Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ислам Қосжан. Шық тұнып жерге тамады...

30.05.2024 2114

Ислам Қосжан. Шық тұнып жерге тамады 12+

Ислам Қосжан. Шық тұнып жерге тамады - adebiportal.kz

Ақ көйлекті қыз

Жүргенде мұң құшақтап,

Кірді жігіт кафеге.

Көрді сосын бір гүл аппақ,

Көруге көз жете ме?!

 

Алды жігіт бойын тіктеп, 

Таныссам деп ұйғарды.

Тұрды сосын кібіртіктеп,

Сөз таба алмай қиналды.

 

Сұлу мүсін тапсырысқа,

Берді бокал шарапты...

Сабырсыздық жоқ тұрыста, 

Қызды өзіне қаратты. 

 

Бидай өңге тана көз,

Жарасыпты, о, Құдай?!

Огинский полонез – 

Тұмандағы толған Ай.

 

Жігіттің сол... есін көр,

Алданышты сөз етпе!

Бақыт үшін, осы жер,

Тұр деді ме, кезекте?

 

Менен кейін боласыз...

Деп, қыз жұтты шарабын.

Жігіт тұрды, шарасыз...

Кірбің шалып қабағын.

Жәудіреген жанары,

Мұңды көзбен қарады.

Ақтарғанмен сананы,

Табылмай тұр жауабы.

 

Ғасырдағы бір сәтті,

Созылғаны білінді...

Қыз да тұрып мырс етті,

Кете барып, кідірді...

 

Сұлу өртеп өзекті,

Туғызбай-ақ даулы егес,

- бердім сізге кезекті,

Деді, бақыт... әуре...бос!

 

Айнала тұр елжіреп,

Сұлу шық – Айға тұтылды...

Аппақ көйлек желбіреп,

Түнге барып жұтылды.

 

Осы шақ

Бір келіншек келеді,

Автобуста сығылып.

Суық шалған денені…

Таппай ешбір жылылық.

 

Елемейді айнала,

Беріледі қиялға…

Күрсінеді жай ғана,

Мұң – көңілден шығар ма?!

 

Аялдама... кезекте,

Жұрттың бәрі асығыс.

Сапырылыс мезетте,

Мінді жігіт осы тұс.

 

Неткен тапқыр шешім ед,

Қолдың қолды құшқаны.

Тіреуішті осы деп,

Нәзік қолдан ұстады.

 

Ұмытқандай ертеңді,

Табысқандай жоғына.

Жігіт қолы сүйкенді,

Келіншектің қолына.

 

Тапса болды ебін тек,

Шаттық толы айнала. 

Байқамаған келіншек,

Жымияды жәй ғана...

 

Жұлдызды биікте

Биікте тұру ұнаған...

Төменнен көп қорқынышы.

Әрбір жұлдыз... бір адам...

Аққан кезі - тоқтаған дем, тынысы.

Біз білмейтін сұрақ толы,

Жұлдыздар да шер жүктеген...

Ұнатамыз бірақ оны,

Биіктікті ерлік көрген.

Сен аман бол, жоғары бол, 

Сен жұлдызым – Алһам хат.

Дәм таусылса, ағамын сол,

Хақтан алған марапат.

Қысқа құйрық, бірі ұзын,

Ағады... аспан төсінен.

Сен аман бол, жұлдызым,

Менің ғажап көшірмем!

 

Өзіме өзім хат жазам

Белгісіз нүктеден от алып,

Кең дүниеге аттаған.

Өзіме-өзім сезімге оранып...

Хат жазам.

 

Жеті қаттан... бір күшті шақырып,

Оңаша өзіме сырымды ақтарам.

Сүресіне он екі айдың батырып,

Қолымда қаламым, хат жазам.

 

Жанымдай, – 

Сүр майдай сақтаған...

Оқылмай қалған бір хатқа ұқсаған.

Қан сіңген тамырдай, 

Әріптер қозғала бастаған,

Өзіме-өзім хат жазам.

 

Басқадан,

Сырымды айтуға жасқанам.

Оңаша, Айлы түн, сүт піскен...

Өзіме хат жазам.

 

Таңғы ауа секілді тұнықтай,

Бұл хатым алғашқы ақ қардай, 

Әлі ешкім аяғын баспаған.

Жетінші құрылықтай,

Әлі ешкім ашпаған,

Өзіме хат жазам!

 

Жарығым

Жебедей,

Тіке атылған,

Шырақтай көздің аласы.

Шуақтай нұры шашылған,

Ұядай жылы қарасы.

 

Елемей уақыт... жыл-айды,

Көнедей өмір сүреді.

Күліп тұрып жылайды,

Жылап тұрып күледі.

 

Тұңғиық ойдың қазынасы,

Көргенді бірден сынайды.

Мұңында – оның көз жасы,

Қуанып тұрып – жылайды.

 

Жасырған ойын өзгенің,

Байқайсың көздің сезгенін.

Түк емес жұмбақ сөздерің,

Қояды айтып көз бәрін.

 

Серігі қылған сезімді,

Қуаныш басқа, өзге мұң.

Айта алмай жүрген сөзіңді,

Айтып қояды көздерің!

 

Мүктегі жазу

Кіріп алғасын есіңе, кетер ме,

Құла таңдағы дүр арман?!

Маңғазданасың несіне, бекерге,

Пәниге бұл-жалған.

 

Күркіреп кеше келгенің,

Ұстатпай кеткен бір аттай.

Бір күншілік-күлгенің, 

Найзағай!

Қайырылып артқа қаратпай,

(Бір шөкім бұлыт уыстай,)

Қайзамай!

Шаба салған қылыштай.

 

Өзі – елес,

Күлкісі дара.

Бақытты болып өту емес,

Бақыт деген - күту ғана.

 

Бақыт сұрап жалғыздан, бақытын тосып әр күннің,

Тәнің мен жаның болдырып...

Пенделік жолға барғызған, бақытына жалтақтап әркімнің,

Бәрін қосқанда сол қызық.

 

Ұйқысын іздеп көктемнің,

Бұл күнге жеттік бақсыз да!

Еске алса ертең өткен күн,

Бармыз ба, бәлкім, жоқпыз ба?!

 

Пәнидің болса да бекері,

Жүресің жеткенше шамаң.

Содан...

Соң олар мүк басқан қабірге кідіріп өтеді,

Жатыр деп, осында “бақытты” Адам! 

 

Кертолғау

(Ықылас-күй)

Керіліп тұрып шашылған,

Ақ қардай аппақ – асыл ән!

Өріліп барып басылған,

Төгіліп тағы тасыған.

 

Жұмақтың жаңа келгендей,

Ақ үрпек болып қасынан.

Тербеліп тұрып – 

Тербелмеу,

Сену де қиын осыған.

 

Көйлекте аппақ жағадай,

Ағыстар төмен көсіліп.

Шуылы жатыр тарамай,

Толқындай өрнек есіліп.

 

Айнала жатыр қопырап,

Жерге бір тимей табаны.

Түс дейді мейлі, осы сәт,

Жақсы түс болса болады.

 

Ақ таңдай атқан ағарып,

Айқара ашып есігін.

Жан беріп, сосын жан алып,

Таралып жатса несі мін?!

 

Сұлулық көрем осындай,

Бәрін де жіпсіз орады?!

Жылулық деген басылмай,

Жаныңда жанып барады!

 

Түн. Шықтың келуі

Шартарап теңіз шамалы,

Зер шашақ тегіс жан-жағы.

Қанаты түннің талады,

Басады шықтың салмағы.

 

Қисыны келген қиыннан,

Бір тәтті және бір ащы.

Қылығы көркем, қиылған,

Тұманға аппақ ұласты?!

 

Қайралып өткір ептілік,

Суырған қанжар қынынан.

Айналып жүрсе көп күдік...

Құрметі артық, сыйынан.

 

Шық тұнып жерге тамады,

Моншақтай мөлдір ірі боп.

Қол бұлғап кетіп барады,

Қарайтын түнге бірі жоқ.

 

Кеудесі бырт-бырт сөгіліп,

Сәулесі сылқым себіліп.

Көңіл ғой тұрған төгіліп,

Өмір ғой тұрған егіліп!

 

Терісқақпай

(шалыс қағыс күй)

Қиярға жанды жол таппай...

Қайнатқан қанды өлеңім.

Бақытын берші бармақтай,

Оймақтан өткен жебенің.

 

Жүз кетіп сенен, жүз келем,

Сырымды ашам кімге мен?!

Жігерін сенен іздеген,

Күдерін сенен үзбеген.

 

Сұлулық демі – сол тәтті,

Нәзіктік тұнған назымнан.

Төрт шумақ болып жол жатты,

Төрт аунап барып жазылған.

 

Бізді де солай күткенде...

Болмады бізден еш белгі.

Жол салар баһар – көктемге,

Білмеймін, өлең кеш келді?!

 

Сөгіліп келем, егіліп,

Елеусіз жатқан жолдарым.

Елеңдеп тұрған көп үміт,

Өлең боп атқан таңдарым!

 

Көкжал

Ашина – текті қасқыр, «көктен жаратылған»

Көкбөріден тараған – түркілер...

 

Білмеймін...

Жазылмаған қан жыры ма,

Бұл әлде, көкжал-тұяқ жан сыры ма?!

Қақпанға қасарысқан қарсы келіп,

Намыс па, бас имеген тағдырына?!

 

Артында көкжалдықтың аты қалып,

Болар іс болары бар ақыры анық.

Күйігін қара түннің жалап тұрды,

Күйiнген көздерiнiң оты жанып.

 

Жалған-ай өтеріңмен құның мықты,

Кең дүние тарылғандай бүгін тіпті...

Шынжырлы қақпан жатты қан іздеген,

Жасырып кеудесінде зұлымдықты.

 

Түн қойнын тітіреткен үнің қайда,

Не болар мезгілінен күнің тайса?!

Бір кезде аруақ тарап жартастарға,

Ашина тұрушы еді ұлып Айға!?

 

Көсемдей әрбір ізін абайлар-ды,

Білмеймін, білмес күнге қалай барды?!

Шайнады өз сирағын азу тісі...

Қанжардай тіліп өткен талайларды.

 

Іс болса берілетін ақыл-ойға,

Бір нұқсан келетіндей абыройға?!

Бақ қайда, тақ беретін бақыт қайда,

Намысың, көзіндегі отың қайда?!

 

Не ұлып, не қыңсылап үн қатпаған,

Сүйекте жатты азуы ұнтақтаған.

Аяғын шайнап үзді аузымен,

Бір жұлды тілерсегін сұр қақпаннан.

 

Көрсетпейін деген-ау жат қылықты,

Қайсарлық пен көзінде кек тұныпты…

Аққан тамшы қанды ізбен аңшы барса,

Көкжал өзін тік жардан лақтырыпты!

 

Пошташы

Өзім – Шаһ та... Құмың – тақ!

Тұрушы еді... ай шағылдан бақ жауып.

Досым бір ән бастайтын-ды ыңылдап,

Алатынбыз сол әуеннен от тауып.

 

Сары құм да – сары май, қорытпасы едік біз,

Кеттік содан… мектеп жаққа күз келіп.

Елесімен бізге ерді елік қыз…

Махаббатты хат жолдаудан іздедік.

 

Дос айтады – кіммен көзі түйісті,

«Кеш қалыппын...», шоқ басу...

Мұңлы әннен төгілетін күй ішкі,

Ал, менікі өлеңі бар – хат тасу.

 

Менікі сол – асық ойнау, хан-талас,

Бірдей еді барлық жанға көз қарас.

Досымдікі – бір қыз енді парталас,

Оған салса бір қарауға – қауқары аз!

 

Дос көңілі жатқан анау ақпа су,

Бір мігір жоқ, жоқ аяғы – жоқ басы.

Осылайша кете берер хат тасу,

Айлығы жоқ, болып алдым пошташы.

 

Балалықты бұл күндерім жүр аңсап,

Әрі сәтті, бәрі тәтті өткен із.

Жазып беріп қызға ғашық өлең-хат,

Белгісі жоқ, ақын болып кеткенбіз.

 

…Артымызда жатты талай жол қалып,

Мектеп қалды... кеттік біз де құм асып...

Махаббаттың бал үніне – бал жағып,

Балалық шақ құмда қалды адасып!

 

Вальс

Құс бұрым ұшады көгінде,

Саусақтар вальстің белінде.

Сәттер ғой... әуендер қалқыған,

Көңілде – ұшуым менің де.

 

Құшақтап әуеннің белінен,

Ұққандай мені – сен, сені – мен.

Жүрек те дүрсілдер қосылып,

Тербелген мақпал түн желімен.

 

Дүрсілдеп әуеннің жүрегі,

Иыққа гүл қадап білегі.

Сезімге ұшуды үйреткен,

Жаныңа аппақ нұр сіңеді...

 

Әуеннің жұпары тұр тарап,

Бақыттың қолына қонғаны.

Ақ гүлдің өзі де бір тал-ақ,

Сонаттың ең соңғы тармағы.

 

Үзілер бұл әуен таң ата...

Әттеген... тоқтар бір жолата.

Сөз де жоқ айтылған. Бетховен. 

Айлы түн. Соната.

 

Шақта осы, жоқ талас – куәгер,

Вальске майысқан тұма жел...

Сүйемін дәл осы қалпыңды,

Ех, әуен тоқтама, тұра бер!

 

Ұры 

Аты жоқ өлең

Бола ма?

Үзілген жіп пе жыр біздің!

Пенденің жайын сұрама,

Бақытым қайда бір үзім?!

 

Жерге түс, бірақ, құлама,

Аспанда тұрған жұлдызым.

Бәрі де тұман, қиялдай,

Елес боп қалған көп күннен.

 

Жүрмесең болды сүйе алмай,

Сүйуді ұрлап кеттім мен.

 

Селдетіп тұрған жауын бір,

Шөлдетіп тұрған сезім бұл, 

Кеудені ұрған дауыл жыр,

Пенделік десең – 

Оны да енді... өзің біл.

II

Білмеген жанға бәрі де жұмбақ. 

Тыңдадым таңда сыйқырлы ән. 

Тұңғиық терең әріден жырлап, 

Оятқан тәтті ұйқымнан. 

 

Күлкінің сөзін түсінбес ешкім, 

Жұмбақ шығарсың мүмкін сен. 

Мына әлемнің ішінде емеспін, 

Бір күлсең.

 

Мәжнүн қылар тыңдаған жаңды, 

Тыңдасам жалғыз шіркін мен. 

Көрсетпей сенен ұрлаған әнді,

Ұрлаған әнді, 

Күлкіңнен.

 

Үндеме

Үндеме.

Сөздерді сыйға берген 

Сөз иесі сөйлесін.

Үндеме.

Шақырғанда біздерді...

Құпия үнді еститіндей түндер де.

 Мәулана Руми

 

Үн, сақтық жаса басқаша...

Сөзің толып жатса да.

Үндеме.

 

Күн мен жаңбыр – қос пана,

Неге өскен гүл ашылып тасқа ана?!

Үндеме.

 

Түн, үзілген моншақты тастама,

Ай жұлдызды алғанда жақшаға... 

Үндеме.

 

Күл, көрген түс мағынасы басқа ма,

Жауабын айтады жас қана?!

Үндеме.

 

Тіл, сөйлесем өзіңнен жасқана,

Сен мені көзіңмен жасқа да...

Үндеме.

 

Біл, білме... қоштасу жат сана,

Мен сені қимаймын басқаға.

Үндеме…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар