Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мысаның Сояны - Балбалды таудың баяны

27.04.2021 1167

Мысаның Сояны - Балбалды таудың баяны

Шетелдегі қазақтар – қазақ әлемінің бір бөлшегі. «Әдебиет порталы» шетелдегі қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігіне үнемі көңіл бөліп отырады. Сол шетелдегі қазақтардың бір шоғыры алыс та жақын Монғолияда тұрып жатыр. Монғолиядағы қазақтардың өзіне тән қалыптасқан әдеби ортасы бар. Жылына ондаған қазақ қаламгерлердің кітаптары жарық көріп жатады.

Баян-Өлгий аймағы, Цэнгэл ауданының Атбасты деген жерде дүниеге келген Соян Мысаұлының «Балбалды таудың баяны» кітабы – ақынның тұңғыш жыр жинағы. Ана тілінің уызына жарып өскен ақынның тілі шұрайлы, сөз саптауы қарапайым болса да нәрлі. Оның қазақтың өзіндей қоңыр, қазақ даласындай шалқар өлеңдері кез келген оқырманның көңіл көгжиегінен айрықша орын алары сөзсіз. Соян Мысаұлының жыр жинағы туралы ақын, жазушы Рысбек Зұрғанбайұлының пікірі жарияланып отыр.

«ЖАНЫМА ЖЫРДЫ ҒАНА ЕНШІЛЕГЕМ...»

Соян бауырым осылай депті. Мен оған сенемін...

Біреулер бар, «Өлең деген немене, білген құлға, ах-о-оу! Ендеше, мен неге өлең жазбаймын?! Басқадан қай жерім кем?!» - деп, «шөп те емес, шөңге де емес, өлең де емес, жыр да емес» бірдеңелердің басын құрап, киелі қаламды да, қасиетті қағазды да қорлайтын.

Олай дейтінім, бұл күнде бір-біріне үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын екі сөздің басын күшпен қосып, «Міне, мен ақынмын!» деп, немесе «отбасы, ошақ қасының тілімен» аннан-мұннан естіген, оқығандарын өзінікі болдырып, білгішсінетін «жазғыштар», өзін-өзі жарнамалап «жазушы», «тарихшы», «шежіреші» деп жар салып жүретіндер молайды ғой. Бұрын оларды «халтурщиктер» деп атайтын. Қазір не деп атаса лайық екенін, сіз білмесеңіз, мен білмеймін.

Енді біреулер бар, өзінің жазғанын өзі де түсінбейтін, немесе сол жазғанымен тоқырап қалып, зәудеғаламда көрімдеу шыққан бірер өлеңін көрінген жерде оқумен ғана бедел жинағысы, «ақын» деген атты ептеп-септеп сақтап қалғысы келетін. Ондайлардың «талантын» бұрын «ет пен терінің арасындағы желік», немесе «күшеншектер» дейтін. Қазір не деп атауға лайық екенін, сіз білмесеңіз, мен білмеймін.

Ал шынайы шабыт-пірі қамшылағанда «жыны буған бақсыдай» жанталасып, еркінен тыс қалам мен қағазға жармасатын, Тәңірден аян етілген талант егесі тағы тарпаңның дүбіріндей дүркіреп келген жыр шумақтарын ақ параққа айшықтамауына ерік бермейтін «шарасыз» шіркіндер некен-саяқ болса да бар, шүкір!

Мен Соян інімді сондайлардың қатарынан ба деп ойлаймын. Себебі сол, оның «балақай» шағынан бері, бәлен жылдан бері жазған саусақпен санарлықтай ғана өлең-жырларын оқып отырғаныңызда, әлгі «күшеншектіктің» көлеңкесін де көре алмайсыз, «Мен! Мен!» деген кеудемсоқтықты да, «жарнамашылдықты» да сезінбейсіз. Әуелінде, сырғытып бір оқып шыққаныңызда, оның туындыларынан жарқ-жұрқ етіп көзді қарықтырар кереметтей бір бояуды да, кілең бір сұлу сөздердің салқар көшін де көріп қарық бола алмайсыз. Бірақ... Әр сөзіне, әр шумағына зер салып, зерделер болсаңыз «су түбінде жатқан асыл тасты» да, оны толқынымен қозғап, таным-теңізінің бетіне қалқытып шығаратын «шерді» де анық байқап, айтпақ ойының астары сіздің де «асыл тастарыңызбен», «шерлеріңізбен» астасып, үндесіп, жымдасып жатқанын бағамдайсыз, бір ауық батпағы мол батпан ойға батуыңыз да ықтимал...

Сонан соң Сіз де Соянның:

«Жарты тиын болса да құны бүгін,

Жырсыз бақыт – ол маған жарты бақыт!» - дегеніне де;

«Сұрқай өмір, сүреңсіз тіршілікті,

Жеңе аламын – жыр болып ұшсам ғана», - дегеніне де;

«Жоқ байлығым, жоқ менде дара бақыт,

Ақша тауып көргем жоқ балалатып.

Бірақ та мен келе алам періштедей,

Пейішіңді жырыммен аралатып», - дегеніне де;

«Ұмыттырып адамның пенделігін,

Ерітемін жырыммен мұз жүрегін!» -

дегеніне де күмәнсіз сенесіз, жаны жараланса, жырдан ғана жұбаныш тауып, жүрегі жарыла қуанса да жырымен бөлісетін ақынның: «Жаныма жырды ғана еншілегем», - дегеніне еріксіз бас изейсіз.

«Дүниедегі барша құбылыс ақынның жүрегі арқылы өтеді» деген мағынада бір тәмсіл бар еді, жаңылмасам. Соян ақынның да жүрегін шапқан аттай дүркіреген Уақыттың сансыз да сансыз «қыш тұяқтары» басып-жаншып өтіп жататынын да өлеңдері әйгілеп тұрғандай. Оның өлеңдерінен қазақилық қаны қанасына сыймай тулаған тамырлар бүлкілін де, туған жер, табиғат, сүйген жар, ата-ана, балаға деген мейірім-жылуға толы әз жүректің лүпілін де, қоғамдағы тозғындық пен адам бойына сіңісіп бара жатқан азғындыққа деген ашынысты да, тарихи игі тағылымдарды бүгінгіге үлгі етуге парыздарлықты да, өмірдің өткіншілігін мойындап, дүние-боқтың емес, Уақыттың қадірін білуге үндеушілікті де, бәрі-бәрін де түйсініп, түсініп, адамгершілікпен жүрегіңді жылытып, имандылықпен көкірегіңді нұрландырудан асқан бақ-талай жоғын ұғынғандай болатын сияқтысыз.

Оның «Сағат» деген өлеңіндегі ұшқыр уақыттың құндылығы хақындағы ой-түйіндеріне бір сәт көңіл көзін салып көрелікші.

«Тынбай соқ, жүрегімнің бөлшегісің,

Кіп-кішкентай Уақыт өлшеуішім!

Беу, Уақыт, қылшығың қисаймайды-ау,

Тындырылмай тірлікте қалса да ісім.

... Бас аманда сенімен санаспайды,

Санаспауы – ең басты, емес Қайғы!

Уақыт бәрін екшейді, аластайды.

Дәл қай сағат?..

Ешкім де бал ашпайды,

Өкінішпен бір күні толастайды...

...Сәл сабыр ет, Уақыт, аялдағын,

Аралап біте алғам жоқ ой орманын.

Отыздың ордасына жаңа кірдім,

Білмеймін, орындалды қай арманым?!»

«Ия-а!» дейсің, еріксіз. «Уақыт қадірі!», «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген пәлсапалар ойға оралады, «Е-е, бұрынғылар батар Күнге қарап: «Бір күнім өтіп барады», – деп жылайды екен, көкірегі қарс айырылып күрсінеді екен. Ал, біз..» деп, сәл сәтке болса да ойланып қаламыз. Ендеше, бізді ойланта алған өлеңі үшін Соянға рақмет!

Ақын тағдыры туған жерімен тамырлас, кіндіктес. Соян да сол қасиетке еншілес. Ең жарқын өлеңдері де сол туған жер, тал бесігіне арналған. Төрт мезгілді де бір сәтте көз алдыңа елестететін аруақты Алтайдың бір сілемі Оңқатының сұлу келбетін былайша кестелепті:

Серек тас қысы-жазы сүңгі, аппақ,

Күп-күрең майбұтасы күзді нақтап,

Көкала бәйшешегі – көктем мен жаз,

Көрер ең төрт мезгілді жалғыз сәтте-ақ.

Жасыл пүліш көйлегі шағи, сәтен,

Сан бұлақ – сылдыр моншақ лағыл ма екен?!

Аямай сұлулықты төге салған,

Апыр-ау, неткен ғажап, Табиғат, ең!

Көрінер «мен мұндалап» серектері,

Оңқаты осындай бір ерекше еді.

Теңейміз жәннатқа біз қателесіп,

Жәннатты саған теңеу керек пе еді?!

«Ия-а!» дейміз, тағы да. Өскен өлкесінің тұмса табиғатын сұлу сөзбен сомдап әспеттеумен қатар, «Ұлтым!» дегенде ұрты толып», қазақ болып туғанын мақтаныш тұтып, сол сезімін баршаға ортақ үлгіде өлеңімен өрнектеп, өзгелерді рухтандыруға бағытталған азаматтық жырлары адамды асқақтыққа жетелесе, ендігі бір шоғыр өлеңдерінен мағынасы терең мұң, қатпары қалың қайғы, алаң көңіл, мазасыз мінез лебі есіп тұратынын да аңдамау мүмкін емес. Әрине, айналасында болып жатқан аласапыран тірлік тынысы – нағыз ақын жанын өзі жұтқан ауасымен бірге өкпесін кернеп, жүрегін тырнап, көкірегін қыжылдатып жіберетіні заңдылық. Жат қылық, жағымсыз көріністің жанынан көзін жұмып, қам-қайғысыз өте шығу – ақын үшін ең кешірілмес күнә! Соянның бойында да осы қасиет бар, оны «көңілсіз» өлеңдері әйгілеп тұр.

Жыр жазайын деп едім көңілдірек,

Көңілдірек, досыма өмір тілеп.

Қартаң Ана көрдім де күрт бұзылдым,

Сала берді, қайтейін, көңіл жүдеп.

Шарықтайын деп едім, шаттанып бір,

Ару қала жайында ақтарып сыр.

Қайыр сұрап, алдымда, АНА отыр!

Қалай ғана кетейін мақтанып құр?!

Алып қойған теректей барымды күз,

Қарып өтті сұп-суық жанымды мұз.

Кетпей қойды санамнан солғын жанар,

Кетпей қойды қол жайған әжімді жүз.

Күнім шығып тұрса да арайлана,

Көтерейін көңілді қалай ғана?!

Қолын жайып тұрғанда мынау Әлем,

Қайыр сұрап тұрғанда талай бала!

Көр көкірек, көңілді ұрпағыңды,

Кешіре гөр, кешіргін, жарай ма, Ана?!

«Ия-а!» дейміз, деміміз біткендей, тұншыға күбірлеп! Әредік болса да, сіз де, біз де көріп жүрген, еріксіз куә болып жүрген көрініс қой, бұл! Ананы, баланы қайыр сұрауға мәжбүрлеген мерезді қоғам ба, мейірімсіз ұрпақ па? Әлде... Сананы жаулап бара жатқан қайырымсыздық ін- деті ме? Жауабы???...

«Індет» демекші... Соянның «Індет» деген өлеңі де бір «іріңнің» бетін ашыпты.

Көр көкірек көкейінде Құдай да ұмыт, сіз де ұмыт,

Бір-біріне үйкелісіп, тұрғандай-ақ үздігіп,

Көшелерде есі кетіп, аймаласқан қыз-жігіт.

Күтіп жүрген көктемеден желге ұшқандай күзгі үміт,

«АНА» деген келешектен күдеріңді үздіріп,

ІНДЕТ жайлап іргемізге, қайда кетті ІЗГІЛІК?!

Именбеді – тәнін бұлдап жалқы тиын – табары,

Кигендері – кіндігінен жарты сүйем жоғары,

Жүрген жері – тыржалаңаш Мауглидің аралы.

Құран ұстар қолдарында құрып кеткір арағы,

Шегіп кәйіп, шашын жайып, жандай-ақ бір қаралы,

О, қазағым, «Қаракөзің» қайда кетіп барады?!

«Ия-а!» дейміз де тынамыз. Солай. Ақын жүрек жылаулы, алаңдаулы, бәріне... Соянның қысқа өлеңдері біртіндеп өрісі кеңіп, толғау, баллада, дастанға ұласып бара жатқанына да осы шағын жинағы – куә. Мұндағы «Қашқын» поэмасы, «Дүкен ие», «Сырласу» қатарлы балладаға, тіпті дастанға лайық сюжетті туындылары ақынның эпикалық тынысы да біршама кең екенін, тақырыпты да таңдай, жырлай білетіндігінің дәлелі сынды, бәрінің де өзіндік тәлім-тағылымы бар дүниелер десек, асыра мақтау болмас деп ойлаймыз...

Сөз соңында Соян бауырымның «Балбалды таудың баяны» атты жыр – қарлығашына сәт сапар тілеймін! Өзіңмен үзеңгілестердің алды бол, ізбасар інілеріңе үлгі бол! Қазақилықтың жұпар иісі аңқыған қарапайым да құдіретті жыр туы әманда биікте желбірегей!

Рысбек Зұрғанбайұлы, ақын, журналист, Моңғолия Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha