Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Достық үйінде" форум өтті...

25.09.2024 646

"Достық үйінде" форум өтті 12+

"Достық үйінде" форум өтті - adebiportal.kz

20 қыркүйекте, Астана қаласындағы «Достық үйінде» Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі XXVІ қалалық тіл фестивалі аясында, Астана қаласы қаламгерлерінің қатысуымен қала әкімінің дәстүрлі «Алтын қалам» семинар-форумы өтті.

«Қазақстан жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалымен бірлесе өткізілген форумда бас қосқан астаналық қаламгерлер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау және қазіргі қоғамды толғандырған келелі мәселелер жөнінде ой бөлісті.

Отырыстың тізгінін ұстаған ақын, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қаламгерлердің басын қосқан бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқтала отырып, алғашқы сөзді аталған форумның өтуіне мұрындық болып отырған Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Есіркеп Сәкен Зиябекұлына берді. 

Бүгінгі жиынға қатысушы қаламгерлерге ризашылығын жеткізе отырып: «Біз «Таза Қазақстан» дегенді қоқысты тазалау немесе үйдің ауласын сыпыру» деген сияқты елестетеміз. Бірақ аты айтып тұрғанындай, «таза Қазақстан – бұл ойдың, тілдің тазалығы да болуы тиіс. Осының барлығы бізге қажет деп білеміз. Қоқыстан ада, тап-таза болып тұрып, сөйлер сөзіміздің бәрі шұбар-шұбалаң, жаргон сияқты көптеген кем-кетіктер болып жатар болса, «Таза Қазақстан» да толық қалыптаспайды. Сондықтан осы мақсатта бір болайық», - деп сөзін сабақтаған Сәкен Зиябекұлы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаның сәлемін жеткізді: «Қала әкімінің өзі маған арнайы тапсырып, қаламгерлермен жеке кездесіп айтыңыз, алдағы келе жатқан қазанның жиырма бесіндегі Республика күні алдында құттықтап келіңіз!» - деген болатын. Осы аманат сәлемді жеткізіп отырмын. Рақмет, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер! – деді.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры:

- Бір мемлекеттің астанасы болғаннан кейін, Астананың көтерген жүгі өте ауыр. Біздің іс-әрекетімізге мемлекетіміздің төрт пұшпағы қарап отыр. Еліміздің болашағына қатысты әңгімелердің барлығы осы жерде айтылады. Мемлекетаралық үлкен-үлкен келісімдердің барлығы осы арада жасалады. Астана қалалық әкімдігінің сан-салалы еңбегін де жақсы білеміз, түсінеміз. Қаншама шаруаның барысында, жаңбыр-жаңбырдың арасынан уақыт тауып, осындай іс-шара ұйымдастырып отырған әкімдікке осында отырған қаламгерлердің атынан рақмет айтқым келеді. 

Жеңіс Махмұдұлы Қасымбеков мырза қала басшылығына келгелі, біздің қаламгерлерге көп көңіл бөліп жатқанын білесіздер. Оның айғағы: қаншама көшелер, мектептер қаламгерлеріміздің атына беріліп жатыр. Биылғы жылы Бердібек Соқпақбаевтың жүз жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатуы деген – жалпы біздің қаламгерлер қауымы үшін үлкен абырой екені сөзсіз. Кеше ғана Шымкенттегі конференциясына қатысып келдім. Ертең Алматыда, туған жерінде үлкен той өтпек. Жан жақтан шақырылған қонақтар бар. Қаламгердің тойы жақсы өтсін деген тілегімізді айтып қояйық. Бұл – мемлекеттің әдебиетке, әдебиетті жасаушы адамдарға деген қамқорлығы деп білемін. 

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

- Құрметті әріптестер! Мұндай жиын қала қаламгерлері үшін маңызды. Мүмкіндігінше жиі-жиі бас қосып тұруымыз керек. Қоғамда күрделі мәселелер қашанда бары рас. Сіздердің қаламдарыңыз, ақыл-ойыңыз соларды шешуге, дұрыс жолға салуға бағытталғаны – Жаратқанның сіздерге берген үлкен аманаты деуге болады. 

Әр кезеңде қиын-қыстау, таңдаулы кезде болады. Қазақтың әйгілі тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» деген мақаласын қайта бір оқып шығуға кеңес беремін. Бұл мақаланың көлемі, шамамен үш жарым баспа табақтай. «Сол мақаланың біраз бөлігін өзі ауызша айтқан еді», - деп мультимедиадағы жігіттер айтқан еді. Қауырт жұмыстың арасында, кейбір жерін өзі жазып, кейбір жерін ауызша айтып жаздырған ғой. Ол кезде Әбіш ағамыз үлкен жауапты қызметте болды. Бұл мақаланың мағынасы – сол кездегі саясат, Қазақстанның қиын жағдайына баға беру арқылы тарихтың сабағын айта отырып, бізге бұдан қалай шығамыз дегенді ұсыну еді. Бұл мақала жазылған кешегі тоқсаныншы жылдардан қарағанда, қазір әлдеқайда шүкір кезең. Әбіш Кекілбаев та сол кезең туралы айтады. Біздің парасатымызды әлемдік даму тенденциялармен салыстыра отырып, қай өркениеттің дамуы бізге керек екендігін айтады. Арада қаншама жыл өтті. Сол мақаладағы Әбіш Кекілбаевтың сол ойын біз қайталауға тиістіміз. Мемлекет басшысының жолдауындағы әңгімелердің барлығы экономикаға жауапты азаматтардың шешіп алатын үлкен бір мәселелер екендігі анық.

«Салық» ұғымына қатысты мына жағдай еске түседі. Біз бәріміз қазақы дәстүрмен, исламдық құндылықтармен өсіп жетілдік қой. Әскери адамның қызметінің өзі – салық. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары қиын кезеңде, сонау Мәскеуден, Петербургтен большевиктік ұйымдар дүрдараз қылып тастаған кезде, «Алқа» деген ұйымды құрды, құжаттар дайындады ғой. Осыларды ҰҚК архивінен алғаш қағазға түсірген адамдардың бірімін. Сол құжатта: «Біздің жазушыларға қазіргі керегі – «абылайша». Алты қанат ақбоз үйде тұратындай жағдай жоқ. Біз елге қызмет етуіміз керек. Елдің жағдайы мынау. Тығырықты жағдайдан шығарудың жолында барлығы да, біздің біліміміз айналып келгенде халыққа қызмет етуі керек», - дейді. Сол сияқты әрқайсымыз түрлі ортадан шықтық, тәжірибеден өттік. Білім алдық, білік үйрендік. Қаламгерлердің көбісі мәдениет саласына, баспасөзге келеді. Мына қоғам қандай? Бұл қоғам – қандай да болмасын, біздің жемісіміз. 

Осы қоғамда қордаланған мәселелерді қалай шешеміз? Осы жөнінде талқылаулар керек. Солардың ішінде дін мәселесі тұр өте күрделі екенін білесіздер. Сондай-ақ мектептегі тәрбие мәселесі тұр. Ал гендерлік теңдікті дамытып алып кеткеніміз сондай, кеше ғана бір қарындасымыз сауда үйі алдында ұят әрекетке барып дауға қалды. Мәдениетіміздің қандай деңгейде жер бауырлап кеткенін айтыңыз. 

Мына әлеуметтік желіні алыңыз. Бәріміз де әлеуметтік желіде отырамыз. Көбіміз қараймыз. Онда да мәдениетті біздер, қаламгерлер алып келуіміз керек. Кешегі көшпенділер ойындарындағы жай болмайтын нәрсе, көкпардағы әрекетке қатысты қаншама сөздер атылды. Мен көкпардың ортасынан шыққан адаммын, көкпардың өзі ұрыс-керістен тұрады, көкпардың мағынасы сондай. Жігіттің мықтылығы, мінезі көкпарда көрінеді. Осыларды сезініп, ескерместен, біздің көптеген азаматтарымыз ауызбіршілік танытпай, ұлтымызды сынап, мәдениетсіздік деңгейіне дейін көтеріп жатты. Көп қаламгерлеріміз соның ішінде жүр. Менің түсінігімде, төрешілер, азаматтар өз бағасын берді. Тіпті бейнелері сақталып қалған бұрынғы жазбаларды кейінгімен салыстырды. Біз мың жылдық достығымызға қылау түсірмеуіміз керек қой. Ақшаны алып, медальді алмай кетіп бара жату – ол да мәдениетсіздік.

Осы отырғандарымыз: ақынбыз, жазушымыз, ғалымбыз. Әскерилер қызметімен салық төлейді дедік қой. Сол сияқты біз де «абылайша» болып, ақыл-деңгейімізбен өзімізше салық төлеп жатқан сияқтымыз. Айналамызда салық мәдениетін дұрыс жасауға ықпал етуіміз керек.

АЭС туралы талқылау жүріліп жатыр. Шындығында бұл – соншалықты бір дүрдараздық тудыратын нәрсе ме? Қызық ретінде мына мысалды айтайын. Өткен ғасырдың 20 жылдары ортасында қазақ даласына теміржол келе бастады. Мағжан осыған қарсы өлең жазады. Мағжан неге теміржолға қарсы өлең жазды? Мәнісі мынада еді: Мағжан теміржолға емес, теміржолмен бірге ере келетін отаршылдықтың дүниелеріне қарсылық айтады. 

Осы жөнінде біраз ғалымдармен сөйлестім. Біраз жылдар бұрын физиктер біздің Еуразия ұлттық университетінің қасына ядролық орталық ашыпты. Сонда Рымғали Нұрғали сияқты үлкен академик ағалар: «Оу, сендер бізді улап өлтіресіңдер ме? Тап жанымызға ядролық орталық соғып жатырсыңдар. Радиациядан өліп қалмаймыз ба?» - дегенде естіген жауабы: «Ядролық орталықтың тигізетін зияны – сіздің үйдегі теледидардың зиянымен бірдей», - болыпты. Біздің кейде ғылымның кейбір күрделі нәрселерін түсінбей, әр түрлі айта беретініміз бар. Егер ол біздің энергетикалық тәуелсіздігіміздің біраз проблемасын шешетін болса, ол бүгінгі заманның лайықты жолы болса, біз неге оған қарсы болуымыз керек? Оның үстіне +3 деген деңгей болса, ол ешқандай зиян келтірмейді. Сондықтан бұл жерде де біздің ауызбірлігіміз болуы керек. Бір нәрсені ортаға тастап, міндетті түрде терістеу деген нәрсе дұрыс емес. Бұл біздің ғылымға, білімге деген жақындығымызды көрсететін тұсымыз. Қазір қай заманда отырмыз? Тезек жағып отырмаймыз ғой. АЭС деген дүние әлемде екі түрге бөлінеді екен. Біріншісі – отын-энергетика, ғылым-білімге негізделеді, екіншісі – қырып-жоятын ядролық қару жасауға  бағытталған.

Сөзімді қысқаша қорытқанда бәріміз де қалада оқу оқып, бала тәрбиелеп отырмыз. Біздің балаларымыздың қай мамандықты таңдауымызды қала сұранысы шешуі керек. Бұл – бүкіл әлемдік үрдіс. Бүкіл әлемнің халқы қалаға келіп, университеттерге түседі. Мұнда әуелі келесі онжылдықтарда мына мамандық қат болады деп, болжамдап алған соң оқуға түседі. Сонда ғана бұл оқудан нәтиже шығады. Біздің елімізде мыңдаған экономистер, заңгерлер оқу бітіріп алып жұмыссыз жүргенін сіздер білесіздер ғой. Соның бәрі – осылай болашақ жағдаймен есептеспегендіктің салдары. 

Мен қала әкімі Жеңіс Қасымбек мырзамен бірнеше рет сұхбаттастым. Өте білімді азамат. Елдік мақсаттағы көп дүниелерді жасап жатыр. Қаламгерлердің пікірлерін ескеріп отырады. Ақбұлақ деп аталатын, бұрынғы Сарыбұлақ қой, соның тазалануы бір әріптесіміздің идеясынан басталған еді. Қазір Жастар паркінде қаншама сауықтыру, шынықтыру нысандары пайда болып, көркейіп келе жатыр. Тіпті бізге де келіп, қасымыздағы журналистер аллеясын ашқан кезде ол кісі: «Мен журналистерге арнап үй салатын жер берейін. Жағдайларыңыз келсе соғып алыңыздар», - деген болатын. Осыған орай мемлекеттік жекеменшіктік әріптестік деген бар ғой, сол бағытта жүзеге асыратын адамдар іздеп жатырмыз. Бұл да үлкен маңызды қадам. Осылайша сауатты әкім, жауапты әкім, жауапты қаламгер, жауапты ғалым, жауапты қоғам елімізді жаңа биіктерге көтереді ғой деп сенемін. Тыңдағандарыңызға рақмет!

Дәулеткерей Кәпұлы: 

- Рақмет, Дихан аға. Жалпы біздің қаламгерлердің қайраткерлік танытатын тұстары өте көп қой. Жақсы айттыңыз, ХХІ ғасырда әрине, тезек жағып отырмаймыз ғой. Жалпы халықтың АЭС туралы түсінігіне сауаттарыңыз жетіп тұрғанда ядролық қару мен ядролық станцияның арасындағы айырмашылық бар екендігін түсіндіріп беруге сіздердің тілдеріңіз де, білімдеріңіз де жетеді ғой. Қазақстан жазушылар одағы қазір мемлекеттің әлеуметтік стратегиялық серіктесі ретінде біраз жобаларын қаржыландырып отыр. Осы жердегі біраз жастар Жазушылар одағының жобаларына қатысып жатыр. Ол жөнінде хабардарсыздар деп білемін. Қазіргі таңда  «Айбоз» сияқты үлкен-үлкен сыйлықтар тағайындалып жатыр. Оның да қызығын көргендер, барсыздар. Бұл да қаламгерлерге жасалып жатқан қамқорлық деп білген дұрыс.

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай өз пікірін білдірді:

- Ең бірінші мәселе – жазушының беделін қайтару керек. «Өмір мектебін» оқысаңыздар, Сәбит Мұқанов ағаларымыз қалаған уақытында Қазақстан компартиясының бірінші хатшысымен бірге жүреді. Машинасына мінеді, ұшақпен бірге ұшады. Осы сәттерде жазушылардың өміріне қатысты жағдайларды айта алады. Сәкен сенің келгеніңе сондай бір қуанышта отырмыз. «Астаналар тарихы» деген Вавиловтың кітабын оқыдым. Сонда түсінгенім: екінші, үшінші ұрпақта астаналық болған екен. Қазіргі өтпелі кезеңде, алпыс жылды жиырма жылдан есептесек, үшінші ұрпақ Астанада тұрып жатыр. 

Қазіргі уақыт – бар дүниені жоғалтып алмас үшін жан дауысымыз шығып жүретін кезең. Қазір биліктегілер бір жазушыны көріп қалса, мәселемен кірсе, көбісі кітабын сатуға келді ме, болмаса бірдеңе сұрап келді ме деп ойлап қалатыны өтірік емес. Өткенде бір қаланың әкіміне кірсем, шырылдайды. Сосын оған айттым: «Қарағым, мен саған құтты болсын айтып келдім. Әйтпесе мен өмірімде кітап сатып көрген адам емеспін, Олай істемеймін де!» - дегенім бар. Сондықтан кейде өзіміз өзімізге де кейде сын көзбен қарағанымыз жөн болар. Осы жерде Амангелді Кеңшілік, Айгүл Кемелбаевалардан, Ұларбек Нұрғалымдардан бастап талай-талай талантты қаламгерлеріміз отыр. Мына Ұларбек Дәлейдің «Жошы ханын» жуықта оқып шықтым. Сондай бір үлкен-үлкен дүниелер жасап жатырсыңдар. Мен жазушылар одағы деген – әр автордың өзі деп ойлаймын. Әркім өзіне бір әлем ғой. Әр түрлі формада жұмыстар жүріліп жатыр. Шынын айтқанда, Дәулеткерей өте бір жанкештілікпен жұмыс істеп жатыр. Көзінше мақтауға да болмас. Себебі, бұл орыннан ол бір тиын да алмайды. Тіпті осы стипендияны тағайындату үшін де қаншама есіктерге кіріп, тесіктерден өту керек. Кезінде талай-талай жүріп, меселіміз де қайтып көрген дүние ғой. Барлығыңыз талантты азаматсыздар, барлығыңыз әр түрлі формада елдің алдында көрініп жатырсыздар. Асантемір Қаршыға деген азаматымыз отыр мұнда. Сонау Оралдан келіп «Ашық аспан астында» атты жыр кешін өткізді. Жазушылар одағы қолдады, барып тыңдап, соншалықты қуандық. Өлең тыңдап, бір рақаттанып қайттық. 

Әлі де ойланатын дүниелер өте көп. Атом электр станциясы – бұл стратегиялық жоба. Бұл – бүгін немесе ертең емес, жиырма жыл бойы салынатын дүние. Бұл саланың маманы болмасақ та, барлық талаптарды сақтаса, салуға болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ экологиямызға, ұлттың болашағына зиянын тигізбеу жағын алда барынша ойластыратын шығар. Радиация мөлшері микрозивертпен өлшенеді ғой, 1989 жылы өлшегенде біздің Ақшатау өңірінің радиациясы Чернобльден де жоғары екен. Сонда мен осы жөнінде мақала жазғанмын. Балқаш та экологиясы керемет жайнап жатқан жер емес қой. Суы тартылуда, әр түрлі аурулар бар. Тағы бірде сондағы балықшылар ауылына барғанда, бойлары баладай бәкене адамдардың көп екенін көргенім бар. Болашақ үшін осындай жағдайларды жан жақты зерттеу қажет. Проблемалардың бәрі алға шығып тұрған кезде осылардың бәрі ескерілу керек деп білемін. АЭС салу, оны бар мүмкіндіктерін пайдалануда  осылар ескерілсе, біз қолдауға әзірміз. Осындай жиындар жиі-жиі өтіп тұрсын. Біздің дауыстарымыз да шығып тұрсын деп ойлаймын. Сәкен, сендерге рақмет, үлкен-үлкен жиындар бар, баршаларыңызға сәттілік тілеймін!

Толымбек Әбдірайымұлы, жазушы ҚР Мәдениет қайраткері:

- Қайырлы күн болсын, қымбатты әріптестер! Жақында Президенттің жолдауы болып өтті. Астана қаласы әкімдігінің ҚР Жазушылар одағы филиалына, қаламгерлерге әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын біз жақсы білеміз, сезінеміз. Атап айтқанда Шұбардан ортасын ойып тұрып жақсы коттедж берді. Сол құтты орында басымыз қосылып тұрады. Мұнда АЭС туралы да айтылып жатыр ғой. Осыған қатысты ойымды білдіре кетейін. Кеше ғана ел жақтан келдім. Туған жерім Аягөзде, бірнеше ауылда, облыс орталығы Семейде болдым. Сонда елмен әңгімелескенде түйген қорытындым: жалпы халық. АЭС-ке қарсы емес. Бірақ оны кім салады дегенге алаңдаулы. 

АҚШ-тың өзінде 102 АЭС бар екен. Бұдан бірыңғай үрейленіп қорықпау керек. Шындығында бұл – электр қуаты ғой. Болашақ үшін, ғылым үшін электр қуаты керек. Жолдауда «Таза Қазақстан» туралы айтылды. Таза Қазақстан туралы Сәкен бауырым, жақсы айттың. Бұл тек қана айналаң емес қой. Жанның, тілдің, білімнің тазалығы, т.б. кең ауқымда ғой. Жақында елде болғанда тағы бір алаңдаулы жағдай – Аягөз бен Ақтоғайда жат ағым ұстанатындар азаймай тұрғандығын ел айтқан болатын. Бұл бағытта да ойлану қажет болар. Көрші Өзбекстанның тәжірибесін көріп отырмыз. Бұл да бір үлкен шетін проблема ғой деп ойлаймын. Жұма намазына қалмай барып жүреміз. Сонда қысқа балақ, қаба сақалы өз алдына, жалпы күнделікті мәдениеттен алыс жандарды ұшыратып жатамыз. Жат ағым өкілдері арасында қыз баланың тағдырын ойыншыққа айналдыру жағдайлары туралы айтылып жатады. Бұлай болмайды ғой. Бұл қай ғасыр? ХХІ ғасырда отырмыз. Қарап отырсаңыз, біздің қоғамымызда осындай шетін мәселелер көп. 

Бір аңғарғаным: Семейде ашылып жатқан шағын зауыттар үшін слесарьлар, токарьлар, құрылысшылар т.б. қажетті мамандықтарға оқыту басталғанына ел кәдімгідей қуанып отыр. Осыған орай бәріміздің де жалақымыз көтерілетін шығар деп қояды. Шәкәрім бабамыз айтпақшы: «Биылғы жолдау – бұрынғы жолдаулардан өзгешерек. Мен солай қабылдадым. Тәуелсіздік алғалы отыз үш жыл болды. Көп ілгерілеу бар. Бірақ, жемқорлық, парақорлық мәселесі – бұл жалғыз менің ғана ойым емес, жалпы келешекте ату жазасын қайтадан қайтару керек сияқты. Осылайша шектен шыққан он бес-жиырма адамды ату жазасына берсе, біздегі жемқорлық сап тыйылмаса да, соған жақындар еді деп ойлаймын. Өйткені тәртіпсіз – келешек болмайды. Бейбітшіліктің арқасында ғой, бәрі де. Ақырындап-ақырындап алға жылжып келе жатырмыз. Қоғамдағы ақын-жазушылардың миссиясы қандай? Біздікі – жазу. «Ақын-жазушылардың міндеті – мына қоғамның  жыртығына жамау болу» деген, Сәкен Жүнісов марқұм айтты деген сөз бар ғой. Олай болса, айту керек, жазу керек. Ақын-жазушы кез келген мәселені көтереді. Бірақ көтергенімен оны шешіп бере алмайды ғой. Мәселелер көтеріліп жатыр, айтылып жатыр. Соңымыздан толқын-тоқын жастар келе жатыр. Ғажап! Бәрін бірдей оқып үлгере алмаймыз. Қазақтың таланттылығы сонда ғой. Талантты, дарынды халықпыз. Жастарды «Дарын» сыйлығына ұсыну межесі жиырма тоғызға дейін еді, отыз бес жасқа дейін көтерілді. Ол да жақсы мүмкіндік. Міне қазір осында да «Дарын» сыйлығының иелері отыр. Қаламгерлер, біздер ойланып, ой тастап отыруымыз керек. Бүгінгі жиын ерекше болды. Келешегіміз кемелді, жақсы болсын! Атом электр станциясын салуды негізі елдің басым пайызы қолдап шығады деп ойлаймын. Менің ғана емес, елдің айтқаны: Ресей салмаса болды. Қысқа қайырғанда айтарым – осы. 

Дәулеткерей Кәпұлы

- Рақмет, Әбдірайым аға. Үлкендік әңгімеңізді айтып отырсыз. Қаламгерлеріміздің жай-күйі туралы айтқанда, «бұдан жаман кезімізде де тойға барғанбыз» демекші, қазіргі жағдайымыз тәуба деп отырмыз. Тіл мәселесінде де біздің қаламгерлеріміз талай игі істерге себеп болып жүргендігі белгілі. Мәселелерді тек әкімдік қана шешетін нәрсе емес. Қоғамда айтылып, талқылануы керек. Жалпы қаладағы аралас мектеп мәселесіне де жиі алаңдап, ата-аналар жиналған жерлерге барып: «Балаларыңызды неге орысша беріп жатырсыздар?» - деген сияқты қоғамдық қозғау салар әңгімелер жүргізуге қаламгерлер әрқайсымыз жауаптымыз деп ойлаймын. Халық ортасына барып, хабарласып барып тұруымыз керек қой. Мен осы жерде таныстырып атап өтіп қояйыншы. Астанамызда Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі» деген мекеме бар. Басшысы – Әділ Орынбасарұлы деген мықты азамат. Біздің тіл басқармасымен, «Руханият» мекемесімен бірлескен жұмыстарымызда қаламгерлермен етене жақын қызмет атқарып жүрген – осы азамат пен ол басқаратын ұжым екенін осы арада, алдарыңызда таныстырып айтып өткен жөн болмақ.

Ақын Асантемір бауырымыздың ашық аспан астында өткізген кеші туралы да айтып өткен дұрыс. Ақынның Астанадағы алғашқы кешіне жол жүріп кетіп, ішінде бола алмадым. Мәдениет басқармасына қарасты қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бар. Осы мекеменің ұжымы да қаламгерлерден түскен ұсыныстардың барлығын ешқашан кері қайтарып көрген жоқ. Сол кісілерге бір ауыз айтқан едім. Жалпы осы орайда айта кеткенде, Қаламгерлер аллеясы немесе Атырау көпіріндегі амфитеатрымыз бар ғой, сол жерлерде шығармашылық кеш өткіземіз десеңіздер, міне Сәкен Зиябекұлы отыр, Мәдениет басқармасының басшылары отыр, ол кісілерге жеткіземіз, біздің ұсыныстарымызды қабыл алады, еш кедергі жоқ. Сондықтан да осындай жиын-кеш өткіземіз десеңіздер, белсенді болыңыздар. Мұнда Мирас Мұқаш деген азамат отыр. Ұлттық киноны қолдау орталығында қызмет жасап жатқан Мирас Мұқаш бауырымыз – жазушы, журналист, Ақтөбеде телеканал басқарған, біраз жерде абыройлы, жемісті қызмет атқарып келе жатқан азамат. Қазір министрінің кеңесшісі болды. Алдыңғы күні хабарласып: «Қаламгерлермен жүздессек, ол кісілермен қазір қандай кино көреміз, қандай ұсыныстар бере аласыздар деген бағытта әңгімелессек», - деген ұсынысын айтқан еді. Мінеки, сол сауал жөнінде Мирас мырза өз аузымен айтсын, сіздер пікір білдіріңіздер. Бұл мәселе жөнінде Қандай ойларыңыз бар, жалпы қазақ қоғамына қандай кинолар керек. Осы жөнінде ой бөліссек.

Мирас Мұқаш, жазушы, журналист, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі:

- Барша қаламгер аға-әпкелерімізді, замандастарымызды осы жиында көргеніме қуаныштымын. Жаңа Дәуағам айтып кеткендей, сіздермен жиі кездесе бермейміз, осы мүмкіндікті пайдаланып қаламгерлер мен киногерлермен одақтасса деген ойымды айтпақпын. Мұнда Ұларбек ағамыз бастаған кино саласында жүрген, сценарий жазумен шұғылданатын азаматтар отыр. 

Қаламгерлерімізден жалпы қазіргі күні қандай кино түсірген дұрыс деген сауалға жауап алғымыз келеді. Әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы болып жатыр. «Менің атым Қожадан» кейін қазіргі жасөспірімдер, оқушылар көретін бізде ауыз толтырып айтарлықтай кино жоғын білесіздер. Сондықтан біздің басшылық та қаламгерлер тарапынан ұсыныстар болса, өз пікірлерін айтса, сол жинақталған ұсыныстар негізінде жақсы-жақсы кинолар түсірілсе деп жоспарлауда. Қазіргі күні кино төңірегінде сын да, әңгіме де көп қой. Сондықтан осы арада атсалыссаңыздар, пікір айтсаңыздар деген тілегім бар. 

Дәулеткерей Кәпұлы: 

- Ортамызда кинотану саласында біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, талантты қаламгер, ғалым апамыз Айгүл Кемелбаева апаймыз отыр. Осы саланың маманы ретінде сөз берсек.

Айгүл Кемелбаева, жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург

- Баршаңызға сәлем. Біз, қаламгерлер, жалпы негативке түспеуіміз керек. Жазуымыз керек. Кино мәселесіне келсек, маңызды мәселелер баршылық. Уақыт тапшылығына байланысты үнемі отыра алмаймын, дегенмен соңғы он жылда санап көрсем, біреуіне он ай, біреуіне жеті ай жұмсап, бірнеше киносценарий жазған екенмін. Олар журналда да шықты, кітап болып та басылды. Атап айтқанда Мұхтар Әуезовтің жастық шағы туралы киносценарий жаздым. Жиырма жасар Мұхтар жаңа театр құрып жатыр. Мұхтар мен «Еңлік-Кебекті» қатар келтіріп жаздым. Бұған ұзақ уақытым кетті. Мағжанның «Шолпанның күнәсімен» мені киноға алып келген Болат аға болатын. Кинода тұлғаларымызды тазалық жағынан көрсету өте маңызды деп білемін. Кеше ғана өмірден өткен Медеу Сәрсеке ағамыз қиыншылықпен қаншама еңбектенді, кітаптар шығарды. Бірақ осыншама еңбегі бола тұра Медеу ағаға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінбеді. Еңбек Ері атағына да сол кісі лайықты еді. Мұны неге айтып отырмын? Біздің жастарымыз өздерін басқа ұлттарға қарап өздерін қораш сезінеді. Бойларында бір комплекс бар. Сол комплексті қалай жою керек? Біз мұны өз ұлтымыздың мақтаныштарын сыйлауға шақыру арқылы жоя аламыз. 

Бірде бір кітап оқымайтын жастар киноны бір сағатта көріп шығады. Киноны көріп, ойланғанда ғана оның көзқарасы өзгере бастайды. «Біз де ешкімнен кем емес екенбіз ғой!» - деген сенім жүректерінде пайда болады. 

Өз басым, қазір Кейкі туралы жазғым келеді. Бірақ ол үшін грант керек. Көп еңбек, қаржыны талап ететіндіктен, дәл қазір түсірілсе деп ойламамын.

Толымбек Әбдірайымұлы: Бізден бір ұсыныс: Астана қаласында қазақ тіліндегі газет-журналдар сататын дүңгіршектер жоқ. «Встречада», «Артемнің» жанында Мейрамгүл деген кәсіпкердің киоскілері бар. Бұл кісі қазақ газеттерінің сатылым тиражын көбейткісі келеді. Бұған кедергілер көп қой. Осыны бір ескеріп жазып қойсаңыздар дұрыс еді. Қазір газет-журналдар өтпейді деп жатады ғой. Олай емес, басылымдарды іздеп келетіндер әлі де көп екен. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас Алаш», «Ана тілі» қатарлы бұрыннан келе жатқан газет-журналдарды әлі де киоскіден іздейтіндер бар. Сатылымға жіберсек, сол Мейрамгүлдің өзі-ақ ары қарай алып кетер еді. Газет-журналдарды электронды нұсқаға көшті дегенімізбен, қағаз басылымдар әлі де қажет. Оның ішінде қазақ тіліндегі басылымдарға керек. 

Оңдасын Елубай, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, танымал спорт журналисі:

- Армысыздар, құрметті әріптестер! Ең бірінші, кино туралы мына бауырымыз ойларын айтып жатыр ғой. Мен бес жасымнан бері, міне жетпіс жыл болды, киноның алдындағы адаммын. Кино көрерменімін. Қазір Астана қаласындағы кинотеатрлардың бәріне барып жүрмін, тұрақты кино көремін. Өкінішке қарай қазір киноға көрермендер көп бармайды. Кейде мен залда жалғыз өзім көріп отыратыным бар. Сондайда: «Бұл жұрт киноға неге келмейді екен? Жақсы кинолар жоқ па?» - деп ойлайтыным бар. Мұның себебі, қоғамымызға қозғау салатын қызықты кинолардың аз болуынан шығар. «Дәстүр» деген кино шықты ғой. Сосын анау Бадықова деген – бұрын жай әртіс болып жүруші еді, қазір киноға түсіруші болып кетті. Кинодағы талғам деген бар ғой. Қазір отандық кинопрокат Голливудтың, өзге шетелдердің киноларын алмайды. Негізінен өзіміздің түсірілімдерді алады. қазір. Ал кино өндірушілеріміз қайтеді? Үйде отырады да, бір-екі миллион теңгеге кино түсіре салады. Ау айналайын-ау, Голливудта 300-400 миллион долларға кино түсіреді. Олардың сапасы қалай? Біздікінің сапасы қалай? Сапасы әрине төмен. Кезінде болған, «Ағайындылар» деген жақсы сериалдар. Қазіргі кезеңде кино түсіруді қалай шеше салатынын білмеймін. Ол бұрынғыдай арнайы комиссиядан, соның талқылауынан өтуі керек қой. 

Жазушылар одағына қатысты бір ауыз. Осы жолы мен Алматыдан, Жазушылар одағының демалыс үйіне барып келдім. Кезінде қандай дүркіреп тұрды. Қазір де жаман емес екен. Төрт уақ тамағын береді. Күндік ақысы – бір адамға он екі мың теңге. «Жазушылар неге келмейді?» - деп сұраймын ғой. «Ағай, қымбат!» - дейді. Оу, он екі мың қымбат па? Демалыс үйіне анау Атырау, Ақтаудан келіп жатыр. Жазушыларымыз көптеп келсе болады ғой. Ал қолдау мәселесіне келсек, мен әлі күнге «Қазақ спорты» газетінде қызмет жасап жүрмін. Осы жолы көшпенділер ойынын, Астана спортшыларын насихаттадым. Бұл да болса, сәл де болса көмек. Сондықтан ағайындар, қолымыздан келгенше бір-бірімізді қолдап жүрейік!

Ұларбек Нұрғалым, ақын, жазушы, кинодраматург. 

- Мирас мырзаның сөзіне қатысты бір ауыз пікір айтсам деймін. Бұрынғы «Қазақфильмнің» деңгейі мен қазіргі «Қазақфильмнің» арасындағы деңгей бөлек қой. Осы жерде көп жағдайда ескеріле бермейтін бір мәселе бар. Біздің жазушылардың киноға тартылуы өте баяу. Және де отандық фильм түсіріп жүрген режиссерлердің көбі орысша ойлап, орысша сөйлейді. 

Сондықтан да өздері түсінбегендіктен, олардың өнімінде көбінесе ұлттық мүлде төмен, кемшін түсіп жатады. Сондықтан ол жерге қазақ өміріне, менталитетіне қанық бір жазушы кіріп өзінің пікірін, ақыл-кеңесін айтып өткізе алмайды. Сондықтан мұндай жағдайға ұлттық киноға қолдау танытатын киносыншылар, режиссерлер, жазушылар мән беріп қарауы дұрыс қой. Сценарийді әркім жазарлық деңгейде жазар, ол – әркімнің өз проблемасы ғой. Ал осы жазылған сценарийді талқылау үшін құрылған комиссияға кемінде төрт-бес жазушы кіргізілуі керек деп білемін. Ол жерде кемінде жиырма шақты адам болады ғой.

Камал Әлпейісова, ғалым, жазушы, аудармашы

- Аман-есенсіздер ме, асыл достар. Қоғамымызда болып жатқан дүниеге үн қосуымыз керек. Бір бағыт-бағдар болу керек деп білемін. АЭС-ке қатысты бірнеше жиынға қатыстым. Ол жерлерде осы салаға қатысты өте білікті мамандар, ғалымдар болды. Және ең қызығы – Қазақстанда қазірдің өзінде екі атом ядролық реакторы бар дедік қой. Алматыдағы ядролық орталық елу жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Мен сол орталықта болдым. 

Сонда айтқаны: осы орталықтың әсері телефонның әсерінен күшті емес. Бұл жердегі басты мәселе – үлкен станцияның қалай сапалы салынуында. Ресейдің салуына қарсылық – сол жерде айтылды. Біздің Қазақстан – жеріміздің аумағы үлкен, бес Франция сыяды деп сөйлейміз ғой, әдетте. Сол бес есе кіші Францияның өзінде алпыс үш АЭС бар екен. Қазіргі күні салуды жалғастыруда. Біздегі жағдайға келсек, оны он-он екі жыл салады екен. Оған дейін мамандар дайындалады. Қазір мынау Шымкенттегі институтта бес жүз бала оқып жатыр екен. Ол станция салынып біткенде бұлар отыздағы орда бұзар жігіттер болып қалыптасады. Оған дейін де жастар оқитындығы айтылуда. АЭС дегенде қазақтың санасына бірден Семейдегі атом бомбасының сынағы түседі. Әрине, сол себепті қорқынышпен өре түрегеледі, халық. Атом бомбасын сынау бір бөлек те, атомнан қуат алу – екі басқа екенін түсіндіру – біздің міндетіміз деп ойлаймын. 

Екінші бір айтарым, кезінде облыстық тіл басқармалары болды. Сол басқармалар қазіргі күні көп жерлерде жабылып қалды. Осыған мән беру керек деп білемін. 

Сәкен Зиябекұлы, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы 

- Құрметті қаламгерлер! Айтқан ұсыныстарыңыздың бәрі орынды. Бұл ұсыныстарыңыздың бәрін өзіме белгілеп алдым. Қоғамда өзекті мәселелер баршылық, әрине. «Көп түкірсе көл, көп біріксе – ел» дейді. Көптің пікірі маңызды. Мұнда қозғалған мәселелерді, айтылған ойларды көппен кездескен кезде үнемі жерде айтып жүру керек деп білеміз. Мұнда айтылмаған, бірақ қаламыздағы өзекті мәселелердің бірі – балалардың тілі орысша шығуы екендігі белгілі. Біз қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Қасенғазыұлымен түрлі мәселелер бойынша күніне бір рет, кейде екі рет кездесіп, ақылдасып отырамыз. Қазақ тілді сыныптарда оқитын балалардың саны қала бойынша қазір 65 пайызға жетті. Өткен жылы 62 пайыз болатын. Ілгерілеушілік бар. Сонымен бірге аралас мектептің мәселелері бар. Айталық, төрт-бес ата-ана орыс сыныбын ашу турасындағы өздерінің нық ұстанымдарымен келеді. Ал біз осындай жағдайда оларға дәлелдеп, түсіндіре отырып қазақ мектептерін аша алдық. Осы мәселеге қатысты: аралас мектептердегі оқушылардың сексен пайызы мемлекеттік, жиырма пайызы орыс тілінде болсын деген ұсыныстар да бар. Барынша мемлекеттік тілге мойын бұрғызу тұрғысында тиянақты, сабырлы жұмыс атқаруымыз керек. Өкінішке қарай өзіміздің қаракөздеріміз орыс тіліндегі сыныптарды ашу жөнінде өте көп талап арсыз түсіретіні жасырын емес. Биыл шілде-тамыз айларының өзінде білім басқармасына екі жарым мың шағым түскен. Осындай өткір мәселелер баршылық. Мұның бәрі – біртіндеп-біртіндеп іске асырылып жатқан мәселелер. Бәрі де уақытымен шешімін табары анық. Қала әкімшіліг мен қаламгерлер – қашанда ұлылы-кішілі істерде бірге болайық. Бүгінгі қолдауларыңыз үшін рақмет!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар