Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Гүлжаһан Орда. Қазақ аудиториясы шындықты қабылдау...

11.10.2023 2708

Гүлжаһан Орда. Қазақ аудиториясы шындықты қабылдауға дайын 14+

Гүлжаһан Орда. Қазақ аудиториясы шындықты қабылдауға дайын - adebiportal.kz

Қадірлі оқырман, бүгін назарларыңызға Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Ордамен болған сұқбатымызды ұсынамыз.  

- Қазіргі таңда үлкен эпикалық жанрлар сұранысқа ие ме? 

- Ақпараттық заманда эпикалық шығармаларды оқитындардың саны күн санап азайып бара жатқан сияқты. Әдебиетті оқитындар тіл мен әдебиет пәнінің мұғалімдері мен филология факультетінің студенттері ғана ма деп қорқамыз. Бірақ кітапқа деген құштарлық түбі қайта оралады деген сеніміміз бар.

Қазіргі таңда кітапты іздеп жүріп оқитын жастар өсіп келеді. Сізге бір ғана мысал айтайын, жуырда Мұхар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Мұндай ғылыми жиындарға адам жинау күн сайын қиындап барады. Сол конференцияға Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернаттың бір топ оқушылары келіп қатысты. Мұғалімдері желкелеп алып келді деп айтуға болмайды, олар жазушының шығармашылығын оқып, өздеріне тақырып қызық болған соң келіп отырғандығын жас таланттардың арнау өлеңдері мен арнау жырларын тыңдап түсіндік. Сонымен бірге республика жұртшылығы жақсы білетін, саналы ғұмырын Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде шәкірт тәрбиелеуге арнаған Серік Мақпыров деген ұстазымыздың қаржы саласында жүрген баласы Азамат келіп, тапжылмай соңына дейін отырып баяндамаларды тыңдады. Өзі басқа салада жүрсе де әдебиет төңірегіндегі мазмұнды жиындарды іздеп баратын інімізге тәнті болғанымды жасыра алмаймын.  Осыған қарағанда кітап оқитын жастар өсіп келеді.  

- Лирика тек таңдаулылардың оқитын дүниесіне айналды дегенге қалай қарайсыз? 

- Петербург Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, көрнекті математик Софья Ковалевскаяның «Әдебиетті сүймейтін адам математик бола алмайды» деген жақсы сөзі бар. Әдебиеттегі ең көп оқылатын жанр – лирика. Ақындардың поэзиясын ел рухани ләззат алу үшін оқиды, менің әр түрлі салада қызмет істейтін достарым, зейнет демалысында отырған апаларым бар. Солардың көпшілігі «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерін үзбей оқып, сүйгендерінен хат келердей күтіп отырады. Қазіргі әдеби процесті сырттай бағалап отыратын оқырманға бірінші керегі – поэзия. Әдебиетке деген құштарлық мамандық та, кәсіп те, жас та талғамайды. 

- Бүгінгі жастар тек қысқа әңгімелерді жақсы қабылдауы неліктен? 

- Шағын жанрды оқу да, оны қабылдау да ыңғайлы. Қым қуыт заманда 3-4 кітаптан тұратын романдарды әдебиет саласында жүргендер болмаса, елдің бәрі оқиды деп айта алмаймын. Көпшілік оқырман кең құлашты романдарды оқуға уақыт таппайтын шығар. Бірақ қазіргі таңда кітаптарды электронды нұсқасынан оқитындар көбейіп келеді. Бір қуанарлығы көптеген кітаптардың электронды нұсқасы бар. Кітап қолыңа түспесе, электронды нұсқадан оқуға болады. Сондықтан, ақпараттық заманда ХХІ ғасыр қаламгерлері шығармаларын цифрландыру жағын алдыңғы кезекке шығарғаны жөн.  

- Қазіргі қазақ прозасына меценаттар көңіл бөле бастады. Екі жыл қатарынан қазақ романдары бәйгеден жеңіп, екі автор өмір бақи 500 доллардан олжа алып отыратын болды. Мұндай мүшайралар жазушылардың ізденісін арттыра ма? 

- Меценаттардың руханиятқа көңіл бөлгенін құптаймын. Қаламгерлер кеңестік дәуір тұсында бір кітабының қаламақысына бір машина мінетін болған. Күнімен-түнімен отырып шығарма жазу оңай шаруа емес, соның ішінде кең құлашты роман жазу. Осындай жабық байқаулар әділ өту керек. Кейбір жағдайларда пысықайлар өздері ұйымдастырып жатады. 2022 жылы байқауға түскен 21 шығарманың ішінен белгілі публицист Шархан Қазығұл  «Күлпет» романы үшін тұңғыш лауреат атанса, 2023 жылы Тұрысбек Сәукетаев «Өлгендер қайтып келеді» романы үшін жүлдегер атанды. Бердібек Соқпақбаев ағамыздың «Өлгендер қайтып келмейді» романын оқыған оқырман «Өлгендер қайтып келеді» романында не бар екен деп қызыға оқығаны белгілі. Сондай оқырманның бірі – өзім. Романдағы шығармашылықпен айналысатын талантты қаламгердің тұрмыстың илеуінен шыға алмай,  ынжықтығынан жынды атанған Тауфих Шеғировтің өзіне қол жұмсауы – заман трагедиясы. Автор сыбайлас жемқорлық мемлекеттік дәрежеге көтерілген заманда қоғамнан өз орнын таппаған кейіпкердің өліп-тірілуі арқылы ата-бабаларымыз аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» Жиделі-Байсынға жеткізер тура жол – ҒАДІЛЕТ екен деген ойға жетелейді. Автордың жетістігі – қоғам өмірінде ашық айтуға болмайтын дүниелерді өліп-тірілген адам арқылы жеткізуі. Жазушы романда авторлық ұстанымды түрлі әдіс-тәсілдермен жеткізуге болатынын көрсетті. 

Әдеби байқауларды ұйымдастырушыларға да, оған қатысушыларға да алғыс айтамын. Бәйгеге қатысқандардың барлығы да үміткерлер. Олар үлкен додаға жілігі татитын шығармалар беруге жанын сала кіріседі. Осындай әдеби байқаулар жекелеген жанрлар бойынша ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. 

- Мүшайрадан жеңіске жеткен шығармаларды бестселлер деп тануға бола ма? 

- Мүшәйра жүлдегерлерін емес, оқырманы көп шығармаларды бестселлер деп атауға болады. Кейбір мүшәйраларда адам факторы орын алатыны да жасырын емес. Ал, оқырманы көп қаламгерді республикалық кітапханалар арқылы анықтауға болады. 

- Қазақ тіліндегі фантастика жанры ақсап жатыр, фантастиканы көп жазбауымыздың себебі бар ма?

- Фантастика жанрының бастауын қиял-ғажайып ертегілерден бастап сөз ететін болсақ, бұл жанрдың қалыптасып, дамуына ерекше үлес қосқан Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани екені белгілі. Ақжан Машанидың «Жер астына саяхат» повесі (1957) ғылыми-фантастикалық әдебиеттің тууына ұйтқы болды. Бұл қатар әр жылдарда жаңа есімдермен толығып отырды. Фантаст жазушылар қатарында Медеу Сәрсекеевтің «Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), Талап Сұлтанбековтің «Көшпелі алтын» (1964), «Лұхман Хакім» (1966), Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық альфасы» (1967), Төлеу Шахановтың «Көгілдір мұнаралар» (1968), Төлеш Сүлейменовтің «Жұлдыз адамы» (1969), «Әл-Фараби көпірі» (1968), Абдул-хамид Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз» (1972) повестері қазақ фантастикасына елеулі үлес қосты. Ал, Төлен Әбдіковтің «Айтылмаған ақиқат» (1980), Машқар Гумеровтың «Жұмбақ сәуле» (1981), Советхан Ғаббасовтың «Кәусар» (1985), Нәрбин Кенжеғұлованың «Қиын шешім» (1985), Раушанбек Бектібаевтың «Ионосферадағы алаң» (1988) атты жинақтарында болашақ өзгерістер туралы болжамдар бейнеленеді. 

Медеу Сәрсеке, Жүніс Сахиев, Бейбіт, Досжан Өтековтер балаларға арналған фантастикалық әңгімелер жазып жүр. Ғылыми-фантастикамен айналысып жүрген Жүніс Сақұрпағының (Сахиев) «Қимайтын әлем», «Көктен келген көшпенділер», «Марстан шыққан жаңғырық», «Шолпанға көшкен ауыл», «Космотарих куәсі» фантастикалық туындылары,  Шәмшиден Әбдіраманның «ӘлМисақ», «Ақиқат формуласы» ғылыми-фантастикалық романдары қазақ романын түрі жағынан байытты.

Ғылыми-фантастикалық шығармалардың бірсыпырасында өзге ғаламшарлардағы тіршілік сөз болады. Оны Төлеу Шаханов, Сарманбай Исахов, Нәрбин Кенжеғұлова, Рысбек Баймаханов әңгімелерінен көруге болады.  Өзге тіршілік иелерінің Жер планетасына келуі Төлеу Шахановтың «Олар екеу еді» әңгімесіне арқау болса, Сарманбай Исаховтың «Таңғажайып сапар» әңгімесінде «Бақыт» планетасы кездеседі. 

Жанрдың қазіргі таңда ақсап жатқаны – шындық. Себебі, бұл екінің біріне бағына салатын жанр емес. Жанрдың өз қиындығы бар, фантастикаға дайындықпен келген қаламгерлердің жанрды игеріп кетуіне тілектеспін. Жоғарыда айтылған әдеби байқаулар ақсап жатқан жанрлар төңірегінде ұйымдастырылса деген тілегім бар. Мәселен биыл майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында детектив жанрына әдеби байқау өтті. Байқау барысында детектив жанрында жазып жүрген жастар танылып, бас жүлдені Абай Аймағамбетов жеңіп алды. Осындай әдеби байқауды күтіп тұрған келесі жанр – фантастика. 

- Стильді пір тұтатын постмодернистер қатарында кімді атар едіңіз? Қандай шығармасын? 

- Әлем әдебиетінде бар ағым-бағыттар қазақ әдебиетіне де ықпал ететіні белгілі. Әлем әдебиетін оқитын қаламгерлер олардан үйреніп, шығармашылығында эксперимент жасауы, жаңалық іздеуі заңдылық. Осындай көркемдік-стильдік ізденістер Аслан Жақсылықовтың «Сны окаянных» («Ант ұрғандардың түстері»), Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дүйсенбек Нақыповтың «От орны» («Круг пепла»), Дидар Амантайдың «Тоты құс түсті көбелек»,  «Шайыр мен Шайтан», «Гүлдер мен кітаптар», Мадина Омарованың «Ана-ғұмыр», Арман Әлменбеттің «Мимырт» тәрізді туындыларынан байқалады. Ал постмодернистер қатарында Аслан Жақсылықов, Дүйсенбек Нақыпов, Дидар Амантай сынды қаламгерлердің жоғарыдағы шығармаларын атауға болады. 

- Қазақ авторларының арасында «вербатим» стиліне бой алдырып жүргендер бар ма? Қазақ аудиториясы шындықты қабылдауға дайын ба? 

- Қазақ аудиториясы шындықты қабылдауға дайын. Қазіргі таңда біз өмір сүріп отырған қоғам шындығын шынайы бейнелеген шығармалар жеткілікті. Ал, драматургиядағы вербатим жанры соңғы ширек ғасырда Батыс әдебиетінде үрдіске айналды десек, оның көрінісін ұлттық дрматургиядан да атауға болады. Бұл жанрдың негізгі ерекшелігі – Батыс әлеміндегі нон-фикшн деп аталатын іскерлік әдебиеттердің стилінде өмірді боямасыз қалпында жеткізу. Бұл жанрдың авторы белгілі бір әлеуметтік топ өкілдерімен сұхбат құрып, материал жинақтайды. Сұхбаттар жиынтығынан құралатын пьеса жанрының мақсаты – қоғамдағы жаңа бір дискурсты жеткізу. Мұндай шығармалардың авторы – режиссер-сценарийші ретінде көрінеді. Мұның өзі қаламгерлерден бірнеше өнер түрін игеруді талап етеді. Вербатим жанрындағы пьесада кейіпкердің сөз қайталаулары, жаргондары, тіпті кідірістерінің өзі шығарманың ажырамас бөлшегіне айналады десек, оны Олжас Жанайдаровтың «Алдар» атты пьесасынан көруге болады. Автор қарапайым жұмысшылардың тағдыр тауқыметімен алып мемлекеттің саяси жүйесін сынай отырып, саяси дискурсты алдыңғы планға шығарса, Алдарға тағылған айып юриспруденциялық дискурсты қолданудағы деректілікке қызмет етеді. Батыс арқылы ұлттық әдебиетке келген вербатимдік пьесадан жас драматургтердің эксперимент жасау арқылы түрлі әдіс-тәсілдерді игеріп жатқанын байқауға болады. 

- Тәуелсіздік алғалы қоғамдық санадағы өзгерістерді айқын көрсететін, ұлттық проблематиканы анық сезіндіретін шығармалар жазылды ма? «Құлдық санадан» арылтуға қызмет ететін шығармалар енді жазылады деп ойлайсыз ба? 

- Құлдық сана Ресей отаршылдығынан қалды. Біз 1991 жылы егемендік алған соң, мемлекеттік деңгейде құлдық сананы отарсыздандыру идеологиясы жүргізілу керек еді. Құлдық психологиядан арылу үшін отарсыздандыру саясатын дер кезінде жүргізе алмадық. 

Біз – кеңестік дәуірдің тәрбиесін алған ұрпақ өкіліміз. Біздің буын шын мәнісінде өз тарихымызды білмей өстік. Егемендік алған соң тарихымыздың сақ-ғұн дәуірінен бастау алатынын түсіндік. Қазіргі таңда Ұлы даланы мекен еткен өркениетті көшпенділердің ұрпағы екендігімізді мақтанышен айтатын күйге жеттік. Болат Жандарбековтың «Саки» атты роман-дилогиясы мен Шахимардан Құсайыновтың «Томирис» драмасынан бастап әр дәуір туралы қаншама тарихи шығармалар жазылды. 

«Құлдық санадан» арылтуға қызмет ететін шығармалар қатарында Баққожа Мұқайдың «Өмірзая», Қажығали Мұхаметқалидың «Тар кезең», Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» (алғашында «Сергелдең» деген атпен жарық көрген) романдарын ерекше атауға болады. Аталған шығармаларда отарсыздыққа қарсы күрес шынайы суреттелгендіктен, сананы отарсыздандыруға ықпал еткені белгілі. Ресей отаршылдығына қарсы азаттық, бостандық үшін күрестің соңғы және нәтижелісі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Қазақтың рухын көтерген тарихи трагедия туралы жазылған Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» спектаклі Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрында қойылып келеді, Қалдыбай Әбеновтің «Алла жар» фильмін өскелең ұрпақ көріп өсу керек. Бірақ аталған туындылардың көрерменге қолжетімсіз болып жататыны өкінішті. Жылда Желтоқсан айында театр мен көгілдір экраннан асыға күтеміз, басқа уақытта көрсетілмейді. Кейбір жылдарда тіпті ұмыт қалып жатады. Әдебиет халықтың жан жарасын, трагедиясын шынайы суреттейді. Адам санасындағы жаңару тез, жылдам болмайды, оған уақыт керек. Құлдыққа қарсы күресті шынайы суреттеген шығармаларды жиі көрсету арқылы құлдық санадан құтылуға болады деп ойлаймын. 

Тарихи тақырыптағы роман, повесть, пьесалар да құлдық санадан құтылуға әсер етеді, құлдық сана кеңестік жүйенің тәрбиесін алғандармен бірге кететін шығар. Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген жастарда құлдық сананың жұрнағы да жоқ сияқты көрінеді. Өз ойларын еркін айтуға бейімделген, қоғам, өмір туралы өзіндік көзқарасы қалыптасқан, бәсекеге қабілетті буын өсіп келеді.

Ал, енді кейбір жастарға қарап түңілетініміз де жасырын емес, өткен тарихымызды білмей, бүгініміз бен болшағымызға болжау жасау екіталай. Өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын, тарихты өздерінен бастағысы келетін «данышпан» жастардан қорқамын. 

- Заман ауаны өзгергенін Уильям Теккерейдің «Ярмарка Тщеславия», Теодор Драйзердің «Америка трагедиясынан» оқушы едік, қазіргі қазақтар заманның өзгергенін қай шығармаға қарап түсінеді? 

- Қоғамдық формацияның өзгеруі адамзат санасына сілкініс алып келетіні белгілі. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға өткенде замандастарымыздың барлығы дерлік тығырыққа тірелгенін көзіміз көрді. Нарықтық экономика замандастарымыздың өмір салтымен бірге санасына дүмпу алып келді. Заманмен бірге қоғамдық сананың өзгергенін көрсететін шығармалар қатарында Мұхтар Мағауиннің «Жармақ», Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Періштелер өлімі» романдарын, Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» повесі мен Мұхтар Әуезов атындағы Акадамиялық драма театрда қойылған Төлен Әбдіковтің «Ұлы мен ұры» және Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» спектакльдерін атауға болады. Аталған қаламгерлер адам санасының трансформацияға ұшырауын, қоғамнан өз орнын таба алмаған замандастарымыздың нарықтық экономикада санасының екіге жарылуын, кейбір пысықайлардың нарыққа тез икемделіп, аузымен құс тістеген байшыкеш болып кеткенін мейлінше шынайы суреттей білді. 

Талаптан Ахметжанның «Нобель сыйлығы», Сәбит Дүйсенбиевтің «Қарашаның ызғары»,  «Қайда сол күндер», Бейбіт Сарыбайдың «Байлар да жылайды», Қанағат Әбілқайырдың «Қарға адамдар» әңгімелері мен Сәбит Дүйсенбиевтің «Үлкен қаланың қонағы», Сәуле Досжанның «Жатқа туған бала», Мира Шүйіншалиеваның «Өкініш» повестері мен және басқа көптеген шығармаларда бізге таныс, бейтаныс кейіпкерлердің тағдыр тауқыметімен біз өмір сүріп отырған тәуелсіз қазақ елінің трагедиясы суреттелген. 

- Кітап адамның жан-дүниесін байытатын рухани құрал, оның неғұрлым мағыналы әрі мазмұнды болуы ләзім, осы тұрғыда өз заманының лебін сезіндіретін қай шығарманы атай аласыз? 

- Көркем сөз өнері оқырманды танымдық, тәрбиелік, эстетикалық жағынан тәрбиелейді ғой. Кез келген шығарманы оқығанда жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп отырамыз. Әр туындының өз айтары болады. Кешегі тарихымызды білгіміз келсе, ХХ ғасырдың көркем суреттері жасалған туындыларды оқуға шақырар едім. Қазіргі таңда Қазан төңкерісінен бастап, 1986 жылғы айтулы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықтың көркем суретін жасаған шығармалар поэзия, проза, драма жанрларында жетерлік. Жекелеген тарихи тұлғалар туралы шығармалар қатарында Қазақстан Республикасын ұзақ жылдар басқарып, халықтың алғысына бөленген, саналы ғұмырын ұлтқа қызмет етуге арнаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы көрнекті ақын, белгілі жазушы Рафаэль Ниязбектің «Көсем» романын атар едім. Автордың өзі айтқандай, бұл – тау тұлғалы кейіпкер арқылы қазақ деген халықтың көсем екенін көрсеткен шығарма. 

Талаптан Ахметжанның  «Тозақ оты» хикаятында ХХ ғасырдағы 1928 жылы ірі байларды, 1929 жылы ауқатты шаруаларды тәркілеуден кейінгі Қазақстаннның түкпір-түкпіріне әп-сәтте жайылып, жан біткенді тұтас жалмаған ашаршылық шынайы суреттелсе, Талаптан Ахметжанның  «Қылбұрау» хикаяты мен Сұлтанәлі Балғабаевтың «Енелер мен келіндер», Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла», Б.Айдарбектің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Жиһад», Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» пьесаларының басты кейіпкерлері – күнделікті өмірде көріп жүрген замандастарымыз. Осы туындылардың барлығында біз өмір сүріп отырған қоғам шындығы, замандастарымыздың санасының трансформациялануы  жан-жақты суреттелген.

- Әңгімеңізге көп рақмет! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар