Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҚАЛАМГЕРДІҢ БІР КҮНІ
Есенғали боп оралған жаз...

06.06.2024 1574

Есенғали боп оралған жаз 12+

Есенғали боп оралған жаз - adebiportal.kz

…Биылғы жаз жаңбырлы болды. Табиғат тазарып тұру үшін жаңбыр керек дейді, адам тазарып тұру үшін не керек? Меніңше, ақындар керек.

Е.Раушанов

Алматы. Семейден Алматыға дейінгі темір жолда теңселіп, жүйіткіген поэзда жас ақындармен әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Әңгіменің ауаны қазіргі поэзияның тарландары туралы. Аға буын өкілдері жайлы. Есімізге жадта қалған жырлар түсіп, тебірене оқып, әр ақыннан мысал келтіреміз. Жалпы, семейлік ақындар Алматыға, Алматының әдеби ортасына ерекше қызығатын еді. Оның ішінде тарқатып, бірнеше тоқталып айтатын шайырымыз – Есенғали Раушанов. 

Алматы бекетінен түскен мезетте жолаушы қаламгерлер әр жерге тарап кеткен. Әркім өз шаруаларын тез арада бітіруге кіріскен. Менің ойымда сартап сағыныш болып кеудемде қалған екі мәселе бар. Бірінішісі – көптен армандап жүрген Жазушылар одағын көру. Екіншісі – жалғыз өзі одақпен тең, өз мектебі қалыптасқан Есағаңмен дидарласу. Неге екені белгісіз, «аңсаған» армандарымды әуелгісінен емес, кейінгісінен бастауды шештім. Сөйттім де, бұрынырақ аз-кем ұялы байланыс арқылы ғана хат-хабар алысып жүрген Аманхан Әлім ағаға телефон шалдым. 

– Аға, ассалаумағалейкум!

– Уағалейкум...

– Біржан бауырыңыз ғой, қалыңыз қалай?

– Жақсы. Иә, танып тұрмын. Алматыға келдің бе?

– Иә, сол сізге жолықсам деп... 

– Жә, баспаға кел.

Қысқа-нұсқа сұхбатымыз осымен тәмам болып, мен аға айтқан мекен-жайға баратын болдым. Баспаға кіріп, «Ақиқат» журналының әлі шаң баспаған ақ парақтарына «шомылып» отырған Аманхан Әлімді көрдім. Хал-жағдайды сұрасқаннан кейін сөз әдебиет, өнер, қазіргі ақындардың формалық ізденістері туралы өрбіді. Менің «Тіленші» деген өлеңімді талдап, артық-кем тұсын «түзеп», өзінің сыни пікірін білдірді. Ол классикалық поэзияны құптаушы еді. Еркін ұйқасты өлеңдерге жаны қас. «Түсінбеймін» дейтін де, біреу қарсы шықса, ойын шорт кесетін. Орыс ақындарынан, оның ішінде Есениннен мысалдар көптеп келдірді. «Өлеңнің өзегі – әуезділігінде, саздылығында, шынайылығында. Формаға сүйеніп, мазмұнды ұмытуға болмайды». Бұл да – Аманхан Әлімнің принципі. 

Сонымен, арғы-бергі әдебиет тарихын қаузап болғаннан кейін мен негізгі шаруаға көштім. «Аға, Есенғали Раушановты көргім келеді. Ол кісі осында ма?». Сұрағым қалай тосыннан қойылғанын ол да, мен де түсінген жоқпыз. Әйтеуір бала көңілін жыққысы келмеді ме, білмеймін, әйтеуір «қазір апарайын» деген сөз ғана ақын көзінде менмұндалап тұрды. 

Аманхан аға екеуіміз Есенғали Раушановтың кабинетіне барсақ, орнында жоқ екен. Шамамен, бір шаруалармен бір жаққа шығып кетсе керек. Аға сонда қалып, мен туысқанымның үйіне «әттеген-айлап» қайтып кеттім. Бұл оқиға – менің аңыз тұлғаға деген ыстық ықыласымды одан сайын қаузап жіберді. Маған Алматы мен Есенғали – бір болып көрінетін. Екеуі де – қаймағы қалың түскен қара өлең. 

***

Бүгінде сол естелік – көкіректің бұрышында қалған бір жәудір мұң, ескі парақ. Адам – кітап болса, соның бір тамшы тамған сарғыш парағы секілді. Оны түзеймін деп әугере түсудің қажеті жоқ. Ол – сол қалпында қымбат, сол әуелгі қалпында жанға жақын. 

Міне, жадырап жаз да келді. Көктемнің шуақты күндерін одан сайын молайтып, одан сайын жарқын қылып келді. Көк шалғынның түсі қоюланып, бау-бақша ерекше құлпыра түсті. Бұлбұл құстар сайрап, балғын шақтың балалық тазалығы жүрек көзін жаулап алғандай. Былайша айтқанда, «Ән болып қалықтаған жаз» (Карлос Уильямс). Ал менің ойымша, бұл маусымда ақ парақтар да жерге жайылады, жаңбырдың тамшысымен төгіледі. Жаңбыр биі – тұнып тұрған өлең, эстетика. Табиғат сұлулығын көзбен емес, көкірекпен көре алсақ қой...

«Маусымы мәңгілікке ұзарған әлемде өмір сүру қандай болар еді деп ойлаймын» дейді Л.М.Монтгомери. Жазы шексіз, жамалы керім шақ әр келген сайын бір өлеңін алып келеді, қайтқан қаздың «қанатына бір шумақты қондырып» келеді. Осы жолы Есенғали Раушановтың поэтикалық әлемін алып келгендей. Оның өлеңін мен емес, әуелі жел оқыды:

Жаз не деп еді 

Ол өксіген қарс айырып көкірегін: 

«үйренісіп өзіңе кетіп едім, 

Маған қиын болады жалғыз қалу, 

Қалшы осында, қала ғой, өтінемін». 

Өмірі үшін, о мейлі құмары үшін, 

Ол қимады жанының жұбанышын: 

«маған қиын болады жалғыз қалу, 

Ей, тас жүрек, сен соны ұғамысың?». 

Ал сен кетіп қалдың... 

Құшағында жаз қалды қоңыр түннің, 

Көз алдыңда көйлегі оның күлгін. 

Сары шаш күз кездесті, бұрын, тегі, 

Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың. 

Жабығып жүр, қажып жүр демесін деп, 

Күлген болып, сол баққа келесің көп. 

...жаз кіреді түсіңе, шошып тұрып, 

Күздің суық ерінін өбесің кеп. 

Сары күзге сенбейсің, шүбәлісің. 

Сыбырлайсың... Қан жылап тұрады ішің: 

«маған қиын болады жалғыз қалу, 

Ей, тас жүрек! Сен соны ұғамысың?».  

Жан қинаған жалғыздық – ақынның негізгі нышаны, ымы, ишарасы. Қырда жалғыз өскен қара ағаш та жалғыздықтың құрбаны. Басында жалғыздыққа жабырқай қарап, жек көріп, соңында соны сүйіп, сонымен тыныстайды. Соны іздеп тұратын ерек күй. Ақын сол бір күйікті ақ қағазға шоқ қылып түсірген. Ақ парақ қалайша өртеніп кетпеген...

Жазбен бірге тылсым түрде үйлесетін бір көркем деталь болса, ол – күлгін көйлек. Бұл бейнені тұтас ашып, мәтіннің көркемдігін артып тұр. Кемпірқосақтың ең ақырғы, жердегі түсі болып сол муза тұрады.

«...жаз кіреді түсіңе». Күз бен жаздың оппозициялық қырларын айшықтаған өлеңде жаз да, күз де – ақынға жат емес. Екеуі де ерекше мөлдірлікті, тазалықты сипаттайды. Түс әлемін зерттеген ғалымдар адамның санасы бірнеше қабаттан тұратынын айтады. Соның бір қабаты – түс категориясы. Негізі, сана – сюжет жарата алатын қабілетке ие болғандықтан, ол адам ұйықтағанда да іске асатынын айтады. Сондықтан әрбір индивид – жазушы, қаламгер. Бірақ барлығы бірдей сол түске үңіліп, сюжетін әдеби мәтінге айналдыра бермейді. 

Жаздың соңы, күздің басталар шағы да ақынның қиялын шарықтатып, көкірегіне сағыныш дәнін еккен. Сол дән күзде көктейді, күзде бүр жарады. Сол үшін де Есағаң музасын тамызға теңеп, бар сырын соған ақтарады. 

Еркем тамыз, 

Жаныңдамын күрсінсең, 

Қалған күнім өзіңменен өтсе еді. 

Алматыға тұңғыш келіп тұрсың сен, 

Менен бұрын ешкім өпкен жоқ сені. 

Мойыл шашы, 

Сабау қара кірпігі, 

Қандай теңеу тапсам деймін ботама. 

Мені ұйықтатып тұрып кетті ол бір күні, 

Содан қайтып оралған жоқ, 

О, тоба! 

Қала бей-жай. 

Шығып жолдың шетіне, 

Кірпідейін жиырыламыз бәріміз. 

Опа жағып әжім-әжім бетіне, 

Келе жатыр сап-сары күз – 

Кәрі қыз... 

«Менен бұрын ешкім өпкен жоқ сені...» деумен ақын алғашқы махаббаттың кір жұқпас кірпияздығын, тозаң түспес тазалығын дәріптеп отырған секілді. Балдәурен шаққа балаша қуанып, есті қалаға есі кеткен ерке «тамыздың» бұрымынан туған жердің жұпары аңқиды, сөзінен самал еседі. Еріні қызғалдақтың үлбіреп тұрған мезетіндей жұмсақ, қылығынан қылыш та өткірлігін жоғалтатын аяулы сәт.   

Жалпы, «тамыз» сөзі – шумер мәдениетінде «Құдайдың есімі», Аккад сөздігінде «Вавилондық және Ассириялық құдай» мағынасын білдіреді. Ал «Август» сөзі – лат. augustus «ғажайып», «таңғаларлық» деген мағына береді. Римнің алғашқы императоры Октавиан Августтың есімінің құрметіне қойылған ай аты. Асылы, гректердің эстетикаға жақындығы адамзат баласын таңғалдырады. Кескін, сурет, поэзия, драматургия, проза жанрындағы туындыларына таңданыспен қарамау мүмкін емес. Қылдай жіңішке кінәраты жоқ сұлу мүсіндері жазғы гүлзар бағымен үйлесім тауып, жанды балқытады. Оның үстіне ежелгі грек мифологиясын қосыңыз. Соншалық жарқын синтезден сұлу ән де, сұлу жыр да көптеп көрінеді. Сол септі гректер лирикадан ешқашан да кенде қалып көрген жоқ. Гуманизм идеяларының өркендеуі мен мәдени-эстетикалық құндылықтардың орнауы нәтижесінде үш мың жылдан астам уақыт бұрын грек бақшасы ерекше танылды. Бұл гүлзар бақ – тек демалыс орны ғана емес, сол кездегі Грекияның мәдени өмірінің айнасы еді. Сондай-ақ, мифтік мәтіндерде осы әсем бақшалар көптеп суреттеледі. 

Есағаңның жазды жырлауы тек мұнымен шектелмейді. Оның тұтас шығармашылығында «жаз» деталі жиі суреттелген. Дегенмен, әр ретте – жеке әлем секілді әсер қалдыратыны рас. Яғни, бір деталь – екінші детальға ұқсамай, өз тағдырымен, өз даусымен, өзінің «құстарымен» ұшып келеді. 

Осы жазда ауылға тағы бардым,

тағы оянды ауырлау мәні бар мұң.

Сәрідегі жұлдыздың жарығындай

әрідегі жайттарды жадыма алдым.

немесе

Ұмытсын бәрі, 

Сен ғана мені ұмытпа. 

Ақ жұпар тепсең, оңаша таудың арасы, 

Жасырсын көзден бұлағы, тасы, ағашы. 

Тіміскілеп жүріп тауып алмаса екен бір күні, 

Бір иттің баласы...

дейтін өлең шумақтарында ауылдың тұнық кештері, ауыл адамдарының аңғал көңілі, дархан даланың көркем кеңістігі сезіледі. «Ақ жұпар», «бұлағы», «тасы», «ағашы» - бәрі де тұтас бейнені түзуге қызмет етіп тұрған жеке-жеке көркем детальдар. Бір тірі ағза секілді әрқайсының өзінің функциясы мен шарттары бар. Бірі жоқ болса, орыны үңірейіп, бос қалатындай. Бір ұшқын сарказм да сезіліп тұр.

***

Есенғали мен Абай. Абай мен Есенғали. Екі есім де қазаққа жіті таныс, жылы, жақын. Біреуі Шығыста, біреуі Батыста жарық дүниеге келсе де, талғам-таразысы, ұстанған жолы, танымы – бір. Бәлкім, Абайдың сыншылдығы бойына жұқты ма екен, әйтеуір Есаға тілшілерге берген сұхбаттарында «Менің шығармашылығым – бар-жоғы екі томға сыяды» деген емеурін білдіруші еді. Бұл – өзіне-өзі көп қанағаттана бермейтін, өнер мен өлеңге мәңгі ғашық адамның сөзі. Өз-өзіне қанағаттанған күні адамның өнері өледі, классикалық туынды дүниеге келмейтіні анық. Есаға жазды жоғарыдағы мәтіндей суреттесе, Абай былайша баяндайды:

Жоғары-төмен үйрек, қаз

ұшып тұрса сымпылдап.

Қыз-келіншек үй тігер,

бұрала басып былқылдап,

ақ білегін сыбанып,

әзілдесіп сыңқылдап.

Қос ақын да туған жердің қадірін, қасиетін терең сезініп, жан-тәнімен ұққан. Пейзажды суреттеуде сол жердің ойы, қыры, тауы, тасын сүйіп, суын ішіп, топырағына аунап, тіпті түнбаласы қонып жатса, сонда ғана қадірі артады, құндылығы жоғарылайды. 

Бірер жыл бұрын Есенғали ағаның «Бунин» атты мақаласын оқып едім. Сол эссенің шынайылығына, жеңілдігіне қарап, қайран қалғаным рас. Францияға барғанда жазған жолжазбасында ол Буниннің мазарының алдында Абай жырын дұға ретінде оқығанын былай деп әңгімелейді: «Менде Абайдың ертеректе шағын форматта шыққан кішкентай бір кітабы бар, шетелдерге шықсам ала кетемін. Бейіт басында сол кітаптан Абай 1893-жылы аударған «Қорқытпа мені дауылдан» атты өлеңін оқыдым. Сөйтіп көптен көкейде жүрген бір іс бітті. Менің Бунинге оқыған дұғам осы болды».

***

Есенғали Раушановтың діні – ар ілімі еді. Өзі жиі айтатын ұят, иман, обал, сауаптан құралған шынайы дін. Діннен гөрі діңгек деген жөн шығар. Содан ба екен, менің де көңіл қатпарымда «обал» ұғымы қатталып қалыпты. Біреуге обалым тимесе екен деген алып-ұшқан сезім, ыстық ұят шарпиды. «Ясауи хикметтері кітабының ашық жерлеріне жазылған бір-екі ауыз сөзінде» Есағаның ұстанымы, байырғы бабалардан қалған жолы мен жөні байқалады: 

Хадис пен хикметті мұқтасарлап, 

Оқыған шайхым уағыз жұртқа сарнап. 

Күмбезді күңгірлетіп самғаған сөз, 

Ол бір құс әз ұясын бұлтқа салмақ.

Қадірі кетіп, қалдығы қалған, қасиеті ұшып, қаңсығы қалған кейбір қоғамдық мезеттерде осы бір қара өлеңді үш қайтара оқысақ, жан тазарар ма еді? Рух түлер ме еді? Ақынның сөзі – құс дауысы сияқты. «Күмбезді күңгірлетіп» жібереді. Жүректің қылуетін сездіріп кетеді. Шын мәнінде, бұл да – діннің бір бөлшегі. Ихсан дәрежесіне дейін көтеріліп, Құдаймен тілдесу, Құдайды шындық арқылы тану жолы – шайыр жырларында оқтын-оқтын аңғарылады.

«Я не то что схожу с ума, но устал за лето.

За рубашкой в комод полезешь, и день потерян.

Поскорей бы, что ли, пришла зима и занесла всё это – а

города, человеков, но для начала зелень»

Иосиф Бродскийдің бұл өлең шумағы – жазды, жазғы көріністі, құстарды аңсаған бала көңілдің айнасы. Бәріміз де балалықтан қаштық бір кездері. Бірақ өмірдің мәні – сонда екенін тек есейгенде ғана ұғыныппыз. Қоғамдық формацияларды терең меңгерген, әрбір оқиғаға поэтикалық көзқараспен баға беретін Есенғали Раушанов та, Бродский де – жүрегі жазды аңсаған қаламгерлер, жапырақ санасы желпілдеген жақсылар.

Есаға бір жылдары әр маусымға жеке-жеке мақала арнағаны есіңізде ме еді? Соның қатарында біз айтып отырған жаз мезеті де бар. «Шілде» деп аталатын шағын жазбаның үзіндісіне үңілсек:

«Әлқисса, сол аралас орманда алты қанат, төрт қанат үй тiгердей, кейде, ат шаптырымдай ашық алаңқайлар кездеседi. Алаңқай. Ат жүргiзбес шалғын пiсiп тұр. Тал түс. Маңай меңiреу тыныштық. Тек ту төменде тас-тастың арасынан сығыраңдаған маңқа бұлақтың «әнi» талып естiледi. Ызың етiп ара да ұшпайды. Кенет, қалың итмұрынның арасынан елiктiң лағы шығып, екi құлағы селтиiп тың тыңдап тұра қалды. Үп етiп жел тұрса, шөп басы сәл қимылдаса зулай жөнелмек. Үргедек. Сақ. Қайдан шыққанын кiм бiлсiн, тосыннан жонарқасына сарышымшықтың балапаны ұшып кеп қона кеттi. Кiшкене құйрығын әрi-берi шолтаңдатып, шақырылмаған қонақты қуып тастағысы келiп, сары ауыз одан үркетiн сыңай танытпай «жонасты бойлап», әрлi-берлi жүре бастады. Екеуi де перiште. Екеуi де балапан. Сiз шiлде деген не деп сұрайсыз ғой, ә? Менiңше шiлде деген – осы. Яки, шiлденiң суретiн салу керек болса, бұдан артқан көрiнiс табылар ма?! Басқаша айтсақ, тап осы көрiнiстi басқа маусымда көре алмайсыз. Елiк лағын аяқтандырып, құс балапанын ұшыратын кез — ең қасиеттi кез, ең қастерлi ай десек, келiсесiз бе?»

Келісемін. Шынымен де, «екеуі де – періште». Екеуі де Құдайдың сүйікті жаратылыстары. Жалпы, ғаршыдан тозаңға дейінгі аралықта Құдай сүймейтін зат жоқ. Барлығын үйлестіруші – бір өзі. Бұл «Шілде» мақаласы жаз бейнесін анық ашқан, дөп басқан, эстетикаға толы эссе. 

***

Хош, қазір Алматыны ойласам, есіме бірінші болып Есенғали Раушанов түседі. Бірақ, бақытыма орай, мен ол ақынды көрдім. Астанада. Бұл жүздесу Еуразиялық әдеби форумы кезінде «Rixos» қонақүйінде болды. Қазақтың маңдай алды ақындары Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Раушанов, Сұраған Рахметұлы, Мұрат Шаймаран, Нұржан Қуантайұлы бас қосқан кешкілік шайға біз де қатыстық. Ортақ әңгіме – әдебиет төңірегінде өрбіді. Аз-кем пікір алысудан соң, естелік суретке түсіп, тарқасып едік. Сол қонақүй – поэзияның жұпарын аңқытты. 

...түннің исі болатын жұпары өзге,

сол иісті сағынам анда-санда.

(Е.Раушанов)

Қазіргі таңда сол бір мөлт еткен мөлдір мезет –  менің өмірімдегі ең бір елеулі, сәулелі сәттер болып жарқырайды. Қолымда қаламгердің ой-толғамдары жинақталған «Жаздың жұпар жаңбыры» кітабы. Кітапты ақтара отырып, ақынның Сырбай Мәуленовты сағынған мына бір көзайым сөзге көзім түсті: «Сырағаңның жазы болды бұл жаз. Ол жаңбырды жанымен сүйетін ақын еді ғой. Көне гректер табиғаттың әрбір құбылы­сының өз құдайы болады деп білген. Су құдайы, жел құдайы, сұлулық құдайы, от құдайы деген секілді ақындардың арасында да табиғат құбылысын «меншікте­гендері» бар».

***

Ақындарда, негізінен, көріпкелдік, әулиелік қасиеттің ұшқыны бар. Мұқаң «Мен өлемін қырықтың бесеуінде» дегендей, Есаға да «…Үркер жамбасқа келді, Жаздың жеткені ғой бұл» деп өз өлімін болжап кетті. Десе де, ол өлген жоқ. Жырымен мәңгі жасай береді. 

Мен жаз маусымы жайлы, Есенғали Раушановтың жаз бейнелі поэзиясы жайында осылай пайымдаймын.

Гүл суғарып жүрген кішкентай періште қыз жаз туралы не ойлайды екен?..

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар