Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Дрина көпірі – Батыс пен Шығыс...

18.04.2024 1216

Дрина көпірі – Батыс пен Шығыс

Дрина көпірі – Батыс пен Шығыс - adebiportal.kz

Жақында әлемге әйгілі серб жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Иво Андричтің «Дрина көпірі» романының қазақша аудармасы жарық көрді. Атақты шығарманы қазақтың көрнекті қаламгері марқұм Таласбек Әсемқұлов аударған екен.  Сәуір айының 20-сы күні Steppe&world баспасы «EURASIAN BOOK FAIR – 2024» – Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында осы кітапты оқырманға таныстырмақ. Осыған орай, біз Таласбек Әсемқұловтың жары, жазушы, мифолог, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай мен Steppe&world баспасының бас редакторы Ырысбек Дәбейді әңгімеге тартқан едік... 

Зира НАУРЫЗБАЙ: 

«Талтүс» «Дрина көпірінен» бастау алады

– Таласбек аға «Дрина көпірін» қай жылдары аудара бастады, жұмыс қанша уақытқа созылды? 

– Таласбек бұл романды 2000 жылдардың басында аударды. Нақты қанша уақыт отырғаны есімде жоқ, әйтеуір «Дрина көпірін» аударып біткен соң, «Талтүс» романын жазуға кіріскенін білемін. Осы шығармадағы кейбір тақырыптар мен бейнелер «Талтүстің» стиліне әсер етті. Демек, ондағы кейбір детальдар Иво Андричтің біз сөз етіп шығармасынан бастау алады деп айтуға болады.

–  Аударып жүрген кезінде сізге қандай да бір әсерін айтатын ба еді? 

– Ол өте әсершіл, тым сезімтал кісі еді ғой. Аударып жатып бірде қуанып, бірде мұңайып, кейде мәз боп, кейде қиналып отыратын. 

«Дрина көпірінде» оқысаң жаның түршігетін көріністер бар. Мәселен, жазалау түрлерін алайық. Жендет бір кейіпкерді қадаға отырғызады. Яғни, әбден қырнап-жонып, ұшына жіңішке істік орнатылған қаданы әлгі кейіпкердің құйрығынан кіргізіп, ішкі ағзаларына, өкпе мен жүрегіне зақым келтірмей, жауырынының үстінен шығарады. Ішкі құрылысына зақым келтірмейтін себебі, адам ұзағырақ ауыр азап тартсын, бірден өліп кетпесін дейді. Және солай болады да. Иво Андрич бәрін тәптіштеп жазған. Таласбек осындай эпизодтарды аударып жатқанда шын қиналды. Бұдан бөлек, автордың стилі қиын, сөйлемдері де күрделі. Оны автордың стилінен ауытқымай қазақы қалыпқа келтіру де оңай іс емес. Талас ондай кезде: «Стилі қиын, қиналып кеттім. Бірақ керемет жазушы екен, аударған сайын жазушы ретінде өсіп жатқанымды сезіп отырамын», – деп риза болатын. 

– Мұндай шығарманы аудару үшін де біраз дайындалған шығар?

– Таласбек Осман Империясының әдеби тілін өте жақсы білген, оқыған, аударған, кәсіби деңгейде меңгерген кісі ғой. Жалпы түріктердің, Осман империясының тарихына, мәдениетіне жетік еді. Сол себепті де «Дрина көпірін» қызыға аударған шығар деп ойлаймын. 

Орайы келгенде бір қызық әңгіме айтып берейін. Біз Түркияға алғаш рет 2007 жылы бардық. Анталиядағы қонақ үйге жайғастық. Қонақ үй қасымызға гид қосып берді. Бірде әлгі гидіміз не әкелейін деп сұрады. Ол кезде, қазіргідей емес, интернетте музыка аз. Талас: «Түріктің ескі музыкалары бар диск тауып берсеңіз, соны сатып аламын», – деді. Гид: «Тоқсаныншы жылғы әндерді ме, әлде сексенінші жылғы ән-күйлерді тыңдайсыз ба, қалағаныңызды әкеліп беремін», – деп жылмың ете қалды. Мұны естіген Талас маған қарап күліп жіберді де: «Түріктің он сегізінші ғасырға дейінгі музыкасы керек, он тоғыз-жиырмасыншы ғасырдағы ән-күйлерін онсыз да білем, тыңдап жүрмін», – деді. 

Ол сол секілді түрікке бодан болған балқан халықтарының да тарихын, мәдениетін, музыкасын, ауыз әдебиетін өте жақсы білді. Балқандағы Закопане деген жерде ұлттық ән-күйлердің фестивалі өтеді екен. Таласбек соның кассетасын әйтеуір тауып алып, бір ай бойы тыңдап жүрді. Кейін әр композицияның иірімдерін жеке-жеке талдап отыратын. Мынау түрік музыкасынан сіңіп кеткен, ол осындай мағына береді; мынау христиан шіркеуінің музыкасынан сіңген, ол мынадай мағына береді деп тарқататын. Ауыз әдебиеттерін де солай талдайтын. Осылай «Дрина көпірін» мағынасын терең түсініп, бір рахаттанып аударған еді жарықтық. 

–  Оқырманға «Дрина көпірінің» мазмұнын қысқаша айта кетсеңіз...

– Осман Империясы өзі бағындырған христиан халықтарынан қанжереге ұл бала алатын болған. Жалпақ тілмен айтқанда, соғыста жүз мың түрік әскері қаза тапса, 7 жастан 15 жасқа дейінгі жүз мың серб, болгар балаларын әкетеді екен. Кейін оларды арнайы дайындап, тәрбиелеп, жаңа шерік, яғни әскер қылады. Оны янычар дейді. Сондай янычарлардың кейбірі өсіп, империяны да басқарған ғой. Мехмет Соколович деген серб баласы да қанжереге алынған. Ол кейін Осман империясының уәзірі болды. Сол Мехмет-паша туған еліне естелік болсын деп Вышеград қаласы маңынан (қазіргі Сербия мен Босняның шекарасында) ағып жатқан Дрина өзеніне көпір салғызады. Роман сол көпірдің құрылысынан басталып, Вышеградтың, Осман империясына бодан болған елдің бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі төрт ғасырлық тарихын осы көпірдің тарихы арқылы көрсетеді. 

– Өзіңіз «Дрина көпірін» оқығанда қандай әсер алдыңыз? Шығарма несімен құнды, оқырманға не береді?

– Таласбек аударып жатқанда, мен «Дрина көпірінің» әр бетін оқып отырдым. Ара-арасында орысшасына да көз жүгіртіп шығам. Талас екеуіміз талай рет талдадық қой... 

Кеше ғана «Steppe&World» баспасы басуға дайындап жатқан кезде де тағы бір оқыдым.  Сонда мұны аудару қандай ауыр жұмыс болғанын түсіндім.  Өйткені шығарманың, әсіресе, бірінші жартысындағы сөйлемдер өте күрделі құралған, жай сөйлем жоқ деуге болады. Соны Таласбек қазақы қалыпқа келтіремін деп қалай қиналғанын сезінгендей болдым. Тіл байлығын, небір оралымдарын былай қойғанда, көне түрік тіліндегі сөздерді (Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегіндегі сөздерді) қалай ұтымды пайдаланғанына, Иво Андричтің синтаксисін, бейнелерін, сезімдерін қалай дөп бере алғанына аудармашы ретінде таңғалдым. Бұл енді кәсіби тұрғыдан қараған кездегі әсерім ғой. 

Ал оқырман ретінде... «Дрина көпірінде» сербтердің империяға қарсы бүлік шығаратын оқиғасы бар. Кейін сол бүлікшілерді сұмдық азаптайды. Міне, осы бір тұсында кешегі Қаңтар оқиғасы амалсыз еске түседі. Сәуір айынан бастап еліміздің бірнеше өңірін су ала бастады ғой, романда да сондай оқиға бар. Вышеградты топан су басып, халқы біраз әбігерге түседі. Бұл да керемет суреттелген. Яғни, оқып отырып әсерленгенің өз алдына, елімізде болып жатқан оқиғалар есіңе түсе береді. Қызығы, автор осының бәріне тарих биігінен қарайды. Солай мені бейне бір жұбатқандай болады. Әрі кітап оқып, әрі медитация жасап жатқандай күй кештім. 

Ырысбек ДӘБЕЙ:

 «Дрина көпірі» – өткінші өмір, баянсыз дүниені емексітеді...»

– Ырысбек аға, «Дрина көпірі» қандай шығарма екен, нендей тақырыптарды қозғайды? Роман тақырыбына айналған көпірдің символикалық мәні не?

– Таласбек Әсемқұлов марқұм аударған Иво Андричтың «Дрина көпірі» романын қарапайым оқырман болсын, жазып-сызып жүрген, жазып-сызуға әуесі бар жандардың қайсысы оқыса да еш өкінбейді, оқырманға берері көп шығарма деп айтар едім. Оның, енді, қаузаған тақырыбы – сан қилы, сан тарау. Осман империясының дәуірі жүріп тұрған кезеңде, XVI ғасырдың басында серб баласы Мехмет паша түрік әскеріне алынып, империяға қызмет етеді. Кейін оның дәрежесі өсіп, уәзір болады. Сол кезде ол туған жеріне, Вышеградтағы Дрина өзеніне тас көпір салуды қолға алады. 

«Дрина көпірі» романы осы кезеңнен бастап, XX ғасырдың басына дейінгі төрт ғасырға жуық уақытты баяндайды. Көпір – романдағы сюжеттерді байланыстыратын алтын арқау. Романда автор өңір тарихындағы нақты оқиғаларды ғана емес, Вышеград пен бүкіл Балқан түбегінде қалыптасқан көпұлтты қауымдастықтың өмірі мен әдет-ғұрпын боямасыз суреттейді. Аңыз бен мифті шынайы өмірмен шебер қиюластырады. 

Оның символдық мәні туралы қысқаша айтар болсақ, көпір – әртүрлі мәдениеттерді, сенімдерді, дәстүрлер мен өркениеттерді, шығыс пен батысты жалғаған немесе екіге бөлген кезеңдердің тілсіз куәгері. Сондай-ақ, мызғымас көпір – өткінші өмір, баянсыз дүниені емексітеді. 

– Зира апайымыз марқұм Таласбек ағамыздың осы шығарманы аударып жатқанда ерекше толқығанын, қиналғанын, қуанғанын да айтты. Өзіңізге романның қай тұстары ерекше әсер етті? Мәтіндегі нәзік иірімдерді әңгімелеп беріңізші... Айрықша ұнаған детальдар да болған шығар?

– Романның оқырманға ой салар, тебірентпей қоймайтын және төбе құйқаңды шымыр еткізер тұстары баршылық. Әйгілі құрылыс басталғанда «көпірге тірідей қалап жіберіпті» деген аңыз, алыпқашпа әңгімемен жұрттың зәре-құтын ұшыратын ағалы-қарындас – Стоя мен Остоя жайындағы сюжет, олардың жарымжан шешесінің сыздаған омырауын ұстап, нәрестелерін іздейтін ауыр хәлі қабырғаңды қайыстырады. Көпір құрылысына жауапты уәзірдің өкілетті адамы Әбит-ағаның қанаушы, қатыгез, жауыздығы, адамды тірідей қадаға қадап азаптап өлтіретін зұлымдығы жаныңды түршіктіреді. 

Әр тарауында әртүрлі оқиға айтылатын, бірақ бір-бірімен қатысты сюжеттердегі жазушының образ сомдауы таңғалдырады. Мәселен, бай саудагер Абдақтың тәкаппар да сұлу қызы – Фата, іскер де сұлу, кәсіпкер еврей әйел – Лотика, тас жетім, әумесір Шорқан образы, басқа да кейіпкерлердің болмыс-бітім, мінезін автор аса нанымды, айшықты көрсетеді. Осы кейіпкерлерге байланысты әртүрлі оқиғалар – махаббат пен ғадауат, ізгілік пен зұлымдық, жеңіс пен жеңіліс баяндалады. Оның бәрі оқырманға әсер етпей қоймайтын дүниелер. 

– Иво Андричтің өмір жолына тоқталып өтсеңіз де артық болмас, не дегенмен автордың бастан кешкені оның шығармашылығына әсер етпей қоймайды ғой... 

– Иво Андричтің өзі де сол кездегі саяси жағдайға байланысты (Бірінші дүниежүзілік соғыстың алды-артында) белсенді, диссидент болған қаламгер. 1914 жылы 28 маусымда Сараево қаласында Австро-Венгрия тағының мұрагері Франц Фердинанд пен оның зайыбына қастандық жасалады. Қастандық жасаушылар ретінде сербтің ұлтшыл жастары қуғынға ұшырап, тұтқынға түседі. Иво Андрич те ұсталып, біраз жылын абақтыда өткізеді. Енді жазушының туғаннан қайтыс болғанға дейінгі өмірбаянын қысқаша айта кетсек, былай:

Иво Андрич (1892-1975) – қазіргі Босния мен Герцеговинада дүниеге келген югославиялық жазушы және дипломат. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған жалғыз югославиялық.

Андричтің балалық шағы Вышеградта өткен. Мектепті де сонда бітірген. 1903 жылы Сараево гимназиясына түскен. Андрич орта мектепте оқып жүргенде-ақ қолына қалам алған. Өлеңдері, очерктері, шолулар мен аудармалары сол кезде газет-журналдарда жариялана бастаған. 

Ол гимназия оқып жүргенде Оңтүстік славян халықтарының Австрия-Венгрия империясының ықпалынан арылуын қолдаған. 1914 жылы маусымда Андрич «Югославия ұлтшылы» ретінде қамалады. 1915 жылдың наурызына дейін Шибеник түрмесінде, содан кейін Мариборскіде болған.  1912 жылы Андрич Загребтегі Король университетінің философия факультетіне оқуға түседі. Кейін Венада, Краковта және Грацта оқиды. Ол 1924 жылы Грац университетінде докторлық диссертациясын қорғаған. Андрич дипломат ретінде 1920 жылы Ватикандағы елшілікте, содан кейін Бухарест, Триест және Грацтағы консулдықтарында қызмет еткен. 1927 жылы Марсель мен Париждегі консулдықтарда, кейін Мадридте жұмыс істейді. 1930 жылдан 1933 жылға дейін Женевадағы Ұлттар лигасы жанындағы Югославия Корольдігінің Тұрақты делегациясының хатшысы, кейін Югославия Үкіметінің төтенше өкілі ретінде Берлинге барады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде басшылықпен келісе алмауына байланысты (бұл кезде Германия өз еліне басып кірген) Андрич отставкаға кетіп, Белградқа оралады. 1961 жылы ол әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алады. Жазушы 1975 жылы 82 жасында Белградта қайтыс болған.

– «Дрина көпірінің» сюжеті қым-қиғаш, кейіпкерлері де күрделі, мән-мағынасы да терең. Мұндай шығарманы аударған былай тұрыпты, редакциялау да оңайға түспейтіні белгілі. Жалпы осындай кең тынысты шығармаларды тәржімалағанда, редакциялағанда не нәрселерге көбірек мән берген жөн? Осы ретте тағы бір сұрақтың құлағы қылтияды: бұрынғы аудармамен салыстыра қарасақ, бүгінгі аударманың (аудармашының) артықшылығы неде, кемшілігі қайсы? 

– Нобель сыйлығын алған жазушылардың кез келгенінің мәтіні қиын. Олай болуы да заңдылық. Сол секілді Иво Андричтың бұл романын да сыдыртып оқи салмайсыз. Оқып отырып кідіріп, басынан қайта бастайтын абзацтар көп. Аудармашы да, редактор да көңіл бөлетін ең басты нәрсе – түпнұсқадан ауытқымау ғой. Таласбек марқұм екі тілге де (қазақ-орыс) аса жеттік, осы екі ерекшелігі де аудармасында байқалады. Әскери атаулар, түрлі салықтарға байланысты көне сөздерді (мәселен, адам салығын «қанжере» деп алады, т.б) қолданады. Және ол сөздер жігін тауып, жап-жатық боп жата қалады. Бұрынғы аудармашылар мен қазірге аудармашылардың парқы да осы жерде деп ойлаймын. Сөздік қоры көп адамның (жазушының, аудармашының) аудармасы қалай жаман болсын?..   

Сұқбаттасқан – Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар