Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Екеудің әңгімесі. Біз – Дәрменбіз...

02.06.2023 1871

Екеудің әңгімесі. Біз – Дәрменбіз 14+

Екеудің әңгімесі. Біз – Дәрменбіз - adebiportal.kz

Бағашар Тұрсынбайұлы. Өткенге жалтақ-жалтақ қарап, ертеңге «ақырын жүріп, анық басудың» қарекетін қылып жүргенімізді ойлап, осы біздің қоғам, қазіргі қазақ баласы, жұрты рухани меженің қай кезеңінде тұр деп басың қатады. Қазақ санасы, ойы, ақыл қуаты қалай бағаланып, қандай негізге сүйеніп өлшену керек? 

Ұмтыл Зарыққан. Ақыл мен ой қуатының нақты бір ізге түскен жүйелі өлшем құралы болмаса керек. Ізгі, нұрлы, шуақты ұлттық санамыз ғасыр табалдырығын имене аттады. Айналасына бүгежектей қарады. Өйткені ол – әу бастағы қуатынан айрылған, бодандық кейіпке түскен, жат құрсақта тәрбиеленген өгей сана еді. Ержете келе Ол өзіне-өзі қарсы шықты, бар мазмұнын мансұқ етті, өз-өзінен жеріп, өз киесіне үрке қарады. Ол кие – сол үркеншек сананың Рухы, Ары, Ұяты, Әуезі, Парасаты, Өлшемі еді. Бірақ біз жасаған Орта шын бейнесінен жиренген, әуелгі негізінен айныған орта еді.  Тістесе тісі, ұстаса қолы батпады. Өз ісінен өз иісі шықпады. Технократиямыз Қытайда жасалып, Меккеден келген тасбиыққа тамсанудан аспады. Оны кем көрдік пе, кім білсін, осы айнығыш сезімімізді жас өскінге аямай беруге талпындық. Оған бүгінгі ағарту жүйеміз куә. Бұл тасқын билік жақтан жаңғыра шығып, етекке түскен сайын ентігін баса алмай тұр.

Әдебиет ұлтқа, тапқа, жынысқа, топқа бөлінбесе керек. Әдебиет әу бастан таланытты не талантсыз деп жіктелемек. Тар аядағы ұлттық әдебиет әлемдік жауһарға қосыла алмайды. Ал, кішкентай халықтың үлкен әдебиеті қай өлшемге де лайық. Әдебиет ол Адамды сүю, Адамды сүю ол ұлтты адақтау. 

«Қазақ екеніңе күмәнданып көрдің бе, көрсең, досыңмын» (Есенғали). Осы шынайы күмән, өзіңе сын көзбен қарау, ізгі рухыңа талпыныс бізді қай салада да кемелдендіре түсері ләзім. «Қазақ өлсе көмілер, көмілмесе иманы Хаққа аманат, Қазақтығың өлмесін» деп жырлаған да Есенғали. Ол да жалаң ұлтшылдық емес, ақиқатқа шыланған шындықтан. Әлемнің барлық өркениетінен игіліктене отырып,  ұлттық болмысыңды сақтай алмау, Адамдығыңды жоғалтумен бірдей. Ондай ұлт – әлжуаз ұлт, сыпырынды – халық. Ондай ұлттың орыны – жыл сайынғы ЮНЕСКО-ның құрдымға бет алған халқтарының тізімі. 

Бағашар Тұрсынбайұлы. Әлемді мойындату, дүниеге даңқ жаю жайында лепірме лебіз көп. Рас болса да асырып айтып, салмақты сөзді дабыраға, даңғазаға жиі ұластырып алатынымыз неліктен? Атаққа, мақтанға тоймаған ұлтпыз ба? 

Ұмтыл Зарыққан. Атақ, даңық, абырой, мәртебе туралы көбік сөзді көпіртіп бірәз пәлсапа соғуға болар еді. Одан кім опа табар дейсің. «Көз жасы да жарасатын көз бар-ау» (Жұмекен) демекші, атақсыз, марапатсыз алапаты асып, мысы басып тұратын ұлдар бар ғой бізде.

Француз жазушысы Жан-Поль Сартрдың Швеция әдебиет академиясына Нобель сыйлығынан бас тарту туралы жазған хатын да «Мен 250 мың долларға бола биліктегілерге өзімді сатып жібергім келмеді», - деп баян етеді. Салыстыруға ұятта болса кейде ойлайсың, 250 мың теңгелік «Шабыт» сыйлығы үшін біз неге сонша жаға жыртысып, ат сабылтып, ардан аттадық екен деп...

Біздің елдегі ең мәртебелі мемлекеттік сыйлықта да еш қадыр-қасиет қалмағандай көрінеді. Сол сыйлықтың мүддесінен шығу үшін, қаламдары әсіре нұрланып бара жатқан ағалармыз, сол жолға уақытын сарып еткенше өзіне де, еліне де абырой әкелетін халқаралық сыйлықтарға неге талпынбасқа деген ой келеді.

Ар да, Жер де, сәті түссе «Құдай» да саудаға түсе беретін біздің елде, даңық пен дақпырт туралы сөзді қаузай берудің өзі әбестік екен.

Бағашар Тұрсынбайұлы. Дүние байлығын қолына ұстап көрмеген халық сияқтымыз. Көк байрағымыз көкте желбіреген жиырма алты жылда, одан арғы шытырманға бергісіз тауқыметті тағдырымыздың талайы жолында қазақ шыққан биік, қазақ құлаған ор аз ба?! Биікті айтып масаттанбаймыз, орды айтып опынбаймыз. Туды тік ұстаған қалпы бүгінгі емес, ертеңгі, келер ғасырларда дүние есігін ашар қазақ баласы үшін еңбек қыламыз. Қазақстан болашағынан үміт етеміз. Жұрттың өтірік мақтағаны, арамдықпен даттағаны да біз үшін маңызды емес. Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішінде қулық сақтап» дегені азаматқа ғана емес, Алашқа, мемлекетке айтылған сөздей әсер қалдырады. Мемлекет басшысы шетелге ресми сапармен шығып, өзге елдің басшысымен қатар отырып дидарласқанда, біз екі тұлғаның жүздесуі деп емес, екі мемлекеттің сұхбаттасуы деп қабылдаймыз. Осындай сәттерде Абай сөзі үлкен кеңістікке өтеді.

Жер жаһанға Қазақстан келбеті көркем, парасатты, салмақты көрінгенін әр қазақ баласы жанындай қалайды. Бірақ солай көрінуіне өзінің үлесі жоқтай оқшау сезімде болады. Асылы керісінше болуы керек еді. Мемлекет қандай болғанын қаласаңыз, сіз де сондай болыңыз. Немесе сіз қандайсыз – Мемлекет сондай. Ел сізден, сіз елден бөліне алмайсыз. Бір қазақ сыртқа шықса өзін Қазақстанның өкілі сезінетіні сондықтан. Тіпті, одан бері алсақ, Астанаға кеп, түбі алматылық, шымкенттік, талдықорғандық деуіміз де содан. Ендеше әр адам барлық ізгі нәрсені өзінен бастау қажеттілігі туады. «Отан отбасынан басталады» деген ғажайып сөздің бір төркіні осы. «Алдымен өзіңді таны» деген данышпан. 

Өмір философиясы туралы ғақлия айту жас адамға жараса ма, жоқ па білеймін. Бірақ әрбір адам өмір, мемлекет туралы толғанады. Әрине, алдымен өзі туралы көп ойлайды. Біреу баласын оқытса, жақсы болсын, адам болсын дейді. Қызметте жоғарыласа, қуанады. Мақтан қылады. Содан кейін барып, елге қызмет туралы айтады. Перзентін спортқа берсе, мәселен бокса, өзіне сенімді, мықты жігіт болсын дейді. Жеңсін, чемпион болсын деп армандайды, егер нәтижелі жаттығу жасаса. Құрлық, әлем, Олимпиада чемпионы болса, балам алтын алды деп шат болады. Баласы да соған қуанады. Содан кейін барып, көк байрақ көтеріліп, әнұран ойнағанда патриоттық сезімдері оянып, көзіне жас алады. Елге абырой болғаны жүрегін толқытады. Бұл әрбір адамның жүрек түбінде эгоизм бар деген сөз. Бірақ жақсы мағынасында. Достовевскийдің бір кейіпкері айтатын: «әр жақсылықтың тереңінде титтей эгиозм бар» деп. Бұл надан өзімшілдік емес. Өзің жақсы болу, соның сәулесінен айналаға жарық шашу. Айналып келгенде эгоизмнен жұрнақ та қалмайды.

Ал көп жағдайда «мен болсам, менде болса» деген пасық өзімшілдіктен қоғам ақсап жатады. Байып, өсу, бірақ айналасындағыларды көрмеу байлық емес. Дүниенің білімін таусып, шәкірт оқытпау білім емес. Бір жерге тау боп жиылып, артынан шіріген тәтті жемістен қай жері артық? Болмаса маралдың тұяғынан шыққан алтынға тоймай, ақыры соған көміліп өлген ертегінің сараң кейіпкерінен айырмашылық бола ма?! Бүгінгі капиталистік қазақ қоғамында осы бір дерт бар ма деп ойлаймын. Ротшильдік көзқарас. Бәрін ақшаға сатып алуға болады. Ақшам көп болса, менің сөзім дұрыс. Айтқаным заң. Орындалмайтын дүние болмайды. Осылай ойлайтын адам көбейіп бара жатқандай. Көңіл алаңдайды.

«...Жалпы есте ұстайтын нәрсе, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық прогресс атаулы әдебиеттегі, сондай-ақ рухани-адамгершілік дамудағы прогрестің кепілдігі бола алмайды» депті Сағат Әшімбаев «Азаматтық позиция – айқындаушы күшінде». Қазіргі технокарттық заманда біз рухани хәлге экономикаға, я басқа да техниканың жетістігіне сүйеніп демеуші бола алмайды екенбіз. Бәлкім, жаңағы айтқан ротшильдік көзқарастардың «тамыр жайып» бара жатқаны сондықтан болар. Мемлекет тарапынан қолға алынған рухани жаңғыру бағдарламасы осыны сезгендей жедел іске кірісті. Енді осы бағдарлама қалай жүзеге асуы тиіс?

Ұмтыл Зарыққан. Әлеуметтік желіде бір жігіт «Маған күллі қазақ даласы жаңғырып тұрғандай көрінеді...» деп жазыпты. Күлмедік. Күлетіндей күйде емес едік. Жаппай ұранның астында тұншыққан бұл бағдарлама туралы мен ештеңе айта алмаймын. Жылдан асты, айтыңызшы, айналаңызда не өзгерді? Тілі бөлек, діні бөлек, ділі бөлек, тұтынуы тұтастай өзгерген Алаш баласын ортақ мүддеге ұйтқы ете алды ма?

Осы бағдарлама аясында жүріп жатқан «100 жаңа оқулық» жобасы сапалы деңгейде атқарылып, жұртқа қолжетімді болса деген тілек бар. Меніңше осы жоба әлі жалғасын тапса деймін.

Әдебиетке өркениетті жұрттың тілін білетін ойлауы озық, жұмыс жасауы қуатты жеткіншектер қосылып келеді. Шығыс пен Батысты Далалық таныммен тоғыстыра білетін сол жігіттерден шынайы жаңғыруды күткен жөн.

Бағашар Тұрсынбайұлы. Ел үшін аса маңызды бағдарламаны науқанға ұластырып жіберу – түсінбегендік. Халықтың қызығушылығы оянбаса, қанша жерден ескерткіш ашып, жиын өткізсек те ештеңе өзгермейді. (Осы уақытқа дейін ашылған ескерткіш, өткен жиын аз ба?!) Былтыр бір әншінің концерті, жаңа жылдық шырша рухани бағдарлама аясында өтті деген ақпараттар тарады. Өзге де спорттық шараларды да осы бағдарламаның шеңберіне тықтық. Онсыз да өтіп жатқан кештер мен концерттерді қағаз жүзінде бағдарламаны іске асырып жатырмыз дегенге келтіріп есеп беру үшін жасалған қадам екені түсінікті еді. Бұл реформа қағаз жүзінде емес, санада жүзеге асатын күрделі процесс. Жергілікті әкімшіліктер, мекеме басшылары маңызды құжат деп бағаланған мақалаға пародия жасап жатқандай көрінеді. Кез келген саяси маңызды, ел тарихына айырықша әсері бар бағдарламалары науқанға айналдыру кері әсерін бермесе, жемісін төккен емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тарих толқынында» деген жақсы бағдарлама қолға алынып, тоқтап қалған еді. Әлемнің шартарапынан қазақ тағдырына, қазақ халқына қатысы бар көптеген құжаттар сол кезде жиналып қалды. Бірақ сол бағдарлама да науқанның кесірінен тоқтап қалған жоқ па екен? Бұндай маңызды қадамдар үнсіз, бірақ нақты жүзеге асса, халыққа тікелей бетке ұрғандай айтпай, ой салса, қозғау болатындай. Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары қазақ санасына қалай есер еткенін бүгін көріп отырмыз. Ұлағатты ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірттері зерттеген тақырыптар Орхан-Енисей жазбаларына бастап, жыраулар поэзиясы, зар заман ақындары қазақ жастарына қаншалықты рух берді. Халықпен үнсіз тіл табысу еді бұл. Қазір халық биліктің тілін, билік халықтың сөзін түсініп отыр ма? 

Ұмтыл Зарыққан. Жуырда Моңғолияның астанасы Ұланбатырдың орталық алаңдарының бірінде жергілікті медицина саласының қызыметкерлері мен мұғалімдер биліктен жалақыларын көтеруді бейбіт және еркін түрде талап етті. Оған МХР-дың білім министрі немесе денсаулық сақтау саласының өкілдері емес, тікелей Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулганың өзі алаңға келіп халықпен тең дәрежеде пікірлесті. Билік пен Халық арасындағы диолог осындай болса керек-ті.

Бағашар Тұрсынбайұлы. Қазіргі кезде суицидке бару, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық көрсеткіштері елімізде жоғарылап барады. Мұғалімді қадірлемеу, үлкенді сыйламау, ашық арсыз дүниелерді жарнамалау белең алды. Осының бәрі Қазақстан тағдырына тікелей әсер етеді. Әдебиеттің күйін, ғылым, өнер, өндіріс хәлін, қазақ баспасөзінің жайын бәрі жақсы біліп отыр. Көзбояушылық пен жемқорлық күн сайын әшкереленіп, жазылып жатыр. Халықты іштен ірітетін паразиттер. Ал паразитпен күресудің жолы тағы қиын. Рухани бай халық, ешқашан ар сотынан, ұят шекарасынан аспайды. Марқұм Сәкен Иманасов: «Ар алдында мен өзімді әрдайым, дар алдында тұрғандай-ақ сезінем» деп жырлаған болатын. Осы қасиет әрбір қазақ баласының жүрегінде бар ма? 

Әуезов «Абай жолын» жазғанда қазақ болашағына сенді. Абай тек қана ақын, кейіпкер ғана емес екен. «Евгений Онегиндегі» Татьянаның кіршіксіз таза бейнесі Пушкин аңсарындағы орыс болса, Әуезов аңсарындағы қазақ – Абай. Роман соңында Дәрмен: «Абай аға, қадірлім, ол дәндерің өлшен жоқ. Көгеріп, көктеп келеді» деуші еді ғой.  Демек, Дәрмен – Абайдың (қазақтың) жалғасы, Әуезовтің үміті. Біз – Дәрменбіз. Әуезов үмітін ақтай аламыз ба?..

Ұмтыл Зарыққан. Дәрмен феномені – біртұтас үзілмейтін күрделі құбылыс. Онда болашақ та, өткен де, қазіргі күй де бар. Дәрмен әуелі «Ескінің соңы, жаңаны басы» – Абайдың Әбіші. Алаштың Әлиханы. Әуезовтің өзі. Өзінің аңсары, үміті, өкініші мен қасіреті, алдағы өрені көрер айдыны – бәрі осында түйіскен, тоғысқан. Әуезов үміті – Ананың сүті. Ананың ақ сүтін ақтадым деу асылық болар. Ол үзілмейтін парыз, бұзылмайтын серт, тоқтамайтын көш-керуен...

Ұмтыл Зарыққан. Кейде Акутагаваның «Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің жалғыз жолына татымайды» деген сөзін жан дүниеммен сезінгендей боламын. Бұл әуен Бодлерсіз де ықылымнан сана түкпірінде жаңғырып тұрған тәрізді. Акутагава – бейдауа, өмірзая, шығармашылық пен жасампаздықтан алыс, тәнге құштар тірлікті меңзесе керек. Біз әдебиеттен, өмірден алыстап барамыз ба? Жалғанның көзінен жанарымызды неге тайдырып әкете береміз? Әдебиет – Ардың ісі, жүрек ілімі болса, ол Әлемді тұмшалап тұрған не?

Бағашар Тұрсынбайұлы. Жан-жағыңа қарашы. Карамазовтар отбасы туралы прокурордың айтқанында шындық бар. Бірақ сол прокурордың өзіне өмір бақи сөз тимеген. Ешкім тыңдағысы келмеген. Енді бүкіл елге атағы жайылған іске айып оқу «бақытты» бұйырыпты. Құлшынып сөйлегенін айтсаңыз. Бізде осы психология бар. Кері пропорциясы да жеткілікті. Біреудің қайғысынан ләззат алып, біреудің қуанышын бөлісе алмау әдеттегі жағдайға айналды. Өзің емес, біреу кінәлі болып тұрады. Әлемді пендешілік, күнә тұмшалап тұр. Ізгілік аз. Адамдар өзін қойып, Құдаймен алысады. Құдай қайда, біз қайда?

Көзіне қамшы тиіп, қол көтерсе болды басын ала қашатын жылқыларша жасқаншақтай беретініміз де сондықтан. Өзімізді танымағандықтан. Өзімізге сенбегендіктен. Бәлкім, қорқыныш билп тұрған шығар бізді. Ал неден қорқатынымызды да өзіміз анық білмейміз...

Ұмтыл Зарыққан. Мейлі күншығыста, мейлі күнбатыста, мейлі қай тіл мен қай діннің өкілі болсын, қай қоғамның тумасы, қай өркениеттің тұтынушысы болсын саналы адам түп иесін іздемей тұрмайды. Мәңгілік сауалдардың алдында шырылдаған жаны сая іздеп шырқырайды.  Өзін іздеп шарқ ұрады. Құдайды іздеп, ақиқатты қармап талпынады. Оған әркім өзінше жол салар. Әр ғылым өзінше бағыт сілтер. Әдебиеттің көрсетер жолы қайсы?..

Бағашар Тұрсынбайұлы. Әдебиет – діни мәтін емес. Өмір. Өмірде адам қалай адасса, әдебиетте де солай адасады. Себебі сөз – жүректің қағазға түскен проекциясы. Діни әдебиет қана Құдайға жол көрсетеді. Бірақ оның өзі жеткізбейді. Жететін өзің, сенімің. Дей тұрғанмен, әдебиеттің, адам қолынан шыққан соң адамгершіліктен айтар өзге жақсылығы бар ма?! Ал адамгершілік дегеніңіздің өзі Құдай сүйер қасиет. Қандай мықты жазушыны қарасаңыз да, адам болмысының мың қатпарлы болмысын жазады. Адам жанының диалектикасы түпсіз, терең. Сірә, әдебиеттің ең тамаша көмегі ақ пен қараны ажырату. Ары қарай таңдау сіздің еркіңізде. Құдай да ерік береді. «Дінде зорлық жоқ». Бірақ судың да сұрауы бар...

Ұмтыл Зарыққан. Өнерде, шығармашылықта өлімді жеңу деген қастерлі ұғым бар. Ол іштегі бықсық ойды, сасық нәпсіні, мезеттік алданышты жүрек тұсынан сылып тастау ғана емес, ескексіз қайықты дауылды толқынға салар алдындағы тәуекелі мен күрескер дұғасы болса керек. Ғалым Т.Жұртбай Абай 5 жасында өлімді жеңген, ол күйді Әуезов «Абай жолында» «Қодар-Қамқа» уақиғасынан кейінгі бала Абайдың «Рухани түлеуімен» бейнелеп берген деген пайым айтады. Әдебиетке келердегі ізгі дайындықтан тыс, шығармашылық Тұлғаның мінезі (болмысы, ішкі тіні, ұстанымы) қалай болмақ керек?

Бағашар Тұрсынбайұлы. Бұл біз сенгіміз келетін – миф. Бәлкім, бүгін бізге алыс ақиқат. Бірақ қарап отырсаңыз, әлемнің, тіпті, қазақ ақын-жазушыларының ішінен, соның арасында классиктер де бар небір адам сүйер қылығы аздар болған. Әдебиетке келген адам ең бірінші талант болуы керек. Екінші, әрине, еңбек керек. Басқа ештеңе емес. Оған қолдан жасалған аңыз да, дақпырт та, өз заманындағы даңқ та әсер ете алмайды. Алысқа бармай-ақ кеңес үкіметі кезінде қанша ақын-жазушымыз болды. Мақталған, марапатталған. Қазір кімдер қалды? Қазір біз ол кезде мүлде мақталмаған, тіпті, көп сынға ұшыраған ақын-жазушыларды сүйіп оқуымыз мүмкін. Кафка өзі өлген соң, неше жылдан кейін әлемдік атаққа шықты. Бердібек ше? Ол өзі аңсаған тәуелсіздіктің нағыз сүйікті серігіне айналды. 

Жаңа айттық қой талант керек деп. Себебі қазір талантсыздар да ақын-жазушы болып жүр. Сосын жаттанды болса да, еңбек қажет екенін түсіндік. Себебі талантты бірақ, еңбегі жоқ, соның себебінен бітірген ештеңесі жоқ қанша замандас аға, достарымыз бар. Бұл трафареттік жауап. Айып етпеңіз. Талант – табиғат. Ал таланты бар адам табиғи мінезді болып келеді. Одан артық ештеңе керегі жоқ шығар. 

Ұмтыл Зарыққан. Тұрсынжан аға бір сұхбатында «Қазір поэзияда белгілі бір «норма», орта деңгей әбден қалыптасып болды деуге болады. Мықты да емес, осал да емес – орта деңгей. Бұл – өскендіктің де белгісі. Өлеңдер –  жақсы, өрнектер – кемел, ақындар –  талантты. Бірақ жаңа сапалық жаңғыру дәл қазір жарияланып жатқан өлеңдерден көп байқала бермейді. Өйткені, бізде жақсы мағынасындағы тоқырау жоқ. Тоқырау – тоқтау емес, өлең жазбай қою емес. Тыңаю, өріс іздеу...»  дейді. Бұл тұжырым жас қаламгерлерге де тікелей қатысты болса керек. Жаңа өріс, өзгеше жазу манеріне үрке қарау әлі басым емес пе, біздегі сапалық жаңғыру қай деңгейде?

Бағашар Тұрсынбайұлы. Бұл бірден жүзеге аса қоятын, я бірден мойындала салатын құбылыс емес. Және жауап беру де өте қиын сауал. Қазіргі отызға жетпеген жігіттердің өлеңіне, тіпті, қырықтан сәл асқан ағалар үрке қарайды. Алпысқа келгендер, асқандар туралы айтпай-ақ қоялық. Қара өлеңнің жөні бөлек. Ал ақ өлең болсын, Квятковский жазған формалық ерекшеліктер болсын, әдебиетте болуға тиіс құбылыстар деп есептеймін. Әр түрлі ақындар, жазушылар болғаны жақсы. Қалай жазса да, жақсы жазса – жетеді. Ал ол болашақта қала ма, жоқ па ол автордың бас қатыратын шаруасы емес. Оның басты міндеті іздену, жақсы жазу. Осы тұрғыдан келгенде бізде талпыныстар боланымен, әлі сапалы шығармалар толық қалыптасып, жазылмай жатыр деп ойламйын. Ал оның себептері өте көп. Таласбек Әсемқұловтың «Шырғалаңы қиын щеңбер» дейтін мақаласы бар. Сонда біраз жәйт айтылған. 

Ұмтыл Зарыққан. «Сыншының құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» дейді ғой. Жақсы және тура мағанасында, Құдай жеткізсе, өзің де жерортасы жасқа жетіп, ғасыр бел ортасынан өтіп, еліміз 2030-ды еңсеріп, 2050-ге құлаш сермеген шақтағы әдебиетіміздің өскен, өркендеген кемелді болашағын елестетіп көрсең?

Бағашар Тұрсынбайұлы. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан». 2030-2050 жылда да, амандық болып жетсек, пәлендай ештеңе өзгере қоймайды. Менің үмітім – 23 ғасыр. Сол кезде нағыз ақын-жазушылар шығады деп ойлаймын. Біз, ендігі соларға дейінгі ұрпақ шөбере, тіпті, неменеге жарайтын буынға мықты топырақ бола алсақ – жарайды. 

Бағашар Тұрсынбайұлы.Түйін: Омарта заңы. Дүниені ақыл-білімімен билеген неше мың данышпан қоғам, тіршілік туралы толғанғанда араның еңбегін қанша рет еске алды екен. Өзіне де, Құдайға да жағып еңбек ететін сол жәндіктің тіршілік қамы мен өмір салты пенде баласында болса, қанекей.

Ұмтыл Зарыққан. P.S.: ... қашаннан жақсы сұрақтың жауабы болған емес…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар