Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
«Көкшем» — деп өткен Кәрекең...

09.02.2023 2155

«Көкшем» — деп өткен Кәрекең 14+

«Көкшем» — деп өткен Кәрекең - adebiportal.kz

Көкше, Көкшетау! Көкше — әсем, әнді өлке, салтанат-сәулет сәнді өлке! Көкше — дархан дәнді өлке! 

Жерұйығым менің Көкшетау! Атыңды аузыма алғанда-ақ көңілімді күй кернеп, өн бойымды ән аймалап, ала жөнелетіні де сенің құдірет-қасиетің ғой, кербезім менің... 

«Көкшетау, Көкшем...» деп соққан бұл жүрек үлпілін сона-а-ау 1977 жылғы 20 августа жарық көрген «Көкшетау правдасы» газетінің сарғайған беттерінен оқып отырмын. «Көңілі күндей жомарт өлкем» атты мақала. Мақала авторы көз тоймас Көкшетаудың көркем табиғатынан бастап, осы өңірде туып-өскен небір майталмандарды мақтанышпен, сағынышпен еске алады. «Көкшетау  жыр бесегі» — деп, тебіренеді, туған жеріне еркелейді, бауырына тығылады.   

Өзінің кіндік қаны тамған, көрікті Көкшетауға деген кіршіксіз көңілі мен перзенттік махаббатын көркем сөзбен өрнектеп тауыса алмай отырған мақала авторы — өзіміздің Кәрекең, Кәрім Ілиястегі. 

Кәрекең 1928 жылдың шілде айында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет жанабындағы Алшынбай-Суөткел деген ауылда өмірге келген. Әдебиет және өнер музейіне тапсырған құжаттарында осы уақыт көрсетілген. Десек те, Кәрім Есмағұлұлы бір жазбасында: «Мен, Кәрім Есмағұлұлы Ілиясов 1929 жылдың  3-ші қаңтар жұлдызында Көкшетау облысының бұрынғы Айыртау, қазіргі Володар ауданының шағын ауылы Алшынбай, Чапаев колхозында дүниеге келіппін.» — деп атап өтіпті. Қалай болғанда да қағазбастылыққа үйреніп қалған қазіргі қазақ баласы Кәрекеңнің туған күнін құжаттағы уақытымен атап жүр. Олай болса, биыл ақын, әнші-композитор, журналист Кәрім Ілиястегінің туғанына 95 жыл толып отыр.

Кәрім Ілиястегі өз жазбасында: «Әкем Есмағұл Ілиясов 1902 жылы туған. Шешем Ықыш 1904 жылы туған. Әкей 1942 жылы, Анам 1962 жылы дүние салды. Екеуі колхозшы болды.»  деп ата-анасын еске алады. 

Әкесі Есмағұлдың немере ағасы Айса әншілік өнер қонған адам екен. Әу баста, бұлақтың көзін ашып, кішкентай Кәрімге домбыра ұстатқан осы кісі болса керек. 

Жерлес ақын, манасшы, драматург Баянғали Әлімжановтың шығармалар жинағындағы ХІ томында Кәрім Ілиястегімен дидарласқанын айта келіп, былай дейді: «Ал атақты әнші, аяулы ақсақал Кәрім Ілиясовтың өз ауызынан естіген бір әңгіме: Кәрекең бала күнінде, 1930 жылдары Степнякта тұрған екен. Сонда Біржан салдың баласы Теміртастың тізесінде отырып, ән тыңдапты, өзі де ән салыпты, Теміртас атамыздың батасын алыпты.»     

Расында, 1932-1936 жылдары 4-5 жастағы Кәрімнің әкесі Есмағұл  атақты Біржан салдың баласы Теміртаспен қазіргі Степняк қаласында көрші отырып, жақын қарым-қатынаста араласады. 

Теміртас Біржанұлы ұзын бойлы, ірі денелі, өте күшті кісі болған екен. Атқа мінгенде созылып отырса, екі аяғы жерге тиетін болған. »Балуан ата» атанған. Балуан ата-Теміртас бес жастағы баланың домбыраға деген әуестігін байқап: «Кішкентай көбегенім ақын-әнші болсын»  деп ақ батасын береді. Мектеп табалдырығын аттасымен Кәрім «әнші бала» атанған.

Шоқан Уәлихановтың туған жеріндегі Сырымбеттегі қазақ мектеп интернатында Еркін Әуелбеков, Мұса Асайыновтармен бірге оқыған, көрнекті қоғам қайраткері Бейкен Әшімовтан сабақ алған. Сол жылдары, айтулы айтыс ақыны Отызбайдың Шәкені, әйгілі әнші Тырбидың Молдахметі сынды саңылақтардың өмірін тамашалаған, олардан үлгі алып, барынша ұқсап бағуға талпынған. Аталмыш өлкенің әнші-ақын, шайыр-жыршыларының өрісті өнері бала Кәрімді әнге әуес, күйге құмар қылған. 

Екінші дүниежүзі соғысының басталуын байланысты 1941-1948 жылдар аралығында колхозда жұмыс істеген. 1948 жылы қайтадан оқуды жалғастырған. 

Кейін өмір соқпақтары оны Кәкімбек Салықовпен, Шота Уәлихановпен, Ұлан Ементавпен табыстырады. 

Кәрім Ілиястегі, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов

1951-1952 оқу жылында Қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің тіл және әдебиет факултетіне қабылданған. Қазақтың даңқты жазушысы Мұхтар Әуезовтың алдынан дәріс алған. Кәрім Есмағұлұлы сол шақты «Көкшетау» газетінің 1997 жылғы 12 қыркүйекте жарық көрген «Әлемге даңқымен мәшһүр дана» атты мақаласында былай деп мақтанышпен еске алады: «Ғұлама ғалым, Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Омарханұлы Әуезовтен дәріс алып, бір мың тоғыз жүз елуінші жылдардың алғы шетінде оның шәкірті болғаным қандай ғанибет, зор мақтаныш, үлкен бақыт екен ғой, шіркін!» 

Оң жақтан бірінші Кәрім Ілиясов, 1953 жыл

 Әрі сол жылдары республикалық радионың штаттан тыс тілшісі міндетін атқарып, дрма және опера театрларында көпшілік қатысатын сахналарда бой көрсетіп, хорда ән айтып, сол кездегі қазақ өнерінің небір тарландарын көру бақытына да ие болады.   

ҚазГУ-ді бітіргеннен кейін республикалық жастар одағы арнайы комсомолдық жолдамасымен «Тың көтеруге» жібереді. 1956-1958 оқу жылдарында Ақмола, қазіргі Целиноград облысының Қорғалжын ауданындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Ұстаздық ете жүріп жас жеткіншектерді хор, драма, домбырашылық өнерге тәрбиелейді. Іргесін Кәрекең қалаған қорғалжындық өнерпаздар уақыт өте келе »халықтық» деген өрелі атақ алып, республикаға танылады. 

1958 жыл отбасы жағдайына байланысты елге қоныс аударады. 1966 жылдың декабріне дейін Сырымбетте  ұстаздық қызмет атқарады. Драма үйірмесін құрып, Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш  Баян Сұлу» пьессасын, «Қыз Жібек» трагедиясынан үзінді қойып, елді тағы да тамсандырады. 

Мектепте. Ортада мұғалім  Кәрім

1966 жылы денсаулығына байланысты Көкшетау қаласына көшіп келеді. Содан 1989 жылдың шілдесіне дейін Облыстық радио және «Көкшетау» газетінде журналист болып қызмет атқарған. Сол жылдары оқырман қауымға ұшқыр публицист  ретінде танылады. Телерадио хабарлары арқылы Көкше өңіріндегі қазақтың дәстүрлі ән мектебі өкілдерін, айтыскерлік өнердің сан қырын үзбей насихаттап отырады. 

Радио тілшісі — Кәрім Есмағұлұлы

1999 жылдың 8 қаңтарында «Көкшетау» газетінің №3 санында жарық көрген «Арқаның арқалы әншісі» атты мақаласында Р.Ахметова былай дейді: «Бірде осы Кәрекең жайында сөз болғанда, Қазақстанның халық ақыны, айтыстың ақтаңгері атанған Көкен Шәкеев ағамыз аңқылдап отырып осы бір қанаттас інісін еркелете айтқаны бар-тын:  Қартайғанда кәрі боз тарлан шығыпты  дегендей, алпыстан асқанда біздің Кәрім ән мен күй шығаратын өнер тапты. Және сол әндерін Қазақстанның Қайрат Байбосынов, Ілия Жақанов сынды белгілі өнер қайраткерлері жоғары бағалап, менің балам Ербол халықаралық фестивальда орындап байып жатқан жайымыз бар,  деген ол кісі ағынан жарылып.»

Байқап отырғанымыздай, сал-серілерден қалған мол мұраның насихатшысы болған Кәрім Есмағұлұлы алпыстың асқарына шыға бере өзі де ән шығарып, оны елімізге танымал әншілер жоғары бағалап, үлкен сахналарда орындап та жүрген. Кәрекеңнің жанға жылу, жүрекке шуақ беретін Кәкімбек Салықовтың сөздеріне шығарған «Оқжетпес», «Есілге», «Жол  жүректің өмірі», Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазған «Сағыныш», «Қарашығың болар ма ем», «Өзім», Жұмағали Саинның өлеңіне жазған «Достық туралы» тәрізді әндері бар. 

Кәрім Ілиястегі кей әндердің сөзін өзі шығарған. Мәселен, «Көкшетау - Сарыарқаның раушан гүлі», «Көкше әуені», «Айыртау», «Зеренді вальсі», «Қазақтың қасиетті Сарыарқасы», «Дарқан дала  құт мекен» сияқты тағы да басқа әндерін атап өтуімізге болады. Әндерінің тақырыбының дені туған жер, атамекенге арналған. 

Кәрекеңнің әндерін бүгінгі күнде Қапаш Құлышева, Бисара Макенова, Гүлжан Ахметова, Сәрсенбай Хасенов сынды өзіміздің жез таңдай, күміс көмей жергілікті әншілердің репертуарынан да кезіктіре аламыз.

Сондай-ақ, Кәрім Есмағұлұлы «Күткенде», «Алақай», «Жеңісті аңсау», «Сырымбет сазы» тәрізді күйлердің авторы.

Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің жанашыры әрі насихатшысы болған, сол әндерді нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген, өзі де құлақ құрышын қандырар, жүрекке сырлы сезім сыйлар тамаша ән-күй тудырған Кәрім Ілиястегін Арқа әншілік мектебінің көрнекті өкілі деп нық сеніммен айтуымызға әбден болады.

Сазгердің әндер жинағы

1999 жылы Кәрім Ілиястегінің 70 жылдық мерейтойына орай Көкшетау қаласында сазгердің «Саз самал» әндер жинағы жарыққа шықты. Кітапқа алғы сөзді:

Адамдық өнеріңіз бірге өрілген,

Кеудеңнен сәуле шанып нұр көрінген.

Көкшенің қадірлі бір перзенті боп,

Кәреке, саған дарын, тіл берілген.  деп бастап, Қазақстан Республикасының халық ақыны Көкен Шәкейұлы өлеңмен жазыпты. 

2000 жылдың, 5 сәуір күнгі «Көкшетау» газетінің №27 санында газеттің сол кездегі редакторы Жабал Ерғалиев «Ән ғұмыр» мақаласында «Саз самалды» қалың оқырманға сүйіншілей отырып: « ...Кәрім ағаның мынау өмірге деген бар іңкәрлығы мен сүйіспеншілігі де өз әндерімен бірге айтылады. Кәрім ағаның барша адам баласына деген адалдығы да өз әндерінің табағында!

...Әне қолына домбыра ұстаған Кәрім аға сахнаға шығып келеді. Бұл жолы өмір сахнасынан ән салмақшы. 

Толқынды айту керек-ей жайлап қана, а-а-а-а, ой, ги-ги-ги-гай, ги-ги-гай...

Шалқи түс, шалқи түс, Кәреке! Шалқи түс, Кәреке! Шалқи түс, Кәреке! Қол соғамыз біз де шалқып, шалқы, аға, әніңмен!..»  деп өнер иесіне бас иіп, інілік ілтипатын білдіреді. 

      Кәрім Ілиястегі, Жабал Ерғалиев, Иран сал Тасқара

Кәрім Есмағұлұлы бүгінде өзіміз қызмет істеп отырған, құрылғанына отыз жылдан астам уақыт болған Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің негізін қалаушылардың бірі. Ол 1989-1996 жылдар аралығында Әдебиет және өнер музейінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Сол жылдары ел ішін аралап, қазақтың әдебиеті мен өнеріне қатысты небір құнды жәдігерлерді музей қорына тапсырған. Музей қызметкерлері ұйымдастырған ауқымды іс-шарлардың сценарилерін жазып, қаланың түрлі оқу орындарына көрме-дәрістер өткізіпті. Сондай-ақ, музей қызметкерлерінен «Дастан» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрып, жетекшілік жасаған. Ансамбл құрамында өзі де өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген.  

Музейдің «Дастан» фольклорлық-этнографиялық ансамблі 

Кәрекең бір жазбасында: «Жолдасым-жұбайым Сапура Мұхаметқалиқызы Темірәлиева 1931 жылы туған. Орал облысының Қазталов ауданынан. ҚазГУдің тарих факултетін тәмәмдаған. Балаларымыз бар. Тұңғышымыз Мұхтар 1957 жылы, Аманбай 1958 жылы туған.»  деп өз отбасы туралы аз-кем мағлұмат береді. 2017 жылы Әдебиет және өнер музейінде «Қарашаңырақ» деген жобаны жүзеге асырылды. Осы жоба аясында Кәрекеңнің ұлы Мұхтардан қалған қос тұяқ, немерелері Ұлан мен Арай Ілиясовтар аталары жайында естелік әңгімелер айтып, жүздеген жеке заттарын музей қорына табыс етті. 

Сол жақтан немерелері Арай мен Ұлан. Кәрім ақсақалдың келіні, шөберелері

2018 жылдың 12 сәуірі күні Әдебиет және өнер музейінде әнші-композитор, ақын, журналист Кәрім Ілиястегінің туғанына 90 жыл толуына орай әдеби-сазды еске алу кеші болып өтті. Ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбай өнер иесінің өмірі мен шығармашылығынан естелік әңгімелер айтты. Кезінде Кәрім Ілиясовтан ән үйреніп, тәлім алған көкшетаулық әнші Қажыбай Жахин, сал-серілік дәстүрдің салтанатын үзбей келе жатқан Иран сал Тасқара, сазгермен әріптес болған Бекболат Өтеулиевтер құйқылжытып ән орындап, көпшіліктің көңілін серпілтті.

Кәрім Ілиястегінің туғанына 90 жыл. Музейде өткен еске алу кешінен

2018 жылдың 12 қазаны күні әнші-композитор, ақын, журналист Кәрім Ілиястегі көп жылдар бойы тұрған Көкшетау қаласы, Әуелбеков көшесіндегі 151 үйге ескерткіш тақта қойылды.

Іс-шара барысында жазушы, ақын, журналист Төлеген Қажыбай, Кәрім Ілиясовтың туысы Бүркітбай Осипов сөз сөйлеп, өнерпаз турасында естеліктерімен бөлісті, көпшілікті игі бастаманың жүзеге асуымен құттықтады. Сондай-ақ, өнері ел тәнті болған үлкен өнер иесі, әнші Қажыбай Жахин, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай  Хасенов әуелетіп ән салды.

Кәрекең тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Кәрекеңнен қалған жәдігерлер 2021 жылы қайта жабдықталған музейдің жаңа экспозициясынан ойып тұрып орын алды. Көрмеден көпшілік қауым өнер иесінің «Саз самал» әндер жинағын, фотосуреттерін, құжаттарын, қойын дәптері мен мандолинасын тағы да басқа жәдігерлерін тамашалай алады.  

Әдебиет және өнер музейі экспозициясында

Қасиетті Сырымбет топырағында туып, күллі өмірін халқының ән-жырын насихаттауға арнап, болашақ жас ұрпаққа ұлттық руханияттың дәнін сепкен, көрікті Көкшетауын перзенттік жүрекпен өле-өлгенше сүйіп өткен, әнге қосқан Кәрім Ілиястегі 2001 жылы жетпістен асқан шағында дүниеден озды. Кәрекеңнің көзін көрген замандастары ол кісінің адамгершілігі мен ұшқыр өнері жайында әлі күнге дейін талмай әңгімелеп, сағынышпен еске алады. Республикалық, облыстық сахналардан сазгердің туындылары шырқалып, халықтың жүрегіне айырықша жылулық пен шаттық сыйлайды. Кәрім Есмағұлұлы жинақтаған музей экспозициясындағы жәдігерлерді көпшілік көрермен қызыға тамашалап, рухани лаззат алады. Туған жерін сүйген ұлды, туған халқы ешқашан ұмытпақ емес. Кәрекең әрқашан ел есінде, Көкше халқымен бірге.

(Мақалада пайдаланылған фотосуреттер Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі қорынан алынған.)

Бақытбек Бекмұратұлы

Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар