Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Есболат Айдабосын: Әдебиеттің қоғамдық санаға ықпа...

09.09.2024 1615

Есболат Айдабосын: Әдебиеттің қоғамдық санаға ықпалы зор 12+

Есболат Айдабосын: Әдебиеттің қоғамдық санаға ықпалы зор - adebiportal.kz

Есболат Айдабосын – қазіргі жазушылардың қатарындағы шоқтығы биік, қаламы қарымды суреткер ретінде танылып үлгерді. Әдебиетке журналистикадан келген Есағаң өз шығармаларында қарапайым ауыл адамдарын, көзге көп елене бермейтін көріністерді қағазға түсіргісі келеді. Жазу машығы қалыптасқан, айтар ойы, стилі, өзіндік кеңістігі бар. Әсіресе, оның кейіпкерлері ойда тез жатталып, мінез-қылығы көкірегімізге мәңгі сіңіп қалады. «Қызыл сақа», «Сүлікқара», «Қоңыр боти»,  «Тибет аруы» секілді туындылары көпшілікті елең еткізгені рас. Патша көңілді оқырманға жазушымен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Балалық шақ – қызығы мен қиындығы, қуанышы мен жұбанышы қатар келетін мезет қой. Алғашқы махаббат, алғашқы сезім, алғашқы жеңіс, алғашқы жеңіліс – барлығы да ерекше. Соның ішінде күндіз-түні дала кезіп, асық ойнаған балғын күндерді ұмыта алмаймыз. Сіз асыққа үйір болған уақыт туралы қандай естелікпен бөлісесіз?

– Балалық шақ  – адам өмірінің алғашқы баспалдақтары ғой. Ортаң түгел кез.  Жүре келе, өсе келе ортаң сирей бастайды екен. Өзің айтқан «алғашқылар» қатарына алғашқы жоғалтуды да қосуға болады. Өмірдегі алғашқы жоғалтуды осы бала күнде бастан кешеді екенсің. Он екі жасымда атам дүние салды. Мен ол кезде жайлауда едім. Әкем бір жегжатының үйіне саумал ішсін деп апарып тастаған. Мал өріске кетіп, ас-су ішілген соң малшылар ауылында іш пысады. Қырға шығып ап еңіске қарай дүрбі саламыз, келген-кеткен көліктерді күтеміз. Біздің үйге бұрылса дейміз. Қонақ келсе бір жырғаймыз, тәтті-мәтті, жеміс-жидек жейміз ғой енді. Бір күні дүрбі салып отыр ем, алыстан будақтаған шаң шықты, сол шаң туралып бізге қарай тартты. Жақындағанда таныдым, әкемнің немере бауыры – Ерсінбай ағаның көлігі. Етжеңді, аңғалдау кісі. Амандасқан бетте «атаңнан айрылып қалдық» дегені. Ал, жер тепкілеп жыла. Москвичтің артқы орындығында шайқатылып келемін, көзімнен жас тиылар емес. Үйге жеткенде көліктің тоқтағанын күтпей ытқып шықтым-ау деймін, дауыс сала айқалай кірдім. Күллі ел маған қосыла жылап тұрғандай, бір қарасам анам құшақтап алыпты. «Атаңнан айрылып қалдық» дейді, ар жағында апам жоқтау айтып теңселіп отыр... Бір кезде бәрі мені жабыла жұбатты. Көз жасымды сүртіп бақша жаққа барсам, балалар асыр салып алма-өріктің арасында ойнап жүр. Арасында екі ағам, Бақанастағы жиендерім жүр. Ал, кеп бұрқылдап ұрысайын оларға. «Атаң өліп жатқанда неменеге мәз боп жүрсіңдер» деп. Балалық қой енді, дүниеде үш арсыз (күлкі, ұйқы, тамақ) барын білмейтін шағымыз. Біраздан кейін өзіміз де солардың қатарында ойнап кеттік. Балалық шақ дегенде осындай үзік-үзік сәттер еске түседі. Классикалық қазақы отбасында өстік. Ата-әже, әке-шеше, бауыр, қарындас... Нағашы ата, нағашы апа... Отбасы институтында балаға керекті тұлғалар түгел болды менде. Жаман тұрғанымыз жоқ. Дастарханымыз тоқ, көйлегіміз көк болды. Біз жақта әжені апа деп те атай береді. Біз де апа дейтінбіз. Мен апамның баласы болдым. Мұндаға дейін қойнында жаттым. Жарықтық мықты кісі еді. Атам мен апама арнап екі әңгіме жаздым. «Менің атам», «Қайран әжем» деп аталады. Ол кісілердің бүкіл қадір-қасиетін сол шығармаларға сыйдыруға тырыстым.

Естелік дегенде осындай үзік-үзік эпизодтар еске түседі. Алғаш мектепке барған кезім, анамның ертеңгілік сабаққа оятар сәті... Апамның баласы болсам да, анам мені қатты жақсы көрді. Ертеңгілік мені тақпақ айтып оятатын.

Қояным, тұрдың ба,

Бетіңді жудың ба,   

Айнаға қарадың ба,

Шашыңды тарадың ба,

Тәпішкеңді кидің бе,

Тықылдатып жүрдің бе?! –

деген анамның тақпағы, дауыс ырғағы әлі құлағымда. Соны айтқанда төсекте керіліп-созылып жатқан мен тұра қалып, құлдыраңдап жүріп киініп, жуынып, сабаққа сайланып шығатынмын.       

– Иә, алғашқы мұң да адам санасынан ешқашан ұмытылмайды екен. Уақытты да кері айналдыру мүмкін емес. Бірақ он екі жастағы өзіңізге хат жолдау мүмкіндігі туса, оның мәтіні қандай болар еді?

– «Сен бақыттысың» деп айтар едім. Бәлкім «бақыт» деген ұғымды он екі жасар Есболатқа түсіндірер ме едім. Балалық шақ туралы сөйлегенде көбіне «бақытты» деген сөзді қосарлап айтамыз ғой, «бақытты балалық шақ» дегендей. Бұрын мән бермейтінмін, мәнісін бертінде ұқтық. Бала күнде шынымен де бақытты сәттер көп болады екен ғой. Балаға бір балмұздақ сатып әперсең де бақытты бола алады. Мәз болып қуанады. Ал ойыншық, велосипед секілді заттар әперші, бірнеше күн бақыттан басы айналып жүрсін. Ал, біз – үлкендер солардай қуана аламыз ба? Ойыншық түгіл үй, көлік, тіпті яхта, тұтастай аралдарды сатып алып тұрып риза болмайтын адамдар бар өмірде. Айналып келгенде бақыт дегеніміз қуанышты сәттердің жиынтығы ғой, біздің өмірде неғұрлым қуанышты сәттер көп болса, онда біз бақытты ғұмыр сүргеніміз. Ал, қайғы-мұң көп болса керісінше... Сол себепті өзімнің балалығыма емес, өзге балаға хат жазар болсам да қуана біл, өмірдің ләззәтін сезін, жақсылыққа ұмтыл дер едім.     

– Яғни, балалықпен бірге өмірге деген қызығушылық та көшіп кетеді. Мен қазіргі адамдарды, буынды «аспанды ұмытқан қоғам» деп сипаттар едім. Балалық та, аспан да – мөлдірлік пен тазалықтың мәңгілік символы. Солай емес пе?

– Әрине, келісемін.

– Көп адамдарда әкеден балаға мирасқа қалдыру үшін асық жинау, асық сақтау дәстүрі бар. Сіз сол дәстүрді сақтадыңыз ба

– Үйленгелі асық жинауды бастадым. Қонаққа бара қалсам асықты жілікті аңдимын, ұялмастан сұрап аламын. Жақсылап мүжіп, асығын шығарып, қағазға орап қалтама салып алатынмын. Өзімше тұңғышым ұл болады, мына асықтармен сол ойнайды деп ырымдадым. Ырымым қырын кетпеді, тұңғышым да, екіншім де ұл болды. Қазір үйде бір дорба асық бар. Ара-тұра балалармен ханталапай ойнап қоятынымыз бар. Бірақ қаланың балалары емес пе, асыққа онша қызықпады ұлдарым. Асық көпшілікті қажет ететін ойын ғой, олар ойнауы үшін достарында асық болу керек. Аулада ешкім ойнамайды, достары асық ұстап көрмеген, енді оларды қалай ойнатасың?! Асықтан көрі допты қолай көріп тұрады. Асық ойынын мемлекеттік деңгейде дұрыстап қолға алу керек деген ойдамын. Тойларда, мерекелерде ғана емес, мектепішілік, ауылдық, қалалық жарыстар өтіп тұрса... Ол жарыстарда жеңген балаға жақсы-жақсы сыйлықтар берілсе, балалар қызығады ғой, қызыққан соң ойнай бастайды. «Асық ату» деген федерация бар деп естиміз, не істеп жүргенін құдай білсін. Мен тұратын Талдықорғанда бір жарыс жасағанын көрмеппін.   

– «Қоңыр боти» әңгімесінде «біз кеш есейіп, ерте қартайған буынбыз» деген сөзді кейіпкер аузына салып едіңіз. Осы сөздің мағынасын тарқата отырсаңыз...  

– Мен өзімді кештеу есейген адам санаймын. Әдебиетке де өзімнен бір мүшел кіші жастармен қатар келдім. Ол кезде мен құралпы жігіттердің бірден-екіден кітаптары шығып кеткен, ақын-жазушы ретінде танылып қалған болатын. Өзімнің шамалауымша үшінші мүшелімде ғана толыстым ғой деймін. «Балалық, бозбала шақ, жігіттік кезең, ақыл тоқтатқан, жігіт ағасы болған» деп қазақ ер жігіттің ақыл жасын белгілегенде қателеспеген екен. Мен сол ақыл тоқтатар 37-38 жасымда өзгердім. Өзіме сенімді бола бастадым, өзгеге онша сенбейтін болдым. Бұрын біреу мақтаса дандайсып, даттаса төменшіктеп қалатынмын, қазір не десе де былқ етпеймін. Өйткені өз орнымды білетіндеймін. Мақтау сөз сенің көңіліңді бір сәтке көтергенмен, дәрежеңді көтермейді, сол секілді даттау да көңіліңе кірбің салғанмен, қадіріңді түсірмеуі тиіс. Бұл үшін әрине ішкі жігер, адамның өзіне деген сенімі керек. Сол сенім маған үшінші мүшелімде бірақ жетті. Бұл біреуге ерте, біреуге кеш жетеді білем, тіпті ішкі сенімі мәңгі орнықпай  кететіндер де бар. Жасы да, қызмет, лауазымы да үлкен бола тұра нақты  позициясы жоқ, принципсіз қаңғалақтаған қаңбақ адамдарды ара-тұра көріп қаламыз. 

– Шынымен де, қаламгер өзіне сенбесе, басқаларды өзінің жазғанына сендіре алмайды. Алдымен ішкі асаулықты бағындыру керек, тәуекел ету қажет. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Асаулық демекші, тай жаратып көріп пе едіңіз?

– Шегір көз көк тайым болды. Мұратбек деген жылқышы нағашымның үйірінен таңдап алған едім. Тай-құнанында ауыл арасындағы бәйгілерде жүлде алып жүрді. Кейіннен сүйегі ауырлады ма, бабын келістіре алмадық па,  жүгірмей қойды. Соның бабына ептеп араласқан болармын, негізінен үйдегі аттарды менен үлкен Ерболат деген ағам жарататын. Мен шабандоз болдым. Ауыл адамдары қызық қой, бір бәйгіде бірінші келсең болды, бәрі саған жабысады, құдды әлгі ат сенің арқаңда бәйгіден келгендей. Мен де алғаш бәйгіге шапқанымда мінген тайым екінші келді. Келесі жексенбіде сол таймен тағы екінші орын алдым, сосын біріншіге шықтық. Сонан кейін-ақ жұрт жүйрік тай-құнанына мені мінгізгісі келіп таласады. Сөйтіп ауылдағы таскөтен шабандоздың біріне айналдық. 

Қыркүйекте жалпы оқушыға сабақ басталса шабандоз балалар үшін бәйгі маусымы басталатын. Біздің өңірде қыркүйек пен қарашаның аралығында ас бәйгілер көбейетін. Атбегі шалдарға ілесіп бірде ана ауыл, бірде мына ауылдағы атшабысқа кете барамыз. Ол кездегі бәйгінің өз дәстүрі болушы еді. Бәйгі екі күнге созылады. Бірінші күні батаоқыр бәйгілер өтеді. Ол күні ас беруші отбасының жақын жегжат-жұраттары алдына тай, тана-торпақ, ақша, қой, кілем тігіп қысқа қашықтықта батаоқыр бәйгі жасайды. Бұл ертеңгі ұлы аламанға деп жаратылған аттарды бір қыздырып алуға қажет дүние. Елге сыйлы, өсіп-өнген әулеттердің жегжат-жұраты көп болады, олардың әрбірі тай, құнан, аттарды бірнешеге бөліп-бөліп бәйгі жасағанда батаоқырымыз бір күнге созылатын кездері де бар. Кешкілік әр ауылдың атбегілерін жеке-жеке үйлерге түсіріп қонақ қылады. Ат туралы, ел, жер тарихы туралы небір әңгімелер сол жерлерде айтылады. Ертеңіне бәйгі өтеді. Біздің кезімізде көлік тігілген бәйгі бола қойған жоқ, бірінші атқа түйе, екіншіге жылқы, үшіншіге тана деп кете береді. Бір қызығы солардың бәрі соқа басы тігілмейді, қасында майда-шүйде заттары жүреді. Мысалы түйе кілемімен беріледі дегендей. Бұрын мән бермеген едім, қазір ойлап отырсам, соның өзі үлкен мәдениет екен, бәйгі мәдениетінің бір бөлшегі екен. Түйені кілемімен ұтып алған адам, кілемді әлгі жерде арзанды-қымбатты сатып, сол ақшасын алдымен аттың тілеуін тілеген ауылдастарына, онан қалды сол жердегі елге ырым қылып үлестіретін. Біздің бәйгеге шауып келген соңғы істейтін бір тірлігіміз ырым жинау, таниық-танымайық аты бәйгіден келіп масайрап тұрған атбегіге «аға, ырым беріңіз» деп жетіп барамыз, ол ләм деместен майда ақшадан ұстата салады. Бұл дәстүрдің тамыры тереңде, бұрынғы бәйгілердің қай қайсысының жүлдесін қарасаң да жалғыз қарадан емес. Ондап, жүздеп тігіледі. Түйе бастап, жылқымен жалғасып, соңы қой, жібек мата, кілем секілді ұсақ-түйекпен түйінделеді. Алыстан ат арылтып келген атбегі соның бәрін ауылына алып кетемін десе де әкете алмайды, сонан кейін не істейді, майда-шүйделерін сол жерде елге үлестіреді. Сол себепті жүйрік ат бір адамның емес, бір рулы елдің, жалпы халықтың қазынасы саналған. Бүгінгі бәйгілерде осы дәстүр жоқ. Бірнеше миллионның автокөлігін ұтып алған адам жанкүйерлеріне дым татырмай кете барады. Бұл халықтың бәйгіге деген ықыласын белгілі деңгейде суытып жіберді. Әйтеуір біреулердің аты келіп жатады, онан қарапайым жұртқа келіп-кетіп жатқан ештеме жоқ. Сол себепті бәйгі деген осы күні байлардың ермегіне ғана айналып бара жатыр. 

– Сөздің қасиеті қалды ма?

– Қасиет ешқайда кеткен жоқ. Бірақ әлсіреді. Өйткені сөз көбейіп кетті. Сөз қалай болса солай айтыла беретін болды. Сөзде тұратын еді бұрынғылар, өзіміз де шет жағасын көрдік. Бүгінде сөзі басқа, ісі басқа, бүгін айтқанынан ертең айнитын адамдар көбейді. Сөз елді алдаудың, алдарқатудың құралына айналды. Сөз түсінбейтін дүлейлер, сөз өтпейтін меңіреулер қаптады. Телеарналарда дұрыстап сөз саптай алмас «шешендер» сайрайтын болды, өкіметті өз сөзін өзі түсінбейтін, екі ауыз сөзді ежіктеп әрең оқитын көсемдер жайлады. Солар «бір жылда қазақ тілін үйренемін» деп беті бүлк етпестен сөз береді. Бірақ сөзінде тұрмайды. «Сөзіңде тұрмадың ғой» деп оны жүндеп жатқан журналистер де аз, өздері де еш қысылып-қымтырылмастан алшаң басып жүре береді. 

Осындай қоғамда сөз өнерінің күйі нешік, әдебиеттің әлеуметке ықпалы қалай, әлеуеті қандай? Негізі осыны сұрағың келіп отырғанын түсіндім. Бұрын әдебиеттің қоғамдық санаға ықпалы зор болатын. Гетенің «Жас Вертердің қасіреті» романынан кейін еуропада суицид көбейіп кеткен деседі. Артынан кітап сатылымнан алынып, авторы бас тартып әбігерге түскен. 

Әдебиет арқылы үлкен жаңалықтар келетін, құбылыстар пайда болатын. Керек болса әдебиет арқылы революциялар жасалатын. Ленин «Толстой орыс революциясының айнасы» дегенді тегіннен-тегін айтпаса керек. Қайбір жылы Мұрат Әуезовпен сұхбаттасқан едім, сонда «желтоқсан көтерілісінің пайда болуына Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов секілді қаламгерлер өз шығармалары арқылы ықпал еттті» деді. Рас сөз. Әдебиет оқу арқылы ұлттық иммунитетін көтерген жастар, ақыры бір бұлқыныс жасады. Ал, қазір қалай? Қазір әдебиетттің бұл функциясын, яғни қоғамдық санаға ықпал ету күшін әлеуметтік желі алып кетті. 2009 жылы «твиттер-революциясы» деген сөз алғаш рет айтылды. Молдовада... Сайлау нәтижесіне разы болмаған жұрт осы желі арқылы ұйымдасып, ұжымдасып Кишинёв көшесінде көтеріліс жасады. Онан берідегі мұсылман мемлекеттерінің біразын шарпыған «Араб көктемі» төңкерістер тізбегіне де твиттерде жазылған бір жазба әсер етті. Көрдіңіз бе, бұл тұрғыда бүгінде әдебиеттен әлеуметтік желі күшті. Бүкіл әлемде солай. Біздің елде де жұрт әдебиеттің аяқ алысын емес, әлеуметтік желінің аңысын аңдиды. Өкіметке де әдебиет жасап жүрген қаламгерден, әлеуметтік желі белсендісінің сөзі өтімді. Бүгін біреуі бір сын жазса, ертеңіне соған министрі бар, әкімі бар, тіпті кейде президентке дейін үн қатып, жауап береді. Бұл да дұрыс шығар, қоғамдық коммуникацияны жеделдетіп бергені үшін желіге бәріміз қарыздармыз. Бірақ әдебиеттің күйі осылай болып қалды. Осы өкінішті. Бұрын әдебиет қоғам көшінің алдында еді, қазір қалың шаңның ішінде жүр. Ақын, жазушыларды кейде аяп кетемін.  

– «Тибет аруы» деген тамаша шығармаңыз есіме түсіп отыр. Қалың Қытайдың ішіндегі кішкентай ұлттардың тағдыры туралы тағы да шығарма жазу жоспарда бар ма?

– Әзірге ондай жоспар жоқ. Қытайға оқуға барған қазақ жастары туралы жазғым келген. Біраз келеңсіздіктерді көріп, көңіл жабырқаған еді кезінде. Жазамын деген тақырыптардың тізіміне енгізгенмін. Бірақ соны жазбай-ақ қояйын деп шештім.

– Әр адам Құдайды әртүрлі елестетеді. Меніңше, Ұлы күшке ең жақыны – қаламгер. Сіз Құдайға жақынсыз ба, алыссыз ба?

– Кейде алыстап, кейде жақындайтын секілдімін. Бір қалыпты ұстап тұру мүмкін емес. Иманың бірде күшейеді, бірде әлсірейді. Бірақ бір жаратушы барын әрдайым естен шығармауға тырысам. Байқауымша адам бірсыдырғы, бір қалыпты, бүгіні кешегісінен еш өзгеріссіз өтетіндей тірлік кешетін болса, құдайдан алыстай бастайтын секілді. Ал, керісінше тәуекелдерге жиі барса, жақындай түсетіндей. Өйткені сын сағаттарда адам арқа сүйер іздейді. Бір жұмысты атқаруға ерік-жігерің, ақыл-парасатың, білім-білігің, қайрат-күшің жетіп тұрса да, құдайдан сәтін салуды сұрайсың. Бұрынғы бабаларымыз ұлы істерді бастарда, жорыққа шығарда ақсарбас айтып, құрбандық шалғаны содан болар. Біз бүгінде спортшыларымызды «шетінен діндар» деп сөгеміз ғой. Олардың діндарлығының түпкі төркіні сол тәуекелге байланған өмірінде  жатыр. Олар жарыс пен жарыстың арасында өмір сүреді. Әр жарысқа, әр сайысқа тәуекел етіп шығады. Мерейінің үстем болғанын сұрап, өзіне құдайдан жәрдем сұрайды, медет тілейді. Шетелдік небір футболшылар алаңға шығар сәтте шоқынып бара жатқанын, жеңсе сәждеге басын ұрып жатқанын талай көрдік. Оларды да түсіну керек деп ойлаймын. Бірақ асыра сілтеп жібермесе деймін, кейбір спортшылар – спортшыдан көрі діннің насихатына жегілген миссионерлерге ұқсайды. Тек бастарына сәлде жетіспей тұр. Құдайшылдық деген сақал өсіру еместігін соларға түсіндіріп, жат ағамдар  жетелеп кетпеуін қадағалау керек. 

– Діни сенімді немесе саясатты шығармаға кіріктіретін жазушылар бар. Оған не дейсіз?

– Миссионерлікті құптамаймын. Әдебиетте болсын, әлеуметтік ортада болсын. Миссионерлік деген өткен ғасырлардың еншісінде қалатын тәсіл еді, біздің діндарлар ХХІ ғасырға сүйреп кірді. Біреуді үгіттеп, өз дініңе тарту кешегі оқу-білім кемшін түсіп жатқан дәуірлерде керек болған шығар. Қазір тоқтату керек. Қақтығыстың бәрі осы миссионерліктен басталады. Біреу менің жолым тура, ананікі теріс, мен жәннаттық, ол тозақы дейді. Ол мынаны жамандайды. Арада сөз барымтасы, айтыс туады. Айтыстың соңы тартысқа, бітіспес жаулыққа ұласады. Бір-бірімен айтыспайтын-тартыспайтын діни топты көрмедім. Біздегі салафит, сопылар да сондай қателікке ұрынды. Солардың кесірінен қазақтың мықты азаматтары алауыз болып, тіпті бір-бірімен жауласып кетті. Ал, солар айтысып-тартыспаса, зікірін салғаны зікірін салып, сақал қойғаны сақалын қойып жүре берсе, өз жолын жарнамаламаса, басқаларды үгіттеп қатарға тартпаса, қатарына кірмегендерді қуғындамаса, бірінің үстінен бірі компрамат жинамаса, бір-біріне толерантты болса елдегі діни ахуал басқаша сипат алар ма еді?! Бәрінің оқитын дұғасы, құбыласы бір, сыйынатын құдайы жалғыз. Бірақ болмашы мәселелерге бола елдің ішін алатайдай бүлдірді. Салдарынан елді діннен шошытты. Бұрын намаз оқитындарды құрметтейтін, қазір үрке қарайды. «Қай сектаның өкілі екен» дегендей шошып тұрады. 

– Жазушы Есболаттың қиындықты қалай еңсеретінін шығармаларынан тануға болады. Ал адам Есболат ше?

– Шыдап бағамын. Түннен кейін Күннің шығарына сенем. Жауапкершілік деген дүние мотивация береді. Бұрын әке мен шешенің алдындағы жауапкершілік мені шыңдайтын. Сол кісілердің үмітін ақтасам, соларды жерге қаратпасам деген ой алға жетеледі. Талай тығырықтан алып шықты, талай жаманшылықтан сақтады. Қазір оларға өз отбасым қосылды. Бала-шаға, құдай қосқан қосағымның алдындағы аманат-міндеттерім бар, соларды орындауым керек. Өзім шалқып, бала-шағамның қиналып жүргені маған керек емес. Бірінші кезекте солар ел қатарлы өмір сүріп, білім алып, өсіп-жетілуі керек. Біз, ата-аналар баламызға жағдай жасауға міндеттіміз.   

– Соңғы уақыттарда серт ұстау, сөзге тоқтау мәселесінде ақсаңдап жатырмыз. Тіпті, жазушылар арасында да мұндай жағдайлар аз кездеспейді. Бұған қалай қарайсыз?

– Семсер ұстап серттесетіндей жағдай болған жоқ. Бірақ сөзімде тұруға тырысамын, уәдеме жетуге барымды саламын. Осы күнге дейін ешкімнен сөзіңде тұрмадың деген айыптауды естімеппін. Өзімнің өмірлік принциптерім бар. Олар: астың адалдығы, қолдың тазалығы, еңсенің тіктігі, жүздің жарықтығы секілді төрт тағанға байланған.  Бастапқы екеуі болмаса, соңғысы жоқ. Яғни адал жүріп, арам іске қол былғамасаң, еңсең тік, жүзің жарқын болады. Ал қазаныңа арам ас салдың ба, қолың былғанды ма, онда  өмір бойы бүгежіктеп,  елдің бетіне тура қарай алмай күн кешесің. 

Уәдесіне берік жігіттерді жоғары бағалаймын. Соларды жақын тартамын. Айтып алып, орта жолдан тайқып кететіндер болады. Өмір болғаннан кейін олармен де араласасың, екінші мәрте сенім артасың. Тағы жолда тастап кетеді. Үшінші ретінде де солай. Ондай сужұқпас адамдарды түзеу мүмкін емес. Себебі болмысы солай, солай тәрбиеленген, қалыпталған. 

Әдебиет, өмір, бүгінгі күннің беталысы жайлы айтқан әңгімеңізге көп рақмет, аға. Қаламыңыз қарымды болсын. Сізден тың әрі қызықты туындылар күтеміз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар