Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінің премьерасы Пуса...

29.08.2024 805

Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінің премьерасы Пусанда өтеді 14+

Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінің премьерасы Пусанда өтеді - adebiportal.kz

Қазақстандық кинорежиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» толықметражды көркем фильмінің әлемдік премьерасы XIX-Халықаралық Пусан кинофестивальінде өтпек. Фильм кинофестивальдің Негізгі Конкурстық бағдарламасы «New Currents» секциясына қатысып, жүлделі орынға бақ сынамақ. Фестиваль 2024-жылдың, қазан айының 2-11-і аралығында, Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткізіледі деп жопарлануда. 

Пусан – әлемнің түкір-түкпіріндегі кәсіби кино майталандардың назарын жыл сайын өзіне аударып келе жатқан Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі. Фестиваль аясындағы Конкурстық «New Currents» бағдарламасы дәстүрлі түрде жас режиссерлердің бірінші және екінші фильмдеріне баса назар аударып, айта ойы бар, көркемдік сапасы жоғары туындылардың халықаралық көрермендерге жетуін мақсат тұтады. 

Елзат Ескендірдің шығармашылық жолында Пусан кинофестивальінің орны ерекше.  2016 жылы Елзаттың «Өліара» қысқаметражды көркем фильмі осы фестивальдің «Wide Angle» конкурстық бағдарламасына қатысып, бас жүлде «Sonje» сыйлығына ие болған.  Биылғы жылы да режиссер Пусанға арнайы барып, «Әбіл» фильмін халықаралық көрермендерге таныстырмақ. 

Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ

«Әбіл» фильмі Совет Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт ағымындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасауды ұсынады.  Фильмде советтік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі мен өз жерінде, өз елінде кемсітушілікке ұшырағандығы, социализнен капитализмге ауысу кезеңіндегі екіұдай сезім, сонымен қатар, жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды. Фильм үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі кішкентай адамдардың тағдырын суреттеуді негіз еткен.

Қоюшы-оператор Йоланта Дылевска

Фильм халықаралық үлкен мамандардың қатысуымен түсірілген. Солардың бірі, белгілі режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпан», «Айка» фильмдерінің қоюшы-операторы, Польяк киносының ірі өкілі Йоланта Дылевска. 

Кинотуынды Алматы облысы, Ұйғыр ауданында түсірілген. Фильм подюсерлері Серік Әбішев, Сергей Әзімов, Ерлан Бекқожин. Ко-продюсер Юлия Ким.

Басты рөльдерде белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутай, М.Әуезов театрының белгілі актерлері Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай, Ғ.Мүсірепов театрының актері Ұлан Нүсіпәлі ойнайды.

Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақфильм киностудиясында түсірілді. Кинокартинаның дистрибьюторы «Tanaris» студиясы. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар