Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Күзгі бұралаң жол...

09.05.2024 1774

Күзгі бұралаң жол 12+

Күзгі бұралаң жол - adebiportal.kz

Әңгіме жанрының хас шебері Сайын Мұратбектің «Күзгі бұралаң жол» әңгімесімен барша оқырман таныс шығар деген ойдамын. Соғыстан кейінгі қазақ өмірінің бұралаң жолын, жесір ана, жетім баланың тағдырын осы әңгімедей анық берген шығарма некенсаяқ. Алақандай әңгіменің мазмұны тұтас бір романның жүгін арқалап тұр. Әңгімені оқып отырып, Бибіні де, Шынтемірді де кінәлай алмайсың. Соғыстың зардабынан өмірге еріксіз келген Қанатайдың орнына өзіңді қойып, аласапыран күйге түсесің. Автордың шеберлігі сондай, ешкімді жазғыруға да, кіналауға да жол бермейді. Мүмкіндік туғызбайды. Күйбең тірліктің болмашы бір сәтін ғана іліп алып, бір дәуірдің қасіретті хәлін әңгіменің аурасына жымдастырып жібереді. Жалпы, Сайын Мұратбек әңгімелері балталаса бөлінбес мәтіндердің шебер өрілуінен тыс, контекстке, мәтін астындағы мәтінге жасырынған қабат-қабат ойлардың, ішкі сюжеттердің қақтығысынан бой түзеген идеяны тереңге көміп, бүркемелеп беруімен құнды. Бұндай шеберлік Чехов, Мопассан, Хемингуэй, Бердібек, Сайын сынды саңлақтарға ғана тән ерекше жазу мәнері.

«Күзгі бұралаң жолда» керемет тартысты сюжет жоққа тән. Ұзын сонар өмірдің бір үзім бейнесі. Есесіне әңгіменің ішкі қақтығысы тудырған күйдің оқырманға салатын салмағы зілдей. Бейне беті тынық, ішкі ағысы қуатты арналы өзендей. Жылым һәм жұмбақ. Асып-тасып көпірте суреттеу, ұңғыл-шұңғылына дейін қазбалап баяндау, идеяны сорпа бетіндегі майдай кілкітіп беру Сайын қаламын жат. Сайын әңгімелері кірпияз. Такаппар.

Әңгіменің қысқа қайырымы мынау. Бала Қанат шешесі Бибіге еріп дирменге ұн тартуға барады. Уақиға осы дирмен басында өтеді. Бала Қанат дирменші Гришканың денесіндегі өрнекке таң қалады. Сонымен Гришка Қанаттың қолына туған жылы мен өзінің және әкесінің бас әрпін өрнектеп бермекші болады. Одан ары Гришка мен Қанаттың арасындағы диолог былай өрбиді.

- Әкең қайда? - деп сұрады Қанатайдан.

- Соғыста өлген.

- Мәссаған, - деді аң-таң боп дағдарып қалған Гришка.

- Әй, ол қайдағы соғыста өліп жүр?

- Отан соғысында, - деді Қанатай іркілместен.

- Тоқта, тоқта. Сен жаңа қай жылы тудым дедің?

- Қырық жетінші...

- Ал  енді не  оттап  отырсың, онда  Отан  соғысы қай  жылдарда  болды?!

- Отан соғысында, - деді Қанатай міз бақпай. Көзі жасаурап, енді бір ауыз  сөз  айтса Гришканы  тарпа  бас салуға  атылғалы  тұр. Мен  әңгіме  бетінің ушығып  бара  жатқанын сезіп,  Гришканы  бүйірден түрттім. Өзінің ағат кеткенін Гришка да ұға қойды.

- Жарайды, жігітім. Менікі қалжың ғой. Қалай жазыппын, қолыңды қарашы, - деп алдаусырата бастады.

Осы кезде дирмен басына ұн тартуға бір аяғын соғысқа беріп қайтқан Шынтемір келеді. Одан кейінгі уақиға бәрімізге түсінікті. «Әкем соғыста өлген» деп жүрген Қанатайдың шын әкесі осы Шынтемір. Жастай жерсір қалған Бибі үйлі-баранды Шынтемірге құшағын өзі ашқан. Күзгі бұралаң жолды бойлап ұн тиеген екі арба екі жаққа кетеді. Екі арбаның үстіне тағдыры енді қайтып тоғыспайтын екі шерменде. Екі бейбақ. Ортада «соғыста өлген» қаһарман әкесін жоқтап булыққан бала. Мұңлық Қанатай. 

Тарихтың ең сындарлы сәтінде, әсіресе қанқұйлы соғыс жылдарында жәбір-жапаны ең көп шегетін, азабын бек тартатын жандар – әйелдер мен балалар. Яғни қорғансыз жандар. Дүниежүзілік екінші соғыс жылдары тұтас даланың тағдыры осы бір қорғансыз жандарға қарап қалды. Ауылда жетім мен жесір, соғысқа жарамсыз кемпір мен шал, соғыстан жансауғамен жеткен ақсақ пен тоқсақ, мүгедек жандар ғана қалған. Жұмекен Нәжімеденовтің «Келін» поэмасында айтылатындай адам төзгісіз хәл еді. 

Сонау жылдар еді бұл...
Күзетті аспан күңіренген ел үнін.
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін.
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің іштен ілген есігін.
Ар күзетті туған жердің картасын,
Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын.
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
Ай күзетті кәрі аспанның қабағын.
Жатты солай талай қыс пен күз өтіп,
Бұл дүние бірін-бірі күзетіп... 

Міне, соғыс жылдарындағы қазақ даласының бейнесі осындай болатын. Өзі де балалықтың қызығына мейірі қанбай жетілгендіктен бе, Сайын әңгімелерінде көңілі кетік, жаны жадау баланың жантамырын дөп басып суреттейді. Рас, Қанатаймен бірге «Менің де әкем соғыста өлген» деп қайталағың келеді. Қанатайдың биологиялық әкесі Шынтемір болғанымен, шын  әкесі соғыс. Қанатай соғыстың бел баласы. Қанатайдың әкесін өлтірген де соғыс. Қанатайды өмірге әкелген де соғыс. Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы, журналист Светлана Алексиевичтің бір кейіпкері: «Біз қашан тусақ-тағы қырық бірінші жылдың түлектеріміз», - дейтініндей кеп. Сондықтан, Қанатайдың әкем соғыста өлген деуге толық хақсы бар. Өкініштісі, оған өзі де, айналасы да сенбейді. «Соғыста өлген әкеден туған» Қанаттың алдағы өмір жолын, болашағын елестетудің өзі ауыр. Ал, Қанат сынды «қиянаттан» тараған ұрпақ бұл күнде қай қиырды шиырлап, қай өрісті шарлап жүр?.. 

Соғыс жылдарындағы әйел жанын, әйел тағдырын, әйел өмірін тереңдей зерттеген жазушы Алексиевичтің тағы бір кейіпкерінің сөзіне жүгінсек: «Соғысқа мына біздің, қатындардың көзімен қарасаң, ол бұрынғыдан да қорқынышты болып көрінеді», - дейді. Расымен де, тереңірек үңіліп көрсеңіз, соғыстағы қан майдан емес, соғыстан кейінгі өмір, соғыстан кейінгі тіршілік қиын екенін аңғарасыз. Нағыз соғыс соғыстан кейін басталатынын аңдайсыз. Ашыққан жан мен тәннің қалауын таппаған, махаббат пен ғадауат, мейрім мен қаскүнемдік майдандасқан алаңдағы соғыстың лаңы жан түршіктіреді. Солдат қан майданда бір қан кешсе, үйдегі ана мен жар құсадан күніге қан жұтар еді. Сосын да, соғыстың өзі емес, салдары қорқынышты. Соғыстан туатын аштық, жоқшылық, ізгіліктің құлауы, мәдениеттің құлдырауы, ар-намыстың тапталуы, биологиялық «кері селекция» заңдылығының қарқынды қозғалысы бәрі қабаттасып өз бейнесін танымайтын қоғам қалыптастырады. Ол қоғамнан зардап шегетін миллиондаған Бибілер мен Қанатайлар. Бенджамин Франклиннің сөзімен айтқанда: «Соғыстың вексельдері бойынша, төлем соғыстың өз кезінде емес, төлемнің ең үлкені соғыстан кейін болмақ». Соғыстың салдарынан, бір халықтың мың жылдар бойы сүйегі үзілмеген тектік, генетикалық байланыс арқылы жиналған құндылықтары жойқын соққыға ұшырап, болашаққа қалдырар тұқым қуаты әлсірей береді. Соғыс ең алдымен бойына ата-бабасынан жеткен ең ізгі қасиеттерді жинаған, отан сүйгіш, ел үшін жанын құрбан ете алатын асыл азаматтарды, көзсіз батырларды әкетеді. Солардың жанымен бірге тұтас бір дәуір келмеске кетеді. Жаңа ұрпақтың сүйегі жасиды. Осының бәрін санасынан өткізген, көзімен көрген жазушы «Күзгі бұралаң жол» арқылы алдағы елдік мұратымыз бен бағыт-бағдарымыздың тым бұралаң боларын болжап отыр. «Некесіз туған» ұрпақтың ішіндегі шері мен шемені, кегі мен кепиеті әлі талай алдымыздан шығарын ескертіп отыр десек артық кетпейміз. Әрине, Совет үкіметі кезінде бұның бәрін ашық айту мүмкін емес еді. Сондықтан да қырағы суреткер, бейуаз екі кейіпкердің тағдыр-тәлейі, сезім ұшқыны арқылы үлкен ұғымдарға жол сілтейді. Ұлт болашағының алдынан шығар қауіпті ескертеді. 

Ел ішінде «Соғыс нағыз ерлерді тудырады» деген тәмсіл бар. Оның шарасыздықтан туған бос сөз екенін уақыт көрсетіп отыр. Соғыс әуелі нағыз ерлерді жұтады. Неғұрлым көп соғысқан халықтың тұқымы мен тегі соғұрлым азады. Соғыста шейіт кеткен есіл ердің орнын енді қайтып ешкім толтыра алмайды. Өйткені әр адам құдайдың қайталанбас ерекше жаратылысы. Бауыржан Момышұлының бізге жеткен аудио жазбасында қаһарланып, қан жұтып тұрып айтатын сөзі бар еді ғой: «Соғыста менен де батыр, менен де батыл, менен де ақылды, менен де қайратты, жаужүрек, адал, опалы ұлдар өліп кетті, соларды ойлап қамығамын», - деп келетін. Міне, біздің сөз етіп отырғанымыз батырдың осы күңіренісі. Суреткер Сайын Мұратбек Бауыржан ағасының осы наласын, осы ашуын, соғысқа айтқан лағнетін мөлт еткен жалғыз әңгімесіне сидырып жіберіп отыр. Сайын Мұратбектің «Күзгі бұралаң жолы» –  соғыста сұраусыз кеткен ұлттың оғылан ұлдарына деген азалы жоқтауы. «Жақсысы кетіп жаманы қалған» қоғамға деген наласы. Бұл тұрғыдан «Күзгі бұралаң жол» – Өтежан Нұрғалиевтың «Соғыстың соңғы жазымен» рухтас шығарма.

«Күзгі бұралаң жол» – соғыстан алапат зардап шеккен, жаны жаралы, жүрегі қаралы, ең ізгі, ең өміршең қасиеттерінен айрылған бейуаз халықтың ендігі сергелдең сапарының басы. Біз бәріміз осы бұралаң жолдың үстінде келеміз. Артыңызға бұрылып қарау ауыр. Бұралаң жолдың үстінде жоғалтқаныңыз, тонатқаныңыз, төгіп-шашқаныңыз сайрап жатыр. Берер бодау да, көрер қызық та алда... 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар