«Ақан– Зайра» пьесасы алғаш рет толық көлемінде Мұхтар Әуезовтің 20 томдық шығармалар жинағында (11 том) жарық көрді. Оның арап әрпінде төте жазудағы қолжазбасы мен латын әрпімен машинкаға басылған нұсқалары жазушы архивінде сақталған (ЛИМА,КПР-1,п. 86.87.) Пьеса тақырыбына орайлас «Ақындар, әншілер өмірінен алып жазылған 6 суретті күйлі пьеса», – деп жазуына қарағанда жазушы өзіне бұрыннан таныс әнші-ақындар, өнер адамдарының ескі кездегі өмірін сахнаға шығаруды мақсат еткен. Жазылған уақыты қолжазбада көрсетілгендей 1934 жылдар шамасы. Жарыққа шықпай тұрып пьеса орыс тіліне аударылған, осы алған тақырыптан бірде-бір ауытқымай өлең жолдарына түсіріп «Ақан-Зайра» атты операның либреттосын жазып шығады. Оны арнайы машинкаға бастырып орыс тіліне аударады. Жазушы бұл шығармаға алаңсыз кірісіп, көп уақыт тер төге ізденді, оны көздеген мерзімде аяқтап шығып, сахнаға қойғызуды мақсат етті. Алдымен шығарманың он бетке жуық жоспарын құрып, онда жалпы пьеса мазмұнына қатысты әңгіменің егжей-тегжейін баяндап ұзын-ырғасын қағазға түсіреді.
Осы туындыда суреттелетін оқиға барысын, әсіресе бас кейіпкерлер Ұмсын мен Ақан тағдырына қатысты бірсыпыра деректерді С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романының кейбір тарауларында кездестіруге болады. Онда жазушы өзінің ат айдаушы болып жүргенде елдің белгілі адамдарының аузынан естігендері мен өзі куә болған кейбір жайттарды суреттеп жазған. «Ақан-Зайраның» Сәбит Мұқановпен шығармашылық ынтымақтастықта (соавтор) жазылуының бір себебі оның Ақан сері жайындағы әңгімелерді көп білуінде болса керек. Бірақ М.Әуезов мұражайында сақталған пьеса қолжазбасы мен машинкаға басылған нұсқасында басқа автормен бірігіп жазудың ешқандай белгілері байқалмайды. Осыған қарағанда өзара пікір алысып, соавтор болуға келісім жасағанымен әркім өз бағытымен еңбектенген тәрізді. Пьесадан алынған үзінді алғаш рет 1936 жылы (17.05.Қ.Ә) газет бетінде жарық көріп, кейін жиырма томдық шығармалар жинағында жарияланған. (А. «Жазушы», 1982,5-43-бб.). Жазушы пьесаға кіріспес бұрын оның «планын» құрып алады. (1-бума) Жоспарда пьесада баяндалатын оқиғаның неден басталып қалай дамитыны, әр актідегі кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы рет-ретімен қысқа сөйлемдермен түсінікті түрде айтылып шыққан. Болашақ пьесада суреттелмек болған барлық жайттардың мазмұны мұнда әңгіме түрінде айтылып, дайын композициялық жүйеге келтіріледі. Бұдан айтулы қаламгердің әрбір жазатын келешек шығармасын ой елегінен өткізіп, іштей әбден пісіріп алып, алдын-ала үлкен дайындықпен, тақырыпты емін-еркін меңгеріп барып қолға алғаны көрінеді.
«Ақан–Зайра» пьсасын жазар кезде жазушыны сөз жоқ Ақан сері сияқты сегіз қырлы бір сырлы, ақын-әнші, өнерпаз адамның сан қилы бұралаңға толы өмір жолы қызықтырғаны анық. Ұлы суреткер осы тақырып төңірегінде бұдан бұрын да мол толғанып, «Қарагөз» трагедиясында бірқатар өнерлі жастар бейнесін жасаған. Трагедиядағы негізгі қахармандардың жай қатардағы біреу емес топтан озған ақын, әнші, өнерпаз, сал-сері болып келуі сөз жоқ көрерменнің қызығушылығын бірден тудырады. Осы қызығушылық, алғашқы әсермен көрерменді баурап алған шығарма арқауындағы сұлу қыз, өнерлі жігіт, жалындаған махаббат сезімдері, тартысты оқиғаға құрылған тарам-тарам сюжет бірден-бірге өсіп шарықтап кете береді. Оған жазған алғысөзінде осы пьесаның мақсатын орынды түрде айтып өтеді.
М.Әуезовтің атақты «Қарагөз» трагедиясындағы жастар өздерінің өнер мен өмірдегі жолын енді бастап жатса, «Ақан-Зайрадағы» ақындар тобы жастық шақтың алғашқы бел-белесі мен қызық-қуанышын артқа тастап, атақ-абырой дуына бөленген, ел алдында зор даңққа жеткен дер шағындағылар. Жалпы М.Әуезов шығармашылығындағы ақындар, өнер адамдарының бейнесінің жасалуы, олардың жазушының әр туындысында көрініп, көркем туындының нәрін, шырайын келтіретін асқақ та әдемі бейнеге айналып отыруын қызық құбылыс ретінде көп зерттеушілердің назарын аударады. Соның ішінде Ә.Тәжібаев ол туралы пікір жазады.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Ақан сері Қорамсаұлының тағдыры әдебиет тарихында бұдан кейін де аз жазылмаған. І.Жансүгіровтің атақты «Құлагер» поэмасы, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері Ақтоқты» пьесасы, С.Жүнісовтің екі томнан тұратын «Ақан сері» роман-диалогиясы қоғамдағы өнер адамының өмірін суреттеп жазған. Осылардың қатарына қойып қарайтын болсақ Ақан сияқты заманнан ойы озған саңлақ ақынның бейнесін жасауда М.Әуезовтің көптеген көркемдік табыстарға жеткенін көреміз. Ақын, әнші өнерпаз адамдар бейнесі қаламгердің бұдан өзге «Абай», «Хан Кене», «Қарагөз» трагедияларында, «Шекарада», «Бекет», «Алма бағында» пьесаларында көрінеді. Мұндағы өнерпаздар тұлғалары шығарманың шырайын келтіретін биік ойлылығымен, халықшыл адал көзқарасымен, көпшілік жиылған жердегі ойын-сауықтың ұйытқысы, шындықтың шырақшысы дерліктей тартымдылығымен көзге түседі.
«Ақан-Зайрада» әнші-ақындар біреу емес, жиын-тойда жарыса шығып, көптің сәні болған өнерпаздар әлденешеу. Олар ауыл арасының бір аяқ асқа бола сайраған сатымсақ ақын, сарнауық шешені емес елге танымал, халықтың еңсесін көтеріп, сөзін сөйлейтін мақтанышын тудырған жүйрік, дүлділ ақындар. Өнер тарландары Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Біржан сал сияқты өрен жүйріктердің ортасында Ақанды көрсету, оны даралау жазушы үшін оңай емес. Пьесада да, либретто да оларды жазушы өнерпаз ретінде бірінен-бірін асырып отырады. Пьесадағы екі рет өткен ақындар сайысында басқалардан басым шығып Ақан жеңеді. Құлагер мертігіп Ақанның басына қайғы бұлты үйірілгенде кінәлі болған Досанды Балуан Шолақ Ояздың көзінше қамшысымен ұрып тұтқындалады. Үкілі Ыбырай да Зайранның тағдыры шешілген мезетте қарындасын шен-шекпенге бола малға сатқан Шәймерден бастаған топқа наразылығын өлеңмен білдіреді. Досан да ақын, бірақ кітапшыл, ескішіл үнемі кедергі жасап жүретін кертартпалығымен танылады. Зайраның Рамазанға (Шери) атастыруларына да, Ақанмен айырысуына да, Құлагердің мерт болуына да себепшілердің біреуі – осы.
Оқиғаға басынан аяғына дейін қатысып отыратын кейіпкерлер арасында Зайрадан өзге көзге түсетіндер Шеридің әйелі Ақлима мен қарындасы Айша. Ақындардың алғашқы сайысынан бастап-ақ Айша Зайра мен Ақан екеуінің арасын ажыратуға күш салады. Зайраны ағасы Шериге алып бермек боп, Шаймерденді үгіттеп көндіруші де, оған би знагын тағып қызмет әперуші Айша мен Досан екеуі. Бірақ Шеридің Зайраны алуына әйелі Ақлима үлкен бөгет. Әкесі Торсан бай да оның айтқанынан шықпайды, өйткені жиған бар байлығы Ақлиманың төркінен келген. Ол кетсе бар байлық бірге кетпек. Күш өзінде екенін білген Ақлима Зайраны келін ғып түсіруге әкелген топ алдында мазақ етіп, ауыл қуларына келемеж түріндегі беташар айтқызады.
Екі оттың арасында қалған Зайраны құтқармақ болған ағасы Шаймерден Торсанға салмақ салады. Ел алдында ыңғайсыз күйге түскен саудагер бай қызды ақырында момын баласы Бекенге қосады. Осы той үстінде бәйгеден келе жатқан Құлагер соққыға ұшырайды. Шығарма соңы Құлагердің мерт болып, Зайраның есінен адасуымен, қайғылы халде аяқталады. Мұның алдындағы Ақан өнерін сарапқа салған екінші сынақ – елге атағы мәлім саудагер Шеридің қасындағы Оязбен бірге жүрген хан тұқымы ақсүйек Төрені топ алдында мақтап, дәріптеп айтқан өлеңі. Ақан төрені шын көңілімен мақтап, бұл сыннан сүрінбей өтеді. Бұған Шери риза. Алдына лақтырып ақша тастайды. Ақан оны ризашылықпен қабылдайды.
Айша мен Досанның сөзіне еріп Зайраны алмақ болған Шери әйелі Ақлиманың алдында дәрменсіз. Торсан бай, Шери, Ояз, Төре, Ақлима, Досан, Айша – бұлар рухани дүниелері, іс-әрекеттері қулық амал мен жойдасыз әрекетке, ішкі есепке құрылған. Рухани жағынан бұларда шектеулі мешеулік бар, айналамен қарым-қатынасы дүние мен есепке байланған тоғышар ортаның өздерін дүниенің қожайыны сезінетін келеңсіз әрекеттері байқалып тұрады. Өз ортасынан бөлек, басқаша әрекет ете алатын адамдардың ішкі ойын, тіршілік мәнісін түсінгісі келмейтіні былай тұрсын олар өздерін барша дүниенің, адам тағдырының қожасы санайды.
Пьесада Ақан өнерінің жұмбақ сырларын тереңдете бейнелеу үшін Зайрамен кезіккен жерде перінің қызы шығып көзге елестейтін эпизод бар. Оқиға шешім тауып, аяқталар сәтте есі ауған Зайраның көз алдында тағы да пері қызының шығып билеуі, Ақан мен Зайраның оңаша қалған сәтінде пері туралы әңгіме қозғауы шығарманың арқауының жұмбақ, ашылмаған сыр қосатындай көрініс болып шыққан.
Өз заманының ескілік заңдарына бас ие бермеген романтикалық бейнедегі өршіл Ақан пьесада сәл өзгешелеу болып суреттеледі. Ақан сері тосын мінездерден де ада емес, пьеса басталар кездегі сөзін жүре тыңдаған Зайраға Ақанның қанжар суырып қорқытуы қатыгездік пен тәкаппарлығын білдіретін сцена болып шыққан. Ал Шери ақша толы әмианын лақтырғанда Досанның қолынан алып алуды Зайра намыс көрсе де Ақан намыс көрмейді. Зайраның ықыласын өзіне аударып алған соң оның тағдыры саудаға түсіп жатқанда Ақан илігіп оған көмек етуге әрекет жасамайды. Зайраның ағасы Шаймерденнің айтқанына еріп, Зайраны алмақ болған Шериде жағдайдың тұтқыны болып қалған амалсыздық басым. Ақанның өзін сүйген, сөз байласқан адаммен арыздасып, сөз айтпастан кетуі мен тойдың сәтсіз басталып қайғымен аяқталуында ескі қоғамдағы тіршілік ағысының өзіндік заңдылықтары жатқандай.
Пьесада өнерлі де сұлу Зайрадан гөрі Айша мен Ақлиманың амал-айласы жүйрік. Ақлима ықпалындағы жұрттың жағымсыз мінездерін өз дегеніне еркін пайдаланады. Бірді-бірге айдап салумен бірқатар адамның тағдырына араласады, тіпті өз қолымен кейбіреуінің тағдырын шешуге дейін жетеді. Сөйтіп, ол жүріп өткен жолда тек адамдардың көз жасы мен жазылмас өкініші ғана қалады.
Пьесаның көркемдік құндылығы өткен замандағы халық өмірін мейлінше шынайы суреттеп, қазақ тұрмысының ескі салттарын бейнелеуінде. Көркем шығармадағы ән-күй, тамаша табиғат аясы, сөйлеуші, ойын көрсетуші топтың шебер де шешен тілі, дала адамдарының өзіне тән мінез-құлықтары барынша шынайы көркемделеді. Шери Зайраға үйленбекші дегенді естігенде Ақлима оны қарсы алу үшін мазақ түрінде айтылатын беташар әзірлетеді. Бұл жердегі түрлі актерлік, сайқымазақ сценалар арқылы халық әдебиетіндегі, сақау, тазша, бейнесіндегі персонаждарды енгізу тәсілін М.Әуезов осы пьесада сәтті пайдаланады. Сақау, қыли, ақсақ, тазша бейнесіндегі персонаждардың қисалаңдап билеуі, мағынасыз беташар айтуы, өнер көрсеткенсіп масқарапаз кейіпке еніп жүрулері адам табиғатындағы рухани үйлесімсіздікті, қарым-қатынастағы дисгормонияны, жақсылық пен жамандықтың ара жігі білінбей араласып кетуінен болған қателіктер, өрескел түрдегі өсіріп көрсетілген алуан түрлі мінез-құлық өлшемдеріне ұқсайды.
Сахнадағы бұл бейнелер көрген адамның көңілін күйін көтеретін бір сәттік болса да қуаныш бере алмайды, шаттандырып күлкіге де кенелтпейді, қараған жанның өзі де түсініп болмайтын түсініксіз, ыңғайсыз күйге түсіреді. Бұл сахна, драма өнерінің оқушыға жасайтын эстетикалық ықпалы тұрғысынан қарағанда суреткердің көркемдік құралдарды шығармашылық амал ретінде орынды қолдануы дер едік. Батыс және орыс әдебиетінің эстетикалық өлшемімен алғанда бұл «ужасное» категориясы. Яғни, қандай да бір құбылысты адамға аса қатты дәрежеде әсер ететіндей етіп көрсету үшін сұмдық, масқаралық дәрежесіне жеткізе көрсетуге арналған сол өлшемге сай көркемдік амал.
«Ақан-Зайрадағы» трагедиялық хал «Қарагөздегіге» қарағанда сәл өзгешелеу. Сұлу да аяулы Қарагөздің есінен адасуға сүйгеніне қосыла алмауы себеп болса, Зайраның осындай халге душар болуына әлеуметтік өмірдегі көрген кемсітушілік пен түрлі моральдық соққылар себеп болады. Мұндағы қайғылы жағдайға қарап «Ақан-Зайраны» трагедиялық шығарма деп те айтуға болады. Бірақ көркем шығарма шын мәніндегі трагедия дәрежесіне көтерілу үшін ондағы тартысушы күштер бір-бірімен тепе-тең түсіп, алма-кезек алыса келіп, ымырасыз күрес нәтижесінде мерт болуы шарт.
Бірақ пьесадағы Ақан өз махаббаты үшін аяғына дейін күреспейді, Зайраның да оған деген ойы кей тұстарда екіұшты, тіпті кей мінезін жақтырмай да қалады, басқа жерге келін боп түскен жерде де оның мінез-құлқынан қарсылық нышаны байқалмайды. Зайраның бойында әлі де әрекет-қимыл, әлдебір адамдардың ойнына айналып кетпес үшін батыл қадамдар жасай алатын әрекеттер жетіспеу себепті ол асқақ дәрежедегі биік кейіпкер межесіне жетпеген, сол себепті бұл шығарманы трагедиядан гөрі драмалық пьеса дейміз.
Шығармадағы басты кейіпкердің бірі – Ұмсынды жазушы Зайра деп алған. Ұмсын таза жазушылық қиялдан туған кейіпкер емес, Ақан серідей өнерпазды ғашық етіп, көңіліне қанат бітірген, тамаша әндер тудыруына себепші болған ерекше жан. Өз ортасында тәрбие-тәлімімен оқшау көзге түскен Ұмсынның, ақыл-парасатын Ақан әнге қосады, шабытына шабыт алады. Сөйтіп, Ақтоқты мен арадағы оқиғадан кейін де қызға деген ынтызар көңілін білдіреді. Бірақ екеуін тағдыр жазуы қоспайды.
Қалауын тапса кімге де жар болуға лайық Ұмсынды Торсанның Шериі қарсылығына қарамай алып қашады. Ақыры мұның артындағы бітпес даудан қорқып, әйелі Ақлимадан аса алмай әкесі Торсанның ұйғарымымен Ұмсынды інісі Бекенге қосқызып тынады. Бірақ пәк көңіліне қаяу кірген Ұмсын барған жерінде мұндай кемсіту мен қорлыққа шыдай алмай кейінгі өмірі тар қапасқа қамалғандай, ескілік шырмауында түсіп күйікпен өтеді. Аяулы ару ақыры күйзеліске шыдамай өмірдегі көрген кемсітушілік, зәбір-жападан ақыл-есі ауытқуға түсіп, айықпас дертке шалдығады.
Ұмсынның былайғы өмірде ерте хат танып, ақыл-парасатымен ерекше көзге түсетін ерекшелігі ойдан шығарылмаған, шындыққа сай әңгімелер. Оның әкесі Жүсіп, атасы Жансақал өз өңіріндегі маңындағы елге аты белгілі, малды кісілер саналған. Әкесі Жүсіп мұсылмандық парызын орындап қажылық сапарға да барып қайтқан. Жалғыз қызы Ұмсынның тәрбиесіне көңіл бөлгенде оған өзінше білім алуға жол ашып, Бұқардан оқып келген хазіреттен сабақ алдырады. Ескіше хат таныған қыз өзінің зеректігімен білім соңына түсіп, көп оқып ізденеді. Құран мағынасын түсінерлік дәрежеге жеткен соң қызды бұдан ары оны оқытуға өз білімі аздық ететінін ұстазының өзі де мойындайды. Осылайша өз атырабына аты зейін-зеректігімен әйгілі болған, көркіне ақылы сай Ұмсынның замандастар арасында ерте көзге түсуі талайдың қызғанышын тудырады. Айнала құрған тордан ол ақыры құтылып кете алмайды. Осындай өмірлік дерегі мол, ел ішінде қилы түрде әңгіме болып жүрген ерекше тағдыр иелерінің өмірін сахнаға лайықтап суреттегенде жазушы шындық оқиғалардың тұрмыстық деңгейінде қалып қоймай оны өзінің зор талантымен биіктете, жарқырата көрсетіп береді.
«Ақан-Зайра» пьесасы ұлы жазушы М.Әуезовтің шығармашылығында өзіндік орны бар туынды, осы арқылы ол драматург ретіндегі өз мүмкіндіктерін бұрынғыдан да толық танытып шыңдай түсті, көркемдік тәжірибе тұрғысынан да кемелденіп өсті. Кеңестік тақырыпқа шындап бет бұрған жылдардағы ескі тақырыпқа жазған елеулі шығармалардың бірі болғандықтан қаламгердің бұл шығармада өзгеше қолтаңба танытып, өзінің бұрынғы бабындағы шығармашылық күйіне келгенін байқатты. Жазушы онда «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене» трагедияларында қол жеткізген суреткерлік шеберлігі мен тарихи ауқымдылығын, терең психологизм мен көркемдік жетістіктерін көрсете алған. «Ақан- Зайрадағы» Ақлима бейнесі өзінің көркемдік дәрежесі жөнінен «Түнгі сарындағы» Жүзтайлақ бейнесін, ал кітаби ақын Досан бейнесі «Абай» трагедиясындағы Керім бейнесін еске салады. Одан өзге де сан қилы көркем образдарды суреттеу барысында қаламгердің қиялға бай, көркемдік тәсілге жомарт талантын жаңа қырынан танимыз.
Пьеса композициясында оған алып-қосатындай олқылықтар, жөнсіз созылған шұбалаңқы эпизодтар кездеспейді. Бірбеткей ізденіс үстінде драмадан либреттоға, одан орысша аудармаға бет қойып, бір жанрдан екіншісіне ауысып сабақтастық, жүйелілік танытуы суреткердің өзіне тән шығармашылық ерекшелігін білдіреді. Жазушы кейіпкер мінезін даралауда олардың сөйлеу машығына, сөздік қоры мен тіл ерекшелігіне көп мән берген. Әр кейіпкер өзінің ойлау деңгейіне, оқиғадағы атқаратын қызмет шеңберіне қарай, көтеріп тұрған бейнесінің ауқымына сай сөйлейді. Сол арқылы жазушы олардың арасындағы қарым-қатынас сырларын, мінез-құлықындағы түрлі айырмашылықтарын даралап отырады.
Мұнда 30-жылдары барлық кеңестік қазақ жазушыларының негізгі туындыларына өз таңбасын қалдырған саясат әсері мен түрлі шектеулер ізі байқалмаған. Жазушы қаламы өзіне жақын тақырыпқа қиналмай барады, көсіле, шабыттана жазады. Драмадағы Ақлима, Зайра монологтері ақындық шабытқа толы. Жалпы драманың тұла бойында осындай ақындық шабытқа тән көркемдік белгілер кейіпкер диалогтерінде, тартысты сәттерінде, шешуші кезеңдегі герой сезімінің асқақтаған биік күйлерінде әсіресе байқалады. Бұл жағынан алғанда пьесаның «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» трагедияларына көркемдік, тақырыптық жағынан ұқсайтын белгілері, ортақ желілері, жақын тұстары баршылық.
«Қарагөздегі» Сырым бейнесі Ақан сері тұлғасына қарағанда тартымды әрі кесек болып шыққан. Ол шығарма желісіндегі тартыста өзінен әлдеқайда мықты күш иелеріне әлсіздік танытпай, алған бетінен қайтпайтын, дегеніне жетпей тынбайтын қайсарлығымен танылса, ал пьесадағы Ақан сері шешуші сәтте ондай табандылық көрсете алмайды. Сүйген қызы Зайраның Шериге тұрмысқа шығуына, той үстінде мазаққа ұшырап сәтсіздікке тап болуына Ақанның еш қатынасы білдірілмеген. Бұл үнсіздікте ел салтына көніп сүймеген адамына кете барған қызға Ақанның реніш-өкпесі, намысы жатуы мүмкін. Бірақ суреткер ол сезімдерді ашып бермеген.
Егер Ақан серімен көңіл жарастырып, оның назарын аудармаса Айша жүрегінде Зайра өмірін астаң-кестең ететін қызғаныш сезімі тумас па еді кім білсін. Бірақ олай деп айта алмаймыз, өйткені адам өміріндегі сияқты шығармада да бір қателіктен бір қателік туып, адам баласы нағыз бақытсыздыққа тап болғанша жалғаса беретін түрлі заңдылықтар жүйесі көркем шығарманың негізгі мазмұны болып келетіні белгілі. Сырымның немере қарындасына ғашық болып, жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ салтына қайшы әрекет етуі оның қателікке ұрынуының басы еді.
Бірақ Ақанның серінің Зайраға көңіл білдіріп, оның қызғаныш сезімінің құрбаны болған қиын күнінде бар оқиғадан сырт қалуы ақын бейнесін биік тұлғасын тіршілік болмысына, қатаң тұрмыс илеуіне жақындата түседі. Бұл жерде сүйген адамының отқа тастап кете беретін сезімсіз адамның бейнесіндей басыңқы, өз бақыты үшін күресе білмейтін күйрек, бөзөкпелігі үшін ақынды жазғыруға да, өз басын кішірейтіп саналарын ақша билеген адамдардың ортасына кірмеген таза да асқақ қалпына сүйсінуге де болады.
Пьеса басталғандағы асқақ сезімді жаны ширақ, асқан өнерлі Ақан сүйген қызы Зайра басқа адамға тұрмысқа шығып, жынданар халге келіп, бақытсыздық күйге түскенде де үнсіз жүруі, оның айналасында күншіл, қызғаныштан туған ұсақ, күйкі сезімдердің шегіне жете ширығуына, әбден асқына қимылдауына жол ашатындай. Осы арада өнер мен даңқ жүрген жерде күншіл, қызғаныштың қоса аңдып бағып отыратынын, өнерпаздың осал тұсты аңдып, әрекет ететінін тағы да еске салатындай.
Шығарма көркемдігінің айқын белгісі оның көркем тілінен көрінеді, әр кейіпкер өз көңіл күйі мен оқиға кезіндегі жағдай ауанымен сөйлей білген. Пьесада көркемдігіне шырай енгізіп тұрған оның тіл ерекшелігі, мағналық, суреткерлік тұрғыдан кейіпкер ойын орынды жерінде орайлы етіп жеткізуден бастап, тартысты кезеңдерде ширыққан, көтеріңкі диалог, монологтарда сезім күйінің әсерлі шығуы шығарманың көрерменге эстетикалық әсер күйінің толыққанды болуына ықпал еткен.
Кей жерде кейіпкер сезімінің асқақтығына көрермен тәнті болса, кей уақыттың нәзік көңіл күйіндегі лиризмге беріле көңіл қоюы жазушы шеберлігін танытады. Сондай-ақ, күлкілі күйге езу тартқызатын юмор мен ащы мысқылмен мырс еткізетін ызалы күлкі тудыратын да осы пьеса тіліндегі ерекше көркемдік кесте дейміз. Пьесадаға Шери, Айша, Ақлима, Торсан, Төре, Ояз сияқты кейіпкерлердің сөзін бергенде шығарма тілі кесек, іреп сөйлегіш, менмендікке тола болса, ақындар сөзіне келгенде кестелене өрнектеліп, биіктеп байып кетеді, мұндағы алуан сырлы адам сезімдері бір-бірімен байланыса толығып рухани өмірдің өзіндік жарасымды кестесін өрнектеп шығатындай. Сөзіміз дәлелді болу үшін шығармадағы Төре бейнесін ашатын сөйлемдердің ерекшелігіне тоқталамыз:(14-том,104-б.)
«Төре (Шериге, айналадағы жұртты көрсетіп). Сен екеумізге мыналар дикарша қарайды. О несі екен?
Шери (күліп). Бұлар өзі бір қазақы, ескі ел. Адамдар мен әдеттері де баяғы қан жеген ата-аналарынан алыс емес.(Күліседі)
Төре. Қан жеген? Оны неге жеген? Досмұхамбет. Ас болат дейді ғой, төре-ау.
Төре (Досмұхамбетке). Сен бұларға ақыл үйрет, ұрыс! Бізге бұлай сиырша қарамасын.»
Енді бір тұста:
«Төре. Ей, Ақан, сен немене бағанадан малшайт етіп, мыналарға очередіңді беріп отырғаның?»
«Төре (Шаймарданға). Ну, Шаймардан, сен Зайраны мұнда шақырт. Бізбен бірге отырсын. Какже иначе. (Сол кезде Зайра кіреді. Қасында қыз нөкері. Ол ұялып қымсынбайды.Мыналармен амандасады. Төре Шериге.) Однако ол қорғанбайды. Это по-европейски.
Шери (Қомағайлана қарап). Иә, «товар налицо», а товар жаман емес. Қалай ойлайсыз.» – Өз тілін шұбарлай сөйлеп, орысша араластыруды білімділік белгісі деп ұққан шала сауатты төре мен ауқатты байдың сөздерінен олардың мінез-құлқы, менменшіл пиғылы анық біліне кетеді. Жазушы олардың аузына осындай қойыртпақты салып отырып өз сөздерімен өздерін іреп, күлкі етіп отыр. Осы жерде айта кететін бір мәселе пьесаның жазылған уақытын, сол кездің қөзқарас ауанын ескеріп төре, ояз, саудагер бейнесін жасаудағы жазушы көзқарасына таптық әдебиет жасау саясатының ықпалы болғанын да байқағандай боламыз.
Пьесаның көркемдік бітіміне төгіле сөйлеген әсем тіл мен кейіпкерлер бітімінің даралана сипатталуы айрықша ықпал еткен. М.Әуезов драмаларының ішінде авторлық ремарканың орны бөлек боп келетіні белгілі, сөйтсе де «Ақан-Зайрада» автолық ремарка көп жерде, орынды түрде барынша анық беріліп отырады. Онда кейіпкердің сөйлеп отырғандағы көңіл күйі, кімге сөйлегені, қимыл, қозғалысы, жүріс-тұрысы, сезім-күйі туралы қосымша көптеген толықтырушы мәліметтер беріледі.
«Шекарадағы» Байназар, «Тас түлектегі» Қондабай сияқты бүкіл өмірін байлықта өткізген адамдардың өмірдегі сол артықшылықтан, барлық әлеуметтік тірегінен айрылғандағы, жер ауып елден кеткендегі ішкі сезім күйі, шарықтау шегіне жеткізіле суреттелмейді. Жазушы оны басыңқы күйде, тұйық күйінде қалдырады. Әрине таптық тұрғыдан алғанда кешегі билеуші тап өкілінің сезім күйі, өкініш - арманы толық күйінде көрініс табуын таптық қоғам эстетикасы қалаған жоқ. Оны көрсетіп, терең суреттеуді артық деп бағалады.
Бұл жағынан алғанда көркем әдебиет пен өнерге 30-жылдардағы таптық саясаттың тигізген әсерін, жүргізген ықпалын айтпай кетуге болмайды. Дүниетанымдық көзқарас тұрғысынан қарағанда кеңестік әдебиеттің таптық, көркемдік-эстетикалық мұраттары өзінің шығу тегі, мүддесі жағынан сол кездің әлеуметтік идеалдарын уақыт талабына сай деп түсіндірді. Сол себепті де жаңа тұрпатты кеңестік қоғам орнағаннан кейін де ақын-жазушылар 30-жылдардың қиын тақырыбына келгенде оны айналып өтуге, немесе мүлде үндемеуге, жазған күнде өмір шындығын бұрмалап, боямалап көрсетуге мәжбүр болды.
Жаңа дәуірдің әртүрлі саяси көзқарастары мен қайшылықтары, қай тақырыпты алсаң да алдыңнан шыға келетін таптаурын сәттер мұнда кезікпейді десе де болады.
Келіс Рахымжанов,
жазушы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.