Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерболдың биік өнері...

17.11.2023 1311

Ерболдың биік өнері 14+

Ерболдың биік өнері - adebiportal.kz

Сұлтанмахмұт Торайғыров «Айқап» журналына жазған «Өлең және айтушылар» деген мақаласында: «Байқаймын, біздің қазақ әнқұмар халық... Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді... Бір халықтың әні кетсе әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді... әнді сақтаудың қамын қылыңдар», - деп жазады. Қазақ ән өнерінің бітім-болмысы – ұлттық тарихмыздың тағдыр-тәлейімен тікелей қатысты. Ұлтымыздың соқтықпалы-соқпақсыз жолында жоғалтқаны да, тапқаны да аз емес. «Өзің сенбес бақыттың әнін айтсаң сен де – өлік» деп Мейірхан Ақдәулетұлы жырлағандай пүшәйман кепті кешкен күндеріміз де өтті. Бүгінгі жайымыз – «Барға – қанағат, жоққа – салауат» дейтіндей хәл сынды. Соның бәріне қарамай, тамыры терең, тарихы ұзақ қазақтың классикалық ән өнері әр тараптан қанат жайып, тамыр тартып, зор құлашты, кең тынысты қалпынан жаңыла қойған жоқ. Сол биік өнердің бір парасы – Ертіс-Баян өңірінің ән мектебі. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Өз топырағында тамыр жаймаған өнер шет жақта бүршік жармайды», - дейді. Шын мәнінде Ертіс-Баян топырағы – әннің отаны, киелі шаңырағы сынды кепиетті өлке. Ертістің суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басқан өнерпаздың осал болуы екіталай дүние сияқты сезіледі де тұрады. Ал, Естайдай ұлы әншіні тудырған Ақкөл-Жайылма – Ербол Айтбаевтың тал бесігі. Әнмен ауыздандырып, көкірегіне нұр құйған алқалы алап. Сол өңірден түлеп ұшқан әншілердің бүгінгі көшін – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ұстаз Ербол Айтбаев бастап келе жатқаны да анық. Бұл күнде Ербол Айтбаевтың әншілік өнері исі алаш жұртына аян. Ғасыр басында Зілқараның «Жиырма бесімен» тұтас жұртты тамсандырғаны да ел есінде. Содан бері «Ақылдының сөзіндей ойлы» (Абай) әнімен бәсі биік тыңдарманын тәнті етуден талыққан емес. Айтбаевтар әулеті – өнердің өз әулеті. Осы шаңырақтан шыққан өнерпаздардың баршасы, ұлттық өнеріміздің әр саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бұл да болса аруақты әннің, құдіретті күйдің жебеуі деп білеміз.  

Жақында ғана Керекуде әнші Ербол Айтбаевтың мерейлі 50 жасына орай, «Жайқоңыр» атты шығармашылық кеші өткен болатын. Кешке республиканың әр өңірінен дүлдүл әншілер келіп, Кереку аспанын әнге бөлеп, есті әнге сусаған халықты бір серпілтіп қайтқан еді. 

Бүгін назарларыңызға Ербол Айтбаевтың өнердегі замандастарының әнші туралы шағын пікірін ұсынып отырмыз. 

Сәрсенғали Жүзбай, күйші: Өнердің қай түрі де үнемі дамып отыруы керек. Дамығанда өзіне дейінгіден тамыр үзбей, белгілі бір заңдылықпен, қисынмен дамып, жетіліп отырғаны керек. Бұл өнердің өлмеуінің, мәңгі жасауының басты шарты. Егер композитор болса, оның шығарған туындысы өзгешелеу мәнерде, басқаша формада туындауы, ал жеке дара орындаушы болса автордікін өзінікіндей етіп, өзіне етене еншілеп, шығарманы жаңа бір қырынан жарқырата, жаңғырта жеткізуі керек-дүр. Өнердің айнымас заңы осы. Өнерді Ұлы көш десек сол көштің тізгін тартар тұсы өнердің қасіреті де болмақ. Мұндайда тізгін қағар бір өнерпаз қайта тумай өнердің өрге тартуы қиын. Керекулік әнші Ербол Айтпаев қос ғасырдың тоғысар тұсындағы ән өнеріне тізгін қаға келген әншінің бірі емес бірегейі. Оны туған, ән қонған Баян мен Ертістің топырағы еді. Талант топыраққа тарта туды. Жарылғапберді мен Естайдың ән құдіретін Ерболдың әншілік өнері танытты. Сыйпатын ашты. Бұл анық. Ол шырқаған «Жиырма бес» Қали Байжановтың ұлы мәнерін, әннің де табиғатын ұғындырған, бертінгі ән өнеріндегі құбылыс еді. Бұл әннің құдіретін тілмен жеткізу қиын. Ербол айтатын нұсқасы әсіресе... 

Ербол Айтбаевтың орындауындағы әндер Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Қай-қайсы да «бұрынғы әннен өзгерек...». Біржанның «Алқаракөгі», «Жалғызаршасы», Ақанның «Көкжендеті», Жаяу Мұсаның «Гәуһарқызы», Мұстафаның «Бүркітбайы», Шаманың «Шамасы». ...Таптаурындықтан, қайталаудан ада. Жүз пайыз ада! «Шаманы» тәп-тәуір орындап жүрген әншілер бар осы күні. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ, озығы, дөп түскені Ерболдікі екені даусыз. Бұл ән өзі, анда-санда қой қайырғандай «өөөөөу» деп бір айқайлап қойып термелетіп қана отыра беретін ән десеңіз қателесесіз. Шаманы айту үшін дауыстың зор қуаты керек. Дем керек. Тыныс керек. Тілдің тазалығы керек. Дауыстың құбылуы керек. Дауыстың құбылуы демекші, сөз соңында Ерболдың дауысы хақында жарты сөйлем... Ерекеңнің дауысындағы, жалпы ән айту мәнеріндегі бір дүниа, ол дауыстың құбылуы. Жалпы, Ертіс – Баяндағы әншіліктің бір ерекшелігі-ау бұл әсілі?! Ерекеңнің дауысы ән салғанда керек жерінде күндей күркірейді, енді бірде қаздың үніндей қаңқылдайды, шыққан күндей жарқырайды, кейде ескен желдей уілдейді... Мұны жорта жасау қиын, тіпті мүмкін емес. Осы ерекшеліктің арғы жағында, терең қатпарында әлгі айтқан топырақтағы туашақ өнердің әлі біз танып біле қоймаған жұмбақтау болмысы жатыр ма дейміз! 

Еркін Шүкіман, әнші: Мен әнші Ербол Айтбаевпен 1994 жылы Шымкент қаласында өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауында таныстым. Ол кездегі конкурстардың деңгейі биік, ауқымы кең еді. Кілең мықты әншілер жиналатын. Бір жағы сол кезде Әміре Қашаубаев атындағы конкурстан басқа байқау жоқ. Ол конкурстың өзі 3-4 жылда бір өтетін. Ал әншілер қай жерде бәйге бар деп ауыздығымен алысып жүретін. Жалғыз конкурс болғасын жасы үлкен ағаларымызда қатысатын. Сол конкурсқа Толғанбай Сембаев ағамен ілесіп бардым. Ол кезде мен өнер саласында емес, Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің филология факультетінде оқимын. Өнердің үлкен додасына түсіп көрмеген кезім, мен үшін таңсық дүние болды. Үлкен ортаға түспегенімнен бе әлде көп ешкімді танымағаннан ба екен, сол конкурста кісікиіктеу болып жүрдім. Бірақ көптеген әншілерді тыңдап, небір мықты дауыстарды естідім. Білістім, көрістім. Араласа бастадым. Сол байқауда өзіміздің қатарласымыз Нұржан Жанпейіс, марқұм Биғазы Тұтқабеков, Ерлан Төлеутай секілді жігіттермен таныстым. Міне, солардың бел ортасында Ербол Айтбаевта жүрді. Және Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың бас жүлдесін жеңіп алып, аты дүркіреп шықты.

Біз алғаш өнердің жолына түсіп, өнерге алғаш қанат қағып оқып жүрген кезімізде, біздің буында мынандай бір ерекшелік болды. Мысалы, Нұржан Дәнештің мектебін жалғастырса, Клара қарындасымыз Майраның дәстүрін жаңғыртып сырнайын қолына алып қазақ сахнасында жарқ етті. Ал Сержан Мұсайындар Жүсекеңнің дәстүрін өзіне жол қылып, енді бірі Байғабыл, енді бірі Манарбекше саңқылдатып әкетуге тырысып, әркім өз жолын тапқанша ізденумен болатын. Біздің буынның осы бір қасиеті осынысымен ерекше еді. Солардың ішінде Ербол Айтбаев барқыт дауысты Байжановтың әншілігін өзіне үлгі етіп алды. 

Ертіс-Баян өңірі – Жаяу Мұса, Жарлығапберді, Естай, Сапарбек, Балабек Ержановтар, Бісімілла Балабеков, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев секілді ұлы әншілерді тудырған, әннің туы тігілген, өнердің бір отаны болған, қаншама әннің базары өткен әннің мекені ғой. Ол жайында Бісімілла Балабектің «Ән сапары» кітабында ерекше атап өтеді. Солардың ішінде ерекше әншілігімен, әншілік қуатымен, асқақ дауысымен бөлектеніп тұратыны – Қали. Оның әншілігі, әнді түрлентіп, түлетіп, дамытып, құбылтып отыратын импровизаторлығы көптеген естеліктерде жазылды. Қали өмірден өткеннен кейін оның әншілік дәстүрі ел есінен ұмыт бола бастаған кезде төмен дауысымен күркіретіп Қайрат Байбосынов ағамыз жарқ етіп жарыққа шығып, өз алдына жол салып, түрен тартты. Дәріс беріп, өзіне ұқсайтыны бар, ұқсамайтыны бар көптеген шәкірт тәрбиеледі, ізбасарлары көбейді. Солардың ішінде оқшау көрінгені – әнші Ербол Айтбаев болатын. Ербол консерватория қабырғасында оқи жүріп, өзінің атасы Қалидың ән салу мәнерін жалау әрі бағдар қылып ұстап, сол арқылы ән өнерінде өзінің ізін, өз жолын, өзіне тән әншілік мектебін қалыптастырды. Байбосыновтан кейін Қалидың ән салу мәнерін бір белеске көтерген осы Ербол болды. 

Бірде Ербол досымыз Семейге сапарлай келе қалды. Мен Мәдениет Ешекеевке алып бардым. Ербол ән салды. «Жиырма бесті» орындады. Біз Ерболды шығарып салдық. Артынан қайтып келгенде Мәдениет ағамыз: «Мынау бір Қалиша айтатын бала екен. Қалидың дауысы, ән салу мәнері қалып бара жатыр еді, сол қайта жаңғырғандай болды. Қалидың биік әншілігінен қоламтасы ғана қалғанда, отын үрлеген әнші екен», - дегені бар еді. Міне, осыдан-ақ, Ерболдың баяғыдан қалған үлкен бір мектепті сақтап қалғанын, өзі де осы жолда үлкен із қалдырғанын анық байқауға болады. Ерболдың репертуары «Жиырма бестен» бастап, «Сарымойын», «Көккөбелек», «Жалғыз арша», «Алқаракөк», «Аққурай» секілді халық әндері мен сал-серілер әндерімен молынан толыққан. Ол барлық әндерді ешкімге ұқсатпай бөлек салады. Мысалы, анау «Алқаракөк» қандай керемет. Ал Зілқараның «Жиырма бес» әні айтылса Ерболдың аты қатар аталып жатады. Кейінгі өсіп келе жатқан төменгі, бас дауысты жас әншілер Ерболға қарап бой түзеп келе жатқанын көруге болады. Бір әттегенайы, Ерболдың Алматы мен Астана сынды өнердің үлкен ортасынан алыста жүргені. Оны айтып жатқаным, кейде Ерболдай әншіні біреу таныса, біреу білмей жатады. Қазір танымалдылық деген де бір ауру болды ғой. Бұл жерде біз әншіден көрі, көрермен мен тыңдарманның есті өнерді бағалауына сын айтар едік. Әйтпесе, Ерболдың даңқы 90 жылдардың басында-ақ елге жайылып кеткен болатын. Алғаш Ерболдың дауысын естігенде, мынандай жуан, мынандай төмен дауыс, әрі сұлу, сыңғыры да, күмбірі де тең көркем дауыс болады екен-ау деп бәріміз қайран қалғанбыз.   

Міне, сол Ербол досымыз қазіргі күні ердің жасы Елуге келіп отыр. Елуге дейін үлкен белесті бағындырды. Осы ешкімге ұқсамайтын әншілік өнерде көтеріле беруін, өсе беруін тілейміз. Қазір Кереку өңіріндегі үлкен әншілік өнерді ұстап, шашауын шығармай, бәріне ұйтқы болып, алтын діңгектей боп отырғаны – қазақ өнерінің қуанышы. Осы жолда Ерекеңнің белі талмасын дейміз. 

Иманғазы Нұрахмет, жазушы: Ербол Айтбаев Қазақтың ән өнерінде өзіндік орны бар, жақсы әншілердің бірі. Әннің киесі қонған өлкеде туып өскен, Естай, Байқабыл, Майра сияқты дүлдүл әншілер жасаған елдің перзенті. Аталған ұлы әншілерді жанында отырып тыңдаған үлкендердің көзін көрген азамат.  Ғажап  әнші апайы болды. Демек, жастайынан құлағына әуен  ұялаған әнші. 

Ұстазы Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, Қайрекеңнен өнеге алу кез келген әнші үшін мақтаныш екенін айтып жатудың басы артық болар. Қайрекең  әннің ұлы мұхиты секілді, кімді болса да тартып әкететін құдіретті әнші. Сондықтан әнді Қайрекеңнің өзінше айтатын шәкірттері аз емес. Ал енді Қайрат ағадан оқи отырып, оның барлық мәнерін бойына сіңіре отырып  өзінше ән салу ірі таланттың белгісі. Ерболдың сәтті айтқан «Шама», «Бір мысқал», «Қорлан», «Қоштасу», «Бүркітбай» секілді тыңдаушысын бейжай қалдырмайтын әндері осы сөзіміздің кепілі.

Біз секліді қарапайым тыңдарман үшін әншінің екі түрі бар, бірі – дыбыспен айтатын әнші, бірі – әуенмен айтатын әнші. Дыбыспен айтатындар айқайға  сүйеп айтады,  әуенмен айтатындар жүрекпен айтады деп білеміз. Дыбыспен айтатындар әнді біреуден үйреніп айтса, әуенмен айтатын әншінің жүрегіне ұялаған сарын болады. Сондықтан олардың әндері жұрттың жүрегіне жетіп, жанында сақталатын, үні құлақта қалатын секілді. Дауысы тасты жарып тереңнен шыққандай қуатты, айқайламай, қоңырлатып сөйлеп отырса да, үні ұзаққа ұшатын  әншілер солар. Қалай дегенмен де өз әуені, өз тыңдарманы бар әнші бақытты. Әнші Ербол Айтбаев міне осындай бақытты әншілердің қатарынан. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар