Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Думан Рамазан. Алланың әмірі...

12.04.2024 2580

Думан Рамазан. Алланың әмірі 14+

Думан Рамазан. Алланың әмірі - adebiportal.kz

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие  болмаса неге қалған?

Халық жырынан

Төр көрпенiң үстiне жамбастай жантайған Нұһ пайғамбар оң қолына қыса ұстаған сырлы тостағандағы сусыннан әлсiн-әлсiн ұрттап қойып, үн-түнсiз ойға шомып отыр. Басына сұр жыландай сумаңдаған суық ойлардың бiрi кiрiп, бiрi шығып, еңсесiн езе түседi. Бiр уақ бойын сергiтiп, көңiлiн тыныштандырғысы келгенiмен, жаны жай таба алар емес. Тар бөлмеде ауа жетпей тұрғандай, жүрегi қағып, тынысы тарыла берді. Күрсiнiсi де күшейе түскен. Қолындағы тостағанды қалай қатты қысып жiбергенiн өзi де байқамай қалса керек, бырт  етiп сынып кеткенде, шошына селк ете түстi.

– Өй,  не болды саған?! – дедi күйеуiнiң көңiл-күйiн қас-қабағынан танитын әйелі бажырая қарап. – Осынша  күңiренетiндей басыңа не күн туды?! Отбасың аман, ошағың орнында ғой!

– Заманның сұрынан қорқам. Елдiң беталысы жаман, – дедi пайғамбар  қабағын кiржитiп. – Жүрегiм бiр жаманатты сезетiн сияқты. Соны айтсам, тыңдар құлақ, ұғар кеуде аз. Тым аз.

– Қайдағыны төндiрмеші, түге! Сөзiңдi ұғар адам болмаса, несiне құр өкпе боласың. Одан да бойыңдағы сол күш-қуатынды пайдалы iске жұмсамайсың ба?!

– Сонда мен пайдасыз iспен  айналысып жүрмiн бе, сорлы-ау?! – дедi  тұла бойын ашу кернеген Нұһ әйелiн көзiмен атып. – Байғұс-ау, сен не бiлем дейсiң!

– Мен бiлсем, дәл осы жүрiсiңнен ештеңе шықпайды. Сен ел кезiп, кезбе атанғалы қай заман?! Содан тапқан пайдаң қайсы?! Не шықты ал.  Маңайыңа аннан-мұннан қашқан пақырларды жинап алдың. Солар сенi пұшпаққа шығарар, тәйiрi! Одан да өз қамыңды  күйттеп, ел қатарлы тыныш өмiр сүрмейсiң бе! Арып-ашқан мына жүрiсiң не ендi?!

– Жетер, тарт тiлiңдi сумаңдата бермей! Мен ерiккеннен ел кезiп жүр дейсiң бе?! Алла аян берiп, аманат арқалап  жүрмiн. Өмiрiмдi Құдай жолына бағыштаймын. Маңдайымды тауға ұрайын, тасқа соғайын, алған бетiмнен қайтпаймын, бағытымнан айнымаймын. Ендi менiң аяғыма оралғы болма! – Пайғамбар ашуын сабырға жеңдiрiп, салмақ арта сөйледi. – Айналайын-ау, өзiң де көрiп жүрсiң ғой адам баласының қалай азғындап бара жатқанын. Қолдан жасап алған пұттарына табынып-сыйынғандарымен, iстерiңде береке, сөздерiнде пәтуа, ауыздарында иман жоқ.

– Сонда соларды сен жөнге салам дейсiң бе?! Қолыңнан не келедi?!

– Мен бiр Алланың әмiрiмен  iс қылып жүрмiн. Алла өзi қолдайды! 

– Әке! – дедi дәл осы сәт үлкен ұлы Хам сөзге араласып. Дауысы қатқылдау шықты. – Алла сiзге аян берiп, пайғамбарлыққа таңдап алғаны рас болса,  бiздi неге көрмейдi, неғып  жарылқамайды?!

– Әкемiздiкi  дұрыс! – дедi ортаншы ұлы Сам орнынан атып тұрып, – айтқанының бәрi шындық емес пе?!

– Иә, шындық екенiн бәрiмiз бiлемiз. Бiрақ осыған осыншалық күйiп-пiсiп, жүйке жұқартудың қажетi қанша? – дедi кенже ұлы Иофес сабырмен сөз саптап. – Өмiр болған жерде жақсылық пен жамандық қатар жүрмей ме!

– Сонда бәрiне көз жұма қарау керек пе?

– Әке, сiз менi дұрыс түсiнiңiз. Ниетiңiздiң түзу, пейiлiңiздiң ақ екенiне еш күмәнiм жоқ. Бiрақ керi кеткеннiң бәрін Құдай жолына салу сiздiң қолыңыздан келе қояр ма екен?!

– Келедi! – Пайғамбар қолын сермей сұқ саусағын шошайтты. – Келедi!  Алланың құдiретi  бәрiне жетедi!

Осы кезде сырт жақтан:

– Ұстаз, жұрт жиналып қалды, – деген әлдекiмнiң қарлығыңқы дауысы естiлдi.

Нұһ пайғамбар орнынан жаймен көтерiлiп, тысқа шықты. Күн сәулесiн молынан шаша шақырайып тұр. Көзiн қолымен көлбей алдыңғы жаққа бiр қарады да, жүрексiне басып жүре бердi. Күн Ананың нұрын төге ерекше жадырап тұрғанын жақсылыққа жорыса да, көңiлiн күптi еткен  күдiктi ойлар андыздай  анталайды: «Тағы да сөз тыңдамай, балағаттап, тас лақтырса қайтпекпiн! Жарайды... Алла басқа салғанды көрермiз!» деп iштей күбiрлеп қояды.

Тау етегiндегi тас құдайларға табынатын алаңқайға адам көп жиналыпты. У-шу етiп ұлардай шуласып тұр. Арагiдiк айбаттана айқайлаған дауыстар естiледi.

– Елдi дүрлiктiрiп жүрген тағы да Нұһ па?!

– Иә, сол сабазың!

– Әй, бүйректен сирақ шығарғыш, безбүйрек-ай!

– Шамасына қарамай тыныш жүре алмайды екен өзi!

– Осы жолы мықтап тойтарыс беру керек!

– Үнiн мүлде өшiру керек!

– Аузына  құм құю керек!

– Әне... әне... Маймылдай  маймаңдай басып келе жатқанын қарашы! – дедi ортада теректей сорайып тұрған қара жiгiт қарғадай қарқ-қарқ күліп. – Пайғамбардың түрiн...

Жиналған жұрт қыран-топан күлкiге кенелiп, бiр жырғап қалды. Өздерiнше қыр көрсеткендей, мырс-мырс етiп, миықтарынан күлiсiп қояды.

Пайғамбар  ештеңенi елең қылмастан аяғын жылдамдата басып келдi де, ортаға оза берiп:

– Ей, қауымым! – дедi сабырлы қалпында сөз бастап. – Сендер  мына тас пұттарды өз қолдарыңмен қашап жасадыңдар. Олардың жай әшейiн құр тас екенiн де бiлесiңдер. Сөйте тұра оларға бас ұрып, табынасыңдар. Қане, айтыңдаршы, осыларың жөн бе? – Нұһ көптi көзiмен көктей бiр шолып өттi де, сұрағының жауабын күтпестен сөзiн қайта жалғады, – бiле бiлсеңдер, Алладан басқа Тәңiр жоқ. Аллаға құлшылық етiңдер. Дүниенi жаратушы да, әлемнiң әмiршiсi де Алла. Сендердi де Алла жаратты... ризық бердi. Жалғыз жаратушыға – Аллаға сыйыныңдар! Тас пұттарға табынуды тоқтатыңдар!..

Алдыңғы  жақта тұрған қаба сақалды жiгiт ағасы мойнын соза түсiп:

– Шынында да, бұл жөн сөз-ау! Мына тас мүсiндер не сөйлемейдi,  не қозғалмайды, не бiр тылсым құдiрет-күшi жоқ.  Ендеше бұлар қалай Құдай болмақ! – деп едi ағынан жарыла. Жанында тұрған бүкiр шал оны иығымен қағып: 

– Тарт тiлiңдi, ақымақ! – дедi көзiн бағжаң еткiзiп. – Олай деуге қалай аузың барды. Бұлар бiздiң ата-бабаларымыз сыйынған Құдайларымыз емес пе?!

– Иә, солай! – дедi тапал сары шалдың сөзiн iлiп әкетiп, – бiз олардан ешқашан бас тартпаймыз. Өз салт-дәстүрiмiздi берiк сақтаймыз!

– Нұһтың өзi кiм, сөзi кiм?! Бiзге ақыл айтатындай кiм ол өзi?!

– Жарымай жүрген кембағал емес пе едi?!

– Ақымақты тапқан екен!

– Есi дұрыс емес!

– Расында да, ақылынан алжасқан-ау, шамасы!..

Бойларына желiк бiтiп желiккен топ бiрiнiң сөзiн бiрi қайталай шуылдасып қоя бердi. Азан-қазан, у-шу болды да кеттi. Сөз тыңдайтын түрлерi жоқ. Лепiре елiрiп, жын соққандай құтырып алған.

Осындай ұрымтал сәттi күтiп тұрған тайпа көсемi ортаға суырылып шығып:

– Ей, Нұһ, – дедi кәрiн төгiп. Жұрттың сөзi сап тиылып, төңiрек құлаққа ұрған танадай тына қалды. – Сенiң есiң дұрыс емес. Ылғи да адамның ақылы жетпейтiн бiрдеңелердi айтасың да жүресiң!

– Мен – Алланың шын елшiсiмiн. Сендерге Тәңiрдiң аманатын жеткiзушiмiн. Алла өзi аян берiп, адасқандарды  ақиқат жолына салуды тапсырған. Мен сендердiң бiлмейтiндерiңдi бiлемiн. Қияметтiң азабына  ұшырай ма деп қорқамын. Содан сақтандырып, алдын ала ескерту үшiн, Алланың шапағатына бөленулерiң  үшiн сөз арнаймын. 

– Алланың таңдауы нелiктен саған түскенiн бiз бiлмеймiз. Түсiне де алмаймыз. Сен жарымаған жансың ғой. Тәңiрi өзiнiң елшiсi етiп жiберетiндей сенiң бiзден қай жерiң артық?! 

– Мен өзiмде Құдайдың қазынасы бар демеймiн, ғайыпты бiлушi едiм деп те айтпаймын, перiште едiм дегiм де келмейдi. Қолым қысқа болғанымен, Аллаға шын берiлген адал жанмын.  Жаратқан адамдардың жүрегiндегiсiн бiледi. Өзiне шын берiлген сүйiктi пенделерiне екi дүниенiң сауабын жазады,  нұрын төгiп,  рақымына бөлейдi. Егер менi кедей деп көзге iлгiлерiң келмесе, байлық пен баланы берген Алланы  неге ардақтамайсыңдар? Алла сендердiң дәулеттерiңдi молайтты, әулеттерiңдi көбейттi. Барлыққа кенелттi. Емiн-еркiн дәурен сүрiп, алаңсыз өмiр сүрулерiң үшiн  жұмыр жердi  мекен етiп бердi.

– Сенiң бұл өтiрiгiңе ешкiм де сенбейдi. Мен байлықты да, баланы да өзiм жасадым, сөйтiп, бақтың сарайын өз қолыммен тұрғыздым! – Көсем қоқилана түскен.

– Астапыралла, – дедi пайғамбар жағасын ұстап, – қалай-қалай  сөйлейсiң. Мына қалпыңда ауыр азапқа душар боласың-ау! Жамағат, Алланың қаһарына ұшырамай тұрғанда тәубаға келiңдер. Құдайға ғибадат етiңдер! Сендердiң кейбiр күнәларың мен қателiктерiңдi  Алла кешiредi. Алла кешiрiмдi һәм қатал!

– Бiз бәрiбiр  саған сене алмаймыз.  Сен нағыз  су жұқпас суайтсың. Сен бар-жоғы  кеудесiнде жаны бар жұмыр басты пенденiң бiрiсің. Сонымен  қоймай, бiзден үстем болғың келедi. Егер Алла шынымен пайғамбар жiбергiсi келсе, перiштелердi жiберер едi ғой!

– Сендер барып тұрған көрсоқырсыңдар! Ақиқатты ести, шындықты көре алмайсыңдар. Тәңiрдiң өзiне күмән келтiресiңдер. Соңғы рет айтамын, Алланың кәрiне ұшырамай тұрғанда терiс жолдан бұрылып, түзу жолға түсiңдер! Алладан медет тiлеңдер!

– Ей, Нұһ!  Сен бiздi  ылғи Алланың азабымен қорқытпақ боласың. Егер айтқаның рас болса, көрсетшi сол құдiретiңдi. Қаһарыңды төгiп бақшы!

– Оны, егер қаласа, Алла ғана көрсете алады. Сендер одан қашан болса да қашып құтыла алмайсыңдар. Жаратушыларың – Алла, бәрiң де  оның еркiне барасыңдар.

– Жетер ендi? – дедi ашуы терiсiне сыймай кеткен тайпа көсемi бақадай бақылдап. – Егер ендiгәрi  бұл сандырағыңды қоймасаң, бiз сенi таспен атып өлтiремiз! Бiзден аулақ жүр! Мазасын алма мына жұрттың!  Әйтпесе сенi де сол Аллаңның қасына жiберемiз! Ал бiз өз пұттарымызға сыйына беремiз!

– Осы сөз – сөз! – деп қойдай жамырап қоя бердi елiрген топ. –  Аманыңда бұл жерден табаныңды жалтырат! Бұл насихатыңды қоймасаң,  жаныңды жаһаннамға  жiберемiз!

Iстер  амалы таусылып, дымы әбден құрыған Нұһ пайғамбар ендi ештеңе  өндiре алмасын сезiп:

– Ей, жұртым! Егер сендердi Алла сөзiмен сақтандырғаным күнә  болса, мен қойдым, өз бiлгендерiңдi iстей берiңдер. Тек соларың  өз бастарыңа таяқ боп тиiп жүрмесiн. Маған да ойларыңдағыны жасаңдар. Мен сыйымды Алладан күтемiн, Аллаға ғана құлшылық етемін! – дедi де, керi бұрыла бердi.

– Ей, Нұһ, – дедi пұтқа табынушылар артынан айқайлап, – егер сен айтқаныңнан қайтпасаң, сөз жоқ, таспен атып өлтiрiлгендердiң бiрi боласың! 

Қауымынан мүлде көңiлi қалып, жүрегi шайлыққан Нұһ пайғамбар оңашалау шығып, өзiнiң жебеушiсi Аллаға жалбарына тiл қатты:

– О, Тәңiрiм!  Мен өз қауымымды күндiз-түнi иманға үндеп, жар құлағым жастыққа тимей уағыз айттым. Бiрақ олар сөзiме құлақ аспай, бойларын менен аулақ салды. Күн-түн демей насихатымды ашық та, жасырын да жүргiздiм. Онымнан жарытып ештеңе шықпады. О, Тәңiрiм, енді өзiң қол ұшын бере гөр! Дүниенi шынымен тазартқың келсе, жер бетiнде бiрде-бiр дiнсiздi қалдыра көрме! Ақиреттiк азабыңды жiбермесең, жер бетiнде азғындар қаптап кетерi сөзсiз. Ал өзiңе иман айтқан адал пенделерiңдi ақ жолыңа бастай гөр, жамандығыңнан сақтай гөр! – деп Алладан медет тiледi.

– Ей, Нұһ, – дедi Алла Тағала, – сен оған басыңды қатырмай-ақ қой. Мен жер бетiне топан су қаптатамын да, саған ерген мүмiндерден басқалардың бәрiн құрдымға жiберемiн. Сен ендi соған дайындал! Бүгiннен бастап кеме жасауға кiрiс!

Нұһ пайғамбар Алланың әмiрiн екi етсiн бе, қасындағы серiктерiмен күндiз-түнi жан аямай жанталасып, аз ғана уақыттың iшiнде  алып кеме жасап шықты. Олардың жұдырықтай жұмыла еңбектенiп  жатқандарын  көрген дiнпезерлер:

– Ей, Нұһ, сен кеше ғана өзiңдi Алланың елшiсiне балап, бiзге уағыз айтып жүр едiң. Ендi ағаш шауып, кеме жасауға көшкенсiң бе?! Тақуалықтан ағаш жонуды артық көргенсiң-ау, шамасы! Осының дұрыс! – деп мазаққа айналдырып, келеке қылып жүрдi.

– Егер бүгiн бiздi табаласаңдар, ертең дәл осылай бiз де сендердi тәлкек қыламыз. Көр азабын кiмдердiң тартатынына, тозақ отына кiмдердiң шыжғырылатынына көп  ұзамай-ақ көздерiң  жетедi, – дейтiн Нұһ пайғамбар да оларға қыр көрсетiп, – әзiрше азырақ асқақтай тұрыңдар. Сосын көресiңдер көресiндi!

Пайғамбар айтса айтқандай, күн өткен сайын азғындардың өмiрi қысқарып келе жатты.

– Кеме дайын! – дедi азық-түлiк тиеп бiткен күнi тастай түйiнген Нұһ  Алла Тағалаға алдын ала ескертiп. – Бiз де дайынбыз!  Не бұйырасыз?

– Ең алдымен, жер бетiндегi жан-жануарлар мен жәндiктердiң әрқайсысынан бiр-бiр жұптан енгiз, – дедi Алла әмiр етiп, – содан соң соңыңа ергендер кiрсiн!..

Пайғамбар мүминдерiн ертiп, жан-жануарларды бiртiндеп жұп-жұбымен кiргiзе бастады. Бiрiншi болып шырылдауық шегiртке секiрiп шықты. Сонан кейiн жыбырлап құмырсқа кiрдi. Сөйтiп, төрт түлiк бастатқан жан-жануарлар бiртiндеп келiп, жұп-жұбымен кемеге жайғасып алады. Есектiң iшке кiрмей, құлағы салпиып далада тұрып қалғанына ызасы келген Нұһ пайғамбар:

– Әй, малғұн, неге қақиып тұрсың! Кiр бол! – деп айқай салады. Сөйтсе, шайтан есектiң құйрығынан мықтап ұстап алып, тырп еткiзбей тұрса керек, пайғамбар ақырып қалғанда ол да зып берiп кемеге кiрiп кетедi. Оны байқап қалған Нұһ жанына жетiп барып:

– Әй, шайтан, саған бiздiң арамызда орын жоқ! Неге кiресiң. Шық, жаның барында! – дейдi қаһарланып.

– Өзiңiз «кiр, малғұн!» деп шақырдыңыз ғой!

– Мен сенi емес, есектi шақырдым.

– Малғұн деп есектi емес, менi атайды ғой! – дейдi шайтан табан астында моп-момақан бола қалып.

Пайғамбар сөзден ұтылғанын түсiнiп, қапелiмде не айтарын бiлмей тосылып қалады да, «бұл жалғыз, бiз көппiз. Не iстер дерсiң?!» деген оймен үн-түнсiз керi бұрыла бередi.

Пайғамбардың жанына ерткен серiктерi кезекпен келiп бос тұрған орындарға жұбайларымен жайғасады. Ең соңынан әйелiн алдыға салып, екi ұлы мен жалғыз қызы кiредi.

Сол-ақ екен, жер бетi шұрқ тесiлiп кеткендей, әр тұстан су атқылап шыға бастайды. Iле-шала көк аспанда қара қошқыл бұлттар қаптап, төңiрек күңгiрт тартып, ауа райы аяқ астынан бұзылып сала бередi. Күн  шатыр-шұтыр күркiреп, жарқ-жұрқ етiп найзағай ойнап, жаңбыр шелектеп тұрып құяды.

Лезде-ақ жер дүниенiң бәрiн су алып, теңiздей толқынданып, деңгейi тез-ақ көтерiлiп келе жатты. Дәл осылай болар деп ойламаған дiнпезерлер жандарын шүберекке түйiп, жан далбасалап тауға қарай ағылады.

Нұһ пайғамбар көппен бiрге жанталаса су кешiп бара жатқан үлкен  ұлына жаны ашып:

– Балам, имансыздарға ерме, кемеге мiн! – дейдi айқайлап. – Бүгiн Алланың рақымы түспеген бiрде-бiр пенде тiрi қалмайды! 

– Жарығым, қайда барасың... бiзден бөлiнiп. Келсеңшi берi! – дедi шешесi де шыж-быж болып, – қайт... Қайт дедiм ғой! Құлыным... Ботам...

Хам ләм-мим деп жауап та қатқан жоқ, артына бұрылып та қарамады. Кеудесiн ұрған асау толқындар алды еркiне қоймай тербете бастаса да, қайрылып қарағысы келмедi, райынан қайта қоймады.

Кенет күштi дауыл соқты да, жал-жал толқын көкке шапшып, Хамды жұтып жiбердi. Баласының суға кеткенiн өз көзiмен көрiп тұрған Нұһ пайғамбар өзiнiң дәрменсiздiгiне күйiнiп, өзегi өртенiп бара жатты. Iшiнен дұғасын оқып, Аллаға жалбарынып, мiнәжат еттi:

– О, Жаратқан жаппар ием! Балам менiң нәсiлiмнен едi, құтқара гөр! Сен бәрiн бiлiп, бәрiн көрiп тұратын рақымдылардың рақымдысысың ғой! – деп зар қақты.

– Ей, Нұһ, – дедi Алла, – сен өзiң бiлмейтiн нәрсеге килiгiп, орынсыз мiнәжат етушi болма! Ақиқатында имансыз ұл сенiң үмметiңнен емес!

Өзiнiң буынсыз жерге пышақ ұрғанын түсiнген Нұһ амалсыздан Аллаға мойынсынып, тәубасына келдi:

– О, Жаратқан Ием! Нағыз бiлгiр, нағыз дана өзiңсiң. Сенiң үкiмiңнен асқан әдiлет жоқ. Бiздi ақ жолыңа бастай гөр! – дедi қайғысын ақылға жеңдiрiп, – сенің құдiретiң күшті ғой! Бiздi ең  құтты қонысқа қондыр! Бүкiл мадақ саған ғана лайық!

Кеме су бетiнде қалықтай жүзiп келе жатты. Арыңды, асау толқындар  кеменi соғып  шайқаған сайын, iшiндегiлердiң зәре-құттары қалмай, Аллаға мiнәжат етіп, жалынып-жалбарына түстi.

Күн өткен сайын ағыс күшейiп, жолдағы тау-қыраттар су астында көмiлiп қала бердi. Бiрте-бiрте топан су биiк шыңдардың ұшар басына дейiн көтерiлiп, кеме аспанмен астасып бара жатты.

Күн-түн демей ұзақ жүрiп, өзектерi талған кемедегiлердiң iшiп-жеуден қолдары бiр босамады. Кеменiң iшi дәретке толып, аяқ алып жүргiсiз ластанып кеттi. Сасыған иiс жер-көктi алып, тыныстарын тарылта түстi. Қандай қайла қыларын бiлмей сасқан Нұһ пайғамбар тағы да Аллаға жалбарынды:

– О, Жаратқан жаппар ием! Кеменiң iшi былғанып бітті. Не iстесем екен? дедi жәрдем тiлеп.

– Ей, Нұһ, – дедi Алла, – пiлдiң арқасын сипа! 

Пайғамбар пiлдiң арқасын сипап қалуы мұң екен, оның сала құлаш  мұрнынан доңыз домалап түсiп, едендегi нәжiстердi қомағайлана жей бастайды. Әп-сәттiң iшiнде кеменiң iшi тазарып сала бередi. Мұны байқап қалған шайтан жай жатсын ба, не болар екен дегендей, доңыздың арқасын сипап кеп жiбередi. Сол – сол-ақ екен, доңыздың  таңқы танауынан тымпиған тышқан ытып шығады да, тiмiскiленiп жүрiп кеменiң ағашын кемiрiп, еденiн тесiп тастайды. Сол тұстан жылымдап су кiре бастағанда, Нұһ Алладан қайыра ақыл сұрайды. Алла оған:

– Бұл тышқанның iсi. Жолбарыстың арқасын сипала! – деп нұсқау бередi.

Пайғамбар жолбарыстың арқасын сипаған сәтте, оның тұмсығынан мысық мяулай атып шығып, тышқанға тап бередi. Доңыз сияқты оның да аш өзегiне түсiп кетсе керек, тышқанды тiсiне қысып алған күйi бұрыш жаққа алып барып, шайнап-шайнап қылғытып жiбередi. Сөйтсе, Нұһ пайғамбар осы үшеуiн кемеге кiргiзбей қойған екен. Доңыздың парықсыздығынан жиiркенiп, тышқанның сұғанақтығынан қауiптенiп, мысықтың тiлеуiнен қорықса керек.

Кеменiң астыңғы қабатына бiрте-бiрте су тола бастайды. Нұһ қасындағыларды жинап алып:

– Суды қалай тоқтатуға болады? – деп ақыл-кеңес құрады. Ыс-ыс етiп, басын қақшитып алған шұбар жылан:

– Тесiктi бекiтiп, суды тоқтатсам не берер едiңiз? – дейдi айыр тiлiн сумаңдатып. – Не сұрасаң, соны беремiн! – дейдi амалы құрып, тағаты таусылған пайғамбар дегбiрсiзденiп.

– Кiмнiң қаны тәттi болса, соны берiңiз!

– Қалауың болсын!

Пайғамбардың батасын алып, көңiлi марқайған жылан ирелеңдеп суға сүңгiп кетедi де, тесiктi құйрығымен бiтей жата қалады. Қалғандары қарап тұрмай, жиылған суды сарқа төгiп, кеме iшiн тап-тұйнақ етедi де, ағаштан тығын жасап, мық шегедей мықтап бекiтедi.

Пайғамбардың қолдауына, айналасындағылардың қолпаштауына ие болып, көп ұзамай арам ойының iске асатынына масаттанған шұбар жылан өрекпiген көңiлiн баса алмай, кеменiң еденiн тiлiмен жалап, айнадай жалтыратады да,  сол екпiнмен пайғамбарға келiп:

– Ал ендi уәдеңiздi орындаңыз! – дейдi жалаңдап.

 «Уәде – Құдай сөзi» екенiн бiлетiн Нұһ  масаны шақыртып алып, кiмнiң  қаны тәттi екенiн бiлiп келуге жұмсайды. Ол зырылдап жүрiп бәрiнiң қанын татып көредi де, өз ойын айтуға қайтып келе жатады. Оны сырттай торуылдап жүрiп жолдан тосып алған қарлығаш алдын кес-кестеп тоқтатады да:

– Кiмнiң қаны тәттi екен? – деп сұрайды түк бiлмегенсiп.

– Адамдiкiнен артығы жоқ қой! – дейдi маса ағынан жарылып.

– Оны бәрiмiз де бiлемiз. Менiң саған елшi болып келiп тұрғаным да сол. Сен қазiр пайғамбардың алдына барғанда жыланның көзiнше «бақанiкiнен артығы жоқ екен» деп  айтасың.

– Қалайша?

– Сонда адамның саған да мейiрiмi түсiп, қайырым жасайды.

– Жоқ, мен адам баласынан көп теперiш көрдiм. Талай мәрте тұмсығымды бұзып, аяғымды сындырды. Жаңа да бiреуiнiң қанын сорып, дәмін көрiп жатқанда жалпақ алақанымен бiр ұрып, өлтiрiп қоя жаздады. Әйтеуiр, әупiрiмдеп аман қалдым. Сондықтан өтiрiк айта алмаймын.

Масаны айтқанына сөзбен көндiре алмасын сезген қарлығаш:

– Қане, тiлiңдi шығаршы, мен де бiр жалап көрейiн! – дейдi айлаға көшiп. Маса аузын аңқитып аша бергенде, қарлығаш оның тілін тістей алып, түбiмен жұлып алады. Жаны шыға шырқыраған маса Нұһ пайғамбарға қарай зымырап ала жөнеледi. Соңынан қарлығаш та қалмай ұшып келедi. Пайғамбар масаның булығып сөйлей алмай тұрғанын көрiп:

– Ей, неғып қырылдап тұрсың. Кiмнiң қаны тәттi екен? – дейдi ашу шақырып. Сол кезде қарлығаш сөздi iлiп алып: 

– Әлгінде ғана маған «бақаның қаны тәттi екен» деп келе жатқан, – дейді шиқылдап.

Нұһ пайғамбар жанында жайланып жатқан жыланға бұрылып:

– Бақаның қанын сор! – дейдi бұйыра. 

Ашуы бетiне шығып, жарылардай iсiнiп кеткен шұбар жылан  қарлығашқа ысылдай тап бередi. Қарлығаш қаша жөнелiп, жылан оның  құйрығының екi ортасындағы қауырсынды ғана тiстеп қалады. 

Кемедегi ұзақ жүрiстен қажыған, әрi жер бетiнде бiрде-бiр дiнсiздiң тiрi қалмағанына көзi анық жеткен Нұһ пайғамбар Аллаға жалбарынып, топан суды тоқтатуды сұрайды.

Алла Тағала көкке жаңбыр жаудыруды қойдырып, жерге суды сiңiрiп алуды тапсырады. Сол-ақ екен, жауын жаууын тоқтатып, су тартыла бастайды.

Кеме жылдамдығын баяулата келiп, қазақ жерiндегi Қазығұрт тауының басына тоқтайды. Нұһ пайғамбар терезенiң перделерiн ашып, сыртқа көз салады. Шашырай түскен күн сәулелерiн көргенде кемедегiлер де жамырай шуласып қоя бередi.

– Нұһ, тезiрек есік аш! Далаға шығайық! Жерге түсейік! – дейді тағатсыздана.

– Сәл шыдай тұрыңдар! – дейдi Нұһ сабырға шақырып. – Алдымен жер жағдайын бiлiп алайық. Кәне, кiм барып жер шолып қайтады. Әйтпесе сазға малтығып қалуымыз мүмкiн!

– Мен барып келейiн! – дейдi қарға қарқ-қарқ етiп.

– Саған бiреу кепiл болсын! – дейдi оған пайғамбар онша сенiңкiремей.

– Мен кепiлдiк беремiн! – дейдi қораз қоқиланып.

– Жарайды, ендеше!..

Нұһтың күптi көңiлi алдамапты. Қарға сол кеткеннен мол кетедi. Су тартылған, айнала сазбалшық, теңкиiп-теңкиiп жатқан өлiктер тiптен көп. Қарға өлекселерге құнығып, келген шаруасын мүлде ұмытып кетедi. Кепiлдiк берген сорлы қораз кеменiң үстiне шығып, қанша қыт-қыттағанымен, қарға қайтып оралмайды. Бұған қатты кейiген Нұһ пайғамбар қарғыс атқыр қарғаны қарғап, қораздың қанатып қиып, ұша алмайтын етiп тастайды. Ашуы тарқамаған күйi көк кептердi шақырып алып:

– Сен барып, жер шолып келесiң! Қарға сияқты жоғалып кетпей,  тезiрек қайт! – деп қатаң ескертеді.

– Айтқаныңызды екi етпей орындаймын! – деп көк кептер ұша жөнеледi. Төмен құлдилай келiп қараса, жер құрғаған сияқты. Байқап көрмек болып жерге қонақтаса, әлi сыздауыттау екен. Жалма-жан керi бұрылып, кемеге қайтып келедi.

– Жер әлi кебе қоймапты! – дейдi келе сала.

– Мен саған жерге қонба деп едiм ғой! – дейдi пайғамбар кейiп.

– Қонған жоқпын ғой! – дейдi көк кептер ақталған болып.

– Неге жалған сөйлейсiң! Аяқтарыңдағы батпақты көрмейдi дейсiң бе?! Өтiрiк айтқаның үшiн аяқтарыңдағы батпақ жабысқан жердiң бәрiн түк бассын! – деп өз кесiмiн айтады.

Кемедегiлердiң «Қашанғы шыдаймыз! Есiктi аш!» деп улап-шулағанына қарамастан, Нұһ пайғамбар сақтық жасап, ешкiмдi сыртқа шығармайды. Аз күн  оздырып, барлауға ақ көгершiндi жiбередi. Оған тәтпiштеп ештеңе айтпайды, ешқандай ескерту жасамайды. Өйткенi ақ көгершiннiң өзi-ақ тапсырманы ойдағыдай орындап келетiнiне нық сенімдi едi.

Пайғамбардың сенiмi бойына қуат бiтiрген ақ көгершiн төңiректi түгел шолып, тез-ақ қайтып келедi. Аузына тiстеген бiр тал жапырағы бар.

– Жер әбден құрғапты! – дедi жемсауы бүлк-бүлк етiп. – Ана бiр таудың ар жағында жалғыз бәйтерек жайқалып өсiп тұр. Сiзге көрсетейiн деп бiр тал жапырақты жұлып алып едiм, сол жерден су сорғалай бастады. Тер басып шөлiркеп тұр едiм, жайлап ұрттап көрсем, тiптi тiлiмдi үйiрiп барады. Дәмi бал татиды, шырын дерсiң! – дедi тамсанып. – Қанғанымша жұтып, сiмiре берiппiн. Бойым  сергiп, көзiмнiң шырадай жанғаны-ай!

– Онда сол жерге  барып, шатырымызды тiгемiз!

Осындай шешiм қабылдаған Нұһ пайғамбар ақ көгершiнге риза болып:

– Сенiң өмiрiң адамдармен бiрге болсын! Адамдар өз орталарынан саған орын берсiн! – деп ақ батасын берiп, мойнына алтын алқа тағады.

Төнiп тұрған ешқандай қауiп-қатердiң жоқтығына көзi әбден жеткен Нұһ  пайғамбар кеменiң есiгiн ашып, жерге түседi. Екi ұлының демеуiмен сүйретiлiп, аяғын әрең басып келе жатқан әйелi:

– Балам Хам... Жанымды отқа орап кеттiң ғой! Өспей жатып өштiң ғой, құлыным! Жанбай  жатып сөндiң ғой, ботам! – деп зар илейді.

– «Болған iске болаттай берiк бол!» деген. Тағдыр солай болса, амалымыз қайсы! Алла өзi бердi, өзi алды. Сабырға көш, ақылға кел!  Алланың жазуы солай! – деп пайғамбар жұбайын жұбатса да, iшiнен өзi бiлдiрмей егiлiп тұрды.

Ал серiктерiнiң ойларында ештеңе жоқ, қуаныштары қойындарына сыймай, жүздерi шаттықтан бал-бұл жайнап, қосыла ән шырқап, ырғатыла би билеп барады. Жан-жануарлар мен жәндiктер кемеден түсе сала жан-жаққа тарыдай шашырап, тау-тасты сағалап, жөндерiмен жөней бердi.

Нұһ таудан түсе бере сай жақтан өзiне қарай беттеп келе жатқан ақжаулықты ананы көзi шалды.

– Бұл кiм болды екен? – дедi таңданып, – жер бетiнде бiзден басқа тiрi жан қалмап едi ғой!..

Жақындап келгенде, ауылындағы қара кемпiрдi жазбай таныды. «Бұл қайдан жүр? Қалай келдi? Қайтiп тiрi қалды?» деген сансыз сауалдар ой-санасын осып-осып өттi. Ең алғаш өзiнiң пайғамбар болатынын айтқан осы кейуана едi. Ол кезде Нұһтың  пайғамбар болу өңi түгiл, түсiне де кiрмейтiн. Кемпiр байғұс жалғыз сиырын сауып, сүтiн Нұһқа өзi әкеп беретiн. Ылғи да берген пұлын алмай, қолын керi итерiп:

– Сен әлi Алла қолдап, пайғамбар боласың. Адамдардың ниет-пиғылдары бұзыла бастағанда жер дүниенi топан су басып, азғындар ажал  құшады. Сенi Алла кеме жасатып, адал пенделерiмен бiрге аман алып қалады. Сол кезде менi де, сиырымды да ұмытпай өздерiңмен бiрге ала кетерсiң! – дейтiн. Нұһ сол кезде оның айтқандарына сене қоймаса да, сиырының сүтiн ақысыз әкеп беретiнiне шын көңiлмен разы болып, ұмытпауға уәде беретiн. Сол жалғыз сиырдың сүтiмен-ақ құрсақтарына ел қондырып, өзек жалғаған күндер де бастарынан өткен. Албасты басып, ала тайдай бүлiнген сапырылыс кезiнде сол кемпiрдi тарс есiнен шығарып алыпты. Нұһ пайғамбардың екi бетi алаулай қызарып кеттi. «Ұялған тек тұрмастың» кебiмен:

– Қалай аман қалдыңыз? – дедi сасқалақтай.

– Алладан сұра! – дедi кемпiр қолындағы шелек тола сүттi ұсынып жатып. – Ашыққан шығарсың?!

– Рақмет, шешей! – дейдi Нұһ басын иiп, – айып менен!

– Жоқ... Қайта саған рақмет! Сиырым екеумiздiң аман-есен осы жерге жетуiмiздiң бiрден-бiр себепкерi өзiңсiң?

– Қалайша?

– Аллаға аян! – Кемпiр кетуге ыңғайланып, керi бұрыла бердi.

– Шешей, қайда барасыз?

– Бiр Алла бiледi!

– Сiзге айтар алғысымыз шексiз! – дедi Нұһ пайғамбар кемпiрдiң жақсылығын қайыра есiне алып. – Алла разы болсын!

– Саған да Алланың нұры жаусын! Екi дүниенiң қызық, рақатын көруге жазсын! Әманда  алдың ашық болсын! – деп батасын бердi де, келген iзiмен жөнiне кете барды.

Нұһ пайғамбар бүкшеңдей басып ұзап бара жатқан бүкiр кемпiрдiң  соңынан көпке дейiн көз ала алмады. Қария өзiмен бiрге тұтас бiр дәуiрдi арқалап әкетiп бара жатқандай көрiндi. Ойына өткен өмiрi түсiп, көңiлi босап, көзiне жас iркiлдi.

– О, Жаратушы Жаппар Ием! – дедi қолын жайып. – Саған ғана құлшылық етiп, сенен ғана медет тiлеймiз! Бiр өзiң жар болып, пәле-жалаңнан сақтай гөр!

– Ей, Нұһ, – дедi Алла, – сендер үшiн жер бетiне ризық тараттым! Игiлiгiн көрiңдер!

– О, Жаратқан! – дедi Нұһ пайғамбар бетiн сипап. – Бергенiңе де,  алғаныңа да шүкiр!

Аспан шайдай ашық. Күн қасқайып тас төбеге көтерiлген. Лүп еткен жел жоқ. Көк жүзiнде қалықтап ақ көгершiн ұшып барады.

* * * 

Мiне, осылай Нұһ пайғамбардың кемесi қасиеттi Қазығұрт тауының басына қайырылып, адамзат баласының топан судан кейiнгi өмiрi киелi қазақ даласынан басталған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар