Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Домбыраның алтыны, қоласы бар......

01.11.2024 1720

Домбыраның алтыны, қоласы бар... 6+

Домбыраның алтыны, қоласы бар... - adebiportal.kz

Кеше, отыз бірінші қазан Астана төрінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің халықаралық одағы бірлесіп: «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Төрт тоқсан – төрт өнер» атты ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының алғашқы тоқсан қорытынды айтысы басталды. Қорытынды айтыс екі күнге созылып, еліміздің жиырма өңірінен жиналған, жасы он сегізге дейінгі жиырма екі жас ақын: «Егемендігім – елдігім!» атты тақырыпты арқау ете отырып, «Қола домбыра» үшін сөз қағыстырып, өлең оздырып, бақ сынаспақ.

Айтыстың негізгі мақсаты: Республика күні мен Тәуелсіздік күні мерекелерінің маңызын, ұлттық құндылықтарды жас ақындар көзімен барлап, жас жампоздар өнері арқылы жас ұрпаққа насихаттау; Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу; Жас ұрпақтың шығармашылық  дамуына жағдай жасау; Мектеп оқушыларының рухани-мәдени әлеуетін дамыту; Мектеп оқушыларының эстетикалық тәрбие жүйесін жетілдіру.

Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, өзі де талай сөз додасында бақ сынап, талай аламан айтыстың жүлдесін еншілеген, қазір Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінің тізгінін ұстап, ұйытқысы болып отырған Серікзат Дүйсенғазы келген қонақтар мен қатысушыларға ыстық ықыласты лебізін LED экран арқылы жолдады. 

Тұғырында қомдана ұшуға таранған тастүлек жас ақындарға сәттілік тілеп, салтанатты доданың шымылдығын ашқан Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыстың тарлан боз ақыны Аманжол Әлтай былай деп сөз бастады:

- Айтыс – қазақ халқының ұлық болмысын, ұлттық өзгешелігін айқындайтын нағыз атамұра, бекзат өнер. Қазақтың айтыс өнері – қыз кірпігін қаққанша сөз табатын, ат сүрінгенше ой табатын, суырып салатын тапқырлығына шынында таңданбасқа лажың жоқ. Бұл айтыс – айдай әлемді таңдандыратын қазақтың керемет ғажайып дара өнері. Осы өнерге жас ақындарды бала кезінен баулу мақсатында Жүрсін Ерманов басқаратын Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы екі мың жиырма төртінші жылдың бағдарламасын бекіткен болатынбыз. Сол бағдарламада ұрпақ сабақтастығын ескере отырып, үш сатылы айтысты өткізуді қолға алған едік. Әуелгі бірінші саты, ол «Қола домбыра». Бұған Серікзат Дүйсенғазы бауырымыз жетекшілік етеді. Екінші саты, Еркебұлан Қайназаров жетекшілік ететін «Күміс домбыра» жобасы. Үшінші сатысы, қазіргі майталман ақындарымыз бақ сынайтын. Жылда желтоқсан айында елорданың төрінде байрағын көтеретін «Алтын домбыра» айтысы.

Егер бала кезінен бастап жас өспірімдерді осылай өнерге, өнегеге баулитын болсақ, келешекте қазақы қан тамып тұрған тұлғалардың қатары көбеймесе, азаймасы анық. Қазақтың төл ұғымында тай жарыс деген болады, сосын құнан жарыс, аламан бәйгі деп бөлінетін білесіздер. Бүгін сіздермен біздер сол тай жарыстың тамаша көрермені боламыз деп ойлаймын. Осы жобаны Айтыс ақындары мен жыр-термешілер одағыменен бірлесе жүзеге асуына мұрындық болған, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы бастаған министрліктің басшыларына ерекше рақметімізді айтқымыз келеді. Және де алдағы уақытта біз министрмен ақылдаса отырып, осы айтыс өнерін мектеп бағдарламасына енгізуге күш салмақпыз,- деп сөзін аяқтады.

Жас дүлдүлдердің жыр додасы бүгін де жалғасын табады. Айтысқа ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен  Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, ҚР Жазушылар одағы мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшелері, ЕҰУ ғалымдары,  зиялы қауым өкілдері мен мектеп мұғалімдері, студенттер мен жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары қатысып жатыр.

Айтыстың үйлестіруші әрі демеушісі болып: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Топжарған” жас ақындар клубы мен «El Umiti»  корпоративтік қоры қолдау көрсетіп отыр.

Төменде, кешегі өткен тай жарыста, көңілге қонымды деген жас ақындардың бір-екі шумақ жырын, қалың оқырман назарына ұсынып отырымыз.

Бейбіт Байжігіт, Маңғыстау облысы

Кезіктім Айбарыстай ғұламаға

Апта салып, салмай-ақ жыл араға, 

Әнге сөз жазғанымды айтқаннан соң, 

Бейбітте қарсыласпай тұра ала ма? 

Мені қойшы сен сияқты әртісті айтсам, 

Басын изеп, көрермен құп алама. 

Киноға қарапайым Қайрат деген, 

Әртіс болып түсіп еді, мына бала. 

Қайрат деген атына елең еттім, 

Рысқұлбеков жоқ екен бірақ онда. 

Қайрат Байбосынов па деп ойлап едім, 

Ол кино арналмапты дүре ағаға. 

Киноны көріп алып, бетті бастым, 

Аузы боқтық, ал тілі шұбар ала. 

Ешқандай тәрбие жоқ, мәдениет жоқ! 

Өрескел қателік көп, бұл арада. 

Қожықов, Қарсақбаев, Аймановтың 

Еңбегін Айбарыстар біле ала ма? 

Драманы айналдырған комедияға, 

Комедияны айналдырған драмаға. 

Солардан неге үлгі алмайсыңдар?

Боқтық сөз атағыңды шығара ма? 

Ал енді сылтауыңды айта қойшы, 

Қалай келдің сауатсыз құрамаға. 

Сонда қазақ руханияты дәл осындай 

Мәні жоқ кинолардан құрала ма.

Арай Нұрадин, Ақтөбе облысы

«Он үште отау иесі» 

деп айтқан ол рас, тек елім. 

Алайда, білесің ба сен 

Ерлердің басынан не өткенін. 

Он үш жаста Сартай батыр 

Жауының қанын төккенін. 

Он үш жаста дау шешкен 

Ұлы Апай неткен тек дедің. 

Дәл сондай, міне, елдерге 

Рұқсат еткен текті елім.

Ал сен, бауырым айта қойшы,

Не қарық қылып көктедің. 

Ақ нанды дұрыс жей алмай, 

Үйленем деуің неткенің. 

Талабы да тау екен, 

Қаршадай өзі болса да.

Кішкентай болып кеп қапты, 

Алам деп бәйге жол сала.

қыз алғысы да келеді, 

Он екіге енді толса да.

Ашығын саған айтайын, 

Көңілің сенің солса да. 

Қатты айтты деп ренжіме, 

Қыздан басың қалса да. 

Қыз өзі мұның не теңі,

Мың жерден топты жарса да. 

Крыловтың мысалын, 

Айтайын естен таныса да. 

Қошқар көтерген қарғадай, 

Ұяттан қалтырап жанса да. 

Әлін білмеген, әлі деп, 

Осыларға айтқан тамсана.

Айналайын, інішек, алып ұшпа,

Ақынға ең бастысы ары нұсқа, 

Ал арындап, мықтылап айту үшін

Болу керек тілің төс, жағын ұста. 

Сен кәсіпқой қасапшы емессің ғой. 

Байқап ұста пышақтың сабы қысқа.

Әпкелік ақ тілегім, айналайын, 

Керек десең, патшаның тағын ұста. 

Екі ауыз жыр жаттадым, жетілдім деп, 

Аяққа оратылып сабылыспа. 

Арайдай әпкеңізден машық үйрен,

Айғыз-айғыз әйнектей шағылыспа. 

Үйренетін сәтте өзі көп тумайды. 

Білесің ғой, тамыздың таңы қысқа ай.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар