Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәурен Бақытқажыұлы. Таланттарды іздеп жүремін

30.06.2021 1419

Дәурен Бақытқажыұлы. Таланттарды іздеп жүремін

Дәурен Бақытқажыұлы 1989-жылы, 10-сәуірде Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Ақбелдеу ауылына қарасты Жамбылқора қыстағында дүниеге келген. 2010-2012 жылдары Күйтің қаласындағы оқу-ағарту институтында қазақ әдебиеті мамандығынан білім алған.

"Қарағайбастау", "Қарағайбастау сазгерлері", "Азаттығым-ғажап күнім" алманақтарына өлеңдері енген. "Он сегіз", "Махаббат шыңы" жыр жинақтары, "Қытайдағы қазақ спортшылары", "Моңғолядағы халықаралық қазақ спортшылары" кітаптары жарық көрген.

2018-жылы Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында өзінің жеке шығармашылық ән-жыр кешін өткізген. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған республикалық жыр бәйгесінің 1-орын иегері.

Шинжияң қазақ тіл-мәдениет қоғамының, Шинжияң әдебиет - көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі. Моңғолия, Баян-Өлгей аймағының құрметті азаматы.

- Дәурен жақында «Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдары» кітабың жарық көрді. Өзіңнің де өнерден құралақан емес екеніңді жақсы білеміз. «Сал Дәурен» деп сыртыңнан естіп жүруші едік. Бүгін жолығудың сәті түскен екен. Оқырманға осы еңбектің жазылуы жайлы, мән-мағынасы жайлы кеңінен тарқатып айтып берсең?..

- Қазақ "сөз қадірін - өз қадірім" деп білген, сөздің иесіне емес, жүйесіне жығылған халық. Бір ауыз сөзбен елді берекеге шақырып, бір ауыз сөзбен баяғының билері тіспен шешпес түйіншекті тілмен шешкен, аталы сөзге тоқтаған баталы елдің ұрпағымыз. "Күлдірем деп күлкі болудан сақтасын!" деп, ел алдында жерден сүрінуге емес, сөзден сүрініп кетпеуге барынша абай болған. Сол үшін де Абай атамыз:

"Жігіттер, ойынарзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса жарайды, қылса сұхбат", - деп бекер жырламаса керек.

Осындай керемет сыр мен сымбатқа толы, кешегіден бүгінге жеткен ел ауызында тараған қазақы қалжыңдар, шешендік сөздеріміз жетерлік. Сөз атасы Майқы биден бастап, бүгінгі дәуірге дейін небір сөз сүлейлері өткен. Солардың жалғасы, өткір сөздің ақ алмасы болған, Алтайдың арғы бетінде болса-дағы, қазақылық болымысынан айырылмаған Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдарын оқырманға жинақ етіп ұсынып отырмын.

Бұл кітапқа Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі Таңжарық Жолдыұлы, кейінгі қазақ әдебиетінде өзіндік орнын ойып тұрып алған Омарғазы Айтанұлы, тапқыр сөздің тарландары, айтыс ақыны Бердіхан Абайұлы мен Құрманбек Зейтінғазыұлы қатарлы және кейінгі буын ақын-жазушылардың әдемі әзілдері мен қарымды қалжыңдарын қамтыған біраз дүниені құрастырдым.

Бұл арада мені жазушы ретінде емес, құрастырушы ретінде қабылдасаңыздар болады. Өйткені, бұл кітапті арғы беттегі ағайындардың арасындағы елдің жоғын жоқтап жүрген Жеңіс Ырысханұлы, Сержан Қабетұлы, Айдынбек Шәріпқанұлы, Асан Әбеуұлы, Қызырбек Жанасылұлы, Қайрат Сауытұлы, Мақсат Нұрғазы, Кәдірқан Қизатұлы, Мұрат Алмасбекұлы, Ғарафа Нәсиоллаұлы, Досбол Бейсенұлы қатарлы ақын-жазушылардың жинаған дүниелерінен, басқа да деректерден реттеп және өзімнің ел арасынан жиғандарымды қосып даярладым.

Бұл шағын кітаптің шығуына себеп болған, бірде ақын Несіпбек Айтұлы ағамызға кездескенде, әңгіме болсын деп арғы беттегі әзілдерден айтып беріп отырғанымда, "мына дүниелерді бір шағын кітап етіп шығарсаң болады екен" деп айтқаны бар еді. Арада біраз уақыттан кейін Маңғыстау телеарнасының "Қышқыл-Мысқыл" бағдарлама-сына арнайы қонақ болып осы қалжыңдардан бөлісіп қайыттым. Бағдарламада айтқан қалжыңдарым кейін жұртпен жүздескен соң елдің ықыласы ерекше болды. Ағаның айтқан ақылына "Қышқыл-Мысқыл" бағдарламасына қатынасуым, елдің толассыз келіп жатқан ықыласы қамшы болса керек, оның үстіне, Қазақ елінде Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдары, бұрын-соңды кітап болып шықпаған екен, бір жағы сол бостықтың орнын толтыру ниетпен, бірден аз уақыт ішінде осы кітапті құрастырып шықтым.

Шағын кітапті арғы беттегі қазақ қаламгерлерінің қалжыңдарының толық жинағы деуден аулақпын. Бұл шағын кітап арғы беттегі қазақ қаламгерлерінің қалжыңдарының бір парасы деп ұғу керек. Ендеше, "теңіздің дәмі - тамшысынан" дегендей, мынау қолыңыздағы пышақтың жүзіндей шағын жинақтың ендігі әділ бағасын оқырмандар берсе деймін.

- Күнесте туып күллі алашқа мәшһүр болған ақын Таңжарық Жолдыұлынан бастаған екенсің. Солақай саясаттың кесірінен тұтқындалып, түрмеге жабылған таудай талант жайлы сөз біз үшін де құнды...

- Ареке, ол әңгіме биебау басында туған өлең жайлы. Ақын Таңжарық бала жасынан зерек, қағілез болып өседі. Бір жылы ел жайлауға қонған қымыз мұрындық кезінде ырымдап, ат сауырына май жағып жатқан әкесі Жолдыны асау айғыр қос аяқтап теуіп, ұзынынан түсіреді. Сонда жүгіріп жеткен 10 жасар бала Таңжарық:

– Жолды әкем еді - бас қалқам,

Жиылмай қалды дастарқан.

Қас-қаққанша болғаны-ай,

Аузы-мұрны тас-талқан, - деп өлеңдетеді.

Жиналған жұрт қаршадай баланың қас-қағым сәттің суретін сөзбен салған тапқырлығына таңдай қаққан деседі.

Ақыры бастағасын айта кетейін, Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Майлы тауында дүниеге келген Омарғазы Айтанұлын білмейтін қазақ жоқ шығар?.. Ерекше болмысты ақын соңына «Құс жолы», «Түйе», «Сәукеле» қатарлы жыр жинақтарымен қоса «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдарын және көптеген сахналық шығармалар қалдырған, поэзияда өзіндік дара жол салған ұлы қаламгер.

Сол Омарғазының туған жері Алмалы өңірінде үлкен бір өнер тойы өтетін болып, Үрімжіден Омыкең де шақырылады. Дүрілдеп той өтіп жатқан бір мезгілде Омыкең ұсыныс бойынша сахнаға өлең оқуға шығады. Омыкең ұйқасы сирек ақ өлеңін оқыса керек. Өлеңнің біршама жеріне келгенде, халықтың ортасында отырған, қара өлеңге құлағы үйір ақынның әкесі Айтан ақсақал қасындағыларға қарап:

– Біздің Омыкең өлең оқиды деп еді, әлі сөйлеп тұрғаны несі? - деген екен дейді.

Тағы бірде Омарғазы Айтанұлының "Түйе" деген кітабі Іле халық баспасында бірқанша жыл жарық көрмей, ұзағырақ жатып қалады. Бір күні Омыкең баспаға хабарласып, өзінің сабаз мінезінен жазбай сабырлылықпен:

- Менің кітабім баспаға барғалы қаншама жыл болды?! Маңайындағы бота-тайлақтың бәрі тұрып кетті. Менің түйемді "ат-шүу"дейтін адам жоқ па, - деген екен. Сөздің жүйесіне жығылған баспагерлер осы сөзден кейін кітабын тездетіп шығарып берген деседі.

1980 жылы ұйғұр ақыны Тайыпжан Әлиев, біздің ақын Омарғазы Айтанұлы, Мақатан Шәріпханұлы үшеуі Алтайды айналып шықпақшы болып Өр-Алтайдағы Шіңгіл ауданына барыпты. Ол жерден Әбденбай Бажайұлы қосылып, Шіңгілден Көктоғайдың жайлауына барыпты. Қымыз ішіп, жол соғып шаршаған Мақатан мен Әбденбай күндіз қалғып кетсе керек. Сонда Омыкең:

- Көрім мыналар ұйықтап, біз демалып қалдық қой-, депті екеуінің көп сөйлеп естерін шығарғанын меңзеп. Сонда Тайыпжан:

- Жаудың демалуы келер соғысқа дайындық қылуы, - деген екен.

1980 жылдардың басында Омарғазы Айтанұлының отбасына Асқар Татанайұлы мен Мағаз Разданұлы келіп қонақ болыпты. Омыкеңнің әйелі ұйғыр жеңгеміз Қалшам қонақтарын бәйек болып күтіпті. Қолға су құйылып, алдыға ас келгенде қараса табақта екі жамбас тұр дейді. Қонақтар жамбасқа бір, Омыкеңе бір қарапты. Сонда Омыкең:

- Сары майдай сақтаған екеуіңе арнаған жамбастар болатын, оның үстіне былтыр да қонаққа шақырдым, келе алмадыңдар. Мынаның бірі былтырғы жамбастарың, бірі биылғы жамбастарың, - деп жол тауып, білдірмей кеткен екен.

- Дәурен, мұның бәрі құр қағытпа қалжың ғана емес, тұнып тұрған шежіре ғой. Бұл адамдар бүгінде бақилық болса да, халқының жүрегінде, елінің тарихымен бірге мәңгілік жасайтын тұлғалар. Осындай зор еңбегіңе қарап сүйініп отырмын. Енді «Қытайдағы танымал қазақ әндерінің тарихы» деген екінші жинағыңа көзім түсіп отыр. Бұл кітаптың да маңызына тоқталып өтсең?

- Қытайдағы танымал қазақ әндерінің тарихына үңілген бұл кітап халық ішінде жарты ғасырдан астам уақыт белгілі болған "Ой, Қайша"," Қос жеңге", "Жиырма жеті қыз"," Қази-ай" әндерінен басталып, әрі қарай соңғы отыз жыл ішінде Қытайдағы қандастарымыздың арасында дүниеге келген әндердің сөзін жазған ақынмен, сол өлеңге байланысты тарихты, кішкентай себепкер сәттерді де қағыс қалдырмай, музыкасын жазған сазгердің де айтарын жымдастырып, әннің сан мыңдаған көкіректерге жол табуының себебі жайлы өрбиді. Кітап қазақтың алтын сағынышы кеудесінде оянған әнсүйер барша оқырманға арналды.

Ендеше бұл кітап жайлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың пікірін ұсынғанды жөн көріп отырмын.

«Қазақ өмірін ән-күй мен әлдилеген халық. Сол үшін де "ән - өмірдің ажары", "әнсіз өмір - мәнсіз өмір"дейтін дана халқымыз өмірін өнермен сабақтастыра білген. Ән-күймен өзінің ішіндегі зар-мұңын, қуанышын, жұбанышын, күйінішін, сүйінішін жеткізген. Ән адамды қырбақтай жеңіл қуанышымен ғана емес, бір адамның басындағы бақыт пен қайғының нәзік буындарының, ғасырлар бойы сақталуына өз септігін тигізген.

Сол қазақ ән өнерінің ұлы мұхитына келіп қосылған, алты қырдың астынан жеткен Алтайдың арғы бетіндегі ағайындардың, әуезді әндерінің орны тіптен бөлек. Онда мөлдіреген, елжіреген бір сағыныш бар. Әндердің тарихын естісең оның ішкі иіріміне тіптен бойлай түсесің. Қолыңыздағы мынау шағын кітапта жазылған әндердің тарихын оқып, менде сондай әсерге бөлендім. Бұл әндер әуезділігімен ғана ерекшеленбейді, өз тарихы арқылы сол жақты мекендеген қазақтардың өзіне тән өмір тарихынан, тыныс- тіршілігінен сыр шертеді.

Дәурен Бақытқажыұлы бауырымыз бұл әндердің тәрихын біреуден оқи салмай, біреуден сырттай ести салмай, арғы бетте жүргенде өзі арнайы іздеп барып, ән авторларының ауызынан жазып алған еңбектеріне, жуық уақытта тағы бірнеше тарихи әндердің тарихын қосып шағын кітап етіп даярлаған екен.

Кітапта қайсы әннің тарихы жазылған парақты ашсам да, әндердің тарихын жалаң ғана айта салмай, өзінің ішкі жан толқынысын сіңіре білген. Автор кітаптағы көптеген ән тарихын өз жүрек түкпірінде жатқан, түнек пен шуақ араласқан көңіл күйін сәйкестіре отырып, боямасыз шебер жеткізген. Ән тарихының да сол арадан жаңа ізбен бастау алғанын көріп таңғалуға болады. Мен бұл шағын кітапты үлкен еңбек деп бағаладым.

"Ақын болу өз ісің, азамат болу борышың" дегендей, ақындықпен қатар өзінің азаматтығын жасап, алыстағы ағайынның аз да болса жоғын жоқтап, әйгілі бір үлкен қаламгер болмаса да, өзінің шамасының шарқынша еңбектеніп жүргені қуантты. Мен Дәуренге болашақта, алыстағы ағайынның ғана емес бүкіл қазақ руханятына еңбек етер, бұнан да үлкен дүниелер жасайтын биік тұлға болып қалыптасуына тілектеспін.

Ата жұртқа қоныс аударып, Есілдің жағасына, Астана қаласына ірге теуіп жатыр екен. Қонысың құтты, қадамың нықты болсын бауырым!».

- Қазақ арасына ерекше тараған бір ән болса осы «Бір досың керек екен» болуы керек. Сөзі де, сазы да үйлесе кеткен осы үлкен шығарманың да тарихына үңіліпсің. Меніңше, бұл барлық оқырманға қызық болса керек. Айта отырсаң?..

- 2018 жылы қабағы қаталдау қаңтар айының 27-ші жұлдызы, қыстың қыспағы қысқан, сақылдаған сары аяз болсада, жүректі жылытар бір сағынышпен, жастық, албырыт шақтың бір елесі қалған Құлжа қаласына бардым.

2009 жылы осы Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан кейін белгілі себеппен оқымай кеткен едім. Вокзалдан түсе қалып солға қарай бұрылғанда институттың артқы қақпасы. Қақпадан кіргім келді, сол күндерді еске алып жүргім келді. Институттың қақпасы кіргізер, бірақ өткен күннің қақпасын қайтып қағуға келмейді-әу, бәрі оралмасқа кеткен… Қаңтардың аязындай жанымды бір дүние қариды. Көңіл ештеңеге соғар емес. Демалғым келіп вокзалдың іргесіндегі бір қонақ үйге орналастым. Ұйықтайын десем ұйқым келмейді, біреумен сырласқым келеді. Иә, осындай сәтте бір досың керек екен. Сол мектептің құшағында жүргенде, өзімнен бір курс жоғары оқитын, ақын, жаныма жақын қазыр "Іле газетінде" жұмыс істейтін Бақберген Божбалдақұлы дейтін досыма хабарластым. Бақберген біраз уақыттан кейін келді. Екеуміз арқа-жарқа әңгімелесіп, өлеңімізді оқып бір кеңіп қалғандай болдық. Ол түнгі кезекшілікке шығатын болғандықтан, жұмыс орнына түн ортасында қайтып кетті.

Ертесі тәңертең сол Іле педагогикалық институтында қазақ әдебиеті мамандығы бойынша ұстаздық ететін, "Бір досың керек екен" деген керемет әннің авторы, ақын, сазгер Әбдіхамит Орнықбайұлы ағамызға телефонда хабарласып түскі аста бірге болуға келістік.

Қарапайым, ақ көңіл, ашық-жарқын ағамыз:

- Алыстан ат терлетіп келдің, - деп мені бәйек болып күтіп жүр.

- Жоқ аға, ештеңеге әуре болмаңыз. Өзіңізге амандасып, бір жағы сіздің "Бір досың керек екен" деген әніңіздің тарихын сұрап келіп едім, - дедім түстен кейін жұмысқа шығатын ағамыздың уақытын ұттырмауға тырысып.

- Жарайды інім, бұның бір жақсы бастама екен, - деп сүйінішін білдіріп алдындағы астан ала отырып, дәмін келтіре ән туралы әңгімесін бастады.

- Бұл әннің жазылу уақыты, сөзі мен әні бірдей дүниеге келген кез 2003 жылы. Ол кезде жеңгең Айбүбі Тоғызтарау ауданының Ағарсын ауылында мұғалім болып істейтін, қызмет бабымен көп келе алмайды. 2 жаста Десбер деген ұлым бар, бәрі ауылда тұрды. Мен жатақханаға жатып қызмет істеймін. Бір күні жұпыны жатақханамда отырып, қалай екен көңілімде бір жабырқау болды. Жалғызсырау орын алды. Аралықтарда ойнап-күліп, ойын-тамашамен кететін кездер де болушы еді. Не ондай мүмкіншілік те болған жоқ. Қалайда бір құлазу болды. Бір дүниені сағынатын сияқтымын. Сағыныштың әсері болар, өзіме серік етіп дыңғырлатып отыратын жатақханамда бір домбыра болушы еді. Соны қолға алып, толғанып отырғам. Кенет бір әуен келді. Дыңғырлатып шертіп отырған әуеніме "Бір досың керек екен" деген сөз үйіріліп тұрды. Сол әуенді домбырада біраз тұрақтандырып, бас-аяғы қабысқаннан кейін, "Бір досың керек екен" деген ән сөзін жаздым.

Мен енді кәсіптік музыкант емеспін, нота білмеймін. Әйтседе, бастауыш оқып жүргенде Жұматай сияқты ұстаздарым болды. Сол кісілер балалар мерекесінде сахнаға шығарып ән айтқызып, комедия қойдырып жүрді. Қазір ойлаймын "сол кезде бейімім болды ма?" деп.

Кейін азамат болдық. Біздің жастық шағымыз магнитофонмен өтті. Ауылда тұратын қарындасым ән таспасын сатады. Мен Құлжадан базардан алып салып

жіберем. Сол ән таспалардың бәрін тыңдадым. Оның үстіне музыкант достарым болды. Сондықтан болар музыкаға жақын болдым. Бір керемет сазгер болмасам да, жүрегімді жарып шыққан осындай бір ән дүниеге келді.

Кейін бұл ән достардың ортасында шырқалып, ауыл арасында тарап кетті. Біреу ананың әні, біреу мынаның әні екен дегендер де болды. Ән ақыры иесін тауып, Тоқтар Мейірқанұлы қатарлы көптеген әншілер менің атымда үлкен сахналарда орындады. Қазақстанның өнер жұлдыздарынан Айқын Төлепберген қатарлы әншілер орындап арғы бетке жетті.

Енді бір әнді жазсаң, "бұны кімге арнап жаздың?" деп сұрап жататын адамдар болады ғой. Сол сұрақты менен де сұрады. Мен айтам, осындай әйелім жанымда жоқ кезде құлазып жүргенде жазған ән, бұл әйеліме арналған деп (күлді). Міне осылай ағамыз әннің тарихын әңгімемен бастап, әзілмен аяқтады.

Қаңтардың қақаған аязында дәмханадан ыстық тағам жеп бойым жылығандай, ағамыздың ыстық ықыласымен жүрегім жылығандай сәт еді бұл. Іле педагогикалық институтының дайындық курсын бір жыл оқып, оқуға түсу нәсіп болмай, осы ұстаздардан 4 жыл сабақ алу бұйырмаса да, мінеки бірер сағат болса да әңгімеде болдық. Оның өзі бір сабақ.

"Іле кеші" газетінде редактор болып жұмыс істейтін, ақын, журналист Нұрболат Әбдіқадірұлы ағамыз өзі арнайы хабарласып, "Іле кеші" газетіне тағы бір әннің тарихын басқан еді. Түскі астан кейін Әбдіхамит ағамызбен қоштасып, Нұрболат ағама барып сол газетті қолынан алып, аз әңгімелесіп Құлжа қаласынан қайттым.

"Бір досың керек екен" әні бұл күні халықтың жанымен сүйіп айтар әніне айналып кетті. Сол халық "маңайыңды таспен емес, доспен қала" демеуші ме еді?!

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

"Достыққа жүрмін, достыққа жүрмін құмартып,

Өлгелі жүрмін өзіме өзім мін артып.

Жауыңның барып қасында уәзір болғаннан,

Досыңның барып ауласында өлген мың артық" деп жырлаған екен. Иә, өмірдегі жүрегің, тірегің де сол дос емес пе? Достармен бірге әніміз бен сәніміз жарасып, жанымыз нұрға шомып жүре берейік әрдайым!

- Қандай ғажап естелік!.. Шынында да сүйінерлік іс жасағансың. Әнді білсек те, сөзін жазған, сазын жазған таланттарды, әннің туу тарихын білмейміз ғой. Сенің арқаңда қайта тыңдағандай болып отырмын.

Енді «АРМАН-АЙ» әніне ойыссақ. Бұл ән алғаш Қазақстанға жеткенде сүйіп тыңдайтын тыңдарманы болдым. Жүрегімді бірден өзіне баурап әкетті. Тарихын өз аузыңнан естісем деймін?..

- 2018 жылы ақпан айының соңғы күндері, Басбай атамыздың ауылы Шағантоғай ауданында тұратын сазгер Тұрсынғали Мұхамметжанұлы ағамызға сәлем бере бардым. Алдымнан Тұрсынғали аға мен "Арманым асыл махаббат", "Ар-тұмар" жыр жинақтарының авторы, қаламменен қаруды қатар ұстаған жауынгер ақын Айбек Көлбайұлы ағамыз екеуі күтіп алды.

Ақ жарқын ағаларымыз жайған ақ дастарханға жайғасып, ақ жеңешеміздің қолынан ақ дәмін таттым. Әсем ән әуелеп, өлеңдер оқылып, күй күмбірлеген керемет бір көңілді отырыс болды.

Осындай көңілді отырған сәтте Тұрсынғали ағамыздан, "Арман-ай" деп аһ ұрғызып, естісең көңіліңді көлдей толқытар, жалған дүниеде арманына жетпей кеткен қаншама жандардың жүрек қылын шерткен "Арман-ай" әнінің тарихын сұрадым.

Тұрсынғали ағамыз терезеден Барлық тауының басына көз жібере отырып, ән тарихы туралы әңгімесін бастады.

- Мен 1997 жылы Күйтің қаласындағы көркемөнер институтының музыка факультетін бітіріп келіп, Шағантоғай аудандық мәдениет мекемесіне қызметкер болып қабылдандым.

1998 жылы анам Биқайша Қайранбайқызы ауру себебінен қайтыс болды. Бір үйде 8 баламыз, мен ең сүт кенжесі едім. Мені оқытып жеткізіп, енді қызығымды көрерде, "келін түсірсем, немеремнің маңдайынан иіскесем" деген арманына жетпей кетті.

Сол арманына жетпей өзіме арман болып кеткен, ақ жаулықты анама арнап ән жазсам деп ұзақ уақыт ойланып жүрдім.

"Ойласам мынау өмірде жалған, Көп шіркін адамда арман. " деген осы екі жол өлеңді жазып, домбыраға салып айтып, осы негізде ең алдымен әуенін жаздым. Бұл 2001 жылы жаз айы еді.

Енді туған бұл әуенге мықты бір ақынға сөз жаздыру керек болды. Бір күні Шәуешек қаласында тұратын қазақтың мықты ақыны, ардақты ұстаз Қыдырқан Мұқатайұлына жаздырсам деген ниетпен ағамызды іздеп бардым.

Ол кезде менің 20 жастан енді асқан кезім. Мен өзім әйгілі сазгер болмасам да, ағамыз жассынбай, жатсынбай құшақ жая қарсы алды. Сонымен ол кісіге осы арман туралы сөз жазып беруді сұрадым.

Қыдырқан аға:

- Жарайды! Алдымен әуеніңді айт, тыңдап көрейін,- деді. Үйінде бір домбырасы бар екен, сол домбыраны қолға алып, екі жолын сөзімен, әрі қарай қалған әуенін ыңылдап айтып бердім. Ол кісі қайта-қайта орындатып, бірнеше рет тыңдағаннан кейін:

- Мына әуеніңде бір сағыныш бар екен, мұң бар екен, халықтық сарында тамаша әуен екен, - деп бірден жылы қабылдады.

Ағамыз жадырап сала беріп Зағира апамызға шәй қайнаттырып, дастархан басында бірнеше сағат әңгімеде болдық.

Мен анамның қайтыс болып, сол анаға деген арманнан туған ән екенін айтып едім, ол кісінің де менімен ұқсас бір арманы бар екен. Мен анамнан айырылған тура сол 1998 жылы ол кісі ұлынан айырылыпты. Өнерге жақын, музыкант Серік дейтін ұлы қайтыс болып, қайғыдан қабырғасы қайысып жүрген кезі екен. Көкірегінде бір арман бар, бір өкініш бар.

Бұл "Арман-ай" әні Қыдырқан ағамыздың жүрегіндегі сол дүниеге дөп келгендей.

- Жарайды бауырым. Бұл әннің сөзін келістіріп отырып өзім жазып беремін, алаңдама!, - деп уәдесін беріп, ән әуенінің буын-бунақ санын алып қалып, сөзін жазып болғаннан кейін телефон беріп хабарласатын болды.

Арада 12 күн өткеннен кейін Қыдырқан ағамыз телефон шалып, әннің сөзін жазып болғанын айтты. Телефонда 10 шумақтан тұратын әннің сөзін жазып алып, домбыраға салып айтып көрсем, бірден сөзімен әуені қабыса кетті. Міне осылай "Арман-ай" әні дүниеге келді.

Ең алғаш Шағантоғайда өзімнің ағайын-достарымның арасында айтып жүрдім. Басында елге бұл әнім ұнамай қала ма деп, біраз жүрексіндім. Бірақ достарым:

- Түке, мынау кімнің әні? Қандай керемет! Біз естімеген ән ғой. Қазақстан жақтың әні ме?, - деп таң қалды.

Олардың берген жақсы бағасын естіп:

- Сөзін Қыдырқан Мұқатайұлы ағамыз, әнін мен жаздым,- дедім жасырмай.

Бұл ән ауыл арасында тарай бастады. Тұңғыш рет сахнада Шағантоғай ауданында қызметтесіміз термеші Сәуірбек Оңғарбекұлы деген ағамыз және әнші Мәдина Секенқызы деген қарындасымыз орындады.

2002 жылы Күйтің көркемөнер институтында бірге оқыған сабақтасым, Толы ауданында тұратын әнші Мәңгінұр Мошанқызы Шағантоғайға бір жұмыстарымен келеді. Маған телефонда хабарласқаннан кейін оған арнап дастархан жайып, ағайын-достармен бірге жақсы әңгімеде болдық. Мен ауылдың алты ауызының орнына "Арман-ай" әнімді домбырада орындап бердім. Мәңгінұр сол жерде осы әнге қызығып, "мен орындайын" деп әуенін жаттап, сөзін жазып алып кетті.

Кейін Мәңгінұр Айбын Ақатайұлы, Ерсін Шәнсінғалиұлы сияқты өнердегі азаматтардың домбырада сүйемелдеуінде дыбысқа алып орындап шықты. Сонымен Мәңгінұрдың орындауында ән бүкіл халыққа тарады.

2010 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік қазақтарының 13-кезекті құрылтайына орай, халықаралық жыр мүшәйрасы мен терме сайысы болатын болып, соған ақын Қайрат Құлмұхамметұлы ағамыз шақырды. Мәңгінұр осы жарысқа барып "Арман-ай" әнін орындады.

Сол кезде әділқазылар бұл әнге "бұл терме болғанда да, дәстүрлі терме емес, ән терме. Құлаққа жағымды, иірімі күрделі емес, халыққа тез сіңеді. Әні мен сөзі қабысқан. Сонымен бірге орындауы керемет" деп, 3 түрлі баға беріп, "Шаңырақ" сыйлығымен марапатталды.

Шинжияңда Гүлбаршын Қанашқызы, Зураш Мырзабекқызы мен Майнұр Мейірқанқызы және Мақпал Белгібайқызы қатарлы көптеген әншілер орындаса, Қазақыстанда Сандуғаш Нұралиева, Жазира Байырбекова қатарлы әншілер орындады. Міне, жалпы "Арман-ай" әнінің тарихы осылай бауырым,- деп ағамыз әннің тарихын тәмамдады.

Иә, "Ағыл-тегіл" деген жыр кітабімен ағыл-тегіл ақтарылған, қара өлеңнің, қазіргі Қытайдағы қазақтар поэзиясының қара нары болған, "Сұлу да, сұлу дүние-ай" деген кітабі иен қара сөздің қайығы болған Қыдырқан Мұқатайұлы ағамыздың сөзіне жазылған сазгер Тұрсынғали ағамыздың "Арман-ай" әні арман туралы толық толғана білген, арман туралы шегіне жеткізе айта білген ән деп айтсақ артық айтпаспыз.

Тұрсынғали ағамыздың тағы бір қыры - қанында бар ақындығы. Мүмкін 90 неше жасқа келіп қайтыс болған, жанынан өлең шығарған, көптеген қиса-дастандарды жатқа білген, шежіреші, шешен, ауылының қадірменді қарты болған әкесі Мұхамметжан Зағыпарұлының даңғайыр қасиетінен жұққан да шығар. Кей әннің сөзін өзі жазса, әннің сөзіне ерекше жіңшкелікпен қарайтындығы. Мұның өзі өнерге деген үлкен жауапкерлік.

Сол жауапкерлыктен осындай бір үлкен жұрттың жүрегіне жеткен ән туды. Керемет сөз жаздыруға, Қыдырқан ағамызға барғанына риза болсақ; ал алдына барған жас азаматтың бойындағы тарыдай талантын таныған, Қыдырқан ағамыздың сын көзіне риза боласың.

Сол үшін де Қыдырқан ағамыз Тұрсынғали ағамызға арнап:

Жаныңменен боядың үнді түрлеп,

Өлең жаздым тасқа да тіл бітір деп.

Қоңыр таудан қосылған қос бұлақтай,

"Арман-аймен" кеттік біз бір бүтін боп,- деп бекерге өлең арнамаса керек.

"Қоңыр таудан қосылған қос бұлақтай" болып әні мен сөзі қабысқан "Арман-ай" әні сарқылмай, қазақ өнерінің мұхитына барып қосылды.

"Құздары көкті тіреген,

Төсінде бұлттар түнеген,

Тауларда мен де түлегем.

Тау болып қалса арман не,

Жүректен туған бір өлең?!" деп Марфуға Айтқожина жырлағандай, "Арман-ай" әні бір өзі тау болып қалған армансыз шығарма.

Шырыштай шағын топ болып армансыз әнімізді айтып, жырымызды жырлап, ақыры мен Басбай бабаның ауылындағы Тұрсынғали, Айбек, Бауыржан, Нұрбек ағалармен және Іле педагогикалық институтында сабақтасым әрі жақсы досым болған Еркін Орашұлы сияқты асыл жандардың жомарт көңілідеріне марқайып Шағантоғайдан Шәуешекке қайттым.

Жолда "Арман-ай" әнін тыңдап келем. Біресе жаңбыр, біресе аз қар жауып тұр. Қар аралас жаңбыр. Тек қуаныш емес, дәл осылай кейде қабағыңнан қар, жанарыңнан жаңбыр жауатын өмір ғой бұл!...

"Қары қалың қатты қыстың артынан, көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?" деп Абай атамыздың 37-ші қара сөзінде айтылғандай, мен де бір алдан келер жақсы жазды армандап жүрмін, сол арманға қашан жетемін деші?!…

Әй, арман-ай!…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Сұхбат, Дәурен Бақытқажыұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар