір сүруге мәжбүрлеу мен өлімнен бас тартумен алмастырылды деуге болады.

 Өлімге қатысты рәсімдердің қолданыстан шығуын бейнелейтін өлім дисквалификациясы да (бұрынғы мағынасынан айырылуы), бәлкім, сонымен түсіндіріледі. Өлімнен бұлтаруға тырысу оны біздің қоғамымыз үшін төзгісіз ететін, бұрын болмаған алаңдаушылықпен ғана емес, билік процедуралары олардан жүзін теріс бұрғанымен де байланысты деуге болады. Бір дүниеден екінші дүниеге өту, өлім – осы дүниедегі өмірден анағұрлым құдіретті дүниеге кету еді; сол себепті өлімді әспеттеген салтанатты көріністер саяси рәсім категориясында болатын. Енді билік өмірдің өзі мен оның барысына қақпан құрады, ал өлім – оның шегі, оның уысынан шығып бара жатқан дүние; өлім жаратылыстың ең құпия, ең «оңаша» аспектісіне айналады. Бұрын күнә болып саналған себебі – жердегі патша болсын, көктегі Құдай болсын – әміршінің құзырындағы өлім құқығына қол салу болған суицид ХІХ ғасырда әлеуметтік сараптаманың негізгі объектінің біріне айналды; себебі суицид – өмірге үстемдік құрған биліктің шекаралары мен саңылауларында – жеке және дербес өлу құқығының пайда болуына мүмкіндік берді. Саяси билік өмірді басқарамын деп жариялаған қоғамда бұл – соншалықты оғаш, үйреншікті, тұрақты, яғни жеке ерекшеліктер мен кездейсоқ жағдайлармен түсіндіруге келмейтін өлуге шешім қабылдау – ең алғашқы есеңгіреу болды.

Нақтылай айтқанда, ХVII ғасырдан бастап өмірді басқару негізгі екі түрде дамыды; алайда бұл формалар қарама-қарсы емес еді; олар бір-бірімен түрлі қатынастар жиынтығымен байланысқан екі даму бағытын ұсынады. Бұл полюстердің бірі – машина деп қабылданған дененің айналасында алғашқы болып топтасып, қалыптасқаны сияқты. Оның мүмкіндіктерін оңтайландыру, күшін әлсірету, тиімділігі мен бағыныштылығының қабат артуы, бақылаудың нәтижелі экономикалық жүйесіне біріктірілуі, осының бәрі – адам денесінің күллі анатомиялық саясатын сипаттайтын билік процедураларымен қамтамасыз етіледі. Екінші, кейінірек пайда болған форма биологиялық түрдің денесіне бағытталған. Денеде тіршілік механизмі бар және ол туу, дүниеге ұрпақ әкелу, өлу, денсаулықтың сапасы, ұзақ өмір сүру сияқты өзгерістерді туғызатын жағдайлармен бірге биологиялық үрдістің негізі болады. Оларды қадағалау бірқатар тәжірибелік іс-шаралар мен реттеуші бақылаулар (regulatory controls) – халықтың биосаясаты арқылы жүзеге асадыДененің тәртібі мен популяцияны реттеу барысында айналып жүретін қос полюс сияқты. Классикалық дәуір барысында осы биполярлық-анатомиялық және биологиялық, даралайтын және нақтылайтын өмір үдерістеріне назар аудара отырып, дене өнімділігіне, яғни жетістіктерін жариялауға қарай бағытталған технологияның түзілуі, ең жоғарғы функциясы бұдан былай өлтіру емес, өмірді толықтай инвестициялау болатын билікті сипаттады.

Әміршінің билігінде көрініс тапқан өлімнің бұрынғы құдіреті енді ағзаларды басқару мен өмірді есеппен игерудің тасасында мұқият жасырулы. Классикалық дәуірде университет, мектеп, казарма, шеберханалардағы түрлі пәндердің жедел дамуы; саяси тәжірибелер мен экономикалық бақылаулар алаңында туу, өсім, өмір ұзақтығы, қоғам денсаулығы, тұрғын үй, көшіп-қону секілді мәселелердің пайда болуы ағзаларды бақылау мен халықты қадағалаудың көптеген және әртүрлі техникаларының дүмпуі еді. Осылайша, биокүш дәуірі басталады. Ол екі бағытта дамып, ХVІІІ ғасырдың өзінде бір-бірінен бөлінеді. Тәртіпке келсек, бұл әскер мен мектеп сияқты институттар; тактика, үйрену мен тәрбие, түрлі қоғамдардың тәртібі жайындағы толғаныстар – Маршал де Сакстың әскери сараптамаларынан Гибер немесе Серванның саяси бағыттағы армандарына дейінгі толғаныстар. Халықты бақылау әдістері тұрғысынан демография, ресурстар мен тұрғындар арасындағы қатынасты өлшеу, байлық пен оның айналымы, өмір мен оның ықтимал ұзақтығының кестелері: Кенэ, Мохо, Зюсмильхтің еңбектерінде көрініс тапты. Биліктің бұл екі техникасын өз ауқымында келістіріп, одан қандай да бір ортақ теория шығарғысы келген абстракт дискурс «идеологтар» философиясы, идея, таңба, сезімдердің жеке генезисі теориясы, сонымен бірге қызығудың әлеуметтік үйлесімі, оқу теориясы ретіндегі «идеология», қоғамдық келісім теориясы мен әлеуметтік дененің жүйеленген құрылымынан құралды. Шын мәнінде, бұл техникалар спекулятивті дискурс деңгейінде емес, нақты тәртіп (agencements concrete) формасында бірігеді. Бұлар ХІХ ғасырдағы биліктің ұлы технологиясын жасайтын құрылғылардың біріне айналады: сексуалдықтың жаппай таралуы олардың ең маңыздыларының бірі болады.

Бұл биокүш капитализмнің дамуында сөзсіз міндетті элемент. Ол капитализмнің дамуын өндіріс аппаратына денелердің қадағалана отырып енуі және халықты экономикалық үдерістерге бейімдеу арқылы ғана қамтамасыз ете алады. Алайда бұл даму көп дүниені талап етті: екеуінің де өсімі, екеуін де күшейту, олардың қолдануға қолжетімділігі және көнбістігі, өмірдің күшін, қабілетін – өзіне бағынуын қиындатып алмайтындай – көбейтуге жарамды билік әдістері қажет болды; егер ірі мемлекеттік аппараттардың билік институттары ретінде жинақталуы өндірістік қатынастардың сақталуына септессе, онда әлеуметтік ағзаның әр деңгейінде бар және түрлі институттар қолданатын (отбасы және скер, мектептер мен полиция, жекелеген медицина мен ұжымды басқару), ХVІІІ ғасырда билік техникалары ретінде пайда болған анатомиялық және биосаясаттың алғашқы элементтері экономикалық үдерістер, олардың дамуы және оларды сақтап қалуға қызмет ететін күштер деңгейінде әрекет етті. Олар әлеуметтік «дене» (social «body») мен ұжымдардың тиісті күшіне ықпал ете, өктемдік қатынастары мен гегемония әсерін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік сегрегация мен иерархизация факторы ретінде де көрінді. Адамдарды капитал жинауға бейімдеу, топтар өсімінің өндірістік күштердің кеңеюіне және табыстың дифференциал бөлінісіне бірігуі, бір есептен, биокүштің түрлі формалар мен қолданыс тәсілдерінің нәтижесінде жүзеге асты. Тірі ағзаға инвестициялау, оның аса жоғары құндылығын мойындау, күшін үлестіруші ретінде басқару (distributive management) ол кезде ауадай қажет болды.

Капитализмнің алғашқы қалыптасуы кезінде тақуалық мораль рөлі туралы мәселе қанша рет көтерілгені белгілі. Бірақ бұл – ХVІІІ ғасырда кейбір Батыс елдерінде жүзеге асқан және капитализмнің дамуымен беки түскен мүлде өзге құбылыс. Денені біліктіліктен айыратындай көрінетін бұл құбылыс жаңа моральдан, бәлкім, анағұрлым ауқымды; бұл – өмірдің тарихқа қадам басуынан кем болған жоқ. 

Айтайын дегенім: адам өміріне тән құбылыстардың білім мен билік тәртібіне, саяси техникалар алаңына енуі. Бұл дәл осы сәтте өмір мен тарихтың алғашқы байланысы жүзеге асты деген сөз емес. Керісінше, мыңжылдықтар бойы биологиялық жаратылыстың тарихи дүниелерге қысымы тым қатты болды, эпидемия мен аштық осы қатынастың екі бірдей драмалық формасын құрады және сол қалпында өлім жалауының астына орналасып еді.

ХVІІІ ғасырдағы экономикалық даму, әсіресе ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуі өнімділік пен ресурстардың – жақсаруына өзі ықпал еткен демографиялық өсімнен де жылдам көбеюі айналып келетін үдеріс арқылы бір кездегі қауіптің сейілуіне көмектесті: жекелеген рецидивтерді есепке алмағанда, аштық пен оба дәуірі, ұлы нәубеттер Француз революциясынан сәл бұрын аяқталған еді, өлім өмірдің ізіне түсуін тоқтатты. Жалпы өмірмен байланысты білімнің түрлі салаларын дамыту, ауыл шаруашылығы әдістерін жетілдіру, сондай-ақ адамның өмірі мен өмір сүруіне қатысты бақылау меншаралар осы босаңсуға ықпал етті: өмірді салыстырмалы түрде басқару бұрын қайтарымсыз болып көрінген өлімнің (кейбір қауіптерінің) бетін қайтарды. Осылайша қол жеткен әрекет кеңістігінде, оны ұйымдастыра және кеңейте отырып, білім мен биліктің түрлі технологиялары өмір үдерістерін назарға алып, оларды қадағалауға және өзгертуге кіріседі. 

Батыс адамы тірі жаратылыс әлемінде жаратылыстың бір түрі болу деген не екенін түсіне бастайды, олар ағзаға, өмір сүру жағдайларына, статистикалық өмір ұзақтығына, ұжымдық және жеке денсаулыққа, өзгертуге болатын күштер мен бұл күштер оңтайлы жолмен қолданылатын кеңістікке ие болудың не екенін түсінеді. 

Сөзсіз, бұл жерде тарихта алғаш рет биологиялық тіршілік саяси тіршілік етуде көрініс табады; «өмір сүру» фактісі ара-тұра ажалдың айтып келмейтіні мен ымырасыздығында арагідік пайда болатын қолжетімсіз субстрат болуын тоқтатады; бұл жағдай ішінара білім тарапынан қадағалау мен мемлекеттің араласуы алаңына өтеді. Соңғы айтылғаны бұдан былай құқық субъектілерімен ғана емес (олармен байланысудың ең соңғы әдісі – өлім), тірі жаратылыстармен байланысқа түседі, бұл байланыстың әдісі сол өмірдің өз деңгейінде орналасуы керек; ағза өлімінің қаупі емес, дәл осы өмірді нәрлендіру машақаты – биліктің өмірге қол салуына мүмкіндік береді. Егер биотарих (bio-history) терминін өмір қозғалысы мен тарих үдерістерін бір-біріне кедергі келтіретін қысымға қолдануға болатын болса, онда биокүш туралы да айту керек, ол өмірді және оның тетіктерін анық есептеу саласына енгізеді және білімкүшті (knowledge-power) адамның өмірін өзгертудің құралына айналдырады. Өмір өзін басқаратын техникаларға түгелдей интеграцияланған деуге болмайды, ол үнемі аталмыш техникалардың уысынан сусып шығып кетеді. Батыс елдерінен тысқары әлемде аштық бар, ол бір кездегіден әлдеқайда ірі ауқымды; ал адамзат баласына төнген биологиялық қауіп бұрынғыдан да зор болуы мүмкін. Қалай болғанда да, микробиологияның ашылуына дейінгі кезеңмен салыстырғанда анағұрлым қауіпті. Әйтсе де қоғамның «қазіргі кезеңінің табалдырығы» адамзат баласы (биологиялық түр) өзінің саяси стратегияларына бәс тіккен жерінен басталады. Мыңжылдықтар бойы адам Аристотельдің түсінігіндегідей адам болды: өмір сүретін, саяси тіршілікке қабілетті жануар; ал қазіргі заманғы адам – өз саясатында өзінің тірі жаратылыс ретіндегі өміріне күмәнмен қарайтын жануар.

Бұл өзгерістің салдары айтарлықтай байқалуда. Бұл орайда ғылыми дискурстың реттелуінде орын алған алшақтыққа және адам мен өмірдің екі жақты мәселесіне, классикалық эпистеманың тәртібін бұзған және қайта бөлінген әдісіне назар аударудың қажеті шамалы. Егер өзге жаратылыс иелеріне жекелеген жаратылыс иесі ретінде адам жайында мәселе туындаса, мұның себебін тарих пен өмір арасындағы қатынастың жаңа тәртібінен іздеу керек: өмірдің мұндай қосарлы жағдайынан, оның биологиялық ортасынан және білім мен биліктің тәсілдерін игерген адамның тарихының арасынан іздеу керек. Сондай-ақ денеге, денсаулыққа, халықты тамақтандыру мен тұрмыстық мәселелерін үйлестіру әдістеріне, өмір жағдайларына, жалпы тіршілік ету кеңістігіне инвестициялаған саяси технологиялардың таралуына жармасудың қажеті жоқ.

Биокүштің дамуының тағы бір себебі – заңдық жүйенің құнымен нормалық әрекетке ие болған маңыздың артуы. 

Заң ешуақытта қарусыз болмайды, оның қаруы – өлім, өзін аттап өткендерге ол кем дегенде абсолютті қоқан-лоққымен жауап береді. Заң үнемі қылышқа сүйенеді. Бірақ өмірдің қам-қарекетіне бас ауыртқан билік әрдайым реттеуші және түзетуші тетіктерді талап етеді. Бұл – өлімді басқарушының құзырына әкелу мәселесі емес, бұл – тірі жаратылысты құндылық пен тиімділік әлемінде орналастыру мәселесі. Мұндай билік енді өзінің өлім жайында шешім қабылдау құқығын мақтанышпен көрсетудің орнына, біліктілік беріп, өлшеп, бағалап, иерархиялаумен айналысатын болды.

 Оған әміршінің дұшпандары мен қарапайым азаматтар арасында шекара сызу жараспайды, ол – норманың төңірегінде бөліністерді жүзеге асырады. Мен мұнымен заң жойылып бара жатыр немесе құқықтық институттар жойылуға бейім деп тұрған жоқпын, қайта заң бұрынғыдан да қатал қызмет етеді және сот институты қызметтері реттеуші болатын аппарат континуумына бірігуде деп айтқым келеді. Нормалаушы қоғам – өмірге ден қойған билік технологиясының тарихи туындысы. Біз ХVІІІ ғасырға дейінгі қоғаммен салыстырғанда, заңды регрессияның фазасына қадам бастық; Француз революциясы заманынан бері бүкіл әлемде құрылған барлық конституциялар, жазылған және қайта қаралған кодекстер, үздіксіз орындалып жатқан және шулы заң шығару қызметі бізді ешуақытта адастырмауы керек: мұның бәрі – билікті қабылдауға әсер ететін формалар немесе қалыптастырушы әрекеттер.

Бұл – ХІХ ғасыр үшін әлі де жаңа билікке қарсыласатын күштердің сүйеніші – осы биліктің инвестиция салған дүниесі болып шықты. Өткен ғасырдан бастап, биліктің жалпы жүйесіне күмәнмен қарайтын ұлы шайқастар ежелгі құқықтарды қалпына келтіру үшін немесе уақыттың айналмалығы мен Алтын ғасыр (Golden Age) жайында мыңжылдық бос қиялға сәйкес жүргізілмейді. Бұдан былай кедейлердің императорын да, ақырғы күндердің патшалығын да, бабалардан мұраға қалғандай көрінетін құқықтың қалпына келуін де күтпейді. Адамдардың талап еткені де, мақсаты да – өмір, яғни негізгі қажеттіліктері, адамның нақты болмысы, оның әлеуетінің іске асуы, ықтималдықтың көптігі. Мәселе утопияда емес. Бізде нақты күрес жүріп жатыр: саясат объекті ретіндегі өмір сыртқы кейпімен қабылданып, өзін бақыламақшы болған жүйеге қарсы қойылады. Саяси тартыстар өздерін құқық терминдерімен анықтаса да, шын мәнінде олардың барысында құқықтан гөрі өмірдің өзі бәске тігіледі. Өмірге, денеге, денсаулыққа, бақытқа ие болу, қажеттіліктерді өтеу «құқығы», барлық ығыстырулар мен «бөгделеулердің» арғы жағында өзіміздің кім екенімізді және кім бола алатынымызды анықтау құқығы – бұл классикалық заңдық жүйе түсіне алмаған құқық өздері де суверенитеттің дәстүрлі құқығына жатпайтын биліктің жаңа процедураларына саяси жауап болды.

Осының бәрін ескергенде, жыныстық қатынастың саяси мәселе ретіндегі маңызын түсінуге болады. Ол өмірдің осы саяси технологиясының бәрі қалыптасқан қос әрекеттің біріккен жерінде орналасқан. Бір жағынан, ол дене тәртібіне жатады: жаттықтыру, интенсификация, күш бөлінісі, энергияны реттеу және үнемдеу. Екінші жағынан, осы әрекеттің салдары есепке алынғанда, ол халық санын бақылау үшін қолданылды. 

Ол екі категорияға бірдей жатқызылды, денеге қатысты микро-билік үшін өте мұқият бақылауға, сәт сайынғы қадағалауға, кеңістікті аса ыждағатты ұйымдастыруға, аяқталмайтын медициналық және психологиялық зерттеулерге себеп болады. Тура сол сияқты, ол статистикалық бағалаулар күллі әлеуметтік денеге, сондай-ақ бүтін ретінде қабылданған топтарға бағытталған жалпыға ортақ шараларға түрткі болады. Сексуалдық қатынас – бір мезетте дене (body) мен түрге (species) қол жеткізетін жол. Ол белгілі бір тәртіп пен ережелер үшін негіз ретінде қолданылды. Сол себепті ХІХ ғасырдағы зерттеулер сексуалдықты адамның болмысынан табуға тырысты: оның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқынан сексуалдық ишаралары табылды; түнде көретін түстерінен, тіпті адамның балалық шағынан оның нышандарын іздеді; ол даралықтың бейнесіне айналды, бұл, бір жағынан, оны зерттеуге, екінші жағынан, оны тежеуге мүмкіндік берді. Тура сол сияқты, ол саяси манипуляциялар, ұрпақ көбейтуге ынталандыру немесе оны тоқтату сияқты экономикалық килігулер, ақыл айтып, мораль оқып, жауапкершілікке шақыратын идеологиялық науқандар объектіне айналады. Оны қайсыбір қоғамның мықтылығының: оның саяси энергиясының және биологиялық қуатының көрсеткіші ретінде қабылдайды. Бұл әрекет арқылы секс технологиясының бір полюсінен екінші полюсіне дейін әртүрлі тактикаларды, әртүрлі пропорцияларда дене тәртібі менхалықты басқару мақсаттарын да анықтайды.

Дәл осы жерден секс саясаты екі ғасыр бойы алға жылжыған төрт ұлы шабуыл сызығы (of the four great lines) туындайды . Олардың әрқайсысы тәртіптік әдістері мен басқару тәсілдерін қатар қолданудың әдісі болды. Дененің тәртібі деңгейінде нәтижеге жету үшін олардың алғашқы екеуі халық санын басқару талаптарына: түр, ұрпақ және ұжымдық денсаулық тәрізді тақырыптарға сүйенді, балалардың сексуализациясы (sexualization) нәсілдің денсаулығы үшін науқан формасында жүзеге асты. ХVІІІ ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейін сексуалдық ересектердің болашақ денсаулығына ғана емес, қоғамның болашағы мен күллі нәсілдің келешегіне балта шабуы мүмкін қауіпті індет ретінде сипатталды; дене тәртібі мен жыныстық қатынас жайында психологиялық әрі дәрігерлік кеңесті талап еткен әйел затының еліруі (hysterization of women) олардың балаларының денсаулығы, отбасы институтының беріктігі және қоғамды сақтау мен қорғауға қатысты жауапкершілігін науқан ретінде жалаулатып жүзеге асырды. 

Бұл бала тууды бақылау мен психиатризацияның бұрмалануы жағдайында қолданылатын кері байланыс болды: араласудың сипаты реттеушілік қасиетке ие, бірақ ол жеке тәртіп пен шектеу талабына негізделуі тиіс болды. Жалпы алғанда, «дене» мен «халықтың» түйіскен нүктесінде жыныстық қатынас – өлім қаупінен гөрі өмірді басқару аясында ұйымдасқан – билік үшін негізгі объектіге айналады.

Көп уақыт бойы сексуалдық билік тетіктерінің, олардың көрінісі мен рәсімдерінің маңызды элементі болып келген еді. Некелік одақ жүйесі, билеушінің саяси формасы, сословиелер мен касталарға бөліну, тектілік құндылығы үстемдік құратын қоғам үшін; аштық, індеттер мен зорлық-зомбылық, өлімді жақындатқан қоғам үшін қан – негізгі құндылықтың біріне айналады; қанның бағасы оның қан төгу мүмкіндігімен, оның белгілер тәртібі ішіндегі қызметімен (белгілі бір қанды иелену, бір қаннан тарау, өзінің қанын тәуекелге байлау) және оның тұрақсыздығымен (әп-сәтте төгіледі, ағып таусылады, өте жылдам араласады, тез бұзылады) анықталады. Мен қанқұмар қоғамды (a society of blood) «қантөгіс» (sanguinity) деп атауға тырыстым. Өйткені мұндай қоғам – соғыстың абыройы асқақтап, аштық үрейі, қылыш ұстаған әмірші, жендет пен өлім жазасы үстемдік құратын қоғам, билік қан арқылы сөйлейтін қоғам; қан – символдық қызметі бар шындық.

Біз «секс» қоғамында, дәлірек айтқанда, «сексуалдық» қоғамда өмір сүріп жатырмыз: билік тетіктері – денеге, өмірге, оның қозғаушы күші адам баласына, оның қуатын, билік құру және қолданылу мүмкіндігін күшейтетін дүниелерге бағытталған. Денсаулық, ұрпақ, нәсіл, адам баласының болашағы, әлеуметтік ағзаның өміршеңдігі – билік мұнда сексуалдық жайында және сексуалдықпен сөйлеседі. 

Бұл орайда – белгі де, символ да емес, ол – объект және мақсат. Сонымен қатар бұл әрекеттің мағынасы оның сирек кездесетін немесе сенімсіздігімен ғана емес, оның табандылығымен, белгілі бір әрекетке қатыстылығымен (presense), оның барлық жерде бір уақытта толқу мен қорқыныштың мәні болатынымен түсіндіріледі. Билік оны белгілейді, ол сытылып шығып кетпес үшін қайта-қайта өзінің бақылауына алып жүруге тиіс көбеюші мағына ретінде қолданылады; сексуалдық – мағыналық құндылығы бар әсер. Мұнымен айтпағым, қанды секспен алмастырудың өзі осы заманның табалдырығында пайда болып жатқан түрленуді түйіндеді. Мен екі өркениеттің рухын немесе екі мәдени форманың ұйымдастырушы қағидасын көрсеткім келіп тұрған жоқ; қайта сол дәуірдің қоғамында сексуалдық неге басып-жаншылмай, қайта әрдайым желіктірілгенінің себебін іздеймін. Классикалық дәуір кезінде қалыптасқан және ХІХ ғасырда іске асқан биліктің жаңа процедуралары біздің қоғамды қан символикасынан сексуалдық сараптамасына өтуге мәжбүрледі. Әлдене заң, өлім, жаза басу, символдық және суверенитет жағында болса, ол – қан жағында; ал сексуалдық – норма, білім, өмір, мағына, тәртіп жағында екені айдан анық.

Маркиз де Сад пен алғашқы евгениктер (eugenists) осы «қантөгістен» (sanguinity) «сексуалдыққа» өту кезеңімен тұспа-тұс өмір сүрді. Бірақ адамзат баласының өмірінің сапасын арттыру жайындағы алғашқы армандар осы қан мәселесіне қатысты мәселенің барлығын үйлестіріп отыруға, оған қоса жыныстық қатынасты реттеп басқаруға ықпал етуге (өзара үйлесімді некелерді анықтау өнері, халықтың өсімін арттыру, балалардың денсаулығын жақсарту және олардың өмірін ұзарту) негізделді. Ал нәсіл жайында жаңа идея секстің міндетті нәтижелерін ғана сақтап қалу үшін қанның бекзаттық ерекшеліктерін жойып жіберуге ұмтылады. Осы уақытта Сад секстің жан-жақты анализін жасады. Ол сексті бұрынғы суверенді биліктің тетігіне көшірді және оған қанның көне, бірақ толықтай сақталған абыройын сыйлайды, ақырғы ләззаттың барлық өлшемдерін көктей өтті. Азаптау мен абсолютті билік қаны, өзінің жеке басын құрметтейтін, бірақ соған қарамастан, әкесін өлтіру мен инцест рәсімінде төгілетін кастаның қаны тамырында ақса да, сол қанға лайықты емес халықтың аямай төгілетін қаны. Садтың жазбаларындағы секс – белгілі бір тәртіп пен ішкі ережесіз секс, ол Садтың болмысынан тамыр тартуы мүмкін еді, бұл секс – өзінікінен басқа ешқандай заңды білмейтін биліктің құдіретті заңына бағынған секс; егер ол, ойын үшін болса да, күн сайын мұқият есептелген қадамдарды анықтаса, бұл экзерсис оны тәуелсіз биліктің таза, жалаң және бірегей нүктесіне алып келеді: бұл – асқан құдіреттіліктің шексіз құқығы. Қан сексті жұтып қойды.

Сексуалдық аналитикасы мен қан символикасы принциптеріне келгенде екі түрлі билік режимі өзара қатынаста болсын делік; шындығында олардың арасында аяққа шалыну, өзара әрекеттесу болса да, бірінің соңынан бірі ерді (биліктің осы формаларының өзі секілді). Екі ғасыр бойы қан мен сексуалдық туралы алаңдаушылық сексуалдықты басқарудың ізіне түсті. Бұл интерференцияның екеуі атап айтуға лайық: бірі – тарихи маңызына байланысты, ал екіншісі – теориялық мәселеге байланысты. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қан тематикасы күллі тарихи салмағын сексуалдық схемалары, аспаптары, құрылғылары арқылы жүзеге асқан саяси билікке жан бітіру үшін жұмсады. Нәсілшілдік осы жерде (заманының алдыңғы қатарлы формасында – мемлекеттік және биологизациялайтын формасында) пайда болады: халықты қоныстандыру саясаты (peuplement), отбасы, неке, тәрбие, әлеуметтік иерархизация, жекеменшік саясаты, сонымен бірге дене, жүріс-тұрыс, денсаулық, күнделікті өмір деңгейінде ұдайы килігу – осының бәрі сол сәтте ерекше бояуға және қанның тазалығын қорғау мен нәсілдің үстемдігін қамтамасыз ету жайында мифтік қамқорлықтан шығатын сылтауға ие болады. 

Ұлтшылдық – қан жайындағы қиялдар мен тәртіптік билік пароксизмдерінің қулыққа негізделген үйлесімі болды. Биліктің нығаюы және кеңеюімен қатар қоғамды евгеникалық тәртіпке салу шексіз мемлекеттік бақылау (étatisation) түрінде үстемдікті дәріптеумен қатар жүрді; мұның астарында өзгелердің жүйелі геноциді мен өзіңді толықтай құрбандыққа шалу қаупі бар еді. Гитлердің жыныс саясаты нәтижелі болмады, ал қан жайында айтқан аңыздары қанды қырғынға ұласып, адамзат тарихындағы орны толмас қасіретке айналды.

ХІХ ғасырдың аяғынан бастап сексуалдық тақырыбын заң, символдық тәртіп және суверенитет жүйесінде қайта зерделеуге тырысқан талпынысты байқаймыз. Психоанализдің саяси жетістігі де осында және мұндағы бірізділік мәселесі осыдан туындайды. Бірізділік мәселесінің күмәнді тұстары да бар еді. (Бұл әуелбастан солай еді. Яғни дегенерация нейропсихиатриясынан бас тартқан сәтінен бастап) сексуалдықтың күнделікті әрекетін басқару мен бақылауды мақсат еткен бағыттағы биліктің тетіктері: Фрейдтің (белең ала бастаған нәсілшілдікке жауап ретінде) сексуалдықты заңмен (жұбайлықнеке заңы, қандық байланыс, тыйым салу, әкенің әмірші сипаты) байланыстыруы, қысқасы, құштарлықты бұрынғы билік тәртібіне бағындыруға деген талпынысы да осыдан туындайды. Дәл осы әрекеттің нәтижесінде психоанализ – ең негізгі постулаттарында және оған телуге келмейтін кейбір жағдайларды есептемегенде – фашизмге теориялық және практикалық оппозиция болды. Алайда психоанализдің бұл позициясы белгілі бір тарихи жағдайлар тоғысымен байланысты еді. Соған қарамастан, сексуалдық категориясын заң, өлім, қан, суверендік тұрғысында қабылдау – Сад пен Батайға қаншама рет сілтеме жасалса да, олардың «бұзушы» (subversive) ықпалы қаншалықты деп өлшенсе де – түптің түбінде тарихи «ретро-нұсқа» (retro-version) болады. Біз сексуалдықтың кең насихатталуын оның өз заманының билік техникалары негізінде тұжырымдауымыз керек.

Мені радикал болмаса да, асығыс тарихшылдыққа ұрындыңыз деп айыптауға болады; құбылмалы болса да нәзік, қайталанатын құбылыстар үшін сексуалдық функциялардың биологиялық қалыптасқан болмысынан (тіршілігінен) жалтарып шықтыңыз дейтін де шығар; сексуалдық туралы, құдды секс жоқ секілді пікір айтатынымды да бетіме басуға болады. Маған мынадай қарсы уәж айтуыңыз да мүмкін: «Әйелдің денесі, балалардың өмірі, отбасылық қатынастар және әлеуметтік байланыстардың бүтін желісін сексуалдандырған үдерістерді талдамақ екенсіз. Сіз осы ХVІІІ ғасырда басталған секс жайында алаңдаудың оянуын, сексті көрінген жерден сезіктеніп, іздеуге (артып бара жатқан) деген құмарлығымызды сипаттағыңыз келеді екен. Билік тетіктері сексуалдықты басып-жаншудан гөрі, оны сезімін «ояту» (arouse) мен «қоздыру» (excite) үшін пайдаланды делік. Дәл осы жерде өзіңіз алыстадым деп санаған дүниеге жақындап қалдыңыз; шын мәнінде сексуалдықтың таралуы, орын табуы мен орнығуы феноменін атап көрсеткенде, сіз әлеуметтік денедегі сезімдік аймақтардың ұйымдастырылуы деп атауға болатын мәселені әшкерелеуге тырысудасыз; психоанализ жеке адам деңгейінде талдап, анық көрсетіп берген тетіктерді диффузиялық үдерістер деңгейіне көшіргеннен басқа ештеңе істемеген болып шығуыңыз мүмкін. Бірақ сіз осы сексуализация мен психоанализ тамыр тартатын дүниені назардан тыс қалдырасыз, ол – секстің өзі (психоанализ, мәселен, одан бас тартпайды). Адамзат баласы Фрейдке дейін сексуалдықты насихаттамауға тырысты: сексте, оның ұрпақ көбейту функцияларында, тікелей анатомиялық шектеулерінде; биологиялық минимум, ағза, инстинкт және аяқталу жайында пікір білдірді. Сіз симметриялық қарсы позициядасыз: сіз үшін себебі жоқ салдар, тамырларынан жұлынған шыбықтар, секссіз сексуалдық қалады. Мұның бәрі қайтадан кастрация болмағанда не нәрсе?»

Бұл жерде екі мәселені анықтап алу керек. Бір жағынан, саяси сексуалдықтың анализі міндетті түрде биологиялық, функциялық, дене, анатомияның бірігуін тұспалдай ма? Бұл сұраққа біз «жоқ» деп жауап беруге тиіспіз. Қалай болғанда да, бұл жазбаның мақсаты – биліктің түрлі диспозитивтері тікелей ағзамен, денемен, функциямен, физиологиялық үдерістермен, сезіну және ләззатпен қалай біріктірілетінін көрсету; мәселе денені бәсеңдету жайында емес, оны бұрынғы әлеуметтанушылардағыдай биологиялық әрі тарихи тұрғыдан бір-бірінің соңынан жүретіндей емес, өзінің объекті ретінде өмірді таңдайтын биліктің заманауи технологияларының дамуымен қатар өсіп келе жатқан күрделілікпен байланыстыру. Сол себепті денені тек қана мәні мен құндылығы ретінде қабылдайтын жолмен ғана есепке алатын «ақыл-ойдың тарихы» деп қарастырмаймын; бірақ «дененің тарихына» және оған материалдық әрі өмірлік мәні бар инвестиция салынған.

Енді екінші мәселеге тоқталайық: тілге тиек болып отырған материалдық – секстің материалдығы емес пе? Сонымен қатар секске орын жоқ жерде сексуалдық тарихын ағзалар деңгейінде зерттеу кереғарлық емес пе? Түптеп келгенде, сексуалдық арқылы жүзеге асатын билік шындықтың «секс» болып саналатын элементіне бағытталмай ма? Ол сексуалдық – билікке қатысты, билік қолданған сыртқы дүние емес, қайта бұл билік сипаттарының құралы және нәтижесі.

 Ал секске келсек, билікке қатысты бұл бөтен емес пе? Енді осы секстің өзі жайындағы идеяны тексерусіз қабылдай алмаймыз. «Секс» сексуалдық манифестацияларын ұстап тұратын зәкір емес пе, әлде бұл сексуалдықтың насихатталуы барысында пайда болған күрделі идея ма? Қалай болғанда да, бұл секс туралы идея биліктің әртүрлі стратегияларынан тарағанын және өзі сонда айқын рөл атқаратынын айтуға болады.

ХІХ ғасырдан бастап сексуалдықтың таралуының негізгі бағыттарына сәйкес денелер, ағзалар, соматикалық орын иелігі, функциялар, анатомиялық-физиологиялық жүйелер, сезу, ләззат алу сезімдерінен бөлек «әлдене» бар деген идея белең алды; бұл «әлдене» – өзінің қасиеттері мен заңдары бар, әлдеқайда ауқымды дүние: «секс». Сөйтіп, әйелдің еліру үдерісінде (process of hysterization of women) «секс» үш түрлі анықталды: әйел мен еркекке бірдей тиесілі ретінде; көбінесе еркекке тиесілі, сондықтан әйелге жетіспегендік қалыпта; оған қоса әйел денесін конституциялап қана, оны ұрпақ өсіру әрекетіне басыбайлы бағындырып, осы функцияның нәтижесімен оның тынышын бұзатын ұғым ретінде. Бұл стратегияның шеңберінде еліру (hysterization) секс ойыны ретінде, себебі ол бір мезетте «бірінші» мен «екінші», бүтін мен бөлшек, принцип пен жетіспеушілік (lack) болады. Балалықтың сексуализациясы шеңберінде бар (анатомиялық тұрғыда) және жоқ (физилогиялық тұрғыда) үлгісіндегі секс жайындағы идея туындайды; мұнда егер белсенділігін есепке алса – бар, бірақ репродуктивті нәтижесін ескерсе – сексуалдық көрініс табатыны анық, бірақ нәтижелері тұрғысынан жасырын, сондай-ақ патологиялық салмақтылығын уақыт өте келе ғана білдіреді. Баланың сексі ересектің бойында болса, ол ересектің сексін жоққа шығаруға бейім құпия формасында болады (ХVІІІ және ХІХ ғасырлардағы медицинаның бір догмасы – ерте жыныстық дамудың ақыр соңы стерильді, импотенция, жыныстық селсоқтық, ләззатты сезіне алмау немесе сезімнің сууына алып келеді деген түсінік еді). Балалық шаққа сексті енгізе отырып, бар мен жоқ, айқын мен жасырынның ойынымен белгіленген секс идеясы құрастырылды; мастурбация, өзіне телінетін барлық салдарымен бірге, осы бар мен жоқтың, жасырын мен айқынның ойынын анық көрсетеді.

Психиатрияландырудағы бұрмаланған секс биологиялық функциялар мен анатомдық-физиологиялық аппаратқа жатқызылды, бұл оған қосымша «мағына» үстейді, яғни аяқталуға жеткізеді; сондай-ақ секс инстинктіге де қатысты болып шықты, ол өзіндік даму арқылы және байланыстыра алатын объектілер арқылы пайда болды және олардың ақыл-ой болмысын жасады. «Секс» функция мен инстинктің, аяқталу мен мағыналаудың өзара қақтығысы арқылы анықталады; ол аз десеңіз, дәл осы формада, бұрмаланудың үлгісі ретінде ол 1877 жылдан бері ауытқуды зерттеуге жол сілтеуші болған «фетишизмде» нақты көрініс табады. Онда инстинкт жеке тұлғаның тарихи бейімдігіне және оның биологиялық тұрақсыздығына сәйкес объектіге қалай байланысатынын анық көруге болады. Ақыры, репродукциялық мінез-құлық формаларының әлеуметтенуі аясында «секс» шындықтың заңдылығы (a law of reality) (оның тікелей және күрделі формасы экономикалық қажеттілік болады) мен осы шындық заңын мойындаған кездің өзінде оны айналып өтуге тырысатын ләззат алу экономикасы (economy of pleasure) арасындағы құбылыс ретінде сипатталады. Өкінішті әрі белгілі «айла-шарғылардың» (frauds) бірі – үзілген жыныстық қатынас (coitus interruptus) – шындық инстанциясы ләззатты шектегісі келетінін, ал ләззат, шындық басқаратын экономикаға қарамастан, бастапқы нүктені білдіреді. Әрине, сексуалдықтың насихатталуы өз стратегиясының ішінде осы «секс» идеясын қалыптастырады; еліру (hysteria), онанизм, фетишизм және үзілген жыныстық қатынас (coition) сияқты төрт негізгі формада олсексті бүтін мен бөлшектің, функция мен инстинктің, артылу мен жетіспеудің, бар мен жоқтың, аяқталу мен мағынаның, шындық пен ләззаттың ойынына тәуелді әрекет деп ұсынады.

Осылайша генерациялаған теория оны қажет етпейтін кейбір функцияларды орындады. Ендеше, бұлай пайда болған бұл теория сексуалдықтың таралуының ішінде бірқатар функциялар атқарды, осы функциялар оны қажет етті. Олардың үшеуі аса маңызды еді. Біріншіден, «секс» ұғымы кейбір жасанды бірліктерге сәйкес, анатомиялық элементтер, биологиялық функциялар, мінез-құлықтар, сезіну мен ләззат алу сезімдерін қайта топтауға мүмкіндік берді. Өзін унитарлы түрде елестете отыра, анатомия мен жетіспеуді, функция мен латенттілік, инстинкт және мағына ретінде ұсына отырып, адам сексуалдығы туралы білім мен ұрпақ өрбіту жайындағы биологиялық ғылымдардың арасында түйісу нүктесін белгілей алды. Бірнеше күмәнді ұқсастықтарды санамағанда, аталмыш ғылымдардан қажетті дүниені алмастан, квази-ғылымилыққа жақындығының нәтижесінде алынған сексуалдық білімге ие болды; бірақ дәл осы қатарласу арқылы биология мен физиологияның кейбір жағдайлары адам сексуалдығы үшін қалыпты принцип ретінде көрініс тапты. Ақыр соңында, секс ұғымы түбегейлі бетбұрыс алып келді: билік пен сексуалдық арасындағы қатынастың репрезентациясы жайындағы түсініктердің өңін айналдырып, мұны өзінің билікке негізгі және позитивті қатынасында емес, билік қолынан келгенше бағындырғысы келетін қандай да бір күрделі қарым-қатынас аясында пайда болуына себеп болды; яғни «секс» идеясы «билікке» билік беретіннен жалтаруға (оны атамай өтуге) мүмкіндік береді; бұл идея билікті тек қана заң және тыйым деп түсіндіреді. Секс – бізді басқаратындай болып көрінетін инстанция; кез келген дүниенің астарында жатқандай көрінетін ырқына бағындырар билігімен және құпия мағынасымен бізді елітетін нәрсе, өзіміздің кім екенімізді, бізді анықтайтын дүниелерден босатуды сұраймыз. Біз сексуалдықтың өрістеуі мен оның қызметі үшін ауадай қажет мінсіз нүкте. Бізге секстен биліктің байланыс алаңының (surface) өн бойында көптеген жанама әсерлер тудыратын қандай да бір автономды инстанция жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, секс дегеніміз – денелер мен олардың материалдығына, күш-қуатына, сезіміне және көңіл күйіне үстемдік ететін дерексіз, мінсіз ішкі элемент. «Секс» біз жоғарыда қарастырып өткен мәселелерді қолдайтын тағы бір қызмет атқарады. Бұл жағдайда оның тәжірибелік бағыттағы рөлі басым. Шынында да, секс арқылы, сексуалдықтың насихатталуы арқылы қабылданған қиялдағы нүктені өзінің ұғымына (бұл жасырын аспект әрі мағына туғызушы қағида), денесінің біртұтастығына (өйткені секс осы дененің шынайы және қауіпті бөлігі және символдық тұрғыда оны біртұтас ретінде құрастырады), бірегейлігін (себебі ол қандай да бір оқиғаға ұмтылудың күш-қуатын біріктіреді) тану үшін әрбір адам басынан өткеруі тиіс. Құпия бастаулары ежелгі кезеңнен тамыр тартатын бұл христиандық дене пасторлығында сезіле бастаған төңкеріс арқылы біз өзіміздің ұғымды қабылдауға икемімізді – ғасырлар бойы есуастық деп саналған дүниеден; денеміздің біртұтастығын оның сүйекке басылған таңбасы, жарасы секілді қабылданған дүниеден, ал бірегейлігімізді аты аталмаған қараңғы дүлей деп саналғаннан тауып келдік. Біз бағалаған секстің маңызы, оны қоршап тұрған қастерлі үрей, оны білуге деген ұмтылысымыз да осыдан туындайды. Ғасырлар бойы ол біздің жан-дүниемізден, өмірімізден де маңызды болған құбылысқа айналды; бүкіл әлемнің құпиясы – біздің әрқайсысымызда болмашы ғана, бірақ соншалық салмақты – осы құпияның жанында көбіктей жеңіл болып көрінетіні де сондықтан. Сексуалдықтың насихатталуы арқылы бойымызға Фаусттың желігі бітсе, осы Фаусттың келісімі (Faustian pact) бұдан былай мыналардан тұрады: өмірді секстің өзіне, оның ақиқаты мен еркіндігіне алмастыру. Секс үшін құрбандыққа баруға болады. Дәл осы, өзіміз көріп тұрғандай, таза тарихи мағынада шын мәнінде сексті өлім инстинкті көктей өтеді.

 Батыс махаббатты ерте кезде-ақ жан-жақты талдап, зерттеп қойған, ол үшін өлімге бас тігуге дайын; қазіргі уақытта бұл секс бәрінен де қымбат баламадан үмітті. Сонымен қатар сексуалдықтың таралуы билік техникаларына өмірге инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бірақ секстің жалған нүктесі бәрімізді өлімнің «дауысын» естуге келісім беруге лайықты деңгейде еліктіреді.

«Секс» деп аталатын қиялдағы элементті дүниеге әкелген соң, сексуалдықтың таралуы өз қызметінің негізгі принциптерінің бірін қалыптастырады: сексті қалау – оны иеленуді қалау, оған қол жеткізуге мүмкіндік алу, оны ашуға, босатуға, дискурста ол туралы айтуға, оны ақиқат ретінде қалыптауды қалау. Секстің осы қалауы біздің оны тануға, заңдары мен билігін ашуға деген ұйғарыммен байланыстырады; дәл осы қалау бізді, қандай да билікке қарамастан, секске деген құқығымызды толық пайдаланамыз деп ойлауға мәжбүрлейді, ал шын мәнінде секстің қалауы бізді, өз шыңырау тереңімізден өзімізді танитындай көрінетін сағымдай, секстің күңгірт сәулесін тудыратын сексуалдықтың таралуына телміртіп қояды.

Кейт өзінің «Қанатты жылан» (The Plumed Serpent) атты романында былай дейді: «Айналаның барлығы – секс, барлығы – секс. Адам оны қуатты және қасиетті етіп сақтай алғанда және ол әлемді толтыра алғанда, секс қандай ғажап кейіпке енбек. Ол бізді нәрлендіретін күн сияқты, сәулесімен бізді жайнатып жібереді!».

Біз сексуалдық тарихын секске сілтемеуіміз керек, керісінше, «секс» қалайша сексуалдыққа тарихи тұрғыда тәуелді болып қалғанын көрсету қажет. Біз сексті – шындық жағына, ал сексуалдықты бұлыңғыр идеялар мен иллюзиялар жағына орналастырмауымыз керек; керісінше, сексуалдық – аса шынайы тарихи формация; өзінің қызмет етуіне қажетті тәуекелшіл элемент ретінде секс ұғымын енгізген де сол. Біз секске «иә» деп айтқанда/дегенде, біреу билікке/күш-қуатқа «жоқ» деп айтады деп ойламауымыз керек. Керісінше, адам (әлдебіреу) жалпы сексуалдық салып берген жолмен жүреді. Сексуалдықтың түрі тактикалық тұрғыдан ауыстыру арқылы көптігі мен қарсыласуы қабілеттігімен сипатталатын тән, ләззат пен білім қажеттіліктерін билік ықпалына қарсы қоямыз десек, біз ең алдымен секстің ықпалынан арылуымыз керек.

Д.Г.Лоуренс: «Өткен шақта мәнсіз, бірсарынды, жалықтыратын әрекеттер көп болды. Әсіресе, сексуалдық әрекеттер. Біздің ендігі мақсатымыз – сексуалдықты түсіну. Қазір сексуалды инстинкті толықтай түсіну сексуалдық әрекеттің (актінің) өзіне қарағанда аса маңызды», – дейді. Бір күні адамдар оған таңғалуы мүмкін. Олар өркениеттің ірі өндіріс құралдарын дамытуға және қиратуға қатар көңіл бөлгенін түсіне алмайды, өз-өзінен «ал секс мәселесі не болып жатыр?» деп сұрауға қалайша сабыр мен уақыт тапты деп таңғалатын шығар; бәлкім, бір кезде адам баласы жерден, жұлдыздардан, өз ойының мінсіз формаларынан сұраған, іздеген шындықты, сонымен бірдей құнды шындықты осы саладан да тапқысы келген (өзіміз сияқты) адамдардың өмір сүргеніне бас шайқап, жымиятын болар. Бәлкім, адамдар біздің дискурстарымызға, әдеттерімізге, институттарымызға, заңдарымызға, білімімізге, сексуалдықты түннен тартып алғандай әрекетімізге таңғалар. Олар біздің ең шулы іс-әрекетіміз, үнсіздік заңын неге бұзғанымыз жайында сұрар. Ретроспективті түрде орынды болып көрінуі мүмкін, бірақ сөйлеуден бас тарту мен үнсіз қалу туралы бұйрықтың сырын ашуға ден қою бұл жерде оғаш болып көрінеді. Бізді соншалықты тәкаппар қылған не нәрсе деп сұрайды, мыңжылдық моральға қарамастан, ақырында, ХХ ғасырда, тұншықтырудың ұзақ және қатаң дәуірін буржуазиялық экономика жалғастырып, өзгерткен және өзіне тән сараңдықпен, ұсақтықпен христиан тақуалығын еңсеріп, секске – мағынаның өзі саналатын сол маңызды мағынаға – бірінші рет мойын бұрған өзіміз деген сенімге не нәрсе себеп болды деп таңданады. Көптеген қиындықтар арқылы жойылған цензураның тарихын есімізге түсірсек, секс жайында айтуға және оған біздің назарымызды аударуға (шындығында бізді сексуалдықтың үстем тетіктерді басқаратын кезде), біздің заңымыздың егемендігіне сенім артуға мәжбүрлеген күрделі өзгерістердің ғасырға созылған әрекеттерін байқаймыз.

Адамдар бір кездері Фрейд пен психоанализге қарсы қойылған пансексуализмді айыптауды күлкіге айналдыратын болады. Мүмкін, оны қалыптастырғандардан гөрі, ескірген, жасанды ұялшақтық қаупінің көрінісіндей лақтырып тастағандардың рухани соқырлығы басым түсетін шығар. Себебі алғашқылар бұған дейін басталған және өздері де байқамай қалып, аңдаусызда қоршауында қалған үдерістің үстінен түсті; олар ұзақ дайындық кезеңінен өткен құбылысты Фрейдтің данышпандығына теліді; олар біздің қоғамда жалпылама сексуалдықтың кең насихатталған уақытын анықтаудан ғана қателесті. Енді біреулері бұл үдерістің болмысына келгенде қателесті. Олар Фрейдтің қайтадан қалпына келтіру арқылы секске бұрыннан тиесілі және одан тартып алынғанды қайтарды деп ойлады. Олар Фрейд ізгі данышпандығы оны  ХVІІІ ғасырдан бері білім мен билік стратегияларымен таңбаланған  аса шешімтал тұстардың біріне орналастырғанын байқамай қалды. Сол сияқты олар Фрейдтің ең ұлы рухани көсемдер мен классикалық дәуір ұстаздарына лайықты пайыммен сексті тану мен оны дискурсқа енгізу туралы ғасырлық аманатқа қаншалықты жаңа импульс сыйлағанын да байқамай қалды.

Бұл бізді өз денемізді жек көруге мәжбүрлеген-мыс христиан дінінің бір кездегі амал-тәсілдерін жиі еске түсіреді. Бірақ бір сәт дамылдап, бірнеше ғасыр бойы бізді сексті жақсы көруге үгіттеген айла-шарғылардың бәрін есімізге түсірейік. Бұл тәсілдер нәтижесінде бізді сексті жақсы көруге мәжбүрледі, оны танып-білуге деген ұмтылысымызды арттырды, ол жайында айтылғанның бәрін маңызды құбылысқа айналдырды. Бар қабілетімізді оның сырын ашуға жұмсауға, шындығын тануға итермелеген және соншама көп уақыт бойы оны ескермегеніміз үшін өзімізді кінәлі сезіндірген айла-амалдар жайында ойлаңыз. Бізді бүгінгі күні осы мәселелер таңғалдыруы тиіс. Ол аз десеңіз, күндердің күні, бәлкім, денелер мен ләззат алу сезімдерінің өзге әрекетінде, адамдардың сексуалдық әдіс-айласы мен оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін билік бізді қалайша секстің құпиясын ашуға мәжбүрлеп, биліктің қатаң монархиясына бағындыруға күштегені түсініксіз болар.

Бұл өрістеудің (deployment) (сексуалдықтың кеңірек насихатталуының) ирониясы біздің «еркіндігімізді» тепе-теңдікті сақтайды деп сендіруде.

Джули Ривкин, Майкл Райан «Әдебиет теориясы» 3 том

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар