Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы екінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды

02.07.2021 1080

«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы екінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті бір сұқбатында «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі» - деген болатын.

Осы жылдың 2 шілдесінде республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасындағы ІІ кезеңінің марапаттау шарасы өтті.

Акцияның салтанатты марапаттау шарасын кіріспе сөзбен ашқан ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: «Әлем халықтары жаһандану процесінің қарқынды жүруіне байланысты өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру бағытында түрлі шараларды жүзеге асыруда. «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының өзектілігі де осы міндеттермен үйлеседі. Бүгінгідей шаралардың негізінде мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды» - деді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген бұл акцияға 14 этностан 213 адам қатысып (9-11 сынып және колледж студентері) қазақтың белгілі ақындарының туған ел, туған жер тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды.

Қатысушылардың ішінде орыс ұлтының өкілдері басым – 68 қатысушы. Одан өзге өзбек, түрік, әзірбайжан ағайындардың белсенділіктері жоғары болды. Шараға қатысушылардың басым көпшілігі Шымкент қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан. Шыны керек, жыл санап тілдің майын тамызып, қазақ тілінде нақышына келтіріп жыр оқитын өз ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Әсіресе олардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы қуантады.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген, алдына қара салмай, шашасына шаң жұқпаған шын талантты табу қазылар алқасына да оңайға түспеген секілді.

Жан-жақты сараптау нәтижесінде келесі жүлдері орындарға лайықтылар анықталды: Бас жүлдені Жамбыл облысының өкілі Аяна Ким Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» шығармасын мәнерлеп жатқа оқығаны үшін иеленді. Ал бірінші орын Сабина Сыхуроваға, екінші орын Анора Юнусоваға бұйырып, үшінші орынды Дилрабо Хикматтуллаева мен Дмитрий Рябоконь жеңіп алды.

Ынталандыру дипломымен Жамбыл облысының саңлақтары Карина Дакай, Алина Алиева, Малика Бешлы-Оглы, Татьяна Зайцева, Шымкент қаласының тұрғыны Сабина Абдужапбарова, Түркістан облысының тумалары Дияра Батырали мен Зарина Гулмамедова, Солтүстік Қазақстан облысынан Николай Кайнов пен Роман Жолудев, Алматы облысынан Виктория Галузинская марапатталды. Шәкірттерін баптаған қазақ тілі мұғалімдерінің еңбектері де ескерусіз қалған жоқ, олар Тіл саясаты комитеті төрағасының алғысхатымен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, акцияның 5-8 сынып оқушылары арасында өткен І кезеңіне 22 этнос өкілінен тұратын 326 адам қатысса, соның 214-і орыс ұлтының өкілдері болатын. Келесі кезеңдер жоғары оқу орындарының студенттері мен ересек тұрғындар (5 шілде – 5 тамыз аралығында) және құқық қорғау, ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында (6 тамыз – 6 қыркүйек) өтеді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін артыру жолында аянбай тер төгіп жүрген жүйріктерге табыс тілеп отырайық, ағайын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар