Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Көркемдік көкжиегі (жалғасы)

30.06.2021 948

Көркемдік көкжиегі (жалғасы)

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ.

Көркем шығарманың табысты шығуы айналып келгенде жазушының суреткерлік парасатына тікелей байланысты. Жазушы тілі, образ сомдауы, тиіп-характер жасауы, тақырыпты игеруі, детальдарды орынды пайдалана отырып, шығарма композициясын шымыр орналастыруы, өзекті ойды көрнектілендіруі, шығарманың көркемдік эстетикалық шешімі бәрі-бәрі де шеберлік сырына барып тіреледі. Шеберлік кең ауқымды ұғым. Соның бір қыры кейіпкер-тиіп жасау. Жазушы Оразхан Ахмет кез келген кейіпкерін табиғи арнамен алып жүреді. Жазушы шығармаларындағы Рахымбай, Әбділ, Танабек, Асубай, Нарбике, Айтбай, Естай қатарлылардың бәрі де біршама сәтті сомдалған, әрі жазушы стилін, қаламгерлік парасатын танытқан көркем образдар.

Мәлім деталь арқылы кейіпкердің психологиясына бойлаудың кілті ретінде алу немесе кейіпкер жандүниесіндегі өзгерістерді табиғат құбылысымен қатар қойып беру – ішкі монологты беруде көп қолданылатын амалдың бірі. Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» романында бас кейіпкер Жәдігердің жандүниесін Арал теңізінің хәлімен астастыра береді. Бұл романда адам-табиғат-қоғам сабақтастығы жүйесінің әрқайсысына тән өзіндік іс-әрекеттер, қасиеттер тұтаса келе тіршілік қозғалысының күрделі болымысын бейнелейді. Болымыс ақиқаты – көркемдік танымды іске асырудағы материялдық негізбен қамдайды. Адам – табиғаттың бөлінбес бөлшегі. Табиғат пен адам өмірінің тұтастық тауып, бір желі бойында көркемдік идеяның құралына айналуының мәні де осында. Әдетте, көркем әдебиеттегі табиғат суреті – ең алдымен шығарманың идеялық-мазмұнын астарлап немесе символдап жеткізудегі көркемдік құрлымға ие. Оразхан Ахметұлының «Аманат» трилогиясының басталуында кейіпкердің ішкі психологиялық толғаныстарын табиғат құбылыстарымен қатар қойып суреттейді. Романдағы жазушының ішкі монологты беру тәсіліне назар аударалық: «Ұйқының рахат бесігінде тербеліп үлгірместен, бүйірден біреу нұқып қалғандай селік етеді, шошып оянады. Содан талайға дейін есі кіресілі-шығасылы бір әлетте әлдеқалай бір құбыжық елестерге тұтқын боп, есеңгіреумен жатады. Бірақ, бір ғажабы, осы түстер мен елестерді анық болжау, белгі-бедерін дәп басып айту тағы қиын. Бәрі де бір бұлдыр-бұлдыр, елең-селең боп кете береді. Қарлы боран есік-терезені тынбай жұлқылап, тынбай сабалайды. Кейде әлде жаралы, әлде құтырған хайуан іспетті өкіріп, тулай жөнеледі. Мына жартас түбінде ықтағандай боп елеусіз ғана жарбиып тұрған дөңбек үйді өшіге сүзгілейді». Нарбикенің ішкі ойы, жандүниесіндегі дауыл – табиғат құбылсымен қатар қойылады. Сыртқы деталь арқылы кейіпкерді ішкі монологқа салып, келергі болатын жайдың хабарынан белгі береді.

Бұл да көркем әдебиетте көп кездесетін психологиялық талдаудың бір қыры. Еске алу – ішкі монологтың өріс алуына жол ашады, түрткі болады. Бұған мысалды әлем әдебиетінен де, қазақ әдебиетінен де көптеп ала беруге болар еді. Бірақ, мақсатымыз Оразхан Ахметовтің кейіпкер психологиясын ашудағы ерекшелігін көрсету болғандықтан, аталған романдағы ішкі монологтың еске алу, елес арқылы бейнеленуі жақтарын қарастырамыз. Романда елес беру – бірнеше жерден кездеседі. Бірінші, Нарбикеге енесінің аруағы үш рет елес береді. Екінші, Жамила мен Тасболаттың рухы Асубайдың түнде түсіне енсе, күндіз көзіне елес болып көрініп, үрейін ұшырады. Аруақтың елес беруі – ілкіде бар ескі ұғым, мифтелген магиялық таным. Маңыздысы, жазушы романда, мұны кейіпкер психологиясын тереңдей ашудың тәсілі ретінде пайдаланады.

Мұндай ішкі монологты берудің өзгеше бір түрі – Оралхан Бөкейдің «Қайдасың қасқа құлыным» повестінде кездеседі. Повестьтің оқиға желісі әке мен баланың ішкі ойы монолог арқылы өрбиді. Екі кейіпкердің монологын жарастыра береді. Монологты берудегі бір өзгешелігі екі кейіпкердің ойын жазушы сырттай бақылауға алып отырады. Әдетте, көптеген жазушылар да кейіпкер бақылауға алынбайды. Оразхан Ахметтің «Аманат» романындағы кейіпкерлер де сондай. Жазушының бақылауынсыз рухани күйі өз алдына бөлек-бөлек суреттеледі. Ал, Оралқан Бөкей ішкі монолог пен ой тасқынын қатар түсіріп, кейде бірыңғай ой ағымына жол береді. Ал, өзге жазушыларда сюжеттің дамуына орай кейіпкердің образын ашатын диалог, монологқа немесе түс көру, елестету, аңыз, миф арқылы бейнелеу сияқты психологизмнің аналитикалық, динамикалық прісіптерін қолданады.

Жазушы Оразхан Ахметов өзге шығармаларына қарағанда «Аманат» романында біршама тереңдеп психологиялық талдаулар жасаған. Жазушы тұтас романда Нарбикені ой үстінде ұстайды. Оның характерін ішкі толғаныс, еске алу сынды психологиясын көркемдеу амалдарымен аша түседі. Тек, Нарбиекені ғана емес, қарт Мамайдың, Асубайдың болмысн көрсетуде көбінесе ішкі толғанысқа, монологқа жүгінеді. Жазушы романның сюжет арқауы етіп 1960 жылдары Құлжа ауданы Білікші жайлауында қалың қарда қамалып қалған Мамай отбасын жазады. Оқиғаның бар жүлгесі осылай болғанымен, мәдениет зор төңкерісі тұсының саяси-әлеуметтік жағдайын, адамдардың тұрмыс-тіршілігін, таным-түсінігін кең арналы сюжетке құра отырып баяндайды. Бүкіл трилогияға жүк болған оқиғалар осы төңіректе ғана өрбиді. Романның жалпы ерекшелігі әрі кемшілігі сияқты көрінетін бір ыңғыл бар. Ол – бір кітаппен-ақ жеткізуге болатын мәдениет зор төңкерісі тұсындағы оқиғаларды, автор созып үш кітап еткен. Бұл идеялар жазушының алдыңғы роман, повестьтерінде де айтылған болатын. Сюжет ұқсас болмағанмен жазушының айтары бір. Көп шығармаларында сондай бір сабақтастық, идеялық үндестік жатқандығын анық байқауға болады. Енді бір жағынан, жазушы аталған романда кейде ұсақ эпизодттарды көп кірістіріп, әрі оны ұзақ баяндайды.

Жазушы Оразхан Ахмет аталған романында негізгі оқиғаны баяндап келе жатып, сол оқиғаға қатысты болған эпизодты лайықты қыстыра баяндап қана кетпейді. Кездескен шағын көріністі, детальдарды топырлата енгізіп тәптештей жазып, оқиға ауқымын кеңіте түседі. Мәселен, көрші Жексенбай және оның әйелі жөніндегі көзқарасын, оның ешкі бағуы туралы ойын, немесе орман қарауылы Мұқыштың ескі ағаш тамын бірер сөйлеммен ғана аңдатып өтсе де жетерлік еді. Алайда, жазушы ескі омартаның бұрынғы иесі Мұқыш екендігін, өнімен Нарбикенің қарым-қатынастарын, қазіргі иегері Жарқынбек екендігін, әрі оның жалқаулығын, даусауғыш жаңжалқойлығын, тіпті ас үйдің бұрышында жатқан отынға дейін суреттейді. Мұндай «жіңішкелік» жазушының өмір құбылысын терең зерттей білгендігінен десек те, бұның идеяға қосар үлесі шамалы. Оның үстіне, бұл эпизод басты кейіпкердің образын көрнектілендіру үшін яки белгілі бір қоғамдық астарлы (символды) ойды аңғартып тұрған жоқ. Әрине, бір нәрсені қағыс қалдырмайық. Ол – жазушы Оразхан Ахметовтің әрбір детальды, көріністі қалт жібермей танып, өрнектей білетіндігі еді. Мұндай тәсіл – классик әдебиет үлгісіндегі кең тынысты роман жанрының өз ерекшелігін айқындап, толықытра түседі. Бұл жағынан келгенде, «Аманат» трилогиясының авторы жанрдың өз ерекшелігін сәулелендіре білген.

Осы жерде, роман жанрының бір ерекшелігін айта кеткеніміз абзал сияқты. Кең тыныс, шалқар құлашты роман жанры көп нәрсені сидырып суреттеуге мүмкіндігі мол. Әдетте, жазушы шығарманы сюжеттің күрделілігіне байланысты бір ғана желі емес, қос немесе көп желілерге құрады. Оқиғаны баяндап келе жатқан тұста жазушы бұрылыс жасап, қосымша бір эпизодттарды баяндауы немесе көріністерді суреттеуі әбден мүмкін. Алайда, есте боларлық жағдай, қаламгер жазып отырған оқиғаның немесе детальдың негізгі идеяға қаншалық қызмет етіп тұрғанын естен шығармағаны дұрыс. Шығарма идеясының толығуы тек қана кейіпкердің басындағы іс-әрекеттің аз-көптігімен өлшенбейді. Характерді даралайтын, бір де болса бірегей дәл екшелген типтік детальдар, тартымды штрихтар, тілдік даралықтармен шығарма көркемдік қуат таппақ.

Көркем шығарманың бүтін тұлғасы шағын детальдар ақылы тұтастық табады, әр шағын деталь көркемдікке жеткізетін ең қажетті түйінге айналғанда ғана образ бедерленіп, идея айшықталады. Деталь яғни көркем образды құрайтын титтей бөлшек, эпизод – көркем шығарманың құрылымын шымырландырып, ажарын арттыратын маңызды фактор. Ғалым Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиеттегі деталь – суреткердің шабытты еңбегінің нәтижесі, аса сирек ұшырасатын табысы»,- деуі де осыдан. Ендеше, жазушы өзінің алға қойған идеялық мақсаты бойынша шығармаға қажетты детальдарды, оқиғаларды сұрыптап, барынша қысқа айтуға құлшынуы тиіс. Оқырманды жалықтырар арқауы бос баяндау шығарманың көркемдік қуатын төмендетеді. Бір мысал алайық. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің образ жасаудағы шеберлігі, әр детальды кетікке қалаған кірпіштей дәл де, орынды беруін Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» кітабінда былайша келтіреді: «Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романында мынадай бір штрих бар: «ауылға келген кісіге баласынан бұрын итін мақтайтын Абыралы әулетінің ежелгі бір әдеті еді». Бір-ақ сөйлем. Осы сөйлемге бүтін бір рулы бай ауылдың қашаннан келе жатқан парықсыз, дарылдақ, даңғаза мінезі сиып кеткен. Бұл мінезді түрліше деректермен дәлелдеп, он үш бетке шұбата созуға да болар еді. Бірақ, Ә. Нұрпейісов олай етпеген. Он үш сөзбен тұжырған да, нақты ұғымды затты детальға айналдырған. Сөзін үнемдеп, қысқа қайырған. Ал сөз үнемдеу – өнердің ұлы заңы болғанда, қысқа қайыру – тек таланыттыға тән қасиет екені белгілі». Әрине, бұдан шығар қорытынды, жазушы қандай деталь алып, нені суреттесе де, шығарманың идеялық көркемдігіне пайдасы шамалы оқиғаның соңына түсіп, соны қызықтап, изектеп ұзақ жазудан сақтануы қажет.

Үш кітап бойы кейіпкер Асубайдың бүлік салып, ел бүлдірген оқиғасы баяндалады. Ағайын-туғанға жала жауып, қорлық көрсетіп, ұрлық істеп, ел тонап істемеген жамандығы қалмайды. Сөйтіп, тізгінсіз кеткен Асубай оқиғасы далиып трилогияға айналып тынады. Әрине, жазушы романда сәтті көркемдік айшықтарды жасап, психологиялық талдауларға тереңдеп барғанын жоғарыда дәлелімен айтып шықтық. «Қатпары қалың өмір құбылыстарын молынан суреттеп жеткізіп беру үшін қалыңдығы кере қарыс бір томның өзі кейде аздық етеді. содан барып шығарма көп томдарға бөлініп жатады» (М.Қамзайн). Алып жанр романның ішкі сырын былай қойғанда, шығарманы әрбір ұсақ деталдардың басын құрап, тұрманын түгендеп бөлінбес қаттылыққа, шымырлыққа жеткізу – ең қиын түйін. Жазушыны көп бөгейтін де, шығармасының сәтті-сәтсіз болуы да бітімінің жақсы құрылуына тіке байланысты. Трилогия немесе эпопея сияқты аса ірі сүйекті жанрдың композициясын құру тіпті де зор шеберлікті қажет етеді. Оны құрайтын әрбір томдар, әрбір бөлім, тараулар, шағын бөлшектер арасындағы ішкі байланыстар мен тысқы бедерлердің суреткерлік шеберлікпен жымдасып гармонялық тұтастық табуы – жазушының жанр табиғатын танып игеруінен, суреткерлік парасатынан, шеберлігінен бөле қарауға болмайды.

Қазір бізге «Аманат» трилогиясының тұтас оқиғалық желісі де, автордың нені айтпақшы болғаны да айқындалып қалған сияқты. Енді, жазушының сол оқиғаға болған авторлық позициясы (эстетикалық таным) қалай бейнеленгендігіне назар аударып көрейік. Жазушы романда кейіпкер Асубайдың адамдық характерден алқыған сұрқия мінездерін басынан өткен көп оқиғалар арқылы аша түседі. Мәселен, аяғы мертігіп жаралы жатқан Асубай қиялмен өткен күніне қыдырады. Есбайдың Жанақтың әйелі Жамила мен баласы Тасболатты иен тауда тонауы, Соның салдарынан Есбайдың оққа ұшуы, Тасболаттың тастан құлап өлуі барысы, немесе Асубайдың тыңшылық әрекеттері, жездесіне жала жабуы сияқты оқиғалар – кейіпкер Асубайдың кеспірін айқындайды. Автордың оқиғаны мұнша күрделілестіріп, қалыңдата түсуінің сыры неде екен? Біріншіден, жазушы сол тұстың шындық деректерін кеңінен көрсеткісі келген. Екіншіден, кейіпкер Асубай басындағы күрделі тағдырға автор шектеу қоймай, оқиғаның даму желісніе, логикалық қисынына сай кейіпкердің ырқына көніп, жеткен жеріне дейін сілтей түскен. Осы жайлардан жазушының кейіпкеріне деген шығармашылық қатынасы айқындалады. Дегенмен, жазушы кейіпкерін бақылаудан шығармауға тырысқан. Автор бастан-аяқ Асубай характерін ылғи жағымысз күйде ұстап отырған. Жазушы кер заманның кейпін таныту үшін де Асубайдың басына күрделі оқиғаларды топтап типтеген. Асубай – трилогия идеясының үлкен жүгінің бір бөлегін көтеріп тұрған характер. Тегі асыл дегенмен, заманы сұрқай жүдеу болды да, жетімдік пен жоқтықтың, не бір қиянат пен қатыгездікті көз ашқаннан көріп өсті. Ұяда көргенін ұшқанда істеді, сорақы сорлығының, иттігінің түп-тамыры оны өсірген ортаның, қоғамның үлесі екен. Ол өмірдің соқпақты сынына ұшыраған, адамдық, кісілік асудан, тәңірінің бұйрықты тағдырынан аса алмады. Асубай өмірі арқылы автор адамға тән қасиеттерді жайында сыр шертіп, ғибырат қалдырады.

Демек, «кейіпкер және адамгершілік мәселесі – әдебиеттегі мәңгілік мәселелердің бірі. Кейіпкер – әдеби-эстетикалық категория болса, адамгершілік – моралдық-эстетикалық категория. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөліп қараудың қажеты жоқ» (Т.Бекнязов). Асубай – қиянаттың символы болса, Нарбике – ізгіліктің, адамгершіліктің символы. Осы екі күштің тайталасқан күресінде, ең соңында кіслік, ізгілік бәрін жеңді. Кеше шегінен шығып, бетімен кеткен Асубай ақыры айналып үйірін тапты. Кісіліктің жұмсақ алақаны мен басына түскен ауыр хал оны тәубасына келтірді. Нарбике Асубайдың барлық қиянатын көріп жүріп әрдайым айтатын еді: Біздің әулетке жабысқан бір ұшық, айналдырған бір қырысық бар. Әйтпесе, қанында жоқ бұзықтық бұған қалай жабысты. Түзелер деп ақырын күтіп, үміт етті, бар ынты-шынтысымен соның тілеуін тілеп қатарға қосылуына қол ұшын берді. Тіпті, аяғы сынып өлміші хәлде алдына келгенде де табалаған жоқ, кешірді, мейірін төгіп, тура жолға бастады. Бұл Нарбикенің бойындағы ұлттық болмыс, гуманизмдік идеяның асқақ үлгісі еді. Жазушының діттегені, жеткізері де осы еді. Осы ой романда көп рет кездесіп, қайталанып отырады. Жазушының Асубай әулетіне жабысқан қырысықты көмескі образ, символдық мәнде алғаны байқалады.

«Аманат» трилогиясында образ-тұлғасы көрнектіленген Нарбике, Асубайдан өзге, Мамай қарт образы да біршама айқындалған. Мамайдың домбыт ауыз, қазымырлығы жағымысз бейнеде емес, өмірі мал соңында кеткен ауыл қариясының бір мінезін елестетеді. Ұрсып тілдеседе сөзінде зіл жоқ, мейірі мен күйініші, махаббаты мол ұшқын атады. Әрине, романда көптеген адамдардың (кейіпкердің) аты аталынады. Алайда, трилогияда белгілі бір эпизодқа қатысты жылт етіп бір көрініп қалып, одан соң мүлде із тозсыз кететін адам есімдері де ұшырасады. Мұндайлардың бәрін кейіпкер қатарына қоса берудің де реті жоқ. Кейіпкер болуы үшін көркемдік жүк, идеялық міндет арқалауы керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар