Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Меңдібек Лұқпанов. Мейірімсіз мекеннен мейірленге...

01.11.2023 1511

Меңдібек Лұқпанов. Мейірімсіз мекеннен мейірленген мән ізде 14+

Меңдібек Лұқпанов.  Мейірімсіз мекеннен мейірленген мән ізде - adebiportal.kz

Сапар

Айға ақталып, Күнге күбірлеп қу жаным,

Суық тартар сары күздей.

Жел аңдыған түтіні бар мұржаның.

Жаным менің – жалғыз үй.

 

Жалғыз үйде жаным – жалғыз, ән – жалғыз,

Жарық – жалғыз, ой – жалғыз.

Сағымына сан алданып қалғанбыз, 

Қамығуды да қойғанбыз.

 

Опасыз ой, көңіл көркі түнерген,

Естелік көп ескірген.

Мұнда ақыл сұрамайсың біреуден,

Ақылды да айта алмайсың ешкімге.

 

Көше кезген көп үркіген жындайсың,

Асыра алған айласын.

Есігінде ашып-жауып тұрмайсың,

Сындырмайсың айнасын.

 

Кеше келдім, бүгін келдім. О, неге?!

Жан біле ме жөнімді?!

Шығармайсың ешкімді де төбеңе,

Ұсынбайсың төріңді.

 

Қамыт ойдан қабіріңді қазбайсың, 

Кете алмайсың әрі асып.

Құдайыңды ұмыта да жаздайсың,

Құбылаңнан адасып.

 

Анталаса ой аш бөрідей әр қайсы,

Ақталарсың Арға сан.

Мына үйден мәнді дүние таппайсың,

Мең-зең болып қалмасаң.

 

Соры қайнап солып қалар жан күздей,

Бәрі ұмтылар, бәрі асығар сол құзға.

....Әр кеудеде мекендейді жалғыз үй,

Жол тартатын жалғызда.

                     ***

Көп ішіндегі күрсініс, 

Күрең ойға кеп асылар. 

Кеуде ішіндегі бұлқыныс, 

Бұлқынып барып басылар. 

 

Басылған талай бұлқыныс, 

Дәрменсіз жаным көнер тек. 

Естілді сонда бір сыбыс: 

«Мына сәт тұрған Өлең» деп.

 

Тағдырға жүрміз көне алмай, 

Бақытты қуып біз әлгі. 

Хабарыңды сенің бере алмай, 

Батқан күн беті қызарды. 

 

Атқан таң қалай ақталар? 

Оның жоқ қайғы, жоқ мұңы. 

Қайтқан құс бермей хат-хабар,

Өртенген хаттың жоқ күлі. 

 

Жалғыздық – Тәңір жұрнағы. 

Болмайды бақтың баяны, 

Опасыз ойдың құрбаны, 

Жүрегіңді сен аядың... 

Жүрегімді мен аядым...

 

Бәрін де бәрін күтеді-ау, 

Тәубе деп жасап құлшылық. 

Бір ғұмыр бір күні бітеді-ау, 

Бір тамшы жасқа тұншығып.

БАЛА КЕЗГІ СУРЕТ 

Бала кезгі суретім – бал бейнелі,

Сағынышты сыздатты-ау жан күйдегі.

 

Білмеймін қашан, қай мезгіл, уақыты да,

Қалып қойған, қайтпайтын бақытым да.

 

Бәлкім тамыз, қыркүйек аралығы – 

Жаздан қалған жаз бейне қаралығы.

 

Дәлізі ғой мектептің тұрған жерім,

Балғын шағым мұнда өткен бал күндерім.

 

Тақылдаған тәтті арман таңдайында,

Жазулы ма жарқ еткен маңдайында?!

 

Алғашқы рет сонда аппақ гүл ұстағам,

Гүл сезімдер бүр атқан тыныш қана. 

 

Ақ көңілдер, ақ адал түрге енбеген, 

Ақ көйлектей жағасы кірленбеген.

 

Бауы шешіліп тұрса да, бәрі күлген...

Тауы шағылып көрмеген әлі өмірден.

 

Таң атырған сан арман, қиялдармен,

Мен сол шақта ұялшақ, ұяндау ем.

 

Мұраты ма бәрінің бала шақта – 

Аспанына қол созу болашақтың?! 

 

«Балалық» деп алсақ та атын қойып,

Ұзақ қарап... жүрекке жақын қойып.

 

Салмақты ой, сағыныш сезім бойлап,

Сәл мұңайдым, жоғалған өзімді ойлап.

 

Бал күндерім батсаң да жанға қатты,

Балалығын сағынған жан бақытты.

 

Дауаны аңсап жүрекке ем, даланы аңсап...

Жан біткеннің аңсары – балалық шақ.

                            ***   

Жарық күннің сәулесін, бөліп алар көлеңке,

Жарық түнде жұлдыздар сөніп ағар көп ерке.

 

Сәт пен шақтың бейнесі – естелігің аяулы,

Көңіліңе салса да кірбің түсер қаяу мұң.

 

Кешкен күйге күрсініп, тәні бөлек, жаны өзге,

Мейірімсіз мекеннен мейірленген мән ізде.

 

Күрсіністің көркі мұң, өңі өртенген шерменде,

Өкініштің арты азап, алды алданыш білгенге.

 

Шұғыласыз нұр жүрек, тынысы тар пейілден, 

Суйиды жан сезімі жалғыз жортқан сейілден.

 

Күрең сөздер күбірі естіледі маңайдан,

Кіршең тартса көңілің, жалғыз бейне жан айнаң.

 

Орман ойдан адасып, абдыраған аңғал шақ,

Жадырайды жан кеуде жаны ізгі жанды аңсап.

 

Азан, бесін, ақшамда алып ұшқан көңілің,

Қай бағытты бетке алды, қай қиырда өмірің.

 

Қынжыласа жүрегің, жанарынан жас тамар,

Тамған жасқа таңырқап, тамсанады басқалар.

 

Қорқынышы Құдайы, жұбанышы Тәңірі, 

Ұлылыққа көтерер ұлы Хақтың әмірі.

СӘУЛЕ

Кезіп өткен де даңғылың,

Кешіп жүрген көп көшеңде.

Жолайрықта кеп жан құрбың,

Жөн айтар не десең де.

 

Қоштасар жандар, о несі?!

Қимастығың да – қалауың.

Жақсы жандардың сәулесі,

Лаулатқан кеуде алауын.

 

Жадырайды жан шуағы,

Толқын тулаған ол – теңіз.

Тәңіріңнен де сұрауы,

Келмейтұғын бір көркем із.

 

Кешкен ғұмырың жалған ғой,

Елесі кезген тамұқта.

Қараңғылықта қалған ой,

Жол табады жарықтан.

 

Сәулелі ойлар, сәулелі із,

Сәулелі жанды жан ұққай.

Қалтылдап қалдық па әлде біз?

Қайраңда қалған қайықтай.

 

Қайықтай қалқып қу басын,

Кемедей кешкен күйіңді.

Тумаған Тәңір – турашыл,

Мекенсіз Құдай – мейірлі.

 

Өкініш өрттің от демі,

Өкпелеуге де алмасты.

Адамның соңғы сәттегі,

Жанары неге жанға ыстық?

ЖАН ДАУЫС

Еліктіріп ерте күннен қойды аңыз,

Жас баладай желігіп кеп іздеген.

Құдай жайлы құбылмалы ойдамыз.

Қызығында, біз деген.

 

Сәтті аңсап, шақты іздеп көмескі,

Ойы орамды, сөзі сұлу – алданыш.

Күңіреніп көп ішінен көп есті,

Күбірлейді жан дауыс.


Бір бейбақты көргендей боп бүкіл ел,

Бүйірінен түркілейді бір шыбық.

Талабың мен талантыңа түкірер,

Таразыда тең түспейтін тіршілік.

 

Жан дауысын, жан рахатын жаныштап,

Құтыла алмай құрбан болған құлқынан.

Пайғамбардың пейілінен алыстап,

Перілікке ұмтылған.


Көңілі оның қалықтайды көкте шын,

Тоспағанмен жортып жүрген жолың бақ.

Ақын деген – өкпешіл ғой, өкпесін,

Жүретұғын қолына ап.

 

Сөзі ұмтылып, тас талқан боп талабы,

Құшаққа ыстық қойын дәптер ұмтылған.

Жалғанның кеп жағасынан алады,

Ол о баста жыртылған!

 

Жан дауысы жанды ауыртып жылайды,

Сөз естілсе өлең, өмір хақында әр.

Сосын, сосын кінәлайді Құдайды,

Солай, солай...

...жоғалады ақындар.

...Өлең болып оралады ақындар!

 

Меңдібек ЛҰҚПАНОВ – 1995 жылы 10 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің түлегі. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері түрлі басылымдарда, ұжымдық жинақтарда жарияланған. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар