Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Маржан Ершу. Қазақ поэзиясындағы Қасым мінез...

28.11.2021 2040

Маржан Ершу. Қазақ поэзиясындағы Қасым мінез 12+

Маржан Ершу. Қазақ поэзиясындағы Қасым мінез - adebiportal.kz

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бiр қарашы.

Танисың ба сен менi

Мен – қазақтың баласы!

Бұл – Қасым жыры. Жәй жыр емес, қайсар жыр. Отты жыр. Бөрi жыр. Қасқыр жыр. Қазақтың жыры. Қасымның қаламының құдыретi сол, ақын асқақтаған тауды жырласа да, тебiренген теңiздi жырласа да, сайын даланы жырласа да оның өлеңдерiнде бiр бекзаттық бар. Қасымның өз болмысындағы өр мiнез оның өлеңдерiнде де өмiр сүредi.

О, өлең!

Өлең деген не нәрсе бұл?

Өлең – су, – дейдi бiреу, – ағыл-тегiл,

Ой толы отыз жасар жiгiт-жырым

Өлең – су жағасынан термейдi гүл.

Өлеңiм өзiме тарт! Тiрi адам бол!

Алдыңа алмай-ақ мауыты стол,

Ақын бол, азамат бол, жауынгер бол

Халқыңды құшақтап сүй, мiндетiң сол!

…Қылтылдақ қалпақ киген ғасырлардың,

Қыз мiнез қылтыңына бас ұрмадым.

Аламын ауыр ойдан ауыр сөздi

Мақта емес, ми болған соң басымдағым…

Су татыған өлең кiтаптардың көбейiп кеткен заманында Қасым ақын бiзге көмекке келедi. «Өлеңiм өзiме тарт!» дейдi ақын. Ендеше, Қасымды бiлгiң келсе, жырын тыңда деген осы да. Ақын осы өлеңiн жазғанда отыз жаста екен. Ол бұл өлеңiнде өзiнiң өлеңге қояр талабын айтып, ақындық кредосын жырлап қана отырған жоқ, сонымен бiрге «өзегi өрт өлеңге толы ақын» поэзиясы арқылы өзiн таныстырып отырғандай. Бұл өлеңнен ұғарымыз, Қасым – қасиеттi сөздiң иесi. «Аламын ауыр ойдан ауыр сөздi, Мақта емес ми болған соң басымдағым» дейдi ақын. Абай, Махамбет, Мағжан, Iлияс жырларымен рухтас Қасым жырлары қайсарлық пен өжеттiктiң ауыр ойға оранған жарқылдаған ақ алмасы iспеттi. «Ауыр ой». Жақсысы мен жаманы қатар алмасқан дүниеде ойдың ауыры болса, демек ойдың да, ойланудың да жеңiлi де бар болғаны. Ақын жан-тәнiмен өмiрдегi жеңiлдiкке қас.

Ойлану – кейде айбалта,

Айыра айдай шабады.

Ойланбаса тотығад

Топырақта қалады.

Жеңiлту үшiн жан жүгiн,

Жылағың келед бiр ауық.

Жылаған жырым – жан сырым

Ұғылмаса бұл қауiп, –

деп жырлаған Iлиястың мұңын емген Қасым ой туралы толғанса, оның сол ауыр ойды жанына азық еткенi. Адам ерлiк жасау үшiн де ең әуелi өзi жүректi, батыр болмақ керек. «Сөз де иесiне тартады», жүректi ақындар ғана мұңның мұнарасынан, рухтың қабырғасынан үн шығарады.

Қасымның «Ақын өлiмi туралы аңыз» атты поэмасы фашист басқыншыларына қарсы күресте ерлiкпен қаза тапқан қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиевке арналған:

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның.

Жүрегiн бер жолбарыстың!

Күллi әлемнiң ашу кегi

Орна менiң кеудеме кеп.

Жау жолына атам сенi

Бомба бол да, жарыл жүрек!

Отқа оранып үзiлiп бара жатқан ақынның емес, дүниенi жүрегiнiң отымен өртеп бара жатқан Абдолла ақынның бейнесiн Қасымның шебер сомдағаны соншалық, жанарда жас емес, жалын тұтанады. Абдолланы тап бiр найзағай дерсiң?! «Өлеңде образ жасау» деген де осы ғой. Қасым – қара өлеңнiң отымен қараңғы түндi жарық қылар найзағай тектес талант. Ендi бiр жырында:

Күлемiн де жылаймын,

Жылаймын да күлемiн.

Неге ғана бұлаймын

Өзiм ғана бiлемiн, –

дейдi. Қасымның бұл жыры жайында академик Зейнолла Қабдолов: «Сөз өнерi» атты еңбегiнде былай дейдi: «Не деген ғаламат контраст және осы арқылы ақын адам баласын қандай тұңғиық психологизмге сүңгiте жүздiрiп әкеткен! Күле бере жылау, жылай бере күлу – адамның көңiл-күйiндегi шекспирлiк құштарлық пен өшпендiлiктен ғана туатын мiнез: бұл адамның жан дүниесiндегi нөсер мен дауыл, жаз бен қыс. Ақын мiнезiнде осындай күрделi құбылулар болмаса, оның қаламынан қызулы жыр да тумаған болар едi».

Ақынның сөз қолданысы, ақындығы таңдай қақтырғанмен, оның бейбiт замандағы тұрмысы мүшкiл болды. Ұзақ сағындырып барып баспаналы болған ақынның тiрлiк желi оңынан соқпады. Тұла бойын меңдеген ауыр сырқат төсекке таңды. Ауру азабынан көп азап шеккен ақынның жан-жұбанышы да, жан серiгi де қайран жыр едi. Оған зор күш беретiн қара сия мен ақ қағаз оның керуетiнiң жанында мiз бақпас сақшыдай бағып тұрды. Сүйген жары Сақыпжамал оның ақырғы демi үзiлген сәтке дейiн оның қорғаушысы, қолдаушысы бола бiлдi. «Сақыпжамал! Бiр өзiңде екi адамның аты бар!» деп жарына көрген беттен-ақ жыр арнап ғашық болған ақынның әзiз жүрегi Сақыпжамалға ғана арналған адал жүрек едi, ғашық жүрек едi. Поэзия – оның әлемi болса, Сақыпжамал – оның музасы едi:

Барым да, бақытым да осы өлеңiм,

Жақыным, жүрегiмнiң досы өлеңiм.

Өмiрге келгенiм жоқ бостан-босқа

Мен қайтiп, босқа жасап, босқа өлемiн.

Гүрiлдеп жалын атқан кеудем-көрiк,

Сөз соғам құлашымды еркiн керiп.

Суарып шынықтырам күйге малып

Болсын деп әрi әдемi, әрi берiк.

Құя алман үгiтiлген балшық – өлең,

Көңiлiмде күй жасаман тамшыменен.

Серiнiң семсерiндей сертке таққан

Өлеңнiң өткiрiн бiр алшы менен, –

деп жырлады iрi мiнездi тектi ақын. Поэзиядағы Қасым-мiнез, өлеңдегi қасымдық – мiнез дегенiмiз де осы емес пе?! Қандай азап шексе де, өмiрдiң сан тарауы шаршатса да, сүрiндiрсе де Қасым ақын қаламына сергек қарады. Ақпа-төкпе асау мiнез, мұң құшақтатар сыршылдық, жан тебiрентер байсалды ой, терең философия – осының бәрi Қасым поэзиясында бар. Осылайша Қасым қазақ поэзиясында қасымдық мiнездi қалыптастырды. Қасым Аманжоловқа ұқсағысы келетiндер толып жатыр, бiрақ Қасым ақын ешкiмге ұқсамайды.

Үстiмде сұр шинелiм,

Ақсаңдай басып келемiн.

Баяғы Қасым – бiр Қасым

Баяғы күйiм өлеңiм! –

деп өзi жырлағандай, Қасым өз биiгiне, өлең биiгiне сол өмiрдегi де, өнердегi де адалдығымен жеттi.

«Сен неткен бақытты едiң келер ұрпақ, Қарайды келбетiңе ел таңырқап», - деп жазып едi Қасым ақын. Бiз, кейiнгi ұрпақ Қасымды сағынамыз. Қазақ поэзиясында Қасым салған қасқа жолды сағынамыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Podcasts

Көп оқылғандар