Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есілге қонды елорда

06.07.2021 852

Есілге қонды елорда

Алатаудың бөктерінен жер кіндігі Сарыарқаға ат байлап, қазық қаққалы да жиырма жылдан асты. Қазақ елінің төртінші астанасы саналатын Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы сол киелі көштің түптиянағы. Содан бері ел өмірінің тірегіне айналған елорда елімен бірге өсіп, өркендеп келеді. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы қарсаңында, көркіне көз сүріндірер сұлулығымен ғана емес, еліміздің басты экономикалық, саяси һәм мәдени қаласы ретінде бой түзеген бас шаһар, Алаштың құт мекеніне, жерұйығына айналып отыр. Есілдің бойындағы асыл жақұттай жасыл қала өнер тіліне, өлең тіліне айналғалы қашан? Бас қаламыздың атаулы мерекесіне орай, ақындарымыздың астананы арқау еткен өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз.

КӘКІМБЕК САЛЫҚОВ. ЕСІЛГЕ ҚОНДЫ ЕЛОРДА

Өзендер қайда Есілдей?!

Тасқыны – өмір көшіндей.

Атақты «Жекебатырдай»,

Жатпайды еркін көсілмей.

Қайда бар өзен Есілдей?!

Тыншымас мұздан шешінбей.

Көк толқын ақ жал бұлқынған

Сұлудың мамық төсіндей.

Қуантты Есіл талайды,

Жарылқап жатыр маңайды.

Қостанай, Көкше, Түменге

Есілдің суы тарайды.

Алқа ағаш – аппақ орманы,

Ақ бидай – өрде орғаны.

Жағасында – Қызылжар,

Түстікте елдің қорғаны.

Сарыарқаның төсінде,

Әлемнің озық көшінде,

Астана келіп орнады

Көгілдір, көркем Есілге.

Серпілтсем ешбір қысылмай,

Молшылық – жазым, қысым – бай.

Есілге қонды Елорда

Қазақтың бақыт құсындай.

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ. АСТАНА – ЕСКЕРТКІШТІҢ ЕҢ ҰЛЫСЫ

Осылай ауыр күнді ел өткерген,

Кім бізге қысылғанда көмек берген?

Ғасырлар қанды судай тасығанда,

Қазақпыз кешіп өткен сан өткелден.

Кіндігі атажұртқа байланбаған,

Талайлар тіршілікті ойрандаған.

Қараөткел қасіреті еске түссе,

Балықтай тыпырлаймын қайраңдаған.

Түсімде жүреді ылғи арыз айтып,

Жабырқап Басықара, Тайжан маған.

Уақыттың сұмдығына қайран қалам,

Япыр-ау, қалайша осы ойланбағам?

Тірілер өз атына көше беріп,

Заманда емін­-еркін тайраңдаған,

Астында мынау әсем Астананың

Үн­түнсіз жатырсың­ау, қайран бабам!..

Жұртыңның жазылған соң тағдырына,

Жалғанның налымаңдар тарлығына.

Азғаны дүниенің – азаматтар

Азайса құлақ асар ел мұңына.

Қозғалса қара халық қорған болмас,

Алтыны сақтап қойған сандығына.

Көміліп топыраққа қалған жоқ па

Айбынды Алтын Орда хандығы да.

Астана – ата-баба арманы ғой,

Бөленген Азаттықтың таң нұрына.

Аққан жас, төгілген қан, қиылған жан

Айналған ұрпақтардың ән­-жырына.

Астана – ескерткіштің ең ұлысы,

Ұлт үшін құрбандардың барлығына!..

Әумин!

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ. АСТАНА-ДАСТАН

Жалғанның желбіресе

Туы шыңда,

Жақындап бұлттың өзі жуысуға,

Бар ақыл,

Бар парасат

Басын қосып,

Қала тұр

Уыз нұрдың

Уысында!

Жиегі –

Жасыл құрақ,

Жас қарағай.

Дүниеде

Қала бар ма

Астанадай?!

Жүргінші көшедегі біз түгілі,

Қарайды тебіреніп

Тастағы Абай.

Алсаң сен өткен күнді есіңе ептеп,

Болсаң сен тарих сырын несібе етпек,

Астына тұлпар мінген Кенесары,

Ойы бар –

Көк Есілді

Кешіп өтпек.

Ақ орда,

Арғы

бетте –

Хан шатыры.

Саусақтай

Сансыз үйлер

Самсап ірі.

Қайраулы

Ақ семсері әлі күнге,

Жалғанның өтсе-дағы қанша күні.

Есілдің

Екі жағы

Абаттанып,

Көруге

Тұра алмай тұр

Тағат тауып.

Дайын тұр тыныштығы қыбыр етсе,

Шығуға

Шабуылға

Тағы аттанып...

Басына аумайтындай бақ тұнғасын,

Біледі ел –

Мұндай қала таптырмасын.

Бөгенбай –

Ол да өзінің даңғылымен –

Дайын тұр жіберуге аттың басын.

Бағыты –

Ерейментау –

Жер кіндігі.

Елең ғып

Ерек ерді

Ел тірлігі.

Қолын

да –

Қос тізгіні

Арғымақтың,

Ежелден армандаған –

Еркіндігі.

Ел риза батырлардың жорығына,

Астана

Асқақ қонған орынына.

Даңғылы Қабанбайдың зулап барып,

Тірелер өзі жатқан қорымына.

Ақ орда

Айналасы –

Ат шаптырым.

Өзінің танытып тұр асқақтығын.

Бір Батыр –

Тәуелсіздік Туы қолда

Барады

Туған елді бастап бүгін.

Астана –

Тасы жауһар асыл әлі,

Керемет келбетіне бас ұрады.

Алаңдап «Мәңгілік ел»

Алаңына –

Көруге Елбасыны асығады.

Есілдің арғы жағы, бергі жағы,

Шабыттың толас тауып шер-құмары.

Ақ орда

Көк туымен қол бұлғайды,

Сенімді

Жердің нұры,

Елдің ары.

Ақ орда –

Асыл т

ұлға,

Бақ мекенім,

Жаныңа жоламайды жат-бөтенің.

Жалғанда оттай жанған сені көріп,

Сеземін бұл дүние тәтті екенін.

Тау қандай,

Дала қандай,

Қиыр қандай?!

Бар өзен Астанаға құйылғандай.

Жердегі

Мол береке,

Қазына-құт

Қазақтың маңдайына бұйырғандай.

Астана сыймағандай жер төсіне,

Елімнің айналып тұр еркесіне.

Әдейі Астанаға алып келген

Ұқсайды Алатаудың өркешіне.

Ұшсаң да

Айға барып,

Күнді айнала,

Таңғалып,

Талып түсіп,

Тіл байлана...

Ғаламды

Қаншама рет шарласаң да,

Табылмас дүниеде мұндай қала!

ИБРАГИМ ИСАЕВ. АСТАНАМ МЕНІҢ

Астанам менің,

Ақ ордам менің,

Танытты сені бақ орнап елім.

Шаттыққа төсі бөленген елдің

Болашағын да сенен көремін.

Астанам менің,

Айбыным менің,

Берекем менің,

Байлығым менің,

Дос болар сенде тоғысқан жандар,

Басталар сенен тойлы күндерім.

Астанам менің,

Ажарым менің,

Армандар саған созады қолын.

Жазады бүгін шаршаған кезде

Өзіңе қарап қазағым белін.

Астанам менің,

Қалқаным менің,

Асқақтаттың ғой Арқаның жерін.

Армандап жүрген ертеңім бе едің,

Қиялдап жүрген ертегім бе едің?!

Астанам менің,

Ақылшым менің,

Жаныма әр кез жақынсың менің.

Аңсаған кезде,

Шаршаған кезде

Өзіңе қарап отырсын елім.

АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ. ТЕМІРҚАЗЫҚ

Арман еді мәртебең, арқа сенің,

жауға шапқан жігіттің арқасы едің,

Бөкен жосқан, кең дала, аңыз едің.

бекем сөзді сен дана абыз едің.

Абылайдың алдырмас айласы едің,

Қабанбайдың қайраған найзасы едің.

Қапы кеткен ер едің – өкініш ең,

Кенесары қиратқан бекініс ең.

Біздің тағдыр сөзінен жаңылғалы,

талан болды жаның да, малың-дағы.

Бейнеленбес керемет бағың-дағы

сонан кейін көздерге шалынбады.

Құдыретіңе жауың да бас иетін,

күймен ғана айтылар қасиетің,

сағындырды, бір дәурен дамылдады.

Дамылдады атаның күбірінде,

өртке кеткен орманның түбірінде.

Дамылдады күйшінің саусағында,

үрке шапқан жылқының дүбірінде.

Дамылдады оттар да, ақ түтін де,

қына қонған, мүк басқан тас мүсінде.

Дамылдады белінде әкелердің,

дамылдады ананың ақ сүтінде.

Кім қойса да өз атын өзі білер

тағдыры өз қолында болған кісі .

Жауларына ендігі жалтақтамас

ақыл-айла, қуаты толған кісі.

Көкірегін серт алып, сенім кернеп,

өзі таңдап жұртына қонған кісі.

Ел бастаған жігіттің ерлігі үшін

келіп еді ақынның толғанғысы.

Хас батырдың мекені, сайын дала –

беу, Сарыарқа, сененді уайымдама!

Өткен шағың жаңаша қайталанды,

тегін тапқан әулетің қайта оралды.

Жүк түсірді ақ ордаң өз жұртына,

енді бағың кетпейді өзге ырқына.

Елден бұрын, өз халқың бас иетін

мәңгі оралды Көктуың – қасиеттің.

Бір сертпенен қартың да, жас бала да,

нар тәуекел етеді бастамаға.

Мың аттылы жарысқан кең даладай

ұлы дүбір басталды жас қалада.

Тымырайып қарайды күн батысың,

сығырайып қарайды күн шығысың,

Темірқазық сияқты АСТАНАМА.

МИРАС АСАН. ШАҺАР

Есілдің жағасына қонған, жайлы,

Алыстан күймелі көш жанды арбайды!

Астана ол – азаттықтың ақ бесігі,

Елімнің бас шаһары – ар маңдайлы!

Суябтай үш түрікке қаған болған,

Испиджаб, Сығанақ, Женд қамал-қорған.

Түркістан – ер Түріктің бесігін айт,

Көкжалдың қырық саны соған қонған!

Ақмешіт, Алматы мен Орынборда,

Елдіктің туын тіккен көрінді Орда!

Семейді айт, қыр баласы қазық қағып,

Алаштың шаһид қылған жолында Алла!

Армысың, Астана ару – қонысы әннің,

Байтаққа байрақ тіккен төрі шәрдің!

Талайын артқа тастап тар өткелдің,

Бойына Қараөткелдің сені салдым!

Базарың тарқамасын, енді Астана,

Астана еліме орда, шәр, бас қала!

Тоқтайды бақ түбінде саған, Қазақ,

Жатпайды қап түбінде Алмас қана!

ОЛЖАС ҚАСЫМ. АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ОРДАСЫ

Құлатып сын сәттерде бабам басын,

Төгіпті небір ғазиз анам жасын.

Өр қазақ жанын берген, қанын берген,

Салуға азаттықтың ақ ордасын.

Қорғауға құт мекенді топ бастаған,

Абылай – алдаспаным тот баспаған.

Жансебіл хан кене де біртуарым,

Қақпасын ақ ордамның жатқа ашпаған.

Сайланып ер Байғозы топқа кірген,

Жерім деп Ағыбай да атқа мінген.

Наурызбай, Бәйімбеттер қорғады елді,

Қастерлі беттессе де от-жалынмен.

Бұруға оқталғанмен сан көшіңді,

Құрсады-ау көз алартып жау төсіңді.

Таласқа түсе бердің талай ғасыр,

Көкпарға түсе берген серке сынды.

Бермеген хас дұшпанға жерді кенен,

Жұмабек Тәшеновтің ерлігі ерен.

Бабамның намысы ғой бұл көк байрақ,

Даламның кеудесінде желбіреген.

Тереңде тамырың бар Бозоқ деген,

Төсіңде сайран құрсам өжеттенем.

Елорда бізге жеткен алтын көмбе,

Дұшпанның көзі өтпеген, сөзі өтпеген.

Төбемнен Тәңір нұры тұр сіркіреп,

Сол нұрдай жүрегіме тұнсын тілек.

Аяулы Арқадағы Астанама,

Арқасын Алты алашым тұрсын тіреп!

Көрнекі сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Астана, Елорда, #нұр-сұлтан, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар