Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Бір тостаған сұңқыл...»

16.05.2022 1250

«Бір тостаған сұңқыл...»

Ықылас Ожайұлының «Семсердің жүзіне өскен гүл» атты жыр жинағы қолыма түскенде, «…Жер бетінде бар әлі күңгіл-егес, Семсерлерді мұқалту мүмкін емес» дейтін Ф. Оңғарсынованың мінез турасында жазылған өлеңі ойыма келді. Жұмыр жерді теңселткен түркі батыры Күлтегін хақында «Көк түріктерінің семсері» деген сөз бар. Ол да түркі танымындағы «семсер» ұғымының тереңдігін айқындап-ақ тұр.

Семсер – қайшылықтардың, күрескерліктің нышаны деп білсек, ақын өз болмысын семсерге балап, «өлең» дейтін аяулы да саф өнерді семсер жүзіне өскен гүлге теңесе керек.

«Қыркүйек…

Қайтқан құс сорабы.»

Жылы жаққа қайтқан құстың өзін емес, ізін көру (сорабын) – автордың сентименталды күйін, әлденеге кешіккенін, бірдеңеден қалып қойғанын, және оны өзі іштей сезетінін әдемі жеткізіп тұр.

«Менің де кеп еді ұмтылғым.»

Жалығып, жалғызсырап, биіктікті аңсап, осы я ана дүниедегі басқа өмірге құлшынғанын есіне түсіріп тұр. Бірақ,

«Тостаққа тұндырып ұсынды құдаша» – дейді.

«Тостақ» сөзіндегі «тос», «тоз» – көне түркі тілінде қайыңның қабығы. Демек, “тостақ” сөзінің өлеңдегі қолданысы идеяға этностық, қазақылық мән беру функциясын атқарып тұрғандай. Сондай-ақ, өлеңде тармақ соңында кездесетін «сорабы» сөзіне ұйқас ретінде «торабы» т.б қосылмай, бөтен сөзбен былғанбай жасалған тып-тиянақты мағыналық құрылыс – автордың өз идеясына, оның көркемдігіне сенімділігін айқын көрсетіп тұр.

«Тостаған» – өлең идеясының колориттік мәнін бейнелеп қана қоймай, «Бір жұтым аққудың сұңқылын» тұндырып тұр. Оны ұсынған «құдаша қыз» – қазақтың ұлтжанды қарагөз қызы болса керек. Енді мынаны қараңыз: Аққу саңқылдаса, сырнай тартқандай, ал сұңқылдаса, зар илеп, ащы үн қатады.

Өмірде темір де, адам да тозады. Қайтқан құстың сорабымен кете бармасқа амалың қалмағандай баз кешу де ойлы адамға таңсық емес. Бірақ, тоқтауға, елдің жоғын жоқтауға, бұла болмысты жегуге, көндігуге, көнуге себепші – «бір тостаған сұңқыл» халықтың һәм өнердің назы шығар?

Салтанат Қайырбек, ақын

Көрнекі сурет еркін ақпарат көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар