Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ерлан Ібітанов. Көп адам әкемнің адалдығынан сеске...

26.09.2024 2530

Ерлан Ібітанов. Көп адам әкемнің адалдығынан сескенетін... 14+

Ерлан Ібітанов. Көп адам әкемнің адалдығынан сескенетін... - adebiportal.kz

- Біз көп нәрсені біле бермейміз аға... сондықтан да бізге бәрі қымбат, бәрі туралы білгіміз келіп тұрады... Алдын ала айтарым, ұсақ-түйекке дейін сұрап кетсем айып етпегейсіз. Қашанда оқыған мен көргеннің, түйсінгеннің арасы әжептәуір жер. Бізге аңыздың ұшығы ғана жетеді. Одан арғысын қиялымызбен өрбітуге тырысамыз. Еркін аға өткен өмірі туралы «Балалық шақ шомылды көз жасына...» деп жырлайды. Бұл тармақтың астарын шамамызша пайымдайтын сияқтымыз. Сосын да ақынның ұлының балалық шағы қалай өтті екен деген сұрақ туындайды. Біздің түсінігімізде сол заманның адамдары арнаулы бала тәрбиесімен айналыспайтын сияқты, ел арасында жақсы-жаманды көре жүріп, үлкендердің әңгімесіне құлағын түре жүріп, ел қатарына қосылып кететіндей көрінеді. Қалғаны тағдыр-тәлейінен дегендей... Солай болса да бала көңіліңіздегі әкейдің ең ыстық бейнесін айтып беріңізші? Үйде неше ағайынды болдыңыздар? Әкей сіздерге қандай ақыл-кеңесін жиі айтып отырушы еді? Әкейдің орны ойсырағанын сезінгенде, балалық шағыңызды сағынғанда ойыңызға не оралады?

- Иә, мен ақынның баласымын, оны мақтан тұтамын. Еркіннің ұлы дегенде кеудемді ерекше қуаныш тербейтіні рас. Бұл менің өмірімнің басты қағидасы десе де болады. Ақын әкенің ұлы болу үлкен жауапкершілік жүктейтіні тағы рас. Ақын Еркін Ібітановтың балалық шағы сонау соғыс жылдарына тап келгенін білесің. Оны өз өлеңдерінде де жазды. Мұқағали да, Еркін де, екеуімен замандас ақындардың бәрінің де балалық шағы ауыр жылдарда өтті. Олардың поэзиясында, жалпы шығармашылығында біз сөз етіп отырған жағдай кеңінен көрініс табады. Жетімдік, жесірлік, жоқшылық, таршылық, аштық – осылардың бәрімен күнде бетпе-бет келе жүріп, от пен судан аман шыққанына таң қаласың. Бұлар нағыз құрыштан құйған құдірет қой деп ойлаймын. Әкем ауылда жүрді, ауылда өсті, кейін Алматыдағы №4 мектеп-интернатта оқыды. Кейін қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға түсті. Бірақ ол университетті толық бітірмеді. Осылайша әкемнің жастық шағы, саналы ғұмыры ауылда өтті. Әкем туралы 4-5 жасымнан, ес білгелі білетінмін. Асқар тау көріп сыйлайтынмын. Кесек бітімі, сөз сөйлеуі бәрі көз алдымда. Артық сөзі жоқ, ойланып сөйлейтін. Кесіп айтатын. Жалаң сөзге ұрынбайтын. Сөздің қадірін бір кісідей білетін. Бос сөзден алыс болуға, сөз қадырын білуге үнемі баулып отыратын. Бізге сөзден биік ұғым жоқ екенін аманаттап кеткендей болды. Соны әкейден ерте жастан бойға жұқтырып өстік. Ал кейде көсіле сөйлеп кетсе шешен әрі мәрт еді. Ондай ағыл-тегіл сөз үстінде Еркінді тоқтату мүмкін емес. Көкірегінен түйдек-түйдек сөз ақтарылғанда құтты бір эпос тыңдап отырғандай болатынсың. 

Әкем уақытында Нарынқолдан халық театрын құрды. Шалғай ауылда халық театрын құру да оңай шаруа емес. Ол үлкен жетістіктерге жетті. Қанша дегенмен Нарынқол – таланттардың мекені. Талай бұлақтың көзін ашып, талай жастарды елге танытты. Әкенің ықпалы бар, ауылдағы өзге таланттардың әсері бар, өз басым әдебиетке жақын болып өстім. Спортты да жақсы көрдік. Кейін еркін күрестен спорт шебері атандым. Әкем оныма да қарсы болмады. Бәрібір әдебиет жан дүниеме ең жақын екенін жүрегіммен сездім. Өйткені күнделікті өміріміз өлең талқылаудан, жаңа шыққан кітаптарды парақтаудан басталатын. Үйімізден қарапайым тіршіліктің емес, өзінше бір рухани аураның иісі шығып тұратын. Әкемнің оқыған өлеңдерін талқылайтынбыз, оған шешем де араласатын. Бала болсақ та бізде бірдемемізді айтып қалатынбыз. Міне біздің әдеби ортамыз осылай басталған. Қалай болмасын әкемнің ыстық ықыласы, ақ пейілі алғашқы тұсауымызды кескен еді. Ең бастысы сөздің қасиетін сезіп, тамырын дөп басып үйрендік. Адалдықты ұғындық. Әкем өмірде де, өнерде де адал болатын. Тіпті көп адам сол адалдығынан сескенетін. 

Біз енді отбасымызда төрт ұл, бір қыз өстік. Үлкені Тұманбек, одан кейін мен, Ербол, Нұрбол сосын Айнұр деген жалғыз қарындасымыз бар. Тұманбек ағаның атын әкемнің құрдасы, досы, ақын Тұманбай Молдағалиев қойған. Ол ағамыз елуге жетер-жетпес жасында өмірден озды. Ол кісінің мамандығы филолог болатын. Мектеп қабырғасында көп жұмыс істеп, білім саласына мол үлес қосты. Мұқағалитануға біршама еңбек етті. Тұман ағамыз өте бір бекзат, кісілікті жан еді. Пейіште нұры шалқысын дейміз, жатқан жері жайлы болып, Алла панасына алсын енді. Күніге тілейтін дұғамыз осы. Әкем қайтыс болғаннан кейін екі жыл шамасында Тұман ағам қайтты. Әкем мен Тұман арт-артынан кеткенде орындары ойсырап қалды. Әкемнен бір, тетелес ағамнан бір айрылып сол жылдары қатты депрессияға түсіп кеттім. Әкенің жөні бір бөлек, бауырдың жөні бір бөлек қой қашанда. Бәріміздің қабырғамызға қатты батты. Қалған жанның амандығын берсін. Тұманды жоқтап жазған жырларым да көп. Әлі күнге іздеймін, әлі күнге қатты сағынамын. 

Балалық шағым туралы жоғарыда да айттым. Балалық шақты сағыну, аңсау әркімнің басында бар нәрсе. Сол сәтке қайта барғанымызбен, осы кезімізге түбінде қайырыла оралатынымызды бәріміз білеміз. Өйткені, өмірдің жолы біз үшін бір-ақ із. Сол тәрбие, сол із, сол көңіл, ескі өмірдің соқпағы. Әртүрлі формалары өзгергені болмаса, біз бәріміз сол әкенің салып берген жолымен осы күнге жеттік. Мен өмірді солай түсінен, бар бітімімен қабылдаймын.

- Сіз туғанда әкеңіз отызға жетер-жетпес жаста екен. Әкей қайтқанда сіз қырықтың жуан ішінде болыпсыз. Кең есеппен алғанда кемі қырық жылға жуық уақыт әкейді білесіз деп айтуға негіз бар. Әкейдің мінезі, болмыс-бітімі, айналасымен аралас-құраласы, туыс-туғанмен қарым-қатынасы, жұмыс істеу процесі қандай еді? Алақандай ауылда аңызға бергісіз өмір сүрген ақын туралы елдің білгісі келер дүниесі көп. Есіңізде қалған, көкейіңізге түйген дүниелерді құныттап баяндап берсеңіз?

- Өзің айтып отырғандай, Еркін Ібітанов – ауылға мәңгілік кіндігі байланған ақын. Бір өзі бір әдеби орта. Біраз жылдар бойы өлең жазбай кеткені де рас. Оның себебін мен өз басым түсіне алмадым. Кейінірек қаламын қайыра қолына алды. Соның өзі кештеу болды ғой деймін. Әйтпесе әдебиетке берері көп еді. Мұқағалида өмірінің соңғы он жылында өндіре жазды ғой. Бәріміз үшін де бір кем дүние сияқты бұл. Әйтеуір үлгермей жатамыз. Ақынның көп араласқан ортасы – өзінің Мұқағалиы, Тұманбайы мен Қадыры, Оразақын Асқары, Әбіші сынды саңлақтары. Бәрі үйге ат ізін суытпай келіп тұратын. Соңғы жылдары ауылға Фариза Оңғасынова жиі келіп тұрды. Шығармашылық кеш те берді. Нұрлан Оразалин, Есенқұл Жақыпбек, әйтеуір әкеме рухы жақын ақындардың бәрі араласып тұрды. Мен ойыма түскендерін ғана айтып жатырмын. Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды композиторлар әкемді қадір тұтты, жақсы көрді. Айта берсек кейінгі буын інілері де көп. Бәрі де әкеммен әңгімелесу үшін сәлемдесіп келіп-кетіп жататын. Әкемнің бір сөзінен байқағаным: ол кісінің пір тұтатын ақыны – Ілияс Жансүгіров болатын. Кейбір сөз орамдарынан Ілиястың ізі байқалып қалып жататын. Нағыз эпостық ақын, кең тынысты жүйрік деп Жансүгіровті ардақтап еске алып отырушы еді. Әкей ауылда жатқанымен бүкіл дүниежүзілік әдебиеттен, жаңалықтан хабардар болды. Аудандық кітапханадан тартып, қолы жеткен кітаптың бәрін сарқып оқыды. Кейде бізді қалаға жұмсап кітап алдыратын. «Новый мир», «Простор» журналдарын жаздырып оқитын. Оқудан бір жалыққан емес. Кітап десе ішкен асын жерге қоятын. Оқығандарын қорытып, түсінікті тілде бізге байыппен баяндап беретін еді жарықтық. Соның арқасында ҚазҰУ-дың Филология факультетіне түскенде дайын әдебиетші болып бардым. Әдебиетті оқуды, талдауды, қандай кітап оқуды әкемнен үйрендік. 

- Еркін Ібітанов ауылда жатсада алапаты асып тұрды. Сіздердің ауылға келетін қонақтардың «қиқуы» да бір көшке жететін әңгіме. Оның шет жағасын Әбіш Кекілбаевтың сіздердің елге барғандағы әңгімесімен, ақынның Тұманбай құрдасына жазған хатымен байланыстырамыз көбіне. Ібітановтың Мақатаевқа шығармашылық сәт сапар тілеп аудандық газетке өлеңдерін жариялауы да бір хикая. Бәрі-бәрін тізбектемесек те Мұхтар Әуезовтің өзі шапан жапқаны неге тұрады?.. Осы орайда Еркін ағаның шығармашылық ортасы, дос-жараны туралы айтып берсеңіз? Кімдерді қадір тұтты, кімдермен сыйлас болды? Кімдерді өзіне үлгі тұтты? «Хантәңірі қайдасың?» өлең-романы қалай туды?

- Бұл өлең-романы туралы әкем біраз жерде айтты. Былайғы оқырман хабардар болуы керек. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін көп ақындар өлең арнады, көптеген естеліктер айтылды. Кейбірінің шын-өтірігі аралас дегендей. Мұқағали Мақатаевтың аңызға толы дәуірі басталған кез. Содан Еркін Ібітановтың айналасындағылар сіз неге айтпайсыз, сіз неге жазбайсыз, сізден артық кім біледі Мұқаңды деп қолқалаған. Әкем әуел баста ол тақырыпқа көп барғысы келмеген сыңайлы. Біраз жыл өткесін неге жазбасқа деп бекиді. Сөйтіп қолына қаламын алған. «Басында жүрексіндім, бірақ қолыма қалам алып, ақ қағазға үңілген сәтте поэма өзінен-өзі төгіле жөнелді», - дейді әкем. «Мұқағалидың туғанынан бастап қайтқанына дейінгі бүкіл өмірі көз алдымнан өтті. Өйткені мен Мұқаңның соңғы демі шыққанша қасында болған адаммын. Артқы жұмыстарын атқарысқам. Міне жүректен шықты деген осы болады, балам, оны халық қалай қабылдайды өзі біледі. Менің енді Мұқағали алдындағы арым таза. Мұқаңа өз ескерткішімді қойдым», - деп өзіне аса бір ризашылық кейіппен масаттанып отырды. Мен сол кезде-ақ оқып шықтым. Шындап келгенде мықты өлең-роман. Мұқағалидың ғұмырнамасын бөлім-бөлімге бөліп, кең тыныспен, үлкен поэтикалық қуатпен ақынның тағдыр-тәлейін емірене жеткізген. Марқұм Асқар Наймантаев айтатын: «Осы жұрттар Мұқағали туралы пьеса жазады, кино түсіреді. Негізінде Еркін Ібітановтың «Хантәңірі қайдасы?» өлең-романы – дайын тұрған сценарий. Осы дайын дүниені неге алмасқа? Осылар өлең оқымайды-ау», - дейтін. Сол Асқар бауырымның да арманы осы шығарманы қою еді. Сөйтіп дайындалып жүргенде өзі өмірден озып кетті. Мен өзім Мұқағали туралы 2-3 фильмді көрдім. Бірақ дәл Еркіндей Мұқағалидың портретін берген адам жоқ. Қаншама актёрлар ойнады, әлі ешбірі Мұқаңның бейнесін дөп басқан жоқ. Ал «Хантәңірі қайдасың?» Мұқағали образын, бейнесін дәл ашқан туынды. Өйткені екеуі де ақын, екеуі де тағдырлас, тамырлас тұлғалар. 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ІБІТАНОВ ҚАЙДАСЫҢ?…

Ал енді Еркін Ібітановтың әдеби ортасы, дос-жараны, кімдермен жиі араласты деген сауалға мына өлеңі жауап береді. Бұл өлеңді ақынның автопортреті десек те болады. 

Мен кіммін деп мақтанамын?

 

Мен кіммін деп мақтанам, 

Мақтанамын!

Мақтанамын, сырымды  ақтарамын. 

Ел-жұртымның алдында ерсі болар, 

Сарқыт жинап санамда сақтағаным, 

Еске алуға келмей жүр мұрша бүгін, 

Алмас шабыт жаныған жыр шарығын, 

Жабы мінген Жамбылға тұлпар тартқан, 

Құланаян Құлмамбет ұрпағымын. 

 

Нөсері кім шабыттың, жауыны кім?

Самалы кім өлеңнің, дауылы кім?

Айтысқанда осыған жауап берген, 

Қойдым сынды ақынның бауырымын. 

 

Жер дауы..

Жесір дауы...

Ел егесі – 

Ағайынның ар бұзған төбелесі, 

Тоқтау айтып бәріне, шоқ шайнаған, 

Жанғабылдай шешеннің немересі...

 

О, қара жер, жатпайды ә, құрсағың құр?

Бәрін жұттың!

Алдымда бір сағым жүр, 

Опа күтпей орыстан ойран күткен, 

Албан Асан ақынды кім танып жүр. 

 

Тұл боп қалған тұғыры тұйғын еді, 

Кірпікке жас ойласам үйіріледі. 

Өрт қаулатқан өлеңі Көдек атам, 

Шаба алмаған көсіліп жүйрік еді. 

 

Мен мақтанам. Демеңіз: - Мынасы кім?

Түсінетін пендеміз жыр асылын. 

Тұңғышыма тұрағын түзеп берген, 

Абай сынды ақынның құдасымын. 

 

Жатсына ма жамағат, қош ала ма, 

Тағы да мақтанамын осы арада. 

Қанжығалы Бөгенбай бір қызы кеп, 

Келін болып сүйенді босағама. 

 

Айта берсем бәрі де болады аңыз, 

Той бастарда ежелден жол аламыз. 

Алыс сапар аттансам бата беріп, 

Қолтығымнан демейді Шоған абыз. 

 

Жазуға да қақым жоқ жыр жасығын, 

Зар илеген заманның мұңдасымын. 

Шекпен киіп, шен тағып жүрмесем де, 

Тұманбай мен Қадырдың құрдасымын. 

 

Талғамы мен тағдырдың сырын ұғам, 

Барлығы да алтынның сынығынан. 

Махамбеттің перзенті Фариза кеп, 

Немеремнің сипап жүр тұлымынан. 

 

Өзім кіммін?

Оны да айта аламын, 

Тамырымда тулайды сайтан ағын. 

Қарасаздың түңлігін желпілдетіп, 

Мұқағали тірлігін қайталадым. 

 

Менде бар дәл осылай қызынар қан, 

Алыс мақсат

Күйкі өмір 

Үзік арман 

Айтпақшы, сол ағама ұқсаймын деп, 

Шарғын шалдың мен де бір қызын алғам. 

 

Мүмкін емес алайда теңесуім, 

Мен оның тірі жүрген елесімін. 

Дегенмен Биекеден бүршік жарған, 

Таңжарықтай тарланның бөлесімін!...

 

Мен осылай мақтанам, 

Мақтанамын!

Мақтанамын, сырымды ақтарамын. 

Ел-жұртымның алдында ерсі болар, 

Сарқыт жинап, санамда сақтағаным ....

 

Болған емес шындықтан қашқан шағым, 

Тағдыр салды мен қалай бас тартамын?!

Күн сайын Қазақстан қаумалайды, 

Біздің үйдің көнетоз дастарқанын…

- Өміріңнің алда талай кеші бар, 

Туған күнді жылда тойла, несі бар?! 

Бірақ та сен, дәл сол күні шешеңнің, 

Толғатқанда жылағанын есіңе ал, 

Толғатқанда жылағанын есіңе ал!

Бұл енді қателеспесем әкейдің сізге арнаған өлеңі болуы керек. Осы орайда шешеңіз туралы, ақынның жары туралы айтып беріңізші? Еркін ағаның ол кісіге бір түнде бір поэма арнап жазғанын жұрт жырдай қылып айтады? 

- Иә, бұл бір керемет өлең. Оқырманның көбі бұл өлеңді маған арнаған деп ойлайды, шынында ағам Тұманбекке арналған. Тұманбек бірге толғанда әкеміздің тұңғышына арнап шығарған өлеңі екен. Анамыз туралы айтар болсақ, әкем кештеу үйленді. Әкем анамды қатты сыйлап өтті. Анам әкемнің көңіліне қарап, қас-қабағын бағып отыратын. Әкем екеуі бір-біріне деген сыйластығын, сырластығын өле-өлгенше сақтап өтті. Ақынның жары болу оңай емес. Анам әкемізді тұңғыш баласындай мәпеледі. Әкеме де, балаларына да көзінің қарасындай қарады. Ақынның қиын жолын бірге жүріп, бірге басып, бізді өсіріп, тәрбиеледі. Әкем халық театрын құрғанда ел-елді, жер-жерді аралап әкемнің қасында жүрді. Бізді де бірге ала жүретін. Біздің өміріміз әкем мен шешем қайда барса, сонда барумен өтті. Кейін әкем «Советтік шекара» газетінде қызмет атқарғанда, шешем типографияда корректор болып жұмыс істеді. Біз сол кезде баспаханада ойнап жүретінбіз, сол жерде ұйықтап та қалатынбыз. Біздің балабақшамыз «баспахана» болды. Шешеміз бәрімізге қарап, мұнтаздай таза ұстап, әкемнің де үстіне шаң жуытпай әлпештеп өсірді. Сол шешеміз құдайға шүкір ортамызда. Жасы сексеннен асты. Ең өкініштісі үлкен ұлы Тұманның өмірден ерте кетуі шешеміздің жанына қатты батты. Бала-шағасының, ұрпақтарының қызығын көріп ортамызды толтырып жүре берсін дейміз ақ әжемізге. 

- Өзіңіз де ақынсыз. Әскери салада қызмет атқарсаңыз да қолыңыздан қаламыңызды тастаған жоқсыз. Өлеңге адал болып өсуіңізге әкеңіздің, өскен ортаңыздың әсері қаншалықты болды? Алғаш жазған өлеңдеріңізге әкейдің көзқарасы қалай болды? 

- Мұқағалидың айтатыны бар ғой: «Ақынмын деп мен қалай айталамын, халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», - деп. Бұл негізі бар ақынға арналған ескертудей көрінеді. Жасым алпысқа келсе де, әкем ақын болса да, мен өзім ақынмын деп айтудан жасқанамын. Біз олардың биігінің ширегіне де шыққан жоқпыз. Десе де өлең жазатынымыз рас. Мектеп қабырғасында әкеме көрсетпей ептеп жаздық дегендей. Кейін ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқыдым. Сол жылдары жазып жүретінмін. 1985 жылы оқуды бітіріп, ауылға қайтып, жұмысқа араластық. Сол жылдары әкеме 2-3 өлеңімді көрсеттім. «Әке, қалай екен?» - деп едім. «Балам, өлеңдерің жақсы, тәуір тұстары бар. Дегенмен бір үйге бір ақын жетеді ғой», - деді. Мен себебін түсінбедім, біртүрлі тосылып қалдым. Кейін ойлап қарасам, ақындықтың ауыр жолына, азабына әкем өз перзентін түсіргісі келмепті. Ақынның жолы ардың жолы. Ардың жолы қашан да ауыр. Сол өзі түскен соқпақтан мені көргісі келмеді. Әкем қайтқан жылдары қатты қиналып, құлазып жүрдім. Сол кезде бір күні түсіме әкем кірді. Қардай аппақ киіммен келіп кітап ұсынды. Кітап ұсынғаны өлеңіңді тастама, жазып жүр дегені ма деп жорыдым. Әкемнің батасы, аяны деп қабылдадым. Содан өлеңге отырдым, қалай жаза бастадым сол жылдардағы басыма түскен депрессиядан құтылдым, ішім нұрланып, жан дүнием жадырай бастады. Бар дүниеден арылып, жеңілдедім. Былайша айтқанда өлеңмен емделдім. Шерімді, мұңымды соған төктім. Содан бері шамам келгенше жазып келе жатырмын. Жанымның қалауына сай, сезімнің айшықты сәттерін түсіріп қоямын. Үш кітабым жарық көрді. Төртінші жыр кітабымды дайындап жатырмын. Мәселе санда емес, сапада. Жақсы жаманын мен айтпаймын, жұрт айта жатар. Бастысы өлеңді өзім қасиет тұтам. Бойтұмарымдай қадірлеймін. Әскери салада, оның ішінде Ұлттық қаупсіздік комитетінде жұмыс істеудің қандай екенін өзің білесің. Ең бастысы өлең менің жансерігім!   

- Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне Еркін Ібітанов аты беріліп, ақынның ескерткішін қойғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Оған да Еркін Ібітановтың шын бағасын білетін адал азаматтар көп ат салысты. Ақынның шығармашылық жолын насихаттау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Еркін Ібітанов әлемін ашу туған өңірі көлемінде ғана әспеттеліп жатқан жоқ па? 

- Иә, Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне ақын Еркін Ібітанов аты берілді. Біраз күтіп қалдық, жүгірдім, шапқыладым әйтеуір еңбек ақталды. Одан екі жыл өткеннен кейін кеудемүсінін қойып, Мұқағали мен Еркіндей егіз ақынды Елшенбүйректің етегіне қондырдым. Бұл – үлкен мақтаныш. Әрине, ауылдың азаматтары, жолдас-жоралар, ел ағалары ат салысты. Оларға көп рақмет айтамын. Енді Еркін Ібітановтың шын бағасы әлі берілген жоқ шынында. Алдыда тоқсан жылдығы келе жатыр. Ақынның поэзиясын толық талдап, саралап шығатын бір ғалым шығуы керек еді. Ібітанов тек қана албанның, Нарынқолдың, Кегеннің ғана ақыны емес қой. Тұтас Алаштың ақыны деген түсінік қалыптастыруымыз керек. Сондықтан Еркін ақынға арналған құрмет ауыл төңірегінен шығып, тұтас республикаға тарауы керек. «Еркін оқулары» сияқты ауқымды жобалар қолға алынуы керек деп білемін. Тағы бір айтар жайт: Еркін ақын Қарасазда туғанымен, саналы ғұмыры Нарынқолда өтті. Ақынның алдағы 90 жылдығына орай жалпы халық, зиялы қауым, Нарынқол әкімдігі игі бастамаларды қолға алса деймін. Баяғыда өзі Мұқағали ағасына: «Саған Қарасаздың аты берілсе беріле жатар, ал маған ауданның аты да жетеді!» - деп қалжыңдағаны бар. Әзіл болса да астары бар. Нарынқол – жаңа гүлденіп, түрленіп келе жатқан ауыл ғой. Көп салихалы жұмыстар жасалып жатыр. Жаңадан бір шағын аудан ашылған, әлі аты да жоқ-ау деймін. Сол ауданға Еркін Ібітанов атындағы ықшам аудан деп атын беріп жіберсе, қандай жарасымды болар еді. Одан ешкім ұтылмайды. Қайта баяғыдағы екі ақынның әзілдерінің жүзеге асқаны сияқты үйлесімді дүние болар еді. Осыны қолдап, қолпаштайтын азаматтар болса құба-құп. Көзі тірісінде аңызға айналған екі ақынның алдындағы елдік парызымыздың орындалғаны осы болар еді. Райымбек ауданы Нарынқол ауылы Еркін Ібітанов атындағы ықшам аудан десе қандай әдемі естіліп тұрады. Биыл қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевқа 100 жыл. Жұрт ұлықтап жатыр. Сол Соқпақбаев саябағынан жұрт енді Еркін Ібітанов атындағы ықшам ауданға барайық деп жиналып жатса, қандай керемет! Бұның бір себебі: Еркін Ібітановтың саналы ғұмыры осы ықшам ауданда өтті, жұмысы, қызметі, тіршілігі тұтас осы аумақпен қатысты. 2009 жылы қайтыс болғанда да осы көшемен шығарып салдық. Бұл күнде өзі тұрған көше А.Иманов атында. Қазақтың батыр ұлы атындағы көшелер Қазақстанның барлық жерінде бар. Бір көшесінің атын ақын інісі Ібітановқа берсе батырдың аруағы налымас дер едім... Айталық жиналған жұрт «Ібітанов көшесімен жүріп, көшенің соңындағы Ібітанов үйіне түсіңіз» деп жатса қандай керемет! Сосын осы Ібітанов тұрған үйге ескерткіш тақта қою жұмысы да кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. 

Осы орайда ақынның ұлы ретінде мына бір идеямды да басшылықтың назарына ұсынғым келеді. Нарынқол ауылына кіре берісте, «Нарынқолға қош келдіңіздер» деп тұратын стелла бар. Бұл өзі елге келе жатқан ағайынды күтіп алатын шағын демалыс аймақ. Осы жерге Еркін Ібітановтың ескерткіші қойылса деймін. Жаттанды, бір қалыптан шыққан мүсін емес, ақынның образын ашатын, көрген жұрт сүйінетіндей сөйлеп тұрған ескерткіш болса. Елді әңгімеге тартып, шақырып тұрғандай бейнеде болса деп армандаймын. Сол жер жастардың демалатын орнына айналса. Ашық аспан астында жыр кештері, мәдени іс-шаралар өтіп тұрса деп үміт етемін. Бұдан аудандық әкімшілік ұтылмайды. Бұл да бір әуезді нышан, жақсы үміт, ақынға деген құрмет қой. 

Тұлғаның мерейтойын өткізуде бізде бір жаман үрдіс бар, бар шаруаны ауылдық, аудандық әкімшілікке ысырып қояды да қарап отырады. Өздері жоғары жақтан хабарласып, жөн-жобасын сұрап, жол нұсқаудан аулақ. Бұл облыстық Мәдениет басқармасына да, ҚР Жазушылар одағына да қатысты дүние. Ең бастысы дайындық жұмыстарына салғырт қарамау керек. Өткенде Ібітановтың ескерткіші ашыларда ақынның өлеңдерін оқушылар өте нашар оқыды. Жиналған елден ұят. Бұндай қиянатқа жол бермеу керек. Сондықтан «Еркін оқуларын» қолға ертерек алып, жүлделі орындар тағайындалуы керек сияқты. Бұндай да әлеуметтік желі, порталдардың күшін пайдалану ләзім. Мен де «Әдебиет порталының» аудиториясын пайдаланып, қалың елге сауын айтқан жайым осы. Еркін Ібітановтың 90 жылдығы келе жатыр деп, алдын ала осындай жұмыстарды қолға алу керек деп ойлаймын. Әрине, бұндай жауапты жұмыстардың қасында өзім жүрерім анық. Бірақ бұл жұрт болып жұмыла көтеретін жүк. Өйткені, Еркін Ібітанов қатардағы көп ақынның бірі емес, парасаты, пайымы бөлек, шын өлеңнің, шын өнердің адамы.

Тағы бір айтар дүние, Қарасазға кіре берісте «Мұқағалидың Қарасазы» деген үлкен стела тұр. Екі ақын ағалы-інілі болғасын, Еркін іні ретінде үнемі жолын беріп келді. Әйтпесе, ағасына жас Еркіннің «Сәт сапар» тілеп, жол ашар жасағанын жұрттың бәрі біледі. Мұқаңда өмір бойы Еркін інісін құрметтеп өтті. Аруақтар алдында шет болмаған жөн. Сондықтан әділдік болуы үшін, Қарасазға кіре берістегі Қарасуға да Еркінге арнап стела қойса деген ойым бар. «Еркіннің Қарасуынан» өтіп «Мұқағалидың Қарасазына» қош келдіңіздер деп тұрса, қонақтарға жақсы әсер қалдырары сөзсіз!

Еркін Ібітанов тұтас елге ортақ тұлға деп жоғары да айттық. Сондықтан ақынның 90 жылдық мерейтойына Нарынқол төңірегі ғана емес, Кеген, Ұйғыр аудандары да ат салысса. Оларға да ертерек қозғау салу керек сияқты, қандай ой-жобалары бар екен? Ұйғыр ауданының көшелерінің аты да кілең ұйғырша болып кетіпті, соның бірін Ібітанов атына неге телімеске? Күні кеше өзі күндей күркіреп өлең оқыған көшелер ғой. Бұл – ең бастысы, келер ұрпақ пен ел бірлігі үшін керек дүние!

Әзірше айтар дүниеміз осы. Ақынның айтулы мерекесіне қатысты дүниелер дайындық үстінде, жұмыс барысында толықтана жатар. Ең бастысы; ақынның аруағы алқасын, рухы шат болсын! Артындағы қара ормандай халқы, оқырманы аман болсын дейміз!

- Шынайы әңгімеңіз үшін рақмет аға! Ел алқаған ақынның тойы халқының мерейін асырсын дейміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар