Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бекен Қалымбекұлы. Қасқыр соққан Айгүл жеңгей...

13.02.2024 1227

Бекен Қалымбекұлы. Қасқыр соққан Айгүл жеңгей 14+

Бекен Қалымбекұлы. Қасқыр соққан Айгүл жеңгей - adebiportal.kz

әңгіме

Сарқан ауданының Черкасcк ауылына көшіп келген атамды қара тартып, біздің әулеттің бірнеше атадан бері қандас, жамағайын рулас жақындары сол өңірге топтаса бастаған 2008 жылдың ары-бері жағы болатын. «Черкасcк» деген сөзге тілі келмегеннен кейін үлкен кісілер «Серкеш» деп жаңа қазақша атау қойып, өздерінің жалпақ қазақи тілдеріне бейімдеп ала қойды. Ағайыннан алыс кетпеуді мақсат еткен, сонау қиыр шығыстағы Боғда елді мекенінің шилі жазық даласын қыс қыстау, Бәйтік тауларының орманды жылғаларын жаз жайлау етіп, өмірі түйе бағып, шұбат сапырып, бие бағып, қымыз ашытып, қойдың қорғасын сүтінен май шайқап, ұлы даланы еркін бөрідей жортып өскен аталас жақын туысымыз Жеміс ағам мен Айгүл жеңгем де бізге жақын тартып көшіп келіп, Бақалы ауылына ат басын тіреді.

1950-70 жылдар аралығында жүргізілген Қытайдың солақай саясатының кесірінен аралары алыстап, тарыдай шашылып, жан-жаққа бытырап кеткен аталас, етжақын туыстар бастары қосылып бір жырғап қалды. Марқұм атам сол жылдары сексенді еңсерсе де, бойы сәл ғана еңкейіңкіреп бүкшең тартып, денесі ауырласа да, жүрісі әлі тың еді. Күнұзақ үйде отырмай, аяғы жеткен жерге ақырын табанын аударып қыдырып кететін. Ондағы мақсаты - туыс арасына көпір болып жалғанып, ұрпақтардың барыс келісін, етене араласын жандандыра түсу еді. Ал көрші ауылдарға барғысы келсе, жолда кетіп бара жатқан кез-келген көлік тоқтап ала кететін. Тіптен кейбір такси жүргізушілері жол ақысы үшін ұсынған ақшасын алмай: «Жоқ, ақсақал керегі жоқ, батаңызды берсеңіз сол да жеткілікті», – деп, жол-жөнекей атамның үлгі-өнегеге толы әңгімелерін тыңдап, ризашылығмен межелі жеріне дейін жеткізіп тастайтын. 

Жеміс ағам деп отырғаным - осы атамның туған ағасы Қазкеш атамыздың екінші ұлы. Қызыл Қытайдың солақай саясатының кесірінен өлген ағасының бейнесін, түр-тұлғасын Жеміс ағамнан көріп, бауырын көрмеген жылдардағы сағынышын басқысы келе ме екен, ол жағы бізге беймәлім, соңғы кездері осы үйге көп баратын болды. Біздің Серкеш ауылынан елу шақырым жердегі Бақалы ауылы атам үшін таяқ тастам жердей ғана болып қалды. Ол ол ма, тіптен бір жылдары үлкен қажылық сапарында қыңқ етіп жөтелместен Меккеге барып келген жайы бар. Кейде: «Қазір заман жақсы ғой, қайда барамын десең де, есіктен шыға салсаң, көлік. Қолыңды көтердің болды, тоқтап, қай-қайсысы болса да ала кетеді», – деп сүйіне айтып отыратын. Қыс айларының бір күнінде атам үйге Бақалы сапарынанан көңілсіз оралды. Негізі атам кіші әкемнің үйінде тұрады. Жол-жөнекей келе жатып, алдымен үлкен ұлының шаңырағы, біздің үйге аялдайтын. Ондағы себеп біздің үй жүргіншілерді түсіретін аялдамаға елу ақ қадам жерде, жап-жақын. Оның үстіне жасында қалыңын беріп айттырып алған бәйбішесі менің әкемнің қолында тұрады, сол апаммен шүйіркелесіп, анамның сүт қатқан қоңыр шайын рахаттана ішіп кету – күнделікті әдеті. Бәйбішесі тұрып жатқанын алғы шарт ететін болсақ, шынтуайтына келгенде бұл атамның өз үйі десек те болады. Сонау аумалы-төкпелі замандарда қалыңын төлеп қойып, енді алғалы отырғанда аяқ астынан қайтыс болып кеткен ағасының жесірін жатқа жібермей, әмеңгерлікпен алған тоқалы кіші әкемнің үйінде тұратын. Ол кісі ертеректе осыдан оншақты жыл бұрын қайтыс болған еді.  Ал менің апаммен бөлек шаңырақта тұруының тарихы, сонау қызыл өкіметтің сындыру саясатына қатысты бір бөлек әңгіме. Менің айтпағым ол емес, уақиғаның желісін тарамдата бермей негізгі әңгімеге оралайын...

Сонымен атам, анамның баппен қоюлата құйған қоңыр шайын сораптай отырып, өзіне үндемей ғана сұраулы көзбен қарап отырған бәрімізге бір көз жүгіртіп өтті де, әкеме тіке қарап әңгімесін бастады. 

– Әлгі тұқымың өскір Жеміс інің тағы да бізден алыс кетейін деп жатыр екен. Осында көшіп келіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырғаннан кейін келін екеуі ошақ басында шоқиып, құлазып бос қалыпты. «Қасқырдың күшігі орманға қарап ұлиды» дегендей, екеуі сол баяғы әніне басып, артынап салпақтап бағатын мал іздемекші, сол баяғы ата кәсібін жалғастырғысы келеді екен. Енді ғана басымыз түгенделіп, бауырымыз бүтінделе бастағанда бұл да бір айды аспаннан келтіріп, – деп оталып барып, қаймақталған қоңыр шайдан сораптай ұрттап барып тоқтады.

Мал бағу, әрине, ата-бабадан келе жатқан асыл да киелі кәсіп екенін сенімді түрде мақтана айтуға болады. Ғасырлар бойы малмен біте қайнасып, малдың іш тартқанына қарап буаздығын, ыңқылына қарап ауруын, жусауына қарап күйін, күйсеуіне қарап емін табатын қазақ малшыларын нағыз еңбекқорлар деп айтуға болады. Қазіргі жаңа заманның қалада өскен, үлде мен бүлдеге оранып қалған, тордағы тотыдай сүлкіні кеткен ақсаусақтарына жабайы тірлік секілді елестейтін шығар, бірақ шындығына келгенде бұл кәсіп сан ғасырлар бойы қазаққа жесе тамақ, ішше сусын, кисе киім, мінсе көлік болып, көшпенділер өркениетін өрге сүйрегені шүбәсіз шындық. ХХ ғасырдың бас кездеріндегі қараша қазақты тарих сахнасынан бір жолата кетіруге арналған жендет Сталиннің солақай саясатының жоспары дәл осы малды тартып алудан басталды емес пе?! «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» - деп қазақтың неше миллиондап мыңғырған малын тартып алып, ашаршылықты қолдан жасағанының салдарынан төрт-алты миллион шамасындағы халық індеттен, саяси қуғын сүргіннен қынадай жапырылып, жусандай жусап қырылып қалғаны әлемге әйгілі. Содан кейін ширек ғасыр өтпестен, тура сол саясатты көшіріп алып қолданып, Қытайдың Мао фамилиялы көсемі, Үш аймақ даласындағы еркін елді шаппадай жапырғаны бар. Қасиетіңнен айналайын төрт түлігім, қараша қазақтың өмірінің мәні мен сәніне айналып, айырылмас бір бөлігі екеніңді қай заманда болмасын дәлелдеп келесің. «Сырлы ағаштың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей ата-бабамыздың мал бағу кәсібінің қыры мен сыры осы Жеміс ағам мен Айгүл жеңгемнің қанында әлі ойнап тұр десем, артық айтпаған болар едім...

Анамның құйған қою қоңыр шайын рақаттана сімірген атамның маңдайы жіпси бастады. Айтқан сөздерін зейін қоя мұқият тыңдап, үнсіз отырған әкеме отты жанарын тіке қадай қарап отырып: 

– Ей, осы сен тәжірибесі мол, атағы бар, тіс қақты егіншісің. Жылда мол өнім алып жүрсің. Сол тәжірибеңді Жеміс ініңе үйретіп, отырықшы кәсіпке баулып, мал соңынан қаңғытпай, алып қалудың харекетін жасасаңшы – деді.

Расында әкем, атам айтқандай, мықты диқан еді. Диқаншылықтың қыр-сырын жақсы меңгеріп, бір жылдары бидайдан мол өнім алып, «Үлгілі диқан» атағын иеленген жері де бар. Атам соны алға тартып отыр. Әкем  көз төңкеріп бір қарап, «айтқаныңыз орынды» дегендей басын изеді де, ас қайыру үшін дастарқанға бата сұрады. Дастарқан жиналып, атам мен апам өз күңкіл кеңестерін жалғастырып, біздің үйге жапсарласа салынған апамның үйіне қарай беттеді. Ертесі таңертең әкем қара мотосын мініп алып, Бақалыдағы жеміс ағамның үйіне тартты. Кешкісін Жеміс ағаммен сөйлесіп, көндіргенін және 10 гектар жерді жалға алып қойғанын, осы көктемде егістік жұмыстарын бірге бастап кететіндігі туралы қуанышты хабарды атама жеткізді. Ағасының көзіндей болған Жеміс ағамның көнгенін естіген атам балаша мәз болды. 

Жаймашуақ көктем де келді. Егінші қауымның қауырт, қарбалас тірлігі басталды да кетті. Жеміс ағам да қолына күрегін ұстап, әкеме ілесіп, көктемгі егіс жұмыстарына кірісті де кетті... Төрт түлік малдың бағымын бес саусағындай білетін Жеміс ағамның диқаншылыққа ешбір қыры жоқ, егіншіліктен ешбір хабары жоқ болып шықты. «Балапанды күзде сана» дегендей, күзде әкем еккен өнімінің пайдасын көріп, жасаған жұмысының жемісін жеп жатқанда, Жеміс ағам өзінің салған ұрығының да ақшасын шығара алмай, әбден шығынға батты. Сөйтіп, егіншіліктен әбден көңілі қалып, жаз бойы күнге қақталған ұлтандай болған ағатайым мен жеңгетайым, «бүйткен егіншілігі құрысын» деп күрегін лақтырып жіберіп, белдерін күміс белдіктерімен байлап, тобылғы таяқтарын қыстырды да өзінің бұрынғы үйреншікті жұмысы, мал бағу кәсібіне қайта оралды. Сөйтіп, бір күннің ішінде тәп-тәуір малшы болып шыға келді. Өзінің дағдылы кәсібі болмаса, басқалай жұмыстың қолынан келмейтінін білген атам мен әкем үнсіз келіспеске шаралары жоқ болып қала берді. 

Ақсу ауданының Арасан ауылындағы бір малды байдың малын көтересіне алып, жұмыстарын бастап кетті. Бұл жылы қыс қатты болды. Көрші малшылардан: «бәленшенің малы қырылып қалыпты», «түгеншенің қойына қасқыр шауыпты», «буаз биесінің ішін қасқыр жарып кетіпті» деген желдей ескен суық хабарлар күнде келіп жатты. Ал Жеміс ағам мен Айгүл жеңгем өздерінің жауапкершілігіне алған малдарынан ешбір шашау шығармай, қаңғыған қарсақ, қасқырға да, қаптаған ұрыға да, аңдыған түлкі, арбаған шүйе бөріге де тышқақ лағын да алдырмай, өте керемет бағып жатты. 

Екі ерлі-зайыптылардың малсақтығы, мал жағдайын жақсы білетіні, өзіне артылған сенімді ақтау, жауапкершілікпен іс әрекет жасау туралы жақсы қасиеттері ауыл арасында айтыла бастады. Әсіресе, Айгүл жеңгемнің батылдығына, өз кезегінде кейбір ер азаматқа тән шешімдерді жедел қабылдауына байланысты іс-әрекеттеріне қарап «еркек келін» деп әзілдеп қоятыны да бар. Олай дейтін себебі бірде осыдан ат шаптырым жердегі көрші ауылда тұратын жамағайын туысының үйінен өсім қылуға рымдап дөнежін сиыр сатып алады. Жайлымдағы малды қайыруға кеткен Жеміс ағамның келуін күтпей-ақ, сатып алған сиырды газель шақырып берейік деген туысқандардың айтқанына қарамастан, көлік келем дегенше бір сағатта жетіп алатынына сенімді екендігін айтқан Айгүл жеңгем атына мініп сиырды алдына салып жолға шығып кетеді. Арқырап ағып жатқан Бүйен өзеніне келгенде сиыр қырсығып, судан өтпей, өзенді құлдап қаша бастайды. Сирдың қырсықтығына көніп тұратын Айгүл жеңгем бе? Қанжығысындағы шылбырды шалмалап алып, астындағы күрең төбел атымен шауып барып, лақтырып қалады да, сиырдың қос мүйізіне дөп түсіріп, тақымына басып сүйрелеп, жақындап келіп, қолындағы бұзаутіс қамшысымен сиырдың жон арқасынан бір тартып, астындағы күрең төбелін ойнақтатып барып, сиырмен бірге өзенге күміп етіп түсіп, тебіндей аққан бүйен өзенін құлдилап жүзіп барып арғы бетке өте шығады. Осыдан бастап жеңгемнің ер мінезділігі ел ішіне лезде тарап, ауыл адамдары «еркек келін» атап кетеді.

Ежелден көңілі ақ, көпшіл, қазақы қонақжай мінезді Жеміс ағаммен Айгүл жеңгем осы Арасан ауылына келгеніне көп уақыт болмаса да, ауылдың тұрғылықты тұрғындарындай болып тез сіңіп кетті. Ауыл тұрғындары, көрші- қолаңдары да аңқылдаған ақпейіл қазақ баласын құшағын жая қарсы алып, жатсынбай, бірден сіңіріп әкетті. Қыс бойы кезекпен дастарқан жайылып, соғым басы берілген қонақасыдан ешқайсысы қалдырмады. Осындай қалыпты тірлік күйбеңімен арада бірнеше жылдар өте шықты...

Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірі еді, құдайы тамаққа шақырған ауылдас көршісінің бірінің үйінде отырғанда дастарқан басындағы кісілердің мына бір әңгімесі барлық көршілерді елеңдетіп қойды. «Ауыл ортасында тұратын Көлбайдың үйінде көктемде туған қасқырдың үш күшігі бар екен. Қасқырдың апанын тауып алып үйінде асырап отыр екен. Түз тағысын қолға үйретемін деген дәмесін ит жесін, қолға үйренбейді ол – текті хайуан. Сол баяғы асырап өсіріп, кейін үлкейгенде терісін алып, қасқыр ішік кигісі келеді-ау, Көлбайдың» деген гу-гу әңгімелер Айгүл жеңгемді де елең еткізді. Есіп сөйлеп отырған үлкен кісілердің әңгімесіне кіріспеді, десе де осы бір түз тағысының күшігін асырап алу нағыз қиянат екенін іштей сезіп, туада тұмса табиғатпен етене болып, кіндігі мынау ұлы даланың төсіне байланған Айгүл жеңгемнің көз алдына күшіктерін іздеп аласұрып жүрген қаншық қасқырдың бейнеасі елестей берді. Адамдармен өштессе, малымызды қырып кетпесіне кім кепіл деген қорқыныш та жоқ емес еді. Үйге келгеннен кейін шай үстінде осы әңгімелерді Жеміс ағама айтып, сақ болуын ескертті. Ертесі күні ел арасында: «Анау Көлбайдың екі төбетінің бірін қасқыр талап өлтіріп кетіпті. Ауыл ортасындағы үйге тірі жанға сыбдырын білдірмей барғанына қарағанда әккі қасқыр болса керек», – деп көрші-қолаңдар дуылдасып жүрді.  Осы оқиғадан кейін көп күн өтпестен тағы бір сұмдық болды. Сол Көлбайдың әйелі бесін уақыты ауа бастаған шақта көршінің үйіне қарай кетіп бара жатып, қасқырдың күшіктері тұрған қашаны айнала бергенде қан-жоса болып, енді ғана тақмақталып қыңсылап жатқан екінші төбетті көріп шошып кетіп, айқай салады, сол-ақ екен көнетоз арба тұрған жақ қалқадан қызыл жон қасқыр басына секіреді. Шашын жасырып таға салған жаулық орамалымен қоса жарты шекесіне азу тістерін салып талай бастағанда, бар дауысымен шыңғырған әйелді естіп, көрші-қолаңдар жан-жақтан айтақтап, жүгіре бастайды. Адамдардың жақындап қалғанын көрген түз тағысы ауладан секіріп шығып тауға қарай қашып кетеді. Елдің есіл-дерті қасқырда емес, жарты шекесі таланған Көлбайдың әйелінде, біреуі су әкеліп, енді біреуі жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып, ию-қию қарбалас болды да кетті. Күшіктерін әкету мақсатын іске асыра алмаған түз тағысы тау жаққа қарай жортып кете барды. Ол тыныш кетсін бе? Атағын аспандатуға бел буған жыртқыш жол-жөнекей өрістен қайтып келе жатқан малдарға қарай бет алды. Тура сол сәтте Айгүл жеңгем де өрістен қайтқан малдың алдынан шығып бара жатқан. Жеміс ағам күнделікті әдетімен қойларды жеңгемнің алдынан шығып, күтіп алуына ыңғайлап беріп, өзі жаңа туған төлдерді қораға жеткізуге кеткен еді. Күндіз кешке дейін иесімен бірге сақтықта болып, қой қайырған көмекші иттер де сол Жеміс ағаммен бірге ілесіп қайтып кеткен. Қараусыз қалған сәтті пайдаланған әлгі қашқын әккі қасқыр қойларға қарай шаба жөнеледі. Қойлар үркіп, екіге бөлініп бір бөлігі тауға қарай, ал екінші бөлігі Айгүл жеңгеме қарай жапырыла қаша бастайды. Тауға қарай бет алған қызыл жон қасқарды көзі шалып қалған Айгүл жеңгем айтақтап, қойларға қарай жүгіре бастады. Өзімен бірге қатарласа қойдың жарты бөлігіне жетіп қалған әйел затын көрген қасқыр, қойларды тастай салып, Айгүл жеңгемнің басына қарай секіреді. Қасқырдың алғашқы шабуылынан жаулық орнына кие салған басындағы бөркі анадай жерге ұшып кетті. Бірақ бұл жолы қасқырдың тісі денесіне дарымады. Ал қасқыр кері қайырылып азу тістерін ақситып, жер бауырлап аңдысып, келесі шабуылдың қамына көшті. Бас киімсіз қалған Айгүл жеңгем ендігі кезекте үстіндегі шапанын шешіп алып қасқырмен арбаса қалды. Кезек күттірмей, басына қарай қарғып қайта шабуылдаған тағы аңның басын шапаныменен жауып алып, төмен қарай тұқырта берген жеңгемнің қара санына ақсиған азуын салып, жақтарын айқастыра қалған қасқыр жабайы әдетінше жабысқан жерін сілкілеп тартудың ыңғайын қарастырды. Саны удай ашыған жеңгем қасқырдың екі езуіне қолдарын салып жіберді де аямай екі жаққа кере тартып қасқырдың азу тісін санынан ажыратып алды, сонда да қоймаған қасқыр ауызындағы тұрған жеңгемнің қолын бірнеше рет шайнап үлгерді. Жан алысып, жан беріскен тағы мен адам арасындағы шайқаста таланған қолға, тістелеген санға қарап тұратын жағдай жоқ, жеңгемнің ойы –  қасқырдан құтылу. «Құдайым-ау! Осы жасқа келген шағымда ажалым енді қаңғыған қасқырдан болмасын», – деп ойланған жеңгем, иманын үйіріп бар күшін салып, тістері ақсиып қайта ұмтылған қасқырдың екі жағынан ұстап кере тартып, арқасын қайқайтып бұрап, үстіне мінді де қасқардың жағын айырып жіберіп төпелей бастады, орайын тауып әрең сытылып шыққан, жағы бос қалып, салақтаған қасқыр шамасы жетпейтінін біліп, тауға қарай қаша жөнелді. Айгүл жеңгем тез есін жиып қасқырдан құтылғанын біліп, қатты сыздатып бара жатқан саны мен қасқырдың азу тісі осып, сүйегін шығарып кеткен қолдарына қарамастан қойларды үйіріп айдап, сылти басып, ауылға оралды. Ауыл тұрғындарының бәрі аң-таң болысты. Бірақ қасқырды жеңіп, құтылса да, ауыл тұрғындары түз тағысынан ауру жұғатынын еске алып, қан-жоса болған жеңгемнің қолын жууға батылдары бармады. Айгүл жеңгем есі кіресілі-шығасылы болып жүріп, өз қолының қанын өзі тазартып жуды. Ауыл тұрғындары жедел жәрдем көлігін шақырып қойыпты. Айгүл жеңгемді аудандық ауруханаға алып кетті. Ертесі бір бел асып барып, серейіп өліп жатқан қасқырдың өлі денесі табылыпты. Шамасы ауыр соққы алған қасқыр көп ұзамай жан тапсырса керек. «Шыр» етіп дүниеге келгелі малдың мән жайын өте жақсы білетін Жеміс ағам мен Айгүл жеңгем күні бүгінге дейін сол қасиетті ата кәсібіміз малмен айналысуда…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар