Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ештеңе де мәңгілік емес...

14.04.2024 1090

Ештеңе де мәңгілік емес 14+

Ештеңе де мәңгілік емес - adebiportal.kz

Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» дейтін романы елдің көз алдында өткен тарихи оқиғалар тізбегін арқау етіпті. Қанат Әбілқайырды «Көршінің қызы» әңгімесін жазғалы оқып келемін. Одан бері де он жылдың жүзі өтіпті. О баста шағын әңгімелерімен танылып, «Жыланның кегінен» кейін өзінің шеберлігін мойындатқан сақа жазушы. 

Соңғы жазғаны «Ағыраптағы аты жоқ адам» оқырманын бейжай қалдырмайтын толымды шығарма болыпты. Бұл үлкен ізденістің, мол тәжірибенің арқасы екені даусыз. 

Атауының өзі адамды селк еткізетін роман халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды өте шынайы сипаттайды. Жай сипаттап шықты десек, жөн болмас, ол дерек пен дәйекті орны-орнына тура кіріктіре білген. Талант пен еңбек теңдескенде мүлтіксіз шығарма туатын болса керек. Бұл романдағы әр деталь өз орнында тұр. Әр сөзі шегеленген. Оқырман ой қуып, адасып, шатасып отырмайды. Бәрі қолмен қойғандай анық, түсінікті, тиянақты. 

Ең мықты шығарманың кейіпкері оқырманды өз ішіне түсіре алатын кейіпкер. Кейіпкердің мінезі толық ашылса, оқырман осы күйді сезініп отырады. Құдды кейіпкер өзің сияқтанып, онымен бірге ашуланып, боқтап, күліп, жылап, тікірейетін жерінде тікірейіп, сызданатын жерінде сызданып, елжірейтін тұсында елжіреп отырасың. Шығармашылықтың бір құдіреті жүректен шыққан сөзді жүрекке қондыратынында ғой. Сол жүректен шыққан шынайы шығарма өз оқырманын елітіп, кітапта баяндалған хикаяларды өз басынан кешіргендей күйге түсіре алса, жазушының мақсаты орындалғаны. Бұл тараптан қарастырсақ, роман өзін жүз пайыз ақтап шыққан. Роман желісі киноға арқау болатындай шебер қиюласқан. Жазушы мақсатына жеткен, оның маңдай тері, ерен еңбегі ақталған. 

Әрбір шығармашылық туындының көздегені де оқырманына ой тастау ғой. Белгілі бір мәселеге қатысты жүрек түкпіріндегі сезімдерін тірілту. Осы мақсатқа жете алатын шығармалар көп емес. Содан болар жақсы романдар сирек туады. Себебі, шығарманың көкейге қона кетуіне шеберлік қажет. Бұл роман шын мәнінде өзінің көздеген межесіне жеткен. Мұның өзі заман талабына сай, өзекті мәселені көтере білуіне де байланысты. Кезінде елді дүр сілкіндірген оқиғаларды жіпке тізіп, романға арқау етіп, қарапайым адам басындағы шытырман хикаяны баяндап шығады. Роман еш жерінде  жалықтырмайды, бір деммен оқып шығасың. Бұл да жазушының өткірлігі.            

«Ағыраптағы аты жоқ адам» – кішкентай қаланың елеусіз тұрғындарының бейбіт заманда күнделікті нан тауып жей алмаған мүшкіл халін нағыз қан майдан ғып суреттеген. Сол елеусіз кейіпкерлерді ел дүрк көтерілгенде де ешкім елей қоймаған. Шу басылған соң да ешкім керек етпегенін айтыпты. Ішің қан жылайтын тараулары бар. Романның өн бойынан иесіз елдің басынан кешкен әлеуметтік теңсіздік, жоқшылық, дүбәралық, діни адасу, биліктің тоңмойындығының салдары мейлінше көркем сипатталғанын көресіз. Құдды бүтін ұлттың адалдыққа аманатын жоқтаған шығармадай екен. Заңдары қырық құбылған тұғырсыз билік, қайда барып шындық іздерін білмеген, қорғансыздың күнін кешкен бұқараның ащынуы, эшафотқа тасталған бейкүнә тағдырлардың эпитафиясын оқып отырғандай боласыз. Өз елінде өгейдің күнін кешкен бұқараның басындағы жасықтық азаматтық қоғамның әлі де қалыптаспағанын, заң іс жүзінде ешкімді қорғамайтыны, автократияның тым өршіп кеткені, билік режимі өзінің сакралды ұғымын тек теріс бағытта қолданғанын ашып көрсеткен. 

Ердің басына не келіп, не кетпеген дейміз ғой. Айтуға оңай. Алайда ел басына күн туғанда, бейбіт шешіммен тиянақтауға тиіс мәселелерде доқ көрсетіп, оқ атып, ұрып-соғып, кінәсіз елді түрмеге жауып, түрмеде сан алуан қиянат пен қоқан-лоққы жасап, езгіге сап, азаптап, қинап, дегеніне көндірген гулагтың тәртібінен еш арылмаған ауыр жазаларды оқып отырып төбе шашың тік тұрады. Осының бәрі біздің елде, біздің заманда болып жатыр ма дегізер тұсы көп. Қаншама тағдырды бір адамның күресінге лақтыра салуы қалай? Жазушының мықтылығы жындыханадағы кейіпкерді де, түрмедегі кейіпкерді де өте шынайы бергені. Адам баласының қит етсе, жаманатты бірінші ойлап, қиянатқа тез берілгіштігін де шынайы көрсеткен. Ал, шын мәнінде шындықты білгенде бәрі басқаша бола салады. Сол жан-жақты сипатталған қоғамда мен де өмір сүрдім, өмір сүріп жатырмын ғой деген ой мазалай бастайды. Ешкімді ақтай алмайсың. Ешкімді ғайбаттай да алмайсың. Тағдыр жолы тым бұралаң болуы мүмкін екенін жетелеп отырып айтып береді. Сол бұралаң тағдыр жолында сенің әр сөзің үкім, әр ісің жаза, әр таңдауың аманат екенін түсіндіргендей. Айтары мол кең тынысты роман. Бүгіннің шындығын, заманның тұрақсыздығын мейлінше көркем кестелепті. Сөзбен жылатуға да, сөзбен өлтіруге де болатынын сезінесіз. 

Аты аталмайтын кейіпкердің басынан кешкен ауыр тағдыр фашизмнің ешқайда кетпегенін, шын мәнінде ол погон таққандардың ішінде отырғанын, дәуір алмасып, заман өзгеріп, ұрпақ ауысып жатса да олар сол өктемдік пен дүмшелікке сол қалпы тәрбиеленетінін көрсеткен. Шындықты айтқанның бәрі халық жауы, өтірікке қызмет еткеннің бәрі құрмет пен мадақ алады. Өмірдің бәрі теріс ағынмен ағып жатқаны. Соны оңдайтын сәттің тумай жатқанына налыған қара халықтың басындағы ұзақ жылғы күйзеліс. Халықты қиянатқа тірей беру түптің түбінде үлкен өзгеріске ұшырататыны тарихта сайрап жатса да, содан сабақ алмайтын жендет биліктің шолақ шоқпары әлі де қолынан түспегені. Бәрі де кеше болған оқиғаға қатысты болғанмен, бүгінгі кейіпкерлер соны көргісі келмейді-ау дегізеді. 

Бас кейіпкердің басынан кешкен қанды оқиғаларды есіне түсірген сайын оған бір жағынан риза болып, бір жағынан жаның ашып отырады. Режимнің қақпанына түсіп, құрбаны болса да адамдығынан айнымаған, жүрегі кек пен мұңға тұнса да, обал мен сауапты ұмытпаған, бірақ қулық пен жұдырықты да қосарлай жүрген тағдыр иесіне жақтаспасаң, жек көрмейсің. Түрме адамды өзгертеді дейміз, өзгертеді. Әркімді әрқалай өзгертеді. Алайда еркін өмірде де түрмеден бетер қиналатындар бар екенін ойлағымыз келмейді. Айналаға немқұрайды болып дағдыланып алғанбыз. Ал бұл романның кейіпкері ештеңеге де немқұрайды қарамайды. 

Өз заманындағы шындықты суреттейтін жазушы сирек кездеседі. Яки әр жазушы оны жеріне жеткізіп, шебер суреттей бермейді. Бұл романның тілі шұрайлы, қоғамдағы келеңсіздіктерді тұнық сипаттауымен құнды. Эпилог керемет таңдалған. Романдағы шиеленістің бәрінің қою қара нүктесі ширатылып барып көп нүктеге айналып кетеді... Оқып бітіргенде ештеңе де мәңгі болмайтынына шын көңілмен қуанасың. 

Шет тілдеріне аударып, халықаралық байқауларға шығаруға лайық шығарма. Бір адамның болмысын аша отырып бір ұлттың, тіпті адамзаттың басындағы диссонансты айқын көрсеткен. Сананы сілкіп алатын, оқып болған соң терең ойға түсіретін тұщымды роман. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар