Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Ілияс Есенберлин. Махаббат үшін ерлік...

10.01.2023 10139

Ілияс Есенберлин. Махаббат үшін ерлік 14+

Ілияс Есенберлин. Махаббат үшін ерлік - adebiportal.kz

МАХАББАТ ҮШІН ЕРЛІК

Ержүрек болу деген не? Менің білетінім толып жатқан қазақ қиссаларында, дастандарында кездесетін Ер Тарғын, Ер Сайын, Қобыланды, Алпамыс батырлар болатын. Ал бұл батырлардың ең басты қасиеті неде еді? Әрине ержүректіктерінде, ештеңеден қорықпайтындықтарында. Сондықтан да олардың қолынан бәрі келді. Жауын жеңемін дей ме, жеңеді. Тек артынан барып, кенет, халық ардақтайтын батыр аталуы үшін ержүрек қана болу шарт емес екенін түсіндім. Шынында, бүкіл адам баласына аңызға айналғам Джульетта мен Баян Сұлу сондай ержүректі жаралғандар ма еді?

Ал расында, олар бар болғаны нәзік жанды, мүмкін тіпті өте үрейлі қыздар болар? Сөз жоқ, дымға тұрмайтын бірдеңеге, мысалы, жүзіктерін жоғалтып алса, не шынашақтарын пышақ кесіп кетсе, айталық, тіпті біреудің өздеріне қаттырақ сөйлеуінен де, көз жастарын төге қоятын қыздар шығар, бірақ олар өздерінің махаббаттары үшін жан беруден қорықпады ғой. Сол үшін адам баласының есінде бұл аяулы жандар мәңгі-бақи қалмақ, жоқ, олар ерліктің және өздерінің бақыты үшін құрбандықтан қашпайтын адамзаттың үлгісі боп жер бетінде күн сөнгенше өмір сүрмек. Өмірді тек өзің қалаған шындық үшін сүру, сол үшін қандай құрбандыққа болса да бара білу бұл адам баласының ең үлкен қасиеті.

ЖАЗУШЫ ТУРАЛЫ ПІКІР

Дүниедегі ең қиын өнердің бірі — ол жазушы болу. Бұл өнерде сен тығылып қалар, өз жазғанынан өзің жасырынар таса болмайды. Бәрі ашық. Әскери қолбасшының — әскері, ғалымның — лабораториясы, қарамағындағы ғылыми қызметкерлері, артистің режиссері мен көрермендері бар.

Ал сенде ешкімде жоқ, бар болғаны алдындағы ақ қағазың мен кейде құны бес-ақ тиын тұратын қаламың. Сенің бар майдан ашар жерің де осы, жеңіске салар әскерің де осы, осы бар күшіңді жина да шабуылға шық. Жеңгенде қандай! Кейде әскер басы кемеңгердің қолынан келмейтін шыңға көтерілесің. Бар әлемді бағындырасың! Және әлемді бағындырғанда қандай! Мәңгілік! Бар әскер басы кемеңгердің қолынан келмейтіндей етіп әдеби мұраңды ұрпақтан-ұрпаққа қалдырасың. Сенің бағындырған әлеміңе мезгілдің де, еш дәуірдің де, қолбасшының да, патшаның да үкімі жүрмейді.

РУХАНИ БАЙЛЫҚ

Егер жазушы көк езу мылжың, бір күндік атаққа ғана мәз, әйтеуір кітап жаздым екен деп төпей беретін талғамсыздыққа келмесе, ондай жазушы әрқашан да өзін-өзі қайталамайтын айтары бар, дүниеге жеке, өз атымен жаратылған жазушы. Оған ешкім де ұқсай алмайды. Өзі де ешкімге ұқсамайды. Біреулердің көлеңкесі, көшірмесі болмау әдебиетте ең басты қасиет!

Менде сөз бен ойдан бөтен еш құдірет те жоқ, бірақ мен осы екеуімен бәрін де өзіме бағындырамын: уақытты да, әлемді де, өмірді де, өлімді де. Тек күшім мен шеберлігім жетсін. Ал өзім өлген күннен бастап, шығармам арқылы менің өлмес рухани өмірім басталады.

Ілияс Есенберлиннің шығармасынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар