Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бір ақынның он кітабы жарық көрді

30.11.2020 2573

Бір ақынның он кітабы жарық көрді

Көкбөрі Мүбарак есімді ақын бауырымыз биылғы жылы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында, арт-артынан жаңа кітаптарының шығуымен оқырман қауымын қуантып, сүйінші сұраған болатын. Аңдып көрсек, отызғада толмаған жас ақын бір емес он жыр кітабын шығарып үлгіріпті. Иә, бір жылда он кітап. Он жыр кітабы. Бұндай еңбекке елең ете қалған біз арнайы хабарласып, құтты болсын айтып, осыншама кітаптың қалай тез жазылып шыққаны туралы сөзге тартқан едік, автор жайбырақат қана 12 жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі ғой деп қысқаша жауап берді. Ақын, прозик Көкбөрі Мүбарак 1994 жылы 10 ақпанда Алтай аймағы Көктоғай ауданында дүниеге келген. Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінің түлегі. Алғашқы тырнақ алды қазбасар туындысы «Қуқыл тартқан боз дала» атты әңгімесі мен «Қылмысым», «Ғасырмен сырласу» қатарлы екі өлеңі 2008 жылы «Ақжелкен» журналында жарық көрген. Ақын қазір Алматы қаласында тұрады. Топтама өлеңдері мен әңгімелері, публицистикалық мақалалары баспасөз беттері мен порталдарда үзбей жарияланып келеді.

Биылғы жылы маусым-қазан айларының аралығында Көкбөрі Мүбарак, Қызылорда облысының «Ақмешіт» баспасынан он жыр кітабын бастырып шығарған. Біз тілге тиек етіп отырған кітаптардың тізімі: «Аққудың иісі», «Ақ меңді айлар», «Көгілдір меңнен ояну», «Арманға жылқы жерлеу», «Назқаракөк», «Қарлығаштар еліндегі құлазу», «Қара уыққа толы ғаламшар», «Ертістің көзі қоңырлау», «Құшақта мені, адамдар», «Түнге түн» қатарлы 10 бірдей жыр жинағын құрайды. Алдағы уақытта автордың «Ұмай анам орманының сөздігі» атты этнографиялық кітабі мен «Жер бетінің ұяты бар сөздері» атты даналық сөздер кітабі, «Меңді жүрек» атты прозалық шығармаларының жинағы баспадан шығу алдында тұр. Әңгіме барысында түсінгеніміз, ақын 2008 жылдан бергі толассыз еңбегінің нәтижесінде алдағы уақытта қалған поэзиялық туындыларын жалғасты кітап етіп шығару жоспары бар екен. Қазірге дейін жарық көрген кітаптары оқырманның ыстық ықыласы мен қызығушылығына бөленіп үлгіріпті, көпшіліктің сұранысы жаман емес көрінеді.

Алдымызда тұрған он жыр кітабының бірін алып қарағанымызды, қолымызға іліккені «Қара уыққа толы ғаламшар» деген, аты да, заты да бірегей кітап болып шықты. Кітаптың сипаттамасында бұл автордың баспа иісі бұрқырап тұрған тоғызыншы кітабі деп атап өткен. Қара уыққа толы ғаламшар төбесіне шаңырақ етіп ақ тәжді құс жолын киіп тұр, тым жарық, жарқырауық. Уыққа толы ғаламшардың арасын жұлдыздар легі жүзіп өтіп жүр. Қара үйдей ғаламды әуел бастан біздің көшпенділер киіз үй нұсқасында кішірейтіп, адам ойына саятын шағын бейнесіп жасап шықпады ма?! Ия, біз осындай алып қара үйде, ішінде жұлдыздары мен тұмандығы бау-шуларша ілінген ғажайып мекеннің бір бұрышында жарқырап өмір сүріп келеміз. Бұл автордың көркем әлемі мен көркемдік танымының соны ізінен, айрықша бояуынан, өзгеге ұқсамас болмысын аңди аламыз. "Қара уыққа толы ғаламшар" қазақы үлгідегі поэзияның шын қуатын аңдататын кітап болары сөзсіз.

Көзімізге түскен келесі кітап «Назқаракөк» екен. Автор пайымынша бұл қазақы түсті барынша поэтикалық биікке көтеріп жазған кітабы болса керек. «Назқаракөк – аспанның найзағай ойнаған сәтіндегі реңін білдіреді. Наз – қазақ ұғымында қыздың мұңы деген мағынаны және нәзік әуен деген мағынаны да білдіреді. Осы наз және де күлгіннен қанық, көкке жақын реңді де ұғындырып отыр. Назды найзағай жарқылы сәтінде анық көре аламыз. Ол қисапсыз сезімдерді бейнелейтін аспан құбылыстарының түсі. Бұл осындай ғажайып сөз. Назқаракөк түс – Тасірет түс деп те аталады. Яғни, бұл түстерді ағылшын тілінде Indigo, орыс тілінде Индиго, қытай тілінде 靛藍色 деп атайды. Алқаракөк аспан – жауын жаудырайын деп бұлт түйдегін жинақтап тұрған қою қара және көк реңдері араласқан аспан болса, Назқаракөк – күлгін, қара, көк реңдері араласқан әсем де алмағайып аспан реңі екенін сезіп отырған боларсыз?! Найзағай дәл осы реңді қақ жарып тілгілеп немесе аспан бетіне осы реңді шашып жойдақтап із салып өтеді. Назқаракөк – біз үшін ең тамаша түс. Ол аспанның нәзік те қатқыл бедері. Назқаракөк бетінен тарам-тарам аққан жасын сызықтары аспан бетін гүлді, шамды сарайлардай бір сәт құлпыртады. Назқаракөк – күмілжімей, бәрін еркін айтуымен дара. Назқаракөк – ол аспанның жерге тамшылаған бергі оты. Назқаракөк – аққулар үстінде де, адамдар үстінде де поэзия көрсетуге арналған рең. Біз назқаракөкті сүйейік. Өйткені, ол қазақтың сүйікті түсі. Алаштың аспан бетіндегі осы түсі – мәңгілік өңбейтін жалауы. Біз сол аспан жалауын қалам ұшында көтереміз. Қалам арқылы тіл бітіріп, жанды түрде дауыстаймыз. Оның қат-қабат, жұмбақ поэзиясын айтып береміз. Назқаракөк реңді бара-бара сіз де сүйіп кетесіз» деп кітап беті ақжарма көңілмен, ыстық ілтипатпен ашылады. «Назқаракөк» - әртүрлі түстердің энергиясын дәл тауып қолданған өлеңдер жинағы ретінде есте қалары сөзсіз.

Ақынның келесі жыр жинағының атауы – «Арманға жылқы жерлеу» деп аталады. Ақынның бұл кітап туралы танымыда күрделі және аса қызықты. Бұнда автор арманға жерленген жылқылардың мәңгілік өлім құшпайтыны, ат аруақтарының да ұрпақ кеудесінде от тұяғын жаңғыртып Қубас ат болып, Көкдөнен болып, Нарқызыл болып үнемі арманға толы кеуде де кісінеп жүре беретінінде. Бабалар сайлап, баптап мінген тұлпарларша, автор да өзінің арғымақтарын асқақ арманға жерлей отырып, оған өлмес өмір тілейді.

«Аққудың иісі» деп аталатын келесі кітаптың есім-сойы да ерекше. Ақынның пайымынша бұл қазақтың қайырылмас ғасырларының иісі. Біз сол иісті көсейміз, сол ғасырлардың есігін дыңылдатып домбыра шанағы арқылы қағамыз. Бірақ ол бізге ашылар ма екен деп автор ішкі арман-наласын ашық баян етеді. Әрине, қазақ пен аққу бір ұғым. Аңыз бойынша жаралы аңшы Қалша Қадырдың көл бойындағы денесін аққу бейнесінде келіп емдеген пері қызы – Қазбике ананың артынан қаздай шұбырған балаларынан тараған ұрпақ қазақ атанған екен деседі. Біз саналы ғұмырымызда аққудың иісіне жиі ораламыз, ол біздің даланы билеген ұлы тектің жұпары. Осы кітаптың кіріспесінде ақын өзінің шығармашылық әлемі туралы: «Менің поэзиямда бір тамшы ғұмыр қарақатқа айналады. Менің поэзиямда құйынды қара дауылдар елбеңдеп жүрген шағаланың бір тал қауырсынынан жасып қалады...» деп аңқыма сырын ағытады.

Қызылорда облысындағы «Ақмешіт» баспасынан жарық көрген ақын Көкбөрі Мүбарактің келесі кітабы – «Ақ меңді айлар айлар» деп аталады. Автордың пайымынша «Ақ меңді айлар» өткен күндердің, оралмас дәуреннің қайта соққан жаңғырығындай аяулы сәт, ерекше мерейден туған жырлар. Ақ меңді айдың терезеңіздің сыртында сан мәрте жаудырай қарап тұрғанын көрген шығарсыз, оның өзгеше төгілген нұры, төсегіңіздің басына қонған сәулесі жарқын болашақты ғана емес қимас күндердің, келмес күндердің куасындай айрықша құбылыс емес пе? Әрине, бұндай сәтті біреумен бөлісу қиын, өйткені ол жүрегіңнің ең түкпірінде жатқан толқындарды оятады. Оның сыры да, жұмбағы да өзіңізге мәлім. Сол сәтте осы кітап сіздің жансерігіңіз болары сөзсіз. «Ақ меңді айлар» - ақынның көп жылдық еңбегінің нәтижесінде, аса ыждағаттылықпен құрастырылған кітаптың бірі. Кітаптың беташар жыры, исі қазақтың аяулы батыры Оспан батырға арналға азалы жырмен басталып, «Енді мен Құрманғазыша төгілемін» деп аталатын, өлең мен қарасөз алама кезек астасып келіп отыратын кең тынысты поэмамен түйінделеді.

Ақынның келесір бір жыр кітабы көгілдір меңге толы жұлдыздар әлемін суреттеуге арналады. Ақын кітаптың сипаттамасында көгілдір меңге толы жұлдыздар әлемі, көгілдір ойдан құралған адам жан дүниесі, шымқай нүкте мен меңге бөлінген, мына он сегіз мың ғалам солардан құрам тапқан деп жазады. Ақынның пайымынша бұлардың бәрі көгілдір меңге оралып, көгілдір меңнен біздерді оятып, бір тамшыдан барлық болмысымыз, ақыл ойымыз пайда болағн. Біз – бір тамшылықтармыз, біз көгілдір меңнен оянған Құдайдың құзырынан осы жаққа жіберушілерміз. Ержетіп есейген күнде де көгілдір меңге толы аспан әлеміне қызықтап қарап, үнемі ояна түсушілерденбіз. Осы ояну өмірдің соңғы нүктесіне дейін тоқтаусыз тамшылып тұрады деп адам санасын сілкілейтін келісті ой айтады. Кітап аты – "Көгілдір меңнен ояну".

Естеріңізге сала кетсек, автордың бұл он кітабінің мұқабасын жобалаған төрт дизайнер – Нұрғалым Әбілқақұлы, Мерей Жарылқасынқызы, Ғалымжан Қайроллаұлы, Зерде Жұмакелдіқызы.

Мейлі бір жылда он кітап шығарған ақынға біреу іштей сүйінер, біреу мазақ етіп күңкілдер. Мәселе онда емес. Мәселе автордың бар екендігінде, өмір сүріп жатқандығында, шығармашылықпен тынбай айналысып жатқан жанкештілігінде болса керек. Ақынның алымы, деңгейі қай мөлшерде екенін қолыңызға он кітаптың бірі түсе қалса, тамашалап көрерсіз. Біз өз тарабымыздан бір жылда оннан аса кітабы шығып жатқан ақынның жан қуанышын өздеріңізбен бөліскіміз келді. Қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына бәрі де керек. Әркімнің өз жолы, өз өрнегі бар. Соған сай өз шығар биігі де табылады. Өне жолында жүгің аумасын, белің талмасын жас қыран дейміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Қазына

16.06.2021 13:15
Осынау тіршіліктің қисынынан қиып, сан алуан әңгіме жазған бұл ақынның кітабын оқу мен үшін өте қызық
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар