Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Болашағымыз жарқын болсын!...

01.06.2024 1086

Болашағымыз жарқын болсын! 6+

Болашағымыз жарқын болсын! - adebiportal.kz

1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні.  Сәбидің күлкісінен, баланың қуанышынан артық не бар, бұл әлемде…

Бала – өмірдің болашағы. «Отбасы – шағын мемлекет» дейтін қағидатқа сүйенетін болсақ, отбасының болашағы – бала, мемлекеттің де ертеңі – бүгінгі балалардың ертеңгі өсіп-жетіліп, азамат болып қалыптасуына байланысты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деп ғұлама Мұхтар Әуезов айтқанындай, туадан баланың тәрбиесіне мән берген отбасының, халықтың, мемлекеттің келешегі кемел болмақ. Бала тәрбиесіне ертеден мән беріп, «бар жақсылық – балаларға» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, адам даму индексінің жоғары деңгейіне қол жеткізген өркениеті озық мемлекеттердің бүгінгі деңгейі – дамушы елдерге үлгі болуы тиіс.

Жаһандану дәуірінің алапат толқынына жұтылып кетпей, өзіндік бет бейнесін сақтай алған халық, мемлекет қана өзін-өзі сақтап қала алмақ. Ал сақтана алмағанын толқынға жұтылып, шайылып кетпек. Осындай халге ұшырамас үшін, Қазақстандағы мемлекет құраушы қазақ халқы авангардтық рөлін толық сезіне отырып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге күш салуы тиіс деп білеміз. 

Қазақ халқы ХХ ғасыр жүзінде қалалардың көбінде азшылық болды. Жаңа ғасырдың, мыңжылдықтың басынан Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе т.б. ірі қалаларда демографиялық тұрғыда басымдыққа ие болды. Қазір ірі қалалардың ауласында ойнап жүрген балақайлардың саны басым бөлігі – қазақ балалары. Дегенмен «сан – сапаға айналады» дейтін философиялық қағидат біздің еліміз жағдайында әлі күнге толықтай дәлелденбей отырғаны да өмірдің шындығы. Мемлекеттік тіл қазақ қалаларында толық салтанат құрмай, аулада ойнап жүрген балалар ана тілінде сөйлемей, мемлекеттің тағаны болашақта берік, қорғанысы тасқамал болады деу – қиын. Бұл да жоғарыдағы жаһанданумен тығыз байланыстағы мәселе. Сондықтан да қазіргі күннің үлкен мәселесі – қаладағы қазақ баласын өз ұлтының тілін, дәстүр-салтын құрметтейтін, оның тасымалдаушысы ретінде болашаққа апаратын тұлға ретінде тәрбиелеу өзекті мәселе болып отыр. Мұны біз «отбасы, балабақша, мектеп, арнай орта, жоғары оқу орны» бойынша үзіліссіз ұлттық тәрбие кешені ретінде қарастырғанда ғана нәтиже шығара аламыз.

Қазақ – қай заманда болмас, бала тәрбиесіне бейжай қарамаған халық. Қазақтың бала тәрбиесінің бағзыдан бергі айқын сорабы ауыз әдебиетінде жатыр. Баланың айналамен танысуы, жасына қарай еңбек икемділігіне дағдылануы, ой-қиял әлемінің дамуы, сана-сезімінің жетілуі – бәрі-бәрі осында. Ұлттық педагогика дегеннің өзі де осы. Қазіргі заманда ұлттық фольклорын қазақ баласын дамытудың басты механизмі ретінде қарастыруға да болмас. Дегенмен оның зор әлеуетін заманауи технологиялық жетістіктермен ұштастыра білсек ұтарымыз сөзсіз.

«Бала өзіңдікі болғанымен, тәрбие қоғамдыкі» деген ұғым бар. Ол да рас. Ақпараттық технологиялардың қазіргі ғаламат жылдамдықтағы қолжетімділігі нәтижесінде (негізі нәтиже емес салдарынан) тілі, ділі, мәдениеті басым елдердің экспансиясы сұмдық жүрілуде. Қазақ тілді ортаны құрамын деп Оралхан Бөкейдің кейіпкері Аспан шал сияқты асқар таудың үңгіріне тығылуға немесе соңына ерген халықты құлдық сезімнен құтқару  Мұса пайғамбар сияқты ұшы қиырсыз далаға шығандап кетіп қалуға, тіпті қазіргі күнгі кейбір әлемдік байланыстардан оқшау елдер сияқты құрлық, теңіз жолдары мен аспандық, жерлік ақпараттық шекараны тастай бекітіп жауып алуға мүмкіндік те, қажеттілік те жоқ. Бұл – әлемдік өркениет дамуынан қалып қоюшылық болмақ. Алайда қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің болашағы мемлекеттік тілде екені рас болса, сол болашақтың иесі, біздің жас ұрпағымыздың алаңсыз ертеңі де олардың тілімен, тілмен өрілген ділімен байланысты дамуы тиіс. Бұл – барлық өркениетті елдердің өзгеге үлгі болған үрдісі.

Бұрынғы бабаларымыз өз балалық шағында ел қорғаған батырлардың ерлік жырларымен сусындап өсті. Кешегі аталар мен әжелеріміз де осы үрдістен әрі кетке қойған жоқ. Әкелер мен біздер және қазіргі балалар тұрғысында өзіміздің балалық идеал батырларымыз, үлгі тұтар қаһармандарымыз ұлттық сипатта болған және болуда деп айта алмасымыз анық. Көзін ашқаннан бала қиялына қанат берер кейіпкерлердің өз ұлтынан болып қалыптасуы – аса маңызды. Сонда ғана өз ұлтының мүддесін, құндылықтарын өзгеден төмен қоймайтын, елі мен жерін жанындай сүйетін, әрі оны қорғауға даяр ұлдар мен қыздар қалыптасып шығатын болады. 

ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі ақыны Шал Құлекеұлы былай деп сөз қалдырған екен: 

Бала, бала деуменен мазалымыз,

Баладан келер бір күн ажалымыз.

«Баладан келер бір күн ажалымыз» дегенді біз тура мағынасында емес, «бала, бала деуменен солардың жолында құрбанбыз» деген махаббат ретінде түсінгеніміз дұрыс болмақ. Қазақтың баласы қай заманда да физикалық тұрғыдан мықты, ақыл-ойы жасына қарай жетілген болып қалыптасқан.

Қазақ баласының ой-жүйесін ұлттық таным-түсінікпен ерте бастан қамтамасыз ету тұрғысында біздің елімізде қазіргі күні ештеңе жасалып жатқан жоқ деуден аулақпыз. Бір «Балапан» арнасының атқарып отырған шаруасының өзі қаншама! Дегенмен көрші-көлем елдердің осы тұрғыдағы ілкімді істеріне, атап айтқанда балаларға арналған мульт өнімдеріне, кітаптары мен дәптерлеріне дейін көз салғанда, біздегі жағдайға қарадай қарын ашып, құлазитынымыз бар. Дегенмен «көш жүре түзеледі» деген халықпыз. Қазақтың бейбіт көші уақытпен бірге алға жылжыған сайын еліміздегі ұлттық бояудың түсі қоюлай түседі дегенге сенім зор болсын. 

Бүгінгі бейбіт заманды ертеңге жалғай отырып, оған да жетерміз. Ал бүгінгі балаларды қорғаудың халықаралық күні құтты болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар