Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

29.08.2024 421

Евгения Гранде 14+

Евгения Гранде - adebiportal.kz

Мың бояулы әлем әдебиетінің арнасынан, біз жүзіңе жылы лебі тиіп тұрғандай ұмытылмас әсер қалдыратын сансыз тірі бейнелермен үнемі ұшырасамыз. Ал осы жаныңа жақын сан қилы бейнелер, сан қырлы кейіпкерлер жүздеген, тіпті мыңдаған жылдың тарихи сүзгісінен, уақыттың екшеуінен өте келе әдебиеттің төрінен өз орынын мәңгілікке баян еткені анық. Олар мейлі ұлы қаһармандар, мейлі екі жүзді қорқақтар, мейлі ақ періштедей аяулы жандар, мейлі қанды көз қарақшылар болсын, бәрібір адамзат санасында сақталып, жадымызға өз ізін тасқа қашағандай таңбалап кетті. Олардың басынан өткен қайшылықты тағдырлары, мінездері мен бітім болмыстары, бүгінгі өмірімізден де соншалықты алыс емес. Әрбіріміздің басымыздан табылатын көріністей жақын. Бейне өз өміріңді, өзің өмір сүріп жатқан ортаны тамашалағандай етене. Біз тілге тиек еткелі отырған «Евгения Гранде» дәл сондай алып туындылардың сойынан. Бұл ХІХ ғасырдың ұлы суреткері Оноре де Бальзактың айтулы шығармаларының бірі. Шығарма аты шулы «шық бермес Шығайбай» - Гранде образы арқылы кесек классикалық туындыға айналып отыр.

Бальзак өмір сүрген дәуір бізден екі ғасырға жуық шамада алыста қалды. Ол Франция әдебиеті мен мәдениетінің ұлы бұрылыс кезеңінде, күрделі уақытта өмір сүрді. Француздың байырғы ақ сүйектері мен «теңдік пен бостандықты» ту еткен демократтар арасындағы тартыс, қайшылық, экономикалық мүдде, діни алауыздық сынды толып жатқан мәселелер француз қоғамын, тұтас Еуропа жұртын жаналқымынан алып тұрды. Бальзак осындай қақтығыстардың бел ортасында жүрді. Адамдар арасындағы қулық-сұмдық, аяр-арсыздық, бақталастық пен капитализмның ақшақұмарлығы адамзаттың асыл қасиетіне, ізгі рухына кесапат ала келгенін де ерте сезді. Ұлы мұрат жолындағы жас Бальзак қоғамдық сананың сілкінісі тудырған адамдар бейнесін қаз-қалпында «естелікке» алып, өз заманының «хатшысы» болуға бекіген еді. Осы жолдағы оның өмірі аласапыранға толы болды. Оның бар өмірі тапшылықта, артынан қуған қарызгерлерден қашумен өтті. Соған қарамай ол көл-көсір көркем туындылар берді. Әлем әдебиетінің ең биік шыңына шықты. Өзі айтатын «Адам болып қалу аздық етеді, тұтас жүйе болып қалу керек» деген сертін орындады. Бальзак – өзі бір әлем, өзі бір жүйе. Ол пәни ғаламды алдына ала отырып «Адамзат комедиясын» жасақтап шықты. 

«Адамзат комедиясына» Бальзактың тоқсаннан астам роман, повест, әңгімелері кірді. Мұнда ұзын саны екі мыңнан астам бойында ыстық қаны тулаған жанды образдар бар. Ұзыннан ұзаққа созылған осы кейіпкерлер галереясы буржуазиялық ақ сүйектердің мысық тілеу пиғылын, әсіресе Париждың жоғары тап қоғамының күнделікті тұрмысы мен адамдар ара қатынасын паш етті. Сол кездегі қоғамдық салт ұстанған жақсылық, жамандық, тоғышарлық бәрі-бәрі де Бальзак қаламынан тыс қалған жоқ. «Евгения Гранде» романы да сол сипаттағы бірегей туынды. Гранде кейіпкерінің керемет сомдалуымен әйгілі роман Бальзак шығармашылығының үлкен белесі. Бұл романды оқығанда жоғарда тілге тиек еткен тарихи шындықпен қабат жазушының жалпы өмірінен хабардар болу ләзім. Әртүрлі кейіпкерлер арасындағы қатынасты түсіну мен салыстырып сараптай білу, әсіресе Гранде сынды тұлғаның бейнесін аша білу оқырман үшін басты мұрат болмақ. Шығармашылық шешім тұрғысынан қарағанда, Евгения Гранденің махаббат трагедиясы осы романның өзегі болып табылады. Мұның ішінде ең тартымды тұсы – қарау бай Гранденің бейнесі. Құрлымдық тұрғыдан роман жеті бөлімнен тұрады. «Буржуазияның сипаты», «Париждегі немере іні», «Шет өлкедегі махаббат», «Сараңның серті. Ғашықтың уәдесі», «Отбасының ойраны», «Өмі деген осы...», «Түйін». Әр бөлім негізінен Евгенияның өмірімен өріліп, тағдыр ирімімен тоғысып, әр бөлім сайын Евгения бейнесін аша түсетін қосалқы кейіпкерлер сахнаға шығып отырады. 

Енді «Евгения Гранде» романының қысқаша мазмұнына тоқталайық. Романның басқы тарауында, Бальзактың басқа романдары сияқты бас кейіпкер Гранденің өмір астары, тіршілік тәжірбиесі, мал-мүлік пен атақ-абройға бөлену жолындағы жанкештілігіне егжей-текжейлі есеп береді. Бұл тараудан Грандеге қалай бақ қонғанын, айналасындағы адамдармен, ауыл-аймағымен қатынасын, бәйбішесі мен қызына деген өктемдігін толықтай түсінеміз. Роман басталысымен-ақ бізге шет өлкедегі шағын қаланың тіршілік картинасын ұсынады. Думанды да сәулетті астана Парижден алыс жатқан бұл қаланың құлазыған жым-жылас бейнесі романның бас-аяғына дейін өз бейнесін өзгертпей, шығарманың ішкі атмосферасымен үндесіп отырады. Мұндағы адамдар негізінен жүзім егіп, шарап ашытып, ағаш материалдарын саудалап, шарап ашытатын ағаш күбі жасап күн көреді. Романның бас кейіпкері Гранде дәл осы жұпыны қалада, бас пайда үшін арпалысқан адамдар ортасында жасайды. Гранде де айналасындағы алаяқ, қытымыр, тынымсыз жандар секілді бар ниетін ақша табуға, өсек-аяң аулап, қысыр кеңес құруға аударады. Солайда ол бәрібір басқалардан өзгеше. Асқан орайшыл әрі қатты қарау. Гранде бар болғаны хат танырлық сауаты ғана бар, бөшке жасап күн өлтетін қарапайым шаруа-тұғын. Алайда, 40 жасында желі оңынан тұрады. Аяқ асты бақ қонады. Әуелі Францияда болған саяси зор төңкерісті өз ығына пайдаланып зор пайдаға кенеледі. Сосын, жасауы мен мұрасы мол ағаш материалын жасайтын шаруа қызын қолға қондырады. 1789 жылғы төңкерістің аласапыраны өзіне пайда әкелерін байқап, саяси арнаға жалбызбалап кіріп, мансапқа қол жеткізеді. Бірден республикашыл адам болып шыға келеді. Сөйтіп өз қаласының әкімшілік басқармасына отырады. Қолындағы билігін, мансапқорлармен жең ұшынан жалғаса отырып, райондағы ең тамаша жүзім бағын, бір монастр мен бірнеше бөлік атызды тым арзан бағаға сатып алады. Төңкерістік армия соғыс салған кезде, тағы да орайын тауып шұрайлы, соны жайлауды қолға түсіреді. «Қаланың мүдесі үшін» дегенді желеу етіп, үкімет қаржысымен өзінің шаруашылығына төте апаратын бірнеше жол салады. Мемлекет аласапыранға түскен кезде «Бір жеп екі биге шығу» Гранде сынды барлық орайшыл адамдардың айласы екені анық. Бұндай типтегі адамдар қоғам, заман, уақыт талғамай өмір сүре беретіні түсінікті. «Бүлінген елдің бүлдіргісімен» байып алған Гранде, империя қайта тірілген тұста, мыңғырған дәулет Грандеге тағы да жаңа кезеңнің ақсүйегі деген шен беріп шыға келеді. Осылайша Гранде шаруалардың қан-терінен лай-теңіз байлық жиып алады. Сөйтіп алыс-жуыққа аты мәлім бардам адамға айналады. Тіпті алыстағы Париждегі белді кісілер де оны сыртынан тани бастайды. Осылайша оның байлығы шағын ғана Сомюре қаласына хикметтей ертегі боп тарайды. Қала тұрғындарының бәрі оны айнала толы алттынның ортасында марсиып отырғанын әңгіме ететін. Оның үйіне мал-мүлкі мол екі-ақ адам қонаққа келетін. Оның бірі – нотариус Крюшо, бірі – банкир г-н де Грассен. Екеуі де Грандемен бақталас, деседе екеуі де Гранде десе жандары қуырдақтай қуырылып кететін. Екеуі де үйлерінің жас мырзасы Гранденің жалғыз қызы Евгенияны қолдарына қондырсақ деп жанталасатын. Іс-жүзінде олардың көкейін тескен Гранденің дәулеті екені түсінікті. Әйтсе, Гранденің аралас-құралас адамдарының бәрі ақша десе ішкен асын жерге қоятын жыланның аяғын көргендер еді. Бұл сол тұстағы Франция қоғамы үшін қалыпты, үйреншікті, жаппай етек алған ұғым, тұтастай қоғамдық сипат алған сана еді. Евгенияның махаббат трагедиясының түпкі мәні де осы дүниеқоңыздық та жатқан болатын. 

Кейіпкерінің жан дүниесін қопара ашу үшін, сол арқылы өзі көздеген қоғамдық мәселелерді тереңдей таныту үшін, Бальзак қашанда қытымырлана, озбырлана, әр детальдың үтір, нүктесін қалдырмай, өзіне керекті дүниенің бәрін ине жіптен шығарғандай баяндайды. Ендігі сәт бақ дарып, байлық біткен Гранденің сараңдығы, құмайлығы, осы жолдағы адамдық қасиеттен жұрдай тірлігі туралы сөз етеді. «Дүние жинап-теру жағына келгенде Гранде мырза жолбарыстан, абжыланнан бір аумайтын? Ол анандай жерде сұлап жатар еді, шоңқиып отырар еді, көздеген жемтігін ары-бері байқастап алып, қанды ауыз қоржынның аузын арандай ашып тура бассалатын да, алтын-күмісті саудыратып өз дорбасына сықап алатын. Соңында жайбырақат мызғып кететін. Құдды тойып алған жылан секілді селсоқ тартып, бәрі де баяғы қалпына түскендей сұлық жатып қалатын». Осыдан соң Бальзак бір сәт Гранденің портретін береді. Оның қарынсау кейпін, мұрын ұшындағы меңін, көзінде жатқаз ызғарды ыждағатпен береді. Соншама дәулеттің үстінде отырып үстінен 10 жыл бір киімін тастамайтынына дейін жазады. «Аяғында дорбадай бәтеңке, бәтіңкесінің бауы да теріден; қысы-жазы киетінің бір байпақ және де бір қалың мәутіден тігілген сарғыш дамбал». «Үстіңгі жағынан жарқырауық шаршы етек күрте киген, онысының өңі бірде сарғыш, бірде қоңырқай тартып құбылып тұратын.  Оның сыртынан етегі кең сарғыш сырт киім қаптап алатын да, қара галстук тағып, ернеуі жалпақ бас киім киетін». Жазушы бізге осылайша Гранденің бейнесінен еміс-еміс ишарат жасап отырады. Гранденің жүзінен лап беріп тұрған жемтік, анау оның үстіндегі атам заманғы және қысы-жазы үстінен түспейтін шүперектер оның обыр, сыған, әккі, өзімшіл, менмен, екенін әбден көрсетіп тұр. Гранде тегіннен ет, болка сатып алмайтын. Есесіне әлгі жер майлап алушылардың май ақыға долайластырып апта сайын әкеліп тұратын азық-түліктерін тұтынатын. Гранде жылына екі-ақ рет шаш алдыратын, қарашаның ортасы болмай үйге от жақтырмайтын. Үйде қонақ болған күннің өзінде бір ғана шамдалды іске қостыратын. Онда да өз үйінің малайы қол жасаған арзан майшамды жақтыратын. Қонақтарды майшамның бұлыңғыр сәулесінде ішқұса қылса қылар, бірақ өзінің байлығына қылаудай болсада нұқсан келмеуі керек еді. 

Гранде «ұқыпты, үнемшілдіктің» ерен үлгісі. Байлығы шалқып жатса да, өзіне, әйеліне, қызына, малай әйелге де шығындағысы келмейді. Отбасы мен айналасы Грандеде қанша ақша барын, оны қайда тығып ұстайтынын өмірі білмейді. Ақша қоятын құпия бөлмеге Грандеден басқа тірі жан кірген емес. Әйелінің ұсақ-түйек қажеттілігі үшін ұстататын тиіні 6 франктен асып көрген емес. Оның өзін кейде «Бірнеше жармақ бере тұрасың ба?» деп қайыра сұрап алатыны бар. Ханымы жыл бойы үстінен жасыл көйлегін тастап көрген емес. Үйінен жасауға әкелген 300 мың франктың қайда кеткенінен де хабарсыз. Қызымен бірге монастырға барып келуден басқа ешқайда аттап басқан кезі жоқ. Ал қызы Евгенияның жылына маусымға қарай ауыстырып киетін екі пар көйлегі бар. Гранде ешуақытта қызына шын пейілімен тиін ұстатқан емес. Қайта өзіндегі қараулық қызының бойына дарып өссе екен деген тілегі басым. Ұзақ жыл осындай қарау пиғылды отбасында өскен Евгения жасық, бұйығы, бір тоға болып бойжетеді. Крюшо мен Грассен семиясының ол деген де өбек қаққанымен, олардың көз сүзері бәрібір әкесінің қазынасы еді. Әйтпесе, сүйіспеншілік, ізгі махаббат оларды не қылсын.

Романның екінші бөлімінде «Париждегі немере іні» Гранде Чарлиздың келуі бұл отбасының тұрмыс қағидатына соқпа толқын болып ұрылады. Чарлиздың әкесі әсілі Париждың миллионерлерінің бірі еді. Шаруасы күйреп, тірлігінен береке кеткесін өзіне-өзі қол салған. Өлуден бұрын істің мән-жайынан бейхабар ұлын Сомюре қаласындағы ағасына пана тілеуге жібереді. Париждегі жоғары жік қоғамында дәурендеген сал мырзаның киген киімінен тұтынған бұйымына дейін ұрттап ішіп, шайқап төккен париждіктердің сәулеті қашанда сағымданып тұрар еді. Ол Сомюре сияқты кішкене жерге келгенде бардамсып көрініп қалғысы келеді. Қас қылғандай, осы кезде аяқ астынан өзінің көк тиіні жоқ қу кедейге айналғанын бір-ақ біледі. Күні бойы әкенің дәулетін шашып, рахат өмірге бой үйреткен жас мырза үшін бұл ауыр соққы, жанға түскен жегімен бірдей еді. Осы кезде әкесінің мейірі мен ілтипаты керек еді. Сорына орай оның әкейі ақшаны жаннан қымбат көретін Гранде болмасы бар ма!? Парижден келген немере үшін шығын шығаратын ол ма!? Осы тұста Евгенияны Чарлиздың керім келбеті әбден мастандырып әкететін еді. Махаббатың құдіретті күші қызға тіршіліктің бұрын соқпаған бекзаттығын сезіндірген болатын. Қыздың ақ жүректігі Чарлиздың бақытсыз тағдырына аяныш етті. Осынау сезімдер толқыны келіп аяғында Евгенияның жас жанын дара билеуші, дүниеқор әкеге қарсы келуге демеді. 

Романның үшінші, төртінші бөліміндегі «Шет өлкедегі махаббат» пен «Сығанның серті. Ғашықтың уәдесі» - Евгения мен Гранденің Чарлизге деген мәмілесін әртүрлі қырынан көрсетеді. Қыршын қыздың жас арманына, өз сүйген махаббатына деген қалтқысыз сезімі мен қатал әке алдындағы дәрменсіздігі кезек-кезек таразыға түседі. Евгения Чарлизді ұнатып қалғанында оған көз алдындағы ауа бұрынғысынан тұнық, күн сәулесі әдеттегіден нұрлы болып сезіледі. Оның жанына жылу еніп, өмірінде бұлқыныс туады. Ол әкесімен дидарласып тұрып алғаш рет үрейленеді. Өз тағдырының әке қолына шырмалып қалғанын пайымдайды. Өзінің сүйген жары үшін әкесінің қаталдығынан қайыспай тәуекелге барады. Евгения малай әйелге Чарлизге дәмдеп тамақ істеп беруді, сатып әкелген кішкентай балауыз шамды жағып беруді, тіпті өзінің он неше жылдан бері тірнектеп жиған бес-алты мың франгын қабыл алуды өтінеді. Бұл ақшаларды әр жылдары әкесінің тексеріп отыратынынан тайсалмайды. Ол тіпті Чарлиздың Парижде сұлу бикелермен қалай сауық сайран құрғанын да есіне алмайды. Чарлизді бар өмірінің мәні деп санайды. Чарлизда Евгенияның сезіміне деген ризашылықтан өз анасынан қалған тәбәрак алтын қорапты сыйға тартады. Осылайша екеуі махаббат құшағында елтиді. Евгения өмірге қайта келгендей сиқырлы күй кешеді. Махаббаттың басталуы да алғашқы да өмірдің басталуы сияқты кербез дүние. Екеуі өктем әкеден оңаша кетіп гүл бағын аралайды. Үстін қына басқа тас үстінде отырып болашақтары жайлы армандайды, сыр ақтарады. Екі жас махаббатың пәктігі мен шуағын армансыз сезінеді. Бір анығы, Евгения мен Чарлиздың махаббаты ерекше жағыдайда өркен жайды. Чарлиз қолында көк тиіні жоқ, көрінгенге көз түрткі, қусирақ мырза еді де, Евгения бұл дүниеден сыр түймеген, аңқау, адал, бейкүна қыз еді. Оның бар еншісі жаратушы мен пәк махаббатты аңсап күту ғана. Екеуінің жан дүниесі, тәлім-тәрбиесі, көрген-білгені қайшылыққа толы-тұғын. Дегенмен дүниенің құны адамның жаны мен арының алдында түкке тұрғысыз, атақ абырой мен сән-салтанатқа ындыны кеткен қоғамда, бұндай кіршіксіз махаббатың баяны қанша ұзаққа созылар дейсің?..

Шын мәнінде, Грандеге қызын Чарлиз сияқты жарлы жігітке қосу – оны өлімге айдағанмен бірдей еді. Малай әйелдің Чарлизге арнап қарма нан пісіріп жатқанын естігенде ол от алып, қопаға түсіп: «Не, сен, мені отқа қарап қалсын деймісің?» деп ақырады. Чарлиз әкесінің өлгенін естіп, өксік атып тұрғанда, Гранде кәрлене күліп: «Опасыз баланың тұрған тұрысы мынау, өлген кісіге ақшадан бетер күйініп» дейді міз бақпай. Адам баласындағы қастерлі сезім туралы оның мына айтқаны қызы Евгенияны түршіктіріп жібереді. Евгения одан немере інісіне қамқор болуын өтінген сайын ол қызын монастрға апарып тастаймын деп қорқытады. Ол үшін қызы мен немере ұлдың қасіретінің көк тиін құны жоқ еді. Ол әуелі бас бармағын төрт сағат шошаңдатып ойнап отырып, інісінің күйреген шаруашылығын қайткенде бақыр тиін шығармай бір жайлы етуге болатынын ойлайды. Әйелінің сиынып жатқан дауысын естіп: «Сайтан алсын, сенің тәңіріңді!» дейді қарғанып. Ол құдайға, ақырет күніне сенген емес. Өмірінде бір рет болсын қайыр-садақа шығарған емес. Бар білетіні – көз алдындағы байлығы. Ақыретті айтпаған күннің өзінде Гренде мырза пәни жалғанның қызығын көруді де бір білмей кетті. Тек дәулетке дәулет құрай беру құмарлығы тіршілігінің күретамырындай бүлкілдеп, алпыс екі тамырында тәулік бойы айналып жүрді. 

Гранде мал-мүлікке жету үшін орай атаулыны қолдан жібермеген, тәсіл атаулыны қолданып баққан: жоғары өсімді қарыз беру, алтын саудалау, бәсекелестерін мерт қылу, жарна билеті мен алыпсатарлық сияқты толып жатқан мал табудың жолдарының бәрін де жасаған. Ол нотариус Крюшо мен банкир г-н де Грассеннің өзінің мал-мүлкін көздей келіп Евгенияны айттырмақ арам ниеттерінен пайдаланып, оларды өзі үшін құрдай жорғалатты. Бұл екі жәуміт ең төмен бағада Грандеге бір күйреген ақсүйектің шаруашылығын сатып әпереді. Ол аздай Парижге барып Гранде үшін Чарлиздың әкесінің өлуден бұрын мойнына ілген жойдақсыз қарызын қайтарып қайтады. Шынтуайтында бұл алаяқтардың істеткен айласы – қарыз берген алармандарды созбаққа сала түсу. Олардың ешқайсысына соқыр жармақ ұстатпай, ақыр-аяғында ұмыттырып тыну. Сауда үстінде азғантай болсада пайда түсіру үшін Гранде аяқ астынан кекештеніп, кереңсіп, быдықтап, күмілжіп қалады, «өзінің ойын тереңге көміп, адамға ішкі мақсатын таптырмайды» Гранденің пасық та лас тәсілдермен оның жинаған байлығы 17 миллион франкке жетіп, төңкерістен бұрынғы капиталдан 1700 есеге артады. 

Гранденің «темір тегеуріні» Сомюре қаласындағы әрбір адамды сығымдап қана қалмай, тіпті Париждіктерді де алақанында ойнатты. Бәрінен де қорқыныштысы, оның жез тырнағы өз үйіндегілерге, әйелі мен қызына қарай созылды. Өзінің бұл зорлығын отбасына таңып, олардың ойранын шығарды. Махаббат құрығына ерте ілінген Евгения Чарлизге өзінің бар жиған тергенін ұрлап береді, Чарлиз кеткен соң оларды үрей билейді. Гранде ханым күйеуінің жайын әбден білетін. Күйеуі үшін мал-мүліктен айырылудан артық қасірет болмайтын. Әке мен баланың мейірі, ерлі-зайыптылардың ықыласы, туыстық бауырмалдық дегендердің барлығын ол үшін алтын ақшаның құйыны келіп құлатып кеткен. Інісінің өлімін естігенде селт етпеген Гранде, қызының өзіндегі жиған-тергенді немере інісіне бергенін естігенде бурадай бұрқырап, қызына қарақшысың, тонаушысың деп лағынет айтады. Тіпті қызын қамауға алып, салқын үйде әбден жауратып, суық су, қатқан нан ғана беріп жазалайды. Гранде ханым ыза мен ашудан жарыла жаздап төсек тартып жатып қалады. Гранде бұған да тоқтамай қызын жазалай береді. Әйелі нашар жатқан бір тұста ол қызы мен шешесінің бақыттың балын татып бір алқа моншақ салатын қорапты (Чарлиздың Евгенияға берген тартуы) тамашалап көріп отырғанының үстінен түседі. Сол мезетте жолбарыстай атылып қорапқа жармасып, оның бетіндегі алтынды пышақпен қырнап жанталасады. Өзінің қастерлі махаббат мүлкін қорғап қалу үшін Евгения өліп аламын деп әкесін қорқытады. Әйелі зар жылап жалынсада, оның алтын көргендегі әуейілігіне бөгеу бола алмайды. Гранде ханым жан үзер шаққа жеткенде, оның бұлай өлуіне болмайды, қалайда «мұрагерліктен бас тартуға тіркету керек» деп шарасыздықтан дәрігер шақыртады. Бейшара Гранде ханым торығу мен құлазу ішінде жан үзеді. Ол бұл үйге мол жасауымен келгеніне қарамай, аузы асқа, иығы киімге жарымай, намысы тапталып өледі. Бәйбішесінің беті жасырылмай жатып, Гранде қызын мұрагерліктен бас тартуға мәжбүрлейді. Ашкөз аранына тығын түсе қалғанда кәрі алаяқ жайтаңдап: «Жарайсың, жаным қалатын болды. Дегенмен бұл – менің алдымдағы қарызыңды қайтару болды. Екеуміз де арылдық. Әділ сауда деген осы. Өмірдің өзі сауда емес пе» деп ыңырана тіл қатады. Осынау тұттай жалаңаш көңілбаяны тұп-тура Гранденің бүкіл өмірінің кешірген көрінісі; ақша – Гранденің жаны, өмір ол үшін бар болғаны тыржалаңаш ақша еді. 

Алайда өмір бойы ашкөздікпен жинаған ақша да кәрілік жеткен Грандені ажалдан арашалай алмады. Ол өмірдегі барлық жылы сезімдерді естен шығарып, тек қана жалақы жюды, есеп жасауды, алтын тыққан қоймасын ғана жадында сақтап қалды. Ол айналмалы орындығына мініп, құпия бөлменің алдынан айналсоқтап кетпейтін. Қызының дорба-дорба ақшаны жайғастырып жатқанына қарайтын да отыратын. Содан есіктің кілтін өзінің қалтасына салып қойғанын күтетін. Онымен қоймай, кілтті әлсін-әлі қолымен сипап көретін. Дүниеқор Гранде ажалы жетіп дүниеден өтер шағында поптың қолындағы алтын жалатылған крестті көзі қимай, жантүршігерлікпен ұмтылып, крестті сап еткізіп ұстай алады. Осы бір ақтық ұмтылыс Гранденің жанын алып тынады. Осы сәт қыздың көз жасы көл болып, оның сұп-суық қолдарын сүйіп тұрып, батаңды бер дегенде: «Бар шаруаға мықты бол! Арғы бетке барғанда әлі есеп бересің!» дейді титтей еміренбестен. Романды оқып осы араға келгенде, бойында болмашы адамшылығы бар жанның өзі күлерін де, жыларын да білмей қынжылар еді. Сонымен бірге Бальзак шеберлігінің шырқау биігіне таңдай қағар еді.   

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар