Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Мағира Қожахметова. Ұлттық деңгейге көтерілген...

18.03.2024 1555

Мағира Қожахметова. Ұлттық деңгейге көтерілген 12+

Мағира Қожахметова. Ұлттық деңгейге көтерілген - adebiportal.kz

 Туған жерінің сырын, мұң-мұқтажын, құпиясын шығармаларына арқау етіп келе жатқан жазушы, ақын, журналист Үміт Жәлекенің қолтаңбасы мен мінез, құлқы кіндік қаны тамып, өсіп ержеткен мекенімен тығыз сабақтас. Кеңістік пен ендіктің анау-мынау ұға қоймайтын өзгеше өлшемі іспеттес Маңғыстаудың қасиеті тым тұңғиық, түбіне бойлатпайды.       

Соған қарамастан өз мүмкіндігінің аясында қаламгер киелі өлкесінің сан алуан қырына елгезектікпен үңіліп, қалың оқырманға біраз кітаптарын ұсынды. 2007-жылы «Жағалауда», 2009 жылы «Өмір жыры» прозалық жинақтары, 2010-жылы «Ақжарма» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. 2013-жылы «Маңғыстау ақын-жазушылары» сериясымен шыққан 50 томдықтың 24-томы Үміт Жәлекенің прозасына арналған. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған облыстық «Қызғыш құс», Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне     арналған  облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» ақындар  мүшәйрасының жүлдегері.

1964-жылы 18-наурызда Өзен кентінде мұнай барлаушы отбасында туған Үміт бала кезінде жыршы болғысы келіпті. Оған себеп дос қызының атасы, көрші Тұяқбай (ішкі істер органында қызмет еткен, милиция майоры) ақсақал екен. Жасы жетпістен асқан қарт бұны бала көрмейді, көрген білгенін ақтарып жүретін. Өзі домбыра тартып, жыр айтады. Әйелі Қымбат пен шешесі тату-тәтті, екі үйі жақын араласты. Үйіне алпыстан асқан атақты күйші Мұрат Өскінбаев келеді кемпірімен, қасында халық театрында қызмет еткен жыршы Екібай, жұбайы Моншақ биші, көрші қолаң жиналғанда, олардың өнерін шешесі екеуі театрда отырғандай тамашалайтын. 

Түйекеңнің жырын тыңдап еліктеді ме, он-он бір жасында Қобыланды, Алпамыс батыр жырынан үзінді жаттап, домбыраға ұқсас ағашты сабалай жыр мақамына салатыны есінде. Кешке қарай кең пейіл анасының дастарханына көрші кемпірлер жиналып, шәй ішеді. Шәй үстінде: «Әй, Үміт, біз сенің жырыңды тыңдауға келдік» дейді. Жырды толық жатқа білмегендіктен, әкесінен қалған үлкен, жасыл мұқабалы «Батырлар жыры» кітабын қолына алып, Түйекеңнен естіген адайлық мақаммен дауыстап оқиды. Ертеңіне, арғы күні «кешегі жырдың жалғасын тыңдаймыз» деп кейуаналар тағы келеді. Осылай қарияларға ұзақ-ұзақ жыр оқып беріп жүрді.

Кейіннен айналасында жыр айтатын қыздар жоғын көріп, ұят шығар деген ойға қалды. Сөйтіп жүргенде, жетінші класта Өзен станциясындағы орталау мектепке жаңадан Сайын Әділханов деген мұғалім келіп, (бұрын облыстық газетте істепті) «Жас қалам» үйірмесін ашты. Бұларға қысқа әңгіме, өлең жазуды тапсырады. Жазғанын шимайлап түзейді де, қолына микрофон ұстатып оқытады үзіліс кезінде. Сыртта ойнап жүргендер естиді екен, бір күні сіңлісі «сенің өлеңіңді тыңдадық» деген хабар айтты. 

Бірде мұғалімі еркін тақырыпқа әңгіме жазыңдар деді. Үміттің футболист бала туралы дәптердің екі бетіне жазған «Мақсұттың жеңісі» деген әңгімесін мұғалім әбден мақтап,  содан былайғы тұста мектепте өткен түрлі шаралар жайлы облыстық «Коммунистік жол» газетіне мақала жаздыра бастады. Сол үшін екі, үш сом келгені тіпті қызық, «ағай мынау не?» деп жүгіріп барған түсінбей. «Бұл гонорар, енді сендер мақала үшін ақша аласыңдар» дейді мұғалім. 

Сыныптасы Роза Құдайбергенова екеуі жарысып жазады, өздері тұратын станция поштасына барады, кілең зейнеткер әйелдер екеуіне таңырқай қарайды «неге келдіңдер?» дегендей. «Гонорар алуға» дейді пысықтау Роза, өзі үндемейді, тұйық. «Не, не...» деп сұрағандарға «біздің мақала жазғанымызға төленетін ақы» дейді Роза. «Қарай гөр, бұларды, біздің қыздардың жіппен секіруден қолдары босамайды» десе, «оны бізге емес, қызыңызға айтыңыз, біз сияқты мақала жазып, гонорар алсын»  деп, тақылдайтын Роза кейін түрлі себептермен жазбай кетті.

Жоғарғы сыныпты Жаңаөзен қаласына қатынап, №1 мектепте оқыды. Сонда әдебиеттен Мәриям Оразғалиева есімді мұғалім сабақ берді. Өзі Мұхтар Әуезовтің шәкірті екен, керемет адам. Сабақтың әр минутын зая жібермейтін, өте талапшыл ұстаз еді. Бір күні Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасын мектептің сахнасына лайықтап, сценарий жазуды тапсырды Үмітке. Үш бөлімді қойылымға мұғалімдер, өздері қатысып, мереке ұйымдастырған. Мәриям апайының «сыншысың сен, сын  неге жазбайсың» дегені бар. Шешесінің «әкем сыншы» дейтіні есіне түсіп, мұның астарындағы біраз жәйтті сұрап білген. Сопылық, емшілік, сынықшылық қасиеті болған нағашы шешесі Бекет атаға жиен екен, өз анасы жады мықты, дархан, қырағы, салқын қанды, салмақты, дос-дұшпанға бірдей әділетті, сөзге шешен еді.

Туған нағашысы Абыл мерген, өте қонақжай, даланың мырзасы болған. Атып әкелген аңын екі жақ көршіге бөліп береді екен де кешке арқардың басын асып, отырған үш-төрт үйдің ішін түгел шақырып, қонақ қылады. Күй шертеді, әзіл өлең құрап, тауып сөйлейтін адам болған. «Өткен шақ» повесінде бейнеленген Әділдің прототипі сол Абыл нағашысы.

Атасы Қашаубай аймағына белгілі ағаш ұстасы және бір қасиеті: түс көріп, алдын болжап отырған, ауа райы қалай өзгереді, қар жауа ма, көшкін, құрғақшылық, жұт, т.б.с.с. Ел-жұрт оны сыртынан «Түскер» деп атаған. Ата-анадан ерте айырылып, жетім өскен әкесі де со кісіге ұқсаған ұсынақты, жиын, тойдан ән шырқамай қайтпайтын адам еді. Өзі тегін алған ұлы атасы Жәлекенің тете інісі Катенов Сүйесіннің 1887-97 жылдар аралығында Шоңай ауылының би, старшыны болғаны архивте көзіне түскен. 

Ата-анасы өткен ғасырдың 1958-жылы мұнай барлаушыларымен бірге Жылойдан көшіп келген. Әкесі соғыс ардагері, бұрғылау қондырғысында механик болып істеген, сорғы-насостар орнатып, Сауысқан деген жерден Өзенге ауызсу жеткізген маман механик. «Әттең, оқи алмадым, оқысам, геолог болар едім» дейтін анасы да  барлаушы екен, балалары туған соң жолдасы жұмыстан шығарып алыпты. 

Әкесі Үміттің алты жасында 1970-жылы бұраубайға, жұмысқа бара жатып, 48 жасында жол апатынан қайтыс болды. Әлі есінде, бұны кішкентай кезінде қасынан қалдырмай ертіп жүретін, бабалары жайлы айтып, бас бармағын, саусақтарын бүктіре жеті атасын жаттатып, қайта-қайта сұрап тексеретін. Қазір ойлайды бұның жазатынын сезіп, жадына тоқып алсын деді ме екен деп...

Ата-анасының есімі ерекше, әкесінің аты Мервсияр, (Түрікменстандағы Мерв деген ежелгі қаланың аты, кітаптан қойылған). Шешесінің есімі - Риал, 93 жыл ғұмыр кешті, балаларын өсіріп, немере-жиенін көріп кетті. Екеуі де барлаушы болғаннан кейін шеше әңгімесінен бастау алған «Қарлығаштар» повесін кеңейтіп, қазір Маңғыстауға келген барлаушылар өмірінен кітап жазып жүр. 

1981 жылы Жаңаөзен қаласындағы № 1 орта мектепті бітіріп, еңбек жолын  «Өзенмұнайгаз» басқармасына қарасты № 1 кәсіпшілікте мұнайшылықтан бастаған.1989-1995 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, Жаңаөзендегі Т.Әлиев атындағы № 1 орта мектепте мұғалім, № 7 мектепте директордың әдістемелік жөніндегі орынбасары, Ақтаудағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.         

Кейін баспасөз саласына ауысып, Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газетінде жауапты хатшы,  республикалық мәдени-тарихи, әдеби көркем «Шерқала» журналында шолушы болды. Мектеп қабырғасында «Пионер» журналының «Жас тілшісі» атанып, әдеби-публицистикалық туындылары облыстық, республикалық баспасөзде 1978 жылдан оқырман назарына ілінгелі 45 жыл. Қазіргі таңда облыстық қоғамдық-саяси «Маңғыстау» газетінің тілшісі.

Үміттің журналистік жолы Маңғыстау мұнайшыларының тағдырымен тығыз сабақтас, басты тақырыбы десек те болады. Бұл өлкеге мұнай барлаушылар экспедициясы үш мезгіл  бөлек-бөлек келген, әке-шешесі соңғы, ақжолтай топпен жеткен. Түбіжікте алғаш келген мұнайшылармен көрші тұрды. Алпысыншы жылы 150-дей адам, бала-шаға, басшылары бар, екі ауылға бөлініп, бірі Жетібайға, екіншісі Өзенге қонған. 

Көзін Өзен барлаушылары арасында ашты, болашақ кейіпкерлерінің қалай өмір сүргенін көріп өсті. Сол тұңғыш барлаушылар аты-жөні (әкесі де алғашқы фонтанға қатысқан) қазір Қызылсай, Жаңаөзен қаласында, Түбіжік жерінде жазулы. Бер жағындағы Өзен станциясы кейін Теңге деп аталып кетті, сондағы бастауыш мектепте бірінші сыныпқа барды. Сол жылы қалада (Жаңа Өзен) тұратын нағашы әжесі науқастанып, күн сайын сүт апаратын. Жол бойы салынып жатқан құрылыс, айнала толы мұнаралар. Ал Өзеннің ойы самсаған газ алауы. Ондаған факел-алау, түнде өте әдемі, жерден жайдақ шам жанып тұрғандай еді.  Осы бір ғажап сурет балалық шағының ұмытылмас көрінісі болып жадына жазылып қалды. Жазғы каникулда қозы бағып жүріп, өріске шыққанда, қазып жатқан мұнараға барып, бұрғылау қондырғысын да жақыннан көріп жүрді. 

Қала тікелей Мәскеудің жабдықтауында болғанмен, күнделікті тірлік-тынысы мұнай өндірудің қызық-шыжығымен өтіп жататын жергілікті тұрғындардың тұрмысы төмен еді. Сонда да туған жері көзге ыстық арманшыл қызды осынау маңғаз даланың қатпар-қатпар қыртысы, аңызға тұнған айһай-дүние-ай сырлары ешқашан бейжай қалдырған емес. Соның бір дәлелі автордың «Қайыптың әні» повесі.

Ақбөбек-Қайып оқиғасын Маңғыстауда білмейтін адам жоқ, көп әдеби жанрда драма, роман, дастан, әңгіме, толғаулар жазылды да. Үміт солардың қолға түскенін оқып, көптеген материал жинақтады, ұзақ ізденді. Сонда түйгені: Қайыпты, Ақбөбекті бейнелеуде асыра сілтеу, әсірелеу басым екен. Мәселен, Ақбөбектің күйеуі Есбергенді бір жазушы жарымес етіп жазады. Осы жәйттер оны деректі повесть жазуға, бәріне жақсы таныс оқиғаны шындыққа сай етіп көрсетуге әсер етті. Мақсатының орындалғаны шығар: оқырмандардан осы кітабына байланысты  «шындыққа сәйкес» деген пікірді жиі естіді.

Кейін, өз повесі баспа бетін көрген соң, Шоғай Шалқаровтың «Ақбөбек» романын оқығанда таң қалғаны бар. Қайыптың шешесінің аты, ғашықтардың алғашқы кездесетін сәті екеуінде айна-қатесіз бірдей екен. Бұндай да сәйкестік болады екен-ау деп жүрді.

Бірде әріптес журналист «мына Ақбөбегіңнен роман жасауға болады ғой, сен өте сығымдап, қысып жазасың, оқиғаларды өрбітпейсің, кейбір романдарда кейіпкерлердің бір шай ішкенін, қонақасын он шақты бетке созып, үлкен шығарма ғып жатады» деді. Бұл повесть кейіпкерлерінің балалық шағын қамтымайды, екеуінің қашып бара жатқан кезінен басталып, Ақбөбек қалып, Қайыптың ойға құлап, айырылысуымен бітеді. «Негізінде Ақбөбек Иранда, Қайып Тәжікстанда қайтыс болған. Өмірін толық жазғандар бар, мен оларды қайталағым келмеді»,-дейді автор.

Бір деммен оқылатын «Қайыптың әні» Үміт Жәлекенің сүбелі дүниелерінің бірі. Шағын ғана мысал: «Шұғыл қимылдап, боз тайлақтың биязы жүнінен оңқай-солақай иіріп, құстаңдайлап тоқыған ағима шекпенін қызыл бешпентінің сыртынан киіп, белін түрме белбеумен мықтап буды. Шоңқайма шығыт етігін де киіп алды. Қама бөрікті бастырып шашағын төгілдіріп аймақы қызыл шарқатты тамағының астынан орай тартқан қыз көп кідірместен сүйгенінің соңынан ерді. Қайыптың  қабағы қатыңқы екен. «Қарабасын қатерге тіккен қасқаның не жаны жүрекен?» Ақша маңдайына қанжардай қадалған қара суықтан Ақбөбектің өн бойы қалтырап кетті».

Бас, аяғы шымыр. Баяндауы тұнған түрлі-түсті бояу. Әр сөзі графикалық сурет. Соңына шейін оқып шыққанда, әлгі бояулар мен суреттерге молынан қанығып, қасірет шеккен мұңлықтардың бейнесі үмітіңді тас-талқан үгітіп, алыстай береді.

Болған оқиғаға құрылған «Зардап немесе бір әулеттің төрт күзін»  тебіренбей оқу мүмкін емес. Ютуб каналында көп қаралым жинаған осы шығармасына жүздеген оқырман пікір жазыпты:

Небір қаймақтарымызды құртты ғой! Жатқан жерлері жайлы, жандары жәннаттан болсын!

Ұрпақтар біліп өсу керек тарихты.

Қайран асыл азаматтар. Қазақтың басына не түспеді, не көрмеді қайран қазағым. Енді егемендік алдық. Алла жақсылығыңды бергейсің еліме!

Неше түрлі қорлықты көрген Қазағым сынбас!

Осындай әңгімені көптеп шығарып тұршы, қазақ оянсын.

Тамаша туынды, тарихымыз қандай қасіретке толы еді.

Жүрегім қан жылайды. Қайран қазақтың бетке ұстар ер жүрек батырлары, қаймақтары осылай құрбан болды.

Қазіргі ер азамат ел билемек түгіл, отбасын зорға билейді.

Екінші рет, қайталап тыңдап отырмын. Дене түршіктіретін не деген жауыздық, не деген зұлымдық?!

Елім деген ер азаматтар кеткен екен ғой.

Осы оқылымды бес рет тыңдадым. Алла разы болсын. Керемет.

Осы Сəдір сияқты ержүрек азаматтар қазір неге жоқ?

Ой, Алла неткен сұмдық мынау, қаншама азаматтар қыршын кеткен...

Жазықсыз жапа шеккен, қыршын кеткен арыстар-ай,  жәннаттың төрінде шығарсыңдар. Ешқашан ешкім ұмытылмайды. Жарқырап аттарың тарихтан орын алары сөзсіз.

Жасым 30-ға келсе де мынаны тыңдап көзіме жас келді.

Әттең дүние-ай, қайран қазағым, не өтпеді сенің басыңнан.

Көп нәрсе ұқтым, жүрегімде қазақ болғаныма мақтанғандай керемет сезім өршіп кетті, ең қызығы қарғыс атқан кеңес өкіметінің саясатына деген жек көрініш жиіркенішке айналды, миллиондап төккен қан мен көз жас тегін кетпесі анық...

Советті аңсап жүргендер осы әңгімені  тыңдасын.

Не деген қиын заман болған.

Қайран жазықсыз кеткендер...

Қарғыс атқыр совет үкіметі қанша қазақты қыршынынан қиып, қырып тастаған.

Ұрпақтар біліп өсу керек тарихты.

Бізге нағыз керек дүние.

Басқа да дүниелерінің оқырмандары көп, ауызша, жазбаша жағымды пікірлерін білдіріп жатады. «Бітеу жара» (жараға ота жасату кездегі көргені мен сезінгенін және қалай пара бергенін қызықты суреттейді), «Кепілге қойған өмір», «Бөтен бала», «Босқын бекірелер» (экологиялық әңгіме), «Көбік қар» атты әңгімелерінің тақырыбы сан алуан, шынайылығымен баурайды оқырманын. Сірә кейіпкерлерімен қоян-қолтық араласатыны әсер етсе керек, тіпті қайсыбір әңгімелерінің прототиптерінің «өзім туралы оқып, оңашада жылап алдым» дейтіні бар.

«Жазғандарыңда мұң басым, еріксіз жылаймыз, қиналамыз, көңілді нәрселер жазбайсыз ба» деген пікірлерді естіп, алғашында таңырқайтын. Кейіннен жазып отырып, өзінің де көзінен жас парлағаны бар. Сөздің әсері керемет қой. Ойлап қараса кейіпкерлерінің көбінің тағдыры сондай аянышты, Ақбөбектің өзі қандай, ешкімге бермесін оның басынан өткергенін. Шалқып-толқығанды көрмейсің жазғандарынан.

Прозада қайталау, көпсөзділікті қаламайды, нақтылықты ұнатады. Ұзақ соза бергеннен сапасы артады демейді. Ойдан құрастыра шұбатып, жоқтан бар жасамайды,  барынша нақты деректерге сүйеніп жазады. Жазғандарының бәрінің негізі бар, өмірде болған, ауадан, ойдан құрастырылған ештеңе жоқ.

«Журналистиканың әсері ме, көркем дүниелерімнің бәрі дерлік дерек пен дәйекке негізделген. Жақында баспасөз бетінен оқыған бір әңгімеде автор кейіпкерінің қалаға келіп тоқтаған үйдің есігі, терезе, темір қақпасы былай ашылады, былай жабылады екен, т.б. ұсақ-түйекке шейін таңырқағанын пәлен бетке созыпты, сол кімге таң?» дейді. 

Өткен жылы Ашур Өздемир түрік тіліне аударған Үміт Жәлекенің  «Қауышу» әңгімелер жинағы жарық көріп, көпшілікке таныстырылды. Тұсаукесерге қатысқан облыс басшылығы,  Маңғыстаудағы Түркия қоғамдастығының өкілдері, ардагер журналистер, жазушы шығармасын сүйіп оқитын оқырмандар жылы пікірлерін білдірді. Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Әлптекин «Мен авторға жасаған жұмысы үшін алғыс айтамын. Кітапты оқығаннан кейін мен оны сүйікті шығармалар кітапханасына қосатыныма сенімдімін»,-деп, жазушы Үміт Жәлекенің кітабы екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың жаңа буыны болып қала беретінін атап өтті.

Ал аудармашы, ғалым Ашур Өздемирдің: «...Бір білетінім, жақсы жазушының өзіндік қолтаңбасы болуы керек, өзіндік әңгімелеу мәнері болуы керек,  өзіндік тұжырымдамасы, бағыт-бағдары болуы керек. Қолына қалам алып, жаза беретін адамның бәрін ақын-жазушы деп атасақ та, олай болмайды. Жалпы алғанда, қазақ әдебиетінде жақсы ақын-жазушылар көп. Оны өздеріңіз де білесіздер. Рас, Үміт Жәлеке  Маңғыстау өңірінен шыққан жазушы, әңгімеші. Ол кісінің шығармаларында бірінші орында Маңғыстау өңірі бар, онан кейін Маңғыстауға жақын жерлер бар. Сол Маңғыстаудың жері, елі, қалалық болсын, далалық болсын адамы, тарихы оның әңгімелерінің өзегін құрайды. Ол негізінде заңды нәрсе! Өйткені, жазушы біріншіден өзін, өз елін, өз жерін жазуы керек! Сонан кейін барып, ұлттық, әлемдік деңгейге көтерілуі керек.

Үміт Жәлекенің өзіндік қолтаңбасы, сөйлеу мәнері, өз стилі бар. Бұл кісі ұлттық деңгейге көтерілген. Мен бұл кісінің (өзі таңдаған) 11 әңгімесін түрік тіліне аудардым. «Қауышма» деген атпен Стамбулдағы жақсы бір баспадан кітап қылып шығардық. Қазір оқырманға жол тартты. Түрік оқырмандары тарапынан жақсы қабылданады деген ойдамын, үміттемін» деген пікірін тұсаукесерге қатысушылар аудиожазбадан тыңдады.

Қолына қалам ұстағалы бергі басты тақырыбы өзі дүниеге келген киелі аймақтың төрткіл дүниеге танымал өндірісі, еліміздің экономикасына үлкен үлес қосып, абырой биігінен көрінген еңбек озаттары, біртуар өнер иелерінің өмірі мен шығармашылығына арналған Үміт Жәлекенің Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының «Қазақ мұнайының ардақтылары» өмірбаян сериясымен біраз кітаптары баспа бетін көрген. Атап айтсақ, «Мұнайдан бақыт тапқандар», Мұнайлы ауданының 5 жылдығына шығарылған «Мерейлі мекен - Мұнайлы» жинағын құрастырушы автордың бірі. «Аманжан Өтесінов», «Мұханмеди Жолболдин» ғұмырнамалық кітаптарының авторы. Ә.Спанмен бірігіп жазған «Мұнайдан дария жасаған Халел Өзбекғалиев», «Өзеннің мақтаулы мұнайшылары» және Қазақстан Республикасы «Жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Өзенмен өзектес өмір»,  К.Тұманбайұлымен бірігіп жазған «Ағайынды Базарбаевтар», Өзен өндірісіне 47 жыл еңбек еткен Ізберген Оспанов туралы «Өмірін еңбекпен өрнектеген» кітаптары бар.

Маңғыстау өлкесінің мәдениет, білім саласына қатысты тақырыпты тереңірек зерделеп, еліміздің мәдениеті мен өнеріне, білім беру саласының белгілі тұлғалары, түбек тарихы мен мұнай барлау, өндіру саласының ардагерлері туралы мақалалары республика, облыс баспасөзінде үздіксіз жарық көруде. Газет басшылығының тапсырмасымен мерейлі жасқа келген көптеген әріптестері жайлы жазды.

Жарияланғаны, жарияланбағаны бар, өлеңдеріне ешқашан көңілі толмағанымен қоя да алмайды, көңіл күйіне қатысты төрт тағандар ұйқас боп түсе қалады, бірақ осы қара өлеңдерін кітап қып шығаруға құлқы жоқ.

Шығармалары жайлы айтатындар көп, өзіне мақтап, небір пікірлерін тебірене жеткізгенде, осыны жазсаңызшы десе, кейін жазармын деп, со күйі қала беріпті. Ж.Төлегеновтің шағын ғана жарық көрген пікірі болмаса, алпысқа таяған осы күнге шейін кәсіби деңгейде не мақтау, не сын жазылған емес. Бұған тіпті мән де бермепті. Кездесу, тұсаукесер, әдеби кештерін ұйымдастырып, «мен» деп ентелемеді, туындыларын насихаттамады, билік төңірегін жағаламады, атақ-даңқ дәметпеді. 

Маңғыстау жер бедерінің бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктерін бойларына сіңіріп, мұхиты, түбегі, құмы, шоқы, шұңқырлар, төбелер, жазықтар, ойпаттарын кеше, бүгін мекендеген кейіпкерлерінің арасында қоңыр тірлік кешкен Үміт Жәлекенің есімі А.Айдаровтың «Жаңаөзен», «Ел ардақтылары» сериясымен шыққан - «Мұнай өндірушілер» (7-кітап), кітабына енген. Аудан, қала, облыс әкімінің «Алғыс» хатымен, «Қазақ мұнайына - 50 жыл», «Маңғыстау облысына - 40 жыл», «Мұнайлы ауданына - 10 жыл», «Ақтау қаласына – 60 жыл» мерекелік төсбелгілермен марапатталған. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі. Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы. 

Тылсым тұнған осынау жұмбақ  өлкеде қырық жылдан бері жанкештілікпен проза жазып жүрген сирек қыздардың бірі, бәлкім жалғызы да болуы мүмкін. Шүкір, туып-өскен, қызмет еткен аудан, қала, облыс мектептері, кітапханалары, оқырмандары хабарласып, кездесуге шақыра бастады. Облыс басшылығы да назар аударып, қаламгер қызға лайықты құрмет, көмек көрсетеді деген сенімдеміз.

Қалам тербеуді кие, қасиет санайтын Үміттің жазушылық, ақындық, журналистік  - үш қырына қысқаша тоқталдық. Игерген қай саласын алсақ та қолтаңбасы халық әндерінің қайырмасындай, оқиғасы шиеленісті, тақырыбы өзекті, талдауға, зерттеуге әбден лайық.

Мағира Қожахметова,   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар