Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың жоталы түсініктері әсер етті десем еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айырықша айтуға болады. Ларoшфукoның әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы осы он жылдың мұғдарында) қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, теология мен философияға қатысты ойларымның үшінші бөлімін өздеріңізге ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым!
***
Мен жандүниемдегі ғажайып музыканы тек жазудан ғана ести аламын.
***
«Отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады» қағидасына салсақ, 1820 жылдан бастап мемлекеттік мазмұнымыздан айырған 270 жылды шежіреге салып зерделер болсақ, он буын отарлық сананың тәрбиесінде өскен екен. Ойланып көріңізші, он буын. Олай болса, біздің бүгінгі көріп тұрғанымыз қазақтың үш ғасыр езгіден тұралаған, көтерем бейнесі ғана. Бүлінген бозжусан болмысымыздың қисабына сан жетпейді. Бұрнағы қазақты айтасыз, әгәрәки мұндағы Құнанбайды ғана көрден тірілтіп қазіргі қазақпен тілдестірер құдіретіміз болса, оның бір ауыз сөзін де түсінбеген болар едік. Неге дейсіз ғой. Себебі тіл өзгерді. Тілмен бірге ұлттың тағдыры да жойдасыз өзгеріске түсті. Қайыра айтуға мәжбүрміз, тілі өзгерген ұлттың түрі де өзгереді. (Біз бұл жерде бет пішінімізді өзгерткен орыстың 14 әрпі хақында ғана айтып отырмыз). Әр әріпті дыбыстың төл таңбасы десек, ендеше әріптің өзгеруі әуездің (дауыстың) өзгеруіне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Күмәнданған екенсіз, көне граммофонға жазылған Мұстафа мен Мұхтардың, Әміре мен Манарбектің дауысын тыңдап көріңіз. Саңқылдап шыққан саңлақтар үнінен күдігіңіз сейіліп, біз аңдатқан ойдың дәл төбесінен түсеріңіз анық. Бұдан шығатын пәтуә байламы – бір әріп бір ұлттың антропологиясын толығымен өзгеріске ұшырата алады. Мұны ғылымда қателеспесек энтелехия дейді. Тумысынан жат тілде сөйлеген адамның жақ пішіні де сол ұлттың антропологиялық формасына қарай ауысып, біртіндеп өзгеріп отырады. Рас, қазіргі қазақ әлпеті дөңгелек жүзді, күлім көз, қызылшырайлы емес, тік ішегі мұздаған, бетон бетті, сұп-сұры суық қазақ. Басқа өріске тап болған қос тілді қазақтың бір-бірімен етене шұрқыраса алмауыңның сыры да мінекей, осында жатыр.
***
Қазақтың қадым заманалардан бері жүріп өткен жолы мен қария сөзі тек қара өлеңде ғана жатыр. Ол – кеше кім болғанымыздың, керек десеңіз, Жаратқанмен де қарым- қатынасымыз қалай болғандығының нағыз айнасы.Сонымен төмендегі ғазалда дерегі қалған, Жаратушымен де терезесі тең тұрып сөйлесудің рухизат назы мен ішкі еркіндігінің алапат көрінісін айшықтайтын қара өлеңнің бірер шумақтары мен үзік жолдарын назарларыңызға ұсынып отырмын...
Ақ сүт емдік анадан піскен емес,
Терсек таудан күнәміз кішкене емес,
ТАҒЫ ДА ТАУДАЙ КҮНӘ ЖАСАСАҚ ТА
КЕШЕМ ДЕСЕ ҚҰДАЙҒА ЕШТЕҢЕ ЕМЕС.
(я болмаса...)
...ӨЗІ ЖАЛҒЫЗ ҚУ ҚҰДАЙ КІМДІ АЯСЫН.
(немесе жоқтауда жиі ұшырасатын мына бір шумақты мысалға алайық)
Әуелеп ұшқан Лашын,
Лашын жаяр құлашын.
АТАМДЫ АЛҒАН ҚҰДАЙДЫҢ
КЕЛІНІ МЕНДЕЙ ЖЫЛАСЫН.
Бұл жердегі басты мәселе – Құдай. Қайталап айтамыз, Құдай. Ол арабтан ауысып, содан кейін сан жылдар ырғағында ел санасына орныққан Алла-Тағала ұғымы емес. Айталық, көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауин: «Қазақ ұғымындағы... Тәңірі, Құдай, Алла атаулары, сырттай байыпта ешқандай талассыз, тепе-тең мағыналы, синоним сөздер. Ойлап қарасақ, дәп солай емесін аңдаймыз. Үйлес, бірақ өзара айырымы да бірталай екен. Шындығында, осы үш пара сөзде туған халқымыздың, бері дегенде үш мың жылдық тарихы жатыр. Ең соңынан бастасақ, Алла – діни ұғым ретінде исламмен бірге келді...» – дейді. Мінекей, тағдыр-тәлейіне ішкі тәуекелі тең мұндай еркіндіктің не десек те жұртымыздың исламға дейінгі ұстанымы болғандығы сөзсіз. Жоғарыдағы үш өлең дерегінен біз Құдайды халқымыздың өз өміріне етене жақын тұтып, жазалаушыдан гөрі жанашыр мағынасын дарытқанын байқаймыз. Бұл Құдайдың адамнан алыстығын емес, керісінше назы мен өкпесін бөлісер, бейнебір жанашырындай жақын тарқандығын көрсетеді. Ендеше осы Құдай, сол еркіндік қайда кетті? Тұла бойы тағат-ғибадатқа маталып, өзін құл есебінде мойындаған адам санасына мұндай еркіндіктің сыйып, былайша сөз толғай алуы еш мүмкін бе?
***
«Өз уақытының бір сағатын текке өткізген адам – өмірдің бар құндылығын жете түсінбегені» – деп жазыпты Чарлз Дарвин. Мақтаншақтық пен мансапқорлығымызды айтпағанда, адам есімінің астында аш ішектей шұбырған атақ пен даңқтың бірін де қалдырмай тәтпіштеп жазу мен айғайлап айтуға кеткен ғапыл уақытты біздегі өмірдің бар құндылығын түсінген жоғары парасат деуге келер ме екен...
***
Қазақтың кез келген әдеби байқауы Қусақтың қопасы сынды қатерге толы. Ал талантының көргені бейнебір Құлагердің қиянаты секілді...
***
Жаз! Парасатпен жаз! Әсіресе қолыңдағы қаламды кеудеңдегі ыстық мейірім құтысына матырып жаз!..
***
Гүл бар жерде көбелектің де болатыны секілді ізгілік бар жерде Құдай да бар.
***
Елді су басып жатады… Қаңтарда қақ маңдайын оқ тескен жазықсыз жандардың үңірейген бас тесігінен жіпселеп жіп өткізіп қанды қасіреттің моншағын тізуге болады. Жоқ, бізде ештеңе де болмағандай әлеуметтік желіге жымиған суреттерін жүктеген жазушылар мен мәңгілік махаббатын жырлаған ақындар өлеңі жиі жарияланып тұрады. Өлеңдері де оны жазған өздері де аса сұлу. Әсіресе, әр түрлі образда түскен суреттері тіптен ғажап. Ең қызығы, бұлар елдегі мұндай мәселелерге басын ауыртып мәу демейді... Шынымды айтсам, осы бір бейжайлыққа қатты қайранмын. Мүмкін бұлар ауыр ахуалды барынша жеңілдетіп, апаттағы адамды үрейлендірмеудің мың айла шарғысын меңгерген, әдебиетке тек әдемі киініп, әдепті сөйлеуге келген кәдімгі (әдеби) стюардессалар шығар.
***
Коммунистік сана — мың балталасаң да мұрты бұзылмас шор түсінік. Ол «нейтронға» да, «протонға» да бөлінбейді. Тек адам жасына қарай қарт және жас коммунис деп жіктелгені болмаса екеуі де сойып қаптаған бір адамдар ғой.
***
Дін – надандықпен коректенеді.
***
Зиялы— тәртіпті, сабырлы, билікпен бітімгер сөзінің емес, ең бастысы қарсылық (протест) сөзінің баламасы. Ол Конфуцийдың “Аспан адамы”, Ницшенің “Жоғары адамы”, Абайдың “Толық адамы”, Камюдың “Бүлікшіл адамы” ұғымдарының ұдайы жаңа уақыт ырғағымен жетіліп отыратын заңды мұрагері.
***
Шығарма тақырыбына үшінші жақтан орағытып келмей, тура бірінші жақтан күмп етіп қойып кеткен жөн бе деймін. Сонда сіз бен ол (дұрысы үшінші жақ) сыпайлығы барынша тежеліп МЕН онтологиясы алдыңғы шепке шығар еді. «Мен күймін...», «Мен әнмін...», «Мен жермін...», «Мен жындымын...», «Мен алаяқпын...», «Мен халтуршикпін»... мінекей, жекелей менге тәуелді тақырыптар өстіп кете береді. Туындының не десек те осылай болғаны дұрыс. Жалпы екінші немесе, үшінші жақтан жазу театр көрінісін тамашалауға келген бейнебір көрермен секілді (Ол спектакльдің еш жауапкершілігін мойынына алмайды. Тамашалайды. Әрі кетсе қатты тебіреніп қол соғады. Қойылым біткен соң орынынан жайлап ғана тұрып жылжып кете береді). Қандай қаламгер болсын МЕНДІ жан-тәнімен толыққанды игергенде жауапкершілік те МЕН болмысына айналады. Сөйтіп авторды айтпағанда қағаз бен қалам да жеке жауапкершілік алып үйренеді.
***
Адамның арынан биік еш марапат жоқ.
***
Егіз бұлақ аяғы нар қамысты
Нар қамысты қос аққу парлап ұшты...
ӨЗІҢМЕНЕН ӨМІРЛІК БОЛСАМ ДЕЙМІН
ДҮНИЕГЕ ҚЫЗЫҚПАЙ АЛДАНЫШТЫ...
Қазақтың қарапайым ғана қара өлеңі.
Рас, еш теңдесі жоқ ғажайып өлең... Бұл жердегі «Нар қамыс» пен «Қос аққу» символика... Сол символикадан Жаратылыс... Өмірдің мәні... Үйлесім... Неке... Азаматтық серт пен тілек тарамдалып шығады...
Енді «Егіз бұлақ» ишарасына келейік.
Бұл бұдан кейін сен жұтқан ауа мен шығарған демге айналып, сендік тілек мендегі жүрек болып бірлесіп соғады деген сөз... Ынтызар жанның қос алақанын жайған, жүрегін жайнамаз еткен ұлы дұғасы осы бір шумақ өлең ішінде дамылдап тұр...
...Өзіңменен өмірлік болсам деймін
Дүниеге қызықпай алданышты...
Бұдан кейін ешқандай сөз болмауы керек. Айтылған екен ол сөздің бәрі де бопыр...
***
“Қыздың жолы жіңішке”, “Әйел қырық шырақты”, “Байтал шауып бәйге алмас…". Бұл еркегі есеймеген елдің ергежей түсінігі.
***
Біреу біреуді пышақтап өлтіріп кетеді. Біреу банктегі берешегін төлей алмай өзіне қол қатып жатса, енді біріміз нашар жолдың кесірінен көліктен мерт болып үзіліп жатамыз… Оған, әрине, ешкім де кінәлі емес. Бәрі де жаратқан Құдайдың ісі. Мен мұндай қатыгез, әрі адамдар тарапынан қолжаулыққа айналып қор болған «құдайды» еш жерден көргенім жоқ. Осындай дін, ондай жала жабуға ыңғайлы, көнбіс құдайдың бар болғанынан жоқ болғаны әлдеқайда қайырлы болар еді. Осы жала жабу, жалтару ұғымдарынан шығады ғой... Бірде америкалық қанқұйлы қылмыскер (гангстер) Аль Капоненің өмір жолымен танысып отырып, мына бір жазбаға қайран қалдым. Онда былай деп жазылыпты: «Мен бала кезімде Құдайдан күні-түні жалбарынып велосипед сұрайтын едім. Кейін Құдайдың өз заңы мен логикасы бар екендігін, ол мүлде басқаша түзілгенін шын түсінгендей болдым. Сөйтіп, әлгі сұраған велосипетімді ұрлап алып, енді сол үшін кешірім сұрай бастадым», — дейді. Осы сөздерді оқығанда көкірегіме мынандай бір ой көтеріліп, басқа бір шетін мәселенің сыры ашылғандай болды? Ол не нәрсе дейсіз ғой?..
Осы біздердің қос қолды төбеге көтеріп жіберіп, «О, Құдай, кеше гөріміз» бере гөрімізден еш қайыр болмағаннан кейін, қияс кеткен қылмыстарымыздан туған әрекет емес пе екен деген... Мұны айтып отырғаным біздегі көп мешіттердің салынуына билікте ұзақ уақыт отырған шенеуініктердің мол қаражаты тұр. Шамасы олар мешітті күнә жуатын «кір машина» есебінде қабылдап, Құдаймен де қарым-қатынасымыздың дұрыс болғаны жөн деп түсінетін болса керек. Осы жерде Вольтердің «Діннің түп тарихы алғаш алаяқ пен аңқау кездескен күні басталған» дегенін ескерсек, дін мен мораль осы құбылыстардың негізінде дүниеге келуі бек мүмкін ғой. Бұған төбеден түсті дейтін төрт кітап парағына төсек салып жатып алған жалқау сана мен көкбет фанатизм әзірше бет бақтыра қояр ма екен?..
***
Әйгілі аудармашы Акбар Мәжит: «Өлмес шығарма бар, бірақ өлмес аударма жоқ. Тәржіма ұдайы жаңарып отыруы керек» деген биік байлам айтыпты. Расымен де майдан торта айырғандай ғажайып пайым. Демек, қоғамдық қатынастың динамикасы өзгергенде тәржіманың да табиғаты мен атмосферасы өзгеріске ұшырайтын болғаны ғой.
***
Мәтін дегеніміз – таным мен болмыс. Ол ешқандай да әріптер тізбегінен тұратын жай ғана жазу емес. Мәтін ішінде де адам көзіне көрінбес зиятты түсініктер болады. Мұндай мәтінді тануға адамның ішкі тазалығы мен рухани парасаты ғана шын жәрдемші болмақ. Сонымен мәтін ішіндегі ар мен ұят ұғымы хақында сөз болып отырғандықтан, мына бір дүниені де қосамжар келтіре кетсем деймін. Адам танымы ізгілік пен зұлымдықтың да қос мекені ғой. Қай танымның сабағына су құйып өсіресің, сол ұғымның жапырағы жайқалып өз нәтижесін бермек. Осы ұғымды картинамен айтқан таланттың бірі, мажар суретшісі Тивадар Чонтвари. Қарапайым ғана ғұмыр кешкен ұлы суретшіні кезінде өз қоғамы да еш қабылдамаған болатын. Чонтвари 1902 жылы «Қарт балықшы» деген әйгілі картинасын салады. Бір қарағанда картинада әлпетін әжім торлаған қариядан басқа алабөтен ештеңе де жоқ. Әрине, бұл картинаның қыры мен сыры жайлы ұзақ айтуға болады. Сөзімді барынша сығымдап, соның ең негізгі түйінін айтайын. Картинадағы жасырылған негізгі құпия сандаған жылдардан кейін ғана ашылып отыр. Бұл құпияны мұражайдың маманы тапқан. Егер осы суреттің дәл қақ ортасына кәдімгі айнаны әкеліп қойсақ, екі түрлі бейнені анық көруге болады. Мұны жалпы жұртқа қарапайым ғана тілмен айтсақ, әлгі екіге жарылған бейненің бір жағынан жағымсыз сайтан бейнесін көрсек, келесі бетінен періште бейнесін бажайлауға болады. Бұл енді басты мәселе емес. Бұл жердегі ең басты мәселе айна. Қайталап айтамыз айна. Айна – адамның ар мен ұяты, дәлірек айтсақ жүрегіндегі Құдай есебінде. Мұны енді Абай өлшеміне айналдырып көрсек...
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі де болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес....
Айтқымыз келгені кез-келген жетілген, кемелденген, зиятты мәтін де бейне бір Чонтвари картинасы секілді. Оның да құпиясын тануға дәл осындай рухани айна керек. Мұндай айнадан ада, кірлеген жүрек пен енжар сана өзінің кім екенін бір көре алмай қашанда ғафыл болмақ.
***
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Қазақта бұдан құнды, бұдан құдіретті сөз жоқ. «Тәтем осы сөзді жиі қайталап отырушы еді», – дейді Шәкәрім қажы. Адам жанына ең жайлы, ең жақсы көретін сөзді жиі айтатыны белгілі. Адамияттың асқақ көкжиегіне көтеріліп мынадай алапат, аспантекті ой айтуың үшін оқуың мен тоқуың, сөз жоқ жеткіліксіз екен. Мұндай өрелі ойға иелік етуің үшін генологиялық жаралым (тектілік пен пәктілік, таза қан, таза құрсақ) тағы да сол секілді рухани ресурстардың қажет екендігіне зәредей шүбәм жоқ. Тағдыр тәлейі шытырманға толы ұлы суретші Мұхтар Ысмайылұлы Құлмұхаметовтың «Өнер – тұйық әулет, оған біліміңмен емес, тек қана (қан сөліңмен), дұрысы ата-тегіңмен кіресің» деп отырғаны да осы болар.
***
Анау жылдары Жапонияда жер сілкінісі болғанда қалған ел «енді қайтпек екен» деп бір дүрліккен болатын. Базбір білгіштер бұл апат енді Жапон экономикасын елу жылға дейін тұралатып кетуі мүмкін деп жарыса жазып жатты. Күн шығыс халқының самурайлық санасы мен камикадзилік ерлігін бағамдай білмеген жүйесіз сөздерге ішімізден бір мырс етіп күлдік те қойдық. Сол Жапонияңыз бүгіндері түк те болмағандай, алапаты артып күннен күнге қарыштап барады. Ақшулан аралдың ортасында орналасқан мемлекетке бұдан кейін де нендей тыныштық болсын деп мүсіркейтіндерге мынаны ескерткіміз келеді: біз сейсмологиялық тұрғыдан балдық қуаты одан пәленбай есе апатты жағдайдың үстінде отырмыз. ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ қасында жер сілкінісі, СУАЙТТЫҚТЫҢ қасында цунами дегеніңіз апат па, тәйірі. Әсіресе, құлақ кесті құлдықтың қасында…
жалғасы бар…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.