Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мәдениет мәселелері талқыланды...

27.03.2024 1077

Мәдениет мәселелері талқыланды 14+

Мәдениет мәселелері талқыланды - adebiportal.kz

Еліміздің бай мәдени мұрасын қорғау және әлемге таныту тақырыбы соңғы уақытта биік мінбелерде жиі айтылып жүр. Мәселен, жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салаға тоқталды. Оның айтуынша, былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын ұтымды пайдалануымыз керек. Өйткені, бұл – зор мүмкіндік. 

Президент Алтынемел мен Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосылғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға тапсырма берді. Республикадағы таңғажайып табиғи және тарихи орындар – Үстірт қорығы; батыс аймақтағы 20-дан астам жерасты мешіті; Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы таңбалы тастар, петроглифтер де алдағы уақытта ЮНЕСКО тізіміне енуі тиіс. «Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн» – деді Мемлекет басшысы.

Ал Мәжіліс Депутаты Жанарбек Әшімжан жақында Парламент қабырғасында материалдық емес мұраларды сақтау мәселесін көтерген болатын. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр. Мүлде көңіл көншітпейді. Жалпы, материалдық емес мұра ретінде халық қалаулысы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар т.б. атады. Мұндай тізбекте 87 элемент бар екен. Бұл құндылықтар бағаланбаса, тиісті деңгейде насихатталмаса, ұлттың жаны жалаңаштанып, руханияты азғындыққа ұшырайды. Біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі т.б. рухани кеселдердің бәрі сол материалдық емес мұралардан тамыр үзгендіктен, пайда болып, асқынып отырған көрінеді. 

Ж. Әшімжанның айтуынша, 2003 жылы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» туралы Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда № 613 Қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 Қаулысымен, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі Тұжырымдама қабылдаған. Алайда аталған құжат іс жүзінде орындалмай, тек қағаз күйінде қалған. Яғни, материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттер мүлде іске аспаған. Халық қалаулысының сөзінше, көршілес Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттер материалдық емес мұраны қорғау және дамыту бағытында жемісті жұмыс істеп келеді. Жалпы, әлемде Латын Америкасы елдері, ал Азияда Корея мен Жапония бұл саладағы жұмыстар бойынша көш басында тұр екен. 

Асыл қазына, рухани құндылықтардан, яғни, ұлттың иммунитетінен ажырап бара жатқанымызға алаңдаған депутат осы олқылықтың орнын толтыру үшін мынадай ұсыныстар айтты:   

  1. 2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі керек;
  2. Материалдық емес мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуы тиіс;
  3. Материалдық емес мәдени мұраны жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет;
  4. Материалдық емес мәдени мұраларды жинау, сақтау, зерттеу үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы керек;
  5. Жетекші арналарда Материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға арналған бағдарламалар ашылу қажет.

Мәжілісмен бұл тақырыпты қаузаған соң, бірер күннен кейін-ақ жауапты орган ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған бағытта істеліп жатқан жұмыстарды хабарлады. Министрлік мәліметінше, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне Қазақстан тарапы материалдық емес мәдени мұраның 13 элементін ұсынған, оның 8-і бірлескен көпұлтты номинациялар саналатын көрінеді. Атап айтқанда, олардың қатарында «Айтыс – импровизация өнері», «Киіз үй жасаудың дәстүрлі білімі мен дағдылары», «Наурыз», «Саятшылық», «Жұқа нан пісіру дәстүрі: лаваш, қатырма, жұпқа, юфка», «Қорқыт Ата мұрасы: эпикалық мәдениет және музыка», «Қожанасырдың ауызша фольклоры», «Тоғызқұмалақ – дәстүрлі зияткерлік және стратегиялық ойын» бар екен. Сонымен бірге, ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітованың мәлімдеуінше, еліміздегі көне шаһарлар орнын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Яғни, Сырдария бойындағы Отырар, Сауран, Яссы, Сығанақ, Жанкент қалашықтары сияқты тарихи объектілерді және Жетіасар оазисі ескерткіштері ұсынылмақ. 

Жалпы, қазір Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам материалдық тарихи-мәдени мұра объектісі бар екен. Соның 12 мыңнан астамы мемлекет қорғауына алынған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, сол ескерткіштерге туристерді тарту үшін және зерттеушілердің баруына ыңғайлы болуы үшін инфрақұрылымды дамыту, арнайы орталықтар салу жұмыстары жүріп жатыр. 

Бүгінгі таңда кейінге шегеруге болмайтын тағы бір өзекті мәселе – өскелең ұрпақты кітап оқуға баулып, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу. Өйткені, елді өркендететін ғылым-білім де, халықты түрлі азғындықтар мен қылмыстардан сақтайтын тәлім-тәрбие мен рухани байлық та – кітапта. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» – деген болатын. Сондай-ақ, Президент Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін айтып, сүйіншіледі. Бұдан бөлек, Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдайтынын білдіріп, мазмұнды іс-шаралар мен арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыру керектігін жеткізді. 

Президенттің кітап оқитын ел жобасын Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да қолдап, Парламент қабырғасында бұл тақырыпта депутаттық сауал жолдады. Ол Кеңес кезінде қазақ қаламгерлерінің туындылары жүздеген мың дана таралыммен, ал қазақ газет-журналдары 500-600 мың дана тиражбен шыққанын еске салды. «Еліміз Тәуелсіздігін алып, халық саны еселеп артқан заманда бұндай жағдай қайталанбайды дегеннің өзі асқан қателік! Бұған тек жүйелі, табанды жұмыс атқаруымыз шарт!» – деп кесіп айтты халық қалаулысы. Бұл үшін мынадай ұсыныстарын баяндады:   

  1. Отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту; 
  2. Кітап индустриясы мен кітапқұмарлар қоғамының инфрақұрылымын қайта құру;
  3. Қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқырмандар мен тұрғындардың санына шаққандағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қажетті көлемін анықтау;
  4. Қарапайым қағаздан бастап, полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру;
  5. Авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту;

6. Кітапқа деген қызығушылықты отбасында қалыптастыру;

7. Кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап дамыту;

8. Мектеп кітапхана желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізу.

Бұл ұсыныстардың әр пунктінің өзін орындау қажырлы қайратты талап етеді.  Сондықтан сала мамандарын ауқымды жұмыстар күтіп тұр.        

Алпамыс Бауыржанұлы

Көрнекісуреттер Akorda.kz пен Parlam.kz сайытынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар