Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қалқаманнан үш өлең

21.06.2021 1094

Қалқаманнан үш өлең

Қауіпті індеттің арамызда жүргеніне жылдан асты. Басталған сәттен бері дәрігерлер кеселмен барынша күресіп келеді. Алдыңғы шептегі ақ халатты абзал жандардың абыройлы іс атқарып жүргеніне баршамыз куәміз. Жаһанды жалмаған қауіпті індет кезінде қаламгерлер де үнсіз қалмады. Жырымен елінің жүрегіне дауа іздеді. Көзімен көрген қоғамдағы қиыншылықты боямасыз, қаз-қалпында жырлады. Халықтың көңіліндегі үрейді көрсетті. Ертеңге үміт артты.

Белгілі ақын Қалқаман Сариннің індет кезінде жазған үш өлеңін оқырманға ұсынып отырмыз.

АЗА ЖЫР

Ажал–тажал ән салып... Өлім билеп

Дәл жанымда жүргендей. Көңіл-күй жоқ.

Ықылас жоқ,

Ынсап жоқ,

Ысырап көп,

Көз алдымда барады өмір күйреп.

Билік — бейғам,

Көзі — алақ,

Сөзі — мадақ!

Сыры — солпы, ісі — епсіз, сезімі — олақ.

Деміккен ел,

Дәті бар, дәрмені жоқ,

Өз жарасын емдейді өзі жалап.

Отауынан шыға алмай бассауға алып,

Отанынан отыр ел оқшауланып.

Отшашуды көреді үйде отырып,

Қоштасуға бармайды көксау халық.

Кездесуге келмейді алып-ұшып,

«Жансақтауда» жатыр ол жанып, ысып.

Тірсегінен тілініп тірілер жүр,

Өлілердің санынан жаңылысып.

Тар кеудеде шыбын жан ышқынады,

Тарылады тынысы, қыстығады.

Аза тұттық. Түсіріп Туды төмен,

Азалы елдің түспей тұр ыстығы әлі.

Көзім — жасқа,

Көкірек толды шерге,

Бас бұғауда, қайтейін, қол кісенде.

Түйір дәрі таппаған емге ішірге,

Не демекпін, көкем-ау, көнбіс елге?

Не демекпін,

Не десем құтқара алам?

Қалай,

Қайтіп шығамыз жұттан аман?

Кешір бізді,

Кеш бізді, жалғыз ИЕМ,

Ішкен суым, алаңсыз жұтқан ауам!

(2020 жыл. Шілде)

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ

Қала түні...

Қабарып көнерді әбден,

Қалмады ғой ешкімге сенер дәрмен.

Тағы құтын қашырып тыныштықтың,

Тар көшемен жүйткіді «жедел жәрдем».

Кімге асықты?

Кім екен?

Кім шақырды?

Кім тұншығып қарғады мұнша түнді?

Кім қош айтты өмірге? Қайран жалған,

Кім қиналды қия алмай бір сәтіңді?

Кім, кім болды?

Кім кетті?

Кім аттанды?

Кімді тағы Жаратқан сынаққа алды?

Кімнің жаны таппады тұрақ мәңгі?

Кім артында аңырап жылап қалды?

Кім қамады жанымды түрмеге бұл?

Күнде – жоқтау айтқаным,

Күнде – көңіл.

Ауыр сөздің барлығын айта беру

Ауызға оңай бұл шақта, тілге жеңіл.

Иә, кешегі шаттықтың шамы сөнген,

Адам емес.

Ар, Ұят, Намыс өлген.

Айыптама, алдансам сол арманға

Мен де сенгем кезінде... Бәрі сенген!

Бәрі сенген

«Керемет келешекке»,

Өтірікке, қауесет, көп өсекке.

Тұтас дала заңымен жазасын бер,

Түгел теріс мінгізіп көк есекке.

Кінәлі кім?

Жауап жоқ, жазықты кім?

Қабырғамды қаусатып қажытты мұң.

Тәуекел деп тағы да

Бір үмітке,

Бір үміттің жалғадым нәзік қылын!..

Қала түні...

Қабарып көнерді әбден,

Қалмағандай ешкімге сенер дәрмен.

Тағы құтын қашырып тыныштықтың,

Тар көшемен жүйткіді «жедел жәрдем».

(2020 жыл. Шілде)

ЕРТЕҢГІ КҮН...

Қорқынышты неліктен ертеңгі күн?

Айтар сырын білмейсің, шертер мұңын.

Құрдым кеткен ғәріппіз ғұмырының

Құндылығын жоғалтқан көркемдігін.

Бүгін бүлік ел іші.. Ертең үрей

Тағы салар талқыға көнтерідей.

Кешегім бе?..

Кешегім көзден бұлбұл

Ұшып кетті көрген түс, ертегідей.

Күрк-күрк жөтеліп тесік өкпең

Ертеңіңнен қорқасың. Осы дерттен

Кешегі күн біреулер жетім қалды.

Бүгінгі күн біреуді жесір еткен.

Өкініштің өшпейтін оты маздап,

Екі көзім жылаған — екі боздақ.

Қадіріне жетпедік, енді бізге

Қайта оралмас қатал бақ, қатыгез бақ.

(2020 жыл)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: қалқаман сарин
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар