Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Базарбай Алтаев. Бір сәт және бүкіл ғұмыр......

15.06.2025 1134

Базарбай Алтаев. Бір сәт және бүкіл ғұмыр... 14+

Базарбай Алтаев. Бір сәт және бүкіл ғұмыр... - adebiportal.kz

Қаныш Сәтбаевтың бір фотосуреті жайында

БАҚ бетінде Қайым Мұхамедхановтың архивінен бір фотосурет жарияланды. Онда 1943 жылы Алматыда, Абай атындағы Опера және балет театрында өткен Бірінші республикалық айтысқа қатысушылардың ұлттық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі бейнеленген. Фотосуретке мынадай атрибуция берілген: фотосуреттің ортаңғы бөлігінде, оң жақтан санағанда үстелде отырғандар: Күләш Байсейітова, Мұхтар Әуезов, Төлеу Көбдіков, Қаныш Сәтбаев және Ғабит Мүсірепов; жоғарғы қатарда оң жақ бұрышта - Шәкен Айманов, оның сол жағында - Қайым Мұхамедханов.

Мұндағы Бірінші республикалық айтыс 1943 жылғы 4 желтоқсанда Алматыдағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры ғимаратында өткізілген. Оның жай-жапсары сол күні Сәбит Мұқанов жасаған баяндамада біршама толығырақ келтірілген және жазушы аталған айтысты өткізудің мақсатын өлеңмен былайша түсіндіреді: 

«… Бүгінгі айтысы ақынның, / Емес ру таласы … / Сондықтаң олар айтыста,/ Сынасса егер айтыспай,/ Бір-біріне түсірген, / Емес ол сын жарасы,/ Ұлы Отан соғысы, / Күндерінде сынасу, / Жауды жылдам жеңудің, Қарастырған шарасы»   [1]   

Бірінші республикалық айтысқа сол кездегі Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Сейітқали Ахметов, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі өнер басқармасының бастығы Серғали Толыбеков, Қазақстан КП(б) ОК бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов, салалық секретарьлар Ахметжан Қойшығұлов, Ілияс Омаров, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев, оның орынбасары Шекер Ермағанбетова, ҚазССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов, Кеңес Одағының Маршалы С.М. Буденный, СССР Жазушылар Одағының секретары В.В. Вименевский, жазушы Мұхтар Әуезов және соның алдында, 1942 жылы СССР Ғылым академиясы Қазақстан филиалы Президиумының председателі болып сайланған Қаныш Сәтбаев келіп қатысқан. Яғни, бұл шараға мемлекеттік деңгейде мән берілген. Айтысты жыр алыбы Жамбыл өлең толғаумен ашқан. Ақындарды айтысқа алдын ала дайындап, келелі семинар-кеңес өткізілген. Қай тақырыпты қалай жырлау, экономикалық ахуал, майдандағы жағдай, тыл өмірі тереңінен түптелген. Кейін, «Ақындар айтысы» көптомдығының 3-кітабында жарияланған мәтіндерді зерделеп оқып отырғанда, ақындардың бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, тақырыпты бүге-шігесіне дейін біліп айтуы, әрі мүдірмей жырлауы осыны аңғартады. Осы орайда Қаныш Имантайұлы Жезқазған өңіріндегі ауыр өнеркәсіп, өндіріс ошақтарының жай-күйі атақты Шашубай мен Болман ақынның, Шашубай мен Көшеннің арасындағы жыр сайысын ерекше ынта қойып, қадағалап тыңдағаны анық. Көшен Елеуов: 

“… Тұмсығын фашистердің мыспен қарып,

Былтырғы олқылықтан мен де арылдым…

Балқытқан мың тонналап болат темір,

Орасан заводтардың жаны – көмір!

Майданға қару-жарақ, азық-түлік,

Таситын темір жолдың қаны – көмір!», -деп әсерленіп, төгіп-төгіп жіберген кезде тағат тауып отыра алмай, қозғалақтап кетсе өзі білсін. Ия, сол жолы Қарағанды шахтасы, Жезқазған, Балқаш, Қоңырат, Ақшатау кен орындарының ахуалы айтыс жырларының негізгі арқауы болған және шараға Қаныштың арнайы шақырылуы әсте тегін емес еді.

Шашубай, Болман, Маясар, Көшен, Сәттіғұл, Сұраубай, Нұрлыбек, Орынбай, Қалқа, Қуат, Құмар сықылды ақпа-төкпе халық ақындары қатысқан бұл айтыс соның алдында кәрі маядай суалып, беті қайтып бара жатқан осынау бекзат өнер түріне жаңадан дем берді, жаңа тақырыптар өрісіне шығарды, өмірді позитив (тәжірибе) арқылы зерттеудің соны қайнар көзін ұсынды. Жаңаша мазмұн, түр, сипат, реңк берді, жаңа лексикон қосты. Сонымен бірге айтыстың әлеуметтік маңызын көтеру әрекетіне байланысты туындаған бұл жаңалықтар, соның ішінде мол ақпар, цифрлы дерек-мәліметтерді қамтып айту ділгірлігі ақындарды айтысқа тыңғылықты дайындықпен (алдын ала жазып, жаттап) шығуға мәжбүрлеген. Мұның өзі ғасырлар бойы қалыптасқан айтыс өнерінің басты өлшемі суырыпсалма өнерді белгілі бір дәрежеде тежей бастады.  Бұған Қаныш ағамыз қалай қарады екен деген ой келеді.

«Қаныш Сәтбаев мықты этнограф болуының арқасында күшті геолог ғалымға айналған» деген пікір бар. Шынында да, ол бүкіл саналы ғұмырында кен байлығымен бірге рухани байлық, соның ішінде сөз байлығын жинаған.

«Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегі аталған өлкедегі тарихи, мәдени және археологиялық ескерткіштерді зерттеу ісіне қосылған кесек үлес, ал 1930-жылдары Шоқан жазып алған «Ер Едіге» жырының мәтінін жаңғыртып, шағатайша түсініксіз сөздерден арылтып, қазақ тілінің жаңа орфографиясына сай өңдеп, кітапша етіп шығаруы өз алдына бір жосын еңбек. А.В. Затаевичке өзінің орындауында 25 ән жаздыртқаны, олардың сөзін орыс тіліне аударып бергені бір төбе. Қаныштың бай репертуарында олардан да басқа бірнеше ән болған. Өзі СССР ҒА ҚФ Президиумының төрағалығына сайлана сала Әдебиет және тіл институтының директоры Нығмет Сауранбаевпен бірлесіп, республика Халық комиссарлары кеңесінің председателі Нұртас Оңдасыновқа хат жазып, Маңғыстаудан 81 жастағы халық ақыны Мұрын Сеңгірбайұлы жырауды Алматыға алдыртып, оның айтуынан көп салалы «Қырымның қырық батыры» цикл жырларын стенографияға түсіртуі (барлығы 40 мың жолдың үстінде), ол да бір ғанибетті еңбек. 

Ұлттық фольклортануымыз ауызекі өнерімізді ақындар шығармашылығы және қаһармандық эпос деп негізгі екі бөлікке бөліп қарастырады. Оның біріншісіне Арқа өңірін, екіншісіне Батыс және Оңтүстік-батыс аймағын жатқызады. Бірінде сарын, ән-әуен басым, екіншісінде мақам, саз көбірек. Ауызша өнер дәстүрін деңгей бойынша жіктегенде: а) күнделікті сана (фольклорлық ән, салттық жырлар); ә) ырыми ғұрыптық, рулық сана (ақындық дәстүр); б) тарихи сана (эпик дәстүр) болып салаланады және осы үшеуінен жанрлық сыңарлар (дубль жанрлар) туындап барып, одан әрі жанр жүйесі түзіледі: 1) халық әндері дәстүрінде --салттық, лирикалық, эпик әндер; 2) ақындық дәстүрде - салттық әндердің ақындық сыңарлары, кәнігі лирика, ақындар эпикалық сюжеттерден алып шығарған әндер, айтыс жанры; 3) эпик дәстүрде - салт әндерінің эпик сыңарлары, аңыз-әпсана, «орбиталық жанрлар» - толғау, терме, нақыл сөз, хат, эпик лирика [2]. 

Екі дәуірдің куәсі Қаныш Сәтбаев мұның бәрін жасынан көріп, тікелей тыңдап өсті. Бұл ауыз әдебиетіміздің ең бір базарлы, қайнаған шағы еді. Ол кезде лақтырған бөрік ақынға, жыршыға түсетін. Жұрт «Ауылға ақын (әнші, жыршы-жырау) келіпті» десе елеңдеп, «Пәлен жерде айғұлақтанып бір мықты шығыпты» деген хабарды естіп, әдейі іздеп баратын. Барса, іздеп келген адамы төбедей болып төрге жайғасып алған, қалақ домбырасын ұстап, құйрығынан тіреніп, көзін бақшитып, шүметейін қақшитып, зарлап барып, зулап барып, құйрығымен жылжып, есіктің көзіне жетіп барады, тіпті қызды-қыздымен сықырлауықтың арғы жағына шығып кететіндері де бар. Жиналған халық кеу-кеу: «Ап-май, айттым ғой, тегін емес деп бұл пәлекет, тегін емес!»; «Бір әлемет кеп, бала жасында иығынан соғып өткен ғой, соғып өткен!»; «Жауырынына жабыстырып қойған ғой сөзді, жабыстырып қойған!»; «Ай-ай, пірлі жырау, неде болса!».

Кезеген жыршы, әнші, ақын, бағзы дәстүрмен ел адақтап айтатын кезбе өнердің адамдары көбісі. Жырды, әнді, өлеңді саласына түсіп айтатын, ұзаққа сілтейтін үдемелі, ара-арасында жиын-тойдың туын да көтеріп, желегін ұстап кететін, жасынан домбыра алып, топқа түскен пірлі өнерпаздар. Тыңдаушысын сағаттап сағаттабы несі, тәулік бойы - тырп еткізбейтін ақпа-төкпе өрен жүйріктер. Күлдір-күлдір ақтангерлер. Қаракөктің тұқымдары. Дәстүрлі қоғамда көпсалалы, полифункционалды қызмет атқарған даланың ауызекі тарихи зердесі. Шетінен тұтқиылдан жол табатын, қысылшаңда сөз табатын, Мұхаң (Мұхтар Әуезов) айтқан «қынаптан қылыш суырғандай» жалт еткіш, өткір өнер иелері». 

«Ой заман-ай!» деген-ақ шығар Қаныш атамыз, бір сәт, алыста бұлдырап қалған 1943-тің дербиінде, айналасына ой көзімен назар жығып отырып. Эпик танымның, эпик мағлұматтың қайнарынан қанып  ішкен, өлеңді, жырды табанасты жадынан құрап суырыпсалатын ақбоз-көкбоздарды, нағыз бекзат өнерді көре қалған жан мұндайда басқа қандай ой ойлаушы еді, бәсе!? 

Жалғыз ол ғана ма, қазақ үрдісін сақтау бір кермеге тіреліп, жад жаңылшақтығына орын бере бастағанын «Айтыс көреміз» деп театрға ала таңнан жиналған калың жұрт та сезінуі заңдылық.

Айтыс - ақынды суырыпсалмалыққа төселдіретін жанр. Ақын, жыршы, жыраулардың көпшілігі кезінде айтысқа жиі түскен, олардың тыңдаушысы да, географиясы да аса тар болмаған. Суырыпсалудың негізі тосыннан бөгелмей өлең шығару болғанымен, ешбір ақын ойланбай, машықтанбай өлең шығармаған. Машықтануға бастап әкелер жол - айтыстың қайнаған ортасында жастайынан жетілу, импровизацияның арқа сүйер негізгі – эпик таным мен білімді, оның мол қорын игеру, бойына сіңіру, яғни ондағы бұрын жасалып қойған клише-трафареттерді (формулдарды) үнемі ми бұрыштарында ұстап, сөздің ыңғайына, желісіне, тақырыпқа қарай өлең құрастыру. Ал бірақ мұның барлығы да ақын топқа түспесе ұмыт болады, ақындық шабыттың қайнар бұлағы тыңдаушысы болмаса сөз жетім. Оның үстіне, біз сөз етіп отырған кезеңде дәстүрге алағаттанып кағазға жазып жаттау, кағаздағы сөзбен жаттығып, одан әрі ауызша айтып кету, кітаптан жад етіп өлеңдету етек алып, бағзы бекзат өнеріміз замана желімен құбылып, бірте-бірте тамырынан ажырауға бет алған-ды. Сол 1943 жылы, опера театрда, дес берсе, бірталайға баратын шығармашыл (creative), туындатушы (reproductive) ақындар мұзға түскен тағасыз аттай түйткілденіп, бауырын жазып шаба алмай қалғаны жасырын болмас. Бұл кәнігі ақындар қатарына эпик емес ақындардың қосылуының, айтыстың концерттік реңк алуының (пересемантизацияның) басы болатын.

Қазақтың ауыз әдебиетін, фольклорлық мұрасын жинап зерттейтін мамандандырылған ғылыми мекеме ашу идеясы үкімет тарапынан 1930-жылдары көтеріліп, 1936 жылғы 29 қыркүйекте үкіметтің сондай бір шешімі қабылданса да, ол орындалмай, аяқсып қалған-ды. Академия тізгінін Қаныш Сәтбаев – фольклорлық-филологиялық, этнографиялық және  этномузыкатанушылық көзқарастардың бір екендігін (бірлігін) жақсы білетін зерттеуші қолға алғаннан кейін бұл іс табан орнынан жылжиды. 1942-1943 жылдардың ішінде ел ішіне Академия қызметкерлерін жидашы ретінде жіберіп, ауыз әдебиеті нұсқаларын жазып алу, қолжазба іздеу, тіпті Алматыға шақырып, зерттеушілер «қарасандық» деп атаған фонограмма, магнитофонға жазып алудың алғашқы қадамдары жасалды. Кеңес кезінде республикада 300-ден аса халық ақыны болған, көбісі қадамдап айтатын, табандап айтатын күшті ақындар, дені эпос айтатын мықты жыршылар еді. Солардың мұрасын елге фольклорлық экспедициялар шығарып жинау, кәсіби фольклоршы мамандар әзірлеп, солардың күшімен зерттеп-зерделсу Қ. Сәтбаев құрған Ғылым академиясының әдебиет-өнер секторында (кейін Әдебиет және өнер институты), ондағы қолжазба, фото-фоно бөлімінде өрісін тапты. 1958 жылдан бастап М. Әуезовтің бастамасымен ауызша өнер иелерін Алматыға шақырып жазып алу тұрақты дәстүрге айналды. Осының барлығы Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясының басында тұрған кезде жүзеге асырылған жобалар. Соғыс қақап тұрғанда, Жетісудың жеделінде, Қаныш Имантайұлы опера театрының суық залында бекзат өнер болмысымен және бір рет жүздесіп, оның соңғы жылдары сараңсып бара жатқанын тұла бойымен сезініп, шыққасын өзгеріп, жал алып кеткеннен кейін жасалған ұлан-қиыр еңбек бұл. Бір ғана мәресім қазынамыздың бас-аяғын қалай қоғамдастырып жіберген десейші, дейміз біз бүгін Қаныш ағамыздың мұрағатынан шыққан, сарғыш тартқан ескі фотосуретті қадағалай қарап отырып…

Базарбай Алтаев, мәдениеттанушы

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Асанов К.Д. Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты. Электронды оқулық, 86-бет.

  2. Жүсіпов Б.М. Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация. -- Монография. - Алматы: Arna b, 2022456- б.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар