Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бұлықсыған ерке жыр...

18.11.2022 2077

Бұлықсыған ерке жыр 14+

Бұлықсыған ерке жыр - adebiportal.kz

Көкшелік кейінгі толқын ақындардың ішінде Қуаныш Оспан - өз өлең-жырларымен оқырмандарын шуақты сезім, жылы әсерге бөлеп жүрген талант. Қаламы жүрдек, сезімі ұшқыр Қуаныш өз тұстастарынан өзінің ойлы да батыл жырларымен ерекшеленіп өзіне ерекше назар аудартып жүрген арқалы өнерпаз.

Өлең-жырларында айтар ойын да, сезімін де тайсақтамай жарқ еткізіп, төгіп айтатын ерекше адуынды қасиетке ие серпінді де тегеурінді ақын. Қуаныш кейінгі толқын ақындардың ішінде өз өңірінің табиғатымен астасқан, қазақ ауылының болмысын ерекше сезінетін, поэзияда ұлттық кескін-келбетімен (этнофорлық) жарқырай көрінетін таланттарымыздың бірі.

Өз басым Қуаныш жырларынан әлемдік әдеби үдеріс сипаттарын да, ұлттық стихия сипаттарын да айқын сезінемін. 

Ел арасында «Оюлы Қуаныш» бүркеншік есімімен танымал Қуаныш Оспан «Ауылдың баласымын», «Аспандағы астра», «Сыбаға» жыр жинақтарымен оқырман қауымның жылы ықыласына бөленген жарқын талант иесі. Ол аздаған жылдар ішінде өзінің талантты өлең-жырларымен оқырман қауымның жүрегіне жол таба білген, өзінің ақындық қуатымен берісі Көкше, әрісі бүкіл ел өңіріне танымал болып үлгерген талантты шоғырдың қатарынан саналады.

Қуаныш Оспан поэзиясында ауыл тақырыбы ерекше көзге ұрады. Ол өзінің барлық поэтикалық назарын осы тақырыпқа,аударып, ерекше салмақ (акцент) салады. Себебі ақынның кір жуып, кіндік кескен» ортасы – ауыл. Ал енді осы Қуаныш ақынның ауылы қандай ауыл деген мәселеге оралсақ. Ол әрине – қазақ ауылы. Ал енді осы қазақ ауылы деген ұғымға қандай ауыл кіреді?!

Патшалық замандағы қазақ ауылы, кеңестік тұстағы қазақ ауылы, кеңестік кезеңнен кейінгі (посткеңестік) қазақ ауылы.

Кейінгі буын өкілі Қуаныш ақынның ауылы әрине – посткеңестік қазақ ауылы. Міне сондықтан да Қуаныш ақынның жырлайтын қазақ ауылының мәні де мағынасы да мүлдем өзгеше! 

Жалпы орыс поэзиясының тарихына үңіліп қарасақ та, бұл мәселенің күрмеулі түйіндері молшылық.

Орыс поэзиясында «жаңа шаруа поэзиясы» (новокрестьянские поэты) деген атпен белгілі, «күміс ғасыр» кезеңіндегі шаруалар ортасынан шыққан ақындардың әдеби бағыты болған. Бірақ бұл атау шартты еді. Бұл бағыттың өкілдері Сергей Есенин, Николай Клюев, Сергей Клычков, Александр Ширяев, Петр Орешиндер болды.

Бұлар өз жырларында патриархалдық, деревнялық Ресейді, технократтық  Ресейге қарсы қойды. Орыс болмысы, орыс рухының кіндігі деревняда деп есептеді. Бірақ сонымен бірге оларға «орыс модернінің» стилдік ұмтылысы да жат болмайды.

Қазақ поэзиясында осы «күміс ғасыр ақындарының» ықпалында болған Мағжанның «Айда атыңды Сәрсенбай» өлеңін еске алып көрелік.

Кеңестік кезеңдегі қазақ ақындары да ауыл тақырыбын көп жырлады.Олар да ұлт болмысының қайнар көзі ауыл деп ұқты.

Негізгі сарын: «Туған ауылым өзіңді сағындым. Мен сенен алыс, жыраққа кеттім. Түнде түсіме кіресің.Күндіз-түні жүрегімдесің ауылым!» - деген сияқты сағынышты жырлар. Қуаныш ақынның ауылды жырлауында мүлде басқа сарын бар. Оның жырларында ауылға деген құр сағыныш емес, ол тозып, жоғалып бара жатқан ауылды іздейді, аңсайды, торығады. Оның әлеуметтік қоғамдық себебіне үңіледі. Қуаныш жырларының сарыны XXғ. 50-70 ж.ж. орыс поэзиясында бой көрсеткен «Тыныш лирика» («Тихая лирика») ақындарының сарынына келеді. «Тыныш лирика» атанған деревня ақындары өкілдеріне: Анатолий Предреев, Николай Рубцов, Стянислав Куняев, Владимир Соколов, Анатолий Жугулин, Глеб Горбовскийді жатқызуға болады. Бұл сарындағы ақындардың ішінде әсіресе Николай Рубцов пен Анатолий Предреев поэзиясын атауға болады. XX ғ. 50-60-70 ж.ж. Кеңестік Ресейдегі орыс деревняларының халқының көпшілігі индустриализация толқынымен қалалараға көшіп, урбанизация процесін бастан кешірді. Кейбір деревнялар қаңырап бос қалды. Анатолий Передреевтің туғана деревнясы – Саратов облысындағы Новосокур деревнясы да осы кепті құшты. Осы күйді суреттейтін А.Передреевтің «Окраина» куда нас занесло? / И города из нас не получилось, / И навсегда утрачено село» дейтіні бар.

Қазіргі қазақ ауылының жағдайы да осыған ұқсас. Тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары жаппай жұмысыздық салдарынан ауыл халқының көпшілігі қалаға қоныс аударып, урбанизация үрдісін бастан кешіруге тура келді. Қазақ ауылынан қоныс аударушылар да не қалалық, не ауылдық емес кепті киді. Алматыдағы «Бақай», «Шаңырақ» тұрғындарының да осы күйді басынан кешіргені анық.

Қуаныштың ауыл тақырыбындағы өлеңдерінде де осындай сезім күйдегі көңіл ахуалын  сеземіз. Анатолий Передреев «Отчий дом» деген өлеңінде туған үйге деген сағынышын былай білдіреді:

В этом доме думают, гадают

Обо мне мои отец и мать,

В этом доме ждет меня годами

Прибранная, чистая кровать.

Қуаныш ақын «Сағыныш» деген өлеңінде осы күйді:

Қараша ауыл көңілдегі дертім ең, 

Бала кезде құлағымнан шертіп ең.

Саған келдім, қам көңіл боп шерленіп,

Алып ұшқан жүрегімнің еркімен.

Қараша үйім, қабырғасы құт сіңген,

Кездерім жоқ сені ұмытып, күрсінген.

«Неге, ат ізін салмай кеттің?» дейсің-ау,

Қабағыңнан ұғып тұрмын тіксінген – 

дейді де: Амансың ба қария көл, қарт ауыл//Сені аңсадым жая жота, қарта қыр - деп сағынышты көңілдің аптыққан сезімін жайып салады.

Николай Рубцов та, Анатолий Передреев те осындай жабырқау күйден, жабырқау мұңнан ерекше бір тыныштық, өзіндік бір идиллия жасайды. Көңілдеріне демеу іздейді. Осы тыныштық күйді Передреев былай жеткізеді:

Кричит петух...

И вот из дальней дали

Пахнет дымкам и сеном тишина.

И всем

О чем воспоминанья стали

Как сон ньеясный,

Как обрывок сна...

(Воспоминания о селе», 1966)

Қуаныш ақын да өз ауылындағы көзге ыстық, жүрекке жылы құбылыстарды жіті сезініп, ерекше бір сағынышпен, қаяулы мұң сезіміне орай, жүрек лүпілімен әсерлі жеткізеді. Ондағы тыныштықтан ақынның мажорлық көңіл-күйдегі ерекше күйі, көңіл тебіренесі («Состояние души»), сезім тынысы, діттеген жан тыныштығы сезілгендей. Енді «Таңдағы бозторғай үніне, Ұялшақ самал жел билеген. Көбелек сыр айтса гүліне, Үркітіп алудан именем» дейтін Қуаныш ақынның «поэтикалық идилиясына» құлақ түрелік:

Сағындым осының бәрін де,

Қаладан таба алмай жүргенім.

Қиялда, түсімде, әнім де,

Туған жер, сенімен біргемін!

О, менің, Ауылым,

О, менің, тәп-тәтті идиллиям!

...ап-ащы идиллиям!

(Идиллия)

Өзінің «поэтикалық идиллиясын» тапқан Қуаныштың көркемдім санасында ауылдағы бар тіршілік, құбылыс ерекше бір образдық күйге, құндаққа бөленген. «Пештегі бықсып жатқан қара қидың түтіні аспандағы Айдың көзін ашытады», «Темекі шеккен» бар тіршіліктің «аузынан аппақ бу бұрқ етеді» әсерлі де, жанды сурет! Тіршілікке жан біткендей! Осындай тыныштық күйден ақын көңілі табиғатпен егіздесіп, кіндіктесіп гомеостоза (табиғатпен тепе-теңдік) күйін табады!

«Мөлтілдеп қарашығы» ауылды сағынған ақын қалада бәрі де дайын болса да, ауылдың сары майын сағынады, ауылдас қарындастарын ойлап, сары уайымға салынады. Ауылдағыға ешнәрсені айырбастағысы келмейді. Осы сырын ақын:

Ескі үйім – патшаның сарайындай,

Сендей жер әлемнен табайын ба-ай?!

Ақселеу жамылған сайын далам, 

Әкемнің самайындай-деп жайып салады.

(Ауылдын баласымын)

«Антоним» деген өлеңінде ақын ауыл мен қала тіршілігін екі басқа тіршілік деп ұғып, ол тіршіліктің мәнін «Ауылда түн, ұйқыда оның мал-жаны, // Естілгенше әтештердің таңғы әні. // Керісінше, күн батқан соң қаланың, жарқырайды шамдары мен сандары», - дей отырып, ауыл мен қала тіршілігінің керағар құбылыстарын екі түрлі өлшем, параллель күйде алып, байлам жасайды.

Екі түрлі адамдардың керуені,

Екі бөлек уақыттың белдеуі,

Ауыл түні – еркіндіктің дамылы,

Қала түні-«тұтқындардың» серуені!

Қуаныш ақын үшін ауылдағы бар тіршілік, бар құбылыс ерекше ыстық, жүрекке жақын. «Іңірдің салқын демі, бетті аймаласа, түндері сиқырлы әуен ойнайды», «Іргедегі қорықтан құстар шуласа, әупілдегі басу айтып жатады». «Азан-қазан мал келген кешкі уақыт, // Менің тұңғыш тыңдаған-оркестрім! - дейді ақын кешкі уақытты.   

Ауыл халқы жыл сайын қалаға қоныс аударуда. Жұмыс іздеп сабылған жұрт. Жастар жағы ауылды баяғыда тастап кеткен. Осының бәріне ақын жаны ауырады. Жүрегі сыздайды. Мәне бүгін тағы бір үй қалаға көшейін деп жатыр. Осы халді ақын:

Бүгін тағы бір үй көшпек ауылдан,

Бүгін тағы бір шаңырақ құлайды.

Қоңыр есік мәігілікке жабылған,

Сықыр-сықыр жылап тұрған сыңайлы-деп өксікті ойларға ерік береді. Көшкен ауылда ит қалып бара жатты. Қапалы ойлардың баяуы қалыңдай түскендей. «Бұрын соңды шығармаған үні еді, // Мойнақ иттің ұлығаны обал-ай, // Ит те болса сезген шығар жүрегі. // Қойып еді итаяққа жоламай» - дейді назалы ақын жаны. Қуаныштың осы сарындығы жырларына орай қазақ прозасының белгілі майталманы, көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаев өз ой-пікірін былай білдіріпті: «Жол сөмкемнен осы сапарда Көкшенің жас ақыны Қуаныш Оспанов сыйға тартқан жұқа кітапты алып шықтым да, беті ашылған жерінен оқи бердім. 

Бүгін тағы бір үй көшпек ауылдан, 

Бүгін тағы бір шаңырақ құлайды.

Қоңыр есік мәңгілікке жабылған,

Сықыр-сықыр жылап тұрған сыңайлы.

Бұл өлең мені әуелі таң қалдырған, соңынан жанымды жеді.

Немересі «балконды үйде тұрам» -деп,

Шапқылап жүр, думандатып маңайды.

«...Аруақтарға кім оқиды Құран», - деп,

Шал кемсеңдеп зират жаққа қарайды.

Жиырма бірінші ғасырда қазақтың жанын жеген мұңлы ойларды ақын інімнің жыр кітабынан тауып көңілім босады. Бір қарағанда көрікті жас жігіттің жүрегіндегі қапалы ойлардың, туған даласының төсіне ойлы өлең болып құйылғанына риза болдым».

«Дала – шеше, Дала - әке, Дала – Құдай» деп қарайтын ақынның дала, ел, ауыл тақырыбындағы өлеңдеріне : «Дала», «Бір ел бар Сілетінің жағасында», «Идиллия», «Әке», «Ауылдағы балалық», «Ауыл. Күз», «Көш», «Ала кетші, ағатай, мені ауылға», «Ауыл», «Ауылдың баласымын», «Антоним» т.б. жатады.

Қуаныштың ауыл, ел тақырыбындағы жырлары ақырындап әлеуметтік сарын, қоғамдық мұң тақырыбына ауысады. Әсіресе бұл сарын «Дүкендегі диалог», «Көк бөрілер туралы аллегория», «Біз ғана...», «Бабаларыма», «Ауыз», «Дұға» өлеңдеріне айқын байқалады. Әсіресе аллегориялық тәсілмен берілген «Көк бөрілер туралы аллегория» мен «Ауыз» өлеңдерінің айтары көп.

Пенде ретінде әркімнің де жаңа жылдан күдері мол. Бірақ солай бола тұрса да, ақын: «Көк жәшік ішінде «көкем» де, // Білмеймін, тағы да алдай ма?! - дей келіп, өз басындағы жағдайды:

Әкімдер мұз қала соғады,

Мұздағы қаншама жүректен.

Мен үшін өзгермес ештеңе,

Қарыздар...жалдаған пәтерлер... - 

деп ашық айтады. Ақанның «Не деген адамсыңдар?! - деген өлеңінің әлеуметтік жүгі салмақты да ауыр. Сайланарда қара халыққа жалпақтап, сайланған соң, халықты менсінбей кердеңдеп кетесіңдер, - деген ой айтады. 

Ащы шындықты тура бетке айтатын инвективалық тәсілмен халық қалаулыларының шынайы бет пердесін аша келіп, экспрессияның мол, қара бояуын қалыңдата келіп, ақынның:

Сендер неге өз жерлеріңді жерсінбейсіңдер?!

Сендер неге өз тілдеріңді менсінбейсіңдер?!

Баса бермей ағайындық пен таныстықтарына,

Неге асылып қалмайсыңдар, ей, галстуктарыңа ?! – 

дейтіні бар. Қазіргі «игі жақсылардың» әлеуметтік портреті ащы шындыққа суарылып, шынайы сомдалған!

Көліктің терезесінен лақтырылып, туа сала өлім құшқан сәбидің өлімі елімізді дүр сілкіндіріп еді. Осы жайға байланысты ақын әлеуметтік астары уытты, «Жан айқай» деген өлең жазып еді. «Келдім. Кеттім. Мен сендерге не жаздым?! // Анашым-ай, осыншалық неге аздың?! – деп шырқыраған мұңлық сәби: «Жатырынан сәл-ақ кеңдеу көліктен, // Басқа әлемді көрсетпедің неге аз күн ?! – деп зарланады.

Қуаныш ақынның осы өлеңінің сөзіне, елімізге өзінің қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын әндерімен белгілі әнші, сазгер Әбиірбек Тінәлі ән шығарды. Осыған байланысты Әбиірбек Тінәлі былай дейді: «Ой түюіне ақындық қолтаңбасына тәнті болдым. Қуаныштың бір кереметтілігі өзінің қоғамына, халқына, мұң кейіп жатқан сәттеріне, өзінің азаматтық үнін қосып, жатқаны маған қатты ұнады. Оның қай өлеңін алсақ та әрқайсысы бір-бір тарих».

Міне Қуаныш ақынның алғаш жұлдызын жаққан туындысы бүкіл елдің жағасын ұстатқан сұмдық жағдай – көлік терезесінен лақтырылған шақалақ жайындағы «Жан айқай» атты сәбидің монологы – оның әлеуметтік лирикасының жарқын туындысы болып қала берері сөзсіз.

Қуаныш жырларының тағы бір шырайлы дүниелері – оның махаббат, сүйіспеншілік тақырыбындағы туындылары. Бұл, тарапта ақынның «Аспандағы астра», «Құлазу», «Қыз-бұлақ», «Хат жалдашы», «Есімің – Гүл», «Терезеңнің түбінде», «Сүйме мені» дей көрме, «Жыламашы жүрегім», «Қайдасың», «Ә... ге», «Мен ғашық болдым саған!», «Бір қызға», «Махаббат математикасы» т.б. жырларының сезім қылын шертетіні ғажап-ақ! Бұл сарындағы жырлардың ішінде: «Аспандағы астра», «Жыламашы жүрегім», «Ә...ге», «Порезеңнің түбінде», «Қыз-бұлақ» өлеңдері сезім мен сырға тұнып тұр! Тағы бір байқағанымыз Қуаныштың бұл сипаттағы жырларында қазіргі белең алып кеткен «сүйдім, күйдім» жоқ.

«Махаббат математикасы» өлеңінде осы бір күйіп-жанған сезімді: «Басқаларға аңыз, бәлкім өсекпіз,//Қосылмайтын екі бөлек төсекпіз».// «А» және «Б» нүктесінде тұратын, // Шешуі жоқ есеппіз»-деп, қатаң логика (қисын) өлшемімен байыптайды.

«Поэзияның жаны мен жүрегі – лирика» деп ұлы Белинский айтқандай Қуаныштың сүйіспеншілік тақырыбындағы өлеңдері – тұнып тұрған лиризм! Мысал керек пе? Мінекей:

Жүгірдің бұлақ, секіріп ойнап,

Бір тастан лезде бір тасқа.

Сол бір арудың есімін ойлап, 

Үзілді кенет үнтаспа.

Әсем музыканың күміс сыңғырындай сыршыл лиризм! Ақын сезімі де әсем лиризмге бөленіп сыңғырлап тұрғандай! Лиризмге баса тоқталып отырғанымыз, қазіргідей поэзияда лиризмнің әсерлі бояуы сиреп бара жатқан тұста, Қуаныш жырларындағы  лиризм алабөтен жан жадыратады екен! Және осы «Қыз-бұлақ» деген өлеңдегі төрт рет қайталанатын «Жүгірдің бұлақ» деген сөзге жалғасатын «еркелей басып», «сыңғырлай қашып», «құлдилап төмен», «секіріп ойнап» деген әсем тіркестер ақын жырына эксперессия үстем, оның көркемдік динамикасын арттырып тұр. «Жүгірген бұлақ» төрт рет қайталанып келіп, былайша түйінделеді:

...Мұңайттың неге сезімді бұлақ, 

«Оралма маған енді» деп?!

«Сағынам» деген сөзіңді, бірақ,

Көздерің айтты мөлдіреп...

Ақын сезіміндегі тәтті мұңға бізде ортақтасып, көңілімізді қаяулы мұң торлайды. Соңғы тармақтағы «Көздерің айтты мөлдіреп...» деген элипсис тағы да нәзік лиризмге жетелейді оқырманын. 

Қуаныштың бұл тақырыптағы тоқталмай кетуге болмайтын тағы бір туындысы – «TI AMO» махаббат балласы. Бұл балладаны ақын тәжтажал пандемиясынан қаза болғандардың рухына арнаймын депті. Балладағы өзек болған оқиға –осы тажал құрбандықтары болған Рикардо мен Литиция деген итальяндық жастардың аяулы махаббаты, берік, адал сезімдері. Баллада да екі жастың бұл адам сезімдерін ақын:

О, махаббат, мәңгі тірі, мәңгі ұғым,

Ешкім өлшеп бере алмайтын дәлдігін!

Екі ғашық соңғы мәрте сүйісті,

Сүйіп тұрды...

Біліп тұрды тағдырын... – 

деп қайсар сезімнің өміршеңдігімен түйіндейді.

Қуаныш тек лирикалық жырларымен ғана емес, эпикалық жанрдағы поэмаларымен де танылып жүрген талант.

Республикалық «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби онлайн байқауында «Сыбаға» поэмасымен бас жүлдені иеленсе, Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Семсер» әдеби конкурсында «Бәтен балуан» поэмасымен олжалы оралды. Көкшетауда дүркіреп өткен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Сыр сандықты ашып қара» атты аймақаралық ақындар мүшәйрасында «Сәкен-Көкеш» поэмасымсен жүлделі бірінші орынды иеленді. Ақынның бұдан басқа «Жәпек батыр», «Айбоз» поэмалары бар. Өзінің осындай эпикалық қырлары жөнінде Қуаныш ақын былай дейді: «Эпикалық шығармалар менің оң жамбасыма келетін дүниелер екен, көлемді поэмалық дүниелерді әлі де жаза түсу керек деп ойлаймын. Біздің елімізде насихатталмай жүрген тұлғалар бар қаншама, солардың өміріне арнап жазғым келеді. Әсіресе, Еркін Әуелбеков ағамызға арналған үлкен бір дүние жазғым келеді, ойымда жүр. Қырнап-жонып, жаңа дүниелердің басын қосып, сапалы, таралымы көбірек кітап шығару ойда бар». 

Енді әжептәуір көркемдік резонанс туғызған Қуаныштың «Айбоз» атты поэмасына қысқаша тоқтала кетсек. Қуаныштың «Айбоз» атты метафизикалық поэмасы жыр сүйер қауымды елең еткізді. Бұл туынды ақын поэзиясында ғана емес, соңғы жылдардағы қазақ поэзиясындағы рухани соны сипат иеленген, поэтикалық үздік туындылардың қатарына жатқызамын. 

Поэма кеше ғана арамызда жүрген, фәни дүниеден мезгілсіз, бейуақта кеткен, қазіргі кездегі Арқаның ән өнерінің дүлдүл шебері, арқалы әнші Қажыбай Жахинның өнерпаздық болмысын жарқырата ашқан. Ақын поэмасын метафизикалық деп атапты. Руханилық сипатты меже тұтқан ұғым үшін дұрыс та шығар. Мен бұл поэманы мистикалық, мистериялық сипаты бар арт-поэма дер едім. Яғни Қажыбай сияқты асқақ өнер тұлғасын, оның өнерпаздық сипатын ерекше бір эзотериялық сипатына, тылсым, мистикалық кеңістікті поэма сюжетінде реалистік  кеңістікпен астастыра суреттеу арқылы оның әншілік қырын, өнерпаздық болмысын шебер жеткізеді. Поэмада екі параллель дүниені, параллель кеңістікті қатар алып, бабасы Баба Ишан мен ұрпағы Қажыбайдың арасындағы рухани-мистикалық байланысты, Баба Ишаннан, Бабажаннан ұрпағы Қажыбайға даритын рухани нұрды (эманацияны) поэтикалық, көркемдік тәсілдер арқылы нәзік те, ұтымды ашып көрсетеді.

Қуаныш жырларында әсерлі теңеу көркемдік бояу, нақыш-өрнектердің мол кездесетінін айта кеткеніміз жөн. Ақынның бейнелік, образдық әлеміне үңілсек: «Екілене үдеген есер жаңбыр сорғалап, Топырақты есалаң қып жіберді», «Үні шықпай үйлердің, табанынан сыз өткен», «Жырып шығар саңылау таба алмаған Айдың да, Бұлтқа соғып аңдаусыз шеке тұсы дыз еткен...», «Көксау аспан күркілдеп, көмекейі жыбырлап», «Жетім түтін секілдімін жел қуған...», «Сұлу айды жетелеп қос қолына, Бір шоқ жұлдыз келеді зыр жүгіріп», «Көкжиектен күн еңкейіп барады, Қыңыр шалдың баса киген бөркіндей...» т.б. әдемі де, әсем тіркестер жырдың шырайын, әрін кіргізер көркемдік компоненттер екені сөзсіз. Сөз соңында Қуаныш ақынға шығармашылық табыстар тілей отырып, жыр сүйер қауымды әсерлі де жаңа дүниелер мен қуанта бер деген тілек айтамыз.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар